Сүтті төкпеу туралы
Әлқисса, Қаратаудың басында Жайқын Бұрқы деген көкірек көзі ашық құдайдың досы болыпты. Сол тауда жатқан кезде құдаймен тілдесіпті. Бір күні құдай Жайқын Бұрқыдан:
- Ей Жайқын досым, мен күштімін ба, сен күштісің ба?- деп сұрайды.
Жайқын Бұрқы еш ойланбастан:
-Әлбетте мен күштімін,- депті.
- Қалай сен менен күшті боласың? Дәлелдеші,- депті Құдай.
-Менің әке-шешем, отбасым, туысқандарым бар, қазақ деген жұртым бар, 18 ғаламды жаратып отырған құдіретті Алла деген досым бар .Ей Алла, сенің не әке-шешең, не туыстарың жоқ, бәрін қоя бер менікіндей құдіретті досың бар ма?- депті Жайқын.
Сонда Алла:
- Сөз тапқанға қолқа жоқ, құлым - депті.
- Ал енді менің бір сұрағым бар. Я Алла, сен осы өлесің бе?- депті Жайқын Бұрқы.
Құдай айтты:
-Иә, мен де өлем.
Сонда Жайқы:
-Қалай сен өлесің. Бүкіл әлем сенің арқаңда өмір сүріп жатқан жоқ па?- депті.
-Ей досым, сенің жұртың сүтті төгіп, ақтың бәрін қорлаған кезде, мен осы ақтан жасалған тағамның қор болғанына шыдай алмаймын. Маған осы ауру қатты батады. Бір өліп, қайта тірілем . Егер осыны ойыңа алатын болсаң, дәл қазір барып еліңе айт, ақты қорламасын,- депті Құдай досына.
Жайқын Бұрқы таудан түсіп, елін жинап алып, болған жайды айтыпты да:
-Бұдан былай сүттен жасалынған тағамдарды қорламаңдар,- депті. Ақты төкпе, жерге шашпа, қорлама деген сөз осыдан қалған екен.
Жырық ыдыстан ас ішпе
Қазақта жырық ыдыстан ас ішпе деген ырым бар.
Әлқисса, бұл әңгіме Ыбырайым пайғамбардан басталған. Баяғыда Ыбырай пайғамбар таңғы шәйін ішіп отырған еді. Сөйтсе үйіне басакөктеп шашы алба-жұлба, тырнағы өсіп кеткен, ібіліс келіп қарсысына отырыпты. Сонда пайғамбардың жүрегі жаман нәрсені сезіп, түрі бұзылып кетті. « Әй, малғұн, «шақырмаған жерге барма, шақырған жерден қалма» деген. Мен сені шақырған жоқпын неге келдің» депті. Сонда ібіліс беті бүлк етпей, Ыбырайым пайғамбарға сөз қайтарыпты: «Ей, Ыбырайым, дұрыс мені сен шақырған жоқсың, бірақ маған Тәңір Тағала мына несібеңді жырық ыдыстан жырып іш деп өзі рұқсат еткен. Мен өзімнің адал ризығымды жейін деп келдім бұл жерге» депті. Ыбырайым пайғамбар әңгіменің төркінін түсініп, шәй ішіп отырған кесесіне қараса жырық екен. Сосын шәй ішіп отырған кесесін «міне сенің ризығың» деп Ібілістің басына ұрып, сындырыпты. Ыдыстың сынықтарын күлге тастап, Ібіліске «сенің ризығың күл- қоқыста, бар, теріп же» депті. Үйіне келіп: «бәйбіше, үйде жырық ыдыс көретін болсаң, үйде ұстама, лақтырып жібер» депті.
Достарыңызбен бөлісу: |