Большевиктiк ұйымдар, Қазақстан мен Түркiстан кеңестерi өздерiнiң бүкiлқазақтық және бүкiлтүркiстандық съездерiн шақыруға әзiрлене бастады. Бұл жұмыстарды өлкеде кеңес өкiметiн нығайту жолындағы күрес әрi кеңестiк мемлекеттiлiктiң қалыптасу кезеңi де болды деуге болатын. Мұнымен Қазан төңкерiсiн және Қазақ мемлекеттiлiгiн кеңестiк негiзде құру идеясын қабылдамаған Алаш партиясы мен оның көсемдерi келiсе алмады. Ұлттық мәселелер, ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерi талқылана бастады. Кеңес өкiметi ұлт саясатының негiзгi принциптерi екi құжатта — Ресей халықтары құқықтарының Декларациясы (1917 ж. 2 қараша) және Ресей мен Шығыстың барлық мұсылман еңбекшiлерiне үндеуiнде (1917 ж. 20 қараша) жарияланған-ды.
Кеңес өкiметiнiң орнауы құлатылған таптың қарулы қарсылығын алғашқы сәттен-ақ тудырды. Әскери тұтқындардан жасақталған чехословак корпусының 1918 ж. мамырдағы бүлiгi азамат соғысын өршiтiп жiбердi. Сiбiр, Орал, Орта Едiл жағалауы қалалары: Новосибирск, Челябинск, Том, Омбы чехтар қолына көштi. 31 мамырда контрреволюция Петропавлды, маусымда Ақмола, Атбасар, Қостанай, Павлодар, Семейдегi Кеңес үкiметiн құлатты. 1918 ж. 29 мамырда БРОАК Декретiмен Қызыл Армия қатарына әскери мiндеттi енгiзiлдi. Қазақ, мұсылман, дүнген, ұйғыр бөлiмдерi жасақталды. 1918 ж. жазда Орынбор аймағында ауыр жағдай қалыптасты. Қаланы 3 шiлдеде атаман Дутов басып алып, кеңестiк Түркiстанды Орт. Ресейден бөлiп тастады. Ақтарды оңт-ке, Ташкентке жiбермеу үшiн кеңестер Ақтөбе майданын құрды. Дала өлкесiнiң Төтенше комиссары Ә.Жангелдин басқарған экспедиция осы кезде жасақталды; (қ. Жангелдин экспедициясы). Ақтөбе майданы азамат соғысында шешушi рөл атқарды. 1919 ж. Орынбор, Орал, Орск азат етiлгеннен кейiн Ақтөбе майданы мен Шығыс майданы әскерлерi қосылды. 1918 ж. жаз, күз айларында Жетiсу облысында да ауыр соғыс болды. Ақгвардияшылдар Iле өлкесiн, Верный, Сергиополь, Үржар, Сарқант қалаларын басып алды. 1918 ж. Солт. Жетiсу майданы құрылды, күзде Солт. Жетiсудың тек Лепсi уезiнен басқа өңiрi ақтардың қол астында қалды. Ақмола, Семей облыстарында Тарбағатай мен Алтайдың Тау қырандары деген атпен мәлiм болған партизандық қозғалыс қанат жайды. 1919 ж. жазда Колчак армиясының басты күштерi талқандалып, Бат., Солт., Шығ. Қазақстан мен Жетiсудi азат етуге қолайлы жағдай туды. 1920 ж. наурызда Солт. Жетiсу майданының таратылуымен қазақ өлкесiнде азамат соғысы аяқталды. Азамат соғысы жылдарында материалдық қорды жинау және оны үнемдеу мақсатымен төтенше енгiзiлген шара “әскери коммунизм” деп аталды. “Артық” азық-түлiктi халықтан жинап алып, азық-түлiк салғыртын енгiзген бұл декрет 1919 ж. 11 қаңтарда жарияланды.
1919 ж. наурыз-көкек айларында алашорда өкiлi А.Байтұрсынов бастаған делегация орт. кеңес өкiметiмен келiссөз жүргiзiп, келiсiмге келдi. Алашорда қайраткерлерiне кешiрiм жарияланды. 1919 ж. 10 шiлдеде В.И.Ленин Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi рев. к-т құру туралы декретке қол қойды. Қазревком құрамына С.С.Пестковский, Б.Қаратаев, Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, С.Меңдешев, Ә.Әйтиев, т.б. ендi. 1920 ж. 30 тамызда Бүкiлресейлiк ОАК мен РКФСР ХКК РКФСР-дiң құрамында “Автономиялы Киргиз (қазақ) Социалистiк Кеңес республикасын құру туралы” декрет қабылдады. Республика құрамына Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Каспий обл. мен Астрахан губ-ның қазақтар тұратын аудандары ендi. 1920 ж. 4 — 12 қазанда Орынборда ҚазАКСР-ы Кеңестерiнiң құрылтай жиналысы өттi. Съезге 273 делегат қатынасты. Съезд С.Меңдешовтi басшы етiп, ҚазАКСР-ның ОАК-н және Радус-Зенькович басқарған ХКК-н сайлады. 1925 ж. Түркiстан АКСР-iнiң таратылуына байланысты Жетiсу және Сырдария облыстары Қазақ АКСР-iне қосылды. Жергiлiктi халықтың “Қазақ” атауы қалпына келтiрiлдi. 1921 — 22 ж. Қазақстанда жер-су реформасы жүргiзiлдi. Оның мақсаты — кезiнде патша үкiметi отарлау үшiн тартып алған Ертiс пен Жайықтың сол жағалауындағы, Жетiсу мен Оңт. Қазақстандағы жерлердi өлкенiң байырғы халқы — қазақтарға қайтару едi. Соның нәтижесiнде шаруалар 1 млн. 385 мың десятина жерге ие болды. 1921 ж. “Қосшы” кедейлер одағы құрылып, олар жер реформасын жүргiзуге белсене қатысты. 1921 ж. 8 — 16 наурызда Ресей большевиктер партиясының 10 съезi өттi. Онда жаңа экономикалық саясатқа (ЖЭС) көшу туралы шешiм қабылданды. Азық-түлiк салғырты салықпен алмастырылды, жаппай еңбек мiндеткерлiгi жойылды, еркiн саудаға рұқсат берiлдi, жалдамалы еңбек, жердi жалға алу, кооп. дамуына қолдау көрсетiлдi. ЖЭС-тiң нәтижесi 20-жылдардың ортасында көрiндi. 1925 жылға қарай халық ш. қалпына келтiрiлдi. Өнеркәсiптiң 60%-н, көлiк қатарға қосылды. Мал басы 1922 жылмен салыстырғанда екi есе өсiп, 26 млн. басқа жеттi. Ойыл, Қоянды, Темiр жәрмеңкелерi қайта жанданды. Сөйтiп, халықтың әл-ауқаты көтерiле бастады. Қазақстанның табиғи қазба байлықтарына баса назар аударылып, өндiрушi салалар — түстi металлургия, көмiр және мұнай өнеркәсiптерi қолға алынды. 1928 — 29 ж. республикада 50 геол., 1931 ж. 140 экспедиция жұмыс iстедi. Осы кезеңде iрi құрылыстар: Шымкент қорғасын з-ты, Балқаш мыс қорыту, Ащысай полиметалл комб-тары iске қосылып, Текелi полиметалл, Жезқазған мыс қорыту комб-тары, Өскемен қорғасын-мырыш з-ты салына бастады. 1927 ж. сәуiрде индустрияландырудың iрi нысандарының бiрi — Түркiстан-Сiбiр темiр жолының (Түркiсiб) құрылысы басталды. 1927 ж. желтоқсанда өткен БПК(б) 15 съезi ауылдарды ұжымдық шаруашылықтар құру туралы шешiм қабылдады. Ұжымдастыруды 1932 ж. аяқтау көзделдi. Ол күштеу тәсiлiмен жүрдi, жергiлiктi халықтың тұрмыс дәстүрi назарға алынбады. Осы кезеңде кулактар мен байларды тап ретiнде жою науқаны басталды (қ. Кәмпескелеу). 1928 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР-iнiң ОАК мен ХКК қабылдаған “Iрi бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркiлеу және жер аудару” туралы декретке сәйкес 657 жеке шаруашылық тәркiленiп, иелерi жер аударылды. Олардан 145 мың бас мал, а. ш. құралдары тартып алынды. Отырықшыландыру iсi күштеп ұжымдастырумен астасты, соның салдарынан шаруалар мал өрiсiнен, су мен жайылым ауыстыру мүмкiндiгiнен айрылды. Мұның бәрi ашаршылыққа, мал ш-ның құлдырауына әкелiп соқтырды, егiс көлемi төмендедi (қ. Ашаршылық). Халық наразылығы күшейдi. 1929 — 31 ж. Қазақстанда 372 көтерiлiс болып өттi. Шет елдерге (Қытайға, Моңғолияға, Иранға, Ауғанстанға) жаппай ауа көшу басталды.
