Сұлтанова Бибігүл Мыңбайқызы Бейсеева Нұргүл Әбдіқадырқызы Тойғанбекова Майра Шоданқызы ХХ ғасыр басындағЫ Қазақ Әдебиеті


Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар



бет5/21
Дата20.01.2023
өлшемі0.92 Mb.
#468558
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
treatise105772

Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар:

  1. Б.Майлин комедияларының ерекшелігі.

  2. Сатира және юмор ұғымы.

  3. Б.Майлин комедияларындағы образдарды (молдалар образы, оқығандар образы, болыстар образы, әйелдер образы т.б.) өзара салыстырыңыздар. Салыстыру барысында комедия жазылған дәуірдің ерекшелігін, сол кездегі қоғамдық-тарихи жағдайды, қазіргі оқырман талғамын ескеру қажет.

  4. Сатира және тарих. «Отношение к сатире — один из признаков состояния здоровья общества» деген тұжырымға көзқарастарыңыз.

  5. Б.Майлин комедияларының тілі. «Мизансцена тілі», «спектакль тілі», «персонаж тілі» ұғымдары.

  6. ХХ ғасыр басындағы драматургтердің персонаждардың тілін беру тәсілдері: диалог, монолог, полиалог, реплика.



ҚОРЫТЫНДЫ

20-жылдардағы драматургия мен театр, театр өнері сыны – ұлтымыздың әдеби, мәдени дамуындағы ірі белесті кезеңді көрсететін, күні бүгінге дейін құнын, мәнін, өміршеңдігін жоймаған рухани дүниеміз. Тұңғыш қазақ пьесасы жарық көргеніне биыл (К. Төгісов «Надандық құрбаны») 100 жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қазақ драматургтері ауыз әдебиетінен нәр ала отырып, әлемдік драматургияның үздік жетістіктерін игеруде. Шыншылдығымен, көркем нақыстарымен, жанр шарттарын толық игеруімен шеберлік үлгісін танытатын Ж. Аймауытов, Б. Майлин, М. Әуезов, С. Сейфуллин, Ж. Шанин, М. Дулатов, Ж. Тілепбергенов, С. Байғожаұлы пьесалары 20-жылдардағы өнер өрісін айқындап қана қоймай, күні бүгінге дейін мәнін жойған жоқ. Шын мағынасында адам баласы мен қоғамның ішкі байланыстарын, тіршіліктің түйінді мәселелерін сөз еткен қаламгерлер ой қуаты мен адамшылықтың парасатты қасиеттерін дәріптейді. Бұл – ежелгі дәуірлерден ойшылдардың жан-дүниесін қозғаған мәңгілік мәселелер.


20-жылдар драматургиясының өзіндік ерекшелігі – әлеуметтік, эстетикалық, адамгершілік-имандылық мұраттарды боямасыз, ел тұрмысындағы оқиғалар арқылы, көркем тілмен баяндап көрерменге көрсетуге ұмтылуы. Сонымен бірге 20-жылдар драмашыларының мынандай өзіндік ерекшеліктері болды:
Біріншіден, 20-жылдар драмашылары оның ішінде шығармашылық мүмкіндігін толығырақ танытқан М. Әуезов, Б. Майлин т.б. қазақ драматургиясын жетілдірді.
Екіншіден, олар қазақ драматургиясын жаңа сападағы бейнелермен, тың сөз жүйесімен т.б. байытты.
Үшіншіден, драмашылар жаңа жаза бастағаннан-ақ әдебиеттегі көркемдік процесстің қайнай түсуін, дамуын қамтамасыз етті.
Төртіншіден, 20-жылдар драмашылары шығармашылығында ә дегенннен-ақ психологиялық талдауды жан-жақты қолдануға ұмтылды. Сонымен бірге әрекеттің өзін ғана сахнаға шығарып қоймай, оның астарындағы себептерге үңілу, адам жанының құпияларына назар аударып, психологиялық талдау тәсілдеріне барды.
Бесіншіден, 20-жылдар драмашыларының бәрінде де ұлттық кейіп, образ, тіл, ұғым-түсінік қою болды. Драмашылардың эстетикалық басты ерекшелігі де осында.
Алтыншыдан, фольклорды пайдалану әдісін жетілдірді.
Ең алдымен, 20-жылдар пьесалары – сол дәуірдің рухани дүниесі, сол заман көрінісінің шағын бөлшегі. Драматургтердің басты мақсаты – өмір құбылыстарын қайшылық-тұтастығымен беру. Драмашылар адам баласы жаралғалы өзімен бірге келе жатқан проблема – кісілік пен парықсыздық, махаббат, дүниеқоңыздық, парақорлық, мансапқорлық т.б. қысқасы ауыл өмірінің күнгейі мен көлеңкесін шама-шарқынша сахнаға алып шықты.
Пьеса – шымырлықтың, жинақылықтың жемісі, ал пьеса жазу – кемелденудің басы.
Жиырмасыншы жылдардағы драмалық шығармалар өз кезіндегі, өзінен кейінгі дәуірлерде әдебиеттің, мәдениеттің, руханият дүниесінің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Оның бірнеше себептері бар:
Біріншіден, ең бастысы 1917 жылғы ақпан төңкерісінің нәтижесінде туған тәуелсіздік, өркенді ел болу идеясы драматург-қаламгерлерден бастап, мемлекеттік дәрежедегі саяси қайраткерлер арасында кең құлаш жайды. Болашақтан үміт күшті еді. Жеке адамның рухы да еркіндік алды. Осы зор үміт, өр рух ең қиын жанрды қалыптастырып, дамытты.
Екіншіден, 20-жылдардағы қазақтың асылзада интеллигенциясы табиғатынан аса талантты жаратылған еді. Олар бай ауыз әдебиетінің сөлінен нәр ала отырып, жаңа жанрды аз уақыт ішінде биік белестерге көтере білді. Соның нәтижесінде қазақ халқының қапастағы сезімін сергітіп, санасын саралар шығармалар дүниеге келді. Сонымен бірге әлемдік білім, ғылым, мәдениетті игерген елден ерек, ұшқыр ойлы жазушы драматургтер тарих сахнасына шықты.
Үшіншіден, 20-жылдардағы пьесалардан, әдебиеттен, мәдениеттен, рухани дүниетанымнан түркішілдік, ұлтжандылық сипат айқын көрініс берді. Бұл – ешқандай оғаштығы да, ерсілігі де жоқ, қайта даму заңдылығын білдіретін құбылыс.
20-жылдары қазақ ұлттық драматургия жанры аз уақытта негізгі жанрлардың біріне айналды. Ол жылдары драмалық шығармалардың қатары ғана қалыңдап қоймай, тақырып ауқымы кеңейіп, көтерілген идеялары мен проблемалары, образ сомдаудағы шеберлігі, жалпы профессионалдық дәрежесі өсті. Өмір құбылыстарын, адам тағдырын, ұлттық мұратты, өмір алға тартқан тарихи оқиғаларды көркемдікпен бедерлей театр кітаптарының жазылуы – сол жылдардағы драматургияның профессионалдық дәрежесінің өскендігіне дәлел.
XХ ғасырдың басында бұл жанр өзге жанрлар сияқты туу, қалыптасу кезеңінен өтті.
«Революциядан бұрынғы қазақтың көшпелі өміріне, саяси теңсіздігіне, сауатсыздығына қарамай, халқымыздың азды-көпті оқыған жастары өнердің жаңа түрі – театр өнерін жасауға алғашқы қадамдарын бастады. Бұрын бірлі-жарым әдебиет кештерінде домбыра тартып, ән салумен шектеліп келген қазақ жастары енді орыс, татар сауыққойларының тәжірибесіне, көрген-білгендеріне, үйренгендеріне сүйеніп, өздері ұлттық ойын, ақындар айтысын, дастандарды сахнаға бейімдеп көрсетуге кіріседі» [17, 398 б.].
ХХ ғасырдың басында 20-жылдарға дейінгі әдебиет кештері, ойын-сауықтар, Омбы, Семей, Орал, Ташкент, Қызылжар, Ақмешіт, Түркістан, Ақмола, Торғай, Атбасар қалаларында тұрақты түрде жұмыс жүргізген.
Ойын-сауыққа, әзіл-оспаққа ежелден құмар елімізде 20-жылдарға дейін-ақ сахна өнері тамыр жая бастады.
20-жылдары ұлттық драматургия жанры бай ауыз әдебиеті мен демократиялық-ағартушылық әдебиеттің және орыстың классикалық әдебиетінің озық дәстүріне сүйене отырып өркендеді.
20-жылдары драматургияның тақырыбы кеңейді. Оған дейінгі пьесалардың негізгі тақырыбы малға сатылған қазақ қыздарының ауыр өмірі (Б. Серкебаев «Ғазиза»), ел алдағыш қулар (Б. Серкебаев «Бақсы», К. Төгісов «Надандық құрбаны»), ел ішін өрмекшінің торындай жайлаған надандық, алауыздық («Жер дауы») сияқты болса, енді арнасын кеңейтті.
20-жылдардың соңына қарай әдеби шығармалардың негізгі тақырыбы бай мен кедей күресі, әйел бостандығын дәріптеу, тап дұшпандарына қарсы күрес, кеңес үкіметінің жеңісін көрсету, кеңес өкіметінің ауылда қалай орнап жатқанын суреттеу, дінге, молдаларға қарсы күрес, жаңаны дәріптеумен бірге ежелгі салт-дәстүрді мансұқ ету бел алып, бала әкеге, әйелі күйеуіне қарсы шығу мотиві әдебиетке дендеп енді. (Революция жеңісі, теңдік пен бақыт үшін күрес, қазақ өміріне Октябрь енгізген өзгерістер – драматургияның ғана емес, әдебиеттің барлық жанрлары үшін ең негізгі тақырыптар болды. «Бүгінгі шығып отырған пьесалардың барлығы... көпшілігі ел тұрмысын, ел салтын көрсетеді. Не болмаса, қазақ қауымының ішіндегі кемшілікті, әдет-мінезден туатын әр түрлі ауыр халдерді көрсетеді. «Алтын сақина» сияқтылар – сондай пьесалардың мысалы. Бұдан соңғы бір алуан пьесалар елдің артқы өмірін суреттейді [120, 84 б.].
20-жылдары қазақтың рухани дүниесінде, әдебиеті мен мәдениетінде қазақтың ұлттық театрын ұйымдастырып жетілдіру, дамытумен бірге театр кітаптарын жазу үлкен мәнге ие болып, басты міндет ретінде алға тартылды.
«Октябрь жеңісінен кейін Қазақстанның мәдени өмірі саласында алға қойылған ең басты міндеттердің біреуі – қазақтың ұлттық театрын ұйымдастыру үшін оның сахнасына шығарарлық пьесалар жасау міндетті болатын» [12, 17 б.].
20-жылдардағы драмалық шығармалар негізінен екі бұлақтан нәр ала дамыды: «ол екі салада туып қалыптасты. Бірі – негізгі фольклорлық сюжеттен алса, екіншісі – революциялық, советтік шындықтан туды».
«Қазақ әдебиетінде бұрын өрісі болмаған драматургия жанрын қалыптастырып дамытуда, сондай-ақ ұлттық сахна өнерін өркендетуде, осы үлкен жүктің салмағын өз арқаларына түсірген сөз зергерлері бұл жаңа өнерді көктетудің екі бұлағын дұрыс тауып, түзу бағыт ұстады. Ол қос бұлақтың бірі – драматургиялық шығарма жасауға, қызықты күресі, тартысы қою, мол материал берген, жаңа өмір тақырыбы болса, екіншісі – халықтың сан ғасырлар бойы қасиеттеп сақтап келген, өзі жасаған бай әдеби мұрасы еді» [9, 192 б.].
Қорыта айтқанда, 20-жылдар драматургиясының ұлттық әдебиетімізден алар өзіндік орны бар. Сол дәуір драмашылары өз пьесаларымен кезінде ұлттық драматургиямыздың дамуына үлес қосса, қазір оның дамуына бағыт сілтер үлгі-өнеге болмақ.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет