Т. Сапаров Қазақ шығысының Өзен – КӨл атаулары


Өзен атауларының топонимдердегі көрінісі



бет5/19
Дата25.02.2016
өлшемі12.31 Mb.
#19338
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

2.4 Өзен атауларының топонимдердегі көрінісі

Шығыс Қазақстан аумағындағы су көздерінің барлық түрлері: өзендер мен көлдер, батпақтар мен жер асты сулары және мұздықтар бар. Табиғи су қоймалар мен қатар адамның әрекетінен жасалған тоғандар, бөгендер және каналдар да бар. Климаттың құрғақтығы, жер бедерінің пішіндері, геологиялық  геоморфологиялық құрылысының ерекшелігі аумақтың гидрографияляқ желісін нақты сипаттайды. Танымал климатолог А.Н.Воейков өз еңбегінде «өзендерді климаттың туындысы деп қарау керек» деп жазған еді. Облыстық Су кадастрының мәліметтеріне сүйенсек, аумақта 1200-ден астам өзендер тіркелген. Біздің зерттеулерімізде 2224 өзен атауы анықталды.

Бұл өзендердің көпшілігі ұсақ, кішігірім өзендер деуге болады. Солтүстік Мұзды мұхит алабына жататын Ертіс өзені аумақтардағы негізгі су магистралі болып табылады. Ал қалған өзендердің суы аз, Балқаш, Алакөл сияқты тұйықталған ішкі су ағынын құрайды. Жер бедеріндегі сулар ағыс сипатына қарай тұрақты, суы тартылатын және маусымдық болып бөлінеді. Бұлардың ішінде тұрақты ағатын өзендер: Ертіс, Үржар, Қатынсу, Еміл, Үлбі, Оба, Бұқтырма, Аягөз, Бақанас т.б. Өзендердің көпшілігі жаз айларында құмға сіңіп (Ащысу, Шаған, Бұғаз, Бақанас, Қарақол) тартылып қалады. Жыра сайлармен ағатын маусымдық өзендер тек жаңбыр суымен, қар суымен толығады да, аңғары мен қазаншұңқыры құмды қиыршық тасты болғындықтан, құмға тез сіңіп кетеді. Мұндай кішігірім өзендер Ертіс өзенінің аңғарында көптеп кездеседі. Оларды Қарасу (жылым) деп атайды. Қарасу термині негізінде аумақта 45 атауды кездестірдік. Бұл ұсақ өзендер ыза сулармен, еріген қармен қоректенетін, яғни өзен арнасында жиналған қалдық сулар. Ақсу термині негізінде қалыптасқан өзен, көл, е.м., (9 рет) атаулары да бар .

Қазақстанның барлық жерлерінде кездесетін Ақсу, Қарасу өзен атаулары Ертіс өзенінің тармақ салаларында көрініс тапқан.

А. Н. Кононов көне түркі тілінде ақ, қара сөздері түсті ғана білдіріп қоймай, белгілі бір мағынаға ие болғанын айтады. “Ақ”, ағып шығу, ағын су,түсіне емес оның биік тау мұздықтарынан ағып шығатынын анықтайды. “Қара” жердің суы, жер асты суымен қоректенетін өзен, керісінше ол да түсіне емес мөлдірлігімен ерекшеленетіні көрініп тұр. Ақсу өзені С.Ремезовтың “Сібірдің сызба кітабында” река Белая Ертістің тармағы ретінде көрсетілген. 1675 жылы Сібірді зерттеуші Н. Г. Спафарияның (Милеску) жол күнделігінде мынандай сөз тіркестерін кездестіруге болады. Онда Ақсу (река Белая) Ертістен зор жылдамдықпен ағып шығатын суы мөлдір ағынды өзен ретінде сипатталады. В.Н. Попова Ақсу өзенін ағысы қатты, жазда құрғап қалмайтын шапшаң ағатын өзен ретінде қарастырады. Ғ. Қоңқашбаев мұндай талқылауға келіспейтінін білдіріп, түспен байланыстырады.

Алтайда ақ сөзі су терминімен тіркесіп, ең алдымен судың түсін (лай, айран, түстес, ақ балшық, араласқан) білдіретіні байқалады. Айран, Ақсу, Ақбұлақ, Ақ Қалғұтты, Ақкөл, Ақкен, (Ақкөл), Ақ Қаба т.б. өзендердің суы ақ түсті, лайлы болып келеді. Өйткені бұл өзендер бастау алатын мұздықтар ақкүлгін, сары топырақпен араласып жатады. Ақсу гидронимі құрамындағы ақ сыңары «ағу» етістігін білдіреді деген пікір де ойлануды қажет етеді. Өзен біткен ағатын, жалпы су біткеннің ағатыны «су» терминінің өзінен ақ білініп тұрады.

Ақсу Басы оронимі «Ақсу өзені басталатын, бастауын алатын тау» мағынасын білдіреді. Шыңғыстау жотасынан бастауын алып, Ертіс өзенінің сол жақ саласы болып саналатын Шаған өзені (292 км) моңғолдардың «чагаан  ақ» мәніндегі атау, ал оның қазақ тіліндегі шанқан «аппақ, ақ түс» мағынасын білдіреді. Шағантоғай өзені Ертістің сол жақ саласы (ұзындығы 253 км). Біздің пікірімізше, Шар түркі моңғол тілдерінде ортақ «сары» сөзінен жасалған гидроним. Өйткені, оның суы сары түсті болып ағып жатады. А.И. Левшиннің еңбектерінде (картасында) Гурбан Шар деп берілген. Гурбан моңғолша үш деген санды білдіреді. Сонда Гурбан Шар үш сары деген мағынаға сәйкес келеді. Дегенмен өзеннің үш саласы (фин угор тілінде өзен саласы) байланысты қойылуы да мүмкін.

Э. М. Мурзаев “Қарасу” терминін тау етегінен ыза суымен қоректенетін, өзен, бұлақ мағынасында қарастырады. Ғ.Қоңқашбаевтың пікірінше “қарасу” көл, жайылмалық су арнасы кеуіп қалған өзен арнасында жиналып қалған су жиынтығы. Ертістің жағасында орналасқан Черная, Чернорецк е.м., атаулары (бұрынғы форфост атаулары) Ертіске жақын жерден ағып шығатын өзен атына байланысты қойылғаны тарихи шындық. “Қарасу” термині 23-ке жуық өзен, көл, елді мекен атауларында кездесіп отыр. Ащықарасу өз., суының тұздылығына, Көкқарасу өз., тартылып қалған өзен арнасында жасыл өсімдіктер арқылы ерекшеленіп түске байланысты қойылған. Шолаққарасу өз., қысқарып арнасында суы жоғалып қалғаны туралы ақпарат береді. Саға – өзеннің басқа өзен, көлге құятын жері. Құрғақ арналардың бітер жері соқыр саға деп аталады.



Саға – қоныс атауы өзен сағасында орналасқанын білдіреді. Айрық - тау аралығында өзендердің түйіскен жері. Э.М. Мурзаев айрық терминін ағын, “өзеннің тарамдануы, айыр, айрылып кету” мағынасында қарастырады. Айрық өз., Үшайрық өз., жарыла біткен тау арасында ағып жатқан өзеннің санын білдіреді. Осы айыр // айрық // араг // арак географиялық терминдерін монғ. адар // қаз // адыр географиялық аппелятив лексикамен этимологиялық байланыста екендігін айта келе Е.Керімбаев: көне түркі тілінде адір лексемасы “бөліну”, “тармақтану” “айыр” мағынасында айтылып, лексиканың семантикалық эволюциясының негізі болып, қазіргі географиялық аппеллятивті лексика қатарында түркі орографиялық атауларында мағынасы “тау, бұйрат, төбелі жер, тау алды” және гидрографиялық атауларда “су айрық, өзен тармағы, жылға, ағын”, екі өзен мағынасында қарастырады. Орографиялық “адыр” терминінің гидронимдік жағына ығысуы лексеманың фонетикалық бейнесінде д/и әріптерінің тарихи алмасу нәтижесінде өзгеріске ұшыраған деген қорытындыға келеді. Жер бедері, пішіні миллиондаған жылдар аралығында ішкі және сыртқы күштер, үгілу, эрозия т.б. факторлар әрекетінен үздіксіз өзгеріске ұшырап, көптеген орогидрографиялық терминдердің қалыптасуына әсерін тигізді. Айрық термині 100-ден астам орографиялық, гидрографиялық нысандарда көрініс тапты. Аршалыайрық, Ақшиайрық, Ащыайрық, Қараайрық (2 рет), Қарағанайрық, Қойынайрық, Терісайрық, Айыркезең (2 рет), Ащалы (3 рет), Аша (4 рет) т.б. Бұл жерден айрық, айыр, аша, терминдерінің мағынасы ортақ, орографиялық нысындарды нақты сипаттайтынын аңғаруға болады.

