«Алматыдан 21-i күнi жақсы компанияны тастап, бiр күндi болса да олжа көрiп, асығып кетсем де, Пiспекте Ғабит хазiрет қуып жеттi. Қызылордаға шейiн бiрге келдiк. Бұнда әлi сабақ басталған жоқ. Бiр айсыз басталмайтын да шығар. Осы уақытты пайдаланып, өз бетiммен бiр азырақ жұмыс iстемекшi болып отырмын. Ненiң жайынан не iстеп шыққанымды келесi хатта жазамын. Өздерiңiз осыны алысымен жазыңыздар» - деген емеуріні де «Хан Кене» пьесасының жазылу тарихынан мағлұмат береді.
Бұл сапардың егжей-тегжейі «Бейуақ» атты алдыңғы бөлімде толық баяндалғандақтан да оған бұл арада аялдамадық. Тек Смағұл Сәдуақасовқа жазған хатында да «он алтыншы жылдың оқиғасы туралы көлемді дүниені бітіріп және бір тарихи шығарма жазбақ ойы барын» айтқанын қаперге сала кетеміз. Ол тарихи шығарма осы «Хан Кене».
Ал: «Казактар мен қырғыздар арасынан материалдар жинадым» - дегенде мұрағаттардан қарастыруы, қырғыздардан естуі, жазып алуы мүмкін қандай деректер болуы мүмкін? Әрине, ол кезде сол Кекілік төбедегі қызыл қырғынды көргендер де, жадында сақтағандар да, сол оқиғаға тағдыры шарпылғандар да көп болған. Көкбай «деректер мен естеліктерді, лақап әңгімелерді, әрі көлемді фольклор материалдарын көп жинап, пайдаланған» деген сөзді Мұхтар Әуезовтің өзіне қарата да айтуға болады. Біз баспалап сұрақ қоя отырып, нақты деректер мен «лақаптарды», аңыздарды, әфсаналарды қысқаша ғана түсіндірумен шектелеміз.
«АНТ МЕЗГІЛІ» немесе «ҚАЗАҚ – ҚЫРҒЫЗ ОҚИҒАСЫ»
Сонымен Кенесары Алатаудың бауырына неге қоныс аударды? Ата-бабасы мекен еткен, жаудан қорғаған сайын даладан сая боларлық қоныс таппады. Қарауындағы халыққа да, өзінің жеке басына да қауіп төніп еді. 1844 жылғы генерал-майор Жемчужников Сібір және Орынбордың құрама әскерін басқарып Кенесарыға қарсы жорыққа аттанды. Сарыарқаны жан-жағынан қусыра аттанған әскер қалайда Кенесарыны қолға түсіріп, ауыл-аймағымен қырып жіберу туралы төтенше бұйрық алды. Кенесарының кесілген басына бәйге жарияланды. Жорық кезінде барлық сақтық шараларын қолданды.
«Түсініспеушілік болмас үшін Орта Азия бектерінің әскерімен өзара қақтығысып қалудан барынша сақтану қажет және Орынбор даласы арқылы басталған әскери жорық Сырдария мен Телікөлден, ал Сібірден аттанған әскер Шу өзенінен әрі қадам баспауы керек. Бұқарлықтармен, қоқандықтармен қандай да болмасын қақтығысқа түсудің қажеті жоқ» - деген бұйрық алды.
Бұл – бүкіл қазақ даласын соғыс майданына айналдыруға берілген пәрмен еді. Кенесарыны Бетпақтың қуаңына ығыстырып, шығыстан, солтүстіктен, батыстан қоршауға алу міндеті қойылды. Барлау мен арбау жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде 1845 жылы Ұлы жүз сұлтандары мен билері Россияның азаматтығын (бодандығын) қабылдауға келісім беріп, генерал Вишневский бастаған әскери экспедицияны Жетісуға кіруге мүмкіндік берді. Мұның өзі Балқаш, Шу бойына қоныс аударған Кенесарының тынысын тарылтты. Онымен де шектелмей қырғыз манаптарына татар жансызы Мұхамед Тагировті жіберіп:
«Батыс Сібір шекара бастығы қырғыздың би-манаптары Боранбай мен Кішкене Пірназаровқа көтерілісшілердің оларға қосылуына жол бермеңіздер, ал реті келсе, Кенесарыны ауылымен қосып қырып жіберу керек» - деп хат жазды.
Жасырын түрде есаул Нюхаловтың жазалау-барлау отряды қырғыздарға астыртын жіберілді. Генерал-майор Вишневскийге жазған мәліметінде есаул Нюхалов:
«Мен белгілі билерге – бұғы руының биі Борамбай Бекмұратовқа, сарыбағыш биі Ормон Ниязбековке, солты руының биі Жаңғараш Есхожинге хат жолдап, Кенесарыны ортақ жау ретінде жоюға шақырдым» - деп жазды.
Орынбор Шекара комиссиясының есебінде көрсетілгеніндей «қырғыз манаптары Кенесарыға қарсы соғыста: «не өзіміз өлеміз, не Кенесарыны қырып-жоямыз» – деп шешім қабылдайды
Тағы бір жансыз, Жақып деген саудагер өзбек «жабайы қырғыздардың билері Боранбай мен Кішкене Пірназаров Омбы генерал-губернаторы Капцевичке берген уәдесін орындап, Кенесарыға қарсы соғысқа және оны сөзсіз талқандауға дайын екенін» өз құлағымен естігенін мәлімдейді. Алдын-ала уағдаласқанындай ұлы жүздің төресі Рүстеммен, Сыпатаймен бірігіп кетуінен қауіптенген патша үкіметі генерал-майор Вишневскийдің қарамағына есаулдар Нюхаловтың, Абакумовтың, Карбышевтың отрядтарын қосып береді. Вишневский Батыс Сібір генерал-губернаторына: «бүлікші сұлтан Кенесарыны қырғыздар сеніміне ие болғызбауға және оны сол жерден қууға, ал мүмкіндік бола қалса, оның өзін ұстауға қолынан келетін шаралардың бәрін қолданатынына» уәде береді (Е.Бекмаханов). Бұл кезде Кененің қосындары Ілеге жетіп еді. М.Әуезов айтқан «лақап әңгімелердің» бірі – Н.Жолымбетов жиған ауызекі әңгімеге жүгінсек:
«Орыс әкімшілігі қырғыз манаптарына: «Қазақтың Кене ханын ұстап әкеп беріңдер. Ол сендердің солтүстік жақтарыңдағы жайлауда жүр»,– дейді. Қырғыздар келісім береді. Отыз қырғыз аттанып, Кене ханға келеді. Кене хан оларға ашу шақырып, өзінің жендеттеріне жарлық беріп, темір көгенмен байлатып тастайды. Кене хан қырғыздарға: «Мені орысқа ұстап апарып беріп, өлтіртейін деп жүрсіңдер ғой. Мен сендерді өз еліңе апарып өлтіртемін» - деді. Кене хан қазақтың орта жүз елінен екі жүзден астам нөкер жинап, қырғызға карай бет алады. Балқаш көлінің шығысы мен Аягөз өзенінің Балқашқа кұйған сағасымен Лепсі, Қарасу, Ақсу өзендерінің сағасынан айнала өтіп, Қараталдың сағасынан өтіп, үдеріп кешіп келе жатқанда осы жерде Кене хан Жалайыр елінен мал қарап жүрген бір адамға кез болады... – Аға, жаман түс көрдім. Түсімде маңдай шашым жанып жатыр екен, шошып ояндым. Бұл жолы жорыққа шықпай-ақ қойсаңыз қайтеді! – деген тілек білдіріпті. Кене хан оған да иліге қоймапты. Ақыры не болғанын өздеріңіз білесіздер ғой» ( «Жұлдыз, 1991 жыл, 204 бет).
Бұдан әрі кәдімгі аңыз басталады. Бірақта осы бопса мен ырғасудың ызғары «Хан Кенедегі»:
«Әлдеқашан осы арада іргені бекітіп, бір араға күш құрап, алыстағы мұратқа беттейтін күн болып еді. Емексумен, ырқына жіберумен келіп-келіп енді бұл менің өзімді қабуды да ойлаған екен. Қолыңнан келсе ашынған болып аяспайын деген екен!» - деген монологтан анық аңғарылады.
Жаманқара да кекесінді мысқылмен:
«Кегің кетпесе бас теріңді тірідей сойып Қоқанға берген қазақ (сен) емей кім еді? Өзің де соқтықпай отырған қырғызға келіп әзірейілдей қадалдың, татулық, тілеулестіктен басқа не жазығым бар еді. Исі қазақ сенің тілеуіңде болса, Арқа мен Сырдағы елдің бәрін бастап шұбыртып келгеніңді неге көрмеймін мен? Кекшіл болсаң өзіңе қылғанға неге қылмадың, (әкеңнің) бас терісін сылып ап Қоқанға беріп еді, кәне алғаның әкеңнің кегін?..» - деп ашулы арыстанның шамына тиеді. Жаманқара Наурызбайдың сапысынан ажал құшады.
Соңынан «Кенесары қырғыздың биі Қалығұлмен кездесіп: қазақтар мен қырғыздар бұдан былай достық, көршілік қарым-қатынаста болады және қырғыздар Кенесарының кеңесіне құлақ асады» - деген пәтуаға тоқталады. Қалығұлдың өтініші бойынша, қазақтардың қолынан қаза тапқан қырғыз батыры Тастанбектің найзасы мен болат қылышын қайтарады. Ал Қалығұл Кенесарының қолға түскен жігіттерінің төлемін төлесе, қайтаруға уәде берді. Кенесарының тұтқынға түскен екі сүйікті батырын (бірі қайын ағасы, Орынборда тұтқында отырған әйелі Күнімжанның ағасы) босату туралы келіссөз кезінде қырғыздар біреуіне 64 жылқы, ал екіншісіне – 10 түлкі ішік, 10 шапан, 10 құндыз, 10 құла, 10 түйе төлем төлеуді белгіледі. Кенесары қолға түскен жігіттері мен екі батырын босату үшін әр ауылдан бағалы заттар жинауға бұйрық береді, бірақ «жиналған зат оның қайынағасы мен сүйікті батырын босатуға жетпейді (Е.Бекмаханов)».
Дау да – жаулықтың дауы. Бітім де жаудың бітімі. Сондықтан да құны қымбат. Байұзақтың:
«Қап, бәрекелді-ай, қате болды-ау!.. Елшіні өлтірген ежелгі тынбас жаудың ісі еді...Ұлының ұлына, қызының қызына кетіп жүрмесе игі еді бұл жаулық» - деп өкінуінің де өті ащы.
Бұл жазушының көркем емеуіріні. Қасіретті оқиғаның, айырылмайтын жаулықтың хабаршысы. Жаманқара құнсыз қалатын құл емес еді. Ақыры қырғыздар Жаманқараның құнын жоқтап, кегін қайтару үшін ұлы жүздің әруақты батыры Саурық дем алып жатқан кезде 70-80 қырғыз шабуыл жасап, оның жігіттерін түгелдей бауыздап өлтіріп, 700-дей жылқысын айдап әкетті. Саурық торуылға түсіп, қырғыздардың қолынан қаза тапты. Саурық та құнсыз қалатын батыр емес еді. Сондықтан да Кенесарының:
«Бұл қырғызбен алысуымыз аз ғанамен тынбайтын болды. Енді осыны үстіне қат-қабаттамай бұл түйін шешілмейді екен. Ертеңнен бастап қалың қолмен соғысамыз. Тұрындар... Жүріңдер... Қолдардың күйін көреміз... Қамдансын бүгін бәрі де...» - деп атқа қонады.
Бұл хан Кене мен Наурызбайдың қазасына алып келетін ұлы қырғынның басы еді. Айтып-айтпай не керек, «Қазақ пен қырғыз бірін-бірі қырды, қанын орыстар мен қоқандықтар ішті» - деген мәтел қалған ғарасат майданы ашылды. Өткенге – салауат, бүгінге – сабақ, ертеңге – ескерту болсын – деген алаңы мол оймен Е.Бекмахановтың:
«Кенесарының қырғыздармен соғысының аз зерттелгені сондай, ондағы оқиға барысын қалпына келтіру өте қиын» - деген пікірін еске ала отырып, сол соғыс туралы тарихи дерек пен «лақап әңгімелерді» араластыра беруді жөн көрдік.
Алла разылық етсін!
Е.Бекмаханов: «Кенесарының қырғыздармен соңғы шайқасы Тоқмақ селосының шығыс жағында, Пішпек қаласына жақын Кекілік тауларында болды» .
Е.Құлмамбетов: «Енді нағыз шешуші соғыс болатынын байқаған Жантай мен Орман осы аймақты мекендеген барлық руларға шапқыншы жіберіп, көмектесуге шақырады. Осы түні қырғыздарға қосымша жасақтар да келіп жетеді. Ол кезде Кенесары жасағының көпшілігі ауылдарына тарап кеткен болатын. Хан қасында бес жүз сарбазы мен оның қолбасшылары ғана қалған-ды. Таң атқан соң қараса олар қырғыздардың қоршауында екенін бір-ақ біледі. Қазақ жасағының хәлі ауырға айналады. Кешке дейін соғыс болады. Қазақтардың ауыл-ауылға тарап кеткен жасақтарынан хабар келмейді. Шақырылуға жіберілген адамдар да дау-дерексіз кетеді. Ал қырғыз жасақтары көбейе береді. Кенесары қолы үш күн бойы ас-сусыз кескілескен ұрысты бастан кешті. Төртінші күнге қараған түнде барлық жасақ басшыларымен кеңес құрды. Олар ойларын ортаға салды».
Е: Бекмаханов: «Кенесарымен соғыс кезінде Ормон хан өзінің жасағына қазақтарға көрінетін жолмен шаңдатып жүріп, тауға шығып-түсіп жүруге бұйырды. Төмен түскен соң, олар жыралар арқылы қайтадан жоғары шығып, онан қайтадан төмен түсіп отырған. Міне, осындай орын ауыстыру үш күн бойы үзілмейді. Бақылап отырған Кенесары Ормон ханның шаңға оранып, үсті-үстіне келіп жатқан әскерінің көптігіне таңданады. Ормон хан түнге қарай әр адамға от жағуға бұйрық береді. Түнде таудағы сансыз оттарды көріп Кенесары: «Қырғыз көп пе, аспандағы жұлдыз көп пе?» - депті.
М.Сәрменбайұлы: «Сонан соң зор соғыс болды. 1847 жылы көктемде Кенесары көп қолмен келіп, Кекіліктің тауына ордасын тігіп, Алатаудың терістік жағындағы қырғыздарды шаба бастайды. Соғыстың мықты болған жері – Ұзынсу, Самса. Ержанның қолға түскен жері. Қырғыздың ханы сарбағыш Орман Ыстықкөлдегі қырғыздарға хабар беріп, көп қол жинаған, қырғыздардың бұл көп қолы Жуамнан шыққан. Жуамнан Кекілікке қараған жазыққа шыққанда санын білдірмеске ат құйрығына шөп байлап, қырғыздар жердің шаңын аспанға көтерген. Бұл қырғыздар: «Иә, тегіс қырылайық, иә, Кенесарыны жығайық» - деп келген. Алатау мен Кекіліктің арасы зор майдан болған. Осы мезгілде қырғыздар қазақтармен астыртын сөйлесіп, дулатты басқарған Рүстем төрені өз жағына қаратып алған. Соғыстың қызып тұрған уақытында Рүстем көп дулатты қашырып жіберген. Кенесарының қасында мыңнан кем қазақ, бес жүздей мылытық қалған. Дулаттың басшылары Сыпатай болып, Кенесарының қолында қалған. Көп қырғыз Кекіліктің Сеңгір деген жерінде Кенесарыны қамап алған. Таудан аққан бұлақтың басын бұрып, қамаудағы қазақты қырғыздар сусыз қалдырған. Ассыз, сусыз үш күндей соғысып, ат та, адам да болдырып, төртінші күні Кенесары бүтін әскерімен қолға түскен» (С.Қосановтың жарияланымы).
М.Әуезов: «Сыпатай: ...Бұлар хандық құрған күні біз бүгінгі орнымыздан айырыламыз. Қырғыздың манабы, дулаттың датқасы мен төресі ежелден бір бас, бір тас емес пе? Талайы, тіпті осы тұрған үшеуміздің айқыш-ұйқыш құда-жекжатымыз емес пе? Бастасым солар! Табысамын!
Рүстем: Мақұл. Болды. Ендеше ірітіңдер дулатты.Ана сыйлықтарын алайық. Хан керек болса – дулатқа өзім хан боламын. Қырық ру қазақ баяғыдан бір ханға билетпей-ақ күн көрген. Бәрін қосып хан боламын десе – ана өзі шыққан орта жүзінің қазағын баурап алсын.
Сыпатай: Жүр, олай болса әлгі қырғыздың елшісіне. Қабыл алдық сол жіберген сиын» .
«Хан Кене» пьесасының осы күндері сахнаға қойылмай жүруінің басты «намысының» бірі – осы көрініс. Санасы ұлттық намыс пен ұлттық идеяға көтерілмей, кеуделері паңсып қалған трайболизмге бітелген надан бір акадеиктің ойынша, бұл көрініс ру араздығын қоздыратын көрінеді, әрі өзі үшін ұлттық намыс санайды екен. Намыстанса – қазақтың бірлігінен руының бірлігін жоғары қойып жүргендерге намыстанса керек-ті. Әй, қайдам. Олар үшін, соның ішінде рушыл академик үшін Кене хан да, Әуезов те ру намысының құрбандығы ғана.
Е.Бекмаханов: «Қазақ сұлтаны Рүстем және Сыпатай би Кенесары қозғалысына тонаудан қорқып қосылған адамдар еді. Шайқас болардың алдындағы түнде олар Кенесарының шебін тастап қашып кетті. Ол туралы Мәдібек Беққожаев: «Сыпатай мен Рүстем төре түнде өз әскерлерін бөліп алып, Шу өзенінің арғы жағына өтіп, «Мықан суына» жеткен соң өткел іздеп, таң атқанша жүрді. Осы кезде оларды қырғыз әскері байқап қалып, шабуыл жасады. Артта жау, алда өткел бермес батпақ су, міне, осындай жағдайда қазақтар қырылып, бір бөлігі қолға түсті» дейді. Сыпатай мен Рүстем көрсеткен қызмет ұмыт қалған жоқ. Кейіннен манап Жантай Қарабеков Сібір қазақтарының шекара бастығынан Рүстем сұлтанды наградтауды сұрай отырып: «Рүстем сұлтан мен Сыпатай би Әлібеков әскерлерін алып кетіп, маған Кенесарымен есеп айырысуыма жағдай жасады» - деп мәлімет берді. Сондай-ақ Қоқан бектері өз әскерлерін Ормон манаптың қарамағына беріп еді» .
М.Сәрменбайұлы: Үш күн соғысып, аз қазақтың қырғызға әлі келмейтін болғасын, төртінші күнге қараған түнде Кенесары кеңес құрады. Кеңесте анау ананы, мынау мынаны айтады, толық ақыл табылмайды. Наурызбайдың айтқаны мынау болды: «Ағыбай, Құрман батырларды бас қылып екі жүз жігітпен қырғыздардың тобын бұзып, жол салайын. Қалған әскер менің соңымнан жүрсін, көп болса да, қырғыздар күнде көріп жүрген жауымыз ғой, бұзып өтпей несі бар дейсің. Топтан бір өтсек, соғыса-соғыса қүтылармыз» деген. Бұл сөз Кенесарыға мақұл келмеген: «Топтан бұзып өткен соң қашамыз: аты жүйріктер құтылады, көп әскер тұтылады. Қол бастаған ханға жаудан қашқан лайық емес, жаудан қашқан соң, мен хан бола алмаймын, онан да аттың бәрін бауыздайық, жиырма атқа азық артып, Шуға қарай жүрелік. Бір жағымызды Шуға салып, қолымыздағы бес жүз мылтықты жауға қаратып, артынан найза тігіп жүрсек, бізді жау ала алмайды, қолында бес жүз мылтығы бар басын өлімге байлаған өңшең жаяу батырды ешқандай мықты жау ала алмайды», – дейді Кенесары. Кенесарының сөзін көп мақұл көрсе де, аттарын сойдыруға батырлардың біразы қимаған. Күзеттің арасынан аман өткен қол қалың батпақ Қарасуға тап болады. Аттың бәрі ұйыққа батқан, әскердің көбі батып, жұрт сасып бүлінген. Сөйтіп жүргенде таң атқан. Қырғыздар Кенесары қайда кеткенін біле алмай қалып, жан-жаққа жортуыл адам жібереді. Іздеген адамдар батпаққа батып жатқан, өте алмай жатқан қазақты көріп қырғыздар ат қойған. Қазақтың жалғыз-жарымы ғана қашып құтылған. Көбі сол жерде қырылған, қолға түскен. Осы күнгі Тоқпақтан бастап, Пішпектің қатарына дейін, Шудың жағасы 5-10 шақырымдай Қарасу - жерден шыққан қайнар батпақ болады. Бұл орынды қазақ-қырғыз «Миқан» деп атайды. Шуды жағалаған қол Миқанға тап болып, батып қалған көрінеді».
Е.Бекмаханов: Кенесары мен Наурызбай өздерінің жасағымен қоршауды бұзып өтуге ұйғарды. Кенесары өзінің тобымен Қарасуық деген батпақты өзен арқылы қоршаудан шықпақшы болды. Өзеннен өту кезінде көп адам суға кетті, осыған қарамастан әскерлері Кенесарыны аман алып қалуға тырысты. Осы оқиғаны көтеріліске қатысқан адам былай суреттейді: «Кенесарының жүздеген адамдары желкеден төнген қара қырғыздардың соққысынан суға кетті, бірақ өліп бара жатып, өздерінің сүйікті сұлтаны Кенесарыны құтқаруға тырысты. Өздерін құрбан ете отырып, олар сұлтанды суға кетіп бара жатқан атынан ауыстырып, өз аттарын беріп отырды» .
М.Сәрменбайұлы: «Кенесары мен Наурызбай құтыла алмасына көзі жеткесін төрелер жаяулап бір түбекке шығып отырады. Сол уақытта шауып келе жатқан бір қырғызды көреді. Кенесары шақырып алып:
- Неғып жүрсің? - деп сұрайды.
- Кенесарыны іздеп жүрмін,- дейді.
- Іздеген болсаң, Кенесары мен боламын, барып, адамдарыңды шақырып кел, – дейді. Қырғыз шауып кетіп, біраздан соң көп адам ертіп келеді.
- Мен қолға түстім, мені манаптарыңа алып барыңдар, – дейді. Көп қырғыз Кенесарыға:
- Жауласуды қойған болсаң қару-жарағыңды таста, – дейді.
Кенесары мен Наурызбай қаруларын лақтырып тастайды. Төрелерді қырғыздар атқа мінгізіп тау ішіндегі еліне апарады. Өздеріне бөлек үй тігіп беріп, құрметтеп сыйлайды. Кенесары, Наурызбайдың жатқан үйі Жолбай деген қырғыздың үйі екен. Осы үйде төрелер жеті күн жатқан. «Мен Кенесарымын» - дегеніне нанбай қырғыздар қолға түскен Құдайменде биді алып келіп, Кенесарыны көрсеткен. Кенесары-Наурызбайдың қолға түскен күні қандай көңілде болғаны туралы қырғыздар мынадай әңгіме айтады:
Қолға түскен соң қырғыздар Кенесарыға қой сойып, қонағасы береді. Ет әкелгенде Кенесары-Наурызбай қисайып жатыр екен «Ас келді» дегенде Наурызбай ұшып түрегеледі де: «Кенеке, тұрыңыз, тамақ жейік», – дейді. Кенесары: «Жемеймін», – дейді. Сонда Наурызбай айтыпты-мыс.
– Ай, Кене аға-ай, өмір деген не дейсің, ақырында бір өлім болғасын, бүгін өлдің не, жүз жылдан соң өлдің не, сол үшін уайым жемейік, тұрыңыз, одан да етке тойып алайық, – депті. Сонан соң Кенесары тұрып тамақ жеді дейді.
Қырғыздар не қыламыз деп кеңес құрады. «Біреуін жіберіп, Жаманқараның өлі-тірісін білейік, Жаманқара тірі болса, бұлардың біреуін жіберіп алдыралық» - деп қаулы қылды. Қырғыздар осы қаулыны бұларға айтады. Сонда Кенесары айтады: «Жаманқара тірі, Наурызбайды жіберіңіз, Жаманқараны әкелсін», дейді. Сонда Наурызбай айтыпты-мыс: «Ай, Кенеке, сен кеткенде хан болып артыңда қалып ешнәрсе бітіре алмаспын, өлсек, бірге өлейік. Ай, қырғыздар, Жаманқараңды мен өлтіргенмін, қолыңнан келгеніңді қыл» - дейді. Бұл туралы қазақ арасында мынандай өлең бар (...)
Қырғыздар тағы кеңесті. Олар екі жақ болды. Бір бөлігі бастығы Жантай болып: «Сый алып, татуласып, төрелерді босатайық» - деді. Көп жағы, әсіресе, Жаманқараның жақындары, қарақалпақтың туғандары «өлтірелік» дейді. Екі жақ таласып, қырғыздар өзді-өзі ұрысып қала жаздайды. Ақырында Жантай жағы жеңіліп: «Не қылсаңдар да рұхсат», - деп сөзді қойды. Қырғыздар төрелерді өлтірмекші болды. «Жаудан қолға түскен батырлардың өті түрлі ауруларға ем болады» - деген қырғыздарда ырым болады екен. Өлтірердің алдында Кенесары - Наурызбайдан бір қырғыз сұрайды: «Өттерің неге ем болады?» - деп. Сонда Наурызбай: «Өтім – қырық қызыңа ем болады» - депті. «Наурызбайдан тұқым аламызы - деп қырғыздар Наурызбайдың қойнына қыз салыпты. Наурызбай қарамапты» - деген қазақ арасында лақап сөз бар. Наурызбайдың «қырық қызың» деп тоқтатқанынан шыққан болса керек.
Д.Рамазан: «Ақырында Кенесарыны солто, Наурызбайды тынай ұрықтары алып, Ержанды сарбағыш руы алады. Үшеуін бірдей өлтіреді. Кенесарының жүрегінің жарымы май екен, жалы бар екен. Наурызбайдың жүрегі бір қарасы жоқ шылғи май болып, ортасын өрлеген шидей қара қылы бар екен. Қырғыздар Кенесарыны өлтіріп тұрып, Наурызбайға өлтірдік деп ұққызады да, бұл жас екен қоя берелік дейді. Наурызбай бір де тілін тартпай қырғыздарды ашуландырып тұрады. Наурызбай айтады: «Өлтірсең мен барамын Құдайға, өлтірмесең мен қуамын Кенекемнің кегін» - деп. Бұл сөзді қырғыздар ұғып, оны да өлтіреді. Наурызбай бұл кезде 25 жаста екен».
«Қырғыздардың өлтірмек болғанын Кене хан білген соң, «Мен дәрет алып, намаз оқып алайын, онан соң ишара қылайын, сонда жанымды қинамай қылышпенен бір шауып өлтіріңдер» – деген. Ертемен намазды оқып болып, ишара қылғанда бұрынғы жылы Кенесарыдан өлген Орманбек Субанбектің Тайсары деген інісі Тастанбектің болатымен сілтеп жібергенде басы ырғып кеткен. Өлігін Қызыл су менен Шамшының ортасындағы Борду деген сайдың орта бөксесіне таман көмген. Кенесарыны өлтірер замат күн қатты жауған». (Б.Солтанаев. Қызыл қырғыз тарихы. Бішкек. 1993, 2-кітап, 11-бет) десе, Есенқұл Төреқұлұлының «Қырғыздың қысқаша санжырасы» (Бішкек, 1995) деген екі томдық еңбегінің бірінші кітабында да дәл осы жайттарды қайталай келіп: «Өлігі (Кенесарының) Қызыл судың Алмалы сайының орта бөксе тұсына қойылған, жасы 45 шамасында болған. Ал Наурызбайды Кегеті жақтағы Жаубасардың балалары Жүніс пенен Түлекқабылдың колына берген. Қалпақтың бәйбішесі Ботакөз «осының қанын ішем» деп ашуменен айбалтаны ала салып, Наурызбайға сілтегенде бір қолын шыли шауып түседі. Сонда артына қараған Наурызбай балта ұстаған әйелді көріп: «Оо-пыр-ай, мені өлтіретін қырғызда еркек жоқ па?» депті. Содан кейін барып Төлебай деген қалпақтың жігіті балтамен шауып өлтірген. Осы жігіттен ұрпақ жоқ деп айтысады», – дейді (1-кітап, 94-бет).
М:Әуезов: «Науан. Уай, қырғыз, еркегің құрып кеткен бе сенің. Мені еркегің өлтірісін.
Толыбай (жақындап қалған Қарақалпақтың қатынын қағып қалып). Тұр былай... Олай болса... міне еркек, тілегіңнің қарымы. (Ұмтылып кеп жүрегіне қанжарды салып жіберді. Науан құлайды.)
Соңғы қатын (ұмтылып). Қанын ұртаймын, қанын ұртаймын! (Ұрттап, ұрттап алады)» .
Наурызбайдың өлімі туралы екінші бір жорамал да бар.
Е.Бекмаханов: «Қоршаудан шығуға тырысу сәтсіз аяқталды. Наурызбай өзінің шағын тобымен шайқаста қаза тапты. Кенесарыны қырғыз манаптары қолға түсірді. Өзін өлтірер алдында Кенесары қырғыз манаптарына тағы да жауласуды тоқтатуға ұсыныс жасап, қазақ пен қырғыздарды біріктіріп, ортақ жау – Қоқанға қарсы күресуге шақырды. Алайда қырғыз манаптары бұл жолы да оның ұсынысын қабылдамады. Кенесары өлім алдында, иін-тірескен халық жиналған жерде ән бастады. Ол бұл өлеңінде өзінің еркіндік үшін, елдік үшін бастаған ауыр күрес жолын, Сарыарқаның кең даласын, өзінің қаза тапқан серіктерін еске түсіреді. Кенесарының соңғы сәтін былай суреттейді: «Кенесары жиналған жұртқа, алыстағы тауларға, күн шуағы төгілген биік аспанға, жан-жағына қарап алып, ән бастады. Ән ұзақ айтылып, жиналғандар құлақ түріп тыңдады. Оның сөздері бойларын билеп, ән тыңдаушының жүрегін баурады. Ол өзінің өткен өмірін, туған жерін еске түсірді» .
М.Әуезов: «Кенесары: Бірақ мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұға ма екен? Ойлар ма екен? Алатаудың бауырында Кенесары жығылса, сыналатын өткелде қазақ елі бірге жығылады. Түсінер ме соны? Өкінер ме? Менің жығылғаным арман емес. Ел болар ма екен, елімнің шу дегенге жарамаған арман - менің қайғым. Жалғыз-ақ, ел болар ма деген елімнің көші қайда қалды? Қайда қалды, қайран елім, не боп қалдың. Мен сүйінер ел ішінің қайғысы ол жеңгізбейтін дерт болды. Армандамын, соған әлім жетпегендігіне армандамын. Бәрі бір мен сүйінер өмір, мен жұбанар үміт қалған жоқ. Бұдан арғыны көргенше, алланың ақ бұйрықты ажалы келсін. Содан басқа тілегім жоқ» .
Е.Бекмаханов: «Кенесарының өлімі оның серіктері үшін, әскери достары үшін өте ауыр соққы болды. Я. Палферов көтеріліске қатысқан Нысанбай ақынның толғауы арқылы көсемдерінен айырылған қазақтардың ауыр қайғысын білдіреді. «Кенет шатқал тыныштығын домбыра үні бұзды, оған қоса: «Е.. е.. ее.. Алла!» - деп күңіреніп алып басталған қайғылы, жантүршіктірер, Нысанбайдың сол жерде шығарған жоқтау өлеңі, басталды:
Еркін жел бүгін тынықсын,
Ақындар жырын ұмытсын.
Ерке ұлын іздеп жоқтаған,
Достарыңызбен бөлісу: |