«Содан кейін екі жылдан соң (1920) астрахандық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім», – дейді З.Валидов.
Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» – деген айып тағуға мүмкіндік бергендігінде. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол «үкімді» заңдастыруға, «жапонияның шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.
Сөйтіп тергеу тұйыққа тіреледі. Тергеушi Балдаев (қолы анық танылмады, фамилиясы өзгеше болуы да мүмкiн – Т.Ж.) Бiрiккен Мемлекеттiк Саяси Басқарманың бастығының орынбасары Альшанскийге берген есебiнде:
«Қолдағы деректердiң жеткiлiксiздiгiнен Бөкейхановты табан астында шұғыл түрде тұтқындауға мүмкiндiк болмады, сондықтанда бiз тергеу жұмысын мынандай тәсілiмен, егерде тағылған айыптауларды мойындамай, терiске шығарса, оны тұтқындамай босатып жiберуге мүмкiндiк алатындай есеппен жүргiздiк», – деп жазды.
Әр сөзiн шегелеп, дәлелдеп, бұрынғы және бүгiнгi Ресей өкiметiнiң әрбiр әрекетiн қысқа ғана талдап: «Мен – „Алашорда” үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов қызылдарға қарсы болған себебiм мынау, оған кеңес өкiметi былай қарады», – деп түйiп-түйiп айтып, тұқырта жауап беріп отырды. Әлекеңнiң мысы басқаны сондай: «Кеңес өкiметi жер мен аз ұлттар туралы қаулы шығарардың қарсаңында менi тұтқындап, ақыр соңында Бутыркадан – Кремльдiң төрiне бір-ақ шығарушы едi. Бұл жолы қайтесiңдер. Иә, мен ұлтшылмын», – деп алып, бұл пікірін хаттамаға:
«1919 жылы «Алашорда» тарқағаннан кейін біздер, ұлтшылдар, бұрынғы алашордашылар, қандай да бір ұйымға бірігуге ұмтылған емеспіз және астыртын күрес ұйымдастыруға, ұйымдасқан түрде кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізуге ұмтылыс болған емес. Ұлтшылдық бағытындағы мәселелер туралы бөтен адаммен ашылып әңгімелесе бермеймін, тек ұлтшылдармен ұлтшыл ретінде екі-ақ адаммен – Байтұрсыновпен және Дулатовпен ғана әңгімелесуім мүмкін, бірақ олармен арадағы әңгімеде ешқандай ұлтшылдық әрекет жөнінде пікір қозғағамыз жоқ, ал «ұлтшылдық» туралы сөз қозғала қалған күннің өзінде де, тек тағдырға өкпелеп көз жасын төгетінбіз», – деп түсіріпті.
Осы қысқа да нұсқа жауаптан-ақ Әлихан Бөкейхановтың әбден ысылған саяси күрескер екені байқалады. Көрсетіндісінде өзіне де, өзгеге де күдік келтіретін қылаудай артық жарықшақ жоқ. Өзiн-өзi ұстай бiлген ұлт көсемiн ОГПУ тергеушiлерi ақыры тұтқындауға бата алмады.
Тергеушілер мұнымен де шектеліп қалмай, күдіктілердің қатарын молайта берген. Сол кездегі жас геолог Қанышқа да күдік көзі түскені байқалады.
«18 қазан. 1927 жыл. Қызылорда.
Тергеуге алынған Елдес Омаров қосымша сұраққа былай деді:
“Сәтбаев Қанышты мен білемін. Ол Семейдің бір губерниясынан келген, инженер. Мен онымен 1923 жылы, ол Қазақ Оқу-ағарту комиссариатының Академиялық орталығына қазақ тілінде жазылған алгебра оқулығының қолжазбасын табыс еткен кезінде таныстым. Мен академиялық орталықтың жанындағы ғылыми комиссианың хатшысы ретінде алгебра терминдерін жасау жөніндегі жұмысқа қатыстым және Сәтбаевтің қолжазбасы жөніндегі хабарламашы болдым. 1927 жылы мен Сәтбаевпен еш жерде және қандайда бір жағдайда жүздескен емеспін. Мен оны соңғы рет 1926 жылы Қызылорда қаласында Дулатов Міржақыптың пәтерінде көрдім. Ташкенттегі Қазақ Мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орынында сабақ берді: мен – Омаров – қазақ тілінен сабақ бердім, Досмұхамедов Халел – ректордың орынбасары болды, барлық шаруашылық мәселелерді сол жүргізді. Ермеков Әлімхан – математикадан дәріс оқыды әрі нақты ғылымдар мен математика факультетінің деканы міндетін атқарды”.
Бұдан әрі академияның қызметі айтылады. «Тынышбаев Мұхамеджан және басқалар жауапқа тартылған істің» екінші томына алдыңғы Байтұрсыновтың ісінде қатталған Елдес Омаровтың 1927 жылы 16 қазан күнгі берілген жауабы және одан да басқа құжаттар қоса тіркеліпті. Соның ішінде мына бір деректі қаперге іле кетуді жөн көрдік.
«1927 жылы 16 қазан. Қызылорда. Мен, Омаров, 1926 жылы Қазақ оқу-ағарту комиссариатының ұйғаруымен Қазақстанның өкілі ретінде Баку қаласында өткен түркітанушылардың құрылтайына іссапармен бардым. Менімен бірге Біләл Сүлеев пен Ғазиз Байсейітов қатысты. Ахмет Байтұрсынов пен қазақтың ұлттық әндерін орындаушы ретінде Әміре Қашаубаев ресми түрде шақырылды. Ол Бакуге бара жатқан жолда маған – Омаровқа және басқаларға өзінің Парижге барған сапары туралы әңгімелеп берді».
Бұл арада тергеушілердің суыртпақтап білгісі келіп отырғаны – Әміре Қашаубаев Парижде этнографиялық концертке барғанда Мұстафа Шоқаевпен кездесті ме, жоқ па, соны анықтау. А.Байтұрсыновқа, Ғ.Бірімжановқа, М.Дулатовқа, М.Әуезовке және тағы да басқа «айыпкерлерге» осы сұрақ қайталап берілген. Сол арқылы ұлтшылдардың «қылмысын» халықаралық деңгейге көтеруге тырысқан. Ал Әлихан Бөкейханов Әміремен Францияға бара жатқан жолда Мәскеуде жолығады. Ол бұл туралы А.Байтұрсыновқа:
«...Әміре Қашаубайұлын Парижге жібермекші. Ол бірде-бір ән сөзін білмейді ғой. Болмайтын нәрсені айтады. Мен оны әншілердің арнайы үйіне апарып, ән салдырттым. Дауысын мақтастық, әйтсе де, ән салған кезде, мен қатты ұялдым. Айтқан әнінің сөзінде мән болсайшы. Парижде ойлы әнді талап етеді. Әншіні Парижге жібере отырып, бір әннің сөзін болса да жаттатқызуға болатын еді ғой. Әміре орыс мещаны сияқты киініпті. Оны дұрыстап киіндіру де соншалықты қиын іс пе еді?», – деп жазды.
Әншіге әннің түгел сөзін жаттатқызып, «әншілердің арнайы үйіне апарып», дауысын граммафонға жаздырды. Соның арқасында ғана ұлы әншінің дауысының жаңғырығы бізге жетті. Сондай-ақ Еуропа жұртының талғамына сай киім сатып әперіп, тиісті ақыл-кеңесін айтып, жолға шығарып салады. Парижге барғанда Мұстафа Шоқаев Әмірені іздеп тауып алады. Ән салдырады, ұзақ әңгімелеседі. Елге қайтып келгеннен кейін әнші өзінің әріптестеріне:
«Сендер қазақпын деп мақтанасыңдар. Нағыз қазақты Мәскеу мен Парижде көрдім», – деген екен.
Бұл сөз құпия мекеменің құлағына шалынады. Сөйтіп, Әміре «қалпақ астына» алынып, соңына тыңшылар түседі. Ақыры театрдағы қызметінен шығарылды. Қысымға шыдамаған әнші дүниеден баз кешіп, өмірден күдер үзеді. Тағдыры салындыға ұшыраған Әміренің өлі денесі 1934 жылы қараша айының 4-нен 5-не қарағанда («Қыз Жібек» операсының премьерасы өткен күні), түн ортасында белгісіз жағдайда өз үйінің табалдырығының алдынан табылған. Әйелі Оразке таңғы тықырдан оянып, есік ашқанда босаға арқасы сүйелген күйеуінің денесін көрген.
Айғақтары жеткіліксіз әрі дәлелсіз деген жалған желеумен Елдес Омаровты 28-31 қазан аралығында үйіне босатқан. Мұның басты себебі: бостандықта жүргенде кіммен кездеседі, онда қандай пікірлер қозғалады, соны білу үшін әдейі жіберілген сияқты. Тыңшылардың мәліметіне қарағанда сол күндердің ішінде оны Қадырбаев Сейдазым қонаққа шақырыпты. Қонақта болғандар: “Нұрымов Ғаббас, оның ағасы Ахмет Бузинов, Юсупов Ахмет-Сафа, қайтыс болған Бірімжанов Ахметтің әйелі – Жәкен, Байменов Ілияс, Ақбаев Жанат т.б. (Бұл көрсетінділердің соңына қол қойылмағандықтан да пайдалана алмадық).
Әрине, бұл уақытша ғана алдарқату болатын. Өйткені үш күннен кейін Е.Омаров қайта абақтыға қамалды. Елдос Омаров ұсталған 15 қазан күні «Алашорданың» көрнекті қайраткері Халел Ғаббасов та жауапқа тартылды. Бірінші тергеуде Елдес Омаровқа: а) коллективтендіру саясатына қарсы астыртын әрекет ұйымдастырды деген, екінші жолы: ә) «1921 жылы Орынбор, Ташкент қаласында контрреволюциялық ұйым құруға қатысты-мыс» деген айып тағылды. Бірақ та бұл жолы жоғарыда айтылғандардың ішінен Халел Ғаббасовтан басқалары тергеудің құрығына ілікпеді.
Ал Халел Ғаббасовтың тұтқындалуы Голощекиннің сол жылы күзде басталған конфискациялау науқанымен тікелей байланысты болатын.
3.
Түрмеден құтылғанымен де алаш идеясы жолындағы күресті Әлихан Бөкейханов одан әрі жалғастырды. Ол өзінің барлық қабілет-қажырын, азаматтық беделін, қаражатын тергеуде жатқан достарына көмек көрсетуге жұмсады. Ату жазасына бұйырылған азаматтарға араға жүрiп, бұл үкiмдi түрме кесiмiмен ауыстырды. Ал оларды мүлдем ақтап алуы мүмкiн емес-тiн. Қара басының амандығын қорғаштамай, қарсы шығып, қайсарлықпен күресуiнiң өзi де үлкен азаматтық, көсемдiк қасиет едi. Мысалы, түрмеде жатқан Мұхтар Әуезов пен Әлiмхан Ермековке «ниетiмнен қайттым» деп ашық хат жазуға ұсыныс берген де Әлихан мен Ахмет дегдарлар едi. Соның нәтижесiнде, қазақтың екi ғұламасы тiршiлiктiң дәмiн тағы да қырық жыл татып, ұлтына қызмет еттi. Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова ол туралы:
«(түрмедегілер)... 1922 жылдан бері Мәскеуде «жіпсіз байланып», еш жаққа шығуға рұқсаты болмаған, сондықтан адресі белгілі Әлихан арқылы кімнің қайда жүргенін біліп, өзара байланыс жасап, хат алыса бастайды. Ешкімнен сескенбейтін ер жүрек Әлихан оқта-текте Бутыркаға барып, тұтқындарға ауқат жеткізіп тұрған. Ахмет, Мағжандардың қызыл крес меңгерушісі Е. П. Пешковаға жиі жазған арыздарын қадағалап, нәтижесі тезірек болуы үшін Пешковаға жиі барып, көмек көрсетуін өтінеді. Көп ұзамай арыздары бойынша екі арысымызға жеңілдік жасап, берген үкім мерзімін қысқартып, елге қайтарған. Елге жету үшін жол қаржысын Пешковадан алып берген де сол Әлихан атам», – деп жазды.
Архангельскіге жер аударылған М. Дулатовқа жазған хатында А. Байтұрсынов:
«Базар қымбат: нанның килосы 5-6 сом, буханкасы 25-30 сом. Сүттің литрі 4-5 сом, майдың килосы 45-50 сом. Оған қалай ақша шыдасын. Алып келген аз ақшам әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қырбаласы (Ә.Бөкейханов – Т.Ж.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар. Қырбаласы орынында болып, бұрынғы адресімен тез хабарластым. Сендерге орын-морын тауып жайғасып жазармын деп едім. Ол болмаған соң, көңілді хабар жаза алмай тұрған жай бар», – деп Ә.Бөкейхановтың көмегін мұқтаждықпен еске алады.
Келесі хатында да:
«Бір жағынан – ауру, екінші жағынан – суық, үшінші жағынан – аштық, үш жақтап қысып, әркімнің атсалысқан көмегі арқасында күнелтіп келе жатқан жай бар. Бұл қалыппен көпке бармай бір шегіне барып тынатын шығармын. Қырбаласы (Ә.Бөкейханов – Т.Ж.) қолдан келген көмегін істеп-ақ жатыр. Бірақ көмекпен күнелту мұнда өте қиын. Қазір қара нанның килосы 12 сомға жетті. Ол не шыдатар? Жұмыста болмаған соң, нан карточкесі столовой нанды карточкесіз нанды базардан алып жемеске шараң жоқ. Базар бағасы анау. Онымен қанша нан сатып алуға, тойынып тұруға болар. Қазір әбден арықтап, жүдеп болдым. Жылы киімім жоқ. Күн мұнда Аралдағыдай емес. Өте суық. Аштық, арықтық, суық тағы бір жағынан айналдырған соң, ел қалай күнелтпек? Елдің хабары өздеріңе мәлім күйде, жұмысы біткен. Қырбаласының ел жайынан жазған хаты қолды болып, қолыма тиген жоқ. Қужақ екі жолдасымен орнынан түскен. Жолдастары кім екенін жазбайды. Қазақ жайы – соқырға көрінген, – саңырауға естілген болса керек. Жақын арада жазушының бұрынғы қатыны бастық болып тұрған мекеме арқылы арыз бердім. Мұнда қазіргі жай-күйімнің бәрін айтып: өлсін демесеңдер мені не жылы жаққа жіберіңдер, не қатын-балам тұрған жерге жіберіңдер. Мен бұл күйде тұрғанда өлемін, – деп жазып отырмын. Мұнан анау қатын арқылы бірдеме болар деген үміт бар. Мұнан еш нәрсе шықпаса, шынында да өлу ғана қалады», – деген жолдардағы «жазушының қатыны» – М.Горькийдің әйелі Пешкова болатын.
Ал оған жолданған хаттың нәтиже беруіне Ә. Бөкейхановтың атсалысқаны Г. Дулатованың дерегінде аталып өтті. А. Байтұрсынов Міржақып пен Мырзағазыға жазған хатында:
«Қ. Б.-нан (Қыр баласынан – Т.Ж.) хат алып тұрмын. Аман. Соңғы бір-екі хатында Смағұлдан басқамыз аманбыз деп жазған екен, онысы немене екенін анық білмеймін», – дейді.
Мұндағы Ә. Бөкейхановтың «Смағұлдан басқамыз аманбыз деп отырғаны, «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы бар ақыл-қайратын жұмсаған, Қазақстаннан қудаланып, Мәскеудегi темiр жол институттын тәмәмдап «Днепр құрылысының» құрылыс бастығының орынбасары боп жүрген Смағұл Сәдуақасов Кремльге таңертең сау кіріп, түстен кейін тосын ажалға тап болады. Дәрігерлер оған: «Өндірістік улану», – деп дүдәмал диагноз қойған. Смағұлдың осы өлімін А.Байтұрсыновқа астарлап жеткізіп отыр.
Соловецкі лагеріндегі күйеуі М. Дулатовқа жолығып қайтқан Ғайнижамал Дулатованы Мәскеуден Қазақстанға шығарып салғаннан кейін:
«Шырақ Мадиярым!
Гая, Әлтай екі қонып, бүгін жүріп кетті. Шығарып салып жазып отырмын. М-ның күйеуі Алматыда. Өз етігің тар болса, ел бейбітінен не пайда. Осы мақал қаламға орала кетті. Иіскедім. Әли», – деп хабар береді.
Саяси жазалаудың алғашқы құйыннан құтылған Әлихан Бөкейханов 1937 жылы 27 қыркүйек күні КСРО жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен ату жазасына кесіліп, үкім орындалған. КСРО Бас прокурорының 1988 жылға сәуір айындағы шешімі бойынша іс қайта қаралып, іздеу салған зерттеуші С.Аққұлұлына:
«Ә.Бөкейхановқа: «кеңес өкіметіне қарсы күрес жүргізді», – деп тағылған айып ешқандай айғақпен дәлелденбеген, тергеу барысында бірде-бір куәгер сұраққа тартылмаған. Не тергеу барысында, сот үрдісіне ешқандай куәгер қатыспаған. Сондай-ақ: «Қазақстанда террорлық орталықтың бар екенін» бұлтартпай дәлелдейтін құжаттардың жоқ екені де анықталды. Осыған байланысты: КСРО Жоғарғы сотының 1937 жылғы 27 қыркүйектегі шешімі негізсіз, әділетсіз, – деп танылды. Ә.Бөкейхановты тұтқындау кезінде тәргіленген оның жеке қолжазбалары, хаттары және басқа да заттары жоғалып кеткен», – деп жауап қайырған.
Кеш, кеш те болса әділетті қалпына келтірген бұл шешімнің маңызы ерекше. Бір ұлт өзінің ұлттық көсемінің рухымен қайта табысты. Сол рухпен бірге тәуелсіздік те қайтып оралды.
Ең үлкен өкініш, прокурордың шешімінде көрсетілгеніндей, Қауіпсіздік комитетінің мұрағатында сақталған құнды қолжазбалар мен эпистолярлық мұралар, тыңшылардың құпия көрсетінділері, жалған тергеу хаттамалары 1956-1959 аралығында ішкі істер әскерінің күшімен құпия түрде вагонға тиеліп, қара май жасайтын заводтың пешіне өртеліп, смола күйінде асфальтқа төселіп кетті.
Бұл деректі бізге сол «операцияны» жүзеге асырған, шаң басқан қатпар-қатпар папкаларды архивтен бірінші Алматыдағы жүк составына тиеген, сондай-ақ басқа жақтан жөнелтілген «папкаларды» машинаға тиеп, асфальт заводына апаруға жетекшілік еткен, соның ішінен «Алашорда» қайраткерлерімен бірге өзінінің аға-бауырының «тергеу ісін» көрген құпия мекеменің офицері айтып беріп еді.
Қаншама құнды деректер «смолаға айналып» кеткенімен де, тергеу ісінің тігіндісінде ардагерлердің хаттары ішінара сақталып та қалыпты. Шаһит кеткен әруақтардың арман-мүддесінің, достық ықыласының, көңіл-хошының ыстық табы сақталған сол киелі аманатты ретіне қарай назарға ұсынуды мақұл көрдік.
Іске тігілген қолжазбалардың ішіндегі уақыт жағынан алғанда ерте жазылғаны – Көкшетау қаласындағы фельдшер Анфиса Буторинаның Ә. Бөкейхановқа «достық көмек сұрай» жолдаған хаты. Ол 7 томның 13-бетіне тіркелген. Фота сурет бар. «Өте құпия» деп белгі соғылған.
«28/ V-21 ж.
Құрметті Әлихан Бөкейханұлы жолдас!
Сіздің институтта бірге оқыған досыңыз Зосим Александрович Буторинді осы жылдың 14 сәуірі күні тұтқынға алды. Тұтқындалуының себебін нақты білмеймін, жеке адамдардан естуімше, өзара есеп айырысу екен. 20 сәуір күні неге екені белгісіз оны Ақмола қаласына алып кетті. Ол сонда, суық жерде, аштықта, кір басып, биттеп жалғыз отыр. Мен сізден көмек сұраймын. Маған көмектесе көріңіз. Сәуірдің 23-24 күні Омбыдан: оны Петропавлскідегі губерниялық атқару комитетіне қызметке шақырғаны туралы хабар келді. Бұл жердегі жер бөлімінің адамдары Омбыға телеграмма жіберіп, оның түрмеге қамалғандығын хабарлапты. Соған қарамастан Омбыдағы жер бөлімінің қызметкері 1-майдың қарсаңында маған келіп: «Оның түрмеде жатқандығын онда ешкім білмейді», – деді.
Мен қызметтемін. Барып мән-жайды білейін десем, жұмыстан босатпайды. Сондықта да сізге хабарласып отырмын. Мазаңызды алғаныма кешіріңіз. Губчека арқылы тұтқындалуының себебін анықтап, егер сотталған болса, онда Көкшетаудағы түрмеге ауыстыру туралы өтініш етсеңіз екен. Сонда аптасына екі рет тамақ пен киім апаруға мүмкіндігім болар еді. Ақмолада менің ешқандай туысым да, танысым да жоқ.
Қарт досыңызды аяңыз. Ол мүлдем жүдеп, қартайып, арықтап кетті. Мазаңызды алғаныма тағы да кешірім өтінемін.
Сізді сыйлаушы – Анфиса Буторина.
Менің адресім: Көкшетау қаласы, 2 Кеңес ауруханасы, фельдшер А.Д.Буторинаға. 1921 жыл».
Бұл кезде, Радус-Зенкович атап өткеніндей, Әлихан Бөкейханов Орынбор қаласында «Қазақ атқару комитетінің техникалық қызметкері» ретінде тіркеліп тұрған болатын. Ескі досын есіне алып әрі «қызмет бабын пайдаланып», ол әйелдің хатының соңына Әбдірахман атты кеңес қызметкеріне қарата:
«3 май, 21 жыл, Орынбор.
Бауырым Әбдірахман! Бұл Буторин менің жолдасым. Өзі жақсы кісі. Бұрын еш партияда болған жоқ. Жұмысқа жегілсе жақсы да атқара алады. Мұны шығарып алып жұмыс қылдыр.
10 шақырым туралы декретті Әйтиевтің атына «Бостандық туына» жібердім. Жер туралы декреттерді орындаңыздар. Мені босатса, КирЦИК-тің сессиясынан кейін Семейге барам. Жолда сендерге соғам. Ондағы бауырларға сәлем. Сүйдім Ғали-хан», – деп тілше хат жазады.
Оның бұл өтініші орындалды ма, жоқ па, сондай-ақ: «Бауырым Әбдірахман!», – деп отырғаны кім, ол жағы беймәлім. Бір кезде мұның өзіне техникалық хатшы болған, қызылжарлық Әбдірахман Байділдин болуы да әбден мүмкін.
Іске тіркелген екінші хат – Әлихан Бөкейхановтың Дінше Әділевке қайырған жауабы. Жазуы өте әдемі. Біресе Бұқара мен Қоқан басмашыларына қосылып, біресе Сарысудағы «Қара ноғайды» жазалап, біресе Шу қазақтарын Түркістаның құрамына өтуді үгіттеп, «әрі-бері сенделісте» жүрген Д. Әділев алдағы уақытта өзінің не істеуі керектігі туралы Ә. Бөкейхановтан кеңес сұрап хат жолдаса керек. Ә. Бөкейханов:
«Москва. Воздвиженка. П.Кисловскй, пер. 4., кв.15.
Бауырым Дінше!
Хатыңды алдым. Қуанып қалдым. “Шолпанға”, “Темірқазыққа” неге мақала жазбайсың? Сендей білімі бар (жастар) жазбаса, кім жазады? Не балаларға сабақ беріп, не журнал, газетке мақала жазып, Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ – өзге жол бізге бөгелді ғой.
Сүйдім – Ғали-хан» – деп емеуірін арқылы оған мәдени саланы нысана ет деген кеңес береді.
Бұл хаттың сыртына: «23/ҮІІ-23 жылы Рысбайдың ауылында алынған. Тапсырған Мырзағазы. Дінше Әділев”, – деп түсініктеме беріліп, қол қойылыпты. Демек, тілше жазу Д. Әділевті ұстаған кезде тәргіленген. Ал мұндағы көрсетілген Мызағазы деген адам – Әулие-Ата уезін аралауға шыққан сол кездегі Жетісу облысындағы жер телімі комиссиясының бастығы, «Алашорда» әскери Кеңесінің мүшесі болған Мырзағазы Есполов шығар деп жорамалдауға негіз бар.
Әрине, бір ұлттың көсемінің «сүйдім» – дегені кез-келген азаматқа үлкен құрмет әрі сенім. Ал оны Дінше ақтай алдым ма, жоқ па, оған біз төрелік айта алмаймыз. Бойына қуат-күші толған, кей кезде зейінін мінезі жеңіп кететін, қызба қанды, өз жанына өзі тыныштық бермей аласұрып өмір сүрген жігіттің өз тіршілігінің мағынасын іздеуі – оның ойсыз адам емес екендігін аңғартады. Алайда соғыс пен қызыл қырғынның ішінде сыр бермеген азаматты осы тергеу барысында кеңес түрмесі «тірі өлік» етіп шығарды. Әл-әзірше бұдан артық сөз айту асылық болар. Өйткені алда оларды шындықтың шырғалаңы күтіп тұрды. Ал бұл мүлдем басқа мәселе.
Осы тергеу ісіне Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың екеуара жазысқан хаттарының біразы тіркеліпті, олардың кейбіреуінің фотокөшірмесі не аудармасы ғана хатталыпты. Түпнұсқаның кейбір тұстарындағы мәтіндері анық танылмағандықтан да, орыс тіліндегі мәтінмен салыстыра отырып аударып беруге мәжбүр болдық. Ал Ахмет Байтұрсынов жазған хатты Әлихан Бөкейхановқа Әлімхан Ермеков табыстапты. Әңгіме екеуара мүдделес әдебиет пен ғылым саласында өрбіген.
«16 май. 25-жыл.
Бауырым Ахмет!
Әлімхан келіп, сонан естідім, сен ауырып оңалыпсың. Енді ауырма. «Жоқтауым» 21 болды (Ә.Бөкейханов құрастырған жинақ – Т.Ж.), оны мен қазақ секциясына бердім. Сеид-Ахмет жоқтауымды алып қалды. Өлеңі жақсы болғанымен, қайталамасы көп екен. Соны өңдеп барып, сонан соң баспасаң, қайталама жақсы өлеңді бұзып кететін. Сабындай бұзылған, жалдаптай ойнаған біздің Ц.И. (орталық баспа – Т.Ж.) сұлу әдебиет сөзін басатын көрінеді. Сеид-Ахметтің өлеңін өңде. Күзде басылып та қалар. Ц.И. бірінші октябрьге дейін оқу құралын ғана баспақ. Баспа күшінің бәрін осыған салмақ. Орынбор баса алмай отырған мектеп кітаптары болса, Мәскеуге жіберіп қараңдар. Басқанына ақы аласыңдар, жылдам басып береді.
Біздің Нәзір (Н.Төреқұлов – баспа меңгерушісі): Шәңгерейді, Шоқанды, Ыбырайды да (Алтынсары) кітап қылып шығарайық, – дейді. Мен: “Жарайды”, – дедім. Мен Шәңгерейді жазбақ болдым. Ыбырайды саған бермек болдық. Шоқанды Мадиярға берейік деп едім, “латын” ойына түсіп кетіп, тасырқап қалды. Мен: «Сен тақсыр баспа, өзің жаз», – дедім.
Мен майды бітіріп елге кетем. Шәңгерейді ауылдан жібермек болдым. Бәрі бір күзге шейін басылмайды. Сен де күзге жазып берем деп Ыбырайды ал. Шоқанды тағы да көрерміз. Абайды жазатын кім? Білесің бе? Тұрашқа жаздырсам, сыңаржақ болып, жүгі бір жаққа ауып кете ме деп қорғанып тұрмын.
Біздің Ц.И. мектепке деп дәптер шығармақ. Ол дәптердің оң бұрышында Абай, Шоқан, Ыбырай (Алтынсары), ақын Ахмет, Шәңгерейдің суреті болмақ. Маған сен өз суретіңді жібер. Мен оны Ц.И.-ге беріп кетейін.
«Жоқтауға» әлі ақы алғаным жоқ. Алғанда саған жіберем.
Мадияр жолдасқа айтшы, мен “Еңбекші қазақтың” егіз санын алам. Маған біреуі де болады. Екіншісін Қарқаралыда Бәжікейге жібер деп 3-4 рет жаздым. Мадияр дәл Еркесары (сияқты): баспалап істейді, дәнеме айтпайды. Газетін қосақтап Мәскеуге жібереді де отырады. Тағы да (ҮІІ том. 159-бет) Мадияр: газетті былай қылып елге тарат дегенде дым-ақ шешен. Өз газеті Мәскеуге 8 күнде келеді де, соңғы шыққаны (алдыңғысынан) озып жүреді. 31-майдан кейін маған Мәскеуге газетті жібермесін. Мен елге кетем. Сеид-Азымға беретін істер әлі де түзеліп біткен жоқ. Мен жүргенше бітпесе, секцияға тапсырып кетем. Ол да күзге дейін басылмайтын жазбалар болады ғой.
Елдесім (Омаров – Т.Ж.) жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналым жоқ болып, делдал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті.
Бір күні Шәңгерей маған: “Мен сені жақсы көрем! Білесің бе?”, – деді. Мен: “Жоқ”, – дедім. Шәңгерей: “Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем”, – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен.
Бәріңді құшақтадым – сүйдім.
Ғали-хан».
Ахмет Байтұрсыновтың осы хатқа қаратыла жазылған жауабының түпнұсқасы көзге түспеді. Тәржіма арқылы беріліп отыр.
«Қадірлі (құрметті) Әли!
Астананың Қызылордаға ауысу мәселесі түпкілікті шешілмегендіктен де, сенің көптеген хаттарыңа дер кезінде жауап бере алмадым. Енді, Қазақ институтының онда ауыспайтынына қарамастан, оқушылардың кетіп жатқанын көрген соң, мен де Қызылордаға көшуге бел байладым, сондықтан пәтер қарап іздестіре беру үшін әйелімді сонда жібердім. Биыл орталықтағы тәржіманың шығуына байланысты еліме баруға да мүмкіндік алдым. Қалғанына және көшудің қамына тамыз бен қыркүйекте кірісерміз деп ойлаймын. Егерде сенің профессорың Торғай мен Ырғыз уезіне баратын болса, онда менің де сонымен бірге жүріп кетуім керек шығар. Ән-күйлерді жиыстырып, фотографияға түсіру менің де көптеген ойымда жүрген іс еді. Егерде мен оны профессордан үйреніп алсам, маған да пайдалы болар еді.
Қазақ мемлекеттік баспасымен жасасқан шартым бойынша жаңа жазу үлгісіне орайластырып үш грамматика оқулығын және қырғыздардың әліппесін құрастырып: біріншісін – 15 маусымда, екіншісін – 1 шілдеде, үшіншісін 1 тамызда және төртіншісін 20 тамызда бітіріп беруім керек. Міне, осы уақытқа дейін басқа жұмыстарға мойын бұруға мұршам жоқ, содан кейін де, егерде Қазақ институтында дәріс басталатын болса, бос уақытқа тағы да ділгір болып қаламын. 20 тамызға дейін Ибрагимнің (Абайдың) өмірбаянын жазып бере алмаймын дегенім сол. 20 тамыздан кейін де уақыт бола ма – оны да айта алмаймын. Өзіңе өзімнің фотографқа түскен суретімді жіберемін, бірақ байқарсың, менің суретім сенің шығатын қатираңа кірмей қалып жүрмесін.
Достарыңызбен бөлісу: |