Стр. 101 - Ғ. Мүсірепов Қазақ солдаты
Упрощенная HTML-версия
К полной версии
Содержание
Стр. 100
Стр. 102
Қазақстанның ашық кітапханасы
101
—
Мына көгалға отырыңдар,— деді.
Біз де отырдық, полковник баяу ғана сөзін бастады.
—
Неміс армиясын көзімен көрмеген жауынгер, қандай жаумен кездесіп қалғанын да
дәл біле бермейді,— деп бастады полковник.— Біреу әрі ойлап, біреу бері ойлап қалады.
Жау күшті деп, өз күшіңді орынсыз төгу де зиян, жау әлсіз деп, қапы кету де зиян.
Жауымыздың қару-құралы бізден анағұрлым басым. Әскері күнбатыс елдеріне оңай тізе
бүктіріп, әлі беті қайтпай келе жатқан әскер. Әскері де, қару-құралы да шабуылға
бейімделіп әзірленген... Қару-құралының басым жағы танкы мен әуе кемелерінде. Қазір
сол қару-құралды жоятын арнаулы бөлімшелер жасап жатырмыз. Қарама-қарсы майданда
ғана емес, жаудың өз ішіне де кіріп соғысуымыз керек. Арнаулы бөлімшелер қай түрмен
болса да жаудың техникасын құртуға тиісті және... нағыз мағынасындағы барлаушылар да
солар болады,— деп, полковник бәрімізді сыдырта бір қарап өтті.
Полковник жаңа бір сөйлем қосқан сайын, әлгі айтқан арнаулы бөлімшелерінің міндеттері
де кеңейе түседі. Мұндай бөлімшелердің атын әрі ойлап, бері ойлап, ешбір уставтан таба
алмай отырмын... Бірақ полковник мұны әлдеқашаннан белгілі бір нәрседей етіп айтып
отырған соң, бізге де онша қиын-қыстау көрініп отырған жоқ. Солдат деген жұрт
командир сөзіне сеніп үйренсе ғана ойдағы жерден шығады. Ал, сендіре алу —
командирдің міндеті. Кейде командирді — әкесі, солдатты — баласы деп те айтады.
Мұның жақсы жағы — әкелік пен балалық сияқты, мәңгілік ардақты сезімді қозғайды.
Бірақ әке бола білу де қиын, бала бола білу де оңай емес. Полковник Орехов осы аңғарды
байқап сөйлеп отыр. Артық уәде, айғай ерлікті тілемей, барлық жайды бар салмағымен
алдымызға тегіс жайып салды да, бәрімізге ортақ міндеттерді айтты.
Әлі біз солдат болып та жетілгеніміз жоқ. Сондықтан мынау бір бейбіт жиналыс, аздан
кейін полковник «қане, кім сөйлейді?» деп сұрайтындай, я болмаса, «қарсыларың жоқ
па?» дейтіндей көрініп кетіп отыр. Бірақ полковник оны сұраған жоқ:
—
Бірінші бөлімшенің командирі етіп, ысылған, сыналған жолдас, сержант Боринды
тағайындаймын,— деді. Бүкіл бір взвод болып, ысылған командирді көруге айнала
қарасып қалдық. Өзіміздің арамыздан күнге күйген күрең жүзді, шегір көзді жас жігіт тұра
келді. Ығыспай, жасқанбай тез тұрды. Бірақ көзінде «жаңағы айтқан сыналған, ысылған
командир дегеніңіз мен боламын ба?» деген сұрау да тұр еді. Полковник оған
«отырыңыз»,— деді.
—
Екінші бөлімшенің командирі етіп, асқан барлаушы, ескі шекараның ескі
қызметкері, аға сержант Сарталиевті тағайындаймын,— деді полковник.
Мен бе, басқа біреу ме деп мен таңырқап қалдым. Сарталиев деген татар да, өзбек те
болуы мүмкін. Оның үстіне, мен әлі аға сержант емеспін. Полковник аға сержант дегенді
жаңылысқан адамша айтқан жоқ, сенімді айтты. Бірақ дивизиядағы барлық сержант пен
аға сержантқа дейін біле беру қиын да нәрсе... Сондықтан мен тіпті ыңғайсыз халге түсіп
қалмайын деп, орыннан жылжып отыру мен тұра берудің арасындағы бір дүдамал
қозғалысты жасадым...
—
Отыра беріңіз, жолдас аға сержант, отыра беріңіз,— деді полковник маған тура
қарап. Аталған менің атым екеніне енді ғана көзім жетіп, орнымнан атып тұрдым.
—
Ал, жолдас Ревякин, буларға тым болмаса бір-бір комсомол ұйымдастырушысын
бер,— деді полковник жалынғандай, жымия сөйлеп.— Бәрі де жас жігіттер, онсыз көңілсіз
болар...
Достарыңызбен бөлісу: |