Т. Сапаров Қазақ шығысының Өзен – КӨл атаулары



бет6/19
Дата25.02.2016
өлшемі12.31 Mb.
#19338
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

Жайсаң (Зайсан) көлі Жайсаң қазаншұңқырында теңіз деңгейінен 382 м жерде орналасқан. Оның ауданы -1800 км2, тереңдігі -7м, тұщы ағынды көлге жатады. Жайсаң көлінің атауы жөнінде көптеген пікірлер қалыптасып отыр – Жайсаң деген атауды 1650 жылы Қалмақтар қойған екен. Аштыққа ұшыраған көптеген азаматтардың көл жағасына келіп, тайдай тулаған балығымен өмірлерін сақтап қалуына байланысты көлге «игі», «игілік», «мейірман» («Жайсаң» сөзінің қазақша мағынасы) деген ат берілген. Сөйтіп көлді Заасингнор (жақсы көл) атапты. Ғ.Қоңқашбаев «моңғолдың, Заасинг(жақсы)» деген сөзінен бұл атау ертеректе Зайсан-нор, кейде Нор-Зайсан деп те атаған. М. М. Красовскийдің пікірінше Жайсаң көлінің бұрынғы атауы Хонхаты (Кунг-Кетунор)Қоңыраулы көл, өйткені көлдің толқындары жағадағы қалың қамысты ұрған кезде қоңырау үні іспетті дыбыс шығатын көрінеді.

Н. Құрманбекұлы «Атыңнан айналайын «Бейне теңіз»» атты мақаласында төмендегідей деректер келтіреді: Ертіс өзені қақ жарып өтетін осы көлді XIII ғасырда бабаларымыз «Бейне теңіз» деп атаған көрінеді. Найман мен Керейді ығыстырған моңғолдар кейін көпшілігі моңғол тайпалардан құралған жонғария мұндағы жер-су аттарын өз тілдеріне аударып алғаны заңды құбылыс. Мысалы Бейне теңіз немесе Теңіз аталған көлді Жайсаң нор, Барқытбел тауын-Тарбағатай деп өзгерткен еді. Орыс елшілердің басшысы болып монғолияға сапар шегіп, осы көлге XVII ғасырда келген Ф.И.Байков оны «Қызылбас» деп атайды. Ғалым Ғ.А.Байназарова Жайсаң көлі туралы мынадай да деректі айтады: «1864 жылы Жеменей көлінде әскери бекініс салынды. Бұрын ол жер Ақшатырлы деп аталып, кейін Жайсаң ға айналды».

Сонымен бірге қалмақтың Жайсаң сөзі қазақша «рақымды» деген сөздің мағынасын білдіреді деу де, біздің ойымызша, дұрыс емес, өйткені «Жайсаң» моңғолша «би», «бек», деген сөз екенін Құрбанғали Халид айтады. Бұл жерде қалмақтардың бір тармағына жататынын да айта кеткен жөн. Құрбанғали Халид Жайсаң аталуын былай түсіндіреді: «бәрі 200 мың қол болып, Сағун ханы Бұғұқра хан бәріне бас болып хұндарға қарсы шықты. Батыстан татар хан Чамунат жүз мыңнан аса қолмен келіп, бәрі Жайсаң көліне жиналған. «Жайсаң» моңғолша ұлы адамдарға яки орасан мол топқа айтылатын мақтаныш лакап, мына жиын себебімен көл аталған. Қазақ «қасқа мен жайсаң» жиылған жер деп осындай дүбірлі тарихи уақиғасы бар орынды айтады».

Кейбір деректерде XIII–XIV ғ.ғ. Қытай елі жүз жылға жуық монғолдардың билігінде болғаны белгілі. Қытайды алғаш билеген Шыңғыс ханның немересі Құбылай өз әулетін қытайша «Юань» деп атайды. Сол заманда қытайлар жергілікті ұлыстарды басқарушы адамның лауазымын «цзяй-сян» дейді-тұғын. Юань әулеті кезінде (1271–1368ж.ж.) бұл лауазымды моңғолдар да елді басқару жүйесіне енгізеді. Бірақ «цзяй-сян» термині моңғол тілінің айтылу орайына қарай Жайсаң болып өзгеріске ұшыраған деуге болады. Белгілі түркітанушы этнограф В. В. Радловтың пікірінше, Жайсаңдар жергілікті әкімшілік ұлыстарды басқарған. Сонымен қатар Жайсаң сөзінің моңғолдарға қытай тілінен ауысқандығы туралы және оның ерте заманнан аймақ пен ұлыстарды басқарушыларға берілетін ресми лауазым екендігіне 1630 жылы Қытайлық лама Лубсан Данзанның «Алтын түйін» кітабында айтылады. Б.Бәмішұлы көл атын ежелден Жайсаң екенін, ана тіліміздің байырғы төл сөзінен қайылғанын айта отырып: «Етек жеңін кеңге салып, жағасы жайлаудай жайылып, мамырлап жатқан тұщы көлін бабаларымыз жайсаң атаған ғой».

Бір шеттен көз салсаң қарсы бетіне көз жетпейтін теңіз іспетті тұщы көлдің «Нор Зайсан» атауы қазақтың нұр жайсаң деген сөзінен шыққанын дәлелдей түседі. Жайсаң көліне Қара Ертіс, Кендірлік және Қылы өзендерінің құятынын және Тарбағатайда бастау алатын өзендердің құймайтынын оның ерекшелігіне де орыс зерттеушілері сипаттама берген. М. С. Чернышев зерттелеулерінде көлдің ұзындығы 100 верст, ені 28 верст, ауданы – 1600 шаршы верст, тереңдігі 4 саженге тең деп берілген. Солтүстік жағалауы қыратты сазды, құмды жондар (Шақкелмес), басқа бөлігі аласа жазықты жағалауымен ерекшеленеді. Оңтүстік Алтай және Сауыр-Тарбағатай аралағында ұсақ көлдердің санатына жататын Қонақкөл, Марқакөл, Алакөл, Шыбындыкөл, Сасықкөл, Қаракөл, Әмірекөл, Теміркөл, Белкөл, Қоскөл, Боздыкөл, Көтелектің көлі, Қозыкөл, Тақыркөл, Таздың көлі, Сегізкөл, Саршакөл, Шошқакөл, Шөптікөл, Алтынкөл т.б. шоғырланған.

Оңтүстік Алтайдың інжу-маржаны аталған Марқакөл теңіз деңгейінен 1449 м биіктікте жатыр. Ауданы – 455 км2, ұзындығы 38 км, ені   19км, ең терең жері–27 м болатын көлге 27 кішігірім өзендер құяды да, тек жалғыз Қалжыр өзені ағып шығады. Марқакөлдің табиғаты жөнінде В. В. Сапожников, К. Струве, Г. Потанин, Н. И. Яблонскийлер күнделіктеріне құнды жақсы естеліктер қалдырған. Марқакөл лимнониміне тоқталсақ, ерте кезде көлдің орнына кең жазық дала болыпты деседі. Осы маңды жайлаған бір байдың жүйрік аты байланған қазықты суырған кезде, орнынан су атқылап шығады. Жайылған су шөптерді ағаштарды басып, жоғары көтеріліп, тау баурайына дейін жетеді. Ауыл көшіп үлгере алмай, байдың бір көген марқа қозылары су астында қалып қойыпты. Содан Марқакөл аталыпты. Бұл халықтық этимология негізінде қалыптасқан дерек.

Н. А. Аристовтың кейбір жалайыр ру тармақтарын қарлұқтардың руларымен этникалық тұрғыдан ішінара байланыстыратын кейбір пікірлерін айта кетуге болар еді. Жалайырдың Сыпатай руының тармақтары ақ-марқа және қара-марқа өздерінің аты арқылы Алтайдағы Марқа көлін еске түсіреді және оларды қарлұқтар (қарлық) руының қалдығы деп айтуға итермелейді. Осы атауды иеленген қарлықтар Батыс Тәңіртауға Оңтүстік Алтайдан келуі, және осында өздерімен бірге Алтайда иеленген Марқа көлінің атын ала келді. Белгілі ғалым С. Аманжолов Марқакөл атауын Н. А. Аристовқа сүйеніп қарлықтардың «Марқа» ( қытайша моу-ло) деп аталатын VІІ ғасырда өмір сүрген, сондай-ақ Алтайдағы Марқакөл маңын мекендеген руымен туыстырады. Ғылыми этимология бойынша Алтай тауында бірнеше өзендер құятын көлдердің «үлкені, марқасы» деген мағына береді. Дегенмен, зерттеу нысанына айналған Марқакөл лимнонимін VІІ–VІІІ ғасырларда Алтай өңірін мекедеген қарлықтардың «марқа» тайпасы негізінде қалыптасқан көне түркілік атау деп топшылаймыз. Қатон-Қарағай ауданында 1760 м биіктікте тар аңғарлы, тік жарлы тау беткейлерінің арасында Рахманов көлі орналасқан оның ауданы – 1,14 км2, ұзындығы – 2,6 км, ені – 0,6 км, тереңдігі – 30 м. Көлдің солтүстік-батыс жағалауында радонды суымен ерекшеленетін «Рахманов бұлағы» шипажайы бар.

Қалба жотасы өзінің әсем табиғаты, ландшафтысымен ерекшеленеді. Гранитті тасты келетін таулардың қазаншұңқырында абсалюттік биіктігі теңіз деңгейінен 770-830 м биіктікте Сібе көлдері: Көктау массивінің оңтүстік баурайында Қошқаркөл (Сасықкөл), Алқа (Қоржынкөл), Үлмейіс (Шалқар), Дүйсен (Төртқаракөл), Ыстықпа (Қаракөл) орналасқан. Осы маңдағы таулар аралығында Абылай (Қалмақ ханы) аңғары бар. Көлдер аралығын өсімдіктерден айрылған гранитті қырқалар бөліп тұрады. Жалпы Сібе көлдерінің ауданы- 5,56 км2, тереңдігі – 2,5–38 метрге жетеді.



Сібе – атауының шығу тегін Ғ.Қоңқашбаев Себе (Сове) – құндыз (бұрмаланған моңғол тілінде), Сібе өзенімен, көлде тіршілік ететін жануар атымен (зооним) байланыстырады. Алғабас ауылының солтүстік-шығысында 2 км жерде археологтар мен өнертанушыларды қызықтыратын қалмақтың соңғы ханы Сібе-сула сарайының ескі орны және қорғандардың ізін байқауға болады.

Біздің пікірімізше, Сібе өзені, көлі Сібе этнонимінен туындаған, ал аумақтағы Аблакетка өзені (Абылайкит), Абылай аңғары атауларын қалмақ кезеңімен тығыз байланысты екенін айта кету орынды. Оны тарихи деректер құптайды. Ұсақ-шоқылы келетін Шар-Көкпекті, Шыңғыстау өңірінде ұсақ көлдер жиі кездеседі. Жарма ауданы аумағында 20-ға жуық үлкенді-кішілі көлдер бар. мұндағы көлдер тұнық, жаз айларында кейбіреулері тартылып құрғап қалады. Мысалы: Қараөткел, Сабындыкөл, Ащыкөл, Тұщыкөл, Сасықкөл, Сұлусары, Итаяқ, Маздақ т.б. көлдер жақын қоныстанған елді мекендердің құты құстарға, өсімдіктерге толы жайқалып өскен қамыс құрақтары көлдерге өзіндік сән береді. Сабынды көл аталуы тері ауруы бар малды көлдің суына бір шомылдырса, құлан таза жазылып кетеді екен. Балықты көл – ең ірі көл, суы тұзды ұзындығы- 6,7 км, ен і– 0,7 км, балыққа бай, жағасында демалыс орындары бар. Георгиевка селосынан оңтүстікке қарай Шар су қоймасы жанында Арасан көлі орналасқан, оның тұзды суы мен балшығы тері, буын ауруларына мын да бір ем. Делбегетей тауының теріске жағында Әлжан көлі орналасқан. Шыңғыстау – Абыралы маныңда Шолақтерек көлі, Таймақкөл, Ырсай, Қарасор, Құмкөл, Шошқалы көл, Каракөл т.б. көл атаулар бар. Алакөл Балқаш-Алакөл ойысындағы Балқаш көлінен кейінгі ең ірі көлдердін бірі. Балқаш пен Алакөл кездерде бір көл болып қосылып жатқан, кейіннен тектоникалық көтерілуге байланысты бір-бірінен бөлініп қалған. Қытай карталарында (құрастырған Цянь Луна) екі көлдің орнында бір көл берілген. Г.Клапроттың пікірінше Алакөл-Гургеноор, ал қалмақтардан алынған мәліметтерде Алактукуль деп берілген. Оларға көптеген ұсақ өзендер мен жылғалар құяды. 1840 жылдары орыс саяхатшысы А.Шренктің жүргізген зерттеуі бойынша, Алакөлдің көлемі 1700 шаршы километр делінген. Ұзындығы – 104 километр, ені – 52 километр, орташа тереңдігі – 22 метр, ал ең терең жері оңтүстік шығыс жағында – 54 метр. Көлемі 2076 шаршы километрден 2650 шаршы километрге дейін өзгеріп тұрады.

Алакөлге Үржар, Қатынсу, Емел өзендері құяды. Алакөлден кейінгі ірі көл – Сасық көл. Суы тұщы, жағалау жазық, сазды, қамыстың ерекше иісіне байланысты қойылған атау деуге болады. Ұзындығы – 49,6 км, ені – 19,8км; ең терең жері – 4,7м, көлемі – 736 шаршы километр. Алакөл мен Сасықкөлдің арасында Ұялы (Қошқар көл) орналасқан .

Республикаға маңызы бар Алакөл маныңда көптеген демалыс орындары ашылған. Зерттеу барысында Шығыс Қазақстан облысының көлдеріне физикалық-географиялық, геоэкологиялық тұрғысынан сипаттамалар берілді. Табиғат жағдайларын бейнелейтін лимнонимдер негізінен халықтық географиялық терминдер арқылы жасалғаны анықталды.

Су режимі мен қазаншұңқырлар морфологиясы, шығу тегіне қарай облысымыздың көлдері әркелкі болып келеді. Өткен геологиялық дәуірлерде үгілу әрекетінен қалыптасқан көлдер біршама кең тараған. Жер бедерінің үздіксіз өзгеріске ұшырауы, қазіргі кездегі көлдердің қалыптасуына әсерін тигізеді. Ежелгі өзен аңғарларында шөгінділер басып қалған жерлерде, бөгелген көлдер: Жарлыкөл, Әжболат, тектоникалық Жасыбай, Сабындыкөл, Торайғыр, суффозиялы (кеулеу) көлдерден балшық пен лессті жыныстардан тұратын Сладкое көлін атауға болады.

Терең шұңқырларда орналасқан көлдерге құятын уақытша ағынды өзен сулары жетпей қалады да, жазықты кеңістікте тұщы, ащы тұзды, тұзтұнба көлдер көптеп кездеседі. Көлдердің пайда болуы қазаншұңқырға келіп құйылған судың мөлшері (жер үлесі және жер асты жолымен), одан шығатын су шығыны (сіңу және булану) көп болған жағдайда жүзеге асады. Ыза суымен қоректенетін көпшілік ұсақ көлдер жаз айларында тартылып, батпаққа айналып кетеді. Жергілікті қазақтар көлдерді: жер бедері мен климаттық жағдайлар, пішіні мен көлемі, суының физикалық және химиялық қасиеттеріне байланысты ажырата білген. Көл термині барлық түркі тілі кеңістігінде кең таралған терминологиялық элемент. Сонымен қатар парсы тілі, кавказ халықтарында кездестіруге болады.

Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған қазақтар қоршаған орта ерекшеліктері, белгілі адам, ру тайпа, халықтың тұрмыс тіршілігіне байланысты көлдерге айдар тағып, атаулар беріп отырған. Көл атауларында халқымыздың көшпенді тарихы бейнеленіп, өлкеміздің өткеніне көз жүгіртуге мүмкіндік туғызып отыр. Зерттеу нәтижесінде біз облыс аумағындағы көл атауларын 6 топқа жіктеп топтастырдық: 1) орографиялық, пішіні мен көлемі, тереңдігі; 2) климат жағдайын айқындайтын; 3) түр-түсі, дәмінің ащы-тұщылығын, санын білдіретін; 4) антропоним, генонимдер арқылы туындаған; 5) метафоралық тарихи оқиғаға, діни көзқарасқа байланысты; 6) өсімдік және жануарлар дүниесін бейнелейтін т.б.

Аумақтағы гидронимдер жүйесінің негізін құрайтын көлдер (925 атау) көшпелілер үшін маңызды рөл атқарды. Топонимдерде кездесетін метафоралық терминдердің көпшілігі адам мен жануарлардың дене мүшелеріне қатысты сөздер. Мұндай анатомиялық сөздер көптеген тілдердің топонимдерінде кездесуінде үлкен бір заңдылық бар.



Сор терминімен жазда тартылып қалатын саяз сулы көлдерді атауға болады. А. Левшин 1825-1826 жж казақ даласының батыс бөлігін аралаған Эверсманның деректерінің негізінде сорларды төмендегіше сипаттайды: жазда онша кебе қоймайтын, қыста қатпайтын, жүруге қолайсыз батпақтар; жазда кеуіп, бетін аппақ тұз қабаты көмкеретін, өсімдіксіз құрғақ жерлер; ащы-тұщы көлдер ретінде сипаттайды. Э. М. Мурзаев сордың көптеген халықтардың географиялық терминологиясында кең таралғанын атап көрсеткен. Орта Азия халықтарында шор, шур” сортаң топырақ, дала, шөлейт, шөл белдемдеріне қарай мағынасының өзгеріске ұшырып, әртүрлі атауларға ие болатын жазады. Көне моңғол тілінде хужир, қалм. хужр, кейбір түркі тілдерінде, атап айтқанда тув. хужир, алтай және хақас тілінде хучур – сор, сортаң лексемасы, Орта Азияның түркі халықтары тілінде тек топонимикалық атаулар құрамында әртүрлі фонетикалық вариантта кездеседі . Ф. Щербина Омбы уезінен Ертістің сол жағалауымен Құдайкөлге дейін сусыз далада көпжылдық өсімдіктер қаулап өскен (бетегелі, көде, жусанды) қазаншұңқырларда кездесетін көлдерді “сор”, “қақ” аталатынын және әрі қарай жер бедерінің төбелі жоталы екендігін сипаттап жазады.

Қыс айларында тынымсыз соғатын қатты боранда адасып, ашығып- шалдыққан жылқылардың сорға тіпті табынымен батып кеткен жағдайлары кездеседі. Жаз айларында сорлар құрғап, бетінде тұз қабыршақтар қалыптасады. Ақсор, Айрансор, сордың келбетін алыстан аңғартады. Сарысор, Қарасор, Қызылсор, Көксор түстен басқа, судың қасиеті, лайлы болуы, ұсақ ағзалардың жарық сәулесімен шағылысып, маңында өскен өсімдік жамылғысы арқылы ерекшеленеді. Пішінін айқындайтын Доғабассор, Дөңгелексор, Шалқарсор, Қотансор, Кішкенесор, Ұзынсор, айрық, қон., метафоралық терминімен Аяқсор, Бассор, Құлақсор. т.б атауға болады. Сордың ерекшелік сипатын бейнелейтін Байсор, Майсор, Баянсор монғолша Баян/ байн/ бойон, бай маңында өсімдік жамылғысы қаулап өскен, суының тартылып қалмай, және т.б қасиеттеріне байланысты туындаған деп топшылаймыз. Сор маңында кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесінде бейнеленіп, ақпараттық қасиетке ие болып отыр. Жынғылдысор, Қызылағашсор, Тобылғысор, Ақтүйесор. Бөкенсор, Бүркітсор т.б. атауға болады. Бессор, Қоссор санын, Борлысор тартылып қалған сор маңында жергілікті халықтын ақбалшық алып, шаруашылықта пайдаланғанын білдіреді. Сасықсор атауы жаз айларында суы борсып, жағасындағы қамыс, шөптері шіріп, жағымсыз иіс шығаратынынан хабар береді. Табиғат ерекшеліктерін анықтай отырып, жергілікті қазақтар мекендеген ру-тайпа, адам атымен атап жүзеге асырған.

Генонимнен туындаған Төре соры, Шүрек соры, адам атымен Алтыбай соры, Бижан сор,Қодар соры, Мәшін соры т.б. кездесіп отыр. Қақ - термині көктем айларында ойпаң жерлерде жиналып қалған еріген қар суымен, жаңбырмен толығып отыратын жайпақ тайыз көлдер, Жаз айларында құрғап, тақырларға айналып кетеді. Қызылқақ көлі – Ертіс ауданынын солтүстік батысында орналасқан, облысымыздың ең үлкен көлі болып саналады. Облысымыздың тұзды көлдерің зеттеген ғалым Е.В. Посохов: “Қызылқак көлі-Ертіс өзенінен 100 км батысқа қарай орналасқан, пішіні дөнгелек, ені біршама ұзын, ауданы – 170 шаршы км, болсада 1,5 м тереңдікті көрсетеді. Көлдін жағалауы жарлы, биіктігі 5 м, қызыл-қоныр сазды және құмды жыныстардан қалыптасқан. Көлге жан-жақтан көптеген жырасайлар құяды да, жаз айларында арналары құрғап қалады. Төре аулының маңында ағып шығатын жыра сай жаз бойы көлге құйып жатады. Су ағып шығатын жерде борпылдақ қызыл лай батпақты темір қабықшасы пайда болған” – деп жазады. Жергілікті қазақтар суы ащы-кермектілігі жоғары, батпағы қызғылтым болғандықтан көлге осындай атау берген. Аққақ, Қарақақ, Қонырқақ, Құлақақ қоныс атауларында кездесіп, Жаманқақ, Лайқақ анықтауыш ретінде судын қасиетін білдіреді.

Тұз – термині гидронимдер құрамында жиі кездеседі. Ғ. Қоңқашбаевтың анықтауынша бұл сөз “тұз өндірілетін, кеуіп бара жатқан көл” дегенді белдіреді. Қазақстан лимнонимдерінде көлдердің тұздылық дәрежесі мен деңгейі, тұз кәсіпшілігі туралы мағыналық жүктемеге ие болады.

Ертіс өзені маңындағы көлдер тұз тұнбалы болғандықтан тұз өндіріліп, Ресейдің Батыс Сібір қалалары, Пермь губерниясына жеткізіліп отырған. Тұз өндіру саласы ХХ ғасырдаң 30 жылдары аралығына дейін бір шама жақсы дамыды. Тобылжан, Сольветка, тұзды көлдерінен қазіргі уақытта тұз өндіріледі. Тұзкөл, Тұзшілік, Шақпатұз, Еспетұз, Кемертұз, Жақсытұз, Жамантұз көл маңы ерекшелігі, тұзды өңдіру, батпақтану дәрежесі т.б. факторларға байланысты қойылған. Қызылтұз (2 көл) ,е.м., атауы судағы тұздылық дәрежесі жоғары, ұсақ ағзалар жарық сәулемен шағылысып, өзіндік жүктемеге ие болып, қалыптасқан.



Ащы – термині көлдің тұздылығы жөнінде хабар береді. Топонимдер құрамындағы мағыналық жүктемесі аталған себептерге байланысты әркелкі болады. (Ащылыкөл мен Ащыкөлдің мағынасы екі түрлі). Ащы - көл маңында тұзбен ылғал сүйгіш өсімдіктерге бай, мал жайылымы болып табылатын жерлер. Қазақ халқы су көздерін жарамды, жарамсыздығын ескеріп, қай шөптің қай түлікке жұғымдылығын ежелден-ақ аңғарған. Ащы термині жайылымның ерекшелігін, суының тұздылық дәрежесін бейнелейтін гидронимдер құрамында жиі кездеседі. Ащыжайлау, Ащыкөл (12 көл) қон., Ащысор, Ащытақыр атаулары мал жайылымымен тығыз байланыста жатқандығын аңғартады. Қазақ халқының өмір тіршілігін, әдет-ғұрпын жетік білетін Л.К. Чермак жазады: дала мен шөлейттің керемет иесі болу тек қазаққа тән, өйткені олар малды көп ұстап, бағуға ерекше мән береді.

Тақыр – өсімдік жамылғысынан айырылған, беті тегіс, сазды жыныстардан тұратын жерлер. Тақырлар малды шамадан тыс жаю нәтижесінде қалыптасады . Көктемде қар еріген кезде немесе жаңбыр жауғанда тақырға қақ тұрады, жазда суы тартылып, түбі қатады да жарылып кетеді . Балатақыр қон., Ақтақыр, Тақыр е.м., Қабантақыр қон. атауларын В.Н.Попова өсімдік дүниесінен айырылған жерлермен байланыстырады. Татыр деп тұзды кебірлі жерлерді атайды.

Ой-Шұқыр термині лимнонимдерде көлдің ойыс жерде орналасқанын, кішігірім қазаншұңқыр мағынасында айтылады. Шұқыр, Шұқыркөл, Байшұқыр қоныс атаулары қалыптасқан. Былқылдақ (қалқыма ұйық, оппа) – еспе сулармен қоректенетін батпақты шалғынды ойысты жерлер. Өтіп жүре алмайтын, сулы жер мағынасында қолданылады. Былқылдақ (2 көл) айрық атауы. Қамыс фитонимі семантикалық жағынан гидронимдік терминнің эквиваленті негізінде қарастыруға болады. Қамыс – көл, су маңында ғана өсетін өсімдік түрі. Гидронимдік термин қамыс 40-тан астам географиялық атауларда көрініс тапты. Қопа деп қамыс-қоға өсетін батпақты жерлерді атайды. Құрқопа айр., Қопа қон., атаулары өзіндік жүктемеге ие болып отыр. Томар – жер асты суымен қоректенетін, шалғынды өсімдіктерге бай, төмпешікті-батпақты жерлер. Ақтомар көл, Қаратомар қон., Қостомар е.м. атаулары бар. В.Н.Попова – Жалтыр, Жалпақ терминдерін көлемі біршама үлкен су айдынын, өсімдіксіз ерекшеленіп тұратын көлдерді атайды, Балқаш - көл, сор атауы. Е. Қойшыбаев Балқаш атауы балық (көне түрк. “су” мағынасында) сөзіне гидронимиялық - “аш” қосымшасының көмегімен субстантивтенген сын есім арқылы пайда болды. Балқаш–мәні көгал, шүйгін, балдыр ұғымы ретінде қарастырады.

Батпақ-(гелоним) термині Э.М. Мурзаевтың пікірінше (батпақ) өсімдіктер өсетін,шымтезек басқан, шектен тыс ылғалды су іркіліп жинақталған ми батпақты жерлер. Орыс тілінде “болото” сөзі Шығыс Еуропа елдері, Ресей, Белорусь, Украинада жиі қолданылатынын және әртүрлі мағынаға ие болатынын атап көрсеткен. Н.И.Толстойдың Славян географиясының терминологиясында батпақты негіздейтін гелонимдік терминдер: болото, багно, олес, волокно, мох, трань топило, дрегва, нетра, нетеча, мерва, движ, здмух, кожух, смуга, струга, погоня, морочна, руда, бель, выжар, погарь, бон, прорва, плесо, окно, озеро, т.б. жан  жақты баяндалған.

Ғ.Қоңқашбаевтың топшылауынша жүріп өте алмайтын ми батпақты жер мағынасында айтылады. Батпақкөл (2 қон.) е.м., Батпақ-Үшкөл өз., Үшінші Бабатай батпағы атаулары батпақты жерде орналасқаны жөнінде хабар береді. Шығыс Қазақстан облысында Батпақ термині 20 дан астам лимнонимдерде көрініс тапты. Ақбатпақ, Қарабатпақ, Батпақкөл, Батпаққопа, Батпақсор т.б. Ляга-сөзі батпақтанған ылғалды ойысты жер, сулы шұңқыр, тоған, қазаншұңқыр т.б., Алтайда- батпақ, көл, Батыс Сібірде – жыра, сай, Шығыс Сібірде көктемде су тұрақтайтын қазаншұңқыр мағынасында айтылады. Қазақстанның Солтүстік өңірлерінің маңында астық тұқымдасты өсімдіктер өскен, қайыңды-көктеректі ылғалды батпақтанған ойысты жерлер.

В.Н.Попованың еңбектерінде Долгая ляга, Кривая ляга, Подсопочная ляга, Широкая ляга, Солдатская ляга, Алешкина ляга атаулары кездестірдік, Ляга, Малая Ляга батпақ атаулары Шаманайха ауданында да орын тепкен. Батпақты жерлер Алакөл маңында жиі кездеседі. Согра терминін В.В.Сопожников былай топшылайды: аласа қайыңдар өскен батпақты жазықтар (Сібірде). С.И.Ожегов сөздігінде кездеспеуіне қарағанда, сібірліктерге тән диалекті болуы тиіс деп білеміз. Согра (3 рет) е.м., көп атаулары бар. Батпақтың мибатпақ, қорыс тартпа сөздерінің мағынасы славян тілінде кездеседі. Зерттеу барысында аумақтардың көл, батпақ атауларының белгілі дәрежеде бейнеленгені анықталды(3-сурет).

3-сурет – Көлдердің даму сатыларының лимнонимдердегі көрінісі (К.Д. Каймулдинова бойынша)



2.4.2 Табиғи су нысандарының топонимдердегі көрінісі

Микротопонимия (грекше - микро - кіші) белгілі аумаққа тән ұсақ физикалық- географиялық нысандардың, өзен – көлдер, көлшік, бұлақтар мен бастаулар, құдықтар мен жылғалар, сай – салалар, жоталар мен төбе-төбешік, қыр – қыраттардың, қыстаулар мен жайлаулар аттары. Жалпы макротопоним және микротопоним деген терминдерді кеңестік білім саласында алғаш рет А. Р. Суперанская және Э. М. Мурзаев қолданды.

Өзінің тегі жағынан жалқы есімдерге тым жақын. Өйткені олардың бәрі тілдегі мағынасы айқын, көпшілікке түсінікті сөздерден қойылып отырады. Микротопонимдер қоғам өзгерісіне қарай өзгеріске түсіп, бұрынғыларының орнына жаңа атаулардың пайда болып отыруы түрлі тарихи оқиғалармен байланысты. Ондай микротопонимдердің сан жағынан басымы да, көбі де ана тіліміздің байырғы сөздерінен жасалған .Көптеген микротопонимдер өткен ғасырларда халық өмірінде кеңінен қолданыс тапқан, қазіргі кезде басым көпшілігі ұмытылып, өз орнын жоғалтып алды. Оларды XVII–XVIII, XIX–XX ғасырлардағы тарихи деректер мен кейбір географиялық статистикалық анықтамалардан анық көреміз. Ф.Н.Шербинаның зерттеулерінде Семей облысының Зайсан, Өскемен, Семей уездерінде 1076 гидроним атаулары тіркелген. Қазақстанның солтүстік-шығысында орналасқан. Павлодар облысында көптеген көлдер, өзендер, батпақ бұлақтар бар. Еспе сулары жер бетіне жақын жатқандықтан құдықтар көптеп кездеседі. Ф. А. Щербинаның зерттеулерінде 248 бұлақ, 336 құдық, 20 батпақ атауы тіркеуге алынған.

В.В. Радлов еңбектерінде микрогидронимдерге көптеген анықтамалар беріліп, түрік тілінде сөйлейтін халықтардың ортақ атаулардың ұқсастығын зерттеген. Көшпелі мал шаруашылығымен шұғылданған түркі-моңғол тілдес тайпалар су көздеріне ерекше мән беріп қастерлеген. В. А. Казакевич моңғол және түрік халықтарында көшпелі мал шаруашылығы қолданып, “бұлақ”, “құдық” терминін жиі атап көрсеткен. Қазақ терминдері басқа да түркі халықтарының географиялық терминологиясының құрамында Э. М. Мурзаевтың еңбектерінде талданды. География ғылымы тұрғысынан қазақ географиялық терминдерін алғаш рет топтастырып, мағынасына анықтама берген Ғ. Қ. Қоңқашбаевтың зерттеу жұмыстарының алатын орны ерекше. Қазақстанның аумағындағы табиғи ерекшеліктер: жер бедері, гидрография, өсімдік және топырақ жамылғысы, жануарлар дүниесі, климат жағдайлары халықтық географиялық терминдерде көрініс тапты. Қазақ гидронимиясын зерттеуге үлес қосқан В.Н. Попова өзінің зерттеулерінде 1800 гидронимдердің ішінде 626 микрогидронимдерге: құдық, бұлақтардың бар екенін анықтап көрсеткен.

Микрогидронимдерге жататын бұлақ атаулары: жер бедері, түсі, дәмі, қасиетіне, қозғалысына, құдық көлемі, тереңдігі орналасқан жеріне, сонымен қатар діни наным, оқиға, өсімдік, жануарлар, адам, ру-тайпа атына байланысты қойылады. Зерттеу нысанына айналған Шығыс Қазақстан облысы аумағында табиғи су көздеріне жататын 1257 атау, жасанды су көздерін негіздейтін 277 атауды анықтадық.

Аумақтарда кеңінен таралған гидрологиялық нысандардың бірі – бұлақтар. Бұлақтар тау бөктерлері, аңғарлар мен өзен жайылмалы, сағалар мен салаларда шоғырланған. Табиғи су көздерін зерттеу барысында ақпараттық мазмұны мен табиғат жағдайларындағы таралу заңдылықтары анықталды. Шығыс Қазақстан облысында өзен-көлдердің көптеп кездесуі табиғи су көздерінің қалыптасуына септігін тигізген.

Табиғи су саны ландшафтық ерекшеліктеріндегі бұлақ атауларын негіздеуде бұлақ (427 рет), бастау (54 рет), қайнар (29 рет), көз (267 рет), Ақпа (2 рет), жыра (8 рет), тұма (47 рет), үйірім (7 рет) кездесіп, микрогидронимдік индикатор – терминдер жүйесін байытып отыр. Аталмыш терминдер орналасуы, жылдамдығы, ағысы т.б. ерекшеліктеріне қарай әртүрлі ақпарлар беруі мүмкін.

Қайнар” – деп жер бетіне қысым арқылы шығып жатқан су көздерін атайды. Көз, үйірім атаулары бұлақ суының бастауын, ерекшелігін айқындайды. Құдық, бұлақ түріндегі микрогидронимдер көшпенділер қоғамында экологиялық ақпарат көзі болғанын дәлелдейді. Мысалы, Тұма термині Қазақстанның әртүрлі аудандарында әркелкі бұлақтарға қатысты қолданылады: Оңтүстік-шығыста бұл термин мен шалғынды өсімдіктер басқан, баяу ағатын бұлақтарды; Шығыста жылғаларға бастама болатын бұлақтарды; Қаратауда су алатын бөгелген бұлақтарды; ал Бетпақдалада жоғары шапшып ағатын бұлақтарды айтады.

Бұлақ, құдық атаулары қазақтың дәстүрлі шаруашылығында жиі кездесіп, ерекше орын алады. Бұлақ, қайнар, бастау, көз, жылға, тұма атаулары аймақтарда жиі кездеседі.Г.И.Донидзе зерттеулерінде “бұлақ” түрік және түркмен тілінде “чешмә”, өзбекше “чашма”, башқұрт-татар тілінде “шишмә”, “Чишмә”, басқа түркі тілдес халықтарда “бұләк”, “булак” және “қарасуг” фонетикалық тұрғыдан бұлақ, қайнар, көз, жылға атауларына сәйкес келетінін атап көрсеткен . Алтайдың бар байлығы суы, сай-саласы толған тұма ирелеңдеу аққан бұлақтар. Өйткені, аумақта көптеген микрогидронимдерді кездестірдік (4-сурет).

Бұлақ суының сапалық сипаты, шаруашылыққа жарамдылығы да табиғи су көздерінде көрініс тапқан. Бұлақтың ерекшелігін анықтайтын «жақсы», «ащы», «тұщы», «сасық», «жаман», «тентек» сөздердің қатысуымен қалыптасқан атаулар жиі кездеседі. Сонымен қатар қасиетті (Әулиебұлақ), шипалы суы бар атаулардың орны ерекше. Оңтүстік алтайдағы Рахман қайнарлары, Арасанды Қаба өзені, Арасан көлі (Жарма), Арасан Талды (Жайсаң), Барлық - Арасан т.б. атаулар шипалы суына байланысты аталған. Атаудың негізінде санскрит тіліндегі раашан «қасиетті су» деген сөз жатыр. Монғолша аршан, қазақша арасан түрінде келіп, шипалы суы бар жерлерге қойылады. Рахман қайнарлары Рахманов деген аңшы тапқанға дейін бұл қазақ, қалмаққа әйгілі болған. Барлық-Арасан минералды бұлақтары Арасан тау бөктерінің барлық тау алқабында ащы-тұзды Алакөл көлінен – 24 км жерде орналасқан. Осы маңда «Барлық-Арасан» санаториі бар.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет