Қазтуғанның атын шығарған қай жыр?
Қазтуғанның атын шығарған жыры «Мадақ» жыры .Бұлай дейтін себебіміз Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры» көне грек-римдік поэзия, Горацийден А.С.Пушкинге дейін үзілмеген дәстүр – ақынжанды әлемнің шырағы өшпесін ақынның өз тұлғасы арқылы айту үрдісінен бір бөлек. Жыраулық дәстүрде «мен» сакральды сипат алады, жеке адамның менінен биік ұғым. Қазтуған жыраудың «Мадақ жыры» – рух шақыру, эго емес. Бұл халықтың буырқанған тылсым күшін оятатын әулиелік жыр.
Бұдырайған екі шекелі,
Мұздай үлкен көбелі,
Қазтуған жырау автопортретін шекеден бастайды, бақ басқа қонады. «Қошқар шығар қозының маңдайлары дөң келер» деп қазақ шекеліктің зор болуын тектілікке балаған. Шекесі үлкен, шығыңқы келуі даналықтың бітімі, Сократ маңдай. Қазақ ұл туса қуанып, шекесі торсықтай деуі соның нышаны. «Мұздай» ––тегіс, тұтастықтық. Мұздай киінді – тегіс киінді. Мұздай қаруланған, нағыз темірден жасалған, міні жоқ, Қазтуған жырау сапалылықты айтып тұр.Қазтуған жырау поэзиясының негізгі арқауы – жер қайғысы, халық бостандығы. Ол өзінің автопортретін жырмен кестелеген тұңғыш жырау. «Мадақ жыры» деп аталатын толғауында жырау өзінің бойындағы бұла күш пен өшпес рухты көшпенді жұрттың танымында ерекше орын алатын жан-жануарлардың қасиеттерімен даралай көрсетеді. «Бұдырайған екі шекелі, Мұздай үлкен көбелі», – деп басталатын теңеулер – бұрын-соңды қазақ поэзиясында болмаған соны суреттеулер.
Бұқар жырау өлеңі?
Халық «Өнер алды – қызыл тіл» десе, Бұқар бұл мақалдың даналығын әбден түсінген адам. Ол сөз өнерінің қиындығын да, құрметтілігін де білген. Сондықтан да жырау:
«Ел бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиын нәрсені көргенім жоқ», — деген екен.
Бірде Абылай: «Қазына қайда?», — деп сұрағанда жырау: «Басы жеткен жігіттің екі езуі қазына: бір езуі – алтын, бір езуі – күміс» депті.
Бұқардың өзі осы қазынаны – сөз өнерін жеріне жете меңгерген еді.
«Өз заманындағы жандар бұл кісіні Көмекей әулие деседі екен, — деп жазды Мәшһүр Жүсіп зз – Қара сөз білмейді, сөйлесе, тек көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен».
Бұқар мұрасынан біздің заманымызға жеткені 1100 жол жыр-толғау шамасында. Бұл, сөз жоқ, жыр туғызған көл-көсір жырлардың бір бөлігі ғана.
«Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Аюбтың сабыры…, Афлатонның ақылы керек», — деген еді Мәшһүр.
Шоқан Уәлиханов өзінің «ХVІІІ – ғасырдың батырлары жайында тарихи әңгімелер» деген мақаласында Бұқарға қатысты біраз мәліметтер береді. Соның бірі – жыраудың Абылай алдында айтылған екі өлеңі. Шоқан бұл өлеңдердің жолма-жол тәржімесін жасайды. Бұл Бұқардың орыс оқырмандары алдына тұңғыш шығуы еді.
Сол сияқты Г.Потаниннің жазғандарынан белгілі «Төртуылдың төрт ұлы тауды жайлай» деп басталатын өлең ұмытылған. «Алайда Бұқар шығармаларының сақталып, ұрпақ алдына тартылған бөлігінің өзі – жыраудың әдебиет тарихынан құрметті орын алуы үшін әбден жеткілікті қомақты мұра». Ол — өмірі шектеулі адам түгілі, жансыз табиғаттың өзі өшіп, өніп, қайта жаңғырып отырады дегенді айтқан.
Бұқар заманның мұндай аумалы-төкпелі болып келуін заңды құбылыс деп санайды. Заманның аумалы-төкпелі болғанын, саналы ой емес, санасыздықтың бел алып бара жатқанын, адам болмысының азып, танымның таусылып бара жатқанын, біріншіден, қынжылып наразылықпен жырласа, екіншіден, өткенге өксіп қарамай, ескіні аңсамай, болашаққа да назар салмай, өз тұсындағы заманның мән-мағынасын түсінуге ғана тырысып, өзіндік танымы жеткен құбылысты жалпы халыққа да таныту бар.
Жырау дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ екендігін, өмір күнделікті өзгерістерге ұшырап отыратынын атап көрсетеді. Мұндай өзгерістерге тек тұрмыста ғана емес, адамды қоршаған орта – табиғатта да жүріп жатады.
Айналасын жер тұтқан
Айды батпас демеңіз.
Айнала ішсе, таусылмас
Көл суалмас демеңіз.
Құрсағы құшақ байлардан
Дәулет таймас демеңіз.
Жарлыны жарлы демеңіз,
Жарлы байға теңеліп,
Жайлауға жарыса көшпес демеңіз…
Құландар ойнар қу тақыр,
Қурай бітпес демеңіз…
Осы толғаудың өзінен жыраудың өмірге, өзін қоршаған ортаға деген философиялық көзқарастары айқын аңғарылады. Көзқарас – білімнің толықтырылған, қорытылған, күнделікті өмірді байқаудан, өткенді талдаудан, келешекті болжаудан туындайды. Бұқар қарапайым тілменен емес, белгілі бір табиғат құбылысының нақты көрінісімен оны дұрыс қорытындылай отыра, адам санасына обьективтік шындық дүниені бейнелеп жеткізеді. Бейнелі тіл саналы ойдың жемісі, міне, осы тұрғыдан қарағанда да, Бұқардың болмысы ойшыл философ, азамат ақын екендігіне көз жеткізеді. Бұқардың ақындық қуаты, азаматтығы қазақ тарихындағы үлкен іс атқарған ірі тұлғалардың бірі екендігін көрсетеді. Бұқар баба қазақ хандығының биік пирамидасында аса бір ерекше миссия атқарды. Бұқар данамын деп таспады, тығырыққа тірелгенде абыржып саспады, осылай жырау барша қауымның бағы болды, түнекте жол сілтер шамы болды. Сондықтан да Бұқар жырау әдебиетіміздің тарихында биік тұлғалардың бірі әрі бірегейі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |