Мұғалімнің түпкі мұраты: баланың рухани өсуіне басшылық жасау. Рухани өсіру дегеніміз –
– кісілік қасиетін дамыту;
– шығармашылық қабілетін дамыту;
– дүниетанымын кеңейту т.б.
Мұғалімге қажетті қасиеттер:
– жылылық;
– түсінгіштік;
– сезімталдық;
– баланы шабыттандыра білу;
– балаға адам ретінде қадірлі болу;
– сабағының қызықты әрі пайдалы болуы;
– шығармашылық ізденісі.
Мұғалімнің жұмыс нәтижесі
Шәкірттің:
– өзін еркін сезінуі;
– сабаққа қызығуы;
– білімі;
– адамшылық қарым-қатынасы;
– мәдениеттілігімен бағаланады.
Мұғалім еңбегінің саралануы
Әр тоқсан сайын шәкірттерге сауалдамалар беріліп, қорытындыланып отырады. (Екінші қосымшаны қараңыз.)
Мұғалімді қызметке қабылдау кезінде ауызша және жазбаша сауалдамалар қолданылады. (Үшінші қосымшаны қараңыз.)
Мектепке қабылданған мұғалімге жиырма тоқтамнан тұратын нұсқау беріледі. (Төртінші қосымшаны қараңыз.)
Мұғалімде күнтізбе жоспары және шығармашылық ізденіс дәптері болуы қажет. Жаттанды сабақ жоспарының трафереті міндет емес.
СӘЛЕМДЕСУ
Ұлттық мектептің келбеті сәлемдесуден бастап көрінеді. Қай бір тарихи көркем шығармаларды қарасаңыз да, халықтық аңыз-әңгіме шежірелеріне көзіңіз түссе де, бұрынғы қазақтың екі қолын кеудесіне қойып амандасқанын аңғарасыз. Бұл салт әлгі күнге сақталған, бірақ мектепке дәстүр болып енбей қалған. Шәкірт пен ұстаз, шәкірт пен шәкірт былай амандасуы керек.
Ұлдар (мырзалар):
– Ассалаумалейкім. Оң қолын көкірегінің жүрек тұсына қояды.
Ал алыстан келген, көптен көріспеген кісімен, жасы да, жолы да үлкен қадірлі қонақпен екі қолын кеудесіне айқастырып амандасуға болады.
Қыздар (бикештер):
– Есенсіз бе? (Сәлеметсіз бе?) Оң қолын жүрек тұсын ишарат етіп, сәл жоғары қояды.
Ұлдар қыздарға:
– Сәлеметсіз бе?
– Есенсіз бе?
Жүрек басып амандасудың мәнісі: Адамдар бір-бірін шынайы ізгілікке шақырады. Жан дүниесін нұрландырып, шуақ шашады.
ҮЗІЛІС
Үзілістің өзі баланың ұлттық мәдениетке енуіне көмектесуі керек. Музыка пәнін үйрететін ұстаз арнайы «Үзіліс» бағдарламасын жасайды. Онда баланың естіген сазын есте сақтау, үйрену мерзімін ойлай отырып, қазақ ән-күйлерін үзіліс сайын, қоңырау орнына, беріп отырады. Шарылдаған қоңырау шошытады. Жайлап айтыла бастаған ән мен күй жанға жылы тиеді. Бірнеше рет қайталанғаннан кейін балалардың ыңылдап үйрене бастағаны аңғарылады. Осылайша құлағында қалып, көкірегіне сіңе береді. Мектептегі шәкірт көптеген әнді біліп-айтып немесе күйді айырып тарта білетін болуы керек.
Музыка, әйтеуір, оқыту емес, үйрену мақсатын алға қояды.
Достарыңызбен бөлісу: |