Тұқымның жарақаттануы


Басқа өсімдіктер тұқымының қоспасы



бет5/11
Дата28.10.2022
өлшемі58.12 Kb.
#463558
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Дәріс 3

Басқа өсімдіктер тұқымының қоспасы. Мемлекеттік үлгіқалып (МҮҚ) талаптары бойынша тұқымның тазалығын пайыз өлшем бірлігімен негізінен жалпы қоспалар (қоқыс) мөлшерін анықтайды. Сонымен қатар тұқымның егістік сапасына 1кг тұқым үлгісіне есптегендегі мәдени өсімдіктер мен арамшөптер тұқымдарының жеке-жеке сандары ескеріледі және ол көптеген танаптық дақылдар үшін МҮҚ–пен мөлшерленген. Атап айтқанда, І,ІІ,ІІІ-ші сыныпты (класты) бидай тұқымдарында тиісінше барлығы - 10, 40, 200 дана/кг тұқым рұқсат етілсе, оның ішінде арамшөптер тұқымдары – тиісінше 5, 20, 70 дана/кг; тарыда - І, ІІ және ІІІ - сыныптарында барлық басқа қоспалар тиісінше - 16, 100және 200 дана/кг; ал тек қана арамшөптер саны тиісінше - 10, 75 және 150 дана/кг; күнбағыста бұл көрсеткіштер тиісінше - 5, 15, 35 және 2, 5, 15 дана/кг, ал майлы зығырда – тиісінше сыныбына қарай 200-150, 550-500 және 1550 дана/кг. Ал жекелеген дақылдарға (жоңышқа, еркекшөп, судан шөбі т.б.) басқа өсімдіктер тұқымдары (мәдени, арамшөп) сыныбына қарай санмен емес пайызбен белгіленген.
Тұқымның өнгіштігі мен өну қуаты (энергиясы). Өнгіштік-тұқымның егістік (себу) сапасының маңызды бір көрсеткіші. Тұқымның өнгіштігі деп талдауға алынған үлгідегі қалыпты өскіндердің пайызбен көрсетілген санын атайды. Өнгіштігі жоғары тұқымдар өсіру технологиясын дұрыс қолданғанда жаппай, біркелкі, әрі қуатты егін көгін береді. Мемлекеттік үлгіқалып (МҮҚ) талаптарына өнгіштігі сай келмейтін тұқымдар себуге рұқсат етілмейді.
Далалық жағдайда лабораториялық өнгіштік пен өну қуатын анықтау мүмкін емес. Сондықтан бұл көрсеткіштерді негізгі танаптық дақылдар үшін қысқа мерзімде анықтауға мүмкіндік беретін лабораториялық әдістер зерттеп жасалынды және тұқымды көктету жұмыстары мемлекеттік үлгіқалыптар талаптарына сәйкес оңтайлы жағдайда жүргізіледі.
Тұқымды көктетіп,өнгіштікті анықтау үшін үш жағдай қажет: тиісті температура, ылғал және ауа. Көптеген танаптық дақылдарға көктету температурасы (дәнді астық дақылдарының бірінші тобы), дәнді бұршақ дақылдарының көпшілігінде (егістік жоңышқа, картоп, зығыр т.б.) +20 ºC, ал астық дақылдарының екінші тобы, көптеген жылу сүйгіш біржылдық шөптерде (судан шөбі, итқонақ т.б.), жекелеген көпжылдық шөптерде (еркекшөп, эспарцет т.б.), майлы дақылдарда (күнбағыс, қыша т.б.), тамыржемістерде -20-30ºC қажет; ауамен қамтамасыз ете отырып төсеніш ылғалдылығы көпшілік танаптық дақылдарға 60%-да қамтамасыз еткен жөн.
Өнгіштікті анықтау үшін тұқым тазалығын анықтағанда бөлініп алынған негізгі дақыл тұқымдары пайдаланылады. Тұқымды көктету үшін төсеніш ретінде кварцты құмды немесе сүзгіш қағазды қолданады.
Өнгіштікті анықтағанда өнген тұқымды есептеу әрбір дақылға белгіленген техникалық шарттарға сәйкес іске асырылады. Өнген тұқымды екі мерзімде есептейді: алғашқысында өну қуатын, ал екіншісінде өнгіштікті анықтайды. Өну қуаты (энергиясы) – белгілі бір уақыт аралығында қалыпты өніп шыққан тұқым пайызы, басқаша айтқанда, тұқымның жаппай өнуінің көрсеткіші болып табылады. Өну қуаты жоғары тұқымдар қоршаған ортаның қолайсыз жағдайларына төзімді келеді: мұндай тұқымдардың тұқымы тезірек өседі, дамиды және аурулармен аз залалданады. Бір ескере кетерлік жәйт, өну энергиясы мемлекеттік үлгіқалыптармен мөлшерленбейді. Сондықтан оқырман қауым аталған көрсеткішті осы бөлімде қарастырып отырғанымызды түсіністікпен қабылдайды деп есептейміз (өйткені бұл көрсеткіш «МҮҚ – пен мөлшерленбейтін себу сапа көрсеткіштері» бөлімінде баяндалуға тиіс еді).
Көптеген дақылдарда тұқымның өну қуаты үшінші немесе төртінші тәулікте, ал өнгіштігі - 7-8 тәулікте есептеледі, ал жекелеген танаптық дақылдарда лабораториялық өнгіштік (итқонақ, қатты бидай, еркекшөп т.б.) 8-10 тәулікте анықталады.
Тұқым өнгіштігін есептегенде қалыпты өнген, бөрткен, қатты, шіріген және қалыпсыз өнген тұқымдар ажыратылады. Алайда ескеретін бір жәйт, көптеген танаптық дақылдар ұшін өнгіштік пайызы тек қана қалыпты өнген тұқымдар көрсеткішімен анықталады.
Қалыпты өнген тұқымдарға өскіндері мен тамыршалары сау, әрі зақымданбаған тұқымдар жатады: тұқымы бірнеше ұрықтық тамыршалармен көктейтін дақылдардың (дәнді дақылдардың бірінші тобы) қалыпты өнген тұқымдарында екі және одан да көп ұрықтық тамыршалар дамиды, әрі олардың ұзындығы тұқым ұзындығынан кем емес және тұқым ұзындығының жартысынан кем емес өскіні болады; тұқымдары жалғыз тамыршамен өнетін дақылдардың (дәнді астық дақылдарының екінші тобы, дәнді бұршақ дақылдары т.б.) қалыпты өнген тұқымдарында жақсы жетілген, тұқым ұзындығынан қалыспайтын басты ұрықтық тамыршамен өскін қалыптасады.
Бөрткен, қатты тұқымдар өнбеген тұқымдарға жатады. Көптеген бұршақ тұқымдас дақылдарда (жоңышқа, түйежоңышқа, бөрібұршақ т.б.) өнгіштікті есептеу кезінде тұқымдар бөртпей қалады, мұндайларды қатты тұқымдарға жатқызады да бөлек есептейді.
Шіріген, қалыпсыз өнген тұқымдарды (өскіндері немесе тамыршалары кемтар, өскіні болса тамыршасы болмайды, немесе керісінше т.б.) өнбеген қатарына жатқызады.
Тұқымның қалыпсыз өсіп-дамуы әртүрлі себептерге байланысты, негізгісі - тұқымның ұрық бөлігінен жарақат алуы. Дәнді дақылдарда әдетте тамыршалар түзілмей қалады және бірінші кезекте басты тамырша болмай қалады. Тұқымды дәрілеу сапасы да (улы химикаттың артық мөлшерін пайдалану) әсер етеді:ұрықтың көктеуі кешігеді де тамыршалар мен өскіндердің қалыптан тыс жуандауы байқалады. Аязға шалдыққан тұқымдар (бидай тұқымдары) өнгенде ұзын,жіп тәрізді, түксіз тамыршалар қалыптастырады да кейіннен нашар дамиды. Аурулармен залалданған тұқымдардың (зең саңырауқұлақтарымен) өскіндері тығын пішінді болады, колеоптилесі үзіледі, ал жапырақшалары бұратылып кетеді де дамымай қалады.
Мемлекеттік үлгіқалыптармен (МҮҚ) тиісті тұқымдық сыныптарға сәйкес маңызды ауыл шаруашылығы дақылдары үшін төмендегідей лабораториялық өнгіштік мөлшері белгіленген (%):
- жұмсақ бидай,арпа, сұлы, асбұршақ т.б.- І-сыныпта – 95, ІІ-сыныпта - 92 және ІІІ сыныпта - 90;
- қатты бидайда - І, ІІ және ІІІ-сыныптарда тиісінше - 90, 87 және 85;
- күнбағыс тұқымының 3 сыныбында тиісінше -95, 93 және 90;
- екі сыныпты дақылдарда: егістік жоңышқа, судан шөбінде тиісінше - 80 және 70; еркекшөпте - 80 және 65; қылтықсыз арпабаста -75 және 65 %;
- картопта – екі сынып қарастырылған, үлгіқалыптарда өнгіштік % көрсетілмеген (барлық түйнектер өнуге тиіс);
- мақта тұқымында – 3 сынып қарастырылған, олардың өнгіштігі тиісінше – 95, 90 және 85%.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет