Жұмыстың деректік негіздері. Еңбек көптеген және әртүрлі деректерге негізделіп жазылды, олардың ең бастылары:
1. Көші-қон процесін реттеу мен бақылауды жүйеге келтіру жолындағы мемлекеттік көші-қон саясатын құқықтық қамсыздандыру мақсатында қабылданған заңдық құжаттар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарғылары мен Үкімет пен басшы органдардың заңдық актілері, ережелері мен әртүрлі құжаттары. Соның ішінде, Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Халқымыздың көші-қоны туралы» Заңы (1997 ж. 13 желтоқсан), ҚР көші-қон саясатының Тұжырымдамасы (2000 ж. 5 қыркүйек), ҚР көші-қон саясатының 2001-2010 жж. арналған салалық Бағдарламасы (2001 ж. 29 қазан) мен «Нұрлы көш» Бағдарламасы және т.б.
2. Мұрағат қорларының мәліметтері. ҚР Ұлттық мұрағатындағы «Қазақстан республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігінің Көші-қон жөніндегі комитеті» деп аталатын 53-қорда 1992 ж. 15 желтоқсанында құрылған Еңбек министрлігі Көші-қон департаментінің құжаттары сақтаулы.
3. Жарияланған статистикалық еңбектер, 1989, 1999, 2009 жж. санақтар материалдары мен статистикалық агенттіктің ағымдағы мәліметтері қолданылды. Диссертацияда осы санақтың мәліметтері де мүмкіндігінше қолданылды.
4.Тақырыпты талдауда, сондай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланған экономикалық, әлеуметтiк, ұлттық және демографиялық және көші-қон саясаты жөнiндегi материалдар, 1989-2020 жж. республика, жекелеген облыстар, аудандар бойынша көші-қон мәселесі көтерілген мақалалар, хабарламалар және басқа да баспасөз мәлiметтерi зерттеу жұмысын жазуға кеңінен пайдаланылды. Сонымен зерттеу жұмысында өзара бірін-бірі толықтыратын, әрі нақтыландыратын деректер қолданылды.
Жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Жұмыстың негiзгi мақсаты – Қазақстан Республикасында жүрген көші-қон процесін, оның түрлері мен барысын, нәтижелерін, оның елдің әлеуметтік-демографиялық дамуға әсерін анықтап, кешенді түрде зерттеу; еліміздегі көші-қонның түрлеріне орай, осы процестің барысы мен тұрғындардың ұлттық және әлеуметтік құрамындағы өзгерістері мен әлеуметтiк-психологиялық тұрғыдан тұрғындардың басынан өткізудегі күрделi тарихи-демографиялық даму үрдiстерiн жүйелi зерделеу. Осыған орай зерттеуде төмендегi мiндеттердi жүзеге асыру көзделдi:
Қазіргі әдістемелік қағидалар тұрғысынан республикадағы көші-қон процестері мәселесін зерттеушiлердiң тарихи-демографиялық, тарихи және әлеуметтік-саяси негiздегi еңбектеріндегі зерттелу деңгейін талдау;
Қазақстандағы кеңестік дәуірдің соңғы жылдарындағы (1989-1991 жж.) сыртқы және ішкі көші-қон процесін және оның әсерін қорытындылау;
1991-2000 жж. көші-қон процестері динамикасының негізгі факторларын ашып көрсету;
2000-2020 жж. көшi-қон үрдiстерiнiң ерекшеліктерін, барысын және нәтижелерін кезеңдерге бөле отырып айқындау;
Көшi-қон процестерінің негізгі бағыттарын, түрлерін анықтап, аймақтық ерекшеліктерін саралау;
Тәуелсіздік кезеңіндегі көші-қон процестерінің халық санының динамикасы мен жастық, жыныстық, территориялық орналасуы, білім деңгейі және т.б. құрамының өзгеруіне ықпалын анықтау;
Достарыңызбен бөлісу: |