Т. Сапаров Қазақ шығысының Өзен – КӨл атаулары


Антропогендік әрекеттердің топонимдердегі көрінісі



бет9/19
Дата25.02.2016
өлшемі12.31 Mb.
#19338
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19

3.3 Антропогендік әрекеттердің топонимдердегі көрінісі

Шығыс Қазақстан облысының Усть Нарым кентінің маңынан неолит дәуірінде адамдардың егіншілікте пайдаланған орақ, кетпен, дән үккіш т.б. заттар табылды. Бұл тарихи археологиялық мәліметтер аумақтағы егіншіліктің ертеден дамығанын аңғартады. Шаруашылықтың әрқилы салалары ұштасқан аудандарда күрделі топонимиялық жүйе қалыптасқаны белгілі. Сондықтан аумақтағы адамдардың шаруашылық игеруіне байланысты қалыптасқан гидронимдік нысандар топонимдік жүйенің өзіндік қырларын ашуға көмектеседі. Қазақтар жер өңдеуге судың көзін таяз өзендерден, томалардан, таудан ағатын бұлақтардан және Ертіс, Көкпекті, Аягөз, Еміл, Қатынсу Үржар, Үлкен Бөкен, Қарабұға, Базар, Ащысу, Күршім, Қалжыр, Ұлан, Шаған, Шар сияқты өзендерден алған. Осы су көздерінің ерекшеліктеріне байланысты әрқайсысының өзіндік атаулары болған және осы өзендердің бұлақтардың немесе меншік иесі адам, ру атымен де атаған. Сонымен қатар шағын бұлақтар мен өзендерді көбінесе каналдарға бұрып, арнаның суын қамтамасыз еткен. Оңтүстік өңірлерде (Шымкент уезінде) қазақтардың ежелден жер өңдеумен айналысқаны жөнінде В. И. Захарованың еңбектерінен байқауға болады. Оны негіздейтін деректер К. М. Байпақовтың Сауран аймағында (XYI ғ.) жүргізген археологиялық зерттеулер дәлелдейді. Суландырудың кәріз жүйесі осы аймақта бір бірімен жер асты арқылы жалғасқан 250 құдықтан тұратын үлкен құрылым болған. Оңтүстік Қазақстан облысы аймағында кездесетін арықтарға (атыз, алыс, тоған, жүйек) және каналдарға (теспе, қашыртқы) т.б. терминге О.Нақысбеков арнайы лингвистикалық тұрғыдан зертеулер жүргізген. Сондықтан оңтүстік өңірлерде шаруашылық, егіншілікке байланысты атаулар көптеп кездеседі. Ғалым арықтардың бірнеше түрін атап өткен. Суармалы егіншілік нашар дамыған Қазақстанның басқа аудандарында арықтарды түріне қарай бөлмей, барлығын арық дейді. Жалпы алғанда, су шаруашылығына қатысты терминдердің басым көпшілігінің түркілік болып келуінің өзі түркі халықтарына көшпенділікпен қатар, отырықшы мәдениеттің де тән болатындығын дәлелдейді.

XIX ғасырдың басында Қалба өңірінде егіншілікпен айналысу өріс алды. Егіншілікпен әуелі қазақтардың ең кедей бөлігі айналысқан. Бұған ең алдымен жер тапшылығынан туындаған жайылымсыз мал шаруашылығы себеп болды. Бұл өңірде егіншілік едәуір дәрежеде орыс қоныс аударушыларының ықпалымен дамыды. XIX ғасырдың екінші жартысында қазақтардың дәулетті бөлігі де егіншілікпен шұғылданған. Негізінен егін көлдер мен өзендердің жағалауларында салынып, қолмен суарылды. Шығырқұдық, Қолқауғамен құдықтан су алынып арықтарға құйылды. Сонымен қатар, өзендерден бұрып алынған тоған, арықтардың маңыздылығы жоғары болды. Бұл жөнінде А.Влангали: Қазақтар осы қолдан суарудың арқасында егіннен мол өнім жинайды деп атап көрсеткен. Арық тоғандар Шар өзенінің салалары Былқылдақ, Кеңтарлау, Жанама, Қаным,Бөке, Жіңішке, Жарма (жырма),Жайма, Қорғанбай, өзендерінің бойында болғанын дәлелдейтін деректер Ф.Н.Шербинаның еңбектерінде қарастырылды. Біздің зерттеулерімізде тек Өскемен уезі бойынша 150 ден астам арық, тоған атаулары анықталды (А қосымша).

Жайсаң уезінде Астауша, Науалы, Тастоған, Шотантоған, Қарашолақтоған, Төретоған, Ермектоған, ал, Семей уезі бойынша жалғыз Сарбастоған (Шыңғыс болысы) атауларын кездестірдік. Тарбағатай алды жазықтарында қазақтардың суармалы егін шаруашылығы дамығанын П. П. Румянцевтың еңбектерінен кездестіруге болады. Егін шаруашылығының ежелден болғандығын Тасарық, Егінсу, Науалы сияқты жер аттары дәлелдейді. Сонымен қатар қыстау, жайлау сияқты арық тоғандардың, меншікті сипаты болған. Біздің зерттеулерімізде XIX–XX ғ.ғ. аралығында Тарбағатай өңірінде (Үржар, Аяагөз) пайда болған 100 ге жуық арық, тоған атаулары топтастырылды.

Тарбағатай және Шыңғыстау жоталарынан бастауын алатын өзендер бойында салынған жасанды су көздерінің маңызы зор болды. Анар арығы, Баршатас, Беларық, Болатарық, Бұрғанарық (2 рет), Жан арығы, Жауғашты арық, Қоңырбұқа арығы, Совхоз арығы, Тас арық (2 рет), Тәтібай арығы, Төленгіт арығы, Қызылқайың, Қарашілік, Бірінші және Екінші Қазақстан арығы, Питьевой арығы, Ақтоған (6 рет), Қаратоған (5 рет), Бастоған, Қарабас тоғаны, Қазына тоған, Қазыналық тоған, Жаңатоған (3 рет) Қыстаубайтоған, Несіптоған, Ноғайтоған, Көктоған, Байтөбетоған, Толаттоған, Тәтібай, Жанболыс, Жаңанұр, Жаңатоған, Жайнақ, Дәулетбай, Биқожа, Баршатас, Барғана, Байел, Ақтоған, Аққұдық т.б. хорогидронимдерді анықтадық. Сонымен қатар, Абай, Жарма, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандарында қолданыста болған Жауқашты, Бастоған, Победа, Зеленовский пруд, Сарытоған, Басқарауыл арығы, Төретоған, Қоңыртоған, т.б. (21-сурет) атауларды кездестірдік. Егіншілікпен байланысты терминдер мен сөздер аумақтағы географиялық атауларда белгілі дәрежеде көрініс тапты. Егінбұлақ (12 рет), Егіндібұлақ (17 рет), Егіндік, Егінші (2 рет), Егінсу суқоймасы (Үржар), Қарақырман (2 рет), Диірмен (қыстау), Шығырлы, т.б. атаулар егіншіліктің біршама дамығаны жөнінде мол ақпарлар береді. Топонимдер құрамында «егіншілік» терминологиясының мол болуы тек өзен аңғарларында ғана емес, тау алды жазықтарында таралғанын байқадық. өзендерден бұрылған каналдарды көбінесе «бел», «бас» деп атайды. Олар негізгі немесе үлкен (бірінші) канал деген ұғымнан туған. Сонымен қатар су қоймаларыда болғанын көреміз. XX ғасырдың басы мен ортасында антропогендік әрекеттің табиғатқа түсірген қысымы біршама артты. Табиғат байлығы адамның тіршілігі және шаруашылық әрекеті үшін пайдаланылатыны белгілі. Облыстың табиғи ресурстарының мол болуы (су, пайдалы қазбалар т.б.) халықтың мұқтажын қанағаттандыруға және шаруашылықты дамытуға қолайлы жағдай тудырады. Ертіс өзені мен оның ағыны қатты салалары Бұқтырма, Үлбі, Оба, Қалжыр, Күршім энергияға өте бай сондықтан Ертістің бойында Өскемен (1952), Бұқтырма (1960), Шүлбі (1987) су электр станциялары (СЭС) салынды. Сол сияқты Кіші Үлбі, Тихая, Үйдене өзендерінің бойында су электр стансалары бар.

Бұқтырма – Қазақстандағы ең ірі бөген. Ертіс өзенінің бойында су бөгені 1960–1967 ж.ж. аралығында салынды. Су айдынының ауданы – 5940 км2, ұзындығы – 600 км, ені – 40 км, терең жері – 80 м, суының көлемі – 49,6 км3. Бөгеннің құрамына Қара Ертіс өзені, Жайсаң көлі, Ертістің бір бөлігі (Серебрянск қ. дейін) және Бұқтырма мен Нарын өзенінің төменгі ағысы кіреді. Аумақтарда, сонымен қатар, Өскемен, Шүлбі бөгендері де бар.

Ертіс өзенінің ағыны реттеліп, су қоймалары салынғаннан кейін, кеме қатынасы қалыптасқан. Өзен, су қоймалары арқылы жол қатынасы мен жүк тасымалы біршама артты. Сондықтан адамның шаруашылық әрекеті гидронимдерде де көрініс тапты. Өзен бойында айлақ, кемежай, су қоймасы, су электр стансасы (СЭС), бөген, канал, лиман, т.б. антропогендік негізде қалыптасқан гидронимиялық терминдерді атауға болады. Мысалы Аблайкит, Оба, Бұқтырма, Хайрузовка, Песчанка айлақтары, Быструшин, Каменское, Үлбі, Могильское, Өскемен, Первомайское, Үйдене, Егінсу, Шар т.б. су қоймалары, Тишин, Сол және Он Жаңатоған, Победа каналдары т.б. Лимандық (көлтабандап) суару қар суымен, тасқын суымен, т.б. сулармен көктемде бір рет мол етіп көл табандап суару ісі. Аумақта Лиман, Лиманный суару стансалары, Опытное поле (2 рет) атаулары бар. Адамның іс әрекетінен кен өндірілетін жерлерде карьерлер пайда болды. Кен өндіру орталықтары Алтай мен Қалбада, Сарыарқада орналасқан. Бұл өңірлерде кен өндіретін кеніштер мен шахталар, карьер атаулары көптеп кездеседі. Бөке, Васильевск кеніштері Ақдіңгек кварц желісі, Магистральное, Ауыл, Колорадо, Александревская, Гористая желілері ( XX ғ. басы Қалба өңірі), Балажол – Бөке, Еспе, Бақыршық алтын, Октябрьск, Ақжал кеніштерін атауға болады. Сондықтан Қалбаны «Алтынды Қалба» деп атайды. Алтайда полиметал рудаларын өндіру кезінде Белоусов, Березов, Белогор, Ақтау, Николаев т.б. кеніштері, карьер, Беккарьер, Бабинский карьер, шахта т.б. антропогендік әрекетті негіздейтін атаулары анықталып, антропогендік әрекеттің гидронимдердегі көрінісі карта жүзінде (6-сурет) негізделіп, іске асырылды.

Пайдалы қазбаларды өндіру барысында әр түрлі аккумуляциялық, яғни үйінділердің пайда болып (террикон) немесе ашық тәсілмен өндіргенде біршама ауқымды қазынды ашық кеніштердің (көмір) қалыптасуы, инженерлік құрылыстарды, сонымен қатар елді мекендерді салу барысында аумақта тегістеу, үйінділердің пайда болуы (урбаландшафттар) жергілікті топонимдерде көрініс тапты. Ашық тау қазба орнынан кен өндіру және пайдалы қазбалардың шығарылуы кезінде түрлі үйме, үйінді, бөгет, шламды алаңдар, түрлі тау жыныстары және металлургиялық қождар үйінділері түзіледі. Үйінділер әр кезде карьерлермен, ойпандармен, орлармен, шұнқырлармен, сырғымалармен немесе жыралармен кезектесіп келеді. Бедердің бұндай жасанды түрлерін немесе пішіндерін антропогендік немесе техногенді ландшафттар дейді. Тау-кен металлургия өндірісінің дамуы қоршаған ортаның экологиялық жағдайына әсер етуі артады.

Қазақстан аумағында табиғи ландшафттарының антропогендік өзгеру ерекшелігін зерттеп, осы бағытта үлес қосып келе жатқан белгілі ғалымдардың А. В. Чигаркин, Н. Молдағұлов, К. М. Жаналеева, Г. В. Гельдыева, Т. И. Будникова еңбектерінде жан-жақты баяндалған. Антропогендік ландшафттардың өнеркәсіптік, қоныстық, көліктік модификациялары дамыған. Әсіресе, әр түрлі заттар қалдықтары шоғырланатын геожүйелердің қарқынды дамуында айтарлықтай өзгеріс байқалады.

Сондықтан осындай аймақтарда барлық антропогендік ландшафттар модификациясы кездесетін ірі табиғи техникалық жүйе дамыған. Соңғы уақытта жыртылған жерлерде эрозиялық әрекеттің артуы, батпақтану, сортаңдалу, топырақ деградациясы, шөл құбылыстары жиі байқалып, антропогендік әрекеттің кең жайылғанын бейнелейді. Бұл мәселелерді антропогендік ландшафттану, антропогендік геоморфология пәндері зерттейді. Антропогендік геоморфологияның зерттеу нысаны антропогендік (техногендік және агрогендік) бедер және үдерістер. Антропогендік бедерді зерттеудің маңызы зор. Өйткені ол адам әрекетіне байланысты және бедерді өзгеріске әкелген үдерістерді бағалауғы мүмкіндік береді. Бұл үдерістердің әрекеті мен ізін барлық жерлерде байқауға болады. Антропогендік әрекеттен жер бедер пішіндері және антропогендік шөгінділер пайда болады, табиғи үдерістердің сипаты өзгереді. Жер бетіндегі бедер пішіндерін өзгерте отырып, осы өзгертудің тиімділігін және табиғат қорғау шараларын жете зерттеу қажеттілігін ескеруіміз керек. Қорғауды қажет ететін табиғи ресурстар: өсімдік, жануарлар дүниесін, топырақ, су, ауа, жер қойнауы, жер ресурстары, яғни барлық қоршаған орта екендігі мәлім. Оның қатарына бедер де кіреді. Сондықтан осы табиғат байлықтарын қорғау және кешенді түрде тиімді пайдаланудың дұрыс жолдарын жоспарлау қажет. Сонымен шаруашылық айналымындағы жерлерде су көздерінің (табиғи және жасанды) атауларында терминдердің жиі кездесуі олардың сипатынан, пайдалану ерекшелігінен мол ақпарлар береді. Антропогендік әрекеттерді негіздейтін басқада географиялық нысан (пайдалы қазбалар) атауларының қалыптасуы шаруашылық қажеттілігінен туындаған.

3.3.1 Жасанды гидронимдік нысандардың шаруашылықтағы рөлі Қазақ халқының гидронимиялық жүйесінің дәстүрлі мал шаруашылығымен байланысты табиғи су нысандарының тек су көзі болуымен ғана емес, өзен көл, бұлақ маңындағы қоныстардың жайылымдық-шабындық пайдаланумен де түсіндіріледі. Сондықтан гидронимдердің құрамында өсімдік аттары жиі кездеседі. Табиғи су көздерімен қатар, шөлді сортаңды аудандарда кеңінен пайдаланған жасанды су көздерінің (құдықтардың түрлері) атауларында судың сапалық қасиеттері сипатталады. Су сапалығы адам мен малдың қажетіне жараумен анықталған. Қазақ тіліндегі құдық атауларында олардың сипаты «құдық», «шыңырау», «апан», «құю», «қауға», «орпа» тәрізді индикатор терминдердің қатысуымен жасалды.

Құдықтар әдетте қыстауда, жайлауда не көш жолдарында қазылатын. Ал жайлаудағы және көш жолдарындағы құдықтар қазылу уақытына байланысты еді. Жеке адамдар мен ауылдардың бірігіп жаңа қазған құдықтар солардың меншігі болып есептеледі. Өтепбайдың көкқұдығы, Тайлақбай құдығы, Майсардың қамысты құдығы, Ақбердінің ой құдығы, Төреқұдық, Шалағанның тасты құдығы, Құдыш құдығы, Қақабай, Олжайдың аққұдығы, (Абай ауд.) Айжанқанат, Байқадам, Есентай, Маман, Мәнікей, Орысқазған, Мықтыбек (Аягөз, Үржар, Тарб.,) т.б. жүздеген құдық атаулары бар. Ертістің Баянаула өңірінде де антропонимнен туындаған құдықтар: Абығай, Айбас, Әбдрахман, Әлібайқұдық, Әлімбетқұдық, Бабатай, Байсал, Байшуақ, Бижан, Ерікбайқұдық, Еспенбетқұдық, Иманбайқдық, Жақсыбек, Қалдаман, Көшен, Қожан, Қаржау, Күлшат, Құрбайқұдық, Наурызбай, Салыққұдық, Сарқызаққұдық, Салпан, Тілеубердіқұдық, Тоғызбай, Шаңғышбай, Шіркінбайқұдық, Шорманқұдық т.б. кездестірдік.

Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік батыс, оңтүстік бөлігі құрғақ дала, шөлейт, шөлді аймақтарда жатқандықтан жасанды су көздері – құдықтар маңызды рөл атқарған. Көп жағдайда белгілі бір табиғат ерекшелігінен хабар беретін немесе тарихи оқиғамен байланысты болғандықтан, бұл атаулар елді мекен атауларымен салыстырғанда тұрақты сипат алады. Зерттеу нысанына айналған аумақта 500 ден астам құдықтың болғандығын және олардың көміліп немесе жойылып кеткендігін Ф. Н. Шербинаның жүргізген зерттеулері және масштабы 1:100 000 топографиялық карталар негіздейді. Құдық атауларының жиілігін Абай, Абыралы, Аягөз, Жайсаң , Жарма, Үржар, Тарбағатай, Семей өңірінен кездестірдік. И. Я. Златкин шөлдер мен далаларда қазылған құдықтарды қазақтар қосымша суат ретінде пайдаланған. Суды табу кезінде қиыншылықтар кездесседе олар құдық қазуды өндіріс құралына айналдырған деп жазады. Сондықтан көш жолдарында қазылған құдықтар көшпелі қазақтар үшін маңызды болған. Б. А. Федорович Мойынқұм мен Шу аңғарларындағы қазақтар қыс айларында малымен қыстап қалады. Көктемде қар ерісімен Бетпақдала арқылы солтүстікке көшіп, еріген қар шұңқырларға жиналған (қақ) суларға малдарын суарған, жаз айларында бетегелі жусанды су мол далалық (Сарыарқа) жайылымдарда малын жайлаған. Күн салқындап, қар түсерде оңтүстікке қарай көшкенінде атап көрсетті.

Ш. Уәлиханов өзінің естеліктерінде жазады: Аягөз округіндегі барлық бекеттер суды Аягөз жолындағы алты құдықтан алады. Шөлді, сусыз далаларға қарағанда Аягөз жұмақ тәрізді көрінеді. Бұл жерден су тапшылығының жиі кездесетін аңғаруға болады. Құдықтар құмды алқаптар мен Маңғыстау түбегінде көптеп кездеседі. Әсіресе, жол бойына орналасқан құдықтар әртүрлі оқиғадан мол ақпарлар береді. Үстірт үстімен өтетін Ноғай жолының, Маңғыстау арқылы өтетін көне Хиуа жолында да 25–30 шақырым сайын суы ащы болсын, тұщы болсын міндетті түрде құдық кездеседі де, ал 100–150 шақырым сайын тұщы су көзі – бұлақ не құдық ұшырасып отырады. Шамасы, суаттардың бұлай орналасуы шөл түзде бір күндік жол жүргеннен кейін көлік суарып, ал үш төрт күн сайын жолға алынатын ауыз суды жаңартып отыруды көздегені есепке алынса керек.

Сондықтан табиғи суаттары жоқ шөл далаларда мал суару үшін құдықтар қазылған. Табиғи суаты жоқ жазық, шөл далалар мен құмды аймақтардың ойпаң жерлерінде көктемгі іркілген қар суы – қақ та суат есебінде пайдаланылады. Оның айғағы, Ақсуат (6 рет), Кеңсуат, Қарасуат, Құмсуат, Суат, Суатсу т.б. суат атауларын Шығыс Қазақстан аумағынан кездестірдік. Өзен көлі жоқ табиғаты құрғақ өлкеде тіршілік етіп, мал өсіру үшін қажетті суды табу үлкен күш жігерді талап еткен. Табиғатынан сезімтал адамдар жер астының қай жерінде, қандай мөлшерде суы бар екенін анықтай білген. Күн шыға басына тымағын киіп алып, жер бауырлап жатып, бір құлағын жерге төсеп тын-тыңдаған су жағдайын білген. Тіпті, сүймені лақтырып, оның ұшы қадалған жерді қазып су шығарғандар да, құдық қазылмай тұрып судың ащы, тұщылығын білген көріпкелдер де өмір сүрген. Осылайша өмір қажеттігінен құдық деген су көзі, құдықшы деген құрметті кәсіп түрі пайда болған. Маңғыстауда 1870 жылы 1133 құдық болса XX ғасырдың басында 4200 ге жеткен. Қазіргі кезде олардың көпшілігі көміліп, немесе суы жарамсыз болып отыр. Құдықтардың аттары немесе рудың өздері қазған құдықтардың атауына айналған: Қарашқашған, Мәмішқашған, Алашақазған, Жанайқазған т.б. Мәміш құдықшы Бекесбайдың құдығын (15метр) қазу үшін 200 қой алған. Жазық ойпаттарда қазылатын құдықтардың тереңдігі 2–3 метрден аспайды. Суы мол тұщы құдықтар мүмкіндігінше таспен шегенделетін де беті жабылмайтын. Құдықтар тереңдігіне қарай саяз және шыңырау болып екіге бөлінеді. Орманды дала зонасында орналасқан Қазақстанның Солтүстік шығысында құдықтың ішін қайың ағашпен, кейбір аудандарда құдық ішін таспен қалап пайдаланған. Кең қазылған саяз құдықтар суының мол боуымен бірге қол қауғамен су тарту үшін де қолайлылық жасайтын.

Қол қауға ірі малды суару әдісі орыстардың «журавец» деп аталатын суару әдісіне едәуір ұқсайды. Қол қауға ірі малдың тұтас сыпырылған бас терісінен жасалады. Дайын қауғаны 3–4 метрлік ағашқа байлап, суды тарта беред.

Топонимдер құрамында кездесетін қауға сөзі құдықтағы су мөлшері жөнінде мол мәліметтер береді. Аққауға, Басқауға, Қарақауға, Қауғабатбас, Қауғабас, Бесқауға атауларына қарағанда Мыңқауға, Өзекмыңқауға құдығында суы молырақ келеді. В.Н.Попованың зерттеулерінде Павлодар облысындағы 352 құдық атауының  337 ісі құдық, жетеуі апан, бесеуі шыңырау, үшеуі қауға терминдерінің қатысуымен жасалған.



Шыңырау – жер бетінен екі үш, кейде төрт бес метр жердегі тасқа дейін жеткізіп шегендеген, одан арғы жағын су көзіне дейін тастан ойып қазған. Тереңдігі 6-65 метрге дейін жететін құдықтар. Мұндай құдықтар Маңғыстау, Үстірт, Қызылқұмда жиі кездеседі. Біздің зерттеулерімізде Шыңырау (5 рет) (Аягөз, Абай, Семей к.ә.) Абушыңырау (Павлодар) т.б. атаулар анықталды. Апан ескі бұзылған немесе құлаған, терең емес құдықтар мағынасына сәйкес келеді. Осындай құдықтарды негіздейтін Апан (4 рет), Апанды (2 рет), Алтыапан (6 рет), Бесапан, Қараапан, Көкапан, Сарыапан (10 рет), Қоғалыапан, Үлкенапан атаулары бар. Құдық атауларында өзіне тән ландшафтық жіктелудің көрінісі байқалады (6-сурет).

Көне түркі тілінде ақ, қара сөздері түсті ғана білдіріп қоймай, белгілі мағынаға ие болған. Академик А.Н.Кононов ақ «ағу, ағын»,қара «қара жер». Е.Қойшыбаев түсті білдіретін ақ, қара, ала, жирен, көк, сары сияқты сөздердің түстен басқа өзіндік мағынаға ие екендігін дәлелдейді.

Ақбиікқұдық, Аққұдық (34 рет), Ақсорқұдық, Ақтастықұдық, Ақшиқұдық, Жалтырсары, Қара, Қараадырқұдық, Қарабие, Қарабұлаққұдық (5 рет), Қаражыра, Қарақұдық (25 рет), Қарасу, Қарасу Жартас, Қасқабұлақ құдығы, Қаратақыр, Қаратомар, Қызылағашқұдық, Қызылащы, Қызылжалқұдық, Қызылқұдық (24 рет), Сарықызқұдық, Сарыобақұдық, Сарыадырқұдық, Сарыжонқұдық, Сарықұдық, Сарышақұдық атауларындағы сары сөзі көне иран тіліндегі сар «басты», «негізгі», түркі тіліндегі сар «кең», «жапан», түркі моңғол тілінде сара «анық», «ашық», «айқын». Қазіргі қазақ тіліндегі сары сөзі топонимдерде «кең», «үлкен», «көлемді» мағынасын білдіреді.

Жер бедері, өсімдік, жайылым атауларына байланысты құдықтар көптеп кездеседі: Ақтөбе, Бестөбеқұдық, Бөлеқадырқұдық, Жырақұдық, Төбеқұдық, Жиекқұдық, Итарка, Қараадырқұдық, Қаратөбеқұдық, Қарашатқұдық, Қарашоқықұдық, Қарғалы, Қарқаралы, Кершоқықұдық, Кішітасқұдық, Қияқұдық, Қиятөбе, Қойтасқұдық, Қотыртөбе, Құм, Құмдықұдық, Мойнақ, Обалықұдық, Тасқалаған, Тастықұдық, Төбеқұдық, Шұңқырқұдық, Шақпаққұдық, «тау», «асу» аралығындағы құдық, өсімдік дүниесімен байланысты: Ақши, Бидайқұдық, Жынғылды, Жосалықұдық, Қабабетеге, Қалқаши, Қарағанды, Қарақоға, Қаратал, Қияқты, Қызылағаш, Қызылшілікбұлақ, Майлықұдық, Өлеңқұдық, Талдықұдық (3 рет), Шеңгелдіқұдық, Шиліқұдық, Шілікқұдық (9 рет) атаулары құдық маңында өсімдіктердің өсуіне қарай қойылған. Жайылымға байланысты құдықтар: Ескіқұдық, Ескіқыстауқұдық, Жайлауқұдық, Кеңтасқұдық, Қонысқұдық, Күзеуқұдық, Өрісқұдық, Тұраққұдық су нысандарының ерекшелігін бейнелейтін Айнақұдық, Батпаққұдық, Барлыөзек, Бұлаққұдық, Бұлақтықұдық, Еспеқұдық, Жырақұдық, Қайнарқұдық, Қопақұдық, Құдықтомар, Құйғанқұдық, Өзектіқұдық, дәміне, қасиетіне қарай: Ащыжаманқұдық, Ащықұдық, Балдықұдық, Жаманқұдық, Майқұдық, Қызылащықұдық, Мұзды, Тұздықұдық, Тұщықұдық, Ысықұдық. Мұзды құдық суының салқындығын, Ысықұдық қатпайтынын анықтайды.

Санға және көлеміне байланысты құдық атауларына Алтықұдық, Жалғызқұдық, Қосқұдық, оның тиімділігі, су тарту үдерісі жалғыз құдықтан су тартумен салыстырғанда екі есе жылдамдайды, Жалғызқұдық, Жетіқұдық, Қосқияқұдық, Қырыққұдық, Қоскемпірқұдық, Мыңқұдық, Тоғызқұдық, Төртқұдық. Сан есімдерінің халық ұғымында киелі сан ретінде қалыптақаны, тарихи тұрғыдан белгілі. Академик Кеңесбаев «үш», «жеті», «сегіз», «тоғыз», «қырық» сандары да тәрізді тіл тілде киелі функцияда қолданылған. Дөңгелексорқұдық, Жалпаққұдық, Ұзынқұдық, кейбір оқиға және діни тұрғыдан: Балдыалдықұдық, Қысарылғанқұдық, Майтыққанқұдық, Күйгенқұдық (2 рет), Әулиетасқұдық, Құдайкөлқұдық, жан жануарларға, басқа тілден енген құдық атауларынан: Атқұдық, Бүгелекқұдық, Қарабиеқұдық, Торпаққұдық, Баянқұдық, Қалмаққұдықты қарастыруға болады. Бұл заңдылықты құдықтардың құрғақ дала, шөлді аудандардығы су көзі ретінде орасан зор маңызымен түсіндіруге болады. Сол себепті су тапшы аумақтарда барлық құдықтарға ат қоюмен (ру адам) қатар көшпелілер олардың ландшафтық ерекшеліктерін де беруге тырысқан. Құдықтар аумақтардың көбінесе батыс, оңтүстік батыс өңірлерінде жиі кездесуі табиғи зоналарға (құрғақ дала, шөлейт, шөл) байланысты, өйткені су тапшы аймақтарда құдықтардың маңыздылығы жоғары болғаны тарихи-географиялық тұрғысынан негізделді (6-сурет).

Құдық, апан, қауға, шыңырау шаруашылығы қажеттілігіне адамдар тарапынан тікелей қазылған нысандар негізгі геоэкологиялық ақпарат көзі болып табылады.




    1. Фитонимдер топтамасы

Шығыс Қазақстан облысының жер бедері пішіндері әркелкі, жазықты келетін ландшафттары біртіндеп батыстан шығысқа қарай төбелі, шоқылы тау алды биік таулы болып алмасады. Ертіс өзені бойындағы жазықтар солтүстікке қарай ығыса Құлынды далаларымен бірге жалғасып жатыр. Жазықты және таулы болып келетін ландшафттар өзіндік жаратылысымен ерекше көзге түседі. Аумақтың үлкен бөлігін дала зонасы алып жатыр. ШҚО дала зонасының 3 тұрпаты әртүрлі – шымды, астық тұқымдасты, кәдімгі, құрғақ (оңтүстік) болып ажыратылады. Дала зонасының басты экологиялық сипаттамасы температура тиімділігінің қосындысы (орташа тәуліктік температура 100 С жоғары) болып табылады.

Аумақтық табиғат кешендерінің әркелкі болып келуі, оның географиялық орны, 3 климаттық және физикалық географиялық облыстардың шекарасында орналасуына байланысты болады. Дала зонасы қоңыржай ылғалды және қоңыржай жылы климатымен (тиімді температура қосындысының жылдық жиынтығы 1800-20000С), ылғалдану дәрежесіне сәйкес келеді. Дала зонасына Кенді және Оңтүстік Алтайдың солтүстік, батыс және оңтүстік бөліктері және Қалба жотасы сұғына еніп жатыр.




6-сурет – Антропогендік әрекеттердің гидронимдердегі көрінісі (құрастырған Қ.Т. Сапаров)

Тау алды өзен аңғарлары қара топырақты астық тұқымдас, бозды селеулі далалармен ерекшеленеді. Ылғал мол түсетін жерлерде өсімдік жамылғысы мол келеді. Қоңыржай шалғынды далалар біртіндеп бұталы және боз-бетегелі үшқат, итмұрын, тобылғы, құртқашаш, өскен далаларға ауысады. Өзен, бұлақ бойы терек, тал, шабындық шалғынды өсімдіктер өссе, тау беткейлері аралығындағы тар шатқалдар мойыл, итмұрын долана-бөрі, жидек,т.б. жемісті өсімдіктер мол. Алтай ландшафттарының биіктік белдеулері солтүстік батысында дала зонасынан басталса, Жайсаң ойысына қараған жағында шөлейт зонасы басталады. Олардың шекарасы Бұқтырма өзені арқылы өтеді. Далалық тау беткейлерінен жоғары орманды таулар (2100–2300 м), шалғынды альпілік белдеу (2500–2600м) және биік шыңдары мәңгі қар жататын белдеуге (2600 м жоғары) өтеді. Батыс Алтайда өсімдік жамылғысындағы ылғал сүйгіш мезофитті түрлері осы зоналар мен белдеулерге сәйкес келеді. Орман ландшафттары бал қарағайлы және ұсақ жапырақты кей жерлерінде самырсынды-жапырақты болып келеді. Орманды дала зонасы «Оңтүстік Алтайда аралас және жапырақты» – ормандармен ерекшеленсе, ал оңтүстік беткейлері және тау аралық қазаншұңқырларда далалық өсімдіктер басымырақ келеді.

Орман белдеуі облыс аумағының 40%-ын алып жатыр. Орман массивтерінің жоғары шекарасы жылу мен ылғалдың әсерінен қалыптасады. Негізгі қылқанды өсімдіктер: шырша, самырсын, қарағай, майқарағай, балқарағай, т.б. жер бедері,климат және топырақ жағдайларына байланысты орман белдеуі келбетін қалыптастырса, Ертіс өзенінің оң жағалауы (Ертістің орта бойы) құмда өскен таспалы қарағай (реликт) орманымен ерекшеленеді.

Жайсаң қазаншұңқыры, Ертіс өзені, Оңтүстік Алтай өзендерінің аңғарларында Орта Азиялық дала өсімдіктері ерекшеленіп көрініс тапқан деуге болады. Сауыр-Тарбағатай тауларының аймағы табиғи ерекшеліктеріне сәйкес, Тарбағатай таулы-далалы ауданы, Сауырдың таулы орманды-шалғынды даласы болып бөлінеді. Тарбағатай даласының өсімдіктері бұталы қарағайлы болып келеді, таудың оңтүстік беткейінде де бұталы өсімдіктер көп. Сайларда жеміс-жидек ағаштары, көктерек,ақтеректің шағын ормандары кездеседі. Далалық бөлігінде жусанды өсімдіктер көп, олар жайылым есебінде пайдаланылады. Дала зонасы шөптесін өсімдіктерге бай. Мұнда боз,бетеге,атқонақ, еркекшөп, кермек басым өседі. Шалғынды өсімдіктерден бидайық, арпабас, қоңырбас аса ылғалды жерлерде қияқ пен құрақ өседі. Далалық өсімдіктер арасында дәрі-дәрмектік өсімдіктерде бар. Мысалы, жанагүл, шайшөп, итмұрын, валериан, жалбыз, мия т.б. Әсіресе, Алтайда мұндай шөптер кездеседі.

Дала және шөлейт зоналарының аралығында жусанның бірнеше түрлері кездеседі, олар көлемді жерлерді алып жатады. Шөлейт зонасы негізінен бетеге, жусан, түймедақ және боздан құралады. Шыңғыстау және Аягөз, Тарбағатай жоталарының аңғарлары арасында әртүрлі шалғын шөптер көп өседі. Тоғай ағаштарымен қатар бұталы өсімдіктер долана, мойыл, итмұрын, қарақат, таңқурай т.б. кездеседі. Сауыр тауының етегі 600-700 м-ге дейін шөлейт зонаға жатады, оның сортаңданған қара қоңыр топырағында шөлейт өсімдіктері өседі. Ормандары Сібір ағаштарымен Тянь-Шань шыршасынан тұрады. Тарбағатайдың шығысы мен Сауырдың оңтүстік бөлігі аралығын Шілікті шөлейт даласы алып жатыр. Тасты сортаңдалған сұр топырақтар көде, жусан, бетеге, селеу т.б. өсімдіктерге бай келеді. Жайсаң қазаншұңқырының өсімдік жамылғысына тоқталсақ ксерофитті (жусанды-дәнді, жусанды тұз шөп далалы және шөлді) әрі горизонтальді ылғал сүйгіш галофитті және псамофитті өсімдіктерге тән келеді. Қазіргі Қазақстанның өсімдік жамылғысы 6000–дай өсімдік түрлерінен тұрады.

Біздің зерттеулерімізде, (ШҚО) өсімдік атауларының жүктемесі географиялық номенклатурада 1194 фитотопонимдерде, 118-ден астам өсімдік атауларында бейнеленеді. Барлық топонимдердің (20мың) 5,9%-ын құрайтыны анықталады.

Шығыс Қазақстан облысында Қазақстанның қызыл кітабына енген сирек кездесетін бағалы жойылып бара жатқан 52 өсімдік түрін, оның ішінде 26 реликті және 16 эндемик өсімдіктерді атауға болады. Батыс Алтай қорығында (Лениногор, Зырян аудандарын қамтиды) өсімдіктер түрінің және дәрілік өсімдіктің көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, мұнда орманның 25 типі, қылқан жапырақты ағаштардың көп түрі шоғырланған. Әсіресе, бағалы самырсын, майқарағайдың орны ерекше.



Батыс Алтай қорығында табиғат белдемдері сан алуан. Олар шалғынды дала, бұталы, самырсынды, шыршалы тайга, субальлі, альпі және биік таулы тундрадан тұрады. Әрбір табиғат белдемдерінің өзіне тән өсімдіктер дүниесі бар. Орман іші шипалы жеміс-жидек беретін ағаштарға, дәрілік өсімдіктерге бай. Әсіресе субальпі белдемдерінде дәрілік өсімдіктерден марал оты, алтын тамыр және алтай сарғалдақтарын, бәйшешектердің тұнып тұрған популяцияларын кездестіруге болады. Альпі белдемдерінің де өсімдік жамылғысы сан алуан. Мұнда шөптесін көпжылдық өсімдіктер басымырақ. Топтала өскен қайың, алтай тиындағы, алтын тамыр, марал оты т.б. өсімдіктер көп кездеседі. Биік таулы тундра 2000-2200 м биіктікте жатыр. Бұл белдемде жатаған бұталы өсімдіктер қияқ, альпі мүгі, қырықбуын, сүттіген мойыл т.б. өседі. Сонымен, Батыс Алтай қорығында өсімдіктің 145 түрі, Марқакөл қорығында 200-ден астам түрі ерекше қорғауға алынған деуге болады. Биіктеген сайын ағаш түрлерінің орналасу заңдылықтарын байқауға болады. Қарағай 700–800 м, қайың 1500 м, көктерек одан биігірек самырсын мен майқарағайдың шекарасына жақынырақ орналасады. Таулардың оңтүстік беткейлерінде ормандардың аз, мүлдем өсімдік жамылғысынан айырылғанын аңғаруға болады. Сырты орта орман шекараларының өзгерісіне әсерін тигізеді. Оңтүстік Алтай тауларында 1600 м жоғары майқарағай мен шырша ормандары шегініп, балқарағай ормандары орнығады. Оңтүстік Алтайда негізгі орман қорын Сібір самырсыны құрайды және 2000 м биіктікке көтеріледі. Аталған ағаш түрлері қара ормандар (тайга) келбетін (жарықты аз түсіреді) қалыптастырады. Алтай тауының 70 %-ын тоғайлы, бұталы, жемісті және шалғынды өсімдіктерге бай болғандықтан, өсімдік атының қатысуымен жасалған атаулар (фитотопонимдер) жергілікті географиялық нысандарда айырықша көрініс тапқан деуге болады. Қазақтың ономастикалық кеңістігінде аң, үй жануарларының әлемі қалай толыққанды өз көрінісін, өз келбетін бере алса, өсімдік әлемі де дәл солай өз бейнесін Қазақстан топонимиясында тайға таңба басқандай қалдырады. Қазақ тілінде өсімдік атауларын зерттеген ғалым Б.Қалиев өсімдіктер жөнінде былай жазды: «...өсімдіктерсіз өмір жоқ, олар - біздің досымыз; тіршілігімізге тірек, өмірімізге нәр, күнделікті тұрмысымызда көрік. Өсімдіктер кисең - киім, ішсең - тамақ, жатсаң - төсек, жазсаң - қағаз». Дәстүрлі мал шаруашылығымен шұғылданған қазақ халқы жер бетіндегі өсімдіктер дүниесін тым ертеден бақылап, зер салып, көңіл қойған. Олардың қайсысы малға жұғымды екендігін, қай шөп олар үшін пайдалы,қай шөп зиянды (улы) екендігін ажырата білген және өсімдіктердің түр түсін саралап, әрқайсысына жеке-жеке ат қойып, айдар таққан. Қазақстанның түрлі ландшафтық- климаттық аймақтарында төрт-түлік малын өсірген қазақтар асқар таулар мен кең жазықтарда,адырлы үстірттер мен далалы шөлейттерде, шағыл құмдар мен айдын көлдердің алқаптарында, өзендер жағалауында, орманда өлкелерде өсетін малға керек өсімдіктердің қасиетін жақсы білген, сол себепті өсімдік атаулары қазақ тілінде орасан көп, сол себепті де шөп, өсімдік аттарын топтастыруда геоэкологиялық негіз бар.

Табиғи ерекшеліктерімен сипатталатын түрлі өңірлермен аймақтардың топонимиясы әр өлкенің флорасына сай тілдік (онимиялық) өз көрінісін береді. Мәселен Е. Ә. Керімбаевтің байқауынша Қазақстанның таулы аймақтарында негізінен тауларда өсетін өсімдіктер атауларынан туындаған оронимдер кездеседі. Аршалы, Аршаты, Ырғайлы, Қайыңды, Тобылғылы, Алмалы, Алмасай, Қарағаш, Пістелі, Доналы, Өрікті т.б. жусанның түрлі атаулары, жабайы пияздың түрлері- сарымсақ, жуа, қалба, соғұн т.б.таулы жайлауларда өседі. Өр Алтайдың оронимдерін зерттеген Б. Бияровтың еңбектерінде 15 жуық фитонимнен туындаған 100 жуық фитотопонимдерге сипаттама берілген. Атап айтсақ арша, ағаш, қарағай, тоғай, шілік, қайың, терек, тал, үйеңкі, мойыл,долана, ырғай, қараған, тобылғы т.б. өсімдіктер негінде жасалған.

Шыңғыстай ойконим атауын Ж. Болатов, Ә. Әбдірахманов шәңіс//шәңкіш монголша цангис деп аталатын бунақталған бамбук тәрізді өсімдік атауы негізінде қалыптасқан деп топшылайды. Шәңгіштай орыс тілі транскрипциясы бойынша шыңғыстай болып жуан дауыстыларға ауысқан. Өсімдік атаулары аймақтағы топонимдер құрамында өнімді қолданылған және сол жердің флорасының өзіндік ерекшелігін сипаттап отырады. А. Ә. Әлімханның мәлімдеуінше: «Шығыс Қазақстанның оңтүстік өңірінде орманды дала табиғи зонасында өсетін және орманды дала зонасына тән өсімдіктер бірлестігі өлкенің атаулар дүниесіне өз көрінісін берген. Аймақта өсетін қайың, қарағай, тал, терек, қамыс, арша, ұшқат, ши, бетеге, мойыл, сексеуіл, алма, тораңғы, сарымсақ, долана, итмұрын, қарақат, шілік, жиде,қарағаш, өлең т.б. өсімдік атаулары фитонимдер құрамынан табылады.

Г.Қоңқашбаевтің пікірінше Тораңғылы фитонимы орыс тіліне дұрыс транскрипцияланбай Торангүл болып кеткен де, қазақ тілінде қайтадан, жаңа сападағы сөз – Торангүл түрінде қалыптасқан. Осы аумақта Ақтораңғы көл, Тораңғылы жайлау, Тораңғы өзен, елді мекен атаулары бар. Біздің зерттеулерімізде борғұстай,тораңғы, тұғыл,ұласты фитонимдерінің моңғол (қалмақ)тілінен еңгені анықталды. Борғұстай – Тарбағатай тауындағы өзен және жота атаулары. Моңғол тіліндегі бургас (тал немесе шілік, қалың тал) сөздеріне молдық ұғымды –тай жұрнағының қосылуы арқылы жасалған. Тұғыл (тарб.)- аумақта кездесетін елді мекен атауы. Атау моңғол тілінің төгөл (тораңғы) сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшырауынан туындаған.Ертеректе ауыл маңында тораңғы өсімдігі көп өскен.Облыс аумағында тораңғы фитонимі негізінде қалыптасқан оронимдер мен гидроним атаулары (7 рет) жиі кездеседі. Ұласты – елді мекен атауы. Шет Ұласты, Орта Ұласты (Тарб.) және Жайсаң ауданында Ұласты,Үлкен Ұласты өзен атаулары бар. Аталмыш нысандар аумақтың географиялық орнын, яғни орналасқан жерін нақты сипаттайды. Ғалымдар атау төркінін «моңғол тіліндегі» улиас (терек ) сөзіне –ты аффиксі қосылу арқылы пайда болған деп түсіндіреді. Атау жергілікті тұрғындар тілінде Ұласты түрінде емес, Ыласты //Ласты тұлғасында айтылады.

Қарағай көбінесе тау алды, аласа шоқылы тауларда өседі. Ертістің оң жағалауымен Құлынды жазығы және Семей өңірінің құмды топырағында (Лебяжі, Шарбақты, Бесқарағай, Бородулиха ауд.) Таспалы қарағай орманы (реликт) ерекше көрініске ие болған. Соңғы 5 жыл ішінде (2000–2004жж.) аралығында Семей өңірі мен Павлодар облысындағы болған өрттер салдарынан Ертіс жағасындағы қарағайлы ормандардың (реликт) 300 мыңға жуық гектары құрып кетті. Ғарыштың және жер беті зерттеулерінің нәтижелерене жүгінсек, бұл ормандрдың 50 %-ы өрттен, орман зиянкестері мен аурулары және заңсыз ағаш кесу салдарынан зиян шекті.

«Семей орманы» МТОР маңындағы ландшафт ерекшеліктерін айғақтайтын Қарағайдарық қоныс, Қарағайлы е.м., қон., Бесқарағай ауыл – аудан орталығы және славян тілінен енген Лесное, Сосновка (2 рет) елді мекен атаулары бар. Қарғайлы тау (Абай), өзен (Үржар), Жалпаққарағай қон., және Алтайда жиі кездесетін қарағай фитонимі негізінде қалыптасқан орофитонимдер Белқарағай, Қызылқарағай, Жалқарағай, Жалғызқарағай, Қарағайты асу, жота Катонқарағай (аудан орталығы) т.б. қарағай орманының ареалының кеңдігін анықтайды.



Листвяга (2 рет), Листвяжная, Еловка (5 рет), Кедровое (8 рет), Пихтовая (13 рет), Черновая (қара орманды) тау ,е.м., атаулары биіктік белдеулерге тән қылқанды ормандар келбетін қалыптастырады. Катонқарағай атауы А.Әбдірахманов зерттеуінде Қатонқарағай, Е.Қойшыбаев сөздігінде – Қотанқарағай деп берілген. Кейбір ғалымдар «қотан» сөзін «қайың»-ның ертедегі атауы деп қарап, «қайыңқарағай » мағынасында қарастырады; екіншісі, қазіргі тіліміздегі «қотан» сөзімен теңестіріп «қоршау қарағай » деп топшылайды. Көне түркі тілінде қотан – «дөңгелек» – «топ» – «шеңбер» мағынасында қолданылған. Этимологиясы даулы болып жүрген Катонқарағай ойконимі осы «Қотанқарағайды» орыс тіліне қате транскрипцияланған. Кейбір зерттеушілердің «Қатынқарағай» деуіне ешқандай ғылыми негіз жоқ деуге болады. Орыс саяхатшыларының жазбаларында, 1936 жылғы әкімшілік картада «Қотан-қарағай» деп анық жазылған. Сонда «Қотанқарағай» атауы қазіргі түсінігіміз бойынша «топқарағай», дөңгелене өскен қарағай мағынасына саяды. Баянауланың гранитті тастарында, Құлынды даласы құмды массивтерінде қарағай таспалы орманы (реликт) ерекше көзге түседі. Қарағай өз., қон., Қарағайлы қон., қарағай тұлғасына сын есімдік “лы” жұрнағын жалғау арқылы жасалған атау. Қарағайлыбұлақ өз., Қарағайлытас тау (677,9 м), Жалғызқарағай қон., Топқарағай қон., Бесқарағай ойк., Жүзқарағай қон., сандық көрсеткішін анықтайды. Басқарағай қон., “бастапқы” мағынада айтылса, Майқарағай фитонимін жергілікті тұрғындар шайырлы (майлы), отқа жақсы жану ерекшелігімен байланыстырады. Кезінде жас қарағайларды қолдан егу жұмыстарын жүргізетін еді. Қазіргі уақыттағы антропогендік факторлар: қылқанды қарағайлы шоқтардың кесіліп өртеніп құртылуына әкеліп соқтыруда. Еспе суларының деңгейі төмен түсіп, топырақ жамылғысы эрозияға ұшырайтыны сөзсіз.

Қазақ халқында емдік қасиеті бар қызыл кітапқа енген төселмелі бұта түрінде өсетін қызыл арша ареалы (қазақ аршасы) Алтай, Қалба, Баянауланың орманға бөленген көгілдір биік тау қияларында сақталған. Аршалы тау, аршаның жайылып өсетіндігінен хабар береді. Солтүстік және Орталық Қазақстанда жиі кездесетін арша, қарағай, қайың, қарағаш, тал т.б, топонимдік компоненттер қылқанды және аралас орманның кең таралып, орманда өмір сүретін реликті сүтқоректілердің көп түрлілігін дәлелдейді. Сарымсақтау (349,5 м) атауы дала пиязына байланысты қойылғаны анық. Қазақстаннның шығыс өңірінде де Аршаты (22 рет), Аршалы е.м. (4 рет) кездесіп отыр.Алтайда Сарымсақты (тау – 3373 м), Тарбағатайда жота (1146 м), славян тілінен енген Чесноковка тау (1837 м), Черемшанка өз.,е.м., (Катон қарағай, Глубокое) атауларын сарымсағы мол, қалың өскен жерлер деп білеміз. Көбінесе қарағай аралас ормандарда қайың, көктерек, тауларда самырсын ағаштармен қатарласа өседі. Мұндай ормандар Қалба жотасына тән келеді. Қалба жотасында Сібе, Шыбынды, Қайыңды, Аюлы, Ертіс маңы ормандары бар. Қайыңды қарағай орманы (реликт) үштік кезеңнің табиғи ескерткіші және өткен дәуірден мол геоэкологиялық ақпарат беретін Синегор самырсын бауын ерекше атауға болады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет