Шұбырған көштің жолындай:
Ақ Кетенің ішінде,
Шернияз, Шыман, Өтеген,
Солардан да өткен сұм дүние.
85. Майлықожаның «Толғау» өлеңі
«Толғау» жыры «Ілімге толса көкірек, ашылар көзі сананың» деп басталып, түйдек-түйдек дидактикалық тұжырымдарға құрылады. Ақынның «Жігіттің көркі – өнері», «Өңкей жақсы қосылса, Бітіреді кеңесті. Өңкей жаман қосылса, Шығарады егесті», «Жаман-жақсы әр істі Пейілінен адам табады», тағы сол сияқты мақалға бергісіз нақыл сөздері шығарма мазмұнындағы ой-пікірлерін шегелей түседі. Жырда ақын өзіне рухани ұстаз санаған Әлішер Науаи, Әбілқасым Фирдоуси сынды тұлғалар тірі болса, елдің тірегі болар еді деп армандайды. Толғауда ақын жақсылық пен жамандықтың, әдептілік пен әдепсіздіктің, естілік пен есуастықтың, өсекшілдіктің, кербездіктің, парасаттылықтың белгілерін термелеп, жас ұрпақты осы айтылған ғибратынан үлгі алуға шақырады.
86. Ш.Қанайұлының өмірі мен шығармашылығы
Шортанбай Қанайұлы (1818-1881) – 19 ғасырда өз дәуірінің шындығын бүге-шігесіне дейін көрсете білген бірден-бір ақын, өз дәуіріндегі қоғамдық, әлеуметтік өмірдің әр саласын кеңінен қамтып, көркем бейнелеген ірі суреткер. Шортанбай өмірі мен шығармашылығы жөнінде қолда бар деректер тым шағын. Бұларға қарағанда ақын 1818 жылы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түркістан ауданының Қаратау бойында туып, Арқадағы Қарқаралы өңірінде 1881 жылы қайтыс болған.
Ақын өлеңдерін тұңғыш жариялаған академик В.Радловтан кейін Қазан қаласында оның өлеңдер жинағы басылып жарық көрсе, кешегі Кеңес өкіметі тұсында шығармалары әр алуан жинақтарда басылып келді. Мұның бәрі ақынның өлең, жырларының ел жүрегінен өшпестей орын тепкенінің айқын куәсі болып табылады.
Шортанбай ақын әдебиетіміздегі «Зар заман» деп аталатын әйгілі кезеңнің ірі өкілдерінің бірі. Ол бүкіл саналы өмірі мен бойындағы ақындық асыл дарынын туған халқының отаршылдық езгідегі ауыр халін, оның ертеңгі болашағының мән-жайын жырлауға арнады, өзі куә болып отырған заманның кесел-мерездерін өзгелерден бұрын сезініп, соны аяусыз әшкерелеуге аянбай атсалысты. Ақын белгілі бір ортаның немесе аймақтың ғана емес, барша халықтың мұң-мұқтажын толғады, көптің жоқтаушысы болды.
Ресей отаршылдығының зорлығын көзімен көріп, жанымен, тәнімен сезінген ақын өзінің «Зар заман», «Бала зары», «Тар заман», «Опасыз жалған», т.б. толғаулары арқылы ақиқаттың астарын ашып көрсетті. Толғауларының ішіндегі көпшілікке кеңінен тараған туындысы «Келер заман сипаты» атты шығармасы. Онда халықтың болашағын болжай білген ақын елі үшін қабырғасы қайыса отырып, тығырықтан шығар жол іздейді. Келер заманның кескін-келбетін көрегендікпен көрсете келіп, өз тарапынан тұжырым жасайды, баға береді. Ескіше сауатты, шығыс әдебиетінен хабардар ақын өлеңдерін жазып шығарумен қатар, қаумалаған көп алдында жұрт өтінішімен түйдек-түйдек ағытып, төпеп те жырлаған. Өзіне дейінгі Бұқар, Тәтіқара, Ақтамберді жыраулар мен Шал ақынның мол мұраларымен жақсы таныс болған. Өмірінің дені Арқа өңірінде өткен ол Жанғұтты ақынмен достық қарым-қатынаста болып, сыйластықпен ғұмыр кешкен. Шортанбай сонымен қатар айтыс ақыны ретінде Шөже, Орынбай, Асан ақындармен сөз сайысына түскен. Осылардың ішіндегі көлемдісі де, мазмұны жағынан толымдысы да Орынбаймен айтысы. Айтыстың өне бойынан ақынның тапқырлығын, сөзге шеберлігін, тілінің өткірлігін анық байқауға болады. Талай айтыстарда шыңдалып, сан мәрте жүлде алған Орынбай сияқты айтулы ақынмен сайысқа түскен Шортанбай өзінің алғырлығын, тілге тиек болар жағдайды бұрынырақ болжап, алдын орап кететін семімталдығын танытады
87. М.Мөңкеұлының өмірі мен шығармашылығы
Мұрат Мөңкеұлы – қазіргі Атырау облысы, Қызылқоға ауданының аумағында өмірге келген қазақ поэзиясының көрнекті өкілі. Болашақ ақын жастайынан халық ауыз әдебиетіне үйір болып, жыр, терме, толғауларын жаттап өседі. Есейе келе, атақты жыршылар Қуан мен Төлегеннен “Қырымның қырық батыры” жырын үйренген. Кішкене кезінен-ақ өз жанынан түрлі өлеңдер шығарып келген Мұрат айтыскерлігімен де ерте танылады. Оның Жылқышы (1860), Бала Ораз (1868), Кете Жаскілең, Жантолы, Тыныштық, Ізім сияқты ақындармен айтыстары бұл өнердің тәуір үлгілері қатарында.
Өлең сөзге жастайынан жүйрік Мұрат айырықша білімдарлығымен де көзге түскен. Ел шежіресін, оның батырлары мен ардақты азаматтарын жақсы білген, айтыс кезінде жеңіліп көрмегенінің бір себебі оның осындай білімін дұрыс қолдана білуіне де байланысты болған.
Мұрат өлеңді көп шығарған ақын: «Үш қиян», «Қазтуған», «Сарыарқа», «Омар қажыға», «Қарасай қазы» тағы басқа поэмалары, Жаскелең, Жылқышы, Бала Ораз, Қалнияз, жантолы, Тыныштық, Шолпанмен айтыстары, тағы басқа толып жатқан қысқа өлеңдері бар.
Мұрат ақынның басты шығармашылық мұралары деп «Үш қиян», «Сарыарқа» поэмаларын, «Қазтуған», «Шәлкез», «Қарасай-Қази» жырларын, көптеген айтыстарын, толғау-термелері мен арнау өлеңдерін айтуға болады. «Үш қиян» мен «Сарыарқа» поэмаларының тақырыбы қазақ халқының басынан өткен ауыртпалықтар болса, «Қазтуған», «Қарасай-Қази», «Шәлгез» жырларында халық аузындағы аңыздарға жаңаша трактовка жасайды. Бүгінгі ұрпаққа сондай-ақ хат түрінде жазылған «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш өлеңі, тойбастар жырлары жеткен.
Ақын шығармалары алғаш рет 1908 жылы Қазан қаласында Кәрімовтердің баспаханасында басылды. Кітап «Мұрат ақынның Ғұмар Қазы ұғлына айтқаны» деп аталады. Кейбір кітаптарда «Мұрат ақынның Ғұмар қажыға айтқаны» деп те жазылып жүр. Шындығында жинақтағы «Байұлы байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деп аталатын өлеңде баяндалғандай, Ғұмар – әйгілі Сырым батырдың немересі.
Мұрат шығармаларының ішінен ерекше орын алатыны – “Үш қиян” толғауы. Бұл шығармада Ресейдің отаршылдығына байланысты қазақ халқының басына төнген ауыр нәубет сөз болады. Ақынды тебіренткен нәрсе – отаршылдықтың салдарынан тынысы тарылып, тұрмысы нашарлап, көшпелі өмірі тығырыққа тірелген ел тағдыры еді. Халқының бейшаралық халге түскенін ақын заман аздыға санайды, ел билеген “жақсылар” мен “ел қорғаған” батырлардың да қазіргі қалпына қайғырып, қамығады. “Үш қиян” жырында Мұрат бұрынғы салт-сананың, дәстүрдің, рулық жүйенің іргесі шайқалғанына, адамдардың пиғылы, ниеті бұзылуына шерленеді. “Сарыарқа”, “Әттең, бір қапы дүние-ай”, “Қазтуған” атты шығармалары “Үш қиян” толғауымен үндес. Осы толғауларда басты тақырыбы – туған жер, құтты қоныстың кейінгі мүшкіл жағдайлары.
“Сарыарқа” атты толғауында ақын елдің еркін қоныста жүрген уақытын, туған жердің табиғаты мен байлығын тамсана жырлайды. Сөйтіп “енді ен далаға сыймаған сонша малдан жалғыз да тай қалмады” деп өкініш білдіреді. “Сарыарқа” – Мұраттың ауылы жұтқа ұшырап, өзін “тәңірі” айдап Маңғыстауға “жалғыз таяғын” ұстап барған бір қиын кезде шыққан толғау. Ақын туған жерін сағынышпен еске алып, бір кезде Беріш елі жинаған Тайсойған, Қабыршақты, Еділ, Жайық, т.б. жерлерге ыстық махаббатын, сол жердің тамаша қасиетін жеткізе жырлайды. Отаршылдық саясатының зардаптарын салдарынан туған халқының ежелгі қонысынан айырылғанына қынжыла отырып, осы өлкеде өмір сүрген бұрынғы азаматтарды, батырларды еске алады, қандай заман болса да, соларға “атамекен таршылық жасамаған” деп түйеді. Осы ауыртпалықтан құтылудың бірден бір жолы – жерді, құтты қонысты тастау керек дейді. Қонысты тастап көшу керек деген мәселені Мұрат «Үш қиянда» жыр етті. Мұнда ақын бұл қонысты талайлардың тастап кеткендігін дәлелдей келіп, өзінің «Қазтуған» атты поэмасында сол көшудің жолын көрсеткен болды. Ол үшін Мұрат ел аузынан «Қазтуған» батыр туралы аңызды пайдаланады. Асан қайғы, Қазтуған, Беркін тәрізді елін бастап, басқа жаққа көшкен ерлерді еске түсіреді.
Мұрат мұрасының бір саласы – термелер. “Өлім”, “Қыз”, “Ақмақ сайлап не керек”, “Аттан сұлу болар ма?”, “Жалпыға”, “Жалғаншы фәни жалғанда” атты термелерінде замана сырына үңіле келіп, көне жыраулар үлгісінде адам өмірі, жастық, кәрілік, саулық, өмір, жарастық хақында толғанады.
Мұрат өз кезіндегі пәлеқорлық, парақорлықтарды дұрыс көре біліп, оны шеней суреттейді. Бірақ оларды мінеп, сынағаннан сол жағдайдан шығудың жолын іздейді. «Күн орнынан туады, ай орнынан батады», бұзылып отырған адамдар, бұл заманның адамдары, егер олар, бұрынғының адамдарындай болса, заман баяғыдай болар еді деген қорытындыға келеді.
Ол өткір тілді сатирик ақын да болған. Мұраттың болыстарға арнау түрінде айтылған шығармаларынан реформадан кейін қазақ даласында пайда болған ел билеуші топтардың бейнесін жазбай танимыз. Ақын болыстыққа таласып, ел берекесін алған адамдарды сын садағына іледі.
Мұсылманша сауат ашқан Мұрат өлеңді жазып та шығарған. Өзі жазып шығарған толғау түріндегі (“Оқудан қайтқан жігітке хат”, “Еліне жазғаны”, “Қыз”) атты өлеңдері сақталып қалған. Мұрат ұзақ эпикалық жырларды таңды-таңға салып, жатқа айтатын жыршы, әрі әнші болған. Ол “Қырымның қырық батыры” атты жыр топтамаларын өңдеп, жетілдіре отырып жырлаған. Одан Мұрын жырау жаттап, біздің заманымызға жеткізген. Мұрат “Қарадөң батыр”, “Жұбаныш батыр”, “Сүйініш батыр”, “Төгіс батыр”, “Тама батыр”, “Тана батыр”, “Нәрік батыр”, “Шора батыр”, “Жаңбыршы батыр”, “Кеңес батыр”, “Телағыс батыр”, “Оғы батыр” және т.б. жырларын жатқа айтады екен. Мұраттың репертуарында орын алған “Қарасай-Қази”, “Шалгез”, “Қазтуған” жырлары Халел Досмұхамедұлының жазып алуымен жетіп отыр. Бұл мұралар 1925 ж. “Исатай-Махамбет” атты жинақта жарияланды.
Олардың кейбіреулерін ақын өз жанынан шығарып жыр еткен де, кейбіреулерін халық аузындағы аңыз әңгіме, бұрынғы тақырып, бұрынғы уақиғаның негіздеріне құрған. «Үш қиян», «Қазтуғандағы» батырларды суреттеу, ел аңызын ғана алып, соның негізінде өзі жанынан жаңа нәрсе шығару болса, «Шәлгез», «Қарасай-Қази» уақиғасының желісі халық аузында бар нәрсе.
88. Шәңгерей Сейіткерейұлы Бөкеевтің өмірі мен шығармашылығы
Шәңгерей – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасып, дамыған қазақ жазба әдебиеті өкілдерінің бірі. Ол Батыс Қазақстан облысының қазіргі Орда ауданында, Жасқұс құмында – хан ордасында дүниеге келген. Жәңгір ханның немересі. Ақын өзінің бір өлеңінде «Алпыс бөлме, жүз есік» көк орданың ішінде дүниеге келгенін айтады. Әкесі Сейіткерей Шәңгерей бес жасқа келгенде қайтыс болған. Бірақ жас Шәңгерей ауқатты ортада жетімдік көрмей өседі. Жасынан оқып, білім алады. Өнерге, өлең сөзге жас кезінен әуестенеді. Ордадағы медресені бітіріп, мұсылманша білім алғаннан кейін, Астраханьдағы реальды училищиге түседі. Одан кейін Орынбордағы Кадет корпусында екі жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс әдебиеті, мәдениетімен танысады.
Самар губерниясында (қазіргі Куйбышев облысы) бітімші сот (мировой судья) болып жұмыс істейді. Әділдік жолын іздеу, шындықты қорғау жолындағы ой-санасы осы тұста қалыптасқан сияқты. Ол әкімшілік-төрешіл биліктің зорлық, алдау, парашылдық сыр-сипатын көріп, бұл жұмыстан бойын аулақ салуды ойлайды. Сөйтіп, біраз жыл қызмет істегеннен кейін қызметін тастап, өз еліне келеді. Бұдан кейін кеңсе жұмысына араласпай, патша тарапынан дворян атағын алып, Самар губерниясындағы дворяндар тізіміне тіркеледі де, еңбекпен, өнермен шұғылданады. Орданың Жәнібек жағындағы Көлборсы деген жерді өз меншігі етіп, сол кездегі орыс помещиқтері сияқты тұрақ жай тұрғызады. Онда ағаштан, тастан сәулетті үйлер, мектеп, медресе, мешіт салғызып; туыстарының балаларын оқытады. Бау-бақша, алма ағашын ектіріп, егін салады. Асыл тұқымды мал өсіреді.
Шәңгерей ашқан мектепте білікті мұғалімдер жұмыс істейді. Сондай бала оқытқан, білімді әрі талапты мұғалімнің бірі көрнекті ақын Ғұмар Қараш (1876-1921) еді. Ол Шәңгерейді аға тұтып, жиі араласып тұрады. Шәңгерей оның ой-өрісінің кеңеюіне, орыс әдебиетімен танысуына ерекше ықпал етеді. Ғ. Қараш «Жәңгір ханның немересі, сұлтан Шәңгерей Сейіткерейұлына» деген толғауында:
Алғыр жүйрік сұлтаным,
Ақылың жетіп алысқа
Ілгеріні болжадың.
Болжағанның белгісі,
Атаңнан мұра қалған су —
Көлборсыны меншіктеп,
Жағасынан жер алдың…
Кешегі өткен бабаңыз —
Хан Жәңгірден үлгі алдың, —
деп жырға қосқа. Сонымен қатар Шәңгерейдің ақындығын, тілге шешендігін, сөз асылын қадірлеген көсемдігін, серілігін тамаша суреттеген. Бұл толғауы ақынның 1914 жылы Уфада шыққан «Аға тұлпар» жинағында жарияланған.
Осыдан бастап Шәңгерей өз мекенінде оқшау өмір сүріп, аңшылықпен айналысты, жақсы ат, қыран құс, құмай тазы ұстаған. Құс салып, ит жүгіртіп, саятшылық өнерін қызықтаған.
Шәңгерейдің ерекше көңіл аударған бір ісі – әдебиет, өнер, ғылым болады. Ол орыстың классик жазушыларының шығармаларымен танысады. Лермонтовты, Гогольді сүйіп оқиды. Ән-күйге, сурет өнеріне, сән-салтанатқа ерекше көңіл қойған ол ақын, әнші, күйші, домбырашы, суретші сияқты өнерпаздарды өзіне жақын тартып, олардың өнерін тамашалайды. Ол қадір тұтқан өнер адамдарының бірі – орыс суретшісі Мальцев деген досы. Оған шеберхана да салып берген. Орыстың Фет, Тютчев сынды ақындарының да өлеңдерін оқып, әсерленеді. Шәңгерейдің бай кітапханасы болған. Ғылыми әдебиеттерді, әр түрлі қазақ және орыс тіліндегі газет-журналдарды алдырып оқыған. ХХ ғасырдың басында қазақ, татар тілінде басылған ақындардың кітаптарын оқып, қоғамдық, әдеби өмірдің беталысынан үнемі хабардар болып отырған.
1911-1913 жылдары қазақ зиялыларының ұымдастырумен Оралда «Қазақстан» газетін шығару мәселесі сөз болғанда, бұл істі қолдап, оған қажетті қаржыны толықтыруға көмектескен де Шәңгерей еді.
Шәңгерей прозалық шығармалар жазған деген де дерек бар. «Қара мұрт» атты роман, «Сұрау-жауап» деген көлемді әңгіме жазса керек, бірақ ол туындылары сақталмаған. Ол 1917 жылы шамасында Көлборсыдағы қонысын тастап, аталас төре тұқымдары мекендеген Ақбақай деген жерге (Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Қаратөбе ауданы) көшіп келеді. Қоныс аудару себебі де мәлімсіз. Бізге белгілісі – өмірінің соңғы кезінде ел ішінде даулы, талас-тартысты мәселелерге көп араласпай, оқшау өмір сүрген.
Шәңгерей 1920 жылы қаңтарда сол Ақбақайда қайтыс болған. Ақынның біраз өлеңдері «Шайыр» (1910) және «Көкселдір» (1912) деген жинақтарда жарияланған. Бұл жинақтарды бастырған Ғ. Қараш еді. Кеңес дәірінде Қызылорда қаласында ақын өлеңдерінің жинағы (1933) басылды.
Шәңгерейдің бізге белгілі шығармалары әлеуметтік өмірдің әр түрлі жақтарын қамтиды. Отаршылдық салдарынан туындап жатқан өзгерістерді көре білген ақын бұрынғы хандық дәуірдегі өмірді аңсайды. Оның қоғамдық ой-пікірлері, топшылаулары бірде өмір шындығын айқын көрсетсе, бірде өткенге алаңдау сарынында келеді. Жер-судың құты кетті, сәні кетті, бәрі адыра қалды. Бұрынғы асыл адамдар енді жоқ, бұрынғыдай билер, ерлер енді тумайды дейді.
Адыра дедім Нарынды,
Құсы ұшып көлінен,
Құты кетіп жерінен,
Саба құрсақ билерден,
Еңіреген ерлерден,
Айырылып адыра қалғанда..,—
дейді. Ақын өз кезіндегі жаңалықтардың бәрін бірдей қабылдай бермеген. Қазақ даласындағы ел билеудегі жаңалықтар мен заң, тәртіптер, біртіндеп еніп жатқан капиталистік қарым-қатынастар, отаршылдық, сауда-саттық, халықтың жерден қыспаққа ұшырауы сияқты өзгерістер Шәңгерейдің көз алдында өтіп жатты. Бұрынғы хан ордасындағы ата-баба билігі мен беделі жайлы ұғым-түсініктер оның ақындығын сол бағытта оқшаушырақ қалыптастырды. Бұл кезеңде хан тұқымдарының да еркіндігі шектеле бастаған еді. Ақынның:
Құйрық атып құлия,
Түлкідей қашқан жымия.
Қаранды үзіп барасың,
Бізден де, қайран дүния…
деуі содан туған. Сондықтан да ақын бұрынғы ата-баба дәуірі еркіндік дәуір еді, ешкімге тәуелді емес едік, дегенді білдіреді. «Ағасын ақылдың артық асқармен тең» өлеңінде:
Ағасын ақылын артық асқармен тең,
Асылдың арқар ұранды тіреуі – сен.
Ала ту Абылайдың ала аттансаң,
Аламан артындағы біреуі – мен..,
деп, ұлы дүбір шықса қалмас едім, ел тәуелсіздігі үшін аттанған сарбаздың қатарында мен да Абылайлап аттанар едім дейді. Хан тұқымдары арасында Абылай ханның ел тәуелсіздігі үшін еткен тарихи еңбегі дәріптеліп, есімі қастерленді.
Ақынның өмір мен өлім туралы пәлсапалық толғанысынан өмір шындығының елесі көрінеді. Ол тумақ, өлмекті табиғи құбылыс ретінде түсінеді. Бұл ойын өлеңінде лирикалық бейне арқылы жеткізеді. Барлық қауіп-қатерді себеп-салдарлы түрде көрсетеді. «Өмірдің өтуі» өлеңінде қырдағы құланың аман жүрмегі жоқ, құдыққа құлан құласа, құлағында құрбақа ойнар, суға құлан шұбырса, жолын тосқан жолбарыс жүрегін жұлып, жем етер. Ол да аман қалмайды. Бөкен терісін бөрік еткен, сексеуілді күрке еткен мерген жалғыз оқпен оның да қазасын жеткізеді. Мерген де ажалдан құтылмайды. Кім болса да ажал оғынан құтылмақ емес дейді. Өз заманындағы әлеуметтік құрылысқа жатырқай қараған ақын алдағы болашақтан үміт күтпейді. Ақын ескі қоғамдық құрылыстың күйреуін белгілі мөлшерде өз басының да трагедиясы деп түсінетін сияқты. Бұл дүние пәнилығын етеді екен,
Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен…
Өзіне халық аузын қаратқан ер,
Тіріге, өлсе, қадірі кетеді екен…
Бұл сөздерінен де өмірдің өтуі, ескінің өтіп, жаңаның келуі, елді аузына қаратқан ерлердің, көзден тайса, көңілден кететінін айтып, торыққандай болғанын көреміз.
Шәңгерей шығармаларында өнер, ғылым, білім тақырыбы ерекше жырланады. Ол ғылым жетістігінде үлкен сеніммен қарайды. Қоғамның дамуы үшін қажет шарттардың бірі – ғылым екенін ұғындыруға күш салады. Жастарды оқуға, ғылыммен шұғылдануға шақырады.
Оқысаң ғылым нұрын білім асар,
Көңілдің кіршік басқан көзін ашар.
Мас болған біліміне кейбір жастар,
Жерлерге аяқ жетпес аяқ басар.
Апырай, кімге аян бұл жиһанның
Белгісіз ұлылығы асқар-асқар!
Ғылымға ұмтылушы жастарға Шәңгерейдің үлгі еткені – Бұхарда, Казанда оқып келген қазақ-татар молдалары емес, дүние жүзіне әйгілі ғалымдар. Ол атақты ағылшын ғалымы Эдиссонды (1847-1931) үлгі етеді. Эдиссон Томас Алва – американың атақты физигі, электротехника мен байланыс жөнінде көп жаңалықтар ашып, түрліше құрал-аспаптар ойлап шығарған ғалым.
Сонымен қатар ғылымға бөгет жасайтын надан молдаларды шенейді. Ақын Эдиссонға арнаған өлеңінде ғылым мен надандықты бір-біріне қарама-қарсы қояды. Ғылымды бұтағы көп, жемісі мол, биік шынар бәйтерек бейнесінде суреттеп, ғалымның әр саласын сол бәйтеректің жемісі ретінде бейнелейді.
Бұл ғылым – бір бәйтерек шектен асқан,
Шұлғанған бұтағына ғарсы-күрсі.
Бар ғаләм он сегіз мың саясында,
Таусылмас, бұтақ сайын бар жемісі.
Шайтани бұл өнерді қалай дейміз,
Әр өнер – сол жемістің бірдемесі.
Эдиссон мұны істеген – ғалым адам,
Оқымас, жалқау біздей емес надан.
Пәнделерден қимие-симие ғылымы хикмет,
Көп сырлар ашты түпсіз дариядан…
Ақын ғылымның қоғамдық маңызын көпшілікке түсіндіруді оқыған адамға міндет етіп қояды.
Шәңгерейдің шығармаларына арқау боларлық ортақ бейне — оның ақындық «мені». Ол барлық шығармаларында өзінің жайын, өмір жолын, дүниеге келгеннен бастап кешкендерін айтар ойына ұштастыра отырып, образдар арқылы терең толғайды.ақын «мен» деген сөзге философиялық мән беріп, оны дүниенің өзгерісімен, дәулеттің тұрақсыздығымен, өмірдің өткіншілігімен байланыстырады.
«кімсің» деп біреу сұраса,
Өзім болып «Мен!» деген.
«Мен» деген кетсе дүниеден,
Өзім болып «менмін» деп,
Жауап берер қай адам?!
«Менмін» деген — сол менмін,
Жалпылама алаш, әр заман, —
деп, «мен» — деген сөздің мағынасы, жалпы халық, адам баласы екенін өзі-ақ айтады. Бұл тұста ақын пікірі Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» атты өлеңіндегі пікілерімен үндес шығады.
Шәңгерей ақынның шығармалары ХХ ғасырдың басында ғана баспа бетін көрді. Кейбір ақындар жинақтарына жекелеген шығармалары ғана еніп жүрді. Олар: «Шайыр», «Көк сілдір» атты 1910 жылдары Орынбордан Ғұмар Қарашұлы шығарған жинақтар. Ғұмар Шәңгерей жайлы жазған өлеңінде оның шығармашылығын өте жоғары бағалаған. Шәңгерейдің кейінгі жылдары да баспа көрген еңбектері болды: «Шәңгерей өлеңдері» (Манаев құрастырған жинақ, Алматы, 1934 ж), Есмағамбет Ысмайыловтың 9 сынып оқушыларына арналған оқу құралдары (Алматы, 1939 ж, 1940 ж), «Үш ғасыр жырлайды» (Жинақ, Алматы, 1989 ж, 2 том), Шәңгерей шығармашылығы туралы ілкі пікірлер Х.Жұмалиевтің 1942 жылғы орта мектепке арналған оқулығынан және 1959 жылы шыққан қазақ әдебиеті тарихынан (авторы З.Ахметов) кездестіреміз.
89. Балқы Базар жыраудың өмірі мен шығармашылығы
Достарыңызбен бөлісу: |