Тарихи таным Тарихы



бет4/5
Дата23.02.2016
өлшемі280 Kb.
#6549
1   2   3   4   5

19 ғ-дың басында Хиуа мен Қоқан хандары Оңт. Қазақстанға өз бақылауларын орнатты. Қазақтар Қоқан мен Хиуа билеушiлерiне қарсы жиi-жиi бас көтерiп отырды. 1821 ж. Тентек төре басқарған Түркiстан, Шымкент, Әулиеата маңы қазақтары Қоқан билеушiлерiне қарсы көтерiлiске шықты. Көтерiлiсшiлер Сайрам қ-н шабуылмен алды. 1819 ж. 18 қаңтарда Сүйiн Абылайханов сұлтан өзiне қараған 55462 адаммен Ресейге адал болатыны туралы ант бердi. 1845 — 47 ж. Ұлы жүз рулары (оңт-те көшiп жүрген, Қоқан хандығына бағынатындарынан басқалары) Ресейге қарады. 1847 ж. Орта жүз қазақтарының басым көпшiлiгi Ресей боданы болып, Қазақстанның империяға қосылу процесi аяқталуға жақындады. Әскери-әкiмш. отарлау 19 ғ-дың 2-жартысына дейiн жалғасты. 1831 ж. Аягөз, 1847 ж. Қапал, 1854 ж. Верный әскери бекiнiстерi салынды. 1855 ж. Лепсi, Үржар станицалары салынды. Жетiсу өлкесiнде 1847 — 67 ж. аралығында казак-орыстар тұратын 14 станица орын тептi. Бұл бекiнiстер Ресейдiң Iле өз-нiң арғы бетiндегi билiгiн нығайтуға арналған тiрек пункттер болды. 20 — 40 жылдары Қарқаралы, Көкшетау, Аягөз, Ақмола, Баянауыл, Аманқарағай округтерiн құру аяқталды. Ұлы жүздiң Ресейге қосылған аудандарын басқару үшiн 1848 ж. Бат. Сiбiр ген.-губернаторына бағынатын Үлкен орданың приставы лауазымы белгiлендi.

Ресей 19 ғ-дың 40-жылдарында Хиуа хандығына шабуыл жасады. Хиуа хандығы бұл кезде Мервтi басып алып, Маңғыстау, Үстiрт пен Сыр қазақтарына билiк жүргiзiп тұрған болатын. Бiрақ, В.А. Перовский басшылық еткен Хиуаға қарсы жорық (1839 — 40) сәтсiз аяқталды. Бұл кезде Ауғанстан, Иран, Қытайдың батысында, Бұхарада, Хиуада, Қоқанда, Қазақстанның оңт-нде ағылшындар әрекет ете бастаған. 1839 ж. ағылшындар Ауғанстанға басып кiрдi.



Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс (1837 — 47). 19 ғ-дың алғашқы ширегiнде патша үкiметi Қазақстанға әкiмш.-саяси өзгерiстер енгiзуге тырысты. 1822 жылғы “Сiбiр қазақтары туралы жарғы” далалық аудандарды басқарудың құрылымын өзгерттi. Ендi басқарудың округтiк жүйесi енгiзiлдi. Қарқаралы (бұрынғы Бөкей ханның иелiгiндегi) және Көкшетау (Уәли ханның иелiгiндегi) округтерiн құрып, Орта жүз бен Ұлы жүздiң рулары мекендеген аймақтардың түйiскен жерiндегi жайылымдарды тартып ала бастады. 19 ғ-дың 30-жылдарында отаршылдық саясатқа қарсы Абылайдың кiшi ұлы Қасым төре бас көтердi. Қоқан хандығына арқа сүйемек оймен, 40 мың үймен Қоқан хандығының қол астына көшiп барды. Оның қоқандықтардан күткен үмiтi ақталмады. Ұлдары Саржан, Есенгелдi, кейiнiрек өзi мерт болды. Отарлық езгiнiң күшеюi, шұрайлы жерлердi тартып алып, бекiнiстер салу Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын (1837 — 47) тудырды. 1838 жылдың көктемiнен бастап Кенесары жасақтары патша әскерiне қарсы жоспарлы күрес жүргiздi. Ақмола қ-н қиратты, Қоңырқұлжа ауылын шапты. 1840 ж. күзде Ырғыз бен Торғай маңында патша әскерiмен қарулы қақтығыс басталды. 1841 ж. қыркүйекте үш жүз өкiлдерi Кенесарыны хан етiп сайлады. Кенесары ел билеу тәртiбiн өзгерттi. Алым-салық реформасы iске асырылды. Егiншiлiктi дамытуға, көршi елдермен сауда-саттық жасалып, керуеннен салық алынатын болды. Хан кеңесi құрылды. Жасақтар жүздiктерге, мыңдықтарға бөлiндi. Кенесары орыс үкiметiмен тату көршiлiк қарым-қатынас орнатуға тырысты. 1841 — 42 ж. Кенесары жасақтары қоқандықтарға қарсы соғыс жүргiздi. Созақ, Сауранды алды. Қоқандықтар Кенесарымен келiссөз жүргiзуге мәжбүр болды. Бұхар әмiрi, Хиуа хандығы Кенесарымен түсiнiстiк қатынасқа көштi. 1843 ж. Орынбор ген.-губернаторы Перовский орнына келген генерал В.А.Обручев Батыс Сiбiр губернаторы П.Д. Горчаковпен бiрге Кенесарыны қуғындауға кiрiстi. Ырғыз өз. бойында патша әскерiнiң бiр тобымен кездескен Кенесары патша үкiметiмен келiссөз жүргiзiп жатқанын айтып соғысты болдырмады. Бұл тұста екi жақ та әскери дайындығын мұқият жүргiзiп жатты. 1844 — 45 ж. көтерiлiс өршiдi. Оған Сыр бойының, оңт-тiң қазақтары қосылды. Кенесары өз әскерiнiң санын 20 мың адамға жеткiздi. Кенесары жасақтарын құрту, халық қозғалысын басу үшiн 1844 ж. жазда Ор бекiнiсiнен, Ұлытаудан, Тобыл өз. бағытынан шыққан патша әскерiнiң үш тобымен кескiлескен шайқастардан соң, 1845 ж. Кенесары Ұлы жүз жерiне қоныс аударып, халық күшiн бiрiктiрудi, қырғыздармен одақтасып, Қоқан хандығына шабуыл жасауды, сөйтiп олардың қол астындағы қазақтарды азат етудi мақсат еттi. Қытаймен келiссөз жүргiзу үшiн, Құлжаға елшi жiбердi. 1845 ж. қазан-қараша айларында Кенесары әскерi Қоқан хандығына жорыққа аттанды. Олар Қорған, Жаңа Жүлек, Созақ бекiнiстерiн алды. Патша үкiметi қырғыз манаптарын, Кенесарыға қас бай-сұлтандардың басын қосып, көтерiлiсшiлерге соққы берудi iске асыруға кiрiстi. 1847 ж. сәуiрде Кенесары жасақтарымен қырғыз жерiне басып кiрдi. Қырғыздармен соғыс Ыстықкөлдiң тау шатқалы қойнауында, Шу өз. жоғ. ағысында өттi. Кенесарыны Тоқмақтың маңында Кеклiк-Сеңгiр тауындағы Майтөбе деген жерде қырғыздар мен ген. Вишневский жасағы, Қоқан хандығы әскерi қоршауға алып тұтқынға түсiрдi де, айуандықпен өлтiрдi.

Хиуа, Қоқан хандары Сырдың төм. ағысы бойындағы, Ырғыз, Торғай, Ембi өзендерiнiң бойындағы қазақтарды билеуге тырысты. Сырдың төм. ағысы бойындағы Жаңадария және Қуаңдария алқаптарын басып алып, әскери бекiнiстер салды. Қазақтардан зекет пен ұшыр жинады. Сыр қазақтары Хиуа, Қоқан езгiсiне қарсы көтерiлдi. Оны әлiм руынан шыққан Жанқожа Нұрмұхамедұлы басқарды. 1843 ж. Жанқожа батырдың жасақтары Қуаңдария бойындағы хиуалықтар қамалын, кейiнiрек Бесқала қамалын талқандады. Сыр қазақтары солт.-батыс жақтан қауiп туғыза бастаған орыстарға да қарсы шықты. 1849 ж. Райым бекiнiсiне Орынбор казак-орыстарының алғашқы 26 отбасы қоныстанды. Олар қазақтарды отырған жерлерiнен ығыстырды. 1853 ж. орыс әскерi Ақмешiттi басып алды. Сөйтiп, Сырдария әскери желiсi пайда болды. Оған Райым бекiнiсiнен Ақмешiтке дейiнгi жерлер кiрдi. Бұл жерлерде отаршылар қатаң тәртiп орнатты. 1857 жылға дейiн үш мың қазақ отбасы жерiнен айрылды. Ресейге қарсы Сыр қазақтарының көтерiлiсi 1856 ж. желтоқсан айында басталды. Көтерiлiс бүкiл Қазалы өңiрiн қамтыды. Казак-орыстардың Солдатская слободасы кентiн жойып, 1856 ж. соңында Жанқожа Қазалы фортын қоршады. Бiрақ, күшi басым дұшпандарынан жеңiлiп, Жанқожа 20 шақты қазақ ауылдарымен Сырдың оң жағалауына, Хиуа хандығының жерiне өтiп кеттi.

1853 — 58 жылдарда Есет Көтiбарұлы бастаған Кiшi жүз қазақтарының көтерiлiсi болды. Көтерiлiстiң шығуына Арал т-нiң бат. жағындағы Үлкен және Кiшi Борсықты, Сам құмын, Сағыз, Жем өз-дерiнiң бойын мекендеген шектi руына түтiн салығын салу, әскери мақсат үшiн күш-көлiк алу, бекiнiс салынуы салдарынан жайылымдықтардың тарылуы себеп болды. 1855 жылғы 8 шiлдеде Есет жасақтары А.Жантөрин сұлтанның лагерiне шабуыл жасап, оны өлтiрдi. Бiрақ қару-жарақ жетiспей, көтерiлiсшiлер шегiнуге мәжбүр болды. Есеттiң қолға түскен 18 сарбазын патша үкiметi Сiбiрге айдап, 3 адамын атты. 1858 ж. қыркүйекте Сам құмында жеңiлген Есет көтерiлiстен бас тартып, үкiметке адал қызмет етуге уәде бердi.

1854 ж. Верный (Алматы) бекiнiсi салынғаннан кейiн, Бат. Сiбiрден Жетiсуға қазақ-орыс әскерлерi мен орыс шаруалары қоныс аудара бастады. Жетiсуда үстемдiк етуден бiржолата айырылу қаупiнен қорыққан Қоқан ханы қазақ, қырғыздарды өз уысында ұстауға бар күшiн салды. Әулиеата, Мерке, Пiшпек (қазiргi Бiшкек), Тоқмақ, т.б. бекiнiстердiң гарнизондарын күшейттi. 1860 ж. күзде Қоқан ханы Верный бекiнiсiне шабуыл жасауға 20 мыңдай әскер жiбердi. Ұзынағаш түбiндегi шайқаста (1860 ж. қазан) Г.Колпаковский бастаған шағын отряд қазақ жасақтарының көмегiмен Қоқан әскерлерiн жеңдi. Ұзынағаштағы жеңiс Жетiсуды Қоқан үстемдiгiнен құтқарғанымен, ендi Ресей империясының езгiсiне салып бердi.

19 ғ-дың 60 жылдарында Қазақстанның Ресейге қосылу үрдiсi аяқталды. Каспий жағалауынан Алтайға дейiнгi, Тобыл өз-нен Тянь-Шань тауына дейiнгi ұлан-байтақ ел Ресей империясының құрамына ендi. Патша үкiметi осы кең өлкенi басқару мақсатымен реформалар жүргiздi. 1867 ж. Түркiстан ген.-губернаторлығына бағынатын Жетiсу және Сырдария облыстары, ал 1868 ж. Орынбор ген.-губернаторлығына қарасты Орал мен Торғай, Бат. Сiбiр ген.-губернаторлығына қарайтын Ақмола және Семей облыстары құрылды. Облыстар уездерге, уездер болыстарға, болыстар ауылдарға бөлiндi. Әкiмш. бөлiктер аум. принцип бойынша ұйымдастырылды. Патша үкiметi “рулық бiрлестiктiң” рөлiн төмендетiп, ру ақсақалдары мен билерiнiң ықпалын жоюды көздедi. Барлық жер мемлекет меншiгi деп жарияланды. Қазақстандағы 1867 — 68 жылдардағы реформалар сот құрылысына да өзгерiстер енгiздi. Қазақстанда Ресей империясының құқығы мен соты қолданылды, сонымен бiрге iшiнара әдеттiк құқық пен билер соты да қалдырылды. Бiрақ билер соты тежелiп, ел басқарудың жаңа жүйесiне икемделдi.

Ресейде агр. мәселенiң шешiлмеуi, қазақ даласына қоныс аудару саясатының жоспарлы түрде жүргiзiлуi өлкенiң әлеум.-экон. жағдайына өзгерiстер енгiздi. Бұрынғы жаппай көшпелi шаруашылықтардың орнына ендi отырықшылықпен қатар мал бағу және егiн егу сияқты шаруашылықтың жаңа түрлерi орныға бастады. Үкiметтiң қауымдық жерлердi тартып алып, күнкөрiс жер-судан айыруы қазақ қоғамының әлеум. бөлшектенуiн туғызды. Қазақстанда өнеркәсiп өндiрiстерi, түрлi кәсiпшiлiк ашылып (мыс.: а. ш. шикiзаттарын өңдейтiн — май шайқайтын, терi өңдейтiн, ұн тартатын, т.б.), жедел дами бастады. Шымкент пен Түркiстанда мақта тазалайтын з-ттар, ал Верный қ-нда темекi шығаратын екi кәсiпорын жұмыс iстедi. Арал т-нде, Павлодар уезiндегi Қарабас к-нде тұз өндiру қолға алынды. Әсiресе ғасыр басында оның маңызы күшейдi. Тұз жергiлiктi мұқтаж үшiн де, сол сияқты шетке шығару үшiн де өндiрiлдi. Олардың неғұрлым iрiлерi Iшкi ордадағы 5 мың қазақ жұмыс iстеген Басқұншақ, Павлодар уезiндегi Коряков кәсiпшiлiктерi едi. Жайық, Ембi, Ертiс өзендерi, Арал мен Каспий т-дерi айдындарында балық кәсiпшiлiгi жанданды. Қазақстанда 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында Спасск мыс қорыту з-ты, Успенск мыс кенiшi, Қарағанды көмiр кенiшi, Екiбастұз және Риддер кәсiпорындары шет ел өнеркәсiпшiлерiнiң де (АҚШ, Германия, Бельгия, Швеция) назарын аударып, өлке байлығы талан-таражға түстi. 20 ғ-дың басында алтын шығару, көмiр өндiру (Екiбастұзда, Қарағандыда), мұнай (Бат. Қазақстанда, Орал-Ембi аймағында) шығару арта түстi. Ресейде капитализмнiң кең қанат жайып, оның ұлттық шет аймақтарына таралуы нәтижесiнде Қазақстанда банк бөлiмдерi мен несие мекемелерi құрыла бастады. Мемл. банктiң өлкедегi бөлiмдерi, сауда-өнеркәсiптiк орталықтары Оралда (1876), Петропавлда (1881), Семейде (1887), Омбыда (1895), Верныйда (1912) ашылды. Сауда-саттық, алыс-берiс қүшейдi. Негiзiнен мал сатылды. Әр жазда Ресей орталығына Ақмола, Қарқаралы және Сарысу уездерiнен 60 мыңға тарта iрi қара мал, 200 мыңға тарта қой жiберiлiп тұрды. Сыртқа шығарылатын астық көлемi де артты. Орал, Орынбор, Семей қ-лары астықпен сауда жасаудың iрi орталықтарына айналды. 19 ғ-дың екiншi жартысы мен 20 ғ-дың басында сауда-саттықтың жаңа — жәрмеңкелiк түрi пайда болды. Қарқаралы уезiндегi Қоянды, Петропавл уезiндегi Тайыншакөл, Ақмола уезiндегi Константиновск, Атбасар уезiндегi Перовск, Верный уезiндегi Қарқара жәрмеңкелерi неғұрлым iрi сауда орталықтары саналды. 20 ғ-дың басында қала халқының саны өсе түстi. Орал (47,5 мың адам), Петропавл мен Верный (43,2 мыңнан), Семей (34,4 мың) iрi қалалар саналды.

Қазақстанда өнеркәсiптiң дамуында т. ж. зор рөл атқарды. Өлкеде Орынбор-Ташкент, Троицк, Алтай және Жетiсу т. ж-дарын салу жеделдетiлдi. 1917 жылға дейiн Қазақстанда барлығы 2793 км жол төселдi. Су жолдары да (Семей обл-нда) пайдаланылды. Ертiс өз. арқылы “Пароход шаруашылығы мен Батыс-Сiбiр сауда серiктестiгi” компаниялары жүк тасыды. Өнәркәсiптiң дамуы, т. ж., су жолдардың кеңiнен пайдаланылуы Қазақстанда жұмысшы кадрларының қалыптасуына алғышарт жасады. 1913 ж. өлкедегi жұмысшылар саны 75 мың адамға жеттi. Ал Қазан төңкерiсi мен өзгерiстер жүрiп жатқан кезеңде Қазақстан жұмысшыларының саны 90 мыңға жеттi. Фабрика-зауыттарда жұмыс iстеген қазақ жұмысшыларының тұрмыс жағдайы төмен (жұмыстың ең ауырына жiберiлдi, мардымсыз жалақы тағайындалды, көптеген айыппұл салынды, басқа ұлт жұмысшыларынан кемсiтiп, алалаушылық орын алды) болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында қазақ өлкесi Ресейге толығымен кiрiптар күй кештi.

20 ғ-дың басында өлкенiң жағдайына керi әсер еткен факторлардың бiрi — агр. саясат едi. Қоныс аудару кең қанат жайды. Қазақстанның аумағы бiрнеше қоныс аудару аймақтарына (Торғай, Орал, Семей, Сырдария, Жетiсу) бөлiндi. “Қоныс аудару қорын” жасау үшiн құрылған Қоныс аудару мекемелерi “артық” жерлер iздестiруге кiрiстi. Әрбiр қазақ отбасы 15 десятина үлес жер алып, қалған жер мемл. меншiкке берiлуi тиiс болды. Iс жүзiнде оларға үлес берiлмей, атамекен-шұрайлы жерлерiнен қуылып жатты. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлi мал шаруашылығының құлдырауы, әсiресе “Столыпин реформасы” кезiнде күшейдi. 1906 ж. Ресей империясының премьер-министрi болып тағайындалған П.А. Столыпиннiң реформасы бойынша шаруаларға өз үлестерiмен қауымнан шығып, хутор құруларына еркiндiк берiлдi. Столыпин бұл мәселенi шешуге астық егуге қолайлы өңiр ретiнде қазақ даласын пайдаланды. Ресейден қоныс аударушы (переселен-мұғажыр) шаруалардың Қазақстанда кулак шаруашылықтарын құруына түрлi жеңiлдiктер жасалды. Хутор үшiн 45 десятина қолайлы жер және 15 десятина егiн салатын жер бөлiндi. Жер бөлушi ұйымдарға жергiлiктi халықты атамекендерiнен зорлықпен көшiрiлiп, олардың жерiне шаруа-кулактарды қоныстандыруға рұқсат берiлдi. Қоныс аудару науқаны нәтижесiнде 1895 — 1905 ж. далалық облыстарға 294 296 адам, ал 1906 — 10 ж. 770 мыңнан астам қоныс аударушылар келдi. 1893 — 1905 ж. қазақтардан 4 млн. десятина жер, 1906 — 12 ж. 17 млн. десятинадан астам, ал 1917 ж. барлығы 45 млн. десятина жер тартып алынды. “Столыпиннiң аграрлық саясаты” қазақтарды жерiнен айырумен қоса, олардың өлкеде үлес санының азаюына да себеп болды.



Қазақстанды қосып алғаннан кейiн Ресей өлкенiң табиғатын, тарихын, экономикасын зерттей бастады. Қазақ өлкесiн зерттеушiлердiң бiрi Орыс география қоғамының басшысы П.П. Семенов-Тяньшанский (1827 — 1914) едi. Оның басшылығымен көп томдық “Ресей. Отанды географиялық тұрғыдан толық баяндау” деп аталатын зерттеу құрастырылып, басып шығарылды. Оның “Қазақ (қырғыз) өлкесi”, “Түркiстан өлкесi” деп аталатын екi томы Қазақстан мен Орта Азияның геогр. жағдайын, табиғи байлығын, тарихын, халық тұрмысын баяндауға арналды. “Түркi тайпаларының ауыз әдебиетiнiң үлгiлерi” атты еңбек жазған Петербург академиясының акад. В.В.Радлов қазақ халқының ауыз әдебиетiн зерттеуге зор үлес қосты. Сондай-ақ “Қасым патшалары мен ханзадалары туралы зерттеу”, “Қырғыз-қайсақтар (қазақтар) туралы тарихи мәлiметтер” деп аталатын кiтаптардың авторы шығыстанушы-ғалым В.В. Вельяминов-Зернов қазақ халқы тарихының маңызды кезеңдерiн зерттедi. 1841 ж. Бөкей хандығында, 1850 ж. Орынборда Шекаралық комиссия жанынан қазақ азаматтық мектебi ашылды. 1877 ж. Ы.Алтынсариннiң күш салуымен Ырғызда қыздар уч-щесi жұмыс iстей бастады. 1890 — 96 ж. Торғайда, Қостанайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде орыс-қазақ уч-щелерi, 1883 ж. Орынборда қазақ мұғалiмдер мектебi ашылды. 19 ғ-дың 2-жартысында қазақ халқының Ш.Уәлиханов, М.С. Бабажанов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев сияқты азаматтары өмiр сүрiп, шығармашылықпен айналысса, 20 ғ-дың басында олардың қатарын Ш.Құдайбердiұлы, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, т.б. толықтырды. 19 — 20 ғ-дың басында қазақ муз. мәдениетi өрлеу кезеңiн бастан өткердi. Сазгерлер: Құрманғазы, Дина Нұрпейiсова, Тәттiмбет, Ықылас, әншi-сазгерлер: Бiржан сал, Ақан серi, Мұхит, Жаяу Мұса, Мәди шығармалары халық арасына кең тарады. 1870 ж. 28 наурызда “Түркiстан уәлаятының газетi”, 1888 ж. 1 қаңтарда, “Дала уәлаятының газетi”, 1911 ж. “Айқап” журналының алғашқы сандары жарияланды. 1913 — 18 ж. аралығында шыққан “Қазақ” газетi қазақ қоғамының барлық салаларынан жан-жақты хабардар етiп тұрды.

1905 ж. 9 қаңтарда “Қанды жексенбiден” басталған бiрiншi орыс төңкерiсiнен Қазақстан да сырт қалмады. Ақпан айында Түркiстанда, Перовскiде, Жосалыда, Шалқарда демонстрациялар, мамыр айында Верный, Қостанайда жұмысшы толқулары өттi. 1905 ж. жазда қазақ халқының үкiметке наразылығы ұйымдасқан әрi саяси сипат алды. Қозғалыстың басында ұлттық интеллигенция тұрды. 1905 ж. жазда Қоянды жәрмеңкесiнде 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын дайындаушылар қатарында Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев, т.б. зиялылары тұрды. Петицияда қазақ халқының өмiрлiк маңызды мұқтаждары, саяси агр., дiни мәселелер қойылды. 18 — 19 қазанда Орынборда жаппай саяси ереуiлдер, 25 қазанда Омбыда саяси демонстрация, 16 — 28 қарашада Семейде почта-телеграф қызметшiлерiнiң ереуiлдерi өттi. Жұмысшы, шаруа қозғалысына, 6 — 7 қарашада Бат. Сiбiр полкiнiң солдаттары, ал 21 қарашада Жаркент гарнизонының солдаттары қосылды. Қазақ және орыс жұмысшыларының ең iрi бас көтерулерi Успенск кенiшiнде болды. Оны “Капиталға қарсы орыс-қазақ одағы” басқарды. 1906 ж. ақпанда Семейде қазақтардың съезi өтiп, онда қоныс аударуды тоқтату, жердi қазақ халқының меншiгi етiп тану, тiл, дiн тұту еркiндiгi, ана тiлiнде бiлiм алуды дамыту, т.б. талаптар айтылды. Рев. қозғалыс Ресейде екi жарым жылға созылды. 1905 ж. 17 қазандағы манифест бойынша Ресейде Мемл. Дума сайланды. 1906 жылғы 27 сәуiрден 8 шiлдеге дейiн өмiр сүрген I-Мемл. Думаға Қазақстаннан 9 депутат сайланды. Думада үлкен айтыс тудырған агр. мәселе Думаның таратылуына себеп болды. 1907 ж. 20 ақпанда өз жұмысын бастаған 2-Мемл. Думада да агр. мәселе баса айтылды. Қазақстаннан оған 13 депутат қатысты. Рев. толқу әлсiреп, 1907 ж. 3 маусымда патшаның 2-Думаны таратып жiберуiне, қазақтарды сайлау құқынан айыруға мүмкiндiгi артты. 1914 ж. 1-тамызда Ресейдiң 1-дүниежүз. соғысқа тартылуы Қазақстан халқына ауыр соққы болып тидi. Қазақ халқына “өз ерiктерiмен қаржы жинау”, мемл. заемдарды зорлап жаздыру, соғыс салығы түрiндегi барлығы 10-ға жуық түрлi салықтар мен баж салығын төлеу мiндеттелдi. Қазақтарды тонау одан әрi жалғасты, соғыс жүктерiн (астықты) т.ж. ст-ларына жеткiзу үшiн олардың көлiктерi зорлықпен пайдаланылды. Соғыс уақытында Түркiстан өлкесiнен 300 мың пұт ет, 70 мың жылқы, 13 мың бас түйе әкетiлдi. 1914 ж. тек Жетiсудан ғана 34 млн. сомның малы мен мал ш. өнiмдерi жөнелтiлдi. Әскерге алынғандардың отбастарына көмек көрсету желеуiмен еңбек ету мiндетi енгiзiлдi, қазақтар жұмыс күшi ретiнде қоныс аударып келгендер деревняларының жерiн жыртып, тұқымын сеуiп, өнiмiн жинап беруге тиiстi болды. Қаладағы еңбекшiлердiң, өнеркәсiп орындарындағы жұмысшылардың жағдайы күрт нашарлап кеттi. Үкiметтiң Қазақстанның барлық облыстарына төтенше соғыс жағдайын енгiзуi де халықтың соғысқа наразылығын күшейтiп жiбердi. 1915 ж. маусымда Екiбастұз бен Қарағанды көмiр кендерiнiң, Қазақ (киргиз) тау-кен қазу өнеркәсiбi акцион. қоғамының, Спасск мыс қорыту з-тының қазақ жұмысшылары ереуiл жасады. 1916 жылдың жазында жұмысшы қозғалысы Риддер кенiштерiн, Ембi мұнай кәсiпшiлiктерiн, Екiбастұз, Байкоңыр көмiр кендерiн, Орынбор — Ташкент т. жолын қамтыды. Осындай жаппай наразылықтар нәтижесiнде 1916 жылғы көтерiлiс шықты. Көтерiлiстiң басталуына патшаның 1916 жылғы 25-маусымдағы майдандағы қара жұмысқа Қазақ және Түркiстан өлкелерiнiң және iшiнара Сiбiрдiң 19-дан 43 жас аралығындағы ер-азаматтарын шақыру жөнiндегi жарлығы түрткi болды.

Шiлденiң басында қазақ даласында көп кешiкпей қарулы көтерiлiске айналған стихиялық бас көтерулер басталды. Қазақ қоғамында патша жарлығы мен көтерiлiске деген көзқарас бiр мәндi болған жоқ. Интеллигенцияның кейбiр өкiлдерi (Бокин, Ниязбеков, Жүнiсов) жарлыққа қарсы шығып, оны орындауға қарсыластық көрсетуге шақырса, “Қазақ” газетi төңiрегiндегi зиялылар (Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, т.б.) күшi басым үкiметке қарсы шығудың халықты қырғынға ұшырататынын ескертiп, сабыр сақтауға шақырды. Көтерiлiстiң аса iрi ошақтары Жетiсу мен Торғайда болды. Жетiсу облысында қарулы қарсылық шiлде-тамыз айларында жаппай қарқын алды. 17 шiлдеде Түркiстан өлкесiнде соғыс жағдайы жарияланды. Патша үкiметi Жетiсуға iрi әскери күштердi жiбере бастады. Қыркүйек, қазан айының басында жетiсулық көтерiлiсшiлер шегiнiп, Бат. Қытайға өтiп кетуге мәжбүр болды (қ. Қарқара көтерiлiсi). Торғай көтерiлiсi (басшылары Ә.Жанбосынұлы, А.Иманов, Ә.Жангелдин) 50 мыңдай адамды қамтыды. 1916 ж. 21 қарашада Торғайда 13 болыс ел өкiлдерi Әбдiғапарды хан, Амангелдi Имановты сардарбегi (қолбасы) етiп сайлады. А.Иманов көтерiлiсшiлердi ондыққа, елулiкке, жүздiкке, мыңдыққа бөлдi. Арнайы мергендер отряды құрылды. Көтерiлiс штабында әскери кеңес жұмыс iстедi. Торғай облысындағы көтерiлiс патша үкiметi құлатылғаннан кейiн ғана тоқтады. 1916 жылғы көтерiлiс қазақ халқының көп ғасырлық ұлт-азаттық қозғалысының тарихында маңызды орын алады. Ол отарлауға және империалистiк саясатқа қарсы өрбiдi.

1917 ж. патшаны тақтан құлатқан Ақпан революциясының оқиғалары көп ұзамай Қазақстанға да жетiп, наурыз айының басында iрi қалаларда төңкерiстi қолдаған митингiлер, демонстрациялар өттi. Ресейде қос өкiмет билiгi (Уақытша үкiмет пен Жұмысшы және солдат депутаттары кеңестерi) орнады. Қазақстан көп өкiметтi қоғамға айналды. Өлкеде ұлыдержавалық саясат жалғаса бердi. 1917 ж. көктем, жаз айларында жұмысшы, рев.-демокр. жастар ұйымдары, саяси партиялар құрылды. Омбыдағы оқушы жастардың 1914 ж. ашылған “Бiрлiк” мәдени-ағарту ұйымы жұмысын жаңа саяси ахуалға орай жандандырды. С.Сейфуллин Ақмолада “Жас қазақ”, Т.Рысқұлов Меркеде “Қазақ жастарының революциялық одағы” ұйымдарын құрды. Спасск мыс қорыту з-тында “Жас жүрек”, Петропавлда “Талап”, Семейде “Жанар” т.б. ұйымдар жұмыс iстей бастады.

1917 ж. 21 — 28 шiлдеде Орынборда 1-Бүкiлқазақ съезi өттi. Делегаттар ұлттық автономия, жер-су, т.б. мәселелердiң шешiлуiне, Құрылтай жиналысына әзiрлiк және қазақ саяси партиясын құру мәселелерiне баса назар аударды. Съезд, шын мәнiнде, қазақтың ұлттық саяси партиясы — “Алаштың” съезi болып айқындалды. Ә.Бөкейхан, М.Тынышбаев, М.Дулатов, А.Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы, М.Жұмабаев т.б. Алаш партиясына кiрдi. Дегенмен көпшiлiк қазақ қоғамы сол кезеңде дайын болмағандықтан әлеум. бағдарлама қабылдаған жоқ. Олар Қазақ халқын отарлық езгiден азат ету ұраны төңiрегiне топтасты. 1917 жылдың күзiнде тағы бiр ұлттық-саяси ұйым — Қазақтың соц. партиясы болып саналған “Үш жүз” партиясы пайда болды. Көлбай Тоғысов басқарған бұл партия солшыл бағыт ұстап, Алаш партиясына, Алашорда үкiметiнiң құрылуына қарсы шығып, большевиктердi жақтады. 1917 ж. жаз, күз айларының басында елде халықтың большевиктер жағына шығуына әлеум. жағдайдың төмендеуi, аштық, Уақытша үкiметтiң шарасыздығы себеп болды.

1917 ж. 24 қазанда (6 қарашада) Петроградта қарулы көтерiлiс басталды. Ертеңiне көтерiлiсшi жұмысшы, солдат, матростар астананың аса маңызды орындарын басып алды. 25 қазанда (7 қарашада) таңертең Әскери-рев. к-т Уақытша үкiметтiң құлатылғанын хабарлады (қ. Қазан революциясы). 1917 ж. 2 қарашада Бүкiлтүркiстандық IV Төтенше съезi өз жұмысын бастады. Оны М.Шоқай ашты. Съезд Түркiстан автономиясын (Түркистон мухтарияты) (төрағасы М.Тынышбаев, кейiн М.Шоқай) жариялады. Автономияны 1918 ж. ақпанда большевиктер қарулы күшпен қуып таратты.

Қазан төңкерiсiнен кейiн қалыптасқан саяси ауыр жағдайда өздерiнiң iс-әрекеттерiн айқындап алу үшiн ұлттық интеллигенция бастаған қазақ қоғамы Орынборда (1917 ж. 5 — 13 желтоқсанда) 2-Бүкiлқазақ съезiн өткiздi. Оған Ресейдiң қазақтар тұратын барлық облыстарынан дерлiк өкiлдер қатысты. Съездi Бөкейхан, Байтұрсынов, Дулатов, И.Омаров ұйымдастырды. Б.Құлманов төрағалық еттi. Съезде алдымен тез өзгерiп жатқан саяси жағдайда партия тактикасын нақтылау, қазақ автономиясын құру және оның үкiметiн қалыптастыру мәселелерi талқыланды. Съезд делегаттары Уақытша үкiмет құлатылғаннан кейiн қазақтар өмiрiн қиындатып жiберген аласапыран жағдайда елдi сақтап қалу үшiн, Уақытша халық кеңесi түрiндегi билiк орнату, оған Алашорда деген ат беру (төрағасы Бөкейхан, Атқару кеңесi құрамына 25 адам кiрдi), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Қазақ автономиясының астанасына Семей (Жаңа Семей) қ. белгiленiп, оған Алаш қ. деген ат берiлдi. Алашорда жетекшiлерi Кеңес үкiметiмен байланыс жасауға тырысты. 1918 ж. наурызда Ж.Досмұхамедұлы және Х.Досмұхамедұлы Мәскеуге барып, В.И. Ленин мен И.В. Сталинмен келiссөз жүргiздi. Сондай-ақ, 1918 ж. сәуiрдiң басында Х.Ғаббасов Семейден төте желi арқылы ұлт iсi жөнiндегi халық комиссары Сталинмен байланысқа шықты. Келiссөз барысында Кеңес тарапынан 2-Жалпықазақ съезi шешiмдерiнiң мойындалуы, Алашорданың кеңес өкiметiн тануы, автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегi, бүкiлқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бiтiмге келу мәселелерi қозғалды. Автономияны кеңес тұғырына аудару жайында құрғақ уәделер болды. Ұзамай, кеңестiк билiк автономияның тек депутаттар кеңесi арқылы таптық негiзде берiлетiнi жайындағы қағидасын алға тартты. Сонда Алашорда мемл. құрылымын өз бетiнше жасауға мәжбүр болды, сонымен бiрге 1918 жылдың күзi мен қысында атаман А.И. Дутовпен, Самарадағы құрылтайшы жиналыс мүшелерi к-тiмен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сiбiр (Колчак) үкiметiмен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы алашорданың ұстанар бағытын айқындауды қажет еттi. Қазақ автономиясы өлкеде әлеум.-саяси негiзi жоқ кеңес өкiметiне қарсы ақтармен бiрге күреске шықты.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет