І. Мемлекеттік үлгі қалыптармен мөлшерленетін (МҮҚ) себу сапа көрсеткіштері. Тұқымның тазалығы - егістік жадығаттың негізгі көрсеткіштерінің бірі. Егістік жадығаттың (тұқымның) тазалығы деп ондағы негізгі дақылдың пайызбен көрсетілген массасын атайды. Тазалықты анықтағанда көптеген дақылдарда (шөптерден басқа) 1 кг тұқымға есептегендегі басқа мәдени өсімдіктер мен арамшөптердің тұқым санын ескереді.Тұқым тазалығы , қоспа мөлшері мен саны әрбір дақыл үшін жеке-жеке МҮҚ- мен мөлшерленеді. Неғұрлым қоспалар аз болса, солғұрлым тұқым тазалығы жоғары. Таза тұқымдар өзінің биологиялық белгілерін (өнгіштік, тіршілік ұзақтығы т.б.) жақсы сақтайды және себуге аз мөлшерде жұмсалады.
Тұқымдық жадығатты тазалаудың міндеті- мүмкіндігінше, барлық қоспаларды негізгі дақыл тұқымынан аластату. Қазіргі заманғы тұқымтазалағыш машиналарда мұны толық іске асыру мүмкін болмай тұр. Сондықтан тұқымның себу және сорттық сапа көрсеткіштерінде аздаған мөлшерде қоспалар рұқсат етілген. Мысалы, дәнді дақылдардың 1 және 2 –сыныптарында (кластарында) тиісінше 1 және 2 % қоспа болады. Тұқым тазалығын немесе негізгі дақылдың сандық және сапа көрсеткішін тұқым тобынан сұрыпталған орташа үлгіден бөлініп алынған белгілі бір мөлшердегі екі шөкім бойынша анықтайды.
Талданып отырған дақылдағы қоспаға (қоқысқа) бөтен қоспалар мен кемтар тұқымдар жатады. Бөтен қоспаларға мыналар жатады: басқа мәдени өсімдіктердің тұқымдары; арамшөп өсімдіктерінің тұқымдары; қара күйе қапшықтары және олардың бөліктері; қастауыш( спорынья) және басқа саңырауқұлақ склероцийлері; тірі зиянкестер мен олардың балапан құрттары; бидай нематодасы мен галдары; топырақ кесектері, өсімдіктердің сабақ және басқа бөліктерінің сынықтары; өлі зиянкестер мен олардың балапан құрттары (личинкалары). Кемтар тұқымдарға жататындар: ұсақ және семген тұқымдар; езілген (жаншылған) тұқымдар; өнген тұқымдар (тамыршасы немесе өскіні тұқым ұзындығының кем дегенде жартысына жеткендері); шіріген тұқымдар; ұрылған және зиянкестермен жарақаттанған (тұқымның жартысы және одан көп бөлігі жоғалған) тұқымдар. Қолданыстағы үлгіқалыптар бойынша карантинді арамшөп тұқымдары бар тұқымдық жадығат себуге (отырғызуға) рұқсат етілмейді. Карантинді арамшөптер тізімі еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің ( ҚР АШМ-нің) ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің карантині жөніндегі мемлекеттік инспекциясымен (комитетпен) тұрақты түрде қайта қаралып отырады.
Құрамында улы арамшөп тұқымдары бар тұқымдық жадығат себуге (отырғызуға) рұқсат етілмейді.
Көптеген армшөптер тұқымдары мәдени армшөптер тұқымдарынан жеңіл ажыратылады, әсіресе ірі тұқымды дақылдарда, алайда, қиын бөлінетін арамшөптер тұқымдары да бар. Олардың тұқымдары пішіні, мөлшері және аэродинамикалық қасиеттері бойынша ластанатын мәдени өсімдіктер тұқымдарымен ұқсас, сондықтан тазалағанда оларды бөліп шығару қиынның-қиыны. Атап айтқанда Қазақстанда бидай мен қарақұмық дақылдарында қиын бөлінетін (ажыратылатын) арамшөпке татар қарақұмығы, ал арпа мен сұлыда-қара сұлы жатады. Бұл арамшөптер апробация кезінде мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленеді және олардың үлесі 5%-дан асып кеткенде егістік сорттық топтан шығарылып тасталады (жарамсыз деп танылады).
Жиі түрде егін жинау кезінде жоғары ылғалды арамшөптер тұқымы бүкіл тұқым тобының ылғалдылығын арттырады.
Басқа мәдени өсімдіктердің тұқымдары да МҮҚ-пен мөлшерленеді, өйткені әрбір келесі ұрпақпен бұл тұқымдар мөлшері артып отырады, әсіресе бұл ластаушылардың көбею коэффициенті айтарлықтай жоғары болғанда. Сонымен қатар қиын бөлінетін мәдени өсімдіктерге ерекше көңіл аударған дұрыс – бидайда бұл арпа мен қарақұмық, ал арпада – бидай мен сұлы.
Егістік жадығатта тірі зиянкестер мен олардың балапан құрттары да (личинкалары) болмауға тиіс, тек қана 3-сыныпта (класта) тұқымға әр килограмға шаққанда астық кенесінің 20 данадан аспағаны рұқсат етіледі.
Қазіргі кездегі МҮҚ талаптары бойынша бүтін, қалыпты дамыған, толық тұқымдармен қатар талданып отырған дақылда таза тұқымдық жадығатқа төмендегідей кемтар тұқымдар да жатқызылады: ұрықсыз тұқымдар;қабықтары, ұрықтары мен эндоспермісі жарақаттанған тұқымдар; тұқымдарының жартысынан көбі ұрылған тұқымдар; жалаңаш дәнді, аяз ұрған және шоқылған (өне бастаған) тұқымдар; өнген (өскіні немесе тамыршасы тұқым ұзындығының жартысынан аспағанда) тұқымдар.
Кемтар тұқымдардың не себептен және неліктен таза тұқымға жатқызылатынын қарастырайық.
Негізгі дақылдың тұқымдарына ұрықсыз және ұрықтары мен олардың қабығы жарақаттанған тұқымдар жатады: ұрықсыз тұқымдар табиғатынан болуы мүмкін - тозаңдану үрдісі бұзылғанда және механикалық ұрылудан немесе ұрықтың желінуінен( зиянкестер немесе басқалармен); ұрықсыз тұқымдардың табиғатында ұрықтың орнында терең ойық және ұрықты жауып тұратын болады. Табиғатынан ұрықсыз тұқымдар сирек кездеседі. Атап айтқанда, мысалға бидайда мұндай тұқымдар бір пайыз шамасында болады. Сондықтан мұндай тұқымдар тұқым сапасын бағалауда айтарлықтай рөл атқармайды.
Ұрықтың механикалық жарақаттануы комбайнмен егін жинағанда байқалады: барабан айналымы, дека мен барабан арасындағы саңылау және барабанға берілетін астық массасының мөлшері дұрыс реттелмегенде. Ұрықтың механикалық жарақаттану түрлері «Тұқымның себу(егістік) сапасы» бөлімінде егжей-тегжейлі баяндалған.
Ұрықсыз тұқымдарды қазіргі қолданыстағы тұқым тазалағыш машиналарда бөліп алу мүмкін емес, осыған орай оларды таза тұқымдарға жатқызады. Тұқымның өнгіштігін анықтағанда мұндай тұқымдар аталған көрсеткішті азайтады.
Ұрылған және зиянкестермен жарақаттанған тұқымдар, егер оларда тұқымның жартысы немесе жартысынан көбі жоғалған болса, қоқысқа( қоспаға) жатқызылады, ал мөлшері тұқымның жарты ұзындығынан көп болғанда оның ұрығының бар жоқтығына қарамай ондай тұқымдар тазаға жатқызылады. Тіпті ұрығы болғанның өзінде ұрылған тұқымдар толыққұнды бола алмайды, себебі тұқымның кесілген (жұлынған) жері микроағзалардың қоректік ортасына айналады, әрі мұндай тұқымдар белсенді түрде тыныс алады және айтарлықтай гигроскопиялы болады. Тұқымдық алқаптарды құрғақ ауа райында жинағанда комбайнды дұрыс реттемегенде ұрылған тұқымдар көп болады. Зиянкестермен жарақаттанған тұқымдар дақылға тән алғашқы пішінін сақтағанда оларды да негізгі дақылдың тұқымдарына жатқызады.
Тұқымдардың ірі жартыкештерін ұрықсыз тұқымдар сияқты тұқым тобынан осы заманғы тұқым тазалағыш машиналарда бөліп алу өте қиын. Тұқымдық жадығаттың сапасы өнгіштігін анықтағанда ескеріледі.
Ұсақ, семген тұқымдар қалыптасу және толысу кезеңдеріндегі қолайсыз жағдайлардың әсерінен, әрі «ыстық ұру» нәтижесінде түзіледі. Тұқымның нашар толысуынан жеткіліксіз толыққан, шамалы мөлшерлі, жеңіл және әжімделген тұқымдар қалыптасады. Мұндай тұқымдарды қоқысқа (қоспаға) жатқызады.
Егін жинау кезеңінде болатын жауын-шашынның әсерінен тұқым тобында өнген тұқымдар жиі кездеседі. Тамыры мен өскіндері негізгі дақыл тұқымдарының жартысынан кем өнген тұқымдар МҮҚ талаптары бойынша негізгі дақыл тұқымдарына қосылады. Мұндай тұқым тобының ебуге жарамдылығы өнгіштікті анықтағанда белгілі болады. Егер тұқым өнгіштігі төмен болса, ондай тұқымдар себуге жарамсыз деп есептеледі. Көптеген ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда өнген тұқымдар көп жағдайда егін жинағаннан кейін қайтадан өнуге қабілетті болады. Екінші рет бидай мен қара бидай тұқымдары жақсы көктейді, ал сұлы, арпа, жүгері, асбұршақ, зығыр т.б. тамыршалардың қайта қалпына келуі қиынырақ. Дәнді бұршақ дақылдарының өнген тұқымдары астық тұқымдастарға қарағанда өнгіштігін қайта қалпына келтіруге қабілеті төмен.
Жалаңаш немесе қабықтары опырылған тұқымдар, басқаша айтқанда, қабықтарынан ажыратылған тұқымдар, гүл қауыздарынан айрылған арпада, сұлыда, тарыда, жеміс қабығынан аластатылған қарақұмық тұқымдарында байқалады. Жалаңаш тұқымдар тазалау кезінде тұқым тобынан қиын ажыратылуына байланысты негізгі дақылдың таза тұқымдарына жатқызылады. Әсіресе тары, одан кейін қарақұмық тұқымдарының қабықтары жеңіл опырылады, оған арпа тұқымдары төзімдірек. Оңтайлы мерзімде жинағанда және сақтағанда жалаңаш тұқымдар қалыпты өнгіштікпен ерекшеленеді. Тұқымдық жадығатта көп мөлшерде жалаңаш тұқымдарды болдырмау мақсатында мемлекеттік үлгіқалыппен оларды жеке есепке алады (сұлы, тары, қарақұмық). Жалпы жалаңаш тұқымдар толыққұнды емес-қабықпен қорғалмаған тұқым қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына (ылғал, ауаның температурасы, зиянды микроағзалар) жеңіл ұшырайды, тез бүлінеді. Ондай тұқымдарды сақтық қорына құймаған дұрыс.
Аяз ұрған тұқымдар да тазалықты анықтағанда негізгі дақыл тұқымдарына жатқызылады, өйткені тазалау кезінде оларды тұқым тобынан толығымен аластату мүмкін емес. Жекелеген жылдары Қазақстанның солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысы, Қостанай, Ақмола облысының кейбір аудандарында (2009 жыл осыған дәлел) тұқымды толысу және пісу кезеңдерінде аяз ұрады, мұндай тұқымдарды сыртқы белгілері бойынша жеңіл ажыратуға болады. Аязға(үсікке) шалдыққан тұқымдардың үш деңгейі (дәрежесі) белгіленеді:
- бірінші дәрежесі - дәннің пішіні мен мөлшері қалыпты; тұқымда, көбінесе арқа жағында, ұсақ көлденең әжімдер және күңгірт түс байқалады;
- екінші дәрежесі - тұқым қалыпты мөлшерде, бірақ көлденең әжімділік дәннің бүкіл өн бойында анық көрінеді, жылтырлығы жоғалады, саусақпен ысқылағанда қабықтың жоғарғы қабаты кейде опырылады;
- үшінші дәрежесі - тұқым семген, деформацияланған, шала дамыған, түсі өзгерген, күрт әжімді, саусақпен ысқылағанда қабығы опырылып кетеді.
Тұқымның аяздан зақымдануы олардың пісу деңгейі мен аяздың қуатына байланысты өзгереді. Аяз ұрған тұқымдарда күрделі биохимиялық үрдістер жүреді де оның егістік сапасы нашарлайды: өну қуаты (энергиясы) мен өнгіштігі төмендейді. Аязға ұрынған тұқымдардың өнгіштігін анықтау кезінде қалыпсыз тұқымдар болуы мүмкін. Аяз ұрған тұқымдар нашар сақталады және саңырауқұлақ ауруларымен жеңіл залалданады.
Аязға шалдыққан тұқымдар негізгі дақылға жатқанымен бидай мен қара бидайдың үшінші дәрежелісі мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленеді. Бірінші сыныпты тұқымда аяз ұрған тұқымға рұқсат етілмейді, ал екінші және үшінші сыныпты тұқымдарда 3 және 5% шамасында рұқсат етілген.
Жоғарыда аталған тұқым фракцияларынан басқа (ұсақ, семген, ұрылған, өнген) негізгі дақылдың қоқысына (қоспасына) шіріген және жаншылған тұқымдарда жатады.
Тұқым тазалығы себу сапасының негізгі көрсеткіштерінің бірі болғандықтан ол МҮҚ- тда тиісті сыныптарына (класына) байланысты мөлшерленген және үш немесе екі сынып белгіленген, әрі ондай тұқымдар кондициялы деп есептеледі де егістікке пайдалануға рұқсат етіледі; танаптық (екпе) дақылдардың көпшілігіне (бидай, тары, арпа, асбұршақ, күнбағыс және басқалары) үш сынып (І-сынып тазалығы - 99%, ІІ-де - 98%, ІІІ-де - 97%), ал мал азықтық шөптердің көпшілігінде (еркекшөп, егістік жоңышқа, түйе жоңышқа, судан шөбі т.б.) – екі сынып (дақылына қарай І-де 98-95%, ІІ-де-96-90%).
Достарыңызбен бөлісу: |