1930 ж. 27 тамызда Қазақ АКСР ОАК мен ХКК жалпыға бiрдей мiндеттi бастауыш бiлiм беру туралы қаулы қабылдады. 1920 — 21 ж. басталған сауатсыздықпен күрес нәтижесiнде 1940 жылға қарай еңбекке жарамды тұрғындар негiзiнен сауат ашты. Педагог-кадрларды даярлауға көңiл бөлiне бастады. Тұрақты, қысқа мерзiмдi курстар, педтехникумдар ашылды. 1922 ж. ҚазАКСР Денсаулық сақтау комиссариатының жанынан Өлкелiк химия-бактериол. лаборатория, 1924 ж. Санитарлық-бактериол. ин-т, 1926 ж. Тыңайтқаш және агротопырақ зерттеу ин-ты құрылды. 1932 жылға қарай Қазақстанда 12 ғыл.-зерттеу ин-ты, 15 тәжiрибе ст., 186 тiрек пунктi, лаб., гидромет. ст., кен барлау ұйымдары жұмыс iстедi. КСРО ҒА-ның қазақстандық базасы құрылды. Жоғары оқу орындары ашыла бастады. ҚазПИ (1928), Алматы зоотех.-малдәрiгерлiк ин-ты (1929), Қазақ а. ш. ин-ты (1930), Алматы медицина ин-ты (1931), Қазақ мемл. ун-тi (1934) құрылды. Осы ғасырдың 20-жылдарында iшiнде Қазақстан зерттеу қоғамы құрылған болатын. Қоғам тарихи-геогр., этногр., экон. бағыттағы еңбектер жариялады. 1925 ж. тұңғыш ұлттық қазақ театрын ұйымдастыру қолға алынып, оны Д.Әдiлов басқарды. Республиканың шартарабынан өнерпаздар шақырылды. 1925 ж. желтоқсанда “Еңлiк — Кебек” пьесасы (М.Әуезов) мен үлкен концерт қойылды. Ал 1926 ж. 13 қаңтардағы ресми ашылуында “Алтын сақина” (Қ.Кемеңгеров) қойылды. 1934 ж. муз. театр ашылып, оны Ж.Шанин басқарды. Бiрiншi қазақ операсы “Қыз Жiбек” (Е.Брусиловский) қойылды. 1934 ж. А.Жұбанов басқарған Құрманғазы атынд. оркестр құрылды. 1936 ж. мамырда Мәскеуде қазақ әдебиетi мен өнерiнiң алғашқы онкүндiгi өттi. К.Байсейiтоваға КСРО Халық артисi атағы берiлдi. 1934 ж. көркемфильм студиясы ашылды. 1938 ж. тұңғыш дыбысты кино “Амангелдi” фильмi түсiрiлдi. Қазақтың муз. өнерiнiң дамуына этнограф-композитор А.В.Затаевич (“Қазақтың 1000 әнi”), (“Қазақ халқының 500 әнi мен күйi”) зор үлес қосты. Аталған кезеңде Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, I.Жансүгiров, Б.Майлин шығармалары кеңiнен мәлiм болды. Ауыз әдебиетiнiң көрнектi өкiлдерi Ж.Жабаев, Н.Байғанин, О.Шипин, К.Әзiрбаев, И.Байзақов есiмдерi халыққа танылды.
1925 жылдан кейiн республиканың қоғамдық-саяси өмiрi күрт өзгерiп кеттi. Қазақстанда “Кiшi қазан” төңкерiсiн өткiзуге идеол. негiз жасалды. Тәркiлеу, күштеп ұжымдастыру, саяси қуғын-сүргiн, қарулы жазалаушылардың елдi қанға бөктiрген ожарлықтары халықты қайғы-қасiретке ұшыратты. 1928 — 30 ж. 80-нен астам адамға саяси айып тағылып, түрмеге жабылды. Қазақ жерi саяси тұтқындар қамалатын лагерге айналдырылды. Олардың ең iрiсi Қарағанды лагерi болды. Ақмолада “Отан сатқындары” жұбайларына арналған лагерь (қ. АЛЖИР) құрылды. 1937 жылдың күзiнде Қазақстанға Қиыр Шығыстан 100 мың кәрiс, 1943 — 44 жылдары күрд, түрiк, иран, әзербайжандар, шешен-ингуштар жер аударылып қоныс тептi; қ. Депортация.
1941 ж. 22 маусымда Германия КСРО-ға соғыс ашты. Қазақстан алғашқы күндерiнен-ақ соғыс арсеналына айналды. Елдiң бүкiл экономикасы соғыс қажетiне лайықталып қайта құрылды. Қарағанды шахтерлерi төрт жыл iшiнде 34 млн. тонна көмiр өндiрдi. Орал-Ембi мұнайлы ауд-ның кәсiпорындары сұйық отын шығаруды 39% арттырды, электр қуатын өндiру екi есе дерлiк өстi. Шығыс Қоңырат молибден, Жездi марганец, Дөң (Дон) хромит кенiштерi, Ақшатау молибден-вольфрам комб. салынды. 1941 — 45 ж. барлығы 460 зауыт, фабрика, кенiш, шахта, т.б. кәсiпорындар салынды. Бұлардың қатарына соғыс жүрiп жатқан аймақтардан көшiрiп әкелiнген металл өңдейтiн, машина жасайтын з-ттар қосылды, олар мина, снаряд, торпедо, бомба, огнемет, радиост. шығарды. 1941 — 42 ж. Қазақстанға Мәскеуден, Ленинградтан, Украина, Беларусьтен әкелiнген 220 з-т, ф-ка қайта жабдықталды. Олар негiзiнен Алматы, Орал, Шымкент, Семей, Қарағанды қ-ларына орналастырылды. Ауыл-село еңбеккерлерi өздерiнiң патриоттық мiндеттерiн адал өтедi: 1941 — 45 ж. олар 5829 мың т астық, 734 мың т ет және басқа азық-түлiк, өнеркәсiп үшiн шикiзат өндiрдi. 1943 ж. Ш.Берсиев тарының әр га-нан 202 ц, Ы.Жақаев күрiштiң га-нан 172 ц өнiм алып, әлемдiк зор табысқа жеттi. Қазақстанға шығарм. және ғыл. ұжымдар да көшiрiлiп әкелiндi. Олардың қатарында Мәскеу, Ленинград киностудиялары, 20 ғыл. мекеме, атақты ғалымдар И.П. Вернадский, А.М.Панкратова, А.А.Скочинский, т.б. келдi. Белгiлi қазақ ақын-жазушылары: Ж.Жабаев, С.Мұқанов, Д.Снегин, М.Әуезов өз шығармаларын халықты патриоттық рухта тәрбиелеуге арнады. Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы жасақталды. Қазақстандық жауынгерлер алғашқылардың бiрi болып соғысқа кiрiстi. Брест қорғанын К.Әбдiрахманов, В.Лобанов, К.Иманқұлов, Ұ.Жұматов, т.б. қорғады. Мәскеу үшiн шайқаста қазақстандықтар даңққа бөлендi. Дубосековода гитлершiлердi бөгеген 28 батыр жауынгер ерен ерлiктiң үлгiсiн көрсеттi. Алматыда жасақталған 316 атқыштар дивизиясы 8-панфиловшы гвардияшылар болып қайта құрылды. Мұнда аға лейтенант Б.Момышұлы (1990 ж. КСРО батыры) басқарған батальон ерекше көзге түстi. Сондай-ақ, осында Кеңес Одағының Батырлары Т.Тоқтаров, М.Ғабдуллин, т.б. соғысты. 310-, 314-Қазақстан дивизиялары Ленинградты қорғауға қатысты. Ленинград үшiн шайқаста С.Баймағамбетов кеудесiмен дзотты жауып соғыс тарихында теңдесi жоқ ерлiк жасады. Жамбыл өзiнiң “Ленинградтық, өренiм!” атты жалынды өлеңiмен ленинградтықтарды жiгерлендiрдi. 1942 ж. күзде Сталинград үшiн шайқас болып жатқанда Бат. Қазақстан облысында соғыс жағдайы жарияланды. Сталинград операциясына Қазақстаннан 5 атқыштар, 1 атты әскер дивизиясы, 1 танк атқыштар бригадасы, 1 минометтi полк қатысты. Осы шайқаста Н.Әбдiров, Қ.Спатаев, т.б. қазақ жауынгерлерi батыр атағын алды. Қазақтар Курск түбiндегi, Беларусьтегi, Украинадағы шайқастарда ерлiк көрсеттi. Берлинге алғаш ту тiккендердiң бiрi — Р.Қошқарбаев болды. Қазақстандықтар партизан қозғалысында (Қ.Қайсенов, Ж.Саин, Ә.Шәрiпов, т.б.), қарсыласу қимылдарында белсендiлiк көрсеттi. Соғыстағы ерлiктерi үшiн 499 қазақстандық (94-i қазақ) жауынгерлер Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Т.Бигелдинов, Л.Беда, И.Павлов, С.Луганский жоғары атақты екi дүркiн алды. Шығыс қыздары арасынан Ә.Молдағұлова мен М.Мәметова Кеңес Одағының Батыры атанды. 410 мыңға тарта қазақстандық соғыстан оралмады. 1941 ж. күзде жеке адамдар мен ұжымдардан майданға ерiктi көмек ұйымдастырылып, қаржысына танктер, ұшақтар, сүңгуiр қайықтар сатып алынды. Майдандағы солдаттарға 1600 вагон азық-түлiк, киiм-кешек жiберiлдi. Қазақстан артистерi майдан шебiнде 1216 рет концерт көрсеттi. Соғыс жылдарынан республика әлеум.-экон. жағынан әбден қалжырап шықты. Соған қарамастан Қазақстан тұрғындары Ленинград, Сталинград, Брянск, Донбасс, Украина, т.б. бүлiншiлiкке ұшыраған аймақтарды қалпына келтiруге белсендi көмек көрсеттi. 1946 ж. 18 наурызда қабылданған 4-бесжылдық жоспарда соғыстан бүлiнген аудандарды қалпына келтiру, өнеркәсiп пен а. ш-ның соғыстан бұрынғы дәрежесiне жеткiзу, одан асып түсу белгiлендi. Өнеркәсiптi дамытуға баса көңiл бөлiндi. Алты жаңа көмiр шахтасы, Қаратон және Мұнайлы кәсiпшiлiктерi қатарға қосылды. Қазақ металлургия з-тының құрылысы аяқталды, Ақтөбе Қайта балқыту з-тының қуаты арттырылды. Жеңiл және тамақ өнеркәсiптерi онан әрi дамыды. 65 жеңiл өнеркәсiп орыны өнiм бере бастады. А. ш-нда ұжымшарларды iрiлендiру қолға алынып, 1945 — 52 ж. ұжымшарлар саны 3 есе кысқарып, 2047-ге жеттi. А. ш. дақылдары өнiмiнiң көл. артты. 1950 ж. астықтың жалпы түсiмi бұрынғыдан 89% асып түстi. Қазақтың ақ бас қойы, алатау сиыры, қазақтың биязы жүндi қойы, арқар-меринос қойы, Қостанай жылқысы будандастырылып, жаңа тұқым алынды. Қазақстан бұрынғысынша орталықтың отары, тiрек базаларының бiрi болып қалды. Республика металл, шикiзат, отын, құрылыс материалдары, өнеркәсiп тауарлары, азық-түлiк, асыл тұқымды мал, т.б. одақтық қорға жөнелтуге мәжбүр болды. Соғыстан кейiнгi жылдарда республикада бiрқатар жоғары оқу орындары ашылып, халыққа бiлiм беру жүйесiн жетiлдiру қолға алынды. 1946 ж. 1 маусымда Қазақстан ҒА ұйымдастырылып, оның тұңғыш президентi болып Қ.Сәтбаев сайланды.
Кеңес Одағындағы әмiршiл-әкiмшiл жүйе 40-жылдардың соңы мен 50-жылдардың басында өзiнiң шарықтау шегiне жеттi. Елде И.В. Сталиннiң жеке басына табыну белең алды. Интеллигенцияға қатысты саяси қуғын-сүргiннiң үшiншi кезеңi басталды. Әсiресе, БК(б)П ОК-нiң “Звезда”, “Ленинград” журналдары туралы (1946 ж. 14 тамыз) қаулысынан кейiн еркiн ойды қудалау басталды. Ленинград, Мәскеуде “Ленинградтық iс”, “Дәрiгерлер iсi”, т.б. қолдан жасалынып жатқан кезде Қазақстанда “Бекмаханов iсi” пайда болды. ҚКП ОК-нiң 1947 ж. наурызда өткен пленумы партия к-ттерiнен Қазақстан тарихын жазудағы, әдебиет пен өнердегi саяси қателер мен ұлтшылдық бұрмалауларға қарсы большевиктiк сынды кеңiнен өрiстетiп, БКП ОК-нiң идеол. мәселелер жөнiндегi қаулыларын сөзсiз орындауды талап еттi. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың (1915 — 66) соғыс жылдарында Алматыда болған А.П. Кучкин, А.М.Панкратова, В.Д.Греков, т.б. белгiлi тарихшылармен бiрге жазған “Қазақ ССР тарихы” (1943), “Қазақстан XIX ғасырдың 20 — 40 жылдарында” (1947) деген еңбектерiндегi Кенесары Қасымовтың көтерiлiсiне қатысты көзқарасы ұлтшылдық, саяси зиянды деп табылды. Сөйтiп, Е.Бекмаханов 1952 ж. 4 желтоқсанда 25 жылға сотталды. А.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, Б.Сүлейменов, т.б. зиялы қауым өкiлдерi де қуғын-сүргiнге ұшырады. Көрнектi ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Әуезов қудалауға түсiп, Қазақстаннан сыртқа кетуге мәжбүр болды. И.В. Сталиннiң өлiмiнен (1953) кейiн елдi демократияландыру нышандары басталды. Алайда бұл әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң күйреуi емес едi. Мыңдаған адамдар жазықсыз түрмеде отыра бердi, оларды жазалауға қатысқандар жоғары үкiмет қызметтерiнен кетпедi. 1956 ж. ақпанда Мәскеуде өткен партияның 20 съезi Сталиннiң жеке басына табынушылықты жою мәселесiн қарастырғанымен авторитарлық жүйенi жою соңына дейiн жүргiзiлмедi. Өткен тарихтың қайғылы беттерi: Қазан төңкерiсi тарихы, азамат соғысы, 30-жылдардағы ашаршылық себептерi айтылмады немесе бiржақты көрсетiлдi. Кешiкпей саяси тұрғыда басқаша ойлайтындар қудалана бастады.
1954 ж. ОК-тiң ақпан-наурыз пленумы “Елде астық өндiрудi одан әрi ұлғайту және тыңайған жерлердi игеру” туралы қаулы қабылданып, КСРО-да 13,4 млн. га жаңа жерлер, соның iшiнде Қазақстанда 6,5 млн. га жер жыртылды. 1954 жылғы наурыз айына дейiн Ақмола, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Солт. Қазақстан облыстарында 337 кеңшар құрылды. Тың көтеру нәтижесiнде Қазақстанда халықтың жан басына шаққанда 2 мың кг-нан астам астық өндiруге мүмкiндiк бердi. Ал әлемдiк тәжiрибеде азық-түлiк тапшылығын шешу үшiн 1 мың кг төңiрегiндегi көрсеткiш те жеткiлiктi едi. 1954 — 55 ж. бүкiл елде 29,7 млн. га жер жыртылып, оның 18 млн. га-сы Қазақстан үлесiне тидi. Тың игерудiң залалдары да байқалды. 1960 жылы-ақ республика тың аймағының 9 млн. га жерi топырақ эрозиясына ұшырады. Халықтың 61%-ы РКФСР, Украина, Молдовадан келгендермен көбейдi. 1954 — 62 ж. Қазақстанға тың игеруге 2 млн. адам келдi. Республиканың жергiлiктi халқы — қазақтардың саны 30%-ға дейiн төмендеп, этнос ретiнде дамуына қауiп төндi.
Соғыстан кейiнгi халық ш-ның қарқындап дамуы көлiктiң барлық түрiн, әсiресе т. ж. көлiгiн жедел қарқынмен дамытуды қажет еттi. 1945 ж. т. ж-дың ұз. 8112 км болса, 1960 ж. 11470 км-ге, 1970 ж. 13669 км-ге дейiн жеттi. 1953 ж. 27 қазанда
Мойынты — Шу т. ж. тұрақты пайдалануға берiлдi (қ. Көлiк құрылысы; Көлiк). 1948 ж. үш облыстың (Семей, Павлодар, Қарағанды) түйiскен жерiне орналасқан ядр. сынақ полигоны салынды. 1949 ж. 29 тамызда Семей полигонында тұңғыш рет ядр. сынақ жасалды. Қорғаныс мин-нiң өз мәлiметi бойынша 1949 жылдан 1963 жылға дейiнгi аралықта полигонда қуаты бiрнеше т-дан 100 килотоннаға дейiн жететiн 113 жарылыс ауада жасалған, 1964 жылдан кейiн ғана сынақ жер астында жасала бастады. 1989 ж. қыркүйектiң 19-ына дейiн қуаты бiрнеше т-дан 150 килотоннаға дейiнгi 343 сынақ жасалған. Полигон халықтың денсаулығына зор зиянын тигiздi.
20 ғ-дың 70 — 80 жылдарында КСРО-да (соның iшiнде Қазақстанда да) кеңестiк жүйе дағдарысқа ұшырай бастады. Федерациялық мемлекет ретiнде жобаланып, 1922 ж. құрылған КСРО iс жүзiнде унитарлық мемлекетке айналды. Оның құрамындағы Одақтас республикалардың құқықтары шектелiп, нақты егемендiгi жоқ автономия ретiнде дамыды. Ұлттардың өзiн-өзi билеуi сөз жүзiнде ғана айтылды. Бүкiл кеңестiк тарихтың өне бойында, кеңестiк федерализм жағдайында соц. ұлттардың федерациядан шығуына қажеттiлiк пайда болуы мүмкiн емес деген тұжырым берiк бекiдi. 70 — 80 жылдары ұлттық салт-санадан гөрi кеңестiк салт-сана көбiрек дәрiптелдi. Ұлттық республикалардың қоғамдық-саяси өмiрiнде еуроцентризм басымдық алды. Ұлт саясатындағы бұрмалаулар, еркiн ой-пiкiрге тыйым салу интеллигенттердiң наразылығын туғызды. Ол түрлiше көрiндi. Мыс., Мәскеуде оқитын қазақ жастары 1963 ж. “Жас тұлпар” атты тұңғыш бейресми бiрлестiк құрды. Кейiн бұл қоғам өрiсiн едәуiр кеңейттi. Семейде — “Тайшұбар”, Қарағандыда — “Жас қазақ” ұйымдары жұмыс iстедi. Бiрақ мұның бәрi бауырын жаза алмай, бесiкте тұншықтырылды. Жүйе баспасөзде, әдебиет пен өнер шығармаларында қоғамның көлеңкелi терiс жақтарын көрсеткен интеллигенцияны қудалауға түсiрдi. Мыс., 60-жылдарда “Социалистiк Қазақстан” (қазiргi “Егемен Қазақстан”) мен “Қазақ әдебиетi” газеттерiнiң, 70 — 80-жылдары “Бiлiм және еңбек” (қазiргi “Зерде”) журналының басшылары Қазақстанның шынайы тарихын қозғаған мақалалар жариялағаны үшiн қызметтен қуылды. О.Сүлейменовтiң “Аз и Я” атты кiтабы ұлтшылдық көрiнiсi ретiнде, орысқа қарсы деп бағаланды. Антрополог О.Смағұловтың “Қазақстанның этностық географиясы” деген кiтабы идеялық тұрғыдан зиянды деп табылды. 1979 ж. орт. үкiметтiң Қазақстанның Ақмола қ-нда немiс автономиясын құру жайындағы шешiмi жергiлiктi халықтың мүддесiн ескермеудiң нақты көрiнiсi едi. Бiрақ қазақ халқының батыл қарсылығы бұл жоспарды жүзеге асыртпай тастады. 60-жылдардың ортасында-ақ ел басшылығы халықтың ақшалай табысын арттыру бағытын ұстанды, мұның өзi тұрғындардың тұрмыс дәрежесiнiң 40 — 50-жылдармен салыстырғанда бiршама артуына жағдай туғызды. Халықты қоғамдық тұтыну қоры есебiнен қамтамасыз ету бiраз жақсарды. Оның бiр бөлiгi жәрдем, зейнетақы, стипендия төлеуге, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. Соған сәйкес бағаны халықтан ресми жасырын түрде көтеру жүрiп отырды. Мұның өзi мұқтаждықты (қарттарға, балаларға арналған тауарлардың жетпеуi, тамақ түрлерiнiң жетiспеуi, дүкендерде сағаттап кезекте тұру т.т.) арттырды. 70 — 80-жылдары Батыс елдерi кеңес қоғамын барып тұрған әдiлетсiз қоғам деп бiлдi. Бұл ең алдымен партиялық-мемл., әскери, шаруашылық номенклатурасына берiлген артықшылықтарға байланысты қорытылған пiкiр едi. Әлеум. саладағы қиын мәселе — тұрғын үй тапшылығы болды. Қордаланған әлеум.-экон. қайшылықтар — еңбекке немқұрайлы қарау, өндiрiстегi ұрлық, маскүнемдiк, қылмыс жасау, еңбек тәртiбiнiң құлдырауы, “қылмысты экономика” сияқты келеңсiз құбылыстарды туғызды. Мұның бәрi әлеум. саладағы дағдарыстың көрiнiстерi және әмiршiлдiк жүйенi күйретуге алып келген заңды себептер едi. 1985 жылғы наурызда өткен КОКП ОК-нiң сәуiр Пленумында қоғамның әлеум.-экон. дамуын жеделдету мәселесi қозғалып, одақты қайта құру идеясы пайда болды және ол “төменнен” — автон. және одақтас республикалардан басталды. Қазақстанда республиканың өзiн-өзi басқару, өзiн-өзi қаржыландыру тұжырымдамасы жасалды. Онда Қазақстан аумағындағы табиғи байлықтар мен өндiрiс құрал-жабдықтарына республиканың меншiктiк құқы дәлелдендi, елдiң егемендiгiн саяси және экон. салада нақты түрде қамтамасыз ету қажеттiгi туралы батыл мәлiмдеме жасалды. Бiрақ мұның бәрiн жүзеге асыруға мемл. басқару құрылымының, Коммунистiк партияның қатаң билiгi кедергi жасады. 1986 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан компартиясы ОК пленумы жедел шақырылып, ОК-тiң бiрiншi хатшысы Д.А. Қонаевты қызметiнен босатты да, орнына осыған дейiн Ульяновск обл. партия к-тiнiң бiрiншi хатшысы болып iстеген Г.В. Колбин қойылды. Сөйтiп, Қазақстанды басқару мәселесi тағы да көне әдiс бойынша — Қазақстанның сыртынан шешiлдi. Бұл жайт жергiлiктi қазақ жастарының қарсылығын туғызды. 17 желтоқсанда ертеңгiсiн партияның ОК орналасқан алаңға студент және жұмысшы жастар жиналды. Демонстрация бiрнеше күнге созылды, оны обл. орталықтарындағы жастар қолдады. Жастардың Алматыдағы ереуiлiн үкiмет қарулы күшпен таратты. Ереуiлге қатысқандарды саяси тұрғыдан қуғындау басталды. 99 адам сотталды, 264 студент оқудан шығарылды, жүздеген адамға партиялық, комсомолдық жазалар берiлдi. 1987 ж. жазда КОКП ОК-нiң “Қазақстан партия ұйымдарындағы интернационалдық тәрбиелiк кемшiлiктерi жөнiндегi” қаулысы шығып, желтоқсан оқиғасы “қазақ ұлтшылдығының көрiнiсi” ретiнде бағаланды. 1986 ж. Желтоқсан ереуiлi күллi Кеңес одағындағы халықтардың саяси өмiрiн жандандырудың басы болды, қасаң әмiршiлдiктi тыю және елдi демократияландыру жолындағы күреске жаңа серпiн бердi (қ. Желтоқсан көтерiлiсi).
Республика жұртшылығының 1989 ж. ақпандағы митингiсi Невада — Семей халықаралық қозғалысына жол ашты. Оны ақын О.Сүлейменов басқарды. Қысқа мерзiм iшiнде бұл қозғалыс ең ықпалды қоғамдық қозғалысқа айналып, ядр. сынақты тоқтату үшiн әскери өнеркәсiп кешенiмен тегеурiндi күрес жүргiздi. “Невада—Семей” қозғалысының бастамасы мен әлемдегi барлық ядр. қаруға қарсы қозғалыстардың атом қаруын сынауды толық тоқтату жолындағы күш-жiгерiн бiрiктiру мақсатымен 1990 ж. мамырда Алматыда “Дүние жүзiнiң сайлаушылары ядролық қаруға қарсы” деген халықар. конгресс өткiзiлдi. Қазақстан Президентi Н.Ә.Назарбаев 1991 ж. 28 тамызда Семей полигонын жабу туралы өкiмге қол қойды. Осы жылдары Кеңес одағында саяси-экон. жағдай қайта шиеленiстi. 1991 ж. 19 тамызда Төтенше оқиғалар жөнiндегi мемл. к-т (ГКЧП) құрылды. Олар КСРО президентi М.С. Горбачевтi Фороста оқшау ұстады, бұл мемл. төңкерiс жасау әрекетi едi. Бiрақ ГКЧП жеңiлiске ұшырап, оны ұйымдастырушылар тұтқындалды (қ. Тамыз бүлiгi). Оқиға КСРО-ның күйреуiн тездеттi. Бүлiктiң әшкереленуi компартияның таратылуына әкелдi. 7 қыркүйекте Қазақстан компартиясының кезектен тыс съезi болып, партияның таратылатындығы мәлiмделдi. Орнына соц. партия құрылды. 1991 ж. 1 желтоқсанда болған бүкiлхалықтық сайлауда Н.Назарбаев тұңғыш Президент болып сайланды (қ. Қазақстан Республикасының Президентi). 10 желтоқсанда Қазақ КСР-iн Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы шешiм қабылданды. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстанның мемл. тәуелсiздiгi жарияланды. 1991 ж. желтоқсанда Тәуелсiз мемлекеттер достастығын (ТМД) құру мәселесi қаралды. Алдымен 8 желтоқсанда Минскiде Ресей, Беларусь және Украина басшылары кездесiп (қ. Беловеж нуы), КСРО-ны құру туралы келiсiм (1922) жойылғандығы және ТМД құрылғандығы туралы келiсiмге қол қойды. 13 желтоқсанда Орт. Азия мен Қазақстан басшылары Ашғабатта бас қосып, “Беловеж келiсiмiн” қолдайтындықтарын мәлiмдедi. 20 желтоқсанда Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Қазақстан, Қырғызия, Молдова, Ресей, Тәжiкстан, Түрiкменстан, Өзбекстан басшылары Алматыда кездесiп, 21 желтоқсанда ТМД-ны құру туралы Келiсiм хаттамасына қол қойды (1991). Қазақстанда осыдан кейiн егемен мемл. дамудың қарқынды жолына түстi. Бiртұтас Қазақстан азаматтығы, тәуелсiз экон. жүйе, қаржы-кредит, салық және кеден мәселелерi, ҚР-ның мемл. рәмiздерi белгiлендi. 1992 ж. 4 маусымда мемл. жалау, елтаңба (герб), 11 желтоқсанда елұран (гимн) мәтiнi бекiтiлдi. 1992 ж. 2 наурызда Қазақстан БҰҰ-на мүше болып қабылданды. Осы жылы 29 қыркүйекте Алматы қ-нда Дүниежүзi қазақтарының құрылтайы ашылды.
1993 ж. қаңтарда тәуелсiз Қазақстанның бiрiншi Конституциясы қабылданды. Осыдан кейiн Қазақстанның сыртқы елдермен қатынасы (республиканы 100-ден аса ел таныды) күшейдi. 1995 жылғы наурызда егемендiктiң тағы бiр белесi басталды. Қоғамдық бiрлестiктер көптеп құрылып, бiрқатар маңызды заңдар қабылданды. 1997 ж. ел Президентiнiң Қазақстан халқына үндеуi — “Қазақстан—2030 стратегиясы” жарияланды. Онда барлық қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы, қауiпсiздiгiнiң шарттары айтылды. Сондай-ақ, елдi дамытудың болашаққа арналған жоспар-бағдарламасы көрсетiлiп, оған жан-жақты талдаулар жасалды. 1995 ж. 30 тамызда республикада бүкiлхалықтық референдум өттi, нәтижесiнде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды; қ. Қазақстан Республикасының Конституциясы.
Жаһандану бағытына байланысты әлемде түбегейлi өзгерiстер болып жатыр. ҚР сырттан инвестиция тартып, ел экономикасын, халықтың тұрмыс деңгейiн көтеруге ұмтылып отыр. Осы мақсатқа, ең алдымен, ТМД елдерiмен байланыс күшейтiлдi. Қазақстан 1995 ж. 28 қаңтарда Ресей Федерациясы, Беларусь мемлекеттерiмен бiрлесiп Кеден одағына қол қойды. Кейiн оған Қырғызия, Тәжiкстан елдерi қосылып, Еуразиялық экон. одаққа айналды. 1999 — 2000 ж. ҚР, Өзбекстан, Қырғызия, Тәжiкстан елдерi өзара экон. кеңiстiк құру мақсатында Орт. Азиялық экон. қауымдастыққа бiрiктi. Сондай-ақ, аталған одақтарға мүше емес басқа да ТМД елдерiмен (Украина, Молдова, Әзербайжан, Армения, Грузия, Түрiкменстан) тығыз саяси экон. байланыстар орнатылды. Ресей Федерациясында 2003 ж. Қазақстан жылы болып жарияланды. Өзiнiң геосаяси жағынан ҚР үш өркениеттiң (Шығыс, Батыс, Қытай, т.б.) қиылысқан жерiнде орналасқан. Осыған байланысты ол аталған үш бағытта да аса белсендi сыртқы саясат жүргiзiп отыр. Қытаймен екi арада шекара мәселесi толық шешiлдi, сондай-ақ, сауда-экон. байланыстар жолға қойылған. ҚР шығыс бағытта Жапониямен, Оңт. Кореямен, Үндiстан, Пәкстан, АСЕАН елдерiмен тығыз байланыс орнатқан. Таяу Шығыс елдерiнен Түркия мен ҚР-ның егемендiгiн тұңғыш мойындаған ел ретiнде аса тығыз саяси, экон., мәдени байланыстар жасалуда. Бұған қоса Иран, Ауғанстан, Израиль және араб елдерiмен экон. және мәдени қарым-қатынастар жақсы дамыған. 1995 ж. желтоқсанда Қазақстанның Ислам конференциясы ұйымына толық мүше болуы бұл қатынастарды әрi қарай iлгерi дамытты. 1996 ж. Шанхай ынтымастығы (ҚР, Ресей Федерациясы, Қытай, Қырғызия, Тәжiкстан, кейiннен Өзбекстан) ұйымы құрылды. Азияда бейбiтшiлiк орнату мақсатында Президент Н.Назарбаевтың бастамасымен 1999 ж. Алматыда Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенiм шаралары жөнiндегi кеңес шақырылды. Аталған ұйымдардың барлығы да ТМД елдерiнде және Азияда бейбiтшiлiктi сақтау, экон. ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылған. ҚР-на инвестиция тарату мақсатында 2000 ж. 26 — 28 сәуiрде Алматыда “Еуразия-2000” экон. саммитi өттi. Оған Орт. Азия, Кавказ, Ресей Федерациясы, Таяу және Қиыр Шығыс, Оңт.-Шығыс Азия елдерi, Қытай, Үндiстан, Жапония елдерiнiң өкiлдерi, халықар. қаржы және экон. ұйымдар, БҰҰ құрылымдары қатынасты. 2001 ж. 22 қыркүйекте ел тарихында тұңғыш рет Рим папасы Астана қ-на келiп қайтты. 2003 ж. қазанда Астанада әлемдегi ең негiзгi дiндердiң форумы өттi.
Қаз.энциклоп. 5 том
Достарыңызбен бөлісу: |