МЕДИТАЦИЯ
Шығыс спортында жаттықтырушы жаттығуды бастамас бұрын медитация арқылы спортшының жан-дүниесін қажетті күйге келтіреді. Шаршаған студенттің көңілін сабаққа бұру үшін де «медитацияның» көмегі керек болып қалады.
Әнеки, партаға бастары салбырап, көңілсіздік басқан.
– Түнімен курс жұмысын жаздық, үш семинарға бір күнде дайындалдық...– дейді.
А.П. Чеховтың Ванясы бар емес пе еді, қожайынның кебісін сүртіп отырып: «Шіркін, осы кебістің ішіне кіріп кетіп, ұйықтап алар ма еді», – деп арман қылған. Мына отырған елу адамның күйі дәл қазір Ваняға ұқсас. Мұндайда бірден сабақты айтып, зорланғаннан гөрі, жай бір сөздердің жүрекке жетіп барғыш қасиеті бар. Терезеге көзім түсіп кетіп еді, қар жауып тұр екен.
– Біраздан соң біздің аппақ жүрегіміздей жер беті де аппақ болады. Жарқырап күн шығады. Осындай кезде адамға жақсы ойлар келеді... Айтпақшы, студенттің сабаққа ықыласы жылдың қай мезгілінде жақсы болар екен, ә? Бүгінгідей қыс кезі қалай?
– Жатақхана суық, аудитория суық. Бойың жылымай отырғанда, миға сабақ кіруі қиын шығар.
Біреуі қызға тән ықтияттылықпен қыстың күні сабақ оқуға қолайсыз екенін дәлелдей бастады.
– Ал көктем ше? – дедім сенімсіздеу дауыспен. Енді жігіттер жағы гуілдесті:
– Ой, көктемде дала оянып, жапырақ жарады. Қыздар да сұлу болып кетеді. Онда аудиторияға кіргің де келмес.
Көңілдене бастадық. Мен де еркінсіп, әлгі баланың дауыс ыңғайымен әңгімені жалғастырып әкеттім:
– Ал күз туралы тіпті айтпай-ақ қояйық. Қауын-қарбызыңды арқалап, ауылдан жаңа келген кезің. Ала жаздай демалысқа үйреніп қалған адам сабаққа қалай көңілін бұрсын!
Сонымен жылдың төрт мезгілі де оқуға қолайсыз болып шықты. Студенттердің жүзіне қарасам, табанда өздері шығарған бір қызықты спектакльде ойнап кеткендей шабыттана бастапты. Ойын монологке ауысты:
– Шайхы Сағди айтыпты: Баяғы заманда бір патша құлымен бірге кемемен жүзіп келе жатады. Бұрын кемеге мініп көрмеген құлы қорқып жылай бастайды. Жүрттың мазасын алады. Сонда бір данышпан былай дейді: «Егер рұқсат етсеңіз, оны тыныштандырайын». Патшадан рұқсат алған данышпан құлды теңізге тастатыпты. Байғұс құл суға бір батып, бір шығады. Біраздан соң оны кемеге қайта мінгізіп алыпты. Құл кемесіне қайта мінген соң, бір бұрышқа барып, үн-түнсіз отырып қалыпты. Сонда данышпан: «Бұл адам теңізге қарық болудың машақатын көрмегендіктен, өзінің сау-саламат отырғанының қадірін білмеді. Бейнет көрмеген адам рақаттың қадірін білмес», – депті.
Сағдидің әңгімесінен кейін әлгі суға батқан байғұс құлға қарағанда, біздің жағдайымыздың әлдеқайда жақсы екені есімізге түсіп, көңілденіп кеттік. Сөйтіп, сабақтың арнасына түсуге мүмкіндік алдық-ау, әйтеуір. Сағдиді тұңғыш түркше сөйлеткен Сәйф Сарайи туралы лекциямыз басталды.
Достарыңызбен бөлісу: |