Аймақтық топырақтарға жекелей ландшафта топырақ түзілуінің биоклиматтық жағдайының ерекшелігіне байланысты қалыптасып, кең аумақта кездесетін топырақтар тобы жатады. Мысалы: қара топырақ, қара-қоңыр топырақ.
Интрааймақтық топырақтарға аймақтық топырақ жамылғысы ішінде кездесетін, көбінесе кішкене аумақты алып жататын барлық басқа топырақтар жатады. Олар осы аймақ ішінде топырақ түзуші тау жынысының немесе топырақтың ылғалдануының ерекшелігіне байланысты түзілген болып келеді. Мысалы: шалғынды топырақ, кебірлер, сортаң топырақ. Топырақтардың қатарларға жіктелуі олардың табиғи ылғалдануына байланысты.
Автоморфты топырақтар көтеріңкі жазықтықтар мен беткейлерде кездеседі. Бұл топырақтардың түзілуіне қосымша ылғалдың және тереңде жатуына байланысты ыза судың әсірі болмайды.
Жартылай гидроморфты топырақтар ыза судың жердің 3-5 метр тереңдігінде болып топырақ түзілуіне әсер етуі және сонымен бірге топырақтың үстіне қосымша жиналатын ылғал әсері бар жерлерде қалыптасады.
Гидроморфты топырақтар ыза судың жер бетіне жақын орналасқан (1-3 метр тереңдікте болатын), сонымен бірге қосымша ылғал жиналатын ойпат жерлерде кездеседі. Осы ылғал топырақтың қасиеттерінің қалыптасуына үлкен әсерін тигізеді.
Қазақстанның жазықтық жерінде және таулы өлкесінде кездесетін топырақтарды классификациялау нұсқасы 1 және 2-кестелерде келтірілген.
Қазіргі кезде топырақ классификациясын құру кезінде келесідей принциптер колданылады:
- классификация топырақтың негізгі қасиеттеріне және режимдеріне сүйеніп, топырақ түзілуін қамтамасыз ететін құбылыстарды ескеруі керек. Яғни ол топырақтың пайда болу тегін ескеріп және сонымен бірге экологиялық, морфологиялық және эволюциялық бағыттарды да қамтуы қажет.
- классификация ғылыми таксономиялық бірліктер жүйесіне негізделіп құрылуы керек.
- адамдардың әрекетінен болған топырақ құрамындағы өзгерістер, қасиеттер классификацияда ескерілуі шарт.
- классификация топырақтың өндірістік ерекшеліктерін айқындап, оны ауыл және орман шаруашылығында тиімді қолдануға мүмкіндік беруі керек.
Қасиеттеріне және классификациясына сәйкес берілетін атау жүйесі
Достарыңызбен бөлісу: |