«Тақырыптың зерттелу деңгейі» деп аталатын бөлімде тақырыпқа қатысты зерттеулерге шолу жасалды. Г.Н. Потанин туралы библиографиялық еңбектер көп екеніне дау жоқ. Оның көпшілігі Г.Н. Потаниннің зерттеу еңбектері жарық көргенде және 1905, 1915 жж. мен 70-80-жылдық мерей тойлары атап өтілгенде шықты. Біз Г.Н. Потанин туралы шыққан бүкіл еңбектерді толығымен сипаттауды мақсат тұтпаймыз, өйткені біздің тақырыбымыздың түйінін ашуға оның бәрі қажетті деп айту қиын. Тақырыптