Тақырып 3. Қозғалмалы ойындардың педагогикалық маңызы және олардың балалардың жасына сәйкес ерекшеліктерінің сипаты.
1. Қозғалмалы ойындардың мақс32аты, міндеті мен атқаратын рөлі және олардың жасқа сай сипаты.
Қазіргі уақытта қозғалмалы ойындарды топтастыру, көптеген педагогтар мен ғалымдардың жұмыстарын шығармашылық тұрғыдан қолданумен негізделеді. Олардың еңбектерінде, дене тәрбиесі практикасы үшін қозғалмалы ойындарды жан-жақты бағалау қажеттілігі баса айтылады.
Ұжымдық қозғалмалы ойындарды бөлу, қазіргі уақытта жеке-бір педагогикалық міндеттерге, ойынның сәйкес келуімен сипатталатын белгілері бойынша топтастырылады.
Мысалы, дене тәрбиесінде қозғалмалы ойындар біріншіден тәрбиелік және сауықтыру міндеттерімен қатар, білім беру міндеттерін шешу үшін де қолданылады.
Дене тәрбиесі бойынша маман, қозғалмалы ойындардың балалар жас ерекшелігіне (төменгі сынып балалары – 7-12; орта сынып немесе жеткіншек жасы – 12-15;) мен жастардың (мектептен жоғары немесе бозбала жасы, 15-17) сәйкес келуін ескеруі керек.
Бастауыш сынып оқушылары қозғалысқа бейім және үнемі қозғалысты қажет етумен ерекшеленеді. Алайда ойынды таңдауда олардың ағзасы үздіксіз қысымға дайын еместігін ескеру қажет. Олар тез шаршайды, бірақ тез қалпына келеді. Сондықтан төменгі сынып оқушыларына арналған ойындар көп ұзартылмаған. Олар міндетті түрде демалыс үзілістерімен алмасып тұруы керек.
1-2 сынып оқушылары үшін күрделі қимылдары және ойнаушылар арасында өзара қарым-қатынасы бар ойындар қолайлы емес. Оларды бейнелеу немесе оқиғалы сипаттағы ойындар қызықтырады. Ұжымда ойнау олар үшін күрделі, сондықтан оларға жүгіріп келетін, жүргізушіден айналып өтетін, секіретін, допты немесе түрлі заттарды қағып алып лақтыратын ойындар ұнайды.
9-10 жаста (3-4 сынып) балаларда дәлдік мүмкіндіктері елеулі жетіледі. Күш, төзімділік, ептілік және шапшаңдықтың қосылуы, өз денесін жетік меңгеруі, ағзасының дене жүктемелеріне лайықталуы бұл жастағы балаларға күрделірек ойын түрлерін ойнатуды ұсынады.
9-10 жастағы бала психикасында да өзгерістер болады. Күш пен нерв әрекетінің қозғалмалылығы зейінді тұрақтандыруға және бала қызығушылығының артуына әкеледі. Ойлаудың дамуы біршама қиын тактикалық міндеттерді шешуді қамтамасыз етеді. Бұл әсіресе мынадан көрінеді, яғни бұл жастағы балалар жеке қатысушылар емес ойын ұжымдары арасындағы жарыстық ойындарға қызыға бастайды.
9-10 жастағы ұлдар мен қыздардың ойындарында онша ерекшелік болмайды. Сонда да болса ұлдар жекпе-жек, бір-біріне қолдау көрсету және допқа таласу тәрізді ойындарға құмар келеді. Қыздар бірқалыпты қимыл мен дәл әрекетті (затпен, доппен, т.б.) ойындарды таңдайды.
Бұл жастағы балалар доппен ойналатын, яғни доппен жүгіретін, кедергіден секіру, шағын заттарды лақтыру және жергілікті жерде әскер ойындарын ойнауды ұнатады.
9-10 жастағы балалар ойыны ұнаған ойындарының едәуір ұзартылуымен, ойын жүктемесінің қарқындылығымен, қатал төрешілігімен және үнемі қолданылуымен ерекшеленеді. Ойындарда ойын жарысының элементтері жақсы көрінеді.
5-8 сынып оқушыларының ойындары төменгі сынып оқушыларының ойындарынан көп ерекшеленеді. Саны жағынан қысқарғанымен, олар мазмұны жағынан күрделенеді. Бұл өзгерістер жас ерекшелігінің дамуымен түсіндіріледі.
Ішкі органдар әрекетіндегі терең қайта құрулар жасөспірімнің қозғалыс қызметін жетілдіруді баяулатады. Дәлдіктің бұзылуы ағзаның жүрек тамыр және басқа да қызмет жүйесі жұмыстарының нашарлауына әкеледі. Орталық жүйке жүйесінің қозуының артуынан байқалатын өзгерістер бас миының тежегіш күшінің өсуімен және қызметтік есеюімен жүргізіледі.
Бұл жасөспірімнің психикасына да әсер етеді, олар шыдамсыз болады және шешім қабылдауда көңіл-күйінің күрт өзгеруі байқалады. Бұл жастағы көрініс беретін есею, екінші белгі беру жүйесінің әсерінің күшеюімен түсіндірілетін өзіндік ойлау тактикасы бар командалық ойындарды да қолайлы етеді.
Олардың ойын әрекетінде аталған жас ерекшелігі кезіне тән көптеген белгілер сақталады (оқиғалы ойындарға қызығу, ұжымда керісіп қалу, ойын нәтижесіне қатты мән беру, т.б.), бірақ сандық жағынан біршама өзгерістер болады. Жасөспірімдерді батырлыққа баулитын, күрделі, оқиғалы және ойында өзінің шығармашылық әрекетін көрсетуге мүмкіндік беретін ойындар қызықтырады. Оларды күрделі тактикалық қарсы жекпе-жек баурайды. Үнемі жарысқа ұмтылу жасөспірімдердің спорт ойындарына немесе мазмұны жағынан соған жақын ойындарға қызығуын білдіреді. Оларға сондай-ақ «тапсырма» тәріздес (қимыл әдісін қатысушылар өздері таңдайды), күреске толы, қарсылықты, өзара көмек көрсететін ойындар, кедергіні бағындыратын эстафеталар ұнайды.
Жасөспірімдерге арналған ойындардың ұзақтығы мен қарқындылығы төменгі сынып оқушыларына қарағанда ұзақтау болады. Сондықтан жүйкеге және дене қысымына көп күш түсетін ойындарда оқушылардың мінез-құлқына көп көңіл бөлу қажет, қатты ашулану мен шаршауға жол бермеген дұрыс.
Бұл жастағы ұлдар мен қыздар бұрынғысынша бірге ойнағанымен олардың ойын әрекетінде ерекшеліктер білінеді. Қыздарды негізінен ептілікпен қимыл дәлдігін талап ететін, би қимылдары аралас ойындар қызықтырады.
Қыздар мен бозбалалар (15-17 жас) дене дамуының жоғары деңгейіне жетеді және үлкен қимыл мен ойын тәжірибесін біледі. Сондықтан мұндағы спорт даярлығы бірінші кезекке шығады. Қозғалыс ойындарын пайдалану осы басты міндетті шешуге көмектеседі.
Бозбалалар мен қыздар ойнағанда өз әрекетінің тактикасы мен нәтижесіне көп көңіл бөледі. Тактика мен жеңіске жету жолын таңдағанда олар үлкен дербестік танытады. Олардың көпшілігі бүкіл ұжым әрекетін ұйымдастырып, басқарушының немесе команда жетекшісінің ролін алады.
Бозбалаларды күш пен төзімділік танытатын ойындар көп қызықтырады. Түрлі эстафеталар, қарсылықты ойындар, дәлдікке, ептілік пен қимыл шапшаңдығына жоғары талаптар қойылатын ойындар оларда кең қолданыс табады.
Бозбалалар мен қыздарға ойын жүргізгенде олардың ағзасының әлі қалыптасып бітпегенін ескеруқажет. Сондықтан мұнда оларды таңдау мен жүктемені реттеудің маңызы зор. Ойын қарқынының біршама өсуіне қарамастан ол ересек адамның қарқынды әрекетімен теңесе алмайтынын ескеру керек.
Жалпы білім беретін мектептердің дене тәрбиесі бағдарламасында қозғалыс ойындарына көп орын бөлінген. Сегіз жыл бойында (1-8 сыныптар) дене жаттығуының бұл түрі дене мәдениеті сабақтарында жүйелі пайдаланылады. 1-3 сыныптарға қозғалыс ойындарын оқытуға ең көп уақыт бөлінеді. 4-8 сыныптарда қозғалыс ойындарын пайдалану баскетбол немесе гандбол тәрізді қарастырылатын спорт ойындары бағдарламаларын үйретумен байланысты болады.
Жоғары сынып оқушыларының сабақтарына да қозғалыс ойындарын пайдаланылу ұсынылады және уақыттың белгілі бір бөлігі спорт ойындарын, гимнастика, жеңіл атлетиканы немесе басқа пәндерді оқытуға арналып бөлінген сағаттардан алынады.
Ойындарды оқу жылдары бойынша бөлу бағдарламада қарастырылған. Бұнда ойындар басқарушы қимыл әрекеті белгілері бойынша топтастырылады.
Сабақтың дайындық бөлімінде қозғалыс ойындары зейінді шоғырландырылып, саптағы және жалпыдамытушы жаттығуларды меңгеру, дене сапаларын дамыту қолданылады. Бұндай ойындардың сипаттық ерекшеліктері ұзақ емес, мазмұны жағынан қарапайымдылығынан және үлкен қысым талап етпеуінен көрінеді. Сонда да болса, олардың көпшілігіне алдын ала даярлық жаттығуларын жасау қажет.
Сабақтың негізгі бөліміне оның басты міндеттерін шешуге көмектесетін ойындар ендіріледі. Бұл кейбір қимыл сапасын терең дамыту немесе қимыл дағдысын меңгеру болуы мүмкін. Бұл үшін пайдаланылатын ойындар қалпына келтіру құралы болып табылады және жәрдемдесіп, белсенді қимыл әрекетінен басқа оқу сабақтарының тапсырмасын орындауға ауысады. Әдетте сабақ қозғалыс ойынымен аяқталады. Ойын аяқталған соң пайда болатын көңіл-күйдің жақсаруы өткен сабаққа қанағаттану сезімін сақтауға көмектеседі.
Оқушылардың қозғалыс ойындарын үйренуге белсенді қатысуын реттеу үшін бағдарламаның осы бөліміндегі үлгерімдерін жүйелі бақылап тұру қажет. Осы мақсатта әрбір ойын алдында оқытушы бақылайтын оқушыны белгілеп, сабақ соңында оның ойынға қатысуы бойынша алған бағасын ескерту керек.
Қозғалыс ойындарын толық меңгеру оның жоспарлауына байланысты болады. Ол дұрыс бірізділікті және оқытуда ұғынымды, сондай-ақ бүкіл оқу жылы бойында жүйелі пайдалануды қамтамасыз ету керек. Бұл үшін мұғалім ең алдымен бағдарламалық талаптармен және материал көлемімен танысып ойындарды тоқсандарға және жеке сабақтарға бөлуі тиіс.
Ойындарды тоқсанға бөлу негізгі міндеттермен және пайдаланылатын дене жаттығуларымен біріктіріле жасалады.
Сабақтар алаңда жүргізіліп, негізгі оқу материалын жеңіл атлетикалық жаттығулар құрайтын бірінші және төртінші тоқсанда ойындарды жылдамдыққа жүгірумен, қашықтыққа лақтырумен сәйкестендіре жоспарлаған дұрыс. Екінші және үшінші тоқсанда жабық орынға арналған жаттығуларды (ойындарды) пайдаланған дұрыс. Мұнда ептілікті, тепе-теңдікті бағдарлауы және ырғақтылықты дамытуға арналған ойындар жүргізіледі. Сондай-ақ шаңғы ойындарын да ендіреді.
Таңдалған ойындарды қиындауына қарай ретімен орналастырады. Жыл соңында белгілі ойындарды жоспарлап, ойнаушылардың әрекетін жетілдіруге тырысқан жөн, бұл оқу бағдарламасының осы бөлімін қаншалықты меңгергенін дұрыс бағалауға мүмкіндік береді.
Ойнай білу былай сипатталады:
-ережені білу және оны дұрыс пайдалана білу;
-ойын амалдарын дұрыс қолдана білу;
-ойында үйлесімді әрекет ете білу қабілеті.
Жіберген қателерін есептеп бағасын шығарады (бес баллдық әдіспен).
Сабақтардың ойын материалдарымен толықтырылуы көп жағдайға, ең алдымен оқушының жасына байланысты болады. Төменгі сыныптарда сабақтар толығымен қозғалыс ойындарынан құралады. Бұл ойын сабақтары деп аталады. Алайда жекелеген тақырыптық сабақтар да болуы мүмкін, оның негізгі мақсаты – күрделі ойын материалын меңгеру болып табылады. Кешенді сабақтар түрі үлкен қолданысқа ие, онда ойындар басқа да дене жаттығуларымен біріктіріліп, пайдаланылады.
Төменгі сынып оқушыларына арналған ойын сабақтарын ұйымдастыру мысалы ретінде 1-сынып оқушыларына арналған сабақтың қысқаша мазмұнын келтіреміз (ІІ тоқсан).
Міндеттері: 1) ептілікті, зейінді және бағдарлауды дамыту;
2) қысқа қашықтыққа айналумен жүгіруге оқыту.
Кіріспе бөлім (5 мин): сапқа тұрғызу, сәлемдесу, «Тиым салынған қимыл» ойыны, жүгіру, жүру.
Негізгі бөлім (35 мин): «Біз көңілді балалармыз», «Апандағы қасқыр» ойындары.
Қорытынды бөлім (5 мин): жүру, «Былай жаса!» ойыны. Сабақты қорытындылау.
Сыныптан тыс спорт-сауықтыру шаралары өте көп және жалпы білім беретін мектептердің бағдарламалық талаптарын іске асыруда маңызды орын алады. Дене тәрбиесі үйірмесі болсын немесе спорт секциясы оқушылар жиыны, спорт мерекесі, «денсаулық» күні немесе жорықтық саяхат болсын бұның барлығында да ойынға орын табылады.
Үзілістегі ойындар. Үзілістегі ойындар мектептің күн тәртібіндегі міндетті элемент болып табылады. Оқушыларды аз қозғалыс әрекетінен белсенді қимылға ауыстыру үзілістің гигиеналық маңызын арттырады және оқу сабақтарының тиімділігін жоғарылатады. Бұнда ауысулар қозғалыс пен ойындарға өте құмар төменгі сынып оқушылары үшін өте қажет.
Қозғалыс ойындарына 8-10 минуттай уақыт кетеді. Сондықтан үлкен үзілісте ұйымдастырылады. Бұл үшін үлкен дәліз, мектеп алдындағы алаң немесе желдетілген спорт залы қолданылады. Түрлі сыныптар үшін әртүрлі өз ойындарын ұйымдастырған дұрыс.
Ойынға тәлімгерлер, сынып жетекшілері немесе дене тәрбиесі мұғалімдері жетекшілік етеді. Ойындарды ересектердің бақылауымен оқушылардың өздері де жүргізуі де мүмкін.
Жүктемесі аз, мазмұны қарапайым, қатысқысы келген әрбір оқушының мүмкіндігіне лайықты ойындарды таңдау керек. Ойынға кіру мен одан шығу шектеусіз болуы қажет. Ойынды оқушылар сыныптарына бірге кіріп, дер кезінде сабаққа дайындалатындай мүмкіндік беріп, үзілістің аяқталуына бірнеше минут қалғанда аяқтайды.
Үзілісте жиі қолданылатын ойын түрлеріне мыналай жатады: «Бос орын», «Үшіншісі артық», «Кім келді?», «Апандағы қасқыр», «Шеңберге тарт», «Жұптасып тартылу», «Әтештер төбелесі». Сондай-ақ ептілікті, шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін түрлі ойын – аттракциондар пайдаланылады: «Шеңбер тастау», «Тир», «Екі орындық пен арқан», т.б.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Бодеев М.Т., Рамашов Н.Р., Спорт ойындары: Оқу-әдіст. Құралы.-Қарағанды:ҚарМУ баспасы, 2010.-233 бет.
2.Каргин С.Т., Бодеев М.Т., Иманбетов А.Н., Хасенов Х.Ш., Абишев Ж.Б. Мектептегі баскетболдың теориялық және әдістемелік негіздері: Оқу құралы - Қарағанды; ТОО САНАТ-Полиграфия: 2011. – 207б.
3.Бөдеев М.Т., Хасенов Х.Ш., Рахметуллаев Ж.Б. Қозғалмалы ойындар. Оқу-әдістемелік құралы. – Қарағанды: «Санат» баспасы. – 2007. – 85 б.
4.Б.А.Ашмарин “Теория и методика физического воспитания”. М: ФиС, 2014.
5.Қалқабаева С.А. Жас физиология және мектеп гигенасы. Оқу құралы. Шымкент. 2016.- -93 б.
6.Иманбетов А.Н. Мультимедиялық көрсетілім. ҚарМУ электронды библиотекасы. –Қарағанды-2017.ж.
Достарыңызбен бөлісу: |