Абай атындағы ҚазҰПУ-нің ХАБАРШЫСЫ, «Тарих және саяси-әлеуметтік ғылымдар» сериясы, №1(72), 2022 ж.
138
Қазақ халқының материалдық және рухани мәдениеті осы музейдің экспозициялық залында (тарихи
этнография залында) көрініс тапқан. Бұл зал қазақтың дәстүрлі мәдениетіне, тұрмыс-тіршілігіне,
тіршілікқамы жүйесіне, шаруашылық-тұрмыстық тұрмысына, қазақтардың рухани мәдениетіне арналған.
Экспозицияның ғылыми
концепциясы танымал этнограф, ғалым Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен
әзірленген. Композициялық жағынан зал қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінің этнографиялық
ерекшелігін көрсететін шағын және үлкен екі шеңберге бөлінген экспозициялық кешендерден тұрады.
Этнография залында тұрмыстық және қолданбалы өнер бұйымдары, қару-жарақ пен әскери жабдық-
тар топтамалары, зергерлік бұйымдар, қазақтың ұлттық киім үлгілері, кілем және киіз бұйымдары, қазақ
кестелерінің көптеген түрлері қойылған.
Залда қазақтың дәстүрлі мәдениетінің символы ретінде – киіз үй басты орынды алады.
Көшпелі
халық өмірінде, жорықтар мен аң аулаушылықта киіз үй құрылысының тез тігілуі мен тез жиылуға
арналып жасалуының маңызы зор болған. Киіз үй түркі халықтарының дәстүрлі
мәдениетінің басты
нышандарының бірі болып табылады.
Көшпелі түркі халықтарының дәстүрлі мәдениетінің негізгі құрылымдық компоненттеріне тұрғын үй
(ең алдымен киіз үй), жиһаз, тамақ, киім-кешек, тұрмыстық ыдыс-аяқ, халықтық таным және сәйкесінше
олардың қолдану технологиялары жатады. Шаруашылық және тұрмыстық бұйымдардың барлығы дерлік
негізінен былғары, киіз, тоқыма, ағаш, сүйек, ішінара металл бұйымдарынан жасалынған. Осы
айтылғандардың барлығы орталық музей қорында бай коллекциямен сақталынған.
Киіз үй қазақтың көшпелілер баспанасының негізгі түрінің ең кең тараған дәстүрлі атауы. Киіз үй
мынадай құрылымдық элементтерден тұрады: кереге, уық және шаңырақ. Киіз үйдің көлемі қанат
санына байланысты, оны кереге деп те атайды. Қазақтар арасында кең тараған киіз үйдің түрі алты
қанатты киіз үй болған [16, с. 26].
1947 жылы орталық музейде екі кешенді экспедиция ұйымдастырылды: бірі – құрамында тарихшы,
археолог,
этнограф, суретші және фотооператоры бар Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарына;
екіншісі – Қостанай облысына [27]. Экспедиция нәтижесінде колхоздарда болған қазақтың заманауи ою-
өрнек өнерінің 1000-нан астам үлгілері жиналды. Бұл ою-өрнектер колхоз ауылының тұрмыс-тіршілігінде
сырмақ, тұскиіз, алаша, бауларды көркем безендіруде, сүйекке, ағашқа, темірге ою-өрнек салуда кеңінен
көрініс тапты. Әр аймақтың басқалардан ерекшеленетін өзіндік ою-өрнектері мен шеберлігі болды.
Экспедиция Кеңес өкіметінің 30 жылдығына орай халық шеберлерінің қолынан шыққан әшекейлі алты
қанатты үлкен қазақ үйін әкелді. Колхоз өмірінен көптеген заманауи фольклор да жазылып алынды.
Сондай-ақ, алты қанат киіз үйдің тағы бір жиынтығы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық
музейі негізгі қорының музей заттарының түсім кітабына КП-13242 / 1-112 нөмірімен тіркелген. Бұл киіз
үйдің жиынтығы кереге, уық, бау, киіз төсеніш, басқұр, шаңырақ, есіктерден тұрады. 1972 жылы қазақ-
тың белгілі жазушысы, Социалистік Еңбек Ері Ғ.Мүсіреповтің тапсырысымен жасалған бұл киіз үйді ол 3
жыл пайдаланған. Кереге, шаңырақ, уықтары Қарақалпақстанда, ал киіз төсеніш Талғарда, бау, басқұры
Аралда жасалынған.
Өкінішке орай, шеберлері белгісіз. Бұл киіз үй 1975 жылы жазушының жары
Бисенова Ғазиза Нұрғалиқызынан сатып алынған.
Кез келген тұрғын үйдің интерьері сәндік-қолданбалы өнер заттарынан құралады. Түрлі материал-
дардан жасалған тұрмыстық бұйымдардың өзіндік утилитарлық және әсемдік үшін
қолданатын
функциясы бар [16, с. 26]. Киіз үй пайда болғалы бері ішкі безендіруде шеберлердің қолынан шыққан
бұйымдар маңызды орын алған. Сондай-ақ киіз үйдің ішіне кілемдер төсеп, іргелеріне сандық, кебеже,
жүкаяқ сияқты заттар қойған. Осының бәрі көркем өңдеуден өтіп, киіз үйге орналастырылған соң оның
ішкі көрінісіне көрік қосқан.
Ағаштан жасалған бұйымдар ежелден қазақтардың күнделікті тұрмысында кеңінен қолданылған.
Мұның себебі ағаштың қолжетімді болуы және оны өңдеуге ыңғайлы болуы,
сонымен қатар бұл
материалдың жеңілдігі өте маңызды болған. Халық шеберлері ағаштан әсем бұйымдар жасаған, әсіресе
ұлттық ыдыстар: тегене, ожау, тостаған, саптаяқ, күбі, астау, т.б. Бұл бұйымдар көбінесе түрлі ою-
өрнектермен, сүйекпен, күміспен безендірілген. Ағаштан жасалған ыдыстардың үлгілері қазіргі уақытта
тұрмыста кездеспейді, дегенмен олар ҚР МОМ қорларында жеткілікті түрде ұсынылған. Айта кету керек,
олар музей қорына орынбор кезеңінен бастап жинақтала бастаған.
Көшпелілер өмірінде тері бұйымдары маңызды орын алды. Қазақ қолөнершілері теріден түрлі
шаруашылық, тұрмыстық, сәндік бұйымдар жасаған. Одан қымыз және басқа да сүт өнімдерін сақтауға
және тасымалдауға ыңғайлы ыдыстар (көнек, торсық, саба, мес) жасалды, сондай-ақ әртүрлі киімдер,
белдіктер, аяқ киімдер, сондай-ақ ат әбзелдерін жасаған.