Қысқышты салу. Қысқышты тіске (түбірге) салғанда, тіс оның екі жағының арасында болуы керек. Қызыл иекті қысып қалмайтындай етіп қысқыш жақтарының бірімен тісті ішкі (тіл, таңдай), екіншісімен сыртқы (ерін, ұрт) беттерінен ұстайды. Қысқыш жақтары мен тіс бір түзудің бойында орналасуы шарт – бұл негізгі ереже. Қысқыш тіс бойына дәл салынбай қисық түссе, онда тіс сынып кетуі мүмкін. (11 сурет).
11-сурет. Қысқыштардың ұрттарын тіске салу тәсілі
А) дұрыс; б) дұрыс емес.
Қысқышты жылжыту. Қысқыш жақтары тісті бойлай сырғып қызыл иек астынан сүйекке барып тіреледі. Бұл кезде олар тістің мойнынан да әрі асып түбірді ұстайға ыңғайлы болады. Егер жұлынантын түбір биіктігі қызыл иекпен бірдей немесе одан төмен орналасса, онда қысқыш жақтарын әрі қарай альвеола өскінінің үстіне бойлата жылжытады. Олай етпесек тереңде қалған түбірді жұлу қиын болады. Қысқыш жақтары альвеола өскінінің үстіне түскенде сүйектің де кішкене бөлігі жаншылып түбірмен бірге жұлынады. Әдетте бұл жарақат тіс ұясының жазылуына залалын тигізбейді. Қызыл иекте эластикалық талшықтар жоқ, сондықтан, қысқыш жақтарын тереңдете жылжытқанда, қызыл иектің жиегі жыртылады. Түбір жұлынған соң қызыл иек орнына қайта келеді.
Қысқышты сыға ұстау. Қысқыш саптарының арасындағы саусақтарды шығарып, қолды саптардың ұшына таман жылжытып сыға ұстайды. Мұнда ескеретін жай: асқан ептілікпен қимылдау. Мысалы; қатты сыға ұстағанда тіс сынып, ұсатылып кетуі мүмкін. Бос ұстаса тіс сырғып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сыға ұстау кезінде тіс сырғып шығып кетуі мүмкін. Сондықтан сыға ұстау кезінде қол күшін мұқият сезімталдықпен реттеп отырған абзал.
12-сурет. Тістерді босату 12-сурет. Тіс жұлатын элеваторлар
әдістері: а) тіс элеватор; б) иілген элеваторлар; в) Леклю а) ырғап босату (люксация) элеваторы
б) бұрап босату (ротация)
Тісті ырғау. (12 а, б, в – сурет). Түбір мен тіс ұясының арасындағы байланысты тісті ырғау арқылы үзеді. Тісті кіреберіс пен ауыз қуысына қарай әрлі-берлі ырғайды (люксация). Одан басқа тісті өз орнынан айналдыра (ротация) қозғап та ұясынан босатады. Ротация тек бір түбірлі тістерді немесе жеке түбірді босату үшін қолданылады. Жеке түбірге ротация жасағанда абай болған жөн. Өйткені, кейде, түбір ұшы имек болып келеді. Ротация кезінде ол сынып, қалып қоюы мүмкін. Люксация барлық тістер мен түбірлерді босату үшін қолданылады. Алғашқы ырғау тіс ұясының әлсіз тұсына қарай жасалады. Көбінесе ауыз, кіребетісіне қарай. Үстіңгі 6-шы тісті жұлғанда люксация таңдайға қарай басталады.
Төменгі жақ тістерінен 7-8 тістерді жұлғанда люксация тілге қарай басталады.
Жалпы, люксация тіс орнынан түгел босағанға дейін байыппен жасалады.
Тіс ұясынан жұлып алу. Тіс ұясынан әбден босатқан соң оны жұлқымай, жайлап суырып алады. Тісті жұлған кезде оны алғашқы люксация қимылы бағытына қарай суырамыз. Жалпы қимылдар сыртқа қарай бағытталған. Үстіңгі тістерді төмен қарай, төменгі тістерді жоғары қарай жұлады. Тісті жұлқып тартқанда қысқыш қарсы тұрған тістерге соғылатындығын ескерген жөн.
Үстіңгі күрек тістерді жұлу. Орталық күрек тістің түбірі жуан, ұшы дистал бағытқа қарап аздап иілген. Бүйірдегі күрек тістің түбірі жіңішке, оның ұшы таңдайға қарай әжептәуір иілген.
Тік қысқыштың бір жағы күрек тістің таңдай бетін, екінші жағы кіреберіс бетін ұстайтындай етіп салады. Одан соң қысқышты жылжытып, сыға ұстайды. Кейінгі қимыл ротация мен люксация. Люксация алғаш сыртқа, сосын таңдайға қарай. Сол бүйірдегі күрек тісті жұлғанда науқастың басы аздап оңға қарай бұралады (немесе керісінше). Сол қолдың 1-2 саусақтарымен альвеола өсіндісін сыға ұстап, 2 саусақ үстіңгі ерінді ығыстырады. Жалпы күрек тістерді жұлу аса қиын емес.
Үстіңгі сүйір тістерді жұлу. Науқастың басы аздап қарсы жаққа бұрылады. Тік қысқашты күрек тістегідей етіп саламыз. Сүйір тістің тамыры жуан, ұзын болғандықтан оны жұлу үшін едәуір күш жұмсауға тура келеді. Люксация мен ротацияны кезек қолданады.
Үстіңгі кіші азу тістерді жұлу. 4-ші тістің кейде 2 түбірі болады, бір түбір болған кезде де оның ұшы екіге ажырап барып бітеді. Түбірлер жіңішке, ұзын болады. Сондықтан ротация жасауға болмайды.
5-ші тістің түбірі біреу-ақ, оның екі бүйірі сығылған. Оны жұлғанда ротация, люксация жасауға болады.
Жалпы 4-5 ші тістердің түбірлері дистальды бағытқа қарай иілген.
4-5-ші тістерді жұлу үшін S – тәрізді сауытты қысқаштарды (жақтары жұмыр) қолданылады. Қысқышты тістке салғанда оның бір жағы тістің таңдай, екінші жағы ұрт беттерінде орналасады. Алғашқы ырғау сыртқа қарай бағытталады. Түбір ұштарын (әсіресе 4-ші тістің түбірлерінің) сындырып алмау үшін қимыл дәл, байыпты болуы керек.
Үстіңгі үлкен азу тістерді жұлу. Үстіңгі моляр тістердің 3 түбірі болады. Олардың біреуі таңдай, екеуі ұрт түбірлері. Ұрт түбірлері бір-біріне жақын, ал таңдай түбірі олардан алшақ, оқшау орналасқан. 3-ші молярдың түбірлері түрліше болып келеді, олар кейде бірігіп те кетеді.
6-7-ші тістерді S – тәрізді жағының бірінде қылқаны бар қысқышпен жұлады. Оның қылқаны тістің ұрт түбірлерінің арасына кіріп, қылқанның екі жағындағы ойықтар сол ұрт түбірлерін ұстап, ал таңдай түбірін қысқыштың жұмыр жағы ұстайтындай етіп салады.
Анатомиялық ерекшеліктерін ескеріп, алғашқы ырғауды 6-шы тісті жұлғанда ішке қарай, ал 7-8 ші тістерді жұлғанда сыртқа қарай бастайды. 6-7-8-ші тістерге ротация жасауға болмайды, тек түбірлер бөлінген соң таңдай түбірді ғана ротация жасауға болады.
8-ші тістің басқалардан өзгеше құрылысы оған арнайы қысқыш қолдануды қажет етеді. Ол қысқыштардың оң солы бірдей, байонетке ұқсас, бірақ одан айырмашылығы жақтары жалпақ және түйіспейді.
Үстіңгі жақтың бұдыры сынып кетпес үшін сол қолдың 1-2 саусақтарымен альвеола өскінін ұстап тұру керек.
Төменгі күрек тістерді жұлу. Төменгі күрек тістердің түбірлері біреу, бүйірлері сығыңқы, альвеоланың сырт қабырғасы жұқа. Оларды жұлу үшін құстұмсық, сауытты, жақтары жұмыр, бойлай иілген (иогнутые по ребру) қысқыштар қолданылады. Сауыттары мен түбірлері жіңішке болғандықтан қысқыш жақтары олардан жіңішкерек болуы керек. Олай болмаса көрші тістерді босатып алуымыз әбден мүмкін. Қысқыш жақтарының бірі тістің тіл, екіншісі кіреберіс жағына салынады. Ротация жасауға болмайды, алғашқы люксация сыртқа қарай жасалады. Ротация кезінде қысқышпен көрші тісті босатып немесе жұлынатын тіс түбірін сындырып алуымыз мүмкін. Ұясынан жұлып алған кезде абай болған жөн. Орынсыз, дөрекі қимыл үстіңгі күрек тістердің сауытын сындыруы мүмкін.
Төменгі сүйір тістерді жұлу. Төменгі сүйір тістің ұзын, жуан түбірі бар. Оның қабырғсаы жұқа. Бұл тісті жұлу күрек тіс сияқты, тек қысқыштың жағы жалпақ болуы керек. Люксация сыртқа қарай басталады, ұядан шығарар кезде біршама ротация жасауға болады.
Төменгі кіші азу тістерді жұлу. Төменгі премолярлардың түбірлері біреу, бүйірлері сығыңқы. Ұясының қабырғалары қалың болғандықтан, қысқышты салу, жылжыту қиындау. Бұл тістерді жұлу үшін күрек тістер мен сүйір тістерді жұлатын қысқаштар қолданылады. Люксация сыртқа қарай басталады. Премолярлардың ұяда мықты тұрғанын ескеріп, көрші тістерді жаралап алмау жолдарын еске сақтау керек.
Төменгі үлкен азу тістерді жұлу. Төменгі молярлардың медиальды, дистальды орналасқан екі түбірі болады. Кәде үш түбірлі. Үшінші түбір дистальды түбірдің тіл, ұрт түбірлеріне бөлінуінен 7-8 –ші тістердің түбірлері бірігіп кетуі, 8-ші тістің түбірінің ұшы жуан болып келуі ықтимал. 6-шы тістің альвеола қабырғасының екі жағы бірдей, ал 7-8-ші тістердің сыртқы қабырғасы қалың. Демек, 6-шы тісті жұлғанда люксация сыртқа қарай, 7-8 ші тістерді жұлғанда ішке қарай басталады, тіс те ұясынан сол бағытқа қарай шығады. 8-ші тістің күрделі орналасуы, толық өсіп шықпауы т.б. ерекшеліктері рентген суретін қажет етеді. Төменгі моляр тістерді жұлуға құстұмсық, сауыт қысқыштарының екі түрі де қолданылады. Сапты бойлай, қырына қарай иілген қысқыштар жақтарында қылқандары бар. Қылқандар тіс сауытын орай айналып түбірлер бифуркациясына кіріп қысқышты нық ұстайды.
8-ші тісті жұлуға сапты бойлай иілген қысқыш жарамайды, себебі езі мен ұрт кедергі жасайды. Қырынан иілген қысқыштармен барлық төменгі молярларды жұлуға болады, 6-7-ші тістерді сапты бойлай иілген қысқыштармен жұлған ыңғайлы. Горизонталь қысқыш жұлынатын, одан бері орналасқан тістерді жауып, көзден таса қылады, тісті ырғау кезінде де қолайсыздық туғызады. Бұл қысқыш негізінен науқастың жағы қарысып, аузы ашылмай қалғанда таптырмайтын құрал. 8-ші тісті жұлу кейде әдеуір қиындық туғызады. Оны ырғап,босату үшін элеваторлар қолданылады. 8-ші тісті жұлу жайлы толығырақ «тіс жару аурулары» деген тақырыпта айтылады. Кейде тіс пен түбірлерді жұлғанда белгіленген ережелерден ауытқуға тура келеді. Мысалы: түбірді бүтін қалған қырын ұстай ырғап мұжылған жағына қарай босату, тістің қай тұсқа қарай оңай босайтынын есепке алу. Тіс сауыты сынған кезде сауыт қысқашының орнына, түбір қысқышын қолдану. Бұл ерекшеліктерді игеру, қолдану үшін, мұқияттық қажет.
Түбірлерді жұлу. Тістерге қарағанда, түбірлерді жұлу қиындау. Себебі қысқыш жақтарымен түбірді сыға ұстау оңайға түспейді. Моляр түбірлерін жұлу үшін оларды бормен ажыратып, элеватормен ырғау қажет.
Жалпы алғанда түбірді жұлмас бұрын, оның беріктігіне түбір далдасына, альвеола қалыңдығына, көрші тістер жайлы мәліметтерге баса назар аудару, қажет болса рентген суретін жасау керек.
Түбірлерді қысқашпен жұлу. Үстіңгі түбірлерді жұлу үшін байонет, түйісетін қысқыштар қажет. Бұл қысқыштар әмбебап деп те аталады, себебі жақтары саптарынан едәуір алшақ орналасқан. Бұларды моляр тістерге қарай апару оңай, жақтарын терең бойлата жылжытуға тіпті түбір ұясына кіргізуге де болады. Байыптап қолданса байонет (универсал) қысқыштар төменгі 8-ші тістерді жұлуға да жарайды. Моляр түбірлерін жұлғанда қысқыш жақтарын салады. Егер түбірлер бір-бірімен берік орналасқан болса, олар бірге жұлынады. Сынып кеткен жағдайда жеке дара жұлынады. Түбірлер бөлек болса, таңдай түбірін ротация жасап жұлады. Содан соң қысқыштың бір жағын босаған таңдай түбірдің ұясына жылжытып, екінші жағын қалған ұрт түбірлерінің біріне салады. Қысқышты түбірге салғанда ол сүйектен сырғанап, сыға ұстау мүмкін болмаса, онда түбірлерді бормен ажыратып, жекелеп жұлады. Түбірлерді шар, фиссур борлармен ажыратады. Борды түбір далдасына дейін бойлатып әрлі-берлі айналдыра отырып бойлатып жұлып алады. Қалған түбірлерді байонет қысқашпен жекелеп жұлады.
8-ші тістің түбірлері бір-бірімен жапсарлас келеді, сондықтан оны байонет қысқышпен жұлып алу онша қиын емес.
Төменгі түбірлерді жұлуға жақтары түйісетін, сапты бойлай иілген, құстұмсық қысқыштар жарайды. Бұл аспаптарды 8-ші тістің түбірлеріне салуға мүмкін болмағандықтан (себебі бұрын айтылған) элеваторларды қолданады.
Қысқыш жақтары түбірдің ішкі, сыртқы беттерінде салынады. Моляр түбірлерін жұлғанда қысқышты жұлынуға оңай түбірге салады. Бифуркация мықты болса екі түбір бірге жұлынады, осал болса бөлініп шығады. Екінші түбір соңынан жұлынады.
Егер қысқышты түбірге салу қиын, бифуркация мықты болса, онда түбірлерді бормен ажыратады. Жеке түбірлер қысқыш, элеваторлармен жұлынып алынады.
|
13-сурет. тік элеватормен жоғарғы жақ тіс түбірін шығару.
13- асурет. Бормашинамен тіс түбірлерін бір-бірінен ажыратып бөліп алу.
|
Тіс пен түбірді элеватормен жұлу (13, 13 а сурет). Тіс пен түбірге қысқыш салу мүмкіндігі жоқ болса тік, бұрыш элеваторларды қолданамыз.
Элеватордың сабы, қасықша тәрізді жұмысшы бөлігі және оларды жалғастырып тұрған орта бөліктен тұрады.
Тік элеватрдың жұмысшы бөлігі науа тәрізді. Онымен үстіңгі жақтың түбірлерін, төменгі 8-ші тісті жұлады.
Найза тәрізді элеватордың сабы орта бөлігіне көлденең бекітілген. Жұмысшы бөлігі сүңгі сияқты үшкірленіп барып бітеді. Жұмысшы бөлігінің бір беті тегіс екінші беті жұмыр. Найза тәрізді жұмысшы бөлігі орта бөлігіне паралелль тұрады.
Леклюз элеваторы төменгі үшінші моляр тістерді, соңғы тістерді жұлуға қолданылады.
Бұрыш (бүйір) элеватрдың құрылысы тік элеватор сияқты, айырмашылығы, жұмысшы бөлігі орта бөлігімен 90-120° бұрыш құрап қасықша тәрізді, үшкірленіп барып бітеді. Бұл элеватрдың оң (өзіне), сол (өзінен) екі түрі бар. Элеватрдың қасқша беті жұлынатын тіске қарап салынады. Бұл аспаппен төменгі жақтың тіс, түбірлерін жұлады.
Тік, найза элеватордың сабын оң қолмен ұстағанда 2 саусақты оның орта бөлігінен асыра қасықша бетіне жапсыра ұстайды. Сонда сұқ саусақ аспаптың тайып кетуінен сақтайды.
Элеваторды периодонт саңылауына кіргізу үшін оңды-солды қозғап түбірді ұяның қарсы бетіне қарай ығыстырып барып шығарады. Элеватордың қасықша бетінде өте үлкен иін күші пайда болады. Ол тек жұлынатын түбір емес, тіреп тұрған көрші тісті де орнынан босатуы мүмкін. Соны ескеріп, сол қолдың саусақтарымен тіреп тісті ұстап тұру керек.
Қатардан тыс тұрған тістерді де осылайша жұлады.
Жалпы элеваторды қолданбас бұрын оның ұшын кіргізетін орнын, тірек болатын тіс жағдайын жете бағалау керек.
Бұрыш элеваторды да оң қолмен ұстап сұқ саусақты оның қасықша бөлігіне жақын ұстап, сол қолдың бас бармағымен оның қасықша тұсынан басып тереңдете ендіреміз де оң қолмен элеватор сабын қапсыра ұстап өз өсінің бойында айналдырады. Нәтижеде оның қасықшасы түбірді ұядан ығыстырып шығарады.
Егер элеватор қасықшасы төменгі моляр түбірінің босаған ұясына кіргізілген болса, оның ойық жағы жұлынатын түбірге қарай бағытталады. Ұясының қабырғасы мен көрші тіске сүйеніп элеваторды айналдыра бұрғанда алғаш түбір далдасы, соңынан екінші түбір де жұлына шығады.
Есте сақатйтын жәйт, кез келген элеватормен жұмыс істегенде оның сабы ұрт жақта тұрады. Оны ешқашан ауыз қуысының ішінен, қарсы жақтан салып қолдануға болмайды. Бұл кезде аспаптың тайып кетуі, айналасындағы жұмсақ тіндерге қадалып қалу қаупі бар.
Тереңде қалған түбір сынықтарын жұлу. Толық немесе жартылай ретенциялы тістерді, сынып қалған түбірдің ұштарын жұлуға қысқыштар жарамайды, тіпті элеваторлармен же жұлу оңайға түспейді. Мұндай кезде атипик элеваторлармен де жұлу оңайға түспейді. Мұндай кезде атипик операциялар керек; кесу мен қашау.
Ретенциялы тістер үшін бұл операциялар қалыпты жағдай. Оларды белгіленген операция күнінде жасайды. Оған дәрігер мен мейіркеш мұқият дайындалады. Операция жергілікті анестезия немесе наркоз арқылы жасалады.
Кесу мен қашау операциясы. Тіс ұясының босаған тұсынан ретенциялы тістердің сауытына жақын тұстап трапеция немесе ойық тәрізді етіп тінді, сүйек қабығын сүйекке дейін кеседі. Кесілген кілегей мен сүйек қабығының құрағы көрші тістердің тұсына дейін қамтитын үлкен болғаны дұрыс. Себебі сүйек тесіп, қашап, оятын алаңқай жаңағы құрақтың ортасында орналасады. Құрақтың табаны көшпелі қатпарға бағытталады, сонда одан келген қан тамырлары арқылы қоректенуі сақталады.
Хирургтің көмекшісі ілгекпен құрақты ығыстырып ұстап тұрады. Домалақ бормен түбірдің немесе ретенциялы тістің тұсынан бірнеше тесік жасалады. Фиссур бор арқылы ол тесіктер арасы біріктіріледі. Сонан соң сүйекті элеватормен алып тастайды. Аршылған тіс пен түбірді элеватормен босатып орнынан шығарады. Түбірдің ұшын тегістегіш, тіс тастарын алатын ілгекпен немесе жіңішке қашаумен алуға болады.
Ретенциялы тістің сауытын бормен аршыған соң оған байонет қысқыш салып белгілі қимылдар арқылы жұлуға болады.
Тіс пен түбір ұяларынан өткір кюретаж қасықшасымен грануляциялар, фолликул қабығы қырып алынады. Сүйек ұнтақтарын антисептик ерітіндісімен жуып шығарады.
Кейбір мамандар сүйек жарақатына антибиотик, сульфаниламид дәрілер мен сүйек ұнтағымен толтыруды ұсынады. әрине, жарақат үлкен болса олай етуге де болады, бірақ көбінесе сүйектің өткір қырларын тегіс теп, құрақты орнына келтіріп кетгутпен тігіп қойса, жарақатқа қан ұйысып, жара жазылып кетеді.
Кейбіреулердің айтуынша, қашау мен болғаны қолданып сүйекті ойып алуға болады. Оларды қолданудың науқасқа қалай әсер етері белгілі. Оның үстіне балғамен соққылап, қашаумен ойып жарақатты ұлғайтып алуға болады. Сондықтан, оларды бормашина жоқ кезде ғана, онда да асқан ептілікпен қолдану керек. Науқасқа жағдайды түсіндіріп, қашауды өткірлеп, балғаны байқап соғып, сүйекті кішкене бөлшектеп алу қажет.
Төменгі моляр тістердің түбірін жұлғанда жақ өзегінің, ал үстіңгі тістерді жұлғанды гаймор, мұрын қуысының жақын екендігін есте сақтаған абзал.
Тіс жұлған соң жараны өңдеу, күтім
Тіс жұлу кезінде тіс, түбір т.б. алынған заттар табақшаға жиналуы керек. Операциядан соң жиналған заттарды зерттеп, егер гранулема қалып қойса оны кюретаж қасықшасымен тазалайды. Түбір, сүйек сынықтарын да ұядан шығарады.
Тісті ырғағанда орнынан сырғаған ұя қырларын, саусақпен немесе тампонмен басып орнына келтіреді. Сүйек пен далданың үшкір қырларын қысқыштармен тістеп тегістейді. Дөңгелек сіңір де қалыпты жайына жақындайды.
Қиын жұлынған тіс, қатарынан жұлынған тістер орынына кетгут жіптер салынады. Кілегей қырлары бір-біріне жақындаса да жеткілікті, олар сүйекке жабысып, ұядағы ұйысқан қанды ұстап қалады. Ауызды шаю керек емес. Сонан соң стерилді тампонды ұя үстіне қойып 10 – 15 минуттай ұстау керек.
Қан тамырларының тарылып, тромбпен бітеліп қалуынан кейде ұя бос қалады. Бұл дұрыс емес, себебі бос ұяға сілекей, тамақ қалдығы кіріп оның қабынуына себеп болады. Бұл кезде хирургиялық қасықшасымен ұя қырларын, түбін қырып, майда тромбтарды алып, науқастың басын төмен салбыратып ұяға қан толтыру жолын қарастырады.
Тіс жұлдырған күні ыстық, қатты тамақ ішуге, ауыр жұмыс істеуге ыстық суға түсуге, ішкілік ішуге болмайды. Бұлар ұядағы ұйысқан қанды шайып, қан тамырларын кеңейтіп ұядан тоқтамай қан ағуына себеп болады. Тамақ жылы жұмсақ болғаны жөн.
Ертеңінде тамақтан соң ғана жайлап ауыз шаюға болады. Тіс жұлдырған соң бірнеше сағат 1 – 2 күн бойы ұя орнында ауырсынған сезім бірте-бірте азайып барып жоғалады. Осы мерзім ішінде шыққан қан аралас түкірік бастапқы түсіне қайта оралады.
Периодонт пен жақ сүйектегі жедел ағымды қабыну процесі болса, жараны тігу мен ұяны кюретаж жасауға болмайды. Кескен жерден, тіс ұясынан ірің шықса ауызды антисептик ерітінділерімен шаю керек. Тіс ұясынан қан тыйылмаса, 1 – 2 күн ішінде тіс орнының ауырғаны қоймаса, тіпті күшейіп кетсе, кейінге қалдырмай дәрігерге қаралу қажет.
Тіс ұясының жазылуы
Тіс ұясы ұйысқан қанмен бітіледі. А.Е.Верлоцкийдің итке жасаған тәжірибесі бойынша, ұя түбі мен бүйірлерінен ұядағы тромбқа қарай грануляция тіні өсіп 7 – 8 күн ішінде кілегей қабықтан өскен эпителий тромбты түгел жабады. Ол 12 – 14 күннен соң бекиді, үш аптадан соң барып қалыпты жағдайға келеді. 7 – 8 күннен бастап ұя түбіндегі грануляция остеоид тіндермен алмаса бастайды. Жараланған өткір сүйек қырлары да ыдырайды. 4 аптадан соң ұяда сүйек нұсқасы пайда болды. 2 – 3 ай өткен соң ұядағы остеоид тін мен оның айналысында айырмашылық негізінен жоғалады, альвеола қыры 1/3 биіктігіне отырады, айналасы жұмырланады. Ал 6-ай өткен соң ұядағы сүйек жақ сүйегімен бірдей болып қалыптасады.
Адамда бұл аталған жайлар біршама баяу болады. Ұяда қалған түбір сүйекке де сіңбейді, ылғыстырылып та шығарылмайды. Созылмалы қабыну процесі тоқтамай жалғаса береді. Ұя жазылып бітелгенімен қызыл иекте жыланкөз пайда болып, қабыну оқтын-оқтын асқынып тұрады.
Тіс пен тіс түбірлерін жұлу кезінде және жұлынғаннан
кейін болатын асқынулар
Тісті жұлу кезінде болатын асқынуларды жалпы және жергілікті асқынулар деп бөледі. Жалпы асқыну жағдайлары: естен тану, коллапс, шок, жұлынған тістің тампонның, ұйыған қанның, тыныс жолына өтіп кетіп кептеліп қалу нәтижесінде болатын тұншығу жатады. Олардың пайда болуына- операция алдында қорқу, құрал жабдықтардың, түкіргіштегі қанның көрінісі, дәрігердің науқасқа селқос әсер етеді.
Сонымен бірге организмнің қажуы, жүрек қан тамырларының зорығы, жұқпалы аурулар, себепші болуы мүмкін. Жансыздандырудың толық әсер етпеуі, науқастың ауруды сезінуі тыныс және жүрек қан тамыр орталықтарының жұмысына әсер етіп оларды әлсіретеді.
Жалпы асқыну
Естен тану. Олардың нерв жүйесінде жеке ми қыртыстарында қан келмеуі нәтижесінде ауру адам есінен танады. Мүндай кезде әлсіздік, құлағы шуылдап, көз қарауытып, басы айналуы, аяқ-қолы мұздауы мүмкін. Естен тану кезінде денеден суық тер шығып, көз қарашықтары кеңейеді. Ауру адамының денесі босап, қолдары төмен салбырап түсіп кетеді. Тамыр сияқты жиілеп әлсірейді. Мұндай жағдайда науқас бірнеше минуттан соң қалпына келеді.
Алғашқы әрекеттер мидың қан айналымын жақсартуға бағытталуы тиіс. Операция жедел тоқтатылып, аурудың басын тізесінен төмен қарай еңкейту немесе креслоның сүйенігін төмен түсіріп оның денесін көлденең күйге келтіру қажет.
Терезелерді ашып, түймелерін, белбеуін ағытып, тыныс алуды қиындататын кедергілерді жояды. Тыныс алу орталығын қоздыру үшін мұрынға мүсәтір спиртімен ылғалданған мақта иіскетеді. Бұл іс-әрекеттер жеткілікті нәтиже бермеген жағдайда тері астына 1 мл 10% кофеин ерітіндісі, кордиамин, коразол егіледі, оттегімен тыныс алдырады. Лобелиннің немесе 1% цититонның 1 мл егіледі. Аурудың аяқтары бас деңгейінен жоғары көтеріледі.
Есі танған аурудың жағдайы жақсарған соң, операцияны жалғастыруға болады. Мұндай жағдайды болдырмауы үшін, алдын ала сақтық шараларын қолдану қажет.
Коллапс. Тіс жүлу кезінде ауру жағдайының қиындауының ауыр түрлерінің бірі болып есептеледі. Бұл жағдай жүрек қан тамырлары жұмыстарының әлсіреуі нәтижесінде шығады.
Коллапстың негізгі себептері – үлкен жарақат және аурудың қансырауы. Науқастың бет-аузы бозарып, аяқ-қолы мұздап, қан қысымы төмендейді, басы айналып көру қабілеті нашарлайды. Тыныс алуы әлсіреп жиіледі. Емдеудің негізгі мақсаты қансырауды тоқтатуға, қан қысымын қалпына келтіруге бағытталады, операцияны тоқтатып, жарақатты тампонмен жуып, ауруды көлденең жатқызады. Тері астына жүрекке әсер ететін дәрілер салынады. Аяққа ыстық су құйылған резеңке қыздырғыш қояды.
Шок. Тіс жұлу кезінде ауруда шоқ дамуы өте сирек кездеседі. Кей жағдайларда операциядан соң болуы мүмкін.
Шоққа алып келетін жағдайлар – естен тану, коллапстағыдай. Негізгі себептері: ұзақ уақытқа созылған операция, көп мөлшерде қан жоғалту, жансыздандырудың жеткілікті дәрежеде болмауы.
Бұл жағдай өмірлік маңызы зор дене мүшелері қызметінің нашарлауына әкеліп соғады және орталық нерв жүйесінің шамадан тыс әлсіреуінің нәтижесінде болады. Алғашында қозу, оның артынан іле сала тежелу процесі жүреді. Ауру адам айналасын қатыссыз қарайды, ақыл есі жайында, тері қабаты көгеріп-бозарған, көз қарашығы кеңейіп, қан қысымы төмендеп, тамыр соғысы әлсірейді. Үстірт тыныс алып, көз алмасы үңірейіп қозғалыссыз болады. Дене қызуы төмендейді. Шоқ жағдайында емдеу – физиологиялық ерітінді, глюкоза, морфин егу, қан құю, ысытқыштармен ысыту, оттегі мен көмір қышқылының 3-5% қоспасымен тыныс алдыру.
Қанды шоққа қарсы бағытталған сұйықтармен кезектестіріп құю қажет. Полинглюкин немес поливинил, пирамидон қабылдаған да пайдалы.
Алдын алу шаралары қансыратпау, жеткілікті дәрежеде жансыздандыру, операцияның алдында премедикация жасау.
Тыныс алудың бұзылуы. Тыныс жолдарынан – жұлынған тістің, тампонның немес ұйыған қанның түсуінің нәтижесінде, ауру тұншығуы мүмкін. Мұндай жағдайда жедел трахеостомия жасау қажет.
Егер де тыныс жолдарына жұлынған тістің жарықшақтары түссе бұл тыныс алуды шұғыл өзгертпейді. Алайда, кейін өкпенің іріңді қабынуына әкеліп соғады. Сондықтан ауруды рентгендік зерттеуден өткізу және пульмонологтың кеңесі қажет.
Тісті немесе түбірді жұлу кезінде болатын жергілікті асқынулар
Тіс жұлу кезінде, тіс саусақтарының немесе түбірдің сынуы салыстырмалы жиі кездесетін құбылыс. Бұған себеп көбінесе тіс сауытының қатты бұзылуы, түбірлердің қисық болуы немесе гиперцементоз, көп емделген тіс. Тіс жұлу әдістерін жеткілікті дәрежеде меңгермеу де, көп жағдайда оның сынуына алып келеді. Мысалы, қысқыштың ұрттарын терең енгізбеу, жақсы қысып ұстамау, дөрекі қозғалыстармен босаңсыту (қозғалту) немесе бұрау. Мұндай асқынуларда операцияны элеваторды қолдануымен немесе түбірлерді бормен кесіп алумен аяқтайды. Мұндай жағдайды болдырмау үшін, тіс жұлу әдісін дұрыс таңдап алу жіне оны дұрыс өткізу керек.
Достарыңызбен бөлісу: |