ҚОРЫТЫНДЫ..........................................................................................................40
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ ..........................41
КІРІСПЕ
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Тәуелсіз Қазақстанның алдында жүзден астам ұлт өкілдерінен тұратын халықтың болашағын қамтамасыз ету, экономикалық-нарықтық қатынасты негіздеу, ұлтаралық қатынастарды заман талабына сай ілгері дамыту мәселесімен бірге, ел қоғамындағы әлеуметтік-демографиялық ахуалды жақсарту да үлкен міндет.
Қазақстанның егемендік алуымен бірге басқа ұлт өкілдерінің өздерінің тарихи отандарына, алыс-жақын шетелдерге қоныс аударуы басталды. Қазақстанның саяси, экономикалық, әлеуметтік даму бағыттарындағы орасан зор ғаламдық өзгерістер көші-қон мәселелерін күрделендіріп жіберді: көші-қон көлемдері мен оның толқындарының бағыттары ғана өзгеріп қойған жоқ, сондай-ақ амалсыз көші-қон, жер ауып келген халықтардың қайта кетуі, экологиялық және басқа себептер бойынша жаңа көші-қон түрлері пайда болды. Сондықтан, зерттеу жұмысында Қазақстандағы көші-қон процесінің 1991-2020 жылдардағы барысы, себептері, үрдістері, нәтижелері сараланады.
Қарастырылып отырған кезеңде республика халқы 1,2 миллионнан аса адамға кеміп, келгені мен кеткені 3.6 миллионға жуық (1991-2020 жж. иммигранттар - 807 мың, эмигранттар – 2772 мың, барлығы – 3579 мың) адам көшіп-қонды. Республика ішіндегі көші-қон толқындары да едәуір өсе түсуде. Республикадан басқа мемлекеттерге қоныс аударушылардың басым бөлігі еңбек жасындағылар, қажетті мамандық иелері, ғылыми сала қызметкерлері. Бұл процесс көші-қоншылардың келген және шыққан жерлеріндегі этникалық құрылымына, халықтың білім деңгейі мен жастық-жыныстық, әлеуметтік құрылымына, некеге тұру деңгейінің өзгерістеріне және табиғи өсім үрдістеріне әсер етеді. Өз кезегінде халықтың жастық-жыныстық құрамы көші-қоншылардың белсенділігін айқындайды.
Әлеуметтік тұрақтылықтың еліміздің негізгі байлығы – халық санының өсіміне тигізер әсері оң болмақ. Ал, халықтың өсімі – мемлекеттің алдында тұрған үлкен мәселе. Оны шешу – заман талабы. Өйткені, осыншама кең-байтақ жеріміз бола тұрып, халықтың саны өспесе, ұлт болшағына үлкен қатер төнетіндігі сөзсіз. Осы мақсаттарға жетуде халықтың табиғи өсімімен қатар, елдегі этнодемографиялық дамудың қозғаушы күштерінің бірі – көші-қон құбылыстарын реттеу өте маңызды.
Көші-қон процесіне байланысты Қазақстан республикасы да салиқалы саясат жүргізе бастады. Ол саясат халықтардың орналасуына, тұрғындар өмір сүрген жердегі саяси, экономикалық, әлеуметтік-экономикалық жағдайларға байланысты жүргізіледі және әртүрлі нысанда көрініс табуда. Бұл үрдісті жүргізу тетігі мемлекеттік деңгейде сараланып, көші-қон мен халықты орналастыруға байланысты мәселелердің мәні мен маңызы барлық ғылыми білімдердің қарастыратын мәселесіне айналуда. Сондықтан да, тәуелсіздік жылдарындағы көші-қонның Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін зерттеу Отан тарихы ғылымының тарихи демография саласындағы өзекті мәселелерінің бірі.
Достарыңызбен бөлісу: |