Оқу – бұл мақсатты түрде бағытталған, арнайы ұйымдастырылған студенттердің танымдық іс-әрекеті, оның орындалу барысында білім, іскерлік, дағды жүйесі меңгеріледі және жеке тұлғалық қасиеттері дамиды. Оқудың мақсаты болып таным, қоршаған орта жайлы ақпараттарды жинақтап өңдеу табылады. Оқудың қорытындылары жалпы оқушының дамуынан, қарым-қатынас жүйесінен, білімінен, іскерлік, дағдысынан көрініс табады. Оқыту үдерісі өзара байланысты мынандай компоненттермен танылады: мақсат, міндеттер, мазмұн, субъектілердің қызметі, әдістер, тәсілдер, құралдар және оқытудың нәтижесі. Жүйені қалыптастырушы компонент болып табылатын мақсат оқыту үдерісінің қалған барлық компоненттерін өз қарамағына жинастырады. Олардың барлығы біркелкілік пен бүтіндікті қалыптастырып, алдыға қойылған мақсатқа жетуге септігін тигізеді. Оқыту үдерісінің әдіснамалық негізі болып гносеология саналады. Гносеологияның негізгі қағидаларына сәйкес, таным үдерісі нақтылы пайымдау, абстрактілік ойлау мен практика бірлігінен тұрады. Оқыту үдерісінің қозғалтқыш күші қарама-қайшылық болып табылады. Ол қорытылып талданған түрінде былайша түсіндіріледі: оқытудың арнайы мақсатына жету қажеттілігі мен мақсатқа жетуге деген тәсілдері мен құралдардың жетіспеушілігі арасындағы келіспеушілік; нормативтік талаптар, педагогтың педагогикалық әсер етуі мен білім алушылардың оқу мазмұнын нақты белгіленген уақытта, белгілі деңгейде меңгеру мүмкіндіктері арасындағы келіспеушілік және т.б. Оқыту үдерісінің субъектілері (педагог пен білім алушы) мынаны түсінгені маңызды: олар оқу барысында жалғаса беретін қарама-қайшылықтарды бірігіп шешіп, келесі пайда болатын жаңа қарама-қайшылықтарды шешуге дайын болуы керек. Оқыту кезінде үш қызмет жүзеге асады: білім берушілік, дамытушылық және тәрбиелік. Жалпы алғанда барлық қызмет өзара байланысты және өзара жанамаланған, сонда да бұл жүйеде басымдылық білім беру қызметінен табылады. Практика жүзінде қызметтердің іске асуы кешенді міндеттердің шешімін табуымен, педагог пен білім алушы іс-әрекетінің мазмұнымен, оқыту әдістері мен формаларының үйлесімділігімен байланысты.
Достарыңызбен бөлісу: |