Дамыған ортағасырлық мемлекеттер. 10 ғ-дың орта шенiнде Жетiсу аумағында және Шығ. Түркiстанның бiр бөлiгiнде әлеум. құрылымы бiршама дамыған, өзiнен бұрынғы мемл. құрылымдардың көптеген әлеум. ин-ттарын табиғи түрде бойына жинақтаған Қарахан мемлекетi (942 — 1210/12) пайда болды. Оның құрылуына және ерте кездегi тарихында қарлұқ конфедерациясының тайпалары (қарлұқтар, жiкiл (шiгiл), яғма, т.б.) зор рөл атқарды. Қарахан әулетiнiң негiзiн салған — Сатұқ Боғра-хан (915 — 955). Ол исламды қабылдаған. 11 ғ-дың 40-жылдары Ибраһим ибн Насыр тұсында мемлекет екiге бөлiнедi: бiрiншiсiнiң орталығы Бұхарада (кей деректерде Үзкент) болған, қарауында Ходжентке дейiнгi Мауераннахрды қосып алған Батыс қағандық, екiншiсi Тараз, Испиджаб, Шаш, Ферғана, Жетiсу мен Қашғар жерлерi кiретiн Шығыс қағандық (астанасы — Баласағұн). 1141 ж. Қарахан салжұқ әскерлерiн талқандағаннан кейiн екi хандық билiгi де қарақытайлар қолына көштi. 1212 ж. Хорезм шах Мұхаммед батыс қағандықтың соңғы қағаны Османды өлтiргеннен кейiн Қарахан мемлекетi түпкiлiктi жойылды. Қарахан мемлекетiнде аса маңызды әлеум.-саяси ин-т — әскери-мұралық жүйе болған. Билеушiлер туыстары мен жақындарына белгiлi бiр аудан, облыс, қаланың халқынан салық жинау құқын бердi. Мұны иқта деп атады, ал оны берушiнi мұқта немесе иқтадар деген. Халықтың басты кәсiбi көшпелi және жартылай көшпелi мал ш. болды. Сонымен қатар 11 — 12 ғ-ларда мұндағы түркi тайпаларының едәуiр бөлiгi егiншiлiкпен айналысып, қала мәдениетiнiң дамуына едәуiр үлес қосты; қ. Қазақстанның ежелгi қалалары.
Қазақстанмен шектесiп жатқан Моңғолия аумағында пайда болса да найман, керейiт, жалайырлар ұлыстарының отан тарихында алар орны ерекше. Бұл ұлыстар ежелгi Қазақстанның мемлекеттiлiк бастауларына айтарлықтай үлес қосты. Найман тайпалар одағы 8 ғ-дың орта кезiнде Жоғ. Ертiс пен Орхон өз. аралығында сегiз-оғыз (“сегiз тайпа одағы”) деген атаумен пайда болған. Сегiз-оғыздар Хангайдың батысынан Тарбағатайға дейiнгi жердi алып жатты. 10 — 12 ғ-дың басында наймандар Ляо империясына вассалдық тәуелдiлiкте едi. 12 ғ-да керейiттер (керейлер) мен меркiттер қосылған наймандар конфедерациясы Орт. Азиядағы iрi мемл. құрылымға айналды. Наймандар өздерiн қоршаған көшпелi және отырықшы-егiншi этностармен, әсiресе қаңлылармен өте тығыз этн.-саяси және мәдени байланыс орнатты. 1125 ж. Қидан мемлекетi күйрегеннен кейiн, оның орнынан бiрнеше мемл. бiрлестiктер құрылды (қ. Қидандар). Олардың арасынан жетекшiлiк рөлi керейiт хандарының қолына көштi. Керейiттер туралы алғашқы мәлiметтер 10 ғ-дың бас кезiне жатады. Олар Орхон өз-нiң орта ағысы мен Онгын, Тола өзендерiнiң аңғарларын мекен еткен. Шыңғысхан шапқыншылығы қарсаңында керейiттер қазiргi бүкiл Моңғолия мен Алтай аумағына үстемдiк еткен. Жалайырлар Шыңғыс хан империясының өрлеу кезiне қарай Хилок және Селенга өзендерiнiң бойын, дәлiрек айтқанда, Селенгаға құятын Орхон сағасын мекендеген. Наймандар, керейiттер, жалайырлар негiзiнен мал ш-мен айналысқан. Доңғалақты арбаны пайдаланған. Олар құрған “ұлыстар” – алғашқы феод. мемл. құрылымдар болып табылады. Ұлыс ру да, тайпа да емес, ол рулық-тайпалық ин-ттардан жоғары тұрды. “Ұлыс” ұғымы ол кезде “халық” дегендi бiлдiрген. Ұлыс құрамында қандас туысқан адамдардың болуы мiндеттi емес едi. Әрбiр ұлыс белгiлi бiр аумақты иелендi. 1185 ж. Шыңғыс хан (қ. Шыңғыс хан билiгi) меркiт ұлысын талқандаған соң жалайыр, барлас, т.б. тайпаларды қосып алды. 1203 ж. керейiттердi бағындырды. 1190 — 1206 ж. Орт. Азиядағы соғыстар нәтижесiнде Қазақстан жерiне найман, керейiт, меркiттердiң бiр бөлiгi көшiп келдi. Моңғолдар талқандағаннан кейiн найман мен керейiт топтары, жалайырлар түркi халықтарының құрамына, атап айтқанда болашақ қазақ халқының құрамына бiртiндеп сiңiсе бердi. Наймандар Сырдарияға дейiн жетiп, кейiнiрек қазақ халқының қалыптасуына белсене қатысқан. Керейiттердiң бiр бөлiгi Едiлге дейiн барды, кейiн осы атаумен өзбек, қырғыз құрамына, ал шағын тобы қазақтар құрамына кiрдi. Керейiттердiң басқа бiр бөлiгi Солт. Қазақстанда қалды да, бұрынғы этнонимдегi “-iт” жалғауын жоғалтып, керей (ашамайлы керей, абақ керей) деген атпен Орта жүз қазақтарына қосылды. Жалайыр, керейiт және наймандар әлеум.-саяси дамудың бiр деңгейiнде тұрды. Бұл мемлекеттерде iс жүргiзу кең таралған. Құжаттар мөр басу арқылы бекiтiлген. Алым-салық жинау, адамдарды қызметке тағайындау құжаттарына мөр басылған. Ұлыстарда хан қосынының (ордасының) басқару органдары, әскерi және жасауылы бар басқару аппараты жұмыс iстеген.
Жетiсудағы Қарақытайлар мемлекетiнiң (1128 — 1213) құрылуы Орт. Азияның қидан тайпаларымен тығыз байланысты. Қидандар (циднь, хита, кита) б.з. 4 ғ-ындағы жазба деректерiнде моңғол тiлдi тайпалар ретiнде аталады. Олар Қытайдың солт. жағында Маньчжурия мен Уссури өлкесiн мекендеген. 924 ж. Алтайдан Тынық мұхитқа дейiнгi аумақ Қидан мемл-нiң (Ляо империясы) қол астына қарады. 1125 ж. Сунь Қытайы мен Чжурчжень мемлекетiнiң бiрiккен күшi Ляо империясын құлатты да, қидандардың бiр бөлiгi чжурчжендерге бағынып, қалғандары Енисей қырғыздарының жерiн басып өтiп, Емiл өз. бойына тұрақтаған. Сол жерден қала салған. Олардың қол астына Жетiсудың бiр бөлiгi қарап, жергiлiктi түркi тiлдес халықтармен араласып, келе-келе қарақытай аталып кетедi. 1128 ж. Қарахандар әулетiнен шыққан Баласағұн билеушiсi оларды өздерiне қысым жасап, тыныштық бермей отырған қаңлылар мен қарлұқтарға қарсы аттануға шақырады. Қарақытайлар басшысы Елу (Елюй) Даши Баласағұнды жаулап алды да, оның билеушiсiн тағынан тайдырып, Жетiсуда өз мемлекетiн орнатты. Содан кейiн ол бiрқатар сәттi жорықтар жүргiзiп, мемлекет шекарасын Енисейден Таласқа дейiн кеңейттi. Қарақытайлар қалалар мен отырықшы қоныстарды қиратқан жоқ. Тек әр үйден бiр динардан ғана салық алды. Сондықтан да қарақытайлардың Орта Азиядағы жаулап алу соғыстары көбiне бейбiт жолмен жүрдi. Жетiсу, Оңт. Қазақстан, Шығ. Түркiстан осы мемлекеттiң құрамына ендi. Қарақытайда мемлекет басшысын “гурхан” деп атаған. Мемлекет орт. Баласағұн қ. болды. Әскерде қатал тәртiп жүргiзiлдi. 12 ғ-дың ортасынан бастап қарақытайлар салық саясатын өзгертiп, халықты ашық тонауға көштi. 1198 ж. Ауғанстан жерiнен шыққан гурид билеушiлерi қарақытайларға соққы бердi. Iле-шала гурхан қол астынан құтылуға тырысқан Хорезм де қарақытайларға қарсы күреске шығып, Бұхараны басып алды. 1205 ж. қарақытайлар Термезден кеттi. Мауераннахрдың едәуiр бөлiгi Хорезмге қарады. Гурханға Қойлық пен Алмалықтағы қарлұқ билеушiлерi (вассалдары) де қарсы шыға бастады. Осы кезеңде астана Қашғарға көшiрiлдi. 1208 ж. Моңғолиядан Шыңғыс хан ығыстырған Күшлiк хан бастаған наймандар қарақытайларға қашып келiп, кейiн үкiмет билiгiн басып алды.
Бұрынғы қимақ, қыпшақ және куман тайпалары қоныстанған аумақта әскери-саяси үстемдiк 11 ғ-дың басында Қыпшақ хандығына (11 ғ-дың басы — 1219) көштi. “Қыпшақ” атауы алғаш 760 ж. ежелгi түркiлердiң руникалық ескерткiштерiнде аталады. 9 — 10 ғ-ларда қыпшақтар тарихы қимақтармен қоса өрбiдi. Қыпшақтар қимақтар құрған конфедерацияға, кейiн Қимақ қағандығы құрамына кiрдi. 11 ғ-дың басында Қимақ қағандығы ыдырағаннан кейiн, әскери-саяси жетекшiлiкке ие болған қыпшақтар белсендi қимыл жүргiзу барысында өз мемлекетiнiң шекарасын кеңейттi. Олар Шығ. Еуропа мемлекетiмен де саяси байланыстар орнатқан. 11 ғ-дың 2-ширегiнде қыпшақ ақсүйектерi оғыздарды Сырдарияның орта және төм. бойларынан, Арал мен Каспий өңiрi далаларынан тықсырып шығарды. Аймақтағы этн.-саяси ахуалдың өзгеруiне сәйкес, 11 ғ-дың 2-ширегiнiң бас кезiнде бұрын аталып келген “Оғыздар даласының” (Мафазат әл-гуз) орнынан Дештi Қыпшақ атауы пайда болды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақ тайпалары Едiлден өтiп, еуропа халықтарымен қарым-қатынас жасай бастады. Қыпшақ этн. қауымының қазақ аумағында құрылуы күрделi де ұзақ процесс болды. Оның даму жолынан үш кезең айқын көрiнедi. Бiрiншi кезең қимақ (кимек) тайпалық бiрлестiгi өзегiнiң құрылуымен тiкелей байланысты, онда 7 ғ-дың 2-жартысынан бастап, 8 ғ-дың аяқ кезiне дейiн қыпшақтар елеулi рөл атқарды. Екiншi кезең 8 ғ-дың аяғынан 11 ғ-дың басына дейiнгi уақытты қамтиды. Бұл кезеңде қыпшақтар мекен еткен аумақ шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батыста Оңт. Орал таулары мен Едiл өңiрiне дейiн жетедi. Қыпшақтармен бiрге Бат. Қазақстанды, орталығы Мұғалжар тауларында болған кумандар жайлаған. Негiзгi үш этн.-саяси бiрлестiк — қимақ, қыпшақ және кумандардың өзара бiрiгуiнде қимақ тайпалары үлкен рөл атқарды. Сондай-ақ, қыпшақ этносының iшкi этн. даму жолы сол араның байырғы тұрғындарын өз арасына сiңдiрiп, қыпшақтандыруға бағытталды. Қыпшақ этносы қандас туыстық байланыстар емес, аумақтық-шаруашылық қарым-қатынастар негiзiнде қалыптасқан-ды. 11 ғ-дың басынан 13 ғ-дың басына дейiн қыпшақтардың этн. қауымдастығының құрылуы өз дамуының үшiншi кезеңiне өтедi. Бұл уақытта қыпшақ хандарының құдiретi артты, ел-бөрiлi руының әулеттiк билiгi заңдастырылды. 11 ғ-дың орта тұсында қыпшақтар қазiргi Қазақстанның шығысында Алтай мен Ертiстен бастап, батысында Едiл мен Оңт. Оралға дейiн, оңт-нде Балқаш к-нен солт-тегi оңт.-батыс Сiбiрдiң орманды далаларына дейiнгi ұлан ғайыр өлкеге тарады. 11 ғ-дың 2-жартысында Маңғыстау мен Үстiрт жерлерiне орнықты. Қыпшақ хандары мұрагерлiк жолмен билiк құрған “орда” деп аталған хан қосынында ханның дүние-мүлкi сақталып, әскер iсiн жүргiзетiн басқару аппараты жұмыс iстеген. Хандық оң және сол қанаттарға бөлiндi. Оң қанат қосынымен Жайық өз. бойында, Сарайшық қ-ның орнында, сол қанат қосынымен Сырдария аумағындағы Сығанақ қ-нда тұрған. Қыпшақ қоғамы әлеум. жағынан әркелкi болды. 11 ғ-дың аяғы мен 12 ғ-дың бас кезiнде Жент, Янгикент, төм. Сырдарияның басқа да қалалары қыпшақ көсемдерiне бағынды. Бұл қалалар үшiн 12 ғ-дың 1-жартысында Орта Азияның мұсылман әулеттерi де күрес жүргiздi. Ислам дiнiн таратуды ту ғып ұстаған олар Дештi Қыпшаққа iшкерiлей енедi: 1133 ж. Хорезм шахы Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңдi. Хорезм шахы Текеш (1172 — 1200) қыпшақтармен жақындасып, көшпендi тайпалардың басшыларын қызметке тартты. 13 ғ-дың бас кезiнде Сығанақ қ. аймағы Хорезм шахы Мұхаммед (1200 — 20) мемлекет құрамына кiрген. Моңғол басқыншылығы қыпшақ мемлекетiн құлатқанымен, оның даму үрдiсiн бiржолата күйрете алған жоқ, тек уақытша тұншықтырды. Олар 15 ғ-да қазақ халқы мен мемлекетiнiң қалыптасу кезеңiнде қайта өрледi.
Ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiндегi халықтар мен тайпалардың мәдениетi (6 — 13 ғ-лардың басы). Орта ғ-лардағы тарихи және геогр. әдебиеттерде Оңт., Оңт.-Шығыс және Орт. Қазақстанда, Талас, Қырғыз, Iле және Жоңғар Алатауларының бөктерлерiнде, Қаратаудың күнгей және терiскей беттерiнде, Сырдария, Арыс, Шу, Талас, Сарысу, Кеңгiр, т.б. өзендердiң аңғарларында егiншiлiктiң, қала құрылысы мен сәулет өнерiнiң жоғары дәрежеде дамығаны айтылады. 6 — 13 ғ-дың басында қалалардың пайда болу, даму тарихын археол. деректер де растауда. Қазба жұмыстарының барысында қалалардың терең тамырлы материалдық мәдениет дәстүрлерi болғаны анықталды. Ол дәстүрлер Қаңлы мен Үйсiн заманындағы ежелгi егiншiлiк қоныстардан бастау алады. 6 — 7 ғ-ларда феод. қатынастардың нығаюына байланысты экон. өрлеу басталды. Саяси және экон. орталықтар бiрте-бiрте қалаларға айнала бастады. Ортағасыр қалалары үш бөлiкке бөлiнедi: 1) Цитадель — қаланың iшкi бекiнiстi бөлiгi; билеушi ордасы орналасқан; 2) Шахристанда (Шаһристан) цитадель төңiрегiндегi ақсүйектер мен саудагерлер және оларға қызмет етушiлердiң тұрғын үйлерi орналасты. Ол қаланың экон. орт. болды. Шахристан әдетте мұнара, кiретiн қақпалары бар дуалдармен қоршалған. Оның айналасында қолөнершiлер мен кедейлер қоныстанған рабат орналасқан. Кейiнгi кезеңдерде рабаттар да дуалмен қоршалды. Археол. қазбалардан жинаған материалдар қалаларда қол өнерiнiң қалай дамып, қандай дәрежеге жеткендiгiн шамалауға мүмкiндiк бередi. Орта ғ-ларда қыштан ыдыс жасау ерекше дамыды. Көзе, саптаяқ, табақша, дастархан, құм түрлерi көптеп жасалды. Қала тұрмысында тоқыма, әйнек үрлеу, зергерлiк, ұсталық, ағашты және сүйектi бедерлеп ою жоғары дәрежеге жеткен. Әйнек бұйымдар жасау өндiрiсi кең өрiс алған. Ежелгi Тараз, Отырар, Ақтөбе, Талғар, т.б. қ-ларда әйнек әзiрленген. Металдан шырағдан мен оның тұғыры, ағаш соқа түренi, орақ, кетпен, қару-жарақ (найза, садақ жебесi, т.б.) ұста аспаптары (балға, төс, қысқаш, т.б.) сияқты бұйымдар жасалған. Сүйек пен мүйiзден бойтұмар, пышақ сабы, ойын сүйектерi, түймелер, т.б. ұсақ-түйек бұйымдар дайындалды. Бұл кезеңде егiншiлiк шаруашылықтың жетекшi салаларының бiрiне айналды. Егiншiлiкпен ауыл ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары да шұғылданды. Қазақстандағы елдi мекендер мен қала тұрғындары егiншiлiкпен, бақ және жүзiм ш-мен шұғылданғаны туралы жазба деректерде көп айтылады. 6 — 7 ғ-ларда Қазақстан халқының көпшiлiгi жартылай көшпелi және көшпелi тұрмыс кештi.
Түркiлердiң келуiмен бiрге Қазақстан жерiнде тiзбектелген балбалдармен қоса антропоморфтық тас мүсiн, қатар-қатар тас қоршаулар пайда болды. Осы тұста темiр үзеңгiлер, садақ жебесiнiң, қанжардың жаңа түрлерi, қылыш соғылды. Металл жапсырмалармен безендiрiлген жауынгерлiк белбеу кең тарады. 6 — 8 ғ-лардан қалған бейiттерге өлген кiсiнi мiнген атымен бiрге жерлеу рәсiмi тән. Бейiттердiң сыртқы белгiлерi мынадай: астыңғы жағы төрт бұрышты немесе шаршы пiшiндi болып келедi де, үстiне аласалау етiп тас немесе топырақ үйедi. Өлген кiсiнiң мәйiтi тұрқы сопақша етiп қазылған шұңқырға жерленедi, жанына заттары, әсемдiк бұйымдары, қару-жарақтар қойылады. Атты шұңқырдың түбiнен жоғарырақ тұстан ойылған кертпешекке төрт аяғын бауырына бүгiп, қырынан жатқызып көмген. Кейде бейiтке аттың басы немесе денесiнiң бiр бөлiгi ғана қойылған. Бейiттерден қару-жарақ, ер-тұрман, тұрмыстық бұйымдар, қос жүздi семсерлер, ағаш қынапты қылыштар табылды. Қынаптың сырты былғарымен қапталып, өсiмдiк суреттерiмен безендiрiлген. Жебелер ұшы әр түрлi — үш қырлы, төрт қырлы болып келедi, үш қанаттысы, жапырақ секiлдi жалпақтары да кездеседi. Жебе ұз. 40 — 80 см мөлшерiнде көк теректен жасалған, кейде қызыл түске боялған. Аттың ер-тұрманы, темiр ауыздықтар, үзеңгiлер және жүген әшекейлерiне қарағанда түркi iсмерлерi әшекейлiк жұқа темiрлердi, айылбастарды жасауға өте шебер болған. Әдетте айылбастар қола мен темiрден iстелiп, жапсырмалар мен әшекейлерге қола, күмiс, алтын пайдаланған. Олардың бетiндегi күрделi суреттерде барыс, жылан, бұғы, күшiген сияқты аңдар мен өсiмдiк жапырақтары бейнеленген. Әсем белбеу жапсырмаларының көбi жүрек пiшiндес. Сондай бiр жапсырма әшекейдiң бетiнде жолбарысқа найза түйреп тұрған салт аттының суретi бейнеленген. Төрт бұрышты айылбастар, сүйектен iстелген алқалар да табылды. Қызылқайнардан (Жетiсуда) табылған алқа конус тәрiздi етiп iстелген де, бетiне сiлеусiн басының суретi өрнектелген.
Археол. материалдармен қоса жазба деректер де түркiлердiң киiм-кешегi жөнiнде пайымдауға мүмкiндiк бередi. Сыртқы киiм терiден, басқа киiмдер жүн және жiбек матадан тiгiлген. Ол кезде жұрт шапан киiп жүрген. Шалғайы солдан оңға қарай қаусырылған, денеге қонымды, ықшам шапанның сыртынан белбеу буынған, белбеуге қынаптағы семсер және пышақ, шақпақ, қайрақ, ұстара, т.б. ұсақ-түйек салатын кiсе iлiнген. Шалбардың балағын тұмсығы қайқиған, жұқа ұлтанды, өкшесiз етiктiң қонышына салып жүрген.
Қазақстан — тас мүсiндер көп тараған аймақ. Олардың арасында шынайы өнер туындылары да кездеседi. Мыс., әйгiлi қошқар мүйiз тастар. Тас қашаушылардың (мүсiншiлердiң) шеберханалары болғаны, оларда түрлi мүсiндер жасалғаны мәлiм. Мүсiн жасауға тұрқы ұзын тастар (орташа биiкт. 0,5 м-ден 2,8 м-ге дейiн) таңдап алынған, тастың бетi бедерлеу немесе ойып кейiптеу әдiсiмен өңделген. Мүсiндерде көбiнесе еркектiң суретi салынған, кейде әйел бейнесi де кездеседi. Әдетте, еркектер шапан киген, кiселi белбеулi, асынған қаруы бар қалпында бейнеленедi. Кейде жалаң бас, кейде бас киiмдi болады. Көптеген мүсiндерде адам оң қолымен, кейде екi қолымен бiрдей ыдыс немесе үлкен саптыаяқ ұстап тұрған күйiнде, ал базбiр мүсiндерде адамның бетi немесе басы ғана бейнеленген.
Ақсүйек өкiлдерiнiң мүсiндерi жасалған. Олар, әдетте, қырынан немесе жалпағынан қаланған төрт бұрышты тас қорғандармен қоршалған бейiттердiң басына қойылған. Мүсiндердiң арқасы қоршауға, бетi шығысқа қаратылып орнатылған. Мұндай ескерткiштер өлiкке ас берiлетiн төбелердiң басына да қойылған. Кейде бейiттiң қоршауларынан шығысқа қарай кейде қатар-қатар тiзiлген тас бағана — балбалдар орнатылған, олардың арасында антропоморфты мүсiндер де бар. Тас мүсiндер тұрақты иконографиялы мәдени сипаттағы ескерткiштер. Ислам қағидаларының таралуымен байланысты адамды бейнелеу дәстүрi жойылды. Бұл дiн едәуiр кейiнiрек сiңген солт. аудандарда ғана адамның тас мүсiнiн жасау дәстүрi едәуiр уақыт бойы сақталып келдi. Қазақ жерiнде 6 — 8 ғ-ларда айналыста болған ақша пiшiнiн сипаттайтын материал тым тапшы. 6 — 8 ғ-лардағы теңгелердi билiк басындағы рулардың өкiлдерi шығарған. Олар бұл ақшаларға өздерiнiң белгiлерiн — рудың идеограммалық таңбаларын түсiрген. Бұл таңбаларға қарап билеушiнiң руын, сондай-ақ, қай рудың ежелгi ру екенiн анықтауға болады. 6 — 8 ғ-лардағы Оңт. Қазақстанның ең iрi саяси-экон. аудандарының бiрi Отырар қ. болды. Бұл қаланың және оның төңiрегiндегi тұрғындардың тұрмысы шет аймақтарға елеулi ықпалын тигiздi. Отырар қолөнершiлерi шығарған өнiм Қаратаудың күнгейi мен терiскейiндегi, Сырдарияның орта ағысы мен Арыс аңғарындағы көптеген қалалардың базарларында сатылды. Отырар маңында ақшалы сауданың өрiс алғанын Отырартөбенiң өзiнен және оның төңiрегiндегi қалалардың ескi жұртынан (Мардан-Күйiк, Құйрықтөбе) табылған заттар дәлелдедi. Жазба деректерде Сырдария бойындағы кейбiр қалалар хараджды дирхемнiң екi түрiмен: мусейябимен және хорезмимен төлегендiгiн дәлелдейтiн мәлiметтер бар. Қарахан әулетiнiң ақша шығару iсi Самани әулетi заманынан қалған мұраны пайдаланған. Бұрынғыша “қара дирхемдердiң” барлық түрлерi айналымда жүре бердi, олардың iшiнен неғұрлым ұзағырақ пайдаланылғаны гитрифи түрiндегi “мыс тектес” ақшалар болды. Бұған қоса, рынок нарқы зорлықпен енгiзiлген дирхемдердiң жаңа түрлерiмен толықтырылды. Егер 11 ғ-дың басында жоғары сапалы күмiс дирхемдер айналымда жүрсе, 11 ғ-дың 2-онжылдығының басынан бастап құрамындағы мыстың мөлш. 35%-ға дейiн жететiн теңгелер шығарылғаны белгiлi. Күмiс ақша құю 11 ғ-дың соңғы ширегiне дейiн созылды. Шамамен 11 ғ-дың орта кезiнен бастап Қарахан мемлекетiнiң ақша жасайтын үйлерiнiң бiр бөлiгi бiраз уақыт мыс пен қорғасынның қорытпасынан құйылған дирхемдер де шығарып тұрған. 12 — 13 ғ-ларда дирхемдер мыстан жасалып, бетiне күмiс жалатылатын болды, оларды күмiс жалатылған дирхемдер деп атады. “Күмiс дағдарысының” пайда болуына Орта Азияда күмiс қорының азайғандығы себепшi болды.
11 ғ-дан 13 ғ-дың бас кезiне дейiнгi аралық қала өмiрiнiң өркен жайған, тауар өндiрiсi өскен, сауда дамыған кезең болды. Өндiрiстiң қаулап өсуi рынокты алмасу құралымен көптеп қамтамасыз етудi талап еттi. Күмiс қоры таза күмiс теңгелердiң пайда болуына мүмкiндiк жасай алмады. Самани әулетi мен қарахан әулетi тұсында тауар орнына жүрген алтын динарлар ендi айналым құралына кiрдi. Алтын ақша айналымында тұтас теңгелер ғана емес, сонымен бiрге олардың әр түрлi көлемдегi және салмақты бөлшектерi де айналымға қосылды. Көптеген ақша жасайтын үйлерде алтын динарлар шығарылды, олардың сапасы мен салмағында оқта-текте айырмашылық болды. Әйтсе де олар бiр мезгiлде айналымда жүре берген. Бұған Орта Азия жерiнен табылған ақша қазынасы дәлел бола алады. Ұсақ бөлшек сауда үшiн мезгiл-мезгiл мыс ақша шығарылып тұрған.
Жалпы, ертедегi және дамыған ортағасырлық мемлекеттер кезiнде феод. қатынастардың нығаюы, мемл. бiрлестiктердiң пайда болуы, отырықшы егiншiлiк пен қалалардың өсуi, бiрiгiп, топтасуға бағытталған этн. өзгерiстердiң күшеюi Орта Азия, Таяу Шығыс және Шығ. Еуропа халықтарымен экон. және мәдени байланыстар Қазақстан халықтары мен тайпаларының рухани мәдениетiнiң өсуiне ықпал еттi. Монументтi архит. құрылыстар пайда болып, исламның таралуына байланысты қалаларда мешiттер салынды. Сәулет және сән өнерiнiң ескерткiштерi — Тараздағы Айшабибi және Қарахан мазарлары салынды. Көзе, әсiресе құйма көзе жасау iсiнде жаңа белгiлер (ыдыс-аяқ түрiнде, сондай-ақ оның өрнектерi мен бояу түсiнде) — хромдау, жылтырату, әр түрлi өрнек түрлерi (өсiмдiк бұтақтары, жапырақтары, нақышты араб жазулары, геом. пiшiндер), т.б. пайда болды. Бұл жергiлiктi көзе ерекшелiктерiн сақтай отырып, оларды Мауераннахр, Хорезм көзелерiне жақындатты. Қыпшақ, оғыз, қарлұқ және ұйғыр тайпалары мен халықтары тiлiнiң негiзiнде көне түркi руна жазуларын ығыстырып шығарған араб графикасындағы түркi жазулары қалыптасты. 11 — 12 ғ-дың әдеби ескерткiштерiнiң басым көпшiлiгi түркi этносының (негiзiнен қыпшақ-оғыз, қарлұқ-ұйғыр топтары) жергiлiктi тiлдерiнiң даму бағыты етек ала бастағанына қарамастан, жалпы түрiктiк, тайпааралық “түркi” тiлiнде жазылды. Орта Азия мен Қазақстанның көптеген ғалым, әдебиетшi, ақындары араб тiлiнде жазды. Оңт. Қазақстан мәдениетiнiң дамуына Отырардан (Фарабтан) шыққан, мұсылман әлемiне белгiлi ұлы философ және ғалым-энциклопедист Әбу Насыр әл-Фарабидiң ғыл. қызметi дәлел. Ол әлемдiк мәдениет, әсiресе көне, араб, үндi-иран мәдениетi жетiстiктерiмен тығыз байланысты жергiлiктi мәдениет дәстүрлерiмен тәрбиеленiп өстi. Әл-Фараби адамның ақыл-ойы мен болмысының диалектик. бiрлiгiн ашып бердi; астрономия мен геодезия, архитектураның матем. негiздерi, муз. мен эстет. теориялары бойынша зерттеулер жүргiзiп, бiрқатар әлеум. және логик. трактаттар жазды. Филос. дидактик. “Құтадғу бiлiк” поэмасының авторы Жүсiп Баласағұни (11 ғ.), түркi тайпаларының тiлi, фольклоры және этнографиясына арналған белгiлi “Диуани лұғат ат-түрiк” шығармасының авторы Махмұт Қашқари, сондай-ақ, мәдени-тарихи және әлеум. тұрмыстық жайлардан мәлiмет беретiн “Диуани Хикмат” өлеңдер жинағының авторы
Қазақстан моңғол дәуiрiнде. 12 ғ-дың соңы мен 13 ғ-дың басында Орт. Азия мен Қазақстан далаларында көшпелi тайпалар одағы билеушiлерi арасында басқа тайпаларға өз үстемдiгiн орнату жолындағы күрес күшейе түстi. 13 ғ-дың бас кезiнде Шыңғыс хан империясының құрылуы Еуразияның көптеген халықтары мен мемлекеттерiнiң тарихи тағдырына орасан зор ықпал жасады. Оның жаулаушылығы халықтар мен тайпалардың қалыптасқан қарым-қатынасы мен өзара байланысын бұзды және олардың этн.-саяси, шаруашылық-мәдени дамуының барысын өзгерттi. 12 ғ-дың 2-жартысында моңғол тайпалары наймандар мен керейлердi ығыстырып, түркiтiлдi топтарға сiңiсiп, түркiлерден материалдық мәдениеттiң көптеген бөлiктерiн, шаруашылық пен тұрмыс түрлерiн, көшпелiлiк әдет-ғұрпын, мал тұқымдарын алды. 13 ғ-дың басында Шыңғыс хан құрған мемлекет күшейе бастайды. 1206 ж. Орт. Азиядағы түркi-моңғол тайпаларын бiр орталыққа бiрiктiргеннен кейiн, 1207 — 11 ж. Сiбiр мен Шығ. Түркiстан халықтары — бурят, якут, қырғыз, ұйғыр, т.б. бағындырды. Моңғол шапқыншылығы Қазақстан жерiнде бiрқатар жерлерде бейбiт түрде де жүрдi. 1210 — 1211 ж. қарлұқ ұлысының иесi Арыслан хан өз еркiмен Шыңғыс хан қол астына өтедi. 1217 ж. Алмалы өңiрiнiң билеушiсi Бұзар моңғол ханының вассалына айналады. 1217 ж. Баласағұн қ. ұрыссыз берiледi. Оған моңғолдар “Гобалық” (“Жақсы қала”) атағын бердi. Күшлiктiң езгiсiнен, оның Хорезмшах Мұхаммедпен және қарлұқ билеушiлерiмен соғысынан Жетiсу халқы әбден күйзелген болатын. Сондықтан бұл өлке халықтары моңғолдарды құтқарушы ретiнде қарсы алады. Шыңғыс хан Жетiсу халқын өз жағына тарту үшiн тонаушылық пен қырғынға тыйым салады. Жетiсуды жаулап алу Шыңғыс ханға Орта Азияға жол ашты. 1218 ж. моңғолдардың Отырарға жiберiлген сауда керуенiн Хорезмшах әкiмiнiң тонап алуы 1219 ж. Шыңғыс ханның шабуылын тездеттi. Бұл кезде Шыңғысхан жағында көптеген жергiлiктi ақсүйектер де соғысты. Шабуылға шыққан 150 мың адамның 111 мыңы Орт. Азиялық түркi-моңғолдар, қалғандары Шыңғысхан вассалдары (қарлұқтар, ұйғырлар, т.б.) болды. 1219 ж. қыркүйекте моңғолдар Отырар қ-н қоршады. Қала бес ай қоршауда болып, халық аштыққа ұшырады. Осыған шыдамаған Қараджа-хаджиб қала қақпасын ашып жiбередi. Бастапқыда 80 мың әскермен қаланы қорғаған Отырар билеушiсi Қайырхан, iшкi қамалға бекiнiп, тағы бiр ай бойы соңғы жауынгерi қалғанша соғысады. Сығанақ қ-ның тұрғындары моңғолдарға жетi күн қарсылық көрсетедi. Жошы бастаған қол Сауран, Жент, Баршынкент, Үзкент, Ашнас қ-ларын басып алады. Сырдария бойындағы көптеген қалалар алынған соң моңғолдың қалың қолы Хорезмшах Мұхамед иелiгiне iшкерiлеп ене бастады. Бұхара, Самарқанд сияқты қалалар жауға ұрыссыз берiледi. 1221 ж. Хорезм жаулап алынды. Соғыс әрекеттерi Орта Азияны түгелдей шарпыды. Сөйтiп, 1219 — 24 ж. Қазақстан жерi толығымен Шыңғыс хан империясының құрамына енедi. Қазақстан жерi үш моңғол ұлысының құрамына: оның денi (далалық жағы) — Жошы ұлысына, Оңт. және Оңт.-Шығыс Қазақстан — Шағатай ұлысына, Солт.-Шығыс бөлiгi — Үгедей ұлысына ендi. 1227 ж. Шыңғыс хан дүние салғаннан кейiн 13 ғ-дың екiншi жартысынан бастап, оның империясы тәуелсiз бiрнеше мемлекеттерге бөлiндi [Жошы ұлысы (Алтын Орда), Шағатай ұлысы, Құбылай негiзiн қалаған Юань (Қытай) империясы, Ирандағы Хулагу (Илхандар) мемлекетi]. Жошы орнына келген Бату (Батый, Сайын) Дештi-Қыпшақ пен Едiл бұлғарларының жерiне, одан әрi Еуропа елдерiне жаулау жорығын бастайды. Орыстың аса iрi князьдiктерiн талқандап, Польша, Венгрия, Чехияны, т.б. елдердi басып алады. 1236 — 42 ж. жорық нәтижесiнде Бату хан қол астына Едiлдiң батысынан Дунайдың төм. жағына дейiнгi аумақ қарайды, оның iшiне Қырым, Солт. Кавказ бен Бат. қыпшақ (половшылар) даласы да кiредi. Едiлдiң төм. ағысында Бату жаңа мемлекет негiзiн салады, ол кейiнiрек Алтын Орда деп аталады. Оның мемл. құрылымы тұтас алғанда Шыңғысхан енгiзген үлгiнiң iзiмен жүрдi. Мемлекет Жошы ұрпағынан шыққан хандар меншiгi саналды. Аса маңызды мемл. мәселелердi құрылтай жиналысы шештi. Ең маңызды қызметтердi хан отбасының мүшелерi атқарған. Әуелгi кезде Алтын Орда моңғолдың Қарақорымдағы ұлы ханға қарайтын. Ол Батудың iнiсi Берке хан (1255/56 — 1266) тұсында дербес мемлекетке айнала бастады. Мөңке-Темiр (1266 — 80) кезiнде толық дербестiкке қол жеткiздi. Ол өз теңгесiн шығарып тұрған. Алтын Орда Туда Мөңке (1280 — 87), Төле-Бұқа (1287 — 91), Тоқты (1292 — 1312), әсiресе Өзбек (1312 — 42), Жәнiбек (1342 — 57) хандар тұсында күшейiп тұрған. Мұнда 1312 ж. Өзбек хан исламды мемл. дiн деп жариялайды. Алтын Ордадағы “дүрбелең жылдар” кезiнде (1357 — 80) таққа отырған 25 хан ауысады. 14 ғ-дың 80-жылдарында елдi уақытша Ақ Орда ханы Тоқтамыс пен Манғыт биi Едiге бiрiктiрдi. Бiрақ, Iшкi тартыстар, Әмiр Темiрдiң Алтын Ордаға жорықтары, бұл мемлекеттiң бөлшектенуiне алып келдi. Шығыс Дештi Қыпшақ жерiнде 13 ғ-дың орта кезi мен 15 ғ-дың 1-ширегiнде Алтын Ордаға тәуелдi Ақ Орда мемлекетi болды. Оның кемелiне келiп, толысқан шағы 14 ғ-дың 2-жартысы, бiрақ мемлекет аумағы Алтын Ордаға тәуелдiлiгi әлсiреуiне орай, бiрте-бiрте кеңейiп қалыптасады. Өрiс хан (Ұрұс хан, Орыс хан) тұсында Ақ Орда дербес хандыққа айналды. Осы кездерi Ақ Орда Әмiр Темiр әскерiнiң шапқыншылығына әлденеше рет ұшырайды. 1376 ж. Ақ Ордаға Әмiр Темiр қолдауымен Тоқтамыс хан келiп, 1380 жылдан бастап Жошы ұлысын уақытша болса да бiрiктiрдi. 14 ғ-дың 80-жылдарының соңы мен 90-жылдарының 1-жартысында Тоқтамыс хан мен Әмiр Темiр арасындағы күресте Орыс ханның ұлы Құйыршық Мауераннахр әмiрiнiң жағында болды. Ол Ақсақ Темiр жеңiсiнен соң, Шығ. Дештi Қыпшақта билiк жүргiздi. 1419 — 22 ж. Құйыршықтың ұлы Барақ хан Ұлықбектiң қолдауымен Ақ Ордадағы билiк басына келдi. Ол 1422 — 26 ж. Алтын Орда тағына отырды. 1428 ж. Барақ хан өлгеннен кейiн, Шығ. Дештi Қыпшақтағы саяси билiк шайбанилер әулетiне көштi (қ. Әбiлхайыр хандығы). Ақ Орда — Қазақстанда жергiлiктi тайпалардың (қыпшақ, қоңырат, үйсiн, керей, найман, қарлұқ, т.б.) негiзiнде құрылған алғашқы мемлекет болды.
Достарыңызбен бөлісу: |