Суды дегазациялау
Бұл үрдіс суды күкірт сутегі және басқа да жағымсыз иісті газдардан тазарту үшін жүргізіледі. Ол үшін суды жиі аэрациялау, яғни ауаны оттегімен байыту қолданылады.
Жүзеге асырылу барысы:
жаңбырлату арқылы су тамшысы неғүрлым кішірек болса, соғүрлым дегазация толығырақ жүреді;
фонтандау арқылы;
ағаш торлы қабаттары бар шашыратқыштан және мұнарадан тұратын градирня (тұзын алу үшін тұзды суды құрғататын орын);
барботаждау — су қабатынан компрессор арқылы ауа үрлеп өткізу.
Егер суды күкірт сутегінен толық тазартуға аэрация жеткіліксіз болса, одан оның қалдықтарын хлормен бейтараптайды және содан кейін сүзгіден өткізеді. Мысалы: артезиан суының құрамындағы күкірт сутегі 40 мг/л-ден астам, градирняда аэрациялағаннан кейін оның концентрациясы 10 мг/л-ге дейін азаяды, бірақ суда жасылдау түс пайда болады. Хлорлау, коагуляциялау, тұндыру және сүзуден кейін су түссіз, мөлдір және күкірт сутегі де жоқтың қасында болады. Хлорлаудың ролі: хлордың аз мөлшері күкірт сутегінен күкіртті ығыстырып шығарады.
Суды жұмсарту
Суды жұмсарту оны кальций және магний элементтерінен толық немесе жартылай тазарту үшін қолданылады. Реагентті, ионды алмасу, термиялық немесе осы барлық әдістер комбинацияланып қолданылады. Реагентті әдісте су белгілі бір заттармен өңделіп, тұнбаға түсетін кальций, магний иондары арқылы ерімейтін қосылыстар түзеді. Реагент ретінде сөндірілген әк (жойылатын кермектілік) немесе сөндірілген әк пен соданың қосындысы (тұрақты кермектілік) қолданылады. Әдетте реагенттер араластырғышқа коагулянтпен бірге қосылады, содан кейін суды тұндырады және сүзгіден өткізеді.
Достарыңызбен бөлісу: |