Стр. 72 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 71
Стр. 73
Қазақстанның ашық кітапханасы
72
бірі аузыма түспей отыр. Әлде, капитан алдында барлық жауынгер осылай бола ма, әлде
Шегеннің жаңа түріне лайық жаңа бірдемелер іздеп, таба алмай отырмын ба, әйтеуір, дәт
деп тұрып қалдым.
Адам жайын аңдауға Шеген өте терең болатын. Ар жақ бер жағымды түгел көріп
отырғандай көрем.
—
Шеген аға, ауылдан бәлендей хат бар...— дер едім, ол біздің ауылдан еш нәрсе
білмейді. Әскерлік жайымнан сөз бастар ем, бүгін бірінші рет самолеттен секіріп
түскенімді өзі көрді... Темекі іздеп, қалтаңа қолыңды қайта-қайта салғанмен түк ілікпейтін
бір кезің болады ғой, менің хәлім тап сондай еді. Көзім тұрақтай алмай, қипақтап, құр
жымия бергенім де сондықтан.
—
Екі жыл шекарада болдым...— деп әскерлік өмірімді айта бастап ем, оның ішіндегі
түйіні мен түйірін хат арқылы талай жазғаным есіме түсті. Жазбағандарымды айтып қарап
ем, бұдырсыз сұйықтау жағы ғана қалған екен.
Қашанғы әдеті бойынша, мені қысылыстан алып шыққысы келіп, Шеген азғана тамағын
қырып, көзін маған тура қадады. Мен мағынасыз жымисам, ол өз ойын жасырмай
күлімдей қарап:
—
Қысылма, Костя... Сенің сөз таба алмағандай болып отырғаның екеуміздің де өсіп
кеткендігімізді көрсетеді. Өскен шағымызға лайық әңгіме қоры әлі жиналған жоқ,
бұрынғы ортақ сырларымыздың бәрі де балалық шақтікі... Сені бөгеп отырған осы емес
пе?— деді.
Арамыздағы жұқа шымылдық ашылғандай мен де Шегеннің жүзіне тура қарап:
—
Тап осы, Шеген аға! Аузыма түк түспей қойды,— деп шынымды айттым.
Шеген енді күлімдеуін де қойып:
—
Бірақ сенің әскер қатарына алынғалы не істеп, не қойғаныңмен бірге, ендігі бет
алысың немене? Ойланып, өлшеп алған бетің қайсы? Адымың қалай? Мен соның бәрін де
білгім келеді. Ертең демалыс қой, кеңірек отырып сөйлесерміз. Самолеттен бірінші
секіргенің үшін ертең қалаға барып қайтармыз. Қыдырармыз театрға барармыз. Курс
командирінен рұқсатыңды да ала келдім. Міне,— деп маған ертеңгі сағат тоғыздан түнгі
сағат он екіге дейін берілген рұқсат қағазды ұсынды.
Екеуіміз далаға шығып, қақпа алдында тұрған машинаға қарай беттедік. Шеген сол қолын
менің иығыма салып, орай құшақтап келеді. Бала кезімде бұлай құшақтағанда жылынып
кеткендей болып, өзім де тығыла түсуші ем. Енді ұялып келе жатқандаймын. Шегенде де
баяғы қыса құшақтау жоқ, ағаның арқадан қаққаны сияқты.
—
Мен сенің қалай секіргеніңді түгел бақыладым,— деді Шеген.
—
Әйтеуір алғыс алғандардың ішінде жүрмін,— дедім, мақтанышымды жасыра
алмай, одан гөрі көтере айтуға да ұялып.
—
Егер жау жеріне барғанда осылай секіретін болсаң, жерге тірі түсе алмайсың,
Костя! — деді Шеген.
—
Неге?
Достарыңызбен бөлісу: |