БЕСІНШІ САРЫН
Шики-Хутуху нойон ат жалына жатып алып көсілте берген. Құйма тұяқ астынан бұлдырықтар бұлдырап ұшты, тақымына шылқылдап тер өтті, ер басы кеудесін келіше түйгіштеді. Бойына салқын ауа сіңіп ес жиғандай болды. Әуелде жынданып кеттім бе деп жаман қорыққан. Шым-шымдап желігін басты, тарсылдап соққан жүрегін тыңдады. Ат тұяғының тасырынан өзге ештеме естімеді. Әрәдік соңына бұрылып қараған, қуғыншы шықты ма деп қаупайлады, жоқ, жалғыз суыртпақ бозамық сүлдеден өзге дәнеме шалынбады. Қарсы беттен Қаратау күмбезі көтерілді, жым-шатқалы әлі алыс, алыс болса да айқын адыраяды, әрі-беріден соң өзіне қарай өңмендеп жылжығандай көрінді. Тізгінің тежеп арының бәсеңдетті. Кеудесін көтерді. Ер басына сиыр сілекейіндей мизам оратылды. "Күздің де келіп қалғаны ә" деп ойлады. "Өлі мен тірінің арасында жүрген мұғдарсыз жанға келесі көктем бұйырар ма екен? Әлде жанымызды соғыс тәңірі Сүлдеге табыстап, жаһаннамға жаяу тартамыз ба? Сүйегіміз ай қорғанның түбінде шашылар екен?" Нойон қатты құлазыды, жігерін жілікше мүжіген уайымы бар. Атынан түсті. Аяқ астыңдағы кәудірек жусан күтірлеп сынады. О-хо-хо- ой! Бұдырсыз далаға керіліп түсіп жата кеткісі келді. Атының тізгінің ұзартты-дағы белбеуіне қыстыра салды. Бір шөкелеп отырды, шыжымдап дәрет сындырды. Жусанға алақаның сүйкеп көтеріле берген.
Алыстан әлдене қарауытқандай сезілді, жоқ, қараңдаған. Өлексе шоқыған күшігенге жорыды. Қазір бұл далада не көп, өлексе көп, өзегін қан тартқан хайуанат атаулы тойынғалы қашан. Әлгі қараңдаған туралап салып келеді. Жақындағанда ажыратты, ерттеулі ат екен, иесін майданда опат етіп ойнақтап шыққан опасыз жануар болды. Жарақат тегі, алқымы мен қапталы қызыл ала қан. Нойонның көзі ер үстіне түсті, иесіз ат дегені бекер екен, тұла бойы қалшылдап қоя берді. Айқайлауға үні шықпай, тізесі бүгіліп, отыра кетті.
Состиып үркіп тұрған әлгі жылқы ытырылып жосыта жөнелген. Аты да сарынға ілесіп кері шатқаяқтап еді, белге байлаған тізгін қалт кідіртті. Нойон әлден уақытта өз-өзіне келіп қайрат жиып қайта көтерілді; қатты ыңылдады. Жанары ақшаңдап әлпін іздеді, әлдене арқалаған жылқы алыста сорғып барады екен, лезде ноқатқа айналып жоғала берді.
Нойон соңынан салуға қорықты.
Жағын сипады, қисайған ештеңесі жоқ. Қатты дірілдеген тізесін қолымен басты, жүкті қатыңдай сүйретіліп атына әзер мінді. Тізгінді күннің батысына бұрды. Майда аяңмен келеді. Екі иығы жоғары едірейіп шығып кеткен. Бойындағы жалт-жұлт еткен жарағы, асыл ер-тұрманы болмаса қойшыға ұқсар еді. Өмірі ыбылжудан аспайтын, шекесінен күн өтіп өлеусіреген пақырлар ше. Оларға жарау жүйрік мінгізсең де митыңдап жүріп ай ішінде мәстек қылып береді. Нойон да әлгідегі заулаған қарқын жоқ, қарқын түгілі кісілік қалпы қалмаған, құр қауқар ғана. Үп еткен желге ұшып жөнелетін секілді.
"Әлгі сұмдықтың қолына түскенше майданға түсіп мылжаланғаным жақсы", деп ойлады нойон. "Жалғыз жүріп қорыққаннан гөрі пәлен қызыл көз қыпшаққа қарсы шапқаным мың мәртебе артық. Қанша дегенмен қыпшақ та өзіңдей адам ғой. Әлгі тұлпар үстіндегі пәлекет емес. Соғыстың қорқынышы мүлде басқа, қолдың атойы мен айқайының желіктіріп әкететін рухы бар, содан әлгі қорқыныш дегенің сағымға айналып жоқ болады. Қарсы келгенмен өлердей қырқыстың. Ажалды да тайсалмай қарсы аласың. Өйткені соғыстағы ажал нақа бір құрдасын, танысың, дәмдес-тұздасың тәрізді. Сол ажал кезеңін тауып алқымыңа қылыш тақаса, оңай-ақ мойынсұнасың. Танысыңа, не құрдасың ақ арыз бергендей боласың... Керісінше, жападан-жалғыз жүріп ажалмен кездессең шыбын жаның шырқырайды. Тізең дірілдеп отыра кетесің. Бойында желік те, ерікте болмайды. Бар тапқаның тырақайлап қашып жан сақтау, байбалам салып жалбарыну. Қор өліммен өлу".
Нойон атына қамшы ұрды. Көсілте шапты. Жат ажалдан қашып, құрдас ажалына тезірек жетпекші. Отырар шаһарына шандатып кіреді. Қимайыға күйіп, қанға шашалып жатқан қолға араласады; бұл да түтін жұтады, жер асты жолымен еңбектейді, қорғанға өрмелейді. Тайсалары жоқ. Қапылыста мүлт кетіп құрдас ажалына ұшырасып қалса, көптен көріспеген жолдасындай шұрқыраса сәлемдеседі, жай-жапсар сұрасады, "жаныңды бере қал" десе, қиналмай мойынсұнады. Осы жолда мерт болып мәңгіге көз жұмып жатқандар аз ба, соның бірі де; осы жолда талай жас өрім жігіттердің жаның алып жүргендер аз ба, соның бірі де. Үлкен жолдың титімдей жолаушысы-дағы, сұрапыл соғыстың жан беріп, жан алғышы-дағы.
Шики-Хутуху нойон ат басын бұрып қаһанның жібек шатырына тартты.
Қаған шатырының алдыңда жібек шапаның желең жамылып тұр екен. Екі жағында екі нөкері, төменіректе нойондар, қолбасылар ереуілдеп шаһар жаққа көз тігісе қалған. Жаңа шабуыл басталғанға ұқсайды. Отырар жақ кілкіген шаң, будақтаған түтін; дабыл дүңкілі, ат дүбірі, қол атойы, жарақ шақылы қосылып тұтасқан шуылға айналыпты. Жер мен көкті солқылдатып барады. Шики-Хутуху нойон қоғадай жапырылды, атын аулаққа қалдырып, шатыр тұрған төбеге жаяулатып жүрді. Қос қолымен ішін басып иіле түседі, бара-бара адымы майдалап, қыбырлай жылжыды. Еңсесін зіл басты. Қаһан жорғалап келе жатқан нойонды таныған. Қабағы түсіп, кірпідей жиырыла қалды. Қылышының сабын қысты. Мысық мұрты жыбыр етті. Нойон тақай бергенде қаһан қолын сілкіп ым жасады, кідірсін дегені, жанындағы қос нөкері жүгіріп келіп алдынан найза айқастырды. Нойон қалт кідірді, еңсесін көтерді.
— Дүниенің алтын тұтқасы, жарылқаушы ием, дат! — деді нойон.
— Бұралқы күшіктей қаңғып өлмей, қайтып келгеніңе жол болсын енді?! Жер астына түсіріп түменді қырдың, қаһарымнан қаймығып безіп жоғалдың. Құнсыз басыңа қылышымды қор қылмаймын, - деді қаһан. Деді де жымиды, былайғы жұрт ішін тартты.
— Соғыс тәңірісі Сүлдені көрдім, жарылқаушы ием! Нойондар жағасын ұстады, қаған тағы жымиды.
— Қаратаудың етегіндегі соғыс өткен дал ада қаңғып жүр. Әуелгіде майданнан шыққан иесіз ат деп ойладым, дәл солай көрінді, тақап келгенде анық байқадым. Қанжығасына қан қатқан, соғыс тәңірісі Сүлде екен, ер үстінен әзер көтеріліп үлкен басын шайқап-шайқап тұрды да жөніңе жоғалды.
— Жер астына түсіп қырылған түменіміз тәңірге барып жолыққан болар, содан аян бергелі жол алып келгені шығар, — деді қаһан.
— Тәңірім маған тегін көрінген жоқ, майданнан қашқаным үшін жанымды алмақшы, жарылқаушым.
— Мүмкін бізге жеңіс жолын үйреткелі келген болар,— деді қаған.
— Тәңірім түбіме жеткелі жүр.
— Аяғымызға тұсау, қолымызға опат болған Отырарды алуға көмектескелі келді ме, — деді қаған.
— Тәңірім мені құптаған жоқ, — деді нойон.
— Соғыс тәңірісі Сүлде соңымызға түсіп желеп-жебеп жүргенде біздің тайсалып тырапай асуымыз күпірлік. Нойондарым, қолбасыларым, дереу қолға жетіңдер, жарлығымды таратыңдар. Опат болған түменімнің тұлпарына мініп тәңіріміз Сүлде келіпті, ол майдан даласын аралап жүр, енді көкірекке жігер, білекке күш құяды. Екі дүниеде де өлмейтін етеді. Жігіттерге жебе өтпейтін, қылыш батпайтын болады. Өрмелеңдер, қиратыңдар, өртеңдер, қырыңдар, жойыңдар, тып-типыл етіңдер, қаның шашыңдар, тозаңға араластырыңдар!..
Достарыңызбен бөлісу: |