Қазақ тілі материалдары негізінде сөздіктер мен грамматикалар, оқу құралдары мен этнографиялық еңбектер жазған ғалымдардың ішінен А.Г.Бессоновты, А.Е.Алекторовты, А.В.Васильевті, Н.И.Ильминскийді ерекше атап өтуге болады. К.Г.Бессоновтың (1848-1917) ұлты-башқұрт, ол қазақ тілін зерттеп, ауыз әдебиетінен материалдар жинаған. Оның 1.«Хрестоматия для киргизских школ» (1880), 2.«О говорах казанского татарского наречия» (1881), 3.«Башкирские народные сказки» (1912) деген еңбектері бар. А.Е.Алекторов (1861-1919) Бөкей ордасы мен Астрахан губерниясындағы мектептерде инспекторлық, Семейдегі училищеде (1903-1915) директорлық, Батыс Сібір округында (1915 жылдан) инспекторлық қызмет атқарған. Ол бірнеше мақала мен кітаптың авторы. Түркітаным тарихында 1.«Русско-киргизская азбука» (1901), 2.«Киргизская хрестоматия» (1-бөлім 1898, 2-бөлім 1907жж) т.б. еңбектерімен аты қалған. Ы.Алтынсариннің жұмыстарына тікелей жәрдем берген оның досы-В.В.Катаринский де қазақ тіл білімінің дамуына белгілі үлес қосқан. Ол Қазан Діни академиясын бітіргеннен кейін аз уақыт (1872-1875) Чебоксардағы Діни училищеде істеп, 1875 жылдан өмірінің соңына дейін (1902 жылы 20-мамырда қайтыс болған) Орынбор оқу округында татар, башқұрт, қазақ мектептері бойынша инспектор қызметін атқарған. Түркітаным тарихында В.В.Катаринский 1.«Краткий русско-башкирский словарь» (1893), 2.«Краткий киргизско-русский словарь» (1895), 3.«Киргизско-русский словарь» (1897), 4.«Грамматика киргизского языка» (1897) т.б. еңбектерімен белгілі. Тіл және тіл пәні, түркітану пәні сөзсіз дамыған, бірақ жағдай жасалынса бұдан да дамыған болатыны анық. Бұл жерде ғалымдардың жеке жұмыстарын атау керек. Оның үстіне қоғамдық өмірдің талабын да есепке алу керек. Кеңес өкіметі кезінде түркітану пәнінде қызмет еткен көрнекті ғалымдарды құрметтеп қазір де атап жүр. Мысалы, қазақ тілшілері Н.К.Дмитриев пен С.Е.Малов, қырғыз тілшілері К.К. Юдахин мен И.А.Батмановты, өзбек тілшілері Е.Д.Поливанов пен А.К.Боровковты, түркімен тілшілері А.Н.Самоиловичтерді кұрметпен атайды. Қазан төңкерісінен кейін түркі тілін зерттеу Мәскеу мен Санкт-Петербургте кеңінен етек алды. Олар түркітанымға қатысты мәселелерді зерттеді. Мысалы, С.Е.Малов (1880-1957) Орхон-Енисей жазба ескерткіштерін, көне ұйғыр жазба тілдерін, қазіргі ұйғыр, көне ұйғыр тілдерін зерттеді, жазба ескеркіштерді аударып, транскрипция жасап, жариялап берді. В.А.Богородицкий (1879-1941)-көрнекті орыс тіл білімінің, Қазан мектебінің өкілі, түркі тілдерінің фонетикасын салыстыра зерттеген және олардың генеологиялық жақтан классификациясын жасаған ғалым. Е.Д.Поливанов (1891-1938) жалпы тіл біліміне байланысты көптеген құнды пікірлер айтқан ғалым. Ол алтай тіл бірлігін талдап, түркі, монғол, корей және жапон тілдерін зерттеген, өзбек тілі диалектологиясының негізін жасаған.
Достарыңызбен бөлісу: |