Жергілікті қазақтар су нысандарының физикалық-географиялық ерекшеліктеріне (жер бедері, климаты, топырақ, өсімдік жамылғысы), жануарлар дүниесіне ертеден назар аударып, ат қойып (номинация), шаруашылық үшін қажетті маңызды белгісіне қарап ажырата білген. Дала, оңтүстік бөлігі шөлейт зоналары арқылы ағып өтетін өзендеріміздің көпшілігі жаз айларында тартылып, жылымға айналып, минералдану дәрежесі 0,8 г/л-ден 3,0 г/л-ге артады. Солтүстік аудандарда жауын-шашынның орташа жылдық түсімі 310-330 мм болса, оңтүстікке қарай 220 мм-ге дейін азая беретіні белгілі. Өзендердің көпшілігі көктемде біршама тасып, жылдың басқа мерзімінде су деңгейі төмендеп отыратын ерекшеліктері гидрографиялық атауларда көрініс тапқан. Потамонимдердегі индикатор-терминдердің кейбіреулері ( еспе, мұқыр, соқыр, өзек) өзендердегі су режимінің маусым бойынша тұрақсыздығын бейнелейді.



Бақанас – өзенін кейбір ғалымдар бақан сияқты басы екіге айрылған өзен деп жорамалдайды. Шынына келсек, бұл атау моңғолдың баға «аз», «шағын», «қысқа», сөзімен «ус» «су» түбірінің бірігуінен жасалған. Бағанус>Бағанас> Бақанас. Қазақстанда бірнеше жерде кездесетін мұндай өзендердің көбі шолақ келеді. Аумақта Бақанас (3 рет) өзені Абай, Аягөз аудандарында көрініс тапты. Жаз айларында тартылып қалады. Сонда, Бақанас  «шолақ, қысқа су (өзен)»мағынасына сәйкес келеді.

Еспе, Еспешат өзен атауларының жіңішке жартасты, тар, терең аңғардан ағып шығып, ороним құрамында кездесіп отыр. Ғ.Қоңқашбаев еспе терминін көктемгі су тасу кезінде арнасын қатты шайып, жазда тартылып жылымдарға (қарасу) айналып кететін өзен ретінде қарастырады.

“Мұқыр” сөзі әртүрлі нысандарға ортақ атау болып табылады. Мұқыр төбе атауы, оның аласа екендігін білдіреді. П. С. Паллас, А.И.Левшин еңбектерінде “мукор” қалмақ сөзі жылғаның қып-қысқа атына сәйкес келетінін атап көрсетеді. Е.Қойшыбаевтың ойынша, атау түркі тайпаларының атынан қойылған болуы мүмкін.

Ғ. Е. Қоңқашбаев атау «келте, ешқайда құймай, айдалаға сіңіп, жоғалып кететін өзен» мәнін беретінін айтады.

Өзек жергілікті географиялық атауларда кездесетін өзен тармағын немесе ескі арнаны атайды. Ақөзек, Қараөзек, Көкөзек өзен атаулары түстен басқа жер бедері, суының қасиеті арқылы ерекшеленіп отыр. Е.Қойшыбаев түсті білдіретін ақ, қара, жирен, ала, көк, сары сөздерінің түстен басқа өзіндік мағынаға ие екендігін дәлелдеді.

Ақ, қара сөздері оронимдер құрамында жиі кездесіп әртүрлі мағынада айтылады. Көк сөзі судың түсін білдіруде жиі қолданылады. Мұндай өзен- көлдер біршама алыстан қарағанда қаракөк, кейде жарық сәуле арқылы шағылысып көгілдір болып көрінуі мүмкін. Төменге топқа жататын көк-жасыл өсімдіктер көбейген маусымдарда су жасыл, көкшіл және басқа түстерге боялғандай әсер қалдырады. Бұл құбылысты судың “көктенуі” деп атайды. Судың көктеуімен қабаттасып жүретін су өсімдіктерінің шектен тыс дамуы судың сапасын күрт нашарлатады. Белсенді түрде жүретін судағы ашу және шіру үдерістерінің нәтижесінде су қабаты улы заттармен (фенол, ционид, жоғары спирттер) қанығады, оттегі азайып жағымсыз иіске ие болып су ішуге жарамсыз болып қалады. Өзеннің түсі жер бедері, топырақ жамылғысына байланысты ақ, қара, көк түсті өзендер жоғарыдан қарағанда бірден байқалады. Кіші және Үлкен Сарыөзек 2 өз., көл атауы, көктемде еріген қар суымен қоректеніп, лайлы түсі сары болып көрінетіндіктен аталса керек. “Көктемгі қардың сары суын ішкен мал тез көтеріледі” деген ұғым да бар.



Ащылыөзек өз., қон., өзен суының қасиетін анықтап тұздылығы жөнінде хабар береді. Ащы термині арқылы қалыптасқан өзен-көлдер жағасындағы сортаңды ойыстарда тұз бен ылғал сүйгіш өсімдіктер өседі. Мұндай өсімдіктер жамылғысы малды семірту үшін жақсы азық болып табылады. Ғ.Қоңқашбаев ащы терминін (мал ащыда жатыр) жайылымдық термин ретінде қарастырады. Ащы термині Ащыөзен, Ащыбұлақ, Ащықұдық жырасы, Ащылыирек, Ащыөзек, Ащысу, Ащылы, Үшащы, Тұзащы, топонимдері судың химиялық қасиетінен мол ақпар береді. Келте, шолақ, мұқыр сөздері ортақ, өзеннің қысқалығын анықтайды. Келтебұлақ, Келтешат, Қарашолақ, Шолақбұлақ, Шолақ, Шолақеспе атаулары осы мағынаға сәйкес келеді.

Ғ. Сағидолдақызы қазақ тіліндегі сай терминін “екі таудың арасы, биік шатқал” мәніндегі сай орографиялық терминімен монғол тіліндегі “сайр”- өзен, судың тарамдары биік таулар арасын бөліп жатқан сайлар мағынасындағы салаа сөздері қосарлана келіп қазақ тілінде сай-сала деген дербес терминдегі сала лексемасын монғол тілінен енген кірме сөз ретінде қарастырады. Е. Керімбаев гидрографиялық сай термині орграфиялық негізде қалыптасып, лексеманың ұзақ эволюциялық үдеріске ұшырап, тасты жазық, арна, өзен, жылға т.б. мағынаны білдіретінін және олардың жер бедерінің төменгі бөлігінен ағып шығып өзара байланыста жатқанын айтады.

Қазақстанның дала, шөлейт белдеулерінде жиі кездесетін Қусақ потомонимі (Аягөз, Тарб.) кейбір зерттеулерге қарағанда, құрғаған («қу») сай («саға») дегенді білдіреді. Жылдамдығы, тереңдігі, қысқалығын білдіретін Ағынсай өз., Тереңсай өз., Шолақсай өз., е.м., өсімдік жамылғысы арқылы Көксай қон., Талсай өз., Егінсай көл,қон., жер жыртылып,көктемгі қар суының жиналып қалуынан туындаған. Екісай қон., Үшсай өз., е.м санын білдірсе, Жылысай қон., судың қасиетін анықтап өзіндік жүктемеге ие болып отыр. Ирек - термині “иір” айналма өзен иреленділігі мағынасында айтылады. Ақирек тау, жаңа Ақирек қон., атауындағы ирек сөзі жер бедерінің су нысанымен өзара байланыстылығын айқындайды. Кемер – (жар қабақ) үнді-ир-ар.тілдері негізінде қамар, қамыр, хамар – терең сай, саға, тар алқап, кейде қыр (одан аққан өзен) мәндерін білдіреді.

Ғ. Қонқашбаев болса кемерді қырат, жағалық бел, биік жаға, жар мағынасында қарастырады. Кемертау қон., Шаңырақ кемер қон., Баянауланың аласа ұсақ шоқылары қоршап жатқан тауаралық ойыста орналасқан. Бұл жерден қазақ халқының географиялық нысандардың ерекшелік сипатына қарай нақты ат қоя білгеніне көз жеткізуге болады. Өзендердің геоморфологиялық ерекшеліктері және пішінін анықтайтын Бүгіл, Бұқпа, Қисық, Қисықсу, Қарасүйір, Қылы, Иіндіөзек, Қашама, Жалпақ, Жіңішке, Көлденең, Тарау, Түйіскен, Тоғызтарау, Тұйық, Үңгі т.б. потомоним атауларын қарастыруға болады. Қалжыр   өзен (123 км) Е Қойшыбаев қалжыр түрік тайпаларының көне және қазіргі ру тайпа аттары деген ешбір ғылыми негізі жоқ пікір айтады. Түркітанушы ғалым А.Аманжолов: «асау», «долы» өзен мағынасын береді деп жазады. Шындығында, Марқакөлден ағып шығатын жалғыз өзеннің бастау алатын жері тік жарлы ағынды келеді. Алайда тауға негіз болған өзеннің тау арасында ирелеңдеп ағуы, орта тұсынан 90 градусқа бұрылып алып оңтүстікке қарай бет алатыны себеп болған. Моңғол тілінде галжир «қисық», «ирек» сөз өзенге атау ретінде берілген. Өзен суының басқа өзенге қосылған жерін құйған деп атайды. Күршім өзенінің Ертіске құяр жерінде Құйған түбегі, е.м., атаулары бар. Біздің пікірімізше, Қалыңжар (жарлары көп) атауы кейіннен икемделіп «Қалжыр» атауын алған сыңайлы.

Ертіс өзенінің оң жақ саласы – Бұқтырма бастау Оңтүстік Алтайдың мұздықтарын алады. Өзеннің жағасы жартасты, арнасы шоңғал тасты, ағыны қатты тау өзені, ол Ертістің ең суы мол саласы болып табылады. Ұзындығы – 405 км ге жететін Бұқтырманың басты салаларына Ақбұлақ, Сарымсақты, Ақ Берел т.б. жатады. Бұқтырма өзенінің атауы жөнінде сол өлкенің қазақтарының тілін зерттеген Ж. Болатов мынадай дерек келтіреді. «Бұқтырма өзенін жергілікті халық былай түсіндіреді: ағысы қатты, асу тау өзені болғандықтан, түсіп кеткен нәрсені, мейлі ол мал болсын, мейлі адам болсын, бас көтермей, тастан тасқа соғып, бұқтырып әкетеді». Дегенмен, бұл халықтық этимология атаудың сырын аша алмайды. Көне түркі тілінде бұқтыр (қаз. бөктер.) тұлғасына   ма қосымшасын жалғау арқылы жасалған гидронимиялық атау. М Қашғари сөздерінде буктир «тау етегі» дегенді білдіреді.

Біздің пікірімізше, Бұқтырма тауды бөктерлеп ағатын өзен мағынасына саяды. Өзендердің жылдамдығы, ағысы жөнінен ақпар беретін өзендерге Ағынықатты (3 рет), Ағынсу(2 рет), Күркіреме, Күркілдеуік (3 рет), Күршім, Тасқынсу, Тентек, Түрген, Тұрғысын, Тесікаққан, Сылдырама, Сарқырама, славян тілінен енген Гремучий (11 рет), Гремячий, Гремучее, Громатуха (3 рет) т.б. жатады. Өзен ағысының жылдамдығын, апатты құбылыстарды негіздейтін атауларды жергілікті халық ерекшеліктеріне байланысты жіктеп топтастырған. К.Каймулдинова «тентек» сөзінің қатысуымен жасалған гидронимдер қазақ халқының жергілікті табиғат ерекшеліктерін танып біліп қауіп қатерден сақтану үшін берілген атау деп жазады.

Зерттеу аумақтарында Тентек (6 рет), Тентекжыра өзен атауларын анықтадық. Күршім гидронимі (230км) түркі моңғол тіл бірлестігі негізінде пайда болған көне атауға жатады. «Күрік», «күрілдек» (өзен) мағынасын береді. Бұл жерде өзеннің ағысы, дауысы, сарқырап ағуы т. б. сипаты негіз болған. Оның айғағы Күркіреу(сарқырама), Күркіреме, Громотуха, т.б. өзендер Түрген, Тұрғысын өзендерінің мағынасы моңғол тілінде (Түрген ағынды, торғын жұмсақ) «ағынды тау өзені» дегенді білдіреді. Тұрғысын

(2 рет), Үлкен және Кіші Тұрғысын, Тұрғысын қайнары өзен атаулары осы мағынаға сәйкес келеді. Қаба гидронимінің этимологиясын дәл тауып көрсеткен зерттеулер жоқ. Марқакөл гидронимиясында ерекше орын алған өзеннің Оңтүстік Алтай тау жотасын шым шытырақ тілгілеп ағатыны (тілімденуі) – оның басты ерекшелігі. Қатонқарағай мен Марқакөл аудандарын байланыстыратын өзен тармақтары (Жеті Қаба) геоморфологиялық ерекшеліктерді анықтайды. Қара Қаба(154 км), Ақ Қаба (106 км), Арасанды Қаба, Нарын Қаба, Толын Қаба, Темірті Қаба, Қаба (негізгі) өзендері Жеті Қаба атанған. Согды тілінде Қаба сөзі «тік қия» мәніне сәйкес. Біздің пікірімізше, Қаба атауы «тік қиялы өрдің өзені» мағынасына саяды. Мұндай өзендердің қатарына Күрті, Жарма атауларын жатқызуға болады. Жарма атауы жарылған, екіге бөлінген, айрық мағынасын білдіріп тұр. Түркі тіліндегі негізгі мағыналары «жарқабақ», «тік жаға», «жыра», «жартас» ұғымдары орографиялық қабақ, кемер терминдері сияқты жер бедерінің сипатын дәл көрсетеді. Күрті өзен атауы моңғолдың хүр «тік жар» арқылы жасалған. «Жарлы, жар көп өзен» деген мағына береді.

Қобы сөзінің мағынасы алтай тілдеріне ортақ қобы, қоба «науа», «су «тау аңғары» «ағар», «ор» сөзінен шыққан. Түркі тілдес халықтарда «құрғақ арна», «қуыс», «шатқал», «суағар» т.б. мағынаны береді. М.Кашғаридің пікірінше өзеннің биік таулардың арасымен, тар арнамен ағатыны «науа», «терең шатқалды арна» мағынасымен үндесіп тұр. Сонымен, Қобо>тіл өзгерісінен өткен өзен қазіргі қазақ тіліндегі «науа» сөзіне сәйкес келеді. Оңтүстік Алтайда Науа өзен атауы бар. Науалы, Астауша атауларын кездестірдік. Шығыс Қазақстан облысы аумағандағы Ақ Қобы, Қара Қобы, СарыҚобы, Темір Қобы, Күл Қобы, Қобы өзен атаулары орографиялық, гидрографиялық ақпарларға толы.

Арасан Қобы өзені «шипалы суы бар қобы» мағынасына сәйкес келеді. Темірті Қаба, (Өр Атай) атауы да құрамындағы родонға байланысты қойылған деуге болады. Родонды білмеген кезде суда темір бар деген ұғымнан туындаған. Оның айғағы Үржар ауданындағы Барлық Арасан бұлақтары, Жарма өңіріндегі Арасан көлі т.б. Қарастырылған өзендерден басқа негізгі өзендерге жататын Оба, Үлбі, Нарын, (моңғ. жіңішке), Үлкен Бөкен (геногидроним), Көкпекті т.б. өзендерді жатқызуға болады. Этимологиясы гидронимдерге негізделген және талас тудырып жүрген өзендерге Ай, Аягөз, Таңсық (Аягөз ауд.) атауларын қарастыруға болады. Ай  ханты тілінде «кішкентай, таяз өзен» дегенді білдіреді. Көне түркі тілінде оқуз огуз, «су өзен» деген сөз екені белгілі. Егер Аягөз жері гидронимін осы негізде қарастырсақ, өзен өзен болып немесе «кішкентай, таяз» болып шығады. Ай – тайпа аты, үгіз – өзен яғни «Ай өзені» мәнін береді. Сондықтан Ай, Аягөз потамонимдерін көне дәуірлерден келе жатқан субстрат деуге болады. Таңсық жері – өзен аты көне түркі тілінде (сарқырама) және сұғ (су) сөздерінен қалыптасқан.

Бұл этимологияның даусыздығы Ш.Уәлихановтың Қозы Көрпеш Баян Сұлу ескерткіші жайлы жазбаларынан да көрінеді. Онда Аякөздің осы тұсының «Гүрілдек өзен» деген аты бар делінген. Демек, ол Таңсықтың құйған тұсына келіп жатыр. Зерттеу нысанына айналған аумақтарда фитонимдер мен зоонимдер негізінде қалыптасқан өзендер де жеткілікті. Атап айтсақ, Айбұзау, Ақсиыр, Ақтораңғы, Аршаты, Аюлы, Аюқашқан, Аюшат, Бастеректі, Борсық, Бұғыжайлау, Бұғымүйіз, Бұйырғынды, Бүркітті, Егінбұлақ, Жалпаққарағай, Жүзағаш, Итөлген, Қамысты, Кіші қайынайрық, Қарағанды, Қарағайлы, Қарақоға, Қоңырөгіз, Майшағыр, Таутекекөл, Текебұлақ т.б. Сохатушка гидронимі туралы Ж.Болатов халық этимологиясын келтіреді: «Бірде бұлақ тасығанда бірнеше таутекенің денесін ағызып алып кетіпті. Содан қалмақтар Саха түскен деп атап кетсе керек». Саха – қалмақша «таутеке» деген сөз дейді.

М.Қашғари сөздігінде сақа – «киік» (сақақлығ киікті) мағынасында кездеседі. Сухотушка, Большая Сухотушка өзендері Бұқтырманың кішігірім салалары. Жергілікті халық Сахатушканы Қандысу деп атайды. Сонымен қатар гидронимдерде этноним, геноним, антропоним атаулары да көрініс тапқан деуге болады. Алқабек, Әлпейіс, Бердібай, Бозанбай, Ерденбұлақ, Ержан, Есентай, Жетпіс, Кәрмен, Күшікбай, Рахман (антропогидроним), Алтай, Бөкенші, Көрпебай, Қарамырза, Қаратай, Қожа, Қойсары, Құдияр, Майемер, Өкпекті, Сағал, Сапақ, Сәмен, Сиыршы, Таңсық, Тоғалақ, Ұсақ, Шеркеш (геногидроним) этнонимнен туындаған Қалмақтұма, Калмачиха, Калмыцкий ключ, Мәнжүрбұлақ, Правая Татарка, Ұранхай, Сібе т.б. атаулары анықталынып, гидронимдердің белгілі бір жүйеде қалыптасқанын аңғартты.



2.4.1 Көл және батпақ атауларының қалыптасу ерекшеліктері. Шығыс Қазақстан облысының аумағы оңтүстік-батыс Алтай (Қазақстан Алтайы) Жайсаң қазаншұңқыры, Қалба жотасы, Сауыр-Тарбағатай, Ертіс маңы жазығы және Сарыарқаның шығыс бөлігін алып жатыр. Облыс аумағы өтпелі екі аймаққа (субрегион) жіктеледі. Шығыс аймаққа: Кенді Алтай, оңтүстік Алтай, Қалба жотасы, Жайсаң қазаншұңқыры, Сауыр-Тарбағатай жотасы, албатыс аймаққа Ертіс маңы жазығы, Шыңғыстау таулары, Көкпекті Шар ұсақ шоқылы және Алакөл қазаншұңқыры табиғи кешендері жатады.Алтай Жайсаң ойпатынан басталып, Байкал көліне дейінгі аралықты алып жатқан Алтай Саян таулары деп аталатын аса үлкен тау жүйесінің бір бөлігі болып табылады. Жер бедерінің ерекшелігіне қарай Қазақстандық Алтай үш ауданға бөлінеді. Олар Кенді Алтай, Оңтүстік Алтай және Қалба жотасы, солтүстігінде Бұқтырма өзені мен оңтүстігінде Жайсаң, Қара Ертіс аралығында жатыр. Нарын-Бұқтырма қазаншұңқыры Кенді Алтайдан бөліп жатса, Ертіс аңғары оны батыс жағынан Қалба жотасынан бөліп тұрады. Шығысында ол Үкөк тау қыратымен шектеледі. Батыстан шығысқа қарай Нарын, Сарымсақты, Алтай Тарбағатайы, оңтүстікке қарай Күршім және Оңтүстік Алтай жоталары созылып жатыр. Азутау және Күршім (Сарытау) Бүркіттітау аралығында Марқакөл қазаншұңқыры орналасқан.

Оңтүстік Сібір тауларының физикалық-географиялық елі, Алтай ФГО және Жоңғар Сауыр-Тарбағатай ФГ еліне жататын Сауыр-Тарбағатай ФГО аралығында орналасқан Шығыс Қазақстан облысының табиғаты ерекше шөлейтті ландшафтық табиғи зонада орналасқан Жайсаң қазаншұңқыры (Каспий маңы-Тұран ФГЕ-не жататын) Жайсаң провинциясына жатады. Кенді (Батыс) Алтай – Оңтүстік Алтайдың солтүстік-шығыс бетінде Үлбі, Иванов, Оба тау жоталары орналасса, оңтүстік-шығысқа қарай Листвяга (Қоңыржон), Холзун (Қалзың), Көксу, Тікирек, Қарғон, Теректі тау жоталары созылып жатыр. Қалба жотасы Ертіс өзенінің сол жағында Көкпекті, Бөкен, Шар өзендерінің аңғарларының арасында орналасқан. Қалба жотасының ең биік нүктесі Сарышоқы (1508 м) батыс жағында Шар аңғары арқылы Сарыарқамен шектеседі. Жайсаң ойпатының оңтүстік шекарасы Сауыр-Тарбағатай тау жүйесіне (ФГО) келіп тіреледі. Шығыс Қазақстан және Алматы облысының шекарасында Алакөл ойысы жатыр. Зерттеу нысанына айналған аумақта жазықтық, таулы немесе қазаншұңқырларда орналасқан (тектоникалық) және реликті қалдық көлдер жиі кездеседі. Жазықтықтағы көлдердің көпшілігі теңіз деңгейінен 100-350м биіктіктегі неоген антропоген шөгінді жыныстарының үстінде орналасқан. Ондай көлдерді аумақтың Солтүстік-батысында Семей өңірінің Ертіс маңы жазығындағы бөлігі (Белағаш жазығы), Бесқарағай, Бородулиха аудандарында кездестіруге болады. Мысалы Семейдің таспалы (реликт) қарағай орманы арасындағы Шошқалы, Тұз көлдері, Аққу-(Қиық) Павлодар облысы, Құлынды даласы өңірінің қазаншұңқырында орналасқан Шарбақты, Тлеуберді, Ұялы т.б. көлдерімен шектесіп жатыр. Олардың маңайы ежелгі құмтөбелермен кей жерлерде сусымалы төбешікті құмдармен сипатталады. Т.Р.Омаровтың зерттеулеріне қарағанда Батыс субрегионында (бұрынғы Семей обл.) көлемі бір гектардан жүз гектарға дейін 891, ал бір шаршы километрден жоғары 73 көл бар. Осы көлдердің ішіндегі ең ірісі: Алакөл-Сасықкөл, Ұялы (Балқаш-Алакөл ойысы), Мойылды сор, Үлкен Шұға, Сасық, Шолақтерек, Бүрліген, Иткөл, Қолдар және т.б. аумақтың 0,2 пайызын алып жатыр. Шығыс субрегионында (бұр ШҚО) көлемі бір гектардан жүз гектарға дейін 985, ал 1 шаршы километрден жоғары 18 көл, оның ішінде Жайсаң , Марқакөл және т.б. атауға болады.

Біздің зерттеулерімізде аумақтағы барлық 1967 көлдің (1977) 337 атауы көл термині негізінде қалыптасқаны анықталып, топтастырылды (Б қосымша). Сонымен қатар, терең көлдер санатына жататын Үлмейіс -38 м, (Шалқар, Сібе көлдері), Алтайдағы Рахман – 30 м, Марқакөл – 27м, т.б. ерекше атауға болады. Көлдердің басты ерекшелігі жасының (жаратылысы) әр түрлі және әр кезеңде пайда болғанымен сипатталады. Орманды дала, дала зоналарының көлдері біртіндеп шөгінді жыныстарға толып, оларда өсімдіктер қаптап өсуде. Шөлейт, шөл зоналарының көлдері біртіндеп тартылып, тұзды көлдерге айналады. Кейін ол көлдер сорға (шақат) айналады. Мұндай көлдер аумақтың солтүстік-батыс, батыс, оңтүстік аумақтарында жиі кездеседі. Қазақстан Алтайының биік таулы аймақтарының көлдері шығу тегі жас көлдерге жатады. Тау аралық төмен түскен ойыстар мен жарықтарда көп қазаншұңқырлар суға толып, көлдер пайда болады. Марқакөл, Язовое (Жазаба), Черновое (Қаракөл), Тұранғыкөл т.б. көлдердің ауданы 1 шаршы километрден асады. Бағанор көлі – Қара Ертіс жүйесіне енеді. Монғол тіліндегі баға «аз», «шағын», «қысқа» + нор «нуур» көл мағынада туындаған, көлдің аумағының аздығынан хабар береді. Барынкөл - Марқакөл ауданында орналасқан. Барын мағынасы түркі-монғол тілдеріне ортақ баран/бараан «қара қоңыр», «қара кер» (қаракөл), сондай ақ, монғол тілінде баруун «батыс» яғни «Батыс өзені» мағынасындағы гидроним болып шығады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет