Өкпе гангренасы. (іріңді-өліеттенген пневмония).
Өкпенің өліеттенуі шіруі (гангрена легких) – өкпе тіндерінің іріп-шіріп ыдырауы. Өкпе абсцесінің өкпе гангренасынан айырмашылығы – мұнда өкпенің сау участкелері мен зақымдалған жерлерінің араларында шекаралық жолақ (деморкационная линия) болмайды.
Себептері. Өкпе гангренасы көбінесе аспирациялық не метастаздық пневмониялардың асқынуы салдарынан пайда болады.
Белгілері. Ауру ылғи да жіті түрде өтеді. Аурудың бастапқы кезінде дерт қай пневмонияның фонында басталса, сол қабыну түріне тән белгілері білінеді (дене қызуы көтеріледі, жөтеледі, дем алысы қиындап жиіленеді, сырылдар пайда болып, перкуссиялық дыбыстары күңгірттенеді т.б.). Өкпе гангренасына тән белгілер ретінде аурудың жалпы күйінің күрт нашарлауы, үдемелі ентікпенің пайда болуы, тынысынан сасық иістің шығуы, танауларынан сұрғылт қоңыр не шокалад түсті ақпаның көптеп ағуы, өкпеде қуыстардың пайда болуына байланысты дүңкілдеген перкуссиялық дыбыс естілуі айқын білінеді.
Анықтау. Клиникалық белгілері мен анамнезіне негізделінеді. Қанын тексергенде нейтрофильді лейкоциттердің көбейгені, лейкоциттердің удан дақтанғаны, эозинофилдің азайғандығы, ЭТЖ-нің артқандығы анықталынады.
Емі. Гангрена ошағында жүріп жатқан іріп-шіру үрдісін денеге жайылтпау үшін емді іріндеткіш-шіріткіш микробтардың өсіп-өнулерін басуға бағыттайды. Осы мақсатта антибиотиктермен бір ем курсын өткізеді. Антибиотиктерді тері астына өте көп мөлшерде тәулігіне 3–4 реттен, кем дегенде 5–8 күн қатарынан енгізеді. Сонымен қатар кеңірдек қуысына тәулігіне 2–3 реттен залалсыздандыратын дәрілердің судағы ерітінділерін: 2%-дық этакридин немесе 10%-дық норсульфазол ерітінділерін енгізу ұсынылады.
Ателектатикалық пневмония.
Ателектазды пневмония - өкпенің кей жерлерінің ауадан босап солуының нәтижесінен пайда болатын қабыну. Ол көбінесе әлсіреген, арықтаған және толық өсіп жетілмеген малдарда, әсіресе қойлар арасында жиі кездеседі.
Себептері. Ателектазды пневмонияның көп таралуына аналық малдарды сапасыз азықтармен азықтандыру, жаңа табын құрғанда толық өсіп жетілмеген төлдерді жіберіп алу, оларды серуендетуге жиі шығармай қораларда тығыз, жиі орналастырып ұстау себепкер болады.
Симптомдары. Ателектазды пневмонияның көп жағдайларда белгілері анық білінбей, солғын, созылмалы түрде өтеді. Ауру мал құлдырап арықтайды, әлсізденеді, тыныс алғанда кеуде қимылдары байқалмайды. Дене қызуы өзгермейді, кейде төмендеп кетеді, ал ауру асқынған кезінде кей малдарда дене қызуы аздап көтеріледі. Тыңдаған кезде өкпенің везикулярлы дыбыстары бәсеңдейді, ал қабынған ошақтардан ылғалды сырылдар естіледі. Перкуссия кезінде қой мен жылқы өкпелерінің үш жақ, жүрек және диа- фрагмалық бөліктерінің сырт жақ жағалауларында күнгірт, бәсең дыбыстар естіледі.
Балау. Клиникалық белгілері мен ауру жайындағы жиналған мәліметтерге (толық өсіп жетілмеген төлдердің көп туылуы, олардың әлсізденуі т.б.) негізделеді. Рентгенмен зерттегенде өкпелердің шет жақ жиектерінде қарауытқан дақтар көрінеді. Қанын зерттегенде лейкоциттердің аздап көбейгендігі, эритроцит- тердің шөгу жылдамдығының (ЭШЖ) артқандығы анықталынады.
Достарыңызбен бөлісу: |