Шындап келгенде, тергеу орындары 1921 жылы контрреволюциялық астыртын ұйымның құрылған-құрылмағанына ықылас қойып, бас ауыртып жатпады. Тіпті партиялық құжаттарды да тергеу ісіне тікті .Тек тағылатын айыптың неғұрлым көп болуына тырысты. Әйтпесе, коммунистік этика бойынша партияның тарихына қатысты ешқандай құжат ешқашанда құқық орындарының хаттамаларына тіркелмеуге тиісті болатын. Мысалы, А.Байтұрсыновтың үйінде сақталған ІІІ коминтернде қаралатын ұлттық мәселелердің, соның ішінде әлі де қаулысы шықпаған Қазақ автономисы мәселесінің дұрыс шешілуі үшін Төреқұловтың, Сафаровтың, Жандосовтың, Қожановтың, Асфандияровтың, Авдеевтің, Саматовтың, Алмановтың, Кировтың, Сәдуақасовтың, Бөкейханов Ғабдолдың, Досовтың, Омаровтың және Байтұрсыновтың қолы қойылған «Қазақстанның партия-кеңес басшыларының ұлт мәселесі жөніндегі тезистері» де тәргіленіп, түсінік талап етті. Онда:
«1. Кеңестік құрылысты орнатудағы партия-кеңес жұмыстарының негізі - кеңестік ұлттық автономияларды құру ісін тұрақты түрде жоспармен жүзеге асыруда жатыр. 2. Ұлттық теңдікті сақтау үшін ұлттық мамандар – ұйымдастырушы, инженер, мұғалім, телеграфистер, әріп терушілер, жұмысшылар, мамандар дайындау қажет. Әйтпесе, завод-фабрикплпрдың жұмысшыларының өзі ұлттық қанаушы тапқа айналып, езілген ұлттың ұлт азаттық қозғалысына ұласып кетуі мүмкін. 3. Мәдениет майданын жандандыру керек. 4. Соны жүзеге асыруда ұлттық сенімді ояту керек», – деген талап қойылған
Осы құжатқа орай тергеушіге А.Байтұрсынов (Д.Досжанның жарияланымы бойынша):
«Мен, Байтұрсынов төмендегі жайтты мәлімдеймін. Өзімді қамауға алғанда үйімді тінту кезінде табылған, 20- немесе 21- жылдары Түркістан Орталық Атқару комитетінің қызметкерлері жазған, қазақ оқығандары Сауақасов, Бөкейханов Ғабдолла, Досов, Омаров қол қойған ұлт мәселесі жөніндегі тезистер туралы сұрап тұрсыз. Олардың мазмұны дәл қазір жадымда жоқ. Оның тікелей кімге жазылғанын білмеймін, Ташкенттен Москваға кетіп бара жатқан Сафаров пен Төреқұлов танысып шығып, пікір білдіруге маған берген болуы мүмкін. Орынборда өткен бүкілқазақ мәжілісінде және Совнаркомның кеңесінде Төреқұлов пен Сафаров тезистерді түсіндіріп бергені есімде. Жиналыста бұл тезиске пәлендей бір түзетулер жасалды ма, жоқ па, ол жағы есімде жоқ. ВКП(б) Орталық Комитетіне кімдер алып барды, жоғары жаққа жеткізілді ме, жоқ па, ол жағын білмеймін. Жоғарыда аты аталған қазақ қызметкерлері қол қойған тезисті тарихи құжат ретінде сақтап жүрдім. Есімде қалғаны, сол тезисті талқылауға тек қана коммунистер қатынасты. Тезисте Совет өкіметіне, оның төңкерісшіл саясатына қайшы келетін ешқандай пікір айтылған емес», – деп мәлімдеме жасады.
Кезінде кеңес одағы бойынша Лениннің толық шығармалар жинағына енгізілмеген, яғни, компартияның өзінен де құпия сақталып келген мақалалары туралы үлкен пікір таласы өткен еді. Қайта құру идесы да «ұлттардың өзін өзі билеу еркі» туралы қозғалыс та сол сексенінші жылдары басталып еді. А.Байтұрсынов пен З.Валидовке, Т.Рысқұловқа қатысты жоғарыдағы тергеу ісіндегі құжатқа партиялық тұрғыдан:
«Ұлт және отарлау мәселесі жөніндегі комиссия өткізген Коминтерннің ІІ конгресіне дайындалған Тезистің алғашқы нұсқасы 1920 жылы 5 маусым күні «Башқұрт және Татар республикасы, Қазақстан, Түркістан, оның тәжірибелері» деген ескертелер мен сол кезде Москвада жүрген А.Байтұсыновқа (Қазақ өлкелік ревкомының төрағасының орынбасары), Түркістан атқару комитетінің төрағасы Т.Рысқұловқа, Башқұрт ревкомының төрағасы З.Валидовке жолданады. Осы ескертпелерге Бұқар республикасының атынан Файзулла Хожаев та қол қояды. Жолданған материалдарды Ленин ішінара пайдаланған. Коминтерн индиялық Мабендранат Ройдың да жобасын қабылдайды. Сол жылы 25 шілдеде Ленин: «Пролетарият табы мүлдем жоқ Түркістан, тағы да басқа артта қалған елдерде коммунистер билікті өз қолына алуы тиіс, бұқара қауымның тәуелсіз саяси ойлау қабілетін ояту, кеңестік мемлекет құрылымын насихаттау, экономикалық тұрғыдан көмектесу, отаршылық қанаудан азат ету қажет», сөйледі», – деп «Түсініктеме» берілді.
Сол жолғы кездесуде Лениннің Валидовке:
«Орталық алдағы уақытта да бұрынғы отар елдердегі орыч пролетариятына сүйенетін болады, ал сіздер «басшылыққа» қандай дәрежеде ымыраластық көрсетесіздер, немесе қандай сенім көрсетесіздер, сондай деңгейде ғана сенімге ие боласыздар. Ресей жерінде социализм толық орнаған соң да бұл сенімсіздік сақталып қалатын болады. Тіпті, социализм бүкіл әлемде жеңіске жетсе де Шығыстағы отар елдерге еуропалық пролетарияттың – ағылшындардың, француздардың, бельгиялықтардың басшылығы жойылмайды», – деген үзілді-кесілді айтылған бұл пікірі бодан ұлттардың намысына тиді.
Оның басты себебі – 1919 жылдың соңынан бастап Түркістанда ұлттардың өзін өзі билеу құқы жөнінде үлкен пікір таласы өрбіген болатын. Т.Рысқұлов: Түрік халықтары республикасы мен Түркі компартиясын құруды ұсынды. «Түрккомиссияның» мүшелері оған қарсы шықты. Коминтерннің конгресіндегі Лениннің сөзі мұның бәрі бос қиял екенін көрсетті.
Кеңес бостандығы дегеніміз – коммунистік колонизаторлық екенін жоғарыда аттары аталған түркі жұртының саяси көсемдері түгелдей түсінді. З.Валидов астыртын күресті таңдады, А.Байтұрсынов ұлтының санасын оятуды мақсат етті. Т.Рысқұлов пен Ф.Хожаев сол жолы саяси сақнадан уақытша ысырылды. Қазақ өлкесінің әскери-революциялық комитетінің мүшесі А.Байтұрсыновтың орынына РКП(б) қазақ облыстық бюросының мүшелігіне С.Меңдешев тағайындалды. Ол келе сала:
«2. Қандай да бір қарсы күресуге қабілетті саяси ағымды ұстанатын қазақ зиялылары жоқ, болған да емес. Кездейсоқ пайда болып, негізсіз құрылған «Алашорданың» әні айтылып бітті», – деген өзінің алғашқы «саяси үкімін» шығарды.
Іле-шала Ахмет Байтұрсыновты кеңес өкіметінің ең басты әрі қасиетті құралы – партиялық билеттен айырды. Өзін себепсізден себепсіз және бұған хабарламай үнсіз шығарылғанын басыну деп санаған А.Байтұрсынов партия ұйымына шағым жазды. Онда:
Қырғыз-қазақ (бұдан кейін қазақ деп түзетілді - Т.Ж) халық, ағарту комиссариатының коммунистік ұясының хатшысы партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияның қаулысы бойынша менің партиядан шығарылғанымды мәлімдеді. Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиналыстарына қатыспағандығым, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемегендігім және үшіншіден, менің, Алашорда ұйымына қатысқандығым сылтау болса керек.
Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсынан болсын мен бас тартпаймын.
Қазақстандағы кеңес өкіметі өмірінің үш жылы ішінде РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та ешқандай алға жылжушылық болмады. Неге осылай болды? Жұмысқа кедергі жасаған не? Бұл сауалды ешкім де өзіне қоймады және ешкім де бұл туралы байыппен ой жүгіртіп көрген емес.
Жаңа шындықты түсіну үшін секунд де жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық етеді. Жеке адамның немесе қоғам тіршілігі қағидаларының орташа дәрежесіне азды-көпті сай келетін ақиқаттар мен идеялар ғана біршама жеңіл қабылданып, меңгеріліп кете алады. Көптеген утопистердің экономикалық жоспарларының іске асыру үстінде сәтсіздікке ұшырауы — олардың мән-мағынасының жоқтығьнан емес, өз заманының жағдайына сәйкес келмегендігінен жүзеге аспай қалды, өйткені адамдар санасында айтарлықтай даярлығы бар негіз таба алмауының салдары болды.
Қашан да болса теория жедел түрде алға басады да, практика болса баяу жылжиды, өмір жалқаулана сүйретіліп, үнемі артта қалады да, алысқа ұзап озып кеткен ғылым сәулесін әрең сезінеді. Адам еркіне үзақ уақыт бойы әсер еткен сезімдер оның жанына өте терең еніп, дағдыға, салтқа айланады да, содан соң оның іргетасын қиратып, тірегін шайқаса да өзінің орнын қорғай береді.
Біздің алдымызда білім жағынан артта қалған, сезім тұрғысынан қарағанда өзінің әдет-ғұрпына берік батқан, сонымен бірге жедел түрде даму қажеттігін сезінген әр кезеңде прогресс дөңгелегіне жармасатын қазақ халқы түр. Бұл халықта әдеби кітаптар ғана емес, өзінің ана тіліндегі оқулықтары да жоқ, яғни қандай болса да мәдени-ағарту жұмысын бастауға негіз боларлық басты құралдын өзі жоқ..
Негізінде қазақтар арасында саяси-ағартушылық, үгіт-насихаттық, партиялық және әр түрлі басқа да жұмыстарды жүргізу қажеттілігі мойындалып, бұл үшін бір қатар ұйымдар мен мекемелер құрылған болатын. Аталған жұмыстар қазақтар арасында жүргізіліп отыр ма? — Жоқ. Қазақтар ортасындағы жұмыстың ең қарапайым түрі — кітапханалар мен оқу үйлерін ашудың өзі мүмкін болмай отыр. Қазақ тілінде әдеби кітаптарды шығармай тұрып, қазақтарға кітапханалар мен оқу үйлерін ашамыз деудің өзі күлкілі жайт болып табылады.
Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ». Халық бұқарасының саналылық жағынан алғанда мешеулігі, ал сезімі жағынан түрлі тереңірек өзгерістерге деген бейімсіздігі көпке белгілі шындық. Коммунизм идеясы қырғыздарға тез арада қонбайды. Біз оны «атты әскер шабуылымен» еңгізе алмаймыз, біз оны ұзаққа созылатын қатаң жүйелі ісіміз арқылы орнықтыра аламыз. Ал бұл үшін ешқандай қолайлы алғы-шарттары болмаса да, шапшаң түрде табысқа жетеміз деп сенетін жолдастар қатты қателеседі. Қазақ өлкесінің кең байтақтығы, тұрғын халықтың шашыранды орналасуы себепті, темір жолдардың жоқтығы және басқа қатынас құралдары мен байланыстың қиыншылықтары, қазақтар арасында қандай да болмасын жұмысты тез қарқынмен жүргіземін деп, әсіресе үгіт-насихат және мәдени-ағарту жұмыстарын жүргіземін деп армандаудың артық екендігін көрсетеді.
Аталған салалар бойынша жұмыс жоспары ұзақ мерзімге арналып жасалынып, айқын жетістіктерге жететіндей болуы керек. Біз қазақтар ортасында коммунизм идеясын тарату жұмысын қазақ халқына қызмет етуге арнайы даярланған үгітшілер мен насихатшыларды Қазақстанға толтыру арқылы, не болмағанда қазақ тілінде әдебиетгі мол етіп шығару арқылы, ал дұрысында, осы екі тәсілдің екеуімен де жолға қоя аламыз. Бірақ мұның алғашқысы немесе соңғысы болсын, ең басты негіз - қазақ тілінде оқулықтар жасалмайынша бос қиял болып қала береді.
Қандай болмасын тілде дұрыс оқып, жазу үшін алдымен осы тілдің ережелерін білу қажет, ал тілдің ережелері осы тілдің өзінен, оның қасиеттері мен зандылықтарынан келіп шығады. Қазақ тілі жеткілікті түрде танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тән ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін тұжырымдауға тура келеді. Ереженің әрқайсысы оның дүрыстығын растайтын халықтың ауыз әдебиетінен алынған көптеген үлгі-нұсқаларын зерделеп түйіндеуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді.
Мен қазақтар арасында жүргізілетін мәдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім деп санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеткілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім. Өтінішімнің 3,4 және 5-баптарында мен неліктен партияға кіретінімді айқын жазған едім. Партияның программасын ешқандай жеңіл ойсыз және өзімді өзім алдаусыратпастан саналы түрде қабылдай отырып, мен өзімнің пікірімді айтуға хұқым бар деп есептеймін, қазақтар арасындағы жұмыстардың бағыттары мен әдіс-тәсілдері жайында өзіндік ой-пайымдауларымды білдіруге еркінмін деп санаймын.
Халық ағарту комиссары бола отырып, КЦИК Төралқасының мүшесі әрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналысуды, немесе, шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мәжбүр ететін жағдайға тап болдым. Мен мұнын алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы енбекке икемдірек және пайдалырақпын деп ойлаймын, бұл саладағы менің қызметім партиялық жиналыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрым нәтижелірек болатындығына еш шүбем жоқ.
Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) яки партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым туралы айыпталуымның мән-мағынасы болар еді. Дәл осы сияқты жарнаны уақытысында төлемеуім жөнінде кінәлануда да баспа станогы РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мезгілі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды.
Менің Алашорда ұйымына қатысуым туралы айыпталуыма келсек, бұл жөнінде мені партияға алған партия ұйымы жақсы білді. Менің өтінішімді және партияға кіргенімді хабарлап, өлкелік басылымда жария еткен де солар еді. Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін және де осы ұйымнын ішінен кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес өкіметі жағына шығуға мәжбүр етілдім дейтіндер жаңылысады. Бұған аса қажеттілік ол кезде болған жоқ, өйткені мен кеңес өкіметі жағына 1919 жылдың басында, Колчак әскері Самара маңында тұрғанда өткенмін.
Осы айтқанды ескере келе, менің іс-қимылдарымның маңызы кемдеу жағын көріп, жұмысымның маңыздырақ тұстарын көрмеген партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияға мүше жолдастардың бұл іске қатынасында жеткілікті дәрежеде байыптылық таныта алмаған деп түйемін. Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін әрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғам жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттандырарлық негізі жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін. 1921ж. 15 қарашасы. Орынбор қаласы», – деген пікір білдірген.
Бұл қалайда партияда қалдыру туралы өтініш емес, себебі:
біріншіден, партия жиналыстарына қатыспаған, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемеген және үшіншіден, «Алашорда» ұйымына қатысқан».
Ал бұл үшеуінен артық партиялық күнә болмайтын. Ең бастысы, Ахмет Байтұрсыновтың «Алашордаға» қатысты өмiрбаяны болатын. ОГПУ-дiң де, Голощекиннiң де көздеген түпкi нысанасы және барынша әшекерелеуге тырысқан қылмысы осы.
Ал, шынтуайтына көшкенде, алашордашылардың өкiмет тарапынан алған, кешiрiмiн бұлар «кешiргiсi» келмедi, жазықсыз құтылғандарын әдiлетсiз шешiм деп бағалап, қалайда сот арқылы үкiм шығаруға ұмтылды. Әрине, олар жазаның ең ауыр түрiне кесiлуге тиiстi сияқты көрiндi.
Достарыңызбен бөлісу: |