В.Виндельбанд (1848-1915 жж.) ғылымдарды пәніне қарап емес, әдісіне қарай жіктеуді ұсынды. Ол білімді табиғат туралы және рух туралы деп бөлуге қарсы болды. Ғылымды «ғылымдардың танымдық мақсатының формалық сипатына» қарап бөлуді ұстанымға алу керек, себебі бір ғылымдар жалпы заңдарды анықтаса, енді біреулері – жекелеген деректерді зерттейді дейді.
Ойлаудың алғашқы түрін В.Виндельбанд «номотетикалық» (заңдарды анықтайтын) деп атайды. Оған қарама-қарсы ойлаудың түрін «идиографиялық» (ерекше нәрселерді сипаттайтын) деп атайды. Бір нәрсе әрі номотетикалық, әрі идиографиялық зерттеу нысаны бола алады. Себебі өзгермейтін (жалпы) заңдылық пен кездейсоқтықтың арасындағы қайшылық шартты. Мысалы, органикалық табиғат туралы ғылым жүйеленген ғылым ретінде – номотетикалық ғылым болса, даму тарихы тұрғысынан идиографиялық ғылым болып саналады. В.Виндельбандтың ойынша, ойлаудың номотетикалық және идиографиялық түрлерінің арасындағы осындай айырмашылықтар жаратылыстану мен тарихтың ара жігін ажыратады.
Жаратылыстануда ойлаудың номотетикалық түрі жеке нәрселерді түсіндіруден жалпы байланыстарды, өзін қоршаған шындық ортадағы жалпы заңдылықтарды табуға, түсінуге тырысады.
Оның ойынша, идиографиялық тарихи әдіске көптеген уақыт бойы жеткілікті назар аударылмай келді. Виндльбандтың пайымдауында, жалпыға және текке қатыстыдан басқаның бәрін жоққа шығару элеаттықтардан Платон арқылы келген грекше ойлауға тән ерекшелік. Бұл ойлау тек болмысты ғана шындық деп, сондай-ақ шынайы таным тек жалпылыққа тән деп түсіндірді. Осы тұрғыдан пайымдаған Жаңа заманның ізбасары деп ол Шопенгауэрді айтты. Шопенгауэр тарихты шынайы ғылым деп есептемеді, тарих әрдайым жеке нәрселерді қарастырады және жалпылыққа ешқашан жете алмайды дегенді өз ойына тірек етті. Идиографиялық әдіске бұлайша қарау көптеген ғасырлардың қателігі болып табылады. Виндельбанд оған керісінше, «адамның кез келген қызығушылығы мен берген бағаларына, адам үшін маңызды нәрсенің бәріне жекелік тән әрі ол қайталанбайды» дегенді ұсынды. Егер бұл пікір жеке адам өміріне қатыстылығына қарай дұрыс айтылған болса, онда оны «күллі тарихи процеске қатысты да қолдануға болады, себебі тарихи процесс қайталанбайтындығымен құнды болып табылады». Сондықтан, оның ойынша, біз үшін жеке әрі тарихи деп есептелінетін нәрсенің бәрінде бізге түсініксіз, мағынасыз, беймәлім нәрселер бар. Ол «адамның санасында біздің себепсіз тіршілігіміз, яғни жеке еркіндігіміз түрінде бейнеленеді».
Бұл пайымдаулар неокантшылдықтың тағы бір өкілі Генрих Риккерттің (1863-1939 жж.) еңбектерінде жүйелі жалғасын тапты. «Ұғымдардың табиғи ғылыми жолмен жасалу шегі» деп аталатын еңбегінде «құндылықтар әлемі трансцендентті (тылсым) мағыналардың патшалығын жасайды» деп пайымдайды. Құндылықтардың ақиқатқа қатынасын анықтау философияның ең басты міндеті деп есептеді. В.Виндельбанд сияқты Н.Риккерт те ғылымдарды әдістеріне қарап ажырату керек деп, ол әдістердің екі түрі болатынын айтады.
Кез келген ғылыми ұғым зерттелініп отырған құбылыстың қайталанатын, біртектес, жалпы белгілерін тануға бағытталады. Не болмаса керісінше, оның қайталанбайтын, бір рет болатын, дараланған, жеке ерекшеліктерін тануға бағытталуы мүмкін. Алғашқысы жаратылыстану ғылымымен байланысты болса, екіншісі тарихпен байланысты болады. Г.Риккерт жаратылыстану әдісін «генерализациялаушы» (жалпылаушы), ал тарихтың әдісін – «даралаушы» деп атайды.
Екі жағдайда да ғылыми ұғымдар мәнді нәрсені мәнсізден ажыратуда зерттеуші басшылыққа алатын теологиялық ұстаным бойынша сұрыпталу жолымен жасалып, шындықты «түсінуді жеңілдендіретін» ұғымдар ретінде қарастырылады. Егер логика ілімінде Риккерт ұғымның бұл екі түрін формальды түрде өзара тең ұғымдар десе, онтологиялық тұжырымдама бойынша ол номинализмнің жақтаушысы болды: жалпы болмыста өмір сүрмейді, жеке мен ерекшенің ғана мәні бар деді. Бұл номиналистік тұжырым жаратылыстану ғылымдарының құзыретін шектеп, тарих ғылымдарының алдында «маңызын төмендетті». Тарих мәдениетпен бірге өмір сүретіндіктен, Риккерт үшін құндылықтардың зерттелінуі мәселесі ерекше мәнге ие болды. Оның ойынша, біз үшін кейбір заттар құнды, ал кейбіреулері құнсыз болатындықтан, біз олардың бірін байқасақ, бірін байқамаймыз.
Неокантшылдық ХІХ ғасырдың соңында марксизмнің философиялық негіздерін қайта қарау мақсатында қолданылған болатын. Мәселен, ІІ Интернационалдың идеологтары Э. Бернштейн мен М. Адлер және К. Форлендер неокантшылдық пен марксизмді біріктіруге тырысты. Философиялық ревизионизмге деген ұмтылыс Г. В. Плехановтың («Философиялық ревизионизмге қарсы»), В.И.Лениннің («Марксизм және ревизионизм») тарапынан сынға ұшырады. Неокантшылдықтың әсері қазіргі заманғы идеалистік философиялық ағымдардан да байқалады. Ол әсіресе құндылықтар теориясы мәселесінде көбірек айтылуда.
Достарыңызбен бөлісу: |