Алдын алу. Жақсы инелерді пайдалану, инені жылжытқанда сүйекті жағалап ине алдына анестетик жіберіп отыру. Бұл асқыну туберал анестезияда жиі кездесетіндігін ескеріп, оны толық қажеттілік туғанда ғана жасау.
Емі. Гематома пайда бола бастаған сәтте, ол жерді басып тұрып, қысып таңу, бір тәулік бойы мұздатып ұстаған жөн. Іріңдеп кетпеуі үшін алғаш қабынуға қарсы дәрілер, кейінірек оны ыдырату үшін УЖЖ, құрғақ ыстық қолданылады. Іріңдеген гематоманы тіліп, қабынуға қарсы, денсибилизация дәрілерін тағайындайды.
Бет терісінің ишемиясы. Осы жерді қамтамасыз ететін қан тамырының тарылуынан болады, сондықтан бет терісі тез ағарып кетеді. Бірақ бұл көрініс көп ұзамайды. Емнің қажеті жоқ. Инфраорбитал, ментал анестезияларда жиі кездеседі.
Нервтің жаралануы. Анестезия техникасын бұзған кезде нысанадағы нерв пен бірге оның маңындағы нервтер жаралануы мүмкін. Эндоневрал анестезиясы кезінде ине нерв талшықтарын үзіп, жыртып кетуі белгілі симптомдар (парестезия, ауыру, температура тактилді сезімдердің төмендеуі) арқылы білінеді. Кейде көп мөлшердегі анестетикті жылдам енгізгенде де нерв талшықтары жарақаттанады. Мандибуляр анестезия кезінде инені шектен тыс терең бойлатып жіберсе бет нервтері анестезиясында ымдау етінің парезі пайда болады. Осы сияқты инфраорбитал анестезиясы кезінде бет нервінің ұрт пен бет тармақтары жансызданады. Үшкіл нервтің жарақаты күннен айларға созылатын парестезия мен невралгия түрінді болып, оның тармақтарының тітіркенуі бет нерві мен симпатикалық нервтерге тарауы мүмкін.
Алдын алу. Үшкіл нерв пен оның маңындағы нервтердің жақ пен бет топографииясын жете білу, жақсы инелерді қолданып, анестезия техникасын мүлтіксіз орындау.
Эндоневральды жарақаттарда невритке қолданылатын ем (физиотерапия – УЖЖ, соллюкс, аналгетиктер, витаминдер) жасалады. Дәрінің әсерінен болған парез өзінен өзі кетеді, оған ем қажет емес.
Ауа эмболиясы. Шприцте ауа қалып, оның анестетикпен бірге қантамырға түсуі. Бұл асқыну дәрігердің олақтығының салдары болып табылады.
Жаңылысып басқа дәрілерді (спирт, сілті, сутегінің қосотығы т.б.) қолдану. Ауыр асқынулар қатарына жатады. Бұл дәріханадан жаңылысып басқа дәрі беру немесе емханада анестетиктерді басқа дәрілермен аралас сақтау, дәрілердің ұқыпсыздығының салдары. Бұл қателіктің алғашқы белгісі – дәріні ендіре бастағанда-ақ қатты ауыру.
Алдын алу. Анестетикті басқа дәрілерден бөтен сақтап, қолданар алдында этикеткасына назар аударып, органолептиктік тексеру (дәмі, иісі, түсі), новокаинге Лукомский сынағын жасау.
Емі. Жаңылыс жіберілген дәрінің концентрациясын төмендету үшін жедел түрде сол аймаққа 0,25% новокаин, физиологиялық ерітіндімен (80-120-150 мл) блокада жасалады. Содан соң барып тілу керек. Іріңдеп некроз болмауы үшін антибиотиктер қолданып, жараны гипертоник ерітіндісімен жуып, қадағалап тұрады.
Инфекция ендіру. Асептика ережелері бұзылғанда (анестетик, ине, шприц стерилді болмаса) абсцесс, флегмона, қан тамыры нерв жараланғанда қабыну процессі басталады.
Алдын алу. Асептика шарттарын қатаң түрде сақтау (ерітінді,инструменттер, дәрігердің қолы, операция аймағы стерилді болуы керек). Ине шаншудан бұрын ауызды әлсіз антисептик ерітіндісімен шайып, ине шаншитын жерді йод ерітіндісімен залалсыздандырады.
Емі. Қабыну процесстерінің жалпы емі жүргізіледі.
Бұлшықет жарақаттары (жақтың қарысуы) мандибуляр, торусал анестезияларында кездеседі. Асқыну қант тәрізді етті өтпес немесе ұшы майысқан инемен жаралау, бұлшықетке шектен тыс көп анестетик енгізуден болады.
Клиникасы. Ауырсынып, ауыз жақсы ашылмайды.
Емі. Ауызды сода ерітіндісімен шаю, жақ астына жылу қою, контрактураны тарататын терапия, механикалық ем.
Таңдайдың кілегей қабығының некрозы. Жаңылысып басқа ерітінділер енгізумен бірге, анестетикті көп мөлшерде (1,0 мл-ден артық) жіберсе де (кілегей қабық сүйек қабығымен бірге сүйектен ажырап кетуі мүмкін) болады. Сүйек қабығының ажырауы тіндердің қоректенуін бұзып жұмсақ таңдаймен сүйектің некрозына соқтыруы мүмкін.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, ине ұшы кілегей қабық астында болуы керек.
Жұмсақ таңдай парезі. Палатинал анестезия кезінде дәріні таңдайдың үлкен тесігінен артқа енгізгенде шектен тыс көп анестетик жібергенде пайда болады. Науқас лоқсып, құсып, жөтеліп, таңдайда бөгде зат бар сияқты сезінеді.
Алдын алу. 0,5-0,75 мл-ден артық анестетик жібермеу, анестезия техникасын бұзбау.
Емі. Жұмсақ таңдай тілшесін, тілдің түбіне тимейтіндей етіп ауызды кере ашып, терең тыныс алу, операцияны тез аяқтау.
Мұрын түбінің кілегей қабығының жаралануы. Күрек тістер анестезиясында инені 0,3-0,5 мм-ден терең енгізгенде болады. Қан ағуы мүмкін.
Диплопия. Қосарланып көріну инфраорбиталды анестезия кезінде инені тереңдетіп сұғудан, көп мөлшерде анестетик жіберуден келіп шығады.
Алдын алу. Инені өзек ішінде 7-10 мм-ден артық сұғуға, 0,5-0,75 мм-ден артық анестетик жіберуге болмайды.
Емі. Асептика бұзылмаса ешқандай емнің қажеті жоқ.
Көз алмасының жаралануы. Инфраорбитал анестезиясы кезінде ине өзекке тым терең бойлата сұққанда немесе инені өзекке емес, көз шарасының төменгі қырынан жоғары сұққанда болады.
Инъекциядан кейінгі ісік пен аурулар. Дәрінің дұрыс даярланбауынан (ерітіндіні изотоник емес жай суда даярланғанда), анестетикті сүйек қабығының астына жібергенде, ұзақ уақыт тұрып қалған анестетиктерді қолданудан келіп шығады.
Алдын алу. Анестетиктер жааңадан даярланған болуы, анестезия кезінде сүйек қабығын жараламау, иненің сүйекке жанай қозғалуы қажет.
Анестетиктердің жергілікті зиянды әсері (ісік, дерматит) жиі және ұзақ уақыт теріге анестетиктердің әсерінен туады (медицина мамандарында кездеседі). Кейбір тым сезімтал науқастарда новокаин жіберген жерде дерматит байқалуы мүмкін егер анамнезде анестетиктерді көтере алмайтыны белгілі болса, онда алдын ала организмнің анестетикке сезімталдығын анықтап алған жөн. Содан кейін қажет болса басқа анестетик қолданылады.
V тарау
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫ
Адамзат арасында тіс жұлу операциясы ең көп жасалатын операция. Басқа операциялармен салыстырғанда тіс жұлу операциясының біраз ерекшелігі бар. Ол кейде оңай және тез болғанымен, кейде өте күрделі болып ұзаққа созылуы мүмкін. Онда дәрігерге көмекші, көптеген аспаптар қажет болады. Күрделі операция стационарда ұзаққа созылған анестезия арқылы жасалады.
Жалпы тіс жұлу ауыр операция болып есептеледі, себебі, тіс өз ұясынан күштеп жұлынып алынады. Тіс жұлынған кезде дөңгелек сіңір, периодонт, сүйек қабығы қан тамырлары мен нерв талшықтары үзіледі, тіс ұясы да жараланады, оған ауыздағы заттар түседі. Ауыз қуысының адам организмдегі микробқа ең бай жері екендігін, оны стерилді ету мүмкін еместігін еске алсақ, онда тіс ұясындағы жарақатқа инфекцияның енуі түрлі қабыну процестеріне жол ашу қаупін арттыра түседі.
Тіс жұлу кезіндегі науқастың уайым-қайғысын (тыныс алу мен тамыр соғуының жиілеуі, қан қысымының көтерілуі, кейбір ағзалар қызметінің бұзылуы) жаңағы аталған жарақатқа қоса есептесе жергілікті немесе жалпы асқынуға себептің жеткілікті екендігін анық түсінуге болады.
Тіс жұлу операциясы көне замандардан белгілі (Эскулаптан). Ол туралы алғашқы жазба мағлұматтар Гипократқа тиесілі (Р. Бауме, 1899).
Алғашқы қорғасын қысқыштардың үлгісі Дельфит храмында сақталуы. Темірден жасалған қысқыштар жайлы Аристотель жазып қалдырған.
Тістердің анатомиялық ерекшеліктері есепке алынбаған көне дәуірде тіс жұлу күрделі операция болып саналған. 1826 ж. Гаррис Фай тістердің анатомиялық ерекшеліктерін есепке ала отырып қысқыштар үлгісін ұсынған, ол сол үшін күміс медальдің иегері болды. Кейінірек 1841 ж. Джон Томас анатомиялық қысқыштар жасады, олар көп өзгеріссіз күні бүгінге дейін қолданылуда.
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫН ЖАСАУҒА БОЛАТЫН ЖӘНЕ БОЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР
Тіс жұлу операциясы белгілі бір қажеттіліктерімен шектелген. Терапевтикалық стоматологияның дамып емнің жаңа түрлерін қолдануы периодонттағы патологиялық процестерді тоқтатуға жол ашты. Ертеректе санация кезінде жұлып тастайтын түбірлер мен бұзылған тістер, алып-салмалы протездерді ұстату үшін пайдаланылатын болады. Гемисекция, реплантация, түбір ұшының резекциясы тістерді сақтап қалуға жағадй жасады. Тіс жұлынған соң тек сол тістің ғана емес, оған көрші, қарсы орналасқан тістердің (конвергенция, дивергенция, орнынан өсіп шығуы) айналасында да көп өзгерістер болады. Бұл шайнау жүйесіндегі өзгеріске әкеледі. Бірнеше тістің жұлынуы сөздің, сырт пішіннің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Сөйте тұра тісті жұлмай қалдырған кезде одан пайда болатын өзгерістерді ескеріп (организмнің сенсибилизациясы, күшінің азаюын, нерв талшықтарының тітіркенуін, кілегей қабықтың жаралануы мен инфекцияның тарауын), тісті жұлу алдында операцияға тиісті қажеттіліктерді анықтап алған жөн.
ТІС ЖҰЛУ ОПЕРАЦИЯСЫН ЖАСАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР
Қажеттіліктер толық (абсолютное п) және жартылай (относительное п.) Танфильев Д.Е. 1966) жалпы және жергілікті (Бернадский Ю.И.., 1970), жедел (срочное п.) және жоспарлы (плановое п.,), (Заусаев В.И., 1981) болып жіктеледі.
Жедел және толық қажеттілікке жедел ағымды одонтогендік инфекция (остеомиелит, абсцесс, флегмона, периостит) жатады. Қабыну процесі басталуынан көп кешікпей ауру тіс жұлынса, онда инфекцияның әрі қарай тарауы тоқтатылып, тезірек оң нәтижеге қол жетеді. Қабыну процессі ұлғайып кетсе, тіс жұлу операциясы жеткіліксіз деп табылады. Қосымша көшпелі қатпар, басқа да жақ айналасындағы жұмсақ тіндерді тіліп, жалпы ем жүргізу қажет.
Консервативті ем нәтижесіз болса, қабыну процессі асқынып кетсе, одонтогенді хрониосепсис кезінде ауру тіс шұғыл түрде жұлынады.
Жоспарлы қажеттіліктер мыналар:
-
Сауыты түгел бұзылып, түбірі протез салуға пайдалануға жарамай қалған тіс;
-
Түбірі қисық, өзегі бітеу болып, реплантация мен түбір ұшының резекциясын жасауға, емдеп жазуға болмайтын тіс;
-
Гаймор қуысындағы қабынуға себепкер тіс;
-
Ішкі ағзалардың ауруына себепкер тіс;
-
Пародонтоздың 3 дәрежесінде босап қалған тіс;
-
Ортодонтикалық ем кезінде басқа тіске орын босату үшін;
-
Антогенисін ерте жоғалтып, орнынан мейлінше шығып кеткен (Попов-Годон фонемені), протезге пайдалануға жарамсыз күйге жеткен конвергенция, алынатын протездің орнықты тұруына кедергі жасайтын соңғы тіс;
-
Жақ сүйегі сынғанда сынық сызығында қалып инфекцияны әрі қарай тарататын, сынықтардың кедергі жасайтын, сынған, мейлінше босаған тіс;
-
Сауытын жонса да тіл, ерін қанат-жақ қатпарын жаралайтын тіс;
-
Ортодонтиялық емге келмейтін, тіс доғасынан тыс (жоғарғы сүйір тістер) тіс (косметикалық пайымдау негізінде жұлады);
-
Ретенцияға, дистопияға ұшыраған қиыншылықпен шығатын (ақыл тістер) тіс;
-
Альвеола өсіндісіндегі киста мен ісікті радикалды операция жасап алып тастағанда жыланкөздің шығуына кінәлі тіс.
Сүт тістерді жұлу қажеттілігі балалар стоматологиясында айтылады.
Жоспарлы жағдайда жұлуды (жартылай қажеттілік) 1-2 күн кейінге қалдырғанмен науқастың денсаулығына пәлендей нұсан келмейді.
Қорыта айтқанда, қажеттілік бар кезде тісті мүмкіндігінше ертерек жұлу дұрыс болып табылады.
ТІС ЖҰЛУҒА БОЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАР (ЖАРТЫЛАЙ)
Тіс жұлуға толық қарсылық жоқ. Жартылай жұлуға болмайтын жағдайлар жалпы және жергілікті деп бөлінеді.
Жалпы жұлуға болмайтын жағдайлар:
1. Қан аурулары (гемофилия, геморрагиялық диатез, анемия, лейкемия);
2. Жүрек-қан тамырлары аурулары (миокард инфаркты, декомпенсациялы жүрек ақауы т.б.)
3. Жұқпалы аурулар;
4. Нерв жүйесінің аурулары (эпилепсия, психоз т.б.)
5. Екіқабат кезде, етеккір келгенде
Қан ауруларымен ауырған науқастың тісін жұлған соң тіс ұясынан аққан қан көпке дейін тиылмауы мүмкін. Сондықтан науқасты стационарға жатқызып гематологтың қатысуымен емдеп, содан соң тісін жұлуға болады.
Күнделікті бақылау кезінде қанның ұюы 4-5 мин-ке жеткенде (қалыпты жағдайдың жоғарғы шегі) тісті жұлуға болады. Дәрігер гематологтың емін жарақат жазылғанша жүргізу керек.
Лейкемия ауруы кезінде ауызда жара, некроз болғандығын ескеріп, тіс жұлғанда, оның айналасындағы тіндерді қорғау керек. Етеккір келгенде әйелдердің қан ұюы нашарлайды. Сондықтан егер аса қажеттілік болмаса, тісті етеккір тоқтаған соң 2-3 күннен кейін жұлуға болады.
Жүрек-қан тамырлары бұзылыстарына байланысты болмайтын жағдайлар. Жалпы дәрігерлік дайындықтан соң тісті емханада немесе стационарда жұлуға болады.
Ауыр науқастардың тісін жұлуға болмайтын жағдайларды А.И. Рыбаков (1962) тым артық айтылған деп есептейді. Шұғыл қажеттілік кезінде (жедел ағымды одонтогенді инфекция) асқынудың алдын алып, абайлап, тісті жұлудың еш қиындығы жоқ. Тіс жұлудың алдында терапевтпен кеңескен дұрыс.
В.З. Скоробогатьконың (1966) мәліметі бойынша, тіс жұлған соң кейбір аурулардың асқынуы мүмкін (қан қысымы көтеріліп, жалпы әлсіздік, жүрек соғуы жиілеп, төс қыры, жүрек тұсы сыздап ауырады).
З.М. Миканба (1958) жүрек-қан тамырлары ауыратын науқастарды жете зерттеп, олардың тісін жұлуға толық қарсылық жоқ деп табады. Ол өзінің әдістемелік хатында (1963) ауруларды 3 топқа бөледі.
1 топ. Қарсылықтары жартылай, тістерін емханада жұла беруге болатын аурулар түрлері: 1) жүректің органикалық ақауы; 2) кардиосклероз;
3) кризге ұшырамаған 1-2-3 дәрежелі гипертония; 4) қан айналымының 1-2 дәрежелі созылмалы кемшілігі; 5 ) ревматизмнің өршу фазасындағы жүректің органикалық ақауы; 6) жүрек астмасы мен стенокардия ұстамалары жоқ жүрек инфарктына үш айдан астам уақыт өтсе.
2 топ. Қарсылықтары толық аурулар түрлері; 1) жедел ағымды миокард инфарктының алғашқы күндері; 2) инфарктың асқынулары – жиі қайталайтын коллапс пен жүрек қарыншаларының жедел ағымды аневризмасы; 3) гипертониялық криздер.
3 топ. Жартылай қарсылықтары бар аурулар. Жиі стенокардия ұстамасы бар созылмалы жүрек кемшілігі бар аурулар. Жеделдету септикалық эндокардит пен жүрек қарыншасының созылмалы аневризмасы бар аурулар терапевтикалық стационарда емделіп болған соң терапевтің кеңесімен тіс жұлу мәселесі шешіледі.
Барлық жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырған науқастарды псхика-эмоциональды, гормональды дайындықтан (премедикация, тиянақты анестезия) өткізеді. Анестетиктерге адреналин қосылмайды. Қорқу, қобалжуды болдырмайтын дәрілер беріледі. Жүрек-қан тамырларының қызметі дұрыс жүріп тұруы үшін жүрек гликозидтері, тіндегі зат алмасуын жақсартатын, антиаритмикалық дәрілер беріледі.
Жұқпалы аурулар кезінде науқас организмнің қорғаныс күштері әлсірейді, соны ескеріп, тиісті қажеттілік болмаса тіс жұлуға болмайды. Жартылай қарсылықтарға нерв жүйесінің аурулары жатады (истерия, эпилепсия, психхозда т.б.). маман дәрігермен кеңесіп, кішігірім дайындықтан соң олардың тістерін жұлуға болады.
Екіқабат әйелдердің емдеуге болмайтын тістерін санация кезінде жұлу қажет. Әйтпесе, тісті жұлудан бұрын акушер-гинекологпен кеңесіп алу керек. Екіқабат әйел сырқат болса тіс жұлу кезінде бала тастап қою қаупі бар. Санация жасауға ең қолайлы мезгіл үшінші айдан сегізінше айға дейінгі аралық. Себебі, 1-2 ай ішінде лоқсу, сілекей шұбыру, тағы сол сияқты ыңғайсыз жайлар мазаласа, 8-9 айларда әйелдің дәрігерге қатынап, тістерін емдетуі де біраз қиыншылық тудырады.
Жаралы-некроз стоматиті мен гингивит тіс жұлуға жергілікті жартылай қарсылық болып саналады. Жалпы алғанда ауызда жара пайда болуы кілегей қабықтың иммунитетінің төмендеп микрофлораның күшеюінің дәлелі. Сондықтан, шұғыл қажеттілік болмаса тіс жұлуды жара беті қабыршықтанып жазыла бастаған кезге дейін қалдыра тұрған жөн. Төменгі жақтың аздап қозғалған соңғы тісін жұлуды кейінге қалдыра тұру, оны аз уақыт болсада алынбалы протездің қалыптасуына септігін тигізетін мүмкіндігіне байланысты.
Қатерлі ісік аумағындағы тісті жұлудың қажеті жоқ, ол ісікті операция жасап алған кезде бірге кетеді. Олай етпегенде, тіс жұлу, ісіктің тез-өсуіне, жайылынуына әкеліп соқтырады.
Қорыта айтқанда, атап өткен аурулар мен жедел ағымды сәуле ауруы, бүйректің жұқпалы ауруы т.б. тіс жұлуға жартылай қарсылық болып саналады. Толық қажеттілік (жедел ағымды қабыну процессі) болмаса, стоматолог тиісті мамандармен ақылдасып, науқасты дайындап болған соң барып тіс жұлады. Науқастың халі – жағдайы қиын болса, бұл жұмыстардың бәрі стационарда жасалады. Асқынып кетудің алдын алу үшін лекоз, агранулацитоз, сәуле ауруы, септикалық эндокардит, ревматизм, нефрит ауруларына антибактериалды терапия жүргізу қажет.
Науқас тарихына байланысты мәліметтер, тіс жұлу операциясы қысқа да дәл түрде құжаттарда жазылып отырылуы шарт.
Тіс жұлу әдістері
Тіс жұлу операциясы қызыл иек пен периодонтит тіндерін және тіс ұясынан тісті немесе түбірді тіс ұясынан зорлап шығарып алу қимылдарынан тұрады.
Тіс түбірлері алшақ орналасқан болса тіс ұясы күштеп кеңейтіледі. Тістерді аранйы қысқыштар мен элеваторлар арқылы жұлады.
Кейбір кездерде тіс жұлуға бормашина, қашау, балға қолданылады. Бұл аспаптармен тісті жұлуға кедергі жасайтын сүйек алынып тасталады. Әрине, бұл операциялар науқастарға біршама қиындықтар туғызады.
Тісті жұлудан бұрын анатомиялық ерекшеліктерді ескерген жөн. Мысалы: түбірдің саны, түрі, үлкендігі, қисаюы, түбірлер далдасы, ұя қабырғасының қалыңдығы, гаймор қуысының жақындығы, төменгі жақ өзегінің жақындығы, иннервациялану т.б. Бұл керекті мәліметтер анатомиядан белгілі.
Тісті жұлудың қиындығы алдын ала белгілі болса (төменгі ақыл тістерді жұлу) рентген жасау қажет.
Жұлынантын түбірден басқа тістерге қарап та бірталай мәлімет алуға болады. Мысалы: жалпақ және төмен тіс сауыты оның түбірлерінің алшақ орналасқанының дәлелі. Тіс жұларда науқастың жалпы жағдайын есепке алып, дәрілеп анестезия жасап психологиялық дайындықтан өткізу керек.
Науқасқа тіс жұлу кезіндегі кейбір жайлар туралы біршама түсінік берсе, ол тіс жұлған кездегі ыңғайсыз жағдайларға онша назар аудармайды.
Тіс жұлу кезіндегі науқас пен дәрігердің орналасуы. Үстіңгі тістерді жұлғанда науқас биік креслода басын шалқайтып отырады. Жұлынатын тіс дәрігердің иығы деңгейінде болу керек. Сол жақтың тістерін жұлғанда науқастың басы дәрігерге қарай, ал оң жақтың тістерін жұлғанда әрі қарай құрылады.
Төменгі жақтың тістерін жұлғанда креслоны шынтақ деңгейіне дейін төмендетеді. Науқастың басы тік орналасады. Төменгі күрек, сол сол жақ кіші, үлкен азу тістерін жұлғанда ол сол қолымен науқастың басын құша оң жағында немесе арт жағында тұрады. Тіс жұлу қиын болатын болса науқасты жатқызады.
Операция алаңын дайындау. Ауыз қуысын асептикалық жағдайға келтіру мүмкін емес. Әлсіз антисептиктер микрофлораны жоя алмайды, ал күштілері кілегей қабықты жаралайды. Сондықтан ауыз қуысын дайындауды тамақ қалдықтарын тазалап, оның микрофлорасын азайту деп түсінуге болады. Ол үшін ауызды калийдің марганец қышқылы, хлорамин,фурацилин, ас содасы т.б. әлсіз ерітінділермен шаю керек. Жұлынған тістің ұясына түсіп кетпес үшін жақын тұрған тістерді тастардан калий перманганаты, сутегі тотығымен малынған тампонмен тазарту керек.
Ине шаншитын нүкте мен жұлынатын тіс аумағын йодтың 1-2 % спирті ерітіндісімен өңдеу керек.
Тіс жұлу аспаптары. Негізгі тіс жұлу аспаптары анатомиялық қысқыштар, элеваторлар. Қысқыштар ұш бөліктен тұрады: 1) Жақтары – тістердің анатомиялық құрылысын есепке алып ішін ойық етіп бедерлеп жасалған. Тіс сауытын, немесе түбірдің қалған бөлігін қоса ұстайды. 2) Саптары – дәрігер ұстайтын бөлігі. 3) Құлыбы – қысқаштың екі бөлігін бір-бірімен бекітеді (9, 9а, б –сурет).
9-сурет. Тіс жұлатын қысқыштардың құрылысы:
1-ұртты; 2-құлпы; 3- сабы; 4-өтпелі бөлігі.
|
9 а – сурет. Жоғарғы жақ тістерін жұлатын қысқыштар:
А) күрек, сүгір тістерді; б) кіші азу тістерді; в, г) үлкен азу тістерді; д) жоғарғы үшінші үлкен азу тіске.
9 б – сурет. Төменгі жақ тістерін жұлатын қысқыштар.
А, б) күрек, сүйір, кіші азу тістерді; в) үлкен азу тістерді; г) төменгі үшінші азу тістерді; д) барлық төменгі тістердің түбірлеріне.
|
Тұрақты тістер мен сүт тістерді жұлатын қысқаштар тобы бөлек болады. Олардың басқа үстіңгі, төменгі жақ тістерін, сауыты сақталған тістер мен түбірлерді жұлатын қысқаштар да бір-бірінен өзгеше. Белгілі бір тістерді жұлатын арнайы қысқаштар бар.
Қысқаштарды таңдағанда төмендегідей белгілеріне назар аударады. Бұрыш белгісі – үстіңгі жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір түзудің немесе параллель (паралельге жақын) түзудің бойында орналасады.
Төменгі жақ тістерін жұлатын қысқаштардың жақтары мен саптары бір-бірімен 90' (яғни соған жақын) бұрыш түзеді. Бұлардың барлығы дерлік сапты бойлай иілген (саптары бір-бірінің үстіне орналасады), содан соң кейбіреулері (негізінен ақыл тістерді жұлу үшін) саптың қырына қарай иілген (горизонталь) саптары қатар орналасады. Саптың иілу белгісі: үстіңгі күрек, сүйір тістерді жұлу үшін тік қысқыштар, ал, кіші, үлкен азу тістерге S – тәрізді иілген қысқыштар қолданылады, олардың сабы бері орналасқанмен жақтары тісті дәл ұстайды. Үстіңгі ақыл тіске арнайы немесе байонет (штык тәрізді) қысқыштар қолданылады.
Төменгі жақ тістері қысқыштардың жақтары мен саптары 90' бұрыш түзгендіктен, оларды құстұмсық деп те атайды. Оң мен солдың белгісі: жақтарының екеуі де бірдей қысқыштар оң, сол екендігіне қарамай қолданыла береді. Олар тік, тәрізді жақтары жұмыр, байонет, құстұмсықты қысқыштар.
Үстіңгі 6-7 – ші тістерді жұлатын қысқыштар жақтарындағы өсінділеріне байланысты оң, сол болып бөлінеді. Өсінді тістің ұрт (вестибуляр) жағына орналасып, ұрт түбірлерінің арасына қарай бойлайды. Сондықтан ол қысқыштың сол жағына орналасса оң, ал керісінше сол жақты болып саналады.
Жақтардың түйісуі мен еніне қарай белгілері. Сауыттары сақталған тістерге жақтары түйіспейтін, түбірлерді жұлуға жақтары түйісетін қысқыштар қолданылады. Ыңғайлырақ болуы үшін сауыт және түбір қысқыштары десек те болады.
Сауыт және түбір қысқыштары жақтарының еніне қарай жалпақ орта, жіңішке болады. Тіс сауыты немесе түбірінің жуан, жіңішкелігіне байланысты жалпақ, орта, жіңішке қысқышты таңдап алуымызға болады.
Қысқыштарды ұстау тәсілдері. Мамандар қысқыш ұстаудың екі тәсілін ұсынады. Оны оң қолмен ұстайды.
1 тәсіл: Саптарының (бранштардың) арасына 4-5 саусақтарды кіргізіп 1 саусақтың ұшын тірей бір сапты ұстайды. 2-3 саусақтапр екі сапты қоса ұстайды. Осы жағдайдай бір сап 1 саусақ, алақан, 2-3 саусақтардың негізгі буынымен қыса ұсталады. Екінші сапты 4-5 саусақтармен жылжытып қысқышты ашамыз. Әрі қарай 4-5 саусақтар саптар арасынан шығып екі сапты қоса қыса ұстайды.
-
тәсіл: саптар арасында 2-3 саусақтар. 1 саусақ бір сапты, 4-5 саусақтар екіншісін ұстайды. 3 саусақты жақғанда қысқыш орналасқан саң саптар арасындағы саусақтар шығарылып, барлық саусақтар мен алақанға қыса ұстаймыз (10 а,б-сурет).
10 –сурет. Қысқыштарды ұстау тәсілі:
А) жоғарғы тістер үшін; б) төменгі тістер үшін.
Қысқыштармен жұлу қимылдары. Тісті (түбірді) жұлудан бұрын қызыл иек пен дөңгелек сіңірді тістен ажыратады. Сонда қысқышты тіс-қызыл иек қалтасына бойлата жылжытуға, кілегей қабықтың жыртылмай аман қалуына мүмкіндік туады.
Тегістегіш (гладилка) аспаптың ұшын иектің астына 1-2 см-дей бойлатып сүйек қырына дейін жетіп, тіс сауытын айналдыра кіреберіс пен ауыз қуысы жағындағы иекті тістен ажыратады. Егер жұлынатын тіс жеке дара тұрған болса, онда оны шыр айналдыра қызыл иектен ажыратады.
Қызыл иекті тістен ажыратпай тұрып тіс жұлуды бастасақ, кілегей қабықтың біраз бөлігі сүйектен сылынып, жыртылып тіспен бірге жұлынады. Жарақат орны қанап, жалаңаштанып қалған сүйекке инфекция оңай еніп қабыну басталуы әбден мүмкін. Жыртылған кілегей қабықты орнына орналастырып тігіп қою керек.
Үстіңгі тістерді жұлғанда сол қолдың 2-3 саусақтарын ауыз қуысына енгізіп, бас бармақпен сыртынан төменгі жақты сыға ұстаймыз. Бұл төменгі жақтың буынын жарақаттан сақтайды. 2 саусақ ұртты ығыстырып тұрады. Төменгі оң жақтың тістерін жұлғанда сол қолдың 1-2 саусақтары ауыз қуысына орналасады.
Тісті жұлу үшін бір-бірімен ұштасып жатқан бірнеше шартты қимылдарды орындау қажет. 1) қысқышты салу; 2) қысқышты жылжыту; 3) қысқышты сыға ұстау; 4) тісті (түбірді) ырғай (немесе айналдыру); 5) тісті ұясынан жұлып шығару.
Достарыңызбен бөлісу: |