Таланттар



бет11/151
Дата24.05.2022
өлшемі1.99 Mb.
#458608
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   151
Таланттар

ХАН ТАЛАПАЙ

Өмірде көне қиссадағыдай әділдік ылғи жол тауып отырмайды ғой. Адам адам болғалы әділетсіздікпен күресіп келеді екен. Баяғы біздің жыл санауымызға дейінгі «Авестадан» бастап, бүгінге дейінгі адамзат атаулының ақыл-санасы осыны аңсайды. Сонда дағы азаятын түрі жоқ. Наушаруан патша айтыпты: «Әділетсіздік әуелде аз еді, оған әркім аз-аздап қосқаннан көбейіп кетті», – деп. Ал әділетсіздікті тудырушы қоғамның өзі болса, қайтеміз? Мен өзімді саясатшы адам деп есептемеймін. Ол да өзінше талант қой. Саясаттың түрлі құбылнамасына күдікпен қарайтындардың қатарына жататын шығармын. Сонда да болса, жаңа өмірін өзіне дейінгі тарих пен дәстүрді сызып тастаудан бастаған қоғамның баянсыздығы заңдылық қой деп ойлаймын. Ата-бабасын «Қараңғы, надан» деп жариялаған ұрпақ өз балаларынан да құрмет-сый күте алмаса керек.


Қоғамдық ой кеңес өкіметі құрылғаннан бастап, идеялық «туыстықты» дәріптеді, оның нәтижесінде ата мен бала жау болып шықты. Ата дәстүрді жоюға үйретті. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген сан ғасырдан жинақталған ұлттық педагогиканың керегі болмай қалды. «Кім күш көрсетсе, сонікі дұрыс, кім бұрын бас салса, сонікі рас» психологиясы бәрін жеңіп, «хан талапай» өмірге көштік. Енді соның жемісін теріп жүргенімізді айта кетейін. Қаланың сыртына баратын автобусқа қағыса-соғыса ілігіп, сығымның күшімен орта тұсына жеттік-ау. Мезі болған автобус оқиғасы жалықтырған шығар, сонда да болса назар аударуды сұраймын. Әр оқиғаның өз қызығы бар ғой. Сонымен орындықтарға күш-қуатты жастар жағы келіп жайғасыпты. Біз жетіп сүйенген жерде 6-7-кластарда оқитын қыз бала бір жағына сөмкесін қойып, бір жағында өзі, екі адамның орнын жайлап отыр екен. Қасымда жетпістің жетегіндегі кәрі кісі тұр. Әлгі қыз селт етер емес. Байқамай отырған шығар деп, үлкен кісіге орын беруін сұрадым.
– Занято!– деді оқушы қыз.
– Онда күткен кісің келгенше, отыра тұрсын, кішкене жылжы, – дедім.
– Я вам сказала, занято! – деді тағы.
Әңгімеге қарияның өзі араласып, өтініш жасап көріп еді, құртақандай қыз міз бақпады.
– Ойпырмай, жұрт баласын өмірге бейім, тастай қылып қалай тәрбиелейді екен, а...– деп қалды қыздың желке тұсында отырған бір әйел. Адамшылықтың қадірі кеткен заманда өзі де опық жеп жүрген болар.
Пәлен жыл мұғалім болып, «адам тәрбиеледік» деп мәз болғанда, мына титтей қызға жөн сөзді өткізе алмаған бейшаралығымды М. Булгаковтың «Ит жүректі адамын» еске алған кісі түсінер.
Көз қарайып, ашу-ыза алқымға тірелді. Қасында аяқ-қолы дірілдеген ақ шашты ана, ауыр-ауыр сөмке көтерген шешелер түрегеп тұрғанда, екі орында бір өзі шіреніп отырған мына кішкентай қуыршақ-роботтың жүрегіне қандай бағдарлама салынды екен? Сірә, қоғамдық моральдың балшығынан айнымай жасалынған роботтың кеудесінде «тас жүрек» деген бағдарлама бар шығар. Ал автобустағы басқа адамдарда «бір-бірімізде жұмысымыз жоқ» деген сөздер жасырынған болуы керек, ештеңе көрмегендей, өзімен-өзі әуре.
Сол мезетте автобус ішіндегі адамдарын бір-біріне соғып, мыжып, ыңырана қозғалып жүріп кетті. Кішкентай батыр қызға қарап:
– Күткен кісің келген жоқ қой, жылжысайшы, мына әжең отырсын, – дедім ақырғы сабырымды сақтап.
– Сказала, не буду! – деп әлгі қыз алая қарады. Барлық амал таусылған соң, өз ісіме өзім есеп берместен, іштегі бір әлсіздіктің күшімен қызды әрі қозғап, орын ашпақ болып, қолыммен итеріп қалдым. Сол-ақ екен әлгі қыз алдыңғы орындықтың арқасынан тастай ғып ұстап алған қолын жібере салып, мені сабалай бастады. Өмірде ойламаған нәрсе кездеспейді деуге болмайды екен, педагогтік ақыл-айламды түгел тауысқан жерім осы болды. Бейшаралығыңды сөзінуден жаман нәрсе жоқ, тамағыма тас кептелгендей, ұрысуға үн де шықпай қалды.
Осы кезде ақырған бір дауыс естілді. Аждаһа Горынычтың өзі көмекке келгендей қаһарлы дауыстан жүрегіміз дір етті.
– Ол қызды неге ұрасыңдар, а?!
Сөйтсек, автобустың алдыңғы жағындағы орындықтан жалпақ беті ісіңкі қара кісі көзі тасырайып, бізді тәртіпке шақырып тұр екен.
– Ол қыз менің көршім, қарашы тиісіп...
Әрең дегенде орындықтың бір шетіне іліккен қария да ашуланып, айқай салды:
– Әй, қарағым, ұрып жатқан ешкім жоқ, жабылып, құрттай қыздан бір орын сұрап ала алмай жатырмыз.
– Орын керек болса, айтпайсыңдар ма, мен-ақ беретін едім ғой. Осы сендейлер ме (менің тыныштығымды бұзған)? – деді кіжініп. Жуан мойнын жөндеп, алдына қарай жайғасты. Мұндай сүйкімсіз беттің әрі бұрылғаны дұрыс болды. Осы кезде:
– Што ви шиуміте? Я вас сичась висилиу!– деп айқай салды автобустың жүргізушісі. Қара мұртының қылымен атып жібере жаздап тұр. Уәж қайтарған болып ек:
– Вот эти интилигенти надаели...– деп есігін тарс еткізді.
Табан астында қолдаушылар табыла кеткенге жібіген қыз ызаланып, сыңсып жылай бастады. Бірақ жетер-жеткенше айылын жимастан көлденең түскен күйінде жатып келді. Қария да ерегіскен болуы керек, әрең ілініп отырса да, тұрып кетпеді.
– Уһ, алла!– деп жеттік-ау. Ашу қысқан басымыз қазандай боп, әрең ілбіп сыртқа шықтық. Қария болса, манағы айта алмай қалған сөздерін әлі жалғап келеді.
– Оларға ызаланып қайтесіз...– деген дауыс шықты артымыздан. Манағы қыздың арт жағында отырған әйел екен.– Ұрысып та жөндей алмайсыз, жөндеуден кетті ғой. Біздің бала күнімізде: «Үлкенді сыйла!» – деп үйретуші еді. Содан ба, әлі күнге артық сөйлеуге ұялып тұрамыз.
Әйелдің қолында ауыр сөмке бар екен, оны бөлісіп алған соң, уһлеп қойып, әңгімесін жалғап кетті:
– Ал анау алдыңғы қатарда айқайлап отырған кісі – осы ауылдың мұғалімі. Бір кезде бастық болғансып жүруші еді, енді арақтан төмендеп, мұғалім боп жүр дейді ғой...
– Е, е, – дедік біз таңғалып. – Азған-тозған өмірден түңілуден басқа ештеңе қалмады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   151




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет