6. Жаңаша мектептің моделін жасау.
Бізде қазақ тілді, орыс тілді, жеке пәндерді тереңдетіп оқытатын мектептер бар, нәтижесіз де емес, бірақ тәуелсіз еліміздің жаңаша ұлттық мектебінің моделі жасалған жоқ. Кейбір мектеп: «Біз үш тілде оқытамыз», - дейді. Тіл білгені жақсы, бірақ мәселе баланың санасы қалай қалыптасып жатыр, сонда.
Жаңаша ұлттық мектептің экспериментальды базасында «Қазақ мәдениеті» кешенді бағдарламасын, ұлттық тәрбиені жаңа заманмен ұштастырудың жолдарын, ұлттық сана қалыптастыру жүйесін іске асыруға толық мүмкіндік болар еді. Жүз емес, осындай бір мектепке көңіл бөліп, жеткен нәтижелерін таратуға ыңғайлы. 90 жылдардың басында осы бағытта ізденістер жасаған ұстаздар болды (Мысалы, Сәдуақасов бағдарламасы, Гуманитарлық Қазақ мәдениеті мектебінің тұжырымдамасы). Бірақ жаңа бастамаларды әр түрлі шенеуніктердің өзімшілдігімен рухани дәрменсіздігі тұншықтырады. Бізге жаңалық керек емес деп кеудесін ұрды. Ол кезде көрші Ресейде жаңалығы бар мұғалімдерді іздеп тауып, жол ашып жатты. Біз болсақ, бүгінде сол Ресей мектебі стандартының көлеңкесінде қалып отырмыз. Ұлттық мектептің жаңаша мазмұнын ойлауға мұрша жоқ.
7. Дәстүрлі салтымызға жат діндердің қысымына тосқауыл қою. Жас мемлекетіміздің ұйтқысы болып отырған қазақ ұлтының тұтастығына әр түрлі сенім-көзқарастарды тықпалау арқылы іріткі салып жүрген жат топтарға заңмен тыйым салуды ойланса дейміз. Жапония да 300 жыл бойы өзге дінге тыйым салу арқылы біртұтастығын сақтап қалған. Жеке адамның демократиялық құқы тұтас ұлтқа қауіп төндіретін болса, арасалмағын саралап көрмейміз бе? Жоғары оқу орындарында теология факультеттерін немесе теология институтын ашып, дінді мәдениеттің бір саласы ретінде зерттеу керек. Дінге дүмше молданың көзімен қараудың уақыты баяғыда өтті. Жастарды сендіріп сөйлей алмайтын діндарлықты – тек күнкөрушілік дейміз.
8. Дәстүрлі санаға қайшы келетін, зорлық-зомбылық, ашық әдепсіздікті дәріптейтін фильмдерді көрсетуді тоқтату. Халықтың өзі де зорлық - кинолардан тойып болды. Ұлттық кинотуындыларын кеңінен таратып, теледидар арқылы қазақ өнерін, өмір-салтын, иман-әдебін көбірек көрсету қолдан келмейді дегенге сене алмаймыз. Телехабарға білікті де мәдениетті жүргізушілер қатарын қазақша еркін сөйлей алатын, ойлы авторлық бағдарлама жасай алатын жазушы, ғалымдар есебінен көбейте түсуге болады. Теледидарға коммерцияның көзімен қарағанда, көрерменнің жанын коммерциялау мақсатын тұтпауы керек. Экран бетінен жан-дүниеге көбірек орын берілсе. Телеақпарат таратудың ұлттық концепциясын жасау да кезек күттірмейтін істердің бірі дер едік. Теледидар өз көрерменін тәрбиелеудің орнына, ортадан төмен талаптардың соңынан ере беруге болмайды.
Қазіргідей «Азия дауысы» деген атқа жауап бермейтін, елдік мүддеден тумаған, көпшілікті жалықтыра бастаған шаралардан гөрі шынайы азиялық өнерді көтермелеуді ойланатын қайраткерлерге жол ашылса.
Түнгі дискоклубтардың сапасына мән берген, оған басшылық жасайтын адам бар ма? Шараптың көңіл-күйімен не болса соны сөйлейтін, жігіттердің мойнына мініп алған қазақ қыздарын теледидардан жиі көретін болдық. Мұндай клубтарды дәстүрлі музыка мен дәстүрлі салт негізінде ұйымдастыруға болмай ма?
Көпшілік баратын базар, парк т.б. орындарда қазақ музыкасы ойналмайды, Батыс музыкасына жұтылып кеткен. Бұл да болса – қай елде отырғанын сыйламаудың көрінісі. Оған бағыт беру үшін ешқандай ақша қажет емес, жанашырлық болса жетіп жатыр. «Азия ойындарының» ашылуындағы елдік қасиеттеріміздің рухы жалт етіп, жоқ болып кететін түске айналмаса екен. Жастарды тобырлық санаға емес, елдік санаға тәрбиелеу өз қолымызда.
Достарыңызбен бөлісу: |