Тұрсын ЖҰртбай „Ұраным алаш!



бет20/42
Дата25.02.2016
өлшемі2.62 Mb.
#21342
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   42

«Қазір революциялық күресте шыңдалған таптық ұстаным тарихи шындыққа айналғанын көргенде, мен нақты саясаттан көрі романтикаға берілгенімді түсіндім. Революция ақ қолғаппен орнамайды, құрбандықсыз келмейді. Қазақтар үшін де бұдан өзге жол жоқ. Аса шиеленісті мәселелерді шешуде басқарушы ұйым мен үкімет орындарының дұрыс бағыт ұстанғандарын мынадай дерек растайды. Тәргілеу туралы шешімнің шығар алдында Семейден Қызылордаға келгенімде Ғаббасовтың теңселіп жүргенін көрдім (Оның қырда меншік малы бар болатын). Осыған байланысты ол ерекше белсенділік танытты. Мен оған: егерде сен бұл науқанда асыра сілтеушілікке жол беріледі деп есептесең, онда теңселе бермей, сен жоспарлау мекемесінің жауапты адамы ретінде үкіметке мәлімдеме тапсыр, – деп өзімнің көзқарасымды білдірдім. Бұл пікірді сондай күйде жүрген Қадірбаев Сейдазымға да айттым. Тәргілеу жөніндегі қаулы шыққаннан кейін мен даулы жағдайларға жаңа түсінігім тұрғысынан пікір білдірдім, аз уақытқа ауылға барғанымда да бұл мәселені түсінуге ықылас білдіргендерге (тәргілеуге іліккен туған ағайындарына – Т.Ж.) жоғарыдағыдай түсінік бердім», – деген жауабы растайды.

Құпия қызметкерлер «Алашорданың» қайраткерлері қоса жалпы қазақ қызметкерлерінің арасына жымсытып кіргізген кәнігі кәсіби тыңшылар мен салпаңқұлақтардың мағлұматына сүйеніп, жылына төрт рет жоғарыға «есеп» беріп» отырды. Құпия мекеменің ресми агенті Ф.Ивановтың:



«ГПУ-дің жүргізіп отырған кезек күттірмейтін төтенше істерінің басты жұмысы жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған деректер жинау болып табылады. Біз бұл тұрғыда әр түрлі тәсілдерді қолданамыз: казактардың ішіндегі қылмыскерлерді жалдаймыз немес жауапты қазақ қызметкерлерінің үстінен жалған көрсетінді жаздырып алу үшін барымташыларды тұтқындаймыз. Жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасылары мен орыс кулактарынан арнайы топ жасақтаймыз, сөйтіп өзімізге керекті деректерді аламыз», – деп жазғанындағыдай, Халел Ғаббасовқа да ежелден «бәйбіше-тоқал» драмасының басты кейіпкері, атақты рубасын аранға тартып, аңдытып қойды.

Тыңшылық әрекет қашан түрмеге қамалғанша бір сәтке де болса дамыл тапқан емес. Сондай қиын кезеңнің бірі 1922 жылғы ашаршылық тұсында Халел Ғаббасов туралы:



«Бұрынғы земство басқармасының меңгерушісі. Семей уезінің Шаған болысының қазағы, 36 (1922 ж.) жаста. Москва университетінің математика факультетін бітірген. Басында ұсақ қарыз, несие банкісінде инспектор, 1917 жылдан «Алашорда» үкіметінің мүшесі, «Сарыарқа» газетінің редакторы, содан кейін «Алашорда» үкіметі төрағасының орынбасары, кейінгі кезде Семей Жер басқармасының мүшесі. Өте ысылған, қунақы, ақылды және өте қауіпті қызметкер, диплома-саясаткер. Ғаббасов Шыңғыстауда өмір сүретін тобықты руынан. Тобықтылар екі жікке бөлінген. 1917-1920 жылдардың арасында тобықтыларда аса мықты екі жік болды, Ғаббасовтардың дұшпаны большевиктерді жақтады. Оның басында Шаған болысы, беделді, бірақ сауатсыз қазақ Мұсатай Молдабаев тұрды. Ол жалғыз өзі Ғаббасовпен, Бөкейхановпен күресті. Ғаббасовтың қитұрқы қулығының нәтижесінде бұлар қазір қыспақта… Дулатов жігерлі, алғыр. Ғаббасовқа қарағанда өте батыл қимылдайды. Ғаббасов, Бөкейханов үшеуі қазақ қызметкерлерінің ішіндегі ең бас көтерерлері, жоғарыдағы көрсетілген бағытта істелетін жұмыстардың барлығы да осы үшеуінің ақылымен істеледі», – деп мінездеме берді.

Шындығында Х.Ғаббасовтың тұтқындалуы жоғарыда аты аталған, өзінің туысы, тоқалдан тарайтын бұрынғы болыс, «кейінгі большевик Мұсатай Молдабаевтің» ұйымдастырған арызына байланысты еді. Х.Ғаббасов демалысқа келгенде туған жездесі, Мұсатай Молдабаевтың әкесі бір, шешесі басқа «қас жауы» Ике Әділевтің ауылына түседі. Тәргінің қарсаңындағы жанталас тұсында М.Молдабаев өзінің «шын большевик» екенін танытып, сол арқылы өзінде тәргіден құтылудың амалын қарастырып, қазақы «бәйбіше – тоқал» драмасының кеңестік нұсқасын «саяси сақнаға»шығарды. Сөйтіп, өзінің туған құда баласы – жеңгесінің бауыры Халел Ғаббасов: «Алашорданың» Шығыс бөлімінің үкімет мүшесі, оған қаржылай көмектескен, әскер жасақтап берген Д.Әділевке қару жинатып, кеңес өкіметіне қарсы астыртын қарулы көтеріліс ұйымдастырып жүр, содан кейін шекара асып кетуге үгіттеп жүр», – деп арыз жазып, оны тағы да сол ауылдың тумасы, губерниялық дәрежедегі большевик әрі құпия агент М.Тоқжігітовке арқылы ГПУ-дің өлкедегі өкілінің қолына тапсыртты. Сөйтіп, бір жағынан бауыры, екінші жағынан туған құда баласы Х.Ғаббасовты түрмеге қаматты. Ал М.Молдабаевтің негізгі дұшпаны, туған ағасы, «Алаш орда» үкіметінің бас демеушісі Ике Әділев болатын. Ал Ике Әділев Халел Ғаббасовтың туған әпкесіне үйленген. Әрине, «жауапты қазақ қызметкерлеріне қарсы арандату жұмыстарын жүргізу үшін беделді қазақ рубасыларынан» арнайы топ жасақтап, сөйтіп өзідеріне керекті деректерді алған» ОГПУ қызметкерлерінің қаншама заңсыздыққа барып, шындықты белінен басқанын көрсетеді

Бұл қазақы драманың түп тамыры туралы Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ» кешу атты мемуарында:

«Семей уезінде, Тобықты деген елде Мұсатай деген және Ике деген кісілер бар. Екеуі де ауқатты адам болса керек. Екеуі ағайын ішінде бәсеке, араз. Екеуі қазақтың белгілі партиягершілігімен бірін-бірі аяспай, елді екі жарып жұлқысады. Бірінің үстінен бірі арыз жаудырады. Бір-біріне пәле жабады. Қалаға шабысады. Ике жеңеді. Өйткені Семейде «Алашорда» бастықтарының бірі – Икенің туысқаны. Олай болған соң қазақша, «Алашорда» Икенікі болады. Сонан соң Мұсатай турашылықты Совдептен іздейді. Әрине, турашылықты Совдептен табады. Совдепті, большевиктерді қуаттап шығады. Бұл 1917 жылдың ақырында. Ал 1918 жылдың басында содан Совдеп құлап, «Алашорда» күшейіңкіреп шыға келген соң, Мұсатай қуғынға түседі. Мұсатайды «қазақтан большевик болған», «социалшыл» бола қалған, алдауыш бұзық деп «Алашорда» жазушылары газеттеріне жазады. Әрине, Мұсатай социализмді кайдан білсін! Есіткен де жоқ. Мұсатай Икеден таяқ жеген соң, Икені «Алашордалар» сүйеген соң, турашылықты Совдептен тапқан соң, большевиктерді, Совдепті қуаттамай қайтсін! «Мұсатай жауыз, ұсталсын!» – деп «Алашорданың үкіметі» жарлық шығарады. Жарлыққа Бөкейханұлы қол қояды. Мұсатайды ұстатып, абақтыға жаптырады. Міне, Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметінің» бітірген жұмыстары осындай болған. Осындай кылықтарынан Семейдегі «Алашорданың орталық үкіметін» және Земствосын жұрт «Тобықтының Алашордасы», «Тобықтының Земствосы» деген кездері де болған. Мұсатай мен Нұрғали Құлжанұлын абақтыға жатқызуға «Алашорданың» ішінен жалғыз-ақ Мұқаметжан Тынышбайұлы қарсы болған. Бірақ өзгелері оған болмаған.«Алашорда» бастықтарының ішінде татулықты сүйгіші, сезгіш жүрегі Мұқаметжан Тынышбайұлы болған. Семейде әскери-майдан соты құрылмақ болғанда (военно-полевой суд) Тынышбайұлы қарсы болып айтысып, қарысып отырып, майдан сотын жасатпаған», – деп жазды.

Міне, «қазақы большевиктің таптық негізі» осындай рулық күндестіктен туып еді.

Астыртын жіберілген тыңшылардың мәліметіне сүйенген Мемлекеттік саяси басқарманың төтенше өкілдері Х.Ғаббасовты Семей облысы Шыңғыстау ауданындағы Шаған ауылындағы туыстарына демалысқа қыдырып барған кезінде:

«Қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана сонда барды», – деген айыппен ұстаған.

Ол туралы ОГПУ-дің орынбасары Ольшанский 1928 жылы 28 қазан күні Қаз ССР-нің халық комиссарының орынбасарына:



«Семей уезіндегі байларды тәргілеу науқанына кедергі келтіріп, белсенді түрде қарсылық жасауға қатысқаны жүшін Мемлекеттік жоспарлау комитетінің коллегия мүшесі Халел Ғаббасовтың 1926 жылғы ҚК 58 бабының 13 тармағымен айыпталып, тұтқындалғанын хабарлаймыз», – деген қатынас жолдайды.

Мұсатайдың өзі де 1928 жылғы тәргілеу кезінде итжеккенге айдалып кетті.


2.

Жол үстінде тұтқындалған Халел Ахметжанұлы Ғаббасов Қызылорда қаласына әкелінді. 1928 жылы 10 қараша күні тергеуші Ольшанский Қылмысты істер кодексінің 58 бабының 13,17 тармақтары бойынша айып тағып, жауапқа тартқан. Сол ұйғарым бойынша ОГПУ-дің Қазақстан бойынша өкілдері Саенко мен Петровтан Ғаббасовты тұтқынға алу туралы келісім сұраған. 15 қараша күні ресми түрде түрмеге қамалды. Тұтқындау туралы ұйғарымында Халел Ғаббасовқа:«қарулы көтеріліс ұйымдастыру үшін қасақана ауылына барды», – дегеннен басқа айып тағылмаған. Ал Жоғарғы соттың анықтамасына жүгінсек:



«1927 жылы далада (?) қарулы көтеріліс ұйымдастырды деп тағылған айып та ешқандай дәлелсіз. Бұл да Әділевтың жалаң сөзіне құрылған даурықпасына ғана негізделген. Бұл мәселе жөнінде жауапқа тартылған Дулатов та, Байтұрсынов та, Есполов та, Ғаббасов та және басқалары да мойындамаған, олар қарулы көтеріліс ұйымдастыруды мақсат етпеген. Олар елдеріне өз өмірлерін сақтау үшін ғана кетпек болған, себебі: СССР мен Англияның арасындағы жағдайдың нашарлауына байланысты екі арада соғыс басталады, сондықтан да бұларды бұрынғы алашордашылар ретінде қуғындап, қысымға алады деп ойлаған».

Әр сөзі – аса маңызды тарихи оқиғалардың астарын ашып беретін Халел Ғаббасовтың тергеушіге берген жауаптарын рет санын сақтай отырып келтіреміз. Сондай-ақ 1926 және 1928 жылдары Х.Ғаббасовтың өз қолымен толтырылған екі анкетаны салыстыра пайдаланғанымызды ескерте кетеміз. Өйткені бұл адам туралы мағлұматты ел-жұрт толық біле бермейді.

«Анкета: 1. Мекеменің аты және атқаратын қызметі Мемлекеттік Жоспарлау мекемесінің финанс-экономика секциясының меңгерушісі. 2. Әкесінің, өзінің аты-жөні Халел Ғаббасов Ахмеджанұлы. 3. Жасы 40-та (1888 жылы туған). Ұлты қазақ. 5. Қандай елге, қай руға жатады руым тобықты. Бұрынғы шыққан тегі мен дәрежесі малшы семьясынан шыққан. 7. Мекен-жайы (өмірінің көбін өткізген жері) – Семей губерниясы. 8. Тұрағы (қазіргі) Қызылорда. 9. Семьялық жағдайы, өзінің қарамағына қарайтын семья мүшелері, еңбекке жарамдысы қанша, жарамсызы қанша әйелім, балаларым бар. (Екеу біреуі 12 жаста, екіншісі 2-де), 14 жасар інім бар. 10. Білім дәрежесі 1915 жылы Москва университетінің физика-математика факультетін бітірдім.11. Мамандығы 12. Қай тілде сөйлеп, жаза, оқи аласыз орыс және қазақ тілдерінде. 13. Февраль Революциясына дейін немен шұғылдандыңыз (Егер қызмет істесеңіз қайда және қандай қызметте болдыңыз) Революцияға дейін Семейдегі ұсақ кредит мекемелерінде істедім. Революциядан кейін 1918 жылдың қаңтарына дейін Губревкомның төрағасы, облыстық жер бөлімінің төрағасы, облыстық қазақ бөлімінің төрағасы міндетін атқардым. Қазір сауда және кооперация жүйесі бойынша Қазақ мемлекеттік жоспарлау комитетінің президиум мүшесімін. 14. Революцияға дейін меншігіңіздегі қозғалмайтын қандай байлығыңыз болды (оның қайда болғанын көрсетіңіз) – Қызметкер болдым. Қозғалмайтын байлығым (Бұл – арада үй, завод т. б. айтылып отыр Т.Ж.) болған жоқ. 15. Қазіргі дүние-мүліктеріңіз ақсақ тоқтым да жоқ.16. Партияға қатысыңыз және қай жылдан мүшесіз – мүше емеспін. 17. Басқа партияда мүше болдыңыз ба, қанша уақыт болдыңыз және одан шығу себебініз «Алаш» партиясын құруға қатыстым. 18. Қандай да бір кәсіптік одаққа мүше болдыңыз ба және қашаннан (Анық танылмады авт.) да мүше болдым, қазір де мүшемін.19. Империалистік соғысқа қатыстыңыз ба Жоқ. 20. Азамат соғысына қатыстыңыз ба Жоқ. 21. Сотталдыңыз ба Жоқ.. Тек 1919 жылы атаман Анненковтың азап вагонында екі күн қамаққа алындым. Не үшін екенін білмеймін. Мені большевик деп айыптады, бірақ мен большевик болған емеспін. 22. Адресіңіз Қызылорда, Советтер үйі, I. 23. Акт толтырылған күн 1926 жылдың 15 марты. Қолы.

Барлық тұтқындардың алғашқы жауабы өмірбаяндық шолу сипатында болған. Ал кейінгі тергеулер нақты бір мәселенің айналасына құрылған. Сұрақ-жауаптар үнемі қайталанып, тәптіштеліп отырғандықтан да қайталауға ұрынбас үшін тергеу барысын барынша қысқа әрі нақты, «айыпталушының» ой жүйесіне нұқсан келтірмей сығымдай мазұндап беруге тырысамыз. Сонымен, Х.Ғаббасовтың 1928 жылы 28 қазан күнгі бірінші көрсетіндісі екі бөлімнен тұрады:



Бірінші «жауап: Менің ата-анам мал шаруашылығымен айналысты. Семей губерниясының Шаған болысында олардың әуеліде дәулетті жеке шаруашылығы болды, кейіннен тәркіленіп, кедейге айналды. Арғы ата-тегім – татар, ұста болған. Осыдан 200 жыл бұрын Шаған болысына көшіп келген. Ғаббасовтарды тобықты руына қарайтын адамдар төлеңгіт есебінде кірме етіп алған. Төлеңгіт – бұл қоғамдық жік, сұлтандар мен төрелердің қызметшісі ретінде қалыптасқан. Менің ата-бабам сондай кірме дәрежесінде өмір сүрді. 1898 жылы Семей қаласындағы мектепке алындым. 1901 жылы гимназияның 1 сыныбына түсіп, оны 1909 жылы көктемде бітіріп шықтым. Ата-ана тарапынан қаржылай көмек алғамын жоқ, гимназия директорының ұсынуымен губернатор тағайындайтын қазақ балаларына берілетін стипендияны алып тұрдым. Гимназияны бітіргеннен кейін оқуды жалғастыруға қаражатым болмағандықтан да Семей уезінің Сейсен болысында оқытушылық еттім. 1912 жылы күзде Мәскеуге барып, алғашында Мәскеу университетінің заң факультетінде, содан кейін физика-математика факультетінде оқыдым. Ауысуымның себебі, заң факультетіне түскендіктен де жалпы заңгер атаулыға күдіктене қарайтын губернатор: революционерлердің ықпалында кетеді деген қауіппен мені стипендиядан айырды. Бұл негізсіз де емес еді. Сол жылдары Жақып Ақбаев революциялық қозғалыстарға белсене қатысып жүрген. Сонымен қатар Мәскеуде балаларды оқуға дайындаумен де шұғылдандым. Ауысқаннан кейін қазақ балаларына берілетін стипендияға ие болдым. Айтпақшы, 1914 жылы муровшылар мен толстойшылардың шеруіне қатысқаным үшін университеттен шығарылдым да, 1914 жылы күзде қайтадан түсіп, оны 1919 жылы бітірдім. Ақпан төңкерісіне дейін Семей қаласында кредит саласында істедім.

Содан кейін қазақ бөлімі мені Губерниялық қазақ комитетінің төрағасының орынбасары (төрағасы Р.Марсеков), кейін жер басқармасының бастығы етіп сайлады. Осы екі аралықта мен Орынбор қаласында өткен Жалпықазақ құрылтайына Семейден өкіл боп қатыстым, сол құрылтайда «Алаштың» кеңес мүшесі болып сайландым. Құрылтайда мен ұлт мәселесі жөніндегі және тағы бір комиссияның, атын ұмыттым (әскери кеңес – Т.Ж.) мүшесі болдым. Құрылтайда «Алашорда» үкіметін жариялаудың мерзімі туралы екіұдай пікір таласы орын алды. Х.Досмұхамедов дереу автономия жариялауды, діни мүфтият құруды талап етті. Мен үкіметті орыс шаруаларының саяси жағдайы анықталған соң жариялау туралы ұсынысты қолдадым. Семейден Ермеков және тағы бір адам (атын ұмыттым) болды».

Халел Ғаббасовты «тағы бір комиссияның, атын ұмыттым, мүшесі болдым», – деп отырғаны «Алаштың» ұлттық жасағы жөніндегі комиссия еді және оның Ережесін сол жазды. «Алашорданың» құрылымдық жобасын жасады. Жалпықазақтық І Құрылтайда сайланған әскери Кеңестің мүшесі ретінде – халық милициясын құру туралы баяндама жасады. Құрылтайда қатты қадағаланып, қарама-қайшы пікірлер айтылып, ұзақ талқыланған мәселе – автономия, милиция, кеңес өкіметі қақында болды. Онда: Орынбордағы қазақ әскерінің өкілі Меньшин автономияны қолдай отырып, анархиядан құтылу үшін «Алашорда» Оңтүстік Шығыс Одағына қосылсын деді, ал М. Шоқаев қазақ пен қырғыздың бір автономия құрап, Түркістан автономиясының құрамына кіруін ұсынды. Халел Ғаббасов өзінің баяндамасында:



«Октябрь айына дейін халықтың сеніміне ие боп, билеп келген Уақытша өкімет құлады. Россия мемлекеті үкіметтен айырылды. Белгілі үкіметке бағынбай әркім өзінше билік етсе, азамат соғысының тұтанып кетуі мүмкін. Анархия толқыны бүкіл мемлекетті, үлкен қалаларды да, кіші ауылды да жайлап барады. Ол қазақтар тұратын облыстарға да тарап, халықтың өмірі мен дүние-мүлкіне қауіп-қатер төндірді. Олар қорғансыз қалды. Тығырықтан шығудың жолы қазақ болыстары түгел мойындайтындай мықты үкімет құру керек. Екінші: мемлекет қазір өз басынан үлкен күйзелістерді кешіріп отыр: жаппай құлдырау мен анархия өріс алып, кісі өлімі көбейді. Бұл анархияның зардабы қазақ облыстарына тарау қаупі де төнді. Қалыптасқан төтенше жағдайға арпалысқан анархияға қазақ халқы енжар қарай алмайды. Бұл анархия қазақ облыстарында бұрқ ете қалса, ешқандай қорғанышы жоқ қазақ халқының мүлдем құрып кетуі мүмкін. Сондықтан да аласұрып, төніп келе жатқан анархиядан ел-жұртты аман сақтау үшін, халық жасағын құру керек», – деп ұсыныс жасады.

Х.Ғаббасовтың жобасы бойынша құрылта мынадай шешім қабылдады.



«Қаулы: Төмендегі ережелерге сәйкес шұғыл түрде халық жасағы (милиция) құрылсын:

I. Милиция қатарына жасы 20 мен 35-тің арасындағы, қызметке жарамды ер адамдар қабылданады. II. Милиция қатарына өзі ерік білдіргендер алынады, ал белгілі мөлшердегі санға ерік білдірушілердің саны жетпегсн жағдайда, онда кімнің қызмет етуі жеребе арқылы шешіледі. ІІІ. Өз еркімен немесе жеребе арқылы қызметке алынған милиционерлерге ұлттық фондының есебінен жалақы беріледі, ал жалақының көлемін жергілікті жағдайдың ерекшелігін ескере отырып жергілікті ұйымдардың өзі, не милиция мекемесінің меңгерушісі төлейді. IV. Әр облысқа белгіленген милиционерлердің санын облыстар уездерге, уездер болыстар мен ауылдарға бөледі. V. Облыстық мекемелердің уездерге белгіленген мөлшердегі милициялардың толықтай жиналуына уезд мекемелері жауапты. VI. Жеребе бойынша милиция қатарына алынған адам өзінің орнына 20-35 жастағы басқа біреуді жіберуге қақысы бар. VII. Егер де жеребе бір үйдегі бірнеше адамға қатар түскен жағдайда олардың біреуі ғана алынады. Жасақтардың семья және басқа да жағдайына байланысты жеңілдік жасауға жергілікті мекемелер міндетті. VIII. Алғашқы кезде әрбір ауылдағы қауымдар өздерінен алынған милиционерлерді атпен, ер-тұрманмен және киіммен қамтамасыз етуі тиіс. IX. Жасақтарға қажетті мылтық, оқ-дәрі мен қылыштар “Алашорданың” ұлттық қорының есебінен сатып алынып, жер-жерге бөлініп беріледі. X. Милиционерлерді жаттықтыру үшін офицерлер мен инструкторлар 100 милиционерге 1 офицерден, 50 милиционерге 1 инструктордан келетіндей мөлшерде қабылданады. XI. Офицер кадрларын даярлау үшін өзі тілек білдірген адамдар Орынбордағы казак-юнкер училищесіне орналастырылады. XII. Бөкей, Орал, Торғай, Ақмола, Семей және Жетісу облыстары бойынша жалпы милиционердің саны 13.500 болуы керек, ал облыстар бойынша былай бөлінді: Бөкей 1000, Орал 2000, Торғай 3.000, Ақмола 4.000, Семей 1.500 және Жетісу 2.000 адам»

„Алашорда” үкіметінің құрылуы отан тарихындағы назар аударарлық маңызды оқиға болғандықтан да, салыстыра тұжырым жасауға мүмкіндік беретін дәйектемелерді назарға ұсынамыз. Онсыз айғақтамадағы жайлардың астарын терең сезіну неғайбыл.

Х.Ғаббасов (жалғасы): «Шамамен 1918 жылдың ақпанының соңында, наурыздың басында Семейде партияда жоқ жұмысшы-шаруа кеңесі құрылып, мен тең төрағалыққа сайландым. Тағы бір қазақ сайланды, оның атын ұмыттым. 1918 жылдан бастап барлық ұлттық бөлімшелер жойылды, соның ішінде қазақтарға ерекше қысым көрсетілді. Бөкейхановқа Семейге келу қауіпті еді, ол Орынбор маңында жасырынып жүрген болатын. Бұл жөнінде орталық үкіметке шағым түсірдік. Мәскеумен, Сталин жолдаспен тікелей байланысқа шығып, қазақ автономиясын құру туралы сөйлестік. Онда мен жергілікті совдептердің қысымын айта отырып, кеңес өкіметі жариялаған ұлттардың өзін-өзі анықтау және басқару туралы үндеуін тездетіп жүзеге асыруды талап еттім. Ол пікірімді мен 14 баптан тұратын, негізінен қазақ мекемелерін қалпына келтіру, кеңестің құрамындағы автономия құру, қазақ қайраткерлерін түрмеден шығару туралы болды. Сталин жолдас бұл ұсынысты қолдады. Ол: автономия жариялау үшін шұғыл түрде құрылтай шақыруды ұсынды. Орынбордағы Бүкілқазақ құрылтайы кеңес өкіметінің ұлт саясатына сай келетіні, облыстық кеңеске ұлт еркіндігі мен автономия құруға дайындық жасау, тұтқындағыларды босату туралы пәрмен беретінін айтты. Қалған мәселелерді Мәскеуде жүрген Халел Досмұхамедовке тапсыруды ұсынды. Осы байланыстан кейін Бөкейханов, Омаров, Марсеков, Ермеков, Сәрсенов Биахмет, мен – Ғаббасов және Байтұрсынов пен Дулатов қатысқан «Алашорда» мәжілісінде Сталинге: кеңес өкіметін сөзсіз мойындайтынымыз, орталықтағы біздің мүддемізді Х.Досмұхамедов қорғайтыны туралы мәлімдеме жолдадық. Мен Сталинмен сөйлескеннен кейін облыстық кеңестің төрағасы Шугаев тура байланысқа шақырылды. Олардың не деп сөйлескенін білмеймін. Бұдан кейін облыстық кеңес бізге деген көзқарасын өзгертіп, тұтқындағылардың біразын босатты. Алайда құрылтайды шақыру ісін қолға алмады. Екі арадағы қатынасымыз тағы да бұзыла бастады. Қазақ қызметкерлеріне тағы да қысым көрсетіле бастады. Автономия мәселесін түбегейлі шешу үшін Семей облысы қазақтарының құрылтайын шақыру үшін рұқсат алуға мәжбүр болдық. Өкілдерді әр болысқа барып жүріп, жергілікті жерден тікелей сайладық. Құрылтай мамыр айының басында шақырылды. Автономия мәселесі және кеңес өкіметінің бұл туралы саясаты бірауыздан мақұлданды. Сонымен қатар қатаң талаптар да қойылды. Менің кеңес өкіметі туралы көзқарсым осылай қалыптасты және Сталинмен арадағы тікелей байланысымның мазмұны осындай».

«Алашорда» үкіметі мен кеңес өкіметі арасындағы «сымсыз байланысқа» шығып, қазақтың тәуелсіздікке бет алған жолының сүйінші хабарын алғаш елге жариялаған адам осы Халел Ғаббасов. Баспасөзде жарияланып, ғылыми айналымға түскен бұл құжатты біз де пайдалануды жөн санадық. Өйткені барлық тәуелсіздік пен тағдыр тауқыметі осы құжаттан басталады:



«1918 ж. 19 мартта совет үкіметінің мүшесі, ұлт жұмыстарын басқарушы комиссар Сталин Мәскеуден Семейдегі «Алашордасының» бастығы Әлихан Бөкейханов һам оның жолдасы Халел Ғаббасовты ауызша сөйлесетін төте телеграфқа шақырды. Ертеңінде 20-мартта комиссар Сталин мен Халел сөйлесті. Сталин «Алаш» автономиясы туралы сөйлеспекші екен. Екі жағы өз пікірлерін айтысып, ақырында совет үкіметінің атынан халық комиссары Сталин мынаны айтты (Сталин сөзін өзгертпестен түсгелімен тәржіма қыламыз):

Русиядағы халықтардың құқықтары туралы Халық комиссарлары шығарған белгілі ережесі бұл күнге шейін ұлт мәселелесі тақырыпты совет үкіметінің негізгі қызмет жобасы болып келеді. Үшінші советтер съезі осы ережені жайғастыруға қаулы қылды. Өзіңіз бізге тапсырып отырған жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы түгелімен жоғары жобаға муафық келеді. Бірақ жалғыз-ақ шарт қоямыз: егер сіздің съезіңіздің қаулысы өкілдеріңіздің совет үкіметін тануға халаф болмаса болғаны. Үшінші советтер съезі советский федерация низамын жасап һам бұл мизам ІҮ советтер съезінің бекітуіне салынсын деп қаулы қылынды. Бұған қарағанда енді сөзді қойып, іске кірісу керек, яғни, әрбір тұрмысы, салты басқа халықтар жергілікті советтермен қосылып, автономия, федерация алу құқы, басы байлы бөлініп кету секілді ұлт ниеттерін жарыққа шығаруға съезд шақыратын комиссия құруға тырысу керек. Біз ойлаймыз, жалпы қазақ-қырғыздың өкілдері тез қамданып, ыңғайлы уақытты өткізбей, жергілікті советтермен бірігіп, әлгідей комиссияны құрар. Сізден өтінеміз, біздің жауабымызды «Алашорданың» кеңесіне салып, жауап қайтарсаңыздар екен. Адрес: Мәскеу, Кремль, Халық комиссарларының бастығы Ленинге һам Халық комиссары Сталинге».

Міне, «Алашорда» мен кеңес үкіметінің арасындағы алғашқы және басты келісім құжаты осы. Бұл – қазақ мемлекеттігін құруға мүмкіндік берген ресми құжат. Яғни, Әбілқайырдың бодандыққа кіру туралы Анна Иоановнаға берген, тек қана ақ параққа қолы қойылған қағаздың құнын да, күшін де жоятын ұлы құжат.



Бұл оқиғаға куәгер болған Смахан Бөкейханұлы: «1919-жылдың басында қызылдар келді. «Алаш» әскерінің бастығы, найман Қази деген жігітті март айында атты. Апрельдің басында қызылдар қашты. Марттың 24 күні Сталин Әлекеңді «прямой проводқа» шақырды. Біз Мәскеуді алдық. – Қазақ автономиясы қайырлы болсын, өзің кімсің? – деді Сталин). Сонда қазақтар үлкен Семейде Жұмеке Оразалин дегеннің үйіне жиналып кеңесті. Әлекең айтты: Қару-жарақсыз нашар елміз ғой. Сталинге: сенімен біргеміз дейік – деді. Халел Ғаббасұлы, Райымжан Марсекұлы, Ахметжан Қозыбағарұлы, Биахмет Сәрсенұлы: «– Атамандар көп, Дутов, Семенов, Корнилов, атаман Анненков бар, бұлар қызылдарды қуады. Сталиннің керегі жоқ,» – деп көнбеді. Әлекең үндемеді. Мұхамеджан Тынышбайұлы, Әлімхан Ермекұлы екі жаққа да қосылмай қалды. Имамбек Тарабайұлы о да үндемей қалды. Шәкәрім Құнанбайұлы: Оқығандар өздерің біліңдер, – деді», – деп жазыпты күнделігіне.

Ал большевик қазақтардың ойына автономия кіріп те шықпаған, тіпті, оған қарсы болып жанталасып жүрген шағы.

Х.Ғаббасов: «Құрылтай кезінде бір тосын жағдай болды. Құрылтай өтіп жатқан жерге Қазақ комитетінің бұрынғы мүшесі Құлжанов келіп, оған сөз беруді талап етті. Құрылтай төрағасы Поштаев оған рұхсат бермеген соң, Құлжанов сыртқа шығып кетті де бір топ қызыл армия солдаттарын ертіп келіп, егерде өзіне сөз бермесе құрылтайды күшпен тас-талқан етіп таратып жіберетіндігін мәлімдеді. Бәрібір құрылтай Құлжановтың талабын орындаудан бас тартты, тиісті қаулы шығарып, жұмысын аяқтады. Бұдан кейін құрылтай жетекшілерінің тұтқындалғаны туралы хабар естілісімен, біразымыз бас сауғалауға мәжбүр болдық. Мен, Сәрсенов, Ермеков, Қозыбағаров, Марсеков және басқаларымыз Шыңғыстауға барып жасырындық. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов, Омаров тағы басқа да 20-30 адам бұл кезде сонда болатын. 1918 жылдың көкек не наурыз айында Тоқтамысов Омбы қаласынан Семейге келді. Ол Семей қаласындағы кеңес өкіметіне қарсы астыртын жұмыс жасап жатқан 2 топтың бар екенін, олардың арасында өзара байланыс жоқ екенін, олардың біреуі – қаражүзділер, екіншісі социалистер екенін айтты. Ол Қазақ комитетімен байланыс жасады. Облыстық кеңеспен біздің ара қатынасымыз шиеленіскеннен соң Тоқтамысов арқылы ұлттық автономияны мойындайтын астыртын ұйымның біреуімен байланыс орнаттық. Тоқтамысов ешқандай ұйымның мүшесі емес болатын. Сондықтан да біз әскери кеңес құрдық, Кеңестің төрағалығына – Марсеков, мүшелігіне Сәрсенов пен Әлімбеков сайланды. Әлімбеков бұл кезде Облсовдептің әскери бөлімінің мүшесі еді. Жасырынып жүрген кезімізде ұйыммен еш байланысымыз болған жоқ. Сондықтан да қалада қалып, ашық жүрген Әлімбековтің не істегенінен хабарым болған жоқ. Семейге оралған соң ғана қалада атаман Сидоров бастатқан казактардың билігі орнағанын білдік. Қаражүзділермен қызмет істесуден бас тартып, өзара келісім жүргізіп, біздегі қарудың күшімен өкіметті қолға алу үшін социалистік бағыттағы жасырын топтың қайда екендігі туралы Тоқтамысовтан сұрастырдық. Облыстық Жер басқармасы қайтадан құрылды, Марсеков төрағалыққа, мен орынбасарлыққа сайландым. Бұдан арғы біздің жұмысымыз мынаған бағытталды: қазақтың халық (билер) сотының жұмысын жандандыру, шет елге кетіп жатқан босқындарға тосқауыл жасау, переселендердің үстемдігін жою. Шілде-қазан айларында Бөкейханов, Ермеков және Сәрсенов Сібір үкіметімен, содан кейін автономияны қолдайтын болғандықтан да Самарадағы Құрылтайшылар мәжілісімен келісім жүргізуге аттанды. Соңғысымен Алашорда үкіметін мойындау, жер, Ақмола, Семей губернияларын қазақ республикасының құрамына беру мәселесін қолдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткізді».

Мұндағы айтылған әр сөз бен көрсетілген айғақтардың астарында кесек-кесек оқиғалар жатқан болатын. Халел Ғаббасовтың берген әр жауабынан осы уақытқа дейін тарихшылар таба алмай, не түсіндіре алмай, не түсінбей жүрген жайлардың аңысы аңғарылады. Мысалы, 1918 жылғы автономия туралы Сталинмен телеграф арқылы тікелей байланыс тұсындағы тарихи оқиғаның мән-жайы, себеп-салдары, психологиялық шиеленістер өзінің толық бағасын алған жоқ. Егерде тура сол кезде Сталиннен бұйрық алынбағанда, онда Бөкейханов бастатқан ұлт көсемдерінің біразының құрбандыққа ұшырауы әбден мүмкін болатын.

21 наурыз күні «Алашорда» үкіметі 11 баптан тұратын келімшартты Кремльге жіберді. Олар:



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   16   17   18   19   20   21   22   23   ...   42




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет