Тақырып 2. Ойынның әлеуметтік мәні
Сұрақнама
1. Ойынның пайда болуы, оның түсіну және дамуының әлеуметтік мәнін ашып көрсету.
Қозғалмалы ойындардың тарихи қалыптасқан құрама бөліктері (мазмұны, формасы мен әдістемелік ерекшеліктері), оны дене тәрбиесіндегі маңызды құралдардың бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Ол құрал, іс жүзінде педагогикалық дұрыс қолданған жағдайда, дене тәрбиесінің тиімді әдісі (ойындық) болып шыға келеді.
«Ойындық әдіс» түсінігі қандайда-бір нақты қозғалмалы ойындарды ғана емес, сонымен бірге ойынның әдістемелік ерекшеліктерін кез-келген дене жаттығуларында қолдануды да болжайды. Ондай жаттығулар өзінің мәнін сақтай отырып, өзінше ойындық реңде көрінеді. Олар балаларды эмоциялылығымен, түрлілігімен және жарыстық сипатымен өзіне тартып, қандайда-бір техникалық және тактикалық әдіс-тәсілді оңай меңгеруге көмектеседі.
Дене тәрбиесі жүйесінде ойынға маңызды орын берілді. Олардың көмегімен әртүрлі жас ерекшелігі топтарында дене тәрбиесі міндеттерін кең көлемде шешеді. Ойындарды мектепке дейінгі және мектепте, сондай-ақ орта және жоғары оқу орындарында, дене шынықтыру – сауықтыру және спорт жұмыстарында пайдалану сауықтыру, тәрбиелік және білім беру міндеттерін шешуге көмектеседі.
Ойынның білім берудегі маңызы көптүрлі. Оларды жүйелі қолдану қозғалыс мүмкіндіктерін жетілдіріп, жүгіру секіру, лақтыруды қарастыратын қозғалыс мектебін толық меңгеруді қамтамассыз етеді. Бұл шеңбер қалағанынша кеңейтіліп, өмірге қажетті дағдылардың барлық кешенін қарастырады. Ойын арқылы бұл дағдылар оны түрлі жағдайлармен сәйкестікте қолдану мүмкіндігін біршама кеңейтетін білікке айналады.
Ойынға тән жарыстардың әсерінен барлық дене сапалары, ең алдымен, шапшаңдық, ептілік, күш пен төзімділік белсенді дамиды. Бұның барлығы бала ағзасының қозғалыс аясын қалыптастыруға көмектеседі.
Сонымен қатар күнделікті өмірге қажетті өте маңызды сапалар – қабылдау мен жауап беру жетілдіріледі. Соған қоса шешім қабылдау мен оны талдау қабілеті дамиды, ол жедел ойлау мен ақыл-ой барысын қалыптастыруға өте қажет. Сонымен ойын талаптары арқылы дұрыс іс-әрекетке қабілеттілік артады.
Қазіргі кезде балаларды спортпен ерте жастан таныстыру кең құлаш жайды, ол балаларға дер кезінде таңдау жасауға мүмкіндік береді. Спорттық бағдар, алғашқы таңдау және спорт тәсілдерінің негізіне оқытуды қарастыратын бұндай спорт білім беру міндеттерін шешу көбінесе жеңілдетілген спорт ойындарының түрлері бойынша жарыстарды кең таратумен байланысты. Бұлар мини-футбол, мини-баскетбол, мини-гандбол, т.б.
Ойындардың тәрбиелік мәні өзгермелі жағдайда және ойыншылардың белсенді қатысуымен өткізілетін қозғалыс әрекеті сипатымен тығыз байланысты. Ойынның мәні – үнемі және түрлі жағдайда туындайтын мақсатқа жету жолындағы кедергілермен күрес болып табылады. Сондықтан олар күшті психикалық реакция тудырады. Педагог, төреші, капитан және командалас жолдасы тарапынан атқарылатын ойыншылардың мінез-құлқын білікті басқару жеке тұлғаның рухани – ерік және адамгершілік сапаларын тәрбиелеуге көмектеседі. Ұжымдық, тәртіп, ұйымдастырушылық, бастамашылдық, шешімталдық, батылдық және табандылық тәрізді сапалар барынша белсенді қалыптасады.
Ойынды қолдану педагогқа өз тәрбиеленушілерін ертерек және толық танып білуіне мүмкіндік беруімен де маңызды. Бұдан соң балаларды жақсы сапалар белсенді жетілетін арнайы талапқа қояды. Ойын көмегімен кеңестік тәрбиенің негізгі ұстанымы, яғни «ұжымда, ұжым үшін және ұжым арқылы» ұстанымы өмірге келеді.
Әскери – отан сүйгіштік тәрбие міндеттеріне «Өжет» ойыны жауап береді. Ол жас ұрпақты халқымыздың әсери дәстүрлеріне тәрбиелеп, Отан қорғаушыларға қажет дағдыға үйретеді.
Ойындардың сауықтыру маңызы да зор. Жақсы көңіл-күйге жеткізетін сан алуан белсенді қозғалыс әрекеттерінің өзі дене жаттығуларының қолайлы түрін қарастырады. Ойыншылар бір мезгілде жүктеме әсеріне және сол сияқты табиғи күштер – күн, жел, су әсеріне ұшырайды.
Ойын барысында жүктемені басқарушылар мен қатысушылардың өздері мөлшерлейді. Бұл қатты шаршаудың алдын алады. Сондықтан ойынмен жүйелі шұғылдану ішкі органдарды нығайтады, ағзаның қызмет әрекетін жетілдіреді, дұрыс дене дамуын қамтамасыз етеді, оқушылардың денсаулығын нығайтады.
Сонымен, ойындар жан-жақты әсер етеді және үйлесімді дамуға мүмкіндік береді. Оларды кең қолдану қоғамдық тәрбие міндеттерін толық шешуге мүмкіндік береді.
Балалық шақ – ойын кезеңі сондықтан балалар мен жасөспірімдердің дене тәрбиесі процесін ойыннан бөліп қарауға болмайды. Бұл кезеңдегі ойын әдісі маңызды орын алады және дене тәрбиесінің әмбебап әдісіне айналады. Жасы кіші болған сайын ойынның маңызы да, ықпалы да арта түспек.
Мектеп жасына дейінгі ойын әрекеті – бұл бала қозғалысының ең негізгі түрі. Бұл жастағы бала тәрбиесіндегі маңызды міндеттерді кең көлемдегі ойын түрлерімен, атап айтқанда қозғалыс ойындарының көмегімен шешіледі. Оған қосымша ретінде жалпыдамытушы жаттығуларды, жүру, жүгіру, секіру және қарапайым лақтыруларды пайдаланады.
Бастауыш сыныптарда ойындар бұрышына дене жаттығулары арасында негізгі орын алады. Олардың негізгі салмақ үлесі 1-3 сыныптарға тиеді, онда толығымен қозғалыс ойындарынан құралған сабақтар жиі жүргізіледі. Ойындар көмегімен жаңа қимылдарды үйреніп, үйренгеніне машықтанады.
3-4 сыныптарды ойындар барлық мүмкін болатын жеңіл атлетика, гимнастика, шаңғы спортының арнайы жаттығуларымен және жалпыдамытушы жаттығулармен толықтырылады. Бұл жаттығуларға оқытқанда қозғалыс ойындарына үйренген қимылдарын жетілдіріп, бекітудің белсенді құралы ролі беріледі.
Ойындар мазмұны бірте-бірте күрделене түседі: тек дене қыздыру қимылдарынан жүгіру, секіру, лақтырудың көптеген түрлері мазмұнын құрайтын ойындарға ауысады. Ойнаушылар арасындағы өзара қарым-қатынас та күрделенеді. Балалар өзіне берілген рөлді атқарып, бірте-бірте келісімді, бірге әрекет жасауға үйренеді. Көптеген ойындар ұжымдық жарыстар сипатында болады және спортта жүргізетін ойын қызметтерін орындайды.
5-8 сынып оқушыларының дене тәрбиесінде қозғалыс ойындары бұрынғысынша кең қолданылғанымен оны басқа да жаттығулармен біртіндеп алмастырып отырады. Ойындарды қимыл сапасы дамыту мен қимыл дағдыларын жетілдіру үшін қолданады. Сол сияқты осы кезеңге таныс болатын спорт ойындарының тәсіліне және тактикасына оқытуда дайындық есебінде пайдаланылады.
Жоғарғы сыныптарда қозғалыс ойындары қосымша, толықтырушылық сипат алады да, негізгі роль спорт ойлындарына беріледі. Сонда да бұл жерде қозғалыс ойындары түрлі оқыту – тәрбиелеу міндеттерін атқарушыға көмектеседі.
Мазмұн байлығына қарамастан тек ойынның өзі білім беру мен тәрбиелеу міндеттерінің бүкіл шеңберін қамти алмайды. Сондықтан ойындарды тиімді пайдаланудың міндетті шарты оларды басқа да дене жаттығуларымен байланыстыру қажет болады.
Балалар бақшасында жалпы білім беретін мектептерде, жоғары және арнайы оқу орындарында, санаторийлер мен демалыс саябақтарында, дене тәрбиесі ұжымдарында – барлығында да ойындарға маңызды орын береді.
Орта жалпы білім беру мектептерінде ойынды пайдалану оқу-тәрбие міндеттерін толық шешуге мүмкіндік береді. 1-8 сыныптарда ойындар негізгі бағдарламалық материалға ендіріліп, гимнастикамен, жеңіл атлетикамен, шаңғы және спорт ойындарымен, жүзумен, күрес және көркем гимнастикамен бірге қолданылады.
Қозғалыс ойындары мектептен тыс және сыныптан тыс шараларда, әсіресе, жазғы лагерьлерде үлкен орын алады.
Орта кәсіптік-техникалық училищелер мен арнайы оқу орындарында қозғалыс ойындарын пайдалану оқушылардың жалпы дене даярлығының жоғары деңгейіне жетуге көмектеседі.
Дене тәрбиесі ұжымдарында, БЖССМ-де, спорт секцияларындағы қозғалыс ойындары жас спортшылардың жалпы және арнайы дайындығын қамтитын бағдарламалық материалдың міндетті бөлімі болып табылады.
Балалар мен спорт – сауықтыру лагерьлерінде қозғалыс ойындары оқушылардың алғашқы спорт дайындығы міндеттерін шешіп денсаулығын нығайтуға көмектеседі.
Мәдени – ағарту мекемелерінде, мәдениет және демалыс саябақтарындағы қозғалыс ойындарын түрлі тұрғындар тобы арасында жарыс өткізу үшін пайдаланады.
Тұрғын үй қолдану мекемелерінде балалар мен жасөспірімдерді қозғалыс ойындарымен шұғылдандыру тұрғын мекені бойынша дене тәрбиелік – сауықтыру жұмыстарының міндеттерін атқаруға көмектеседі.
Емдеу орындары мен санаторийлерде қозғалыс ойындарын емдеудің алдын-алу мақсатында пайдаланады.
Негізгі міндеттерді шешу үшін ойындарды арнайы тапсырмалар мен сабақтарға ендіреді. Бұнда оларды педагогтың басқаруымен ұйымдасқан түрде жүргізеді.
Ойындар үзілісте, жиындарда, кештер мен мерекелерде өзіндік шаралар ретінде де жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда балалардың өзі белсенді роль атқарады, мұнда ойындар өзіндік дербес түрде болады.
Жанұядағы ойындардың да алар орны ерекше. Балалар мен ата-аналардың бірге ойнауы баланың даму процесіндегі міндетті әрі қажетті болып табылады. Туылғаннан бастап 3 жасқа дейін сәби өзінің ойын тәжірибесін отбасынан алады, осында ол өзінің дене жаттығулары мен дене тәрбиесіне деген көзқарасының негіздерін қалыптастырады. Балалар мекемесіне ауысқан шақтан бастап ойын тәжірибесін жинақтауы маман – педагогтардың ықпалымен жүзеге асырылады.
Сабақтан бос кездегі ата-аналардың ұйымдастырған қозғалыс ойындары балаларды мектептен тыс тәрбиелеуде маңызды дәрежеге ие болады. Үй алаңында арнайы ұйымдастырылған ойындар балаларды қараусыз қалудан сақтайды, жақсы демалыс пен күшті қалпына келтіруге жағдай жасайды және мектеп оқушыларын спорт секцияларына тартуға көмектеседі.
Қозғалыс ойындары дене тәрбиесі құралы ретінде көптеген ерекшеліктерге ие. Олардың ішіндегі ең танымалылары – ойнаушылардың белсенділігі мен дербестігі, жарыстық сипаты мен үздіксіз өзгермелі жағдайдағы ұжымдық әрекет.
Ойнаушылардың іс-әрекеті олардың мінез-құлқы мен қарым-қатынасын реттейтін ережеге бағынады. Ереже тактика таңдауды анықтап, ойынды басқаруды жеңілдетеді.
Көптеген ойын түрлерін ойында қалыптасқан өзара қарым-қатынасына қарай жіктеуге болады. Бұл ұстанымды алғаш рет П.Ф.Лесгафт қолданды.
Ойынның негізгі үш тобы бар: командалық емес, командалыққа өтетін және командалық.
Қарапайым командалық емес ойын түрлерінде мақсатқа жалпылама күш салуды қажет етпейді. Әрбір ойыншы бір-біріне тәуелсіз, тек ойын ережелеріне бағынып, қимылдайды.
Командаға өтетін ойындарда жеке ойнаушы топ ішінара келісе әрекет жасау элементтері көрінеді. Алғашқыда қатысушылар дербес ойнағанымен, ойынның дамуы барысына қарай топтар құрылады, олар жеке міндеттерді орындауда келісе жұмыс атқарады.
Командалық ойындарда жарыс ойын ұжымдары (командалар) арасында өтеді. Жеке ойнаушылар әрекеті мұнда бүкіл ұжым мүддесіне бағынады. Қойылған мақсатқа негізінен ойнаушылардың келісімді қимылымен жетеді. Нәтижені анықтау үшін төрешілік қажет.
Әрекеттің келісімділік деңгейінің артуы қатысушылардан психологиялық қайта құрылуды ғана емес, сонымен қатар ұжымдық қимылға қажетті барынша күрделі дағдыны меңгеруді талап етеді. Әрине, ойын әрекетінің мазмұны командалық еместен командалық ойынға өтуіне орай күрделенеді. Ойнаушылардың қарым-қатынасы тиянақты болған сайын ойын мазмұны да жеңіл болады.
Бүкіл ұжымның жоғары ұйымдасқан тактикалық қимылын қажет ететін қимыл дағдыларын үздік меңгеру – командалық ойындардың барыгша күрделілігі болып табылады. Бұл тарапта командалық ойындар ойын әрекеті дамуының жоғарғы сатысын білдіретін спорт ойындарына жақын келеді. Сондықтан командалық қозғалыс ойындарын қарапайым спорт ойындары деп те атайды.
Командалық емес ойындар ішінара екі топқа бөлінеді: жүргізілетін, жүргізілмейтін.
Командалық ойындар да екі топқа бөлінеді: барлық ойнаушы бірдей қатысатын және кезектесіп қатысатын – эстафеталар.
Өз кезегінде бұл топтар, мысалы, ұйымдастыру жобасына қарай ұсақ топтарға да бөлінеді. Яғни, эстафеталар, сызықтық, қарама-қарсы, шеңберлі, т.б.
Командалық ойындарды ойнаушылардың жекпе-жегі сипатына қарай ажыратады. Қарсылықты және қарсыласымен түйісе отырып ойналатын және қарсыласымен сайысқа түсіп ойналатын ойын түрлері бар.
Ойындарды бұдан әрі бөлшектей жіктеу олардағы қимыл әрекетінің мазмұнына негізделеді. Бейнелеу (көрсету қимылдарымен), жүгірумен, кедергіні бағындырумен, қарсылықты, бағдарлаумен (есту және көру белгілерімен), заттармен (доп, таяқ, лента, т.б.) ойналатын ойын түрлері бар.
Әуен сазымен ойналатын әуенді ойындар да ерекше топ құрайды. (би, ән айту).
Арнайы дайындықты талап ететін жергілікті жерде ойналатын ойындар да қызықты. Олар жүргізілу жағынан өте күрделі.
Соңғы кезде сан алуан дайындық (жүргізілетін) ойындары таныла бастады, олардың жеңілдетілген мазмұны балаларды ерте жастан-ақ футбол, баскетбол, хоккей, теннис және т.б. спорт ойындарымен таныстыруға мүмкіндік береді.
Дене тәрбиелік мақсатында таңдалған кез-келген ойын көп көлемді оқыту, тәрбиелеу және сауықтыру міндеттерін шешуді қамтамасыз ету тиіс.
Ойынды таңдау нақты міндеттермен және оны жүргізу шарттарымен анықталады. Әрбір жастағы топтардың таңдау мен ойынды жүргізу әдістемесінің ерекшелігі бар.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Бодеев М.Т., Рамашов Н.Р., Спорт ойындары: Оқу-әдіст. Құралы.-Қарағанды:ҚарМУ баспасы, 2010.-233 бет.
2.Каргин С.Т., Бодеев М.Т., Иманбетов А.Н., Хасенов Х.Ш., Абишев Ж.Б. Мектептегі баскетболдың теориялық және әдістемелік негіздері: Оқу құралы - Қарағанды; ТОО САНАТ-Полиграфия: 2011. – 207б.
3.Бөдеев М.Т., Хасенов Х.Ш., Рахметуллаев Ж.Б. Қозғалмалы ойындар. Оқу-әдістемелік құралы. – Қарағанды: «Санат» баспасы. – 2007. – 85 б.
4.Б.А.Ашмарин “Теория и методика физического воспитания”. М: ФиС, 2014.
5.Қалқабаева С.А. Жас физиология және мектеп гигенасы. Оқу құралы. Шымкент. 2016.- -93 б.
6.Иманбетов А.Н. Мультимедиялық көрсетілім. ҚарМУ электронды библиотекасы. –Қарағанды-2017.ж.
Достарыңызбен бөлісу: |