септік тұлғалы сөздер мен ілік септік тұлғалы сөздердегі септік тұлғаларының ашық/жасырын келуінің өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқаймыз. Мысалы:
Баяғы қи жағып, қимай түтеткеннен басқаны көрмеген ауылдас әйелдердің айтқандары ып-рас: бір шүмегін бұрасаң - суы келіп тұр; бір шүмегін бұрасаң - оты жанып тұр (Ә.Кекілбайұлы. Құс қанаты, 14 б.).
Өз дүбірімізге өзіміз қыздық; әрқайсымыз қыз алып қашып келе жатқандай, жау түсіріп қайтқандай желігіп, қараңғыда орды, жарды таңдамай, қос өкпеге тепкілеп, андағайлатып айдап келеміз
(Ж. Аймауытов. Шығ. ІІ том. 116 б.).
Өзенде ау құратын тағы бір оңтайлы жер барды. Соған біз де ау салайық деп, әкем екеуміз үлкен ау тоқып едік, өзіміз соғып берген үлкен сабан үйден Иттіс бізге жасақ жіберді (Ж. Аймауытов. Шығ. ІІ том. 232 б.).
Жалғыз-жарым мал көздеген қоңылтақ кедей шалдар, бұзау көздеген, ұршық иірген кемпірлер, немесе тізе қап байлаған, бір балағы салпылдаған бишілер болмаса, өзгенің бәрі қымызға қанып, күр-күр кекіріп, қарнын сипап, итқара-шаңырақ салма, жүк күрке, арба күркелерінің ас тына кіріп, манаурады (Ж. Аймауытов. Шығ. ІІ том. 23 б.).
Келтірілген сөйлемдерде асты сызылған сөздердің (қи, қимай, қыз, жау, ау, мал) белгісіздік мәнде жұмсалып тұрғанын көреміз. Мұнда нақты зат көрсетілмеген. Қи жағып, қимай түтету дегенде сондай қиналған, азаптанған күнделікті тіршілік туралы айтылып тұр да, мұнда нақты қандай да бір қи немесе қимай туралы сөз болып тұрған жоқ. Сол сияқты қыз алып қашып келе жатқандай, жау түсіріп қайтқандай желігіп деген тіркесте де табыс септігінің жасырын келуі жалпы мағына беру үшін, атап айтқанда, дегбірсіздену, шарқ ұру мәнінде ұғынылады да бұл сөйлемде де нақты қай қызды алып қашқаны, қандай жауды жеңіп келе жатқаны көрсетілмейді. Яғни контекст тұрақты тіркес ретінде тұтастай алғанда, мүлде басқа мәнде жұмсалған. Кейінгі сөйлемдерде де белгісіздік, жалпылық мәнде ұғынылады.
Нөлдік морфеманы арнайы зерттеген ғалым А.Омарова деректі зат атаулары қимылдың объектісі қызметінде нөлдік тұлғада қолданылатыны айта келіп, объектінің келешек мағынасында дерексіз мәнді зат есімдер табыс септігінің ауыспалы нөлдік морфемасымен, нөлдік тұлғада қолданылатынын көрсетеді: үміт білдір, ақыл бер, жәрдем көрсет, айла жаса, тілек тіле, үлгі көрсет, тәрбие бер, наз айт, қызық көр, салмақ сал, жауап бер, ырыс бақ.... [10, 174]. Ғалым табыс септігінің жасырын келу себептерін былайша түсіндіреді: "Табыс септігінің ауыспалы нөлдік тұлғасы (морфемасы) стильдік қажеттілікті өтеу үшін де қолданылады. Табыс септігінің нөлдік формасының мәтінде қайталануды болдырмау үшін, стильдік қолайсыздық тудырмау үшін, ақындардың өлең сөзінде ұйқас үшін, өлең жолының буын санына сәйкестік іздеумен байланысты, мақал-мәтелдерде ойды қысқа жеткізу мақсатында қолданылатыны айқындалды. Бұл мәселе септік тұлғаларының қолданылуына ортақ заңдылық екені байқалды... Сондай-ақ табыс септігінің нөлдік тұлғасы ойды, қысқа айтуға да қызмет етеді. Ол сөйлеуде, оқуда уақытты үнемдейді, жазуда орынды үнемдейді және түсінуді жеңілдетеді. Тілдің дамуында да ол заңдылық үлкен қызмет атқарған. Міне, тілдің тарихи дамуында да, тілдің күнделік қолданысында да үлкен қызмет атқаратынын ықшамдау заңдылығының талабына сай табыс септігінің нөлдік тұлғасы қызмет етеді [10, 177, 179].
в) белгісіздік, болымсыздық есімдіктерінің қолданылуы арқылы:
Бәрін де осындай қуанышты, бақытты болса екен дейді. Ешкімді ренжітетін, ешкімге жамандық ойлайтын түрі жоқ."Неге пысады?" деп қойшының қоңырайғанын да жарастықты көрді. "Қайтсін пақыр! Шаршап келеді ғой!..." деп ойлады (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 257 б.).
г) деген көмекші етістігінің қатысуымен: Естай деген бір жарамсақ таз қойшы бар еді. Байына жағынам деп, сол иттің бүлдіргені. Шабанбай екі қой, екі киім ақымды шығарда бермей қалды (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 154 б.).
Белгілілік мәні сияқты, белгісіз мәнде жұмсалған зат есімнің де екі жағы болады, олар: сапалық және сандық қасиеті. Оның сандық жағы нақты даралаудық (ерекшелеуші) қызметіне байланысты. Белгісіз мәнде жұмсалған зат есім нақты затты білдірмей, осыған ұқсас заттардың ортақ ерекшелігін, сипатын білдірсе, ол өзіндік қызметінде жұмсалады. Белгісіздік мәнде жұмсалған зат есім жаңа, тыңдаушыға бейтаныс затты білдіру үшін қолданылады. Сол себепті белгілілік - зат есімнің сөйлемде уәжді қолданылып тұрғанын білдіреді, яғни контекспен байланысы байқалады, ал белгісіздік мағыналық байланыстың жоқтығын білдіріп, уәжділіктің жоқтығын көрсетеді.
Профессор М.Балақаев түркі тілдеріндегі белгілілік/белгісіздік категориясының зерттелу тарихына шолу жасай келіп: "Различный подход к объяснению категории определенности и неопределенности в тюркских языках говорит о шаткости основы этой "категории". Понятие "определенность и неопределенность" вообще, выражение его указательными местоимениями и числительным бір (один), в частности, хотя в тюркских языках имеются, но не подкреплены определенными системами последовательного выражения. А оформленность и неоформленность падежей служат вариантами контактирования слов в разных позициях и значениях", - дейді [19, 11].
Контексте белгісіздік мәні тектік, нақты және көмескі (нақты емес) референцияда ерекшелеу үшін қолданылады.
1. Тектік референцияда белгісіздік мәнде жұмсалған зат есімдер заттың белгілі бір топқа немесе топ мүшесіне қатысын білдіреді. Тектік референцияда белгісіздік мәнде жұмсалған зат есімнің негізгі белгісі бір топтағы зат есімдердің ішінен іріктеу мүмкіндігі болады: Төртінші - Доғаның жанында ершіктей, Балқаштың жанында шаппа шоттай жылмырайған Жорғабек деген кісі еді (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 216 б.).
Тектік референцияда белгісіз мәнде жұмсалған зат есім алғаш рет сөз болған затты білдіру үшін қолданылады. Зат сөйлеушіге таныс болуы мүмкін, алайда тыңдаушы ол туралы бейхабар болуы немесе екеуіне де таныс болмауы мүмкін: Әйел деген жарықтық өмірі таусылмайтын, адамды жалықтырмайтын қызық әңгіме ғой. Әсіресе біздің "Екі әуейі" әйелдің әңгімесіне жалыққан бар ма? Ауыздарынан сілекейі көздерінен жасы аққанша күлісіп мәз-мәйрам болды (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 235 б.).
2. Нақты референцияда белгісіз мәнде жұмсалған зат есім бұрыннан белгілі зат жаңа қырынан танылғанда қолданылады: Тани кетті Ақбілек: етегін кірмен зерлеген, төбесін үкі сәндеген басында найза ақ тақия; қолында шаңкіш асасы: асасының өн бойы шығыршық, кебшік, сылдырмақ; үші қозы жауырын, мойнында жұмыр тәсбісі; танауы таңқиған, омырауы аңқиған, кеңірдегі сорайған, жіліншегі сидиған, саусақтары шибиған, үркек малша оқшиған, бес тал сақалы шоқшиған, шынжау етті, шың бетті, жағына пышақ жанитын, бір көргеннен танитын - Іскендір екен кәдімгі (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 181 б.).
3. Көмескі (нақты емес) референцияда белгісіздік мәнде жұмсалған зат есім таныс заттардың ішіндегі "әлдебіреуі", "кез келгені", "көптің бірі" ретінде жұмсалып, оны нақтыламай, жалпы күйде беріледі: Ауаланғыштар, бұзақылар, күшпен тартып алушылар жайынан қаралап сөз айтып, көтеріліс анық басылады, майдандағы әскер жояды деп қорқытты (А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанұлы "Оқу құралы").
Нақты емес референцияда зат есім сілтеу есімдіктерімен тіркесіп келуі мүмкін: Дүниеде дос деген болса, сондай шын дос Бекболат пен Ақберген еді. Бұларды дос қылған екеуінің де құмарлығы, әуесі - аңшылық еді; екеуінің де сүйегінде де жалқаулық, серілік бар еді; екеуі де шаруаға қырбай еді; әкесі Бекболат екеуін "Екі әуейі" деуші еді. Алтайда екеуінің жаратылысы екі басқа еді (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 231 б.). Сілтеу есімдіктері затты нұсқап көрсету арқылы ол туралы мәліметтің, деректің болуын қажет етпейді. Олар бұрын-соңды сөз болмаған затты да білдіре алады.
Нақты емес референцияда белгісіз мәнде жұмсалған көпше тұлғадағы зат есім заттарды "кез келген", "біреу", "әлдебіреу" деп көрсете отырып, сипаттайды. Көпше тұлғада жұмсалған белгісіздік мәндегі зат есімдердің ішінен нақты емес референция басымдық танытып, әлдеқайда көп кездеседі. Көпше тұлғадағы жұмсалумен қатар белгісіздік мәндегі зат есімдер жинақтау мәнін де білдіреді: Орыс қыздары қасынан бозбала өтіп бара жатса, өлгенше қызық сөз айтып келе жатқандай, бозбала қарасын деп, саңқылдап сөйлесіп, қаңқылдап күлетін еді. Жәкімнің мына саңқылдауы аумаған солардың мінезі (Аймауытов Ж. Шығ. І том. 309 б.).
Белгісіздік мәнінің берілуінде жекеше тұлға доминант болып табылады. Мұндай сөздер жекелікпен қатар жалпылану мәнін де білдіреді. Жекешелік өзектік, негізгі конституент болып табылады да шеткі аймақта (периферияда) сілтеу есімдіктері орналасады.
Сонымен, қазақ тілінде белгілілік/белгісіздік мәселесі ең күрделі, таласы көп мәселелер қатарына жатады. Бұл категорияны функционалды грамматика ұстанымдары тұрғысынан қарастырудың мәні зор.
Соңғы кездері функционалды зерттеулерге ерекше мән беріліп жүр. Осындай мәселелердің бірі - белгілілік/белгісіздік категориясына да қатысты. Белгілілік/белгісіздік категориясын зерттеу айтылым мазмұнымен тығыз байланысты. Ол үшін ең алдымен, белгілілік/белгісіздік категориясының семантикалық белгілерін, оның берілу жолдарын, контекст пен коммуникативті міндет сипатын көрсетіп, белгілілік/белгісіздік мәндерін білдіретін тілдік құралдарды анықтау қажет. Осыған байланысты белгілілік/белгісіздік категориясы мен референция теориясының ара қатысын тану, белгілілік/белгісіздік категориясы мен мәтін прагматикасының, коммутикативті міндет арақатысын айқындау қажет. Бұл орайда әсіресе белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының қазақ тіліндегі сипатына, айтылым құрамындағы грамматикалық бірліктердің қызметіне ерекше мән берілді.
Қорыта айтқанда:
1. Белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясын зерттеу барысында нақты қызметке жұмсалған түрлі тілдік құралдарды жүйе ретінде алып, оны функционалды-семантикалық категориясы ретінде қарастырдық. Белгілілік/белгісіздік категориясының ортақ мәндерін анықтау барысында олардың тілдегі көрінісі, берілу жолдары, олардың нақтылық, көптік, тұтастық, жинақтау, жалпылау т.с.с. мәндері айқындалды.
2. Қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының үлгілері осы мәннің басқа да берілу жолдарын айқындауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, сілтеу есімдіктері мен тәуелдік жалғауларының қолданысы, сөздердің орын тәртібі сияқты синтаксистік құралдар, лексикалық құралдар анықталды. Аталған категориялар дәстүрлі грамматикада бөлек-бөлек сөз болатын да өзара белгілілік/белгісіздік категориясына байланысты біріктірілмейтін.
3. Зерттеу барысында қазақ тіліндегі белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының берілу жолдарының иерархиясы анықталды. Олардың негізгі көпшілігі есімдіктермен жасалатыны, яғни белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының өрісін сілтеу есімдіктері мен жалпылау, белгісіздік есімдіктері құрайтыны анықталды. Ал белгілілік/белгісіздік функционалды-семантикалық категориясының перифериясын, шет мүшесін тәуелдік
Достарыңызбен бөлісу: |