43. Жылаған ата туралы қандай аңыз-әфсана білесіз? Жылаған ата үңгірі – Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Абай елді мекенінен солтүстікке қарай Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. «Бабалар сөзінде» Жылаған ата үңгірі туралы аңыз бар. Бір кісі бай болғанымен перзенті болмапты. Әулие-әнбиелердің басына әйелі екеуі түнеп жүріп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жетіп, толғатып, әйел іркілдеген мес туыпты. Мұнан соң әйел түн ішінде: «Құдайдан күндіз-түні тілегенім бұл емес еді ғой!» - деп жылап-еңіреп месті құшақтап үйден шығып кетеді. Тау-тастың арасында месті көтеріп, он екі жыл бойы көзінің жасы көл болып, қаңғып жүре береді.Күндердің күнінде әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы да: «Балам, тоқташы!» - деп жалынып соңынан жүгіре береді. Бала: «Артымдағы анам шөлдеп келе жатыр ғой» деп асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді. Сол қашқан бойы бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы ары шақырады, бері шақырады, бала тек үңгірдің ішінен: «Ана, мені іздеме, үйге қайта ғой», - деп үн береді, бірақ өзі шықпайды. Анасы оны қимай, сол үңгірдің жанынан кетпей жүре береді. Бір кезде бала үңгірден шығып: «Ана, мен ақыреттік баламын, бұл жерде жүре бермей, еліңе қайт, мен бәрібір енді жоқпын, менің мекенім - осы жер, осы үңгір», - дейді. Анасы жалынғанмен, бала көнбеді. Анасы: «Құдайдың жазғаны осы шығар» деп ойлап, баласына: «Жарайды, мен кетейін», - дейді жүрегі қан жылап тұрып. Бала айтты: «Тек артыңа қарама, жалғыз тілегім сол», - дейді. Анасы ақыры күдер үзіп, таудан шыққан соң, әлі де қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су оны өкшелей басып келе жатыр екен. Әйел артына қараған заматта қызыл су жерге сіңіп кетеді. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. «Жылаған ата» деп бала кіріп кеткен үңгір сол уақыттан бері аталып келеді.
44. Жалаулы ата мазары хақында не білесіз? Көне Сауран шаһарының төңірегіндегі киелі орындардың бірі Жалаулы ата мазары. Жалаулы ата мазары Қаратөбенің солтүстігінде 1-1,5 шақырым қашықтықта орналасқан. Қаратөбе ІІ-ХІІІ ғғ. аралығында шаруасы шалқыған ежелгі Сауран шаһарының археологиялық үйіндісі.Көне көз қариялардан бүгінге жеткен аңыз сарыны Жалаулы ата ислам дінін тарату жолында ержүрек батырлығымен даңқы шыққан қолбасшы болғанын баяндайды. Жалаулы ата елге жау шапқанда беліне қылыш тағынып, қарына шоқпар асынып, ақ найзасы қолында, астына мінген арғымағы астында сарбаздарын бастап жауға қарсы шыққан хас батыр ел қорғаны болған деседі. Сондай үлкен шайқастардың бірі Сайрамда өтеді. Сол заманда Испиджаб деп аталған. Сайрам үшін болған шайқаста ерен ерліктің үлгісін көрсеткен Жалаулы ата дұшпандардың қоршауында қалыпты. Қарсыластың сілтеген қылышынан кеудесінен бөлініп жерге түскен басы анталаған жаудың қолына түспей шапқан аттылыға жеткізбей дөңгелей жөнелді, әлден соң басқа тіл бітіп. Жалаулы ата сарбаздарына «Менің басым қай жерге барып тоқтаса, сол жерге жерлеңдер» деп аманаттайды. Қазіргі Жалаулы ата мүрдеханасында қасиетті әулиенің бас бөлігі ғана жерленген екен дейді аңыздаушылар.
Достарыңызбен бөлісу: |