Проблеманың пысықталып, зерттелу деңгейі. Мемлекеттік басқарудың теориялық негіздері шетел ғалымдарының, атап айтқанда, Р.Коуз, Н.Луман, Д.Норт, Т.Парсонс, Р.Дарендорф, М. Домбровскидің және т.б. еңбектерінде зерттелген.
Мемлекеттік басқару функциялары мен мемлекеттік қызметтер көрсету функцияларының арақатынасы бойынша проблемалық мәселелері таяудағы шетел ғалымдарының еңбектерінде, атап айтқанда, Н. Антонова, И. Зулькарнай, Е. Морозова, Е. Александрович, Л. Терещенко, Ю. Тихомирова, А. Шаститко, Н. Путилоның және т.б. еңбектерінде орын алған.
Әкімшілік реформаларды дамыту, мемлекеттік қызметтер көрсетудің орны мен рөлі туралы мәселелер Ю. Швецов, О. Булеш, Д. Повный, И. Василенко, В. Лобанова сияқты зерттеушілердің және тағы басқаларының еңбектерінде көтерілген.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесінің кейбір теориялық аспектілерін дамытуға, мемлекеттік органдар қызметі тиімділігінің әдістемелік мәселелерін зерттеуге С.Ғ. Қапаров, А.Б. Майдырова, А.А. Орсариев, З. Тұрыспеков, А.А. Тастанова Б.К. Есекина, С.Б. Ахметжанов, М. Кенжегузин және т.б. үлкен үлес қосты.
Сонымен бірге, таяу шетелдік және отандық ғалымдардың еңбектерінде мемлекеттік қызметтер көрсету тиімділігінің нысаналы көрсеткіштерін қолданудың, атап айтқанда, олардың сапасы мен қол жетімділігін ескеретін, теориялық және практикалық мәселелер айтарлықтай зерттелмеген.
Осының барлығы, тұтынушыларға сапалы және қол жетімді мемлекеттік қызметтер көрсетудің көрсеткіштерін қалыптастыру және оларды жақсарту бойынша практикалық ұсыныстар әзірлеу тұрғысынан теориялық білімдерді зерттеудің мақсатын анықтайды.
Аталған мақсат мынадай міндеттердің шешілуін айқындайды:
мемлекеттік басқару функциялары жүйесіндегі «мемлекеттік қызметтер көрсету» категориясының теориялық аспектілерінің (көзқарастарының) қалыптасуына талдау жасау;
әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін ескере отырып, мемлекеттік басқару жүйесінің, соның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсетудің тиімділігін арттыру міндетін шешуге бағытталған әкімшілік реформа жүргізудің принциптері мен әдістерін зерттеу;
мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттарының проблемаларын анықтап, соның негізінде мемлекеттік органдар қызметінің аса маңызды нысаналы көрсеткіштері ретінде олардың сапасы мен қол жетімділігін арттыру мәселелерін зерттеу;
мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау жөніндегі ұсыныстарды зерделеп, оларды тиімді реттеу жөнінде нысаналы көрсеткіштер мен практикалық ұсыныстар әзірлеу;
мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметтер көрсетудің сапасын бағалау әдістемесіне талдау жүргізу;
бағалау критерийлері (өлшемдері) бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Достарыңызбен бөлісу: |