Мақсат – тыйым емес, сату жолдарын реттеу дейді депутат – Энергетикалық сусындарды балаларға мүлдем ішуге болмайды. Себебі, олар онсыз да белсенді. Жасөспірім кезеңде психологияның ауытқуына байланысты энергия қажет болар. Қазіргі уақытта қуат алу үшін жасөспірімдер 2-3 құтысын жәй ішіп қана қоймай, сусынды алкогольмен араластырып ішеді.
Мен осындай сусын өндіретін 52 зауытқа барып қайттым. Олардың айтуынша, біздің елде шығарылатын сусындардың құрамындағы кофеиннің мөлшері Ресеймен салыстырғанда аз. Мейлі, бәрібір зиян ғой. Менің мақсатым – энергетикалық сусындардың сатылуына тыйым салу емес, сату жолдарын реттеу, – дейді мәжіліс депутаты Сәкен Қаныбеков.
Үкімет шектеу енгізеді Осы мәселені көтерген дептутат үкіметке сауал да жолдаған. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың атынан келген жауапта:
Азық-түлік өнімінің қауіпсіздігі туралы техникалық регламентке түзетулер енгізу;
Өнім құрамында адам денсаулығына кері әсер ететін қоспалар жайында тұтынушыларға шынайы ақпарат беруге қатысты талаптарды күшейту;
21 жасқа толмағандарға оны сатуға тыйым салу секілді шаралар ескеріліп отырғандығы жазылыпты.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды Сонымен қатар, елімізде 2017 жылы энергетикалық сусындардың 487 үлгісі зерттеліп, оның ішінде бесеуінде сәйкессіздік анықталған. Төртеуі маркировка бойынша сәйкес келмесе, біреуінде консервант құрамы шамадан тыс артық болған.
Энергетикалық сусындардың зияндылығына қатысты мәселе көтеріліп жатқан ел – тек Қазақстан емес. Айталық, сергіткіш сусындардың зиянды жақтарын анықтай келе, Австралия, Жаңа Зеландия, Сауд Арабиясы өз нарықтарында оларды сатуға да, ішуге де қатаң тыйым салған. Дания мен Норвегияда дәріханаларда ғана сатылады.
Ал биология ғылымдарының кандидаты Сабыржан Белгібаев қуат беретін сусындарға тыйым салуға келіспейді.