Өзгелік етіс. Өзгелік етіске қазақ тілінің грамматикаларында «істің басқа біреу арқылы істелетінін көрсететін етістіктің етіс түрі өзгелік етіс» — деген ереже берілген. Бұл айтылғаннан, ягни істі басқа біреу істегенімен, оны істеуші субьектінің бар екенін, оның алатын орнын, ол субьектінің негізгі түрі екенін айтпай кетуге болмайды. Өйткені, өзгелік етіс қимыл, іс-эрекеттің тікелей субьектінің өзі арқылы емес, екінші бір субьекті арқылы істелетінін, іске асыратынын білдіріп, етістікке арнайы -дыр, -дір, -тыр, -тір, -қыз, -кіз, -ғыз, -гіз, қосымшаларының бірі жалғану арқылы сабақты етістік жасалатын етістіктің етіс категориясының бір түрі болып табылады. Демек, өзгелік етісте қимылды, әрекетті іске асырушы субьекті бір емес, екеу болады; бірі -іс- әрекетті, қимылды орындатушы иесі, қимылды жалпы іске асырушы субьект, бірак ол өзі тікелей қимылды орындамайды, ол атау түлғада тұрып сөйлемде грамматикалық бастауыш қызметінде болады, яғни бұл эрі логикалық субьекті, эрі грамматикалық субьекті болады, екінші, іс-эрекетті, қимылды тікелей орындаушы субьект — агенс деп аталатын іске асырушы болады, ол грамматикалық тұлғасы жагынан бастауыш емес, сөйлемде берілмеуі де мүмкін, берілсе ол сөз сөйлемде барыс, шығыс, көмектес, септіктерінде, кейде шылаумен тіркесіп келіп жанама толықтауыш қызметін атқарады. Оспан баласына хат жаз-дыр-ды дегенде Оспан — субьекті, бірақ іс-эрекетті (жазу) тікелей өзі аткарған жоқ, оны атқарған — баласы (агенс).
Ортақ етіс. Етістің ортак етіс түрі етістіктің салт етістік, сабақтьі етістік тұлғаларынан арнайы -ыс, -іс, -с қосымшаларының жалғануы арқылы жасалып, қимыл іс-эрекеттің бір емес, бірнеше субьекті арқылы іске асатының білдіреді. Басқа етіс түрлерінен ортақ етіс жасап тұрған етістің мағынасы мен косымшасының ерекшелігі — етістіктің салттылық- сабақтылығына бейтарап болумен қатар, кей ортақ етіс формалы етістіктің қимыл атауын білдіруге бейімділігі негізінде заттық ұғымды білдіріп зат есімге айналып кететін кездері болады. Мысалы: Арқан тарт-ыс-ты. Тартыс басталды. Асыққа тала-с-ты. Талас күшейді. Дегенде ортақ етіс жұрнағы жалғанған «тартысты, таласты» етістіктерінің бірі — сабақты, бірі -салт етістік болса, «тартыс, талас» атау тұлғадагы зат есімдер «тарт, тала» етістіктерінен -ыс жұрнағы аркылы жасалған туынды түбір тұлға. Яғни бұл сөздердің тұлғалық ұқсастыгы болмаса, бұлардың құрамындағы қосымша екі түрлі категориялы сөз тудыратын морфема.
2.4. Етістіктің шақ категориясы
Шақ категориясы жайлы жазылған монографиялық еңбек – Т. Қордабаевтың “Қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы” [4] деп аталатын зерттеуі. Ғалым түркі тілдеріндегі шақ категориясының зерттелу тарихынан бастап, қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы жайын жүйелі түрде, ғылыми тұрғыда баяндайды. Автор етістік шақтарын, оның мағыналық түрлерін былайша топтастырады.
Өткен шақ (айғақты, айғақсыз);
Осы шақ (нақ осы шақ, жалпы осы шақ, ауыспалы осы шақ);
Келер шақ (сенімді келер шақ, сенімсіз келер шақ).
Т. Қордабаев қалып етістіктерін мағыналық ерекшеліктеріне қарап, “жатыр”, “жүр” етістіктерін жалпы осы шақ деп, “тұр”, “отыр” етістіктерін нақ осы шақ деп атаса дұрыс болар еді дейді. Бұларды бөлудегі көрсеткіш етіп, “жатыр”, “жүр” етістіктерінің ұзаққа созылатын ісәрекеттерді білдіруі ғана емес, іс-әрекеттердің арасында үзілістердің болуын, дәл сөйлеу үстінде ол әрекеттердің болып жатпауын негізге алады. Бұдан Т. Қордабаев ойларының Қ. Жұбанов пікірімен келісетінін аңғаруға болады.
Ы. Маманов еңбегінде [5, 156 б.] шақ формаларының мағыналық ерекшеліктерін былай көрсеткен: өткен шақты – жедел өткен шақ, бұрынғы өткен шақ, ежелгі өткен шақ, дағдылы өткен шақ, қатысты өткен шақ деп бес түрге бөліп, олардың арасындағы айырмашылық – әртүрлі мезгілдік мағына білдіруінде емес, әрқайсысына тән өзіндік семантикасында екендігін дәлелдейді.
Келер шақтың үш түрін көрсетеді: ауыспалы келер шақ (жаз+а+мын); болжалды келер шақ (жаз+ар+мын); ниет келер шақ (жаз+бақ+пын).
Ы. Маманов етістіктің осы шағының арнайы грамматикалық морфемасы жоқ, осы шақ қалып етістіктеріне және созылыңқы сыйпатқа жіктік жалғауы тікелей жалғану арқылы жасалады деп нақ осы шақ формасын және ауыспалы осы шақты береді.
1967 жылғы академиялық грамматикада өткен шақ – жедел, бұрынғы, ауыспалы, осы шақ – нақ, ауыспалы осы шақ, келер шақ – болжал ды, сенімді (кіргелі отырмыз), ауыспалы ке лер шақ болып мағыналық топтарға ажыратылады.
Морфологияға қатысты еңбектердің ішінде А. Ысқақовтың еңбегін айрықша атау керек. Ғалымның бұл еңбегі ғылыми құнды тұжырымдарымен ерекшеленеді. А. Ысқақов: «Шақ формаларының сыртқы тұлға-түрлеріне қарай да, ішкі мазмұн өзгешелігіне қарай да жіктеуге (таптастыруға) болады. Бірақ, қашан да болсын, мазмұн түрге жетекші болатынын ескергенде, шақтарды да мағыналарына қарай жіктеу әрі олардың мазмұнын тану үшін, әрі баяндау жүйесі ықшам болу үшін қолайлы да, ұтымды болады» [2, 328 б.] деген уәждеме айтып, семантикалық сипаттарына қарай өткен шақты – анық (айғақты) өткен шақ, танық (айғақсыз) өткен шақ, неғайбыл (ауыспалы) өткен шақ; осы шақты – жалпы осы шақ, нақ осы шақ, неғайбыл осы шақ; келер шақты – жалпы (анық) келер шақ, болжалды келер шақ, мақсатты (арнаулы) келер шақ деп топтастырады.
Сонымен, қазіргі қазақ тіл білімінде етістіктің шақ категориясы біршама зерттелгенімен,әлі де шешуін таппаған мәселелер баршылық. Осы шақ пен келер шақты тануда үлкен алшақтық болмағанымен, өткен шаққа келгенде басы ашылмаған жайттарға тап боламыз. Өткен шақтың ғалымдар еңбектерінде түрлі қырынан қарастырылып, әртүрлі мағыналық топтарға бөлініп, түрліше аталып жүргенін байқаймыз. Мысалы «жедел өткен шақ» деп атап жүрген шақтың түрі күмән туғызатыны рас. Себебі мұнда істің өту сапасы – тез өтуі, кенеттен өтуі, жай өтуі т.б. мүлде сөз болмайды. Ондай реңктер амалдың өту сипаты категориясында қарастырылады.
IV. ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Алматы «Мектеп» 1998.
Ысқақов А.Ы. Қазіргі қазақ тілі: Морфология. – Алматы, 1991. – 385 б.
Салқынбай А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы, 2008. – 462 б.
Қордабаев Т.Р. Қазіргі қазақ тіліндегі шақ категориясы. – Алматы, 1953. – 116 б.
Маманов Ы. Қазіргі қазақ тілі: Етістік. – Алматы: Мектеп, 1966. – 156 б.
Достарыңызбен бөлісу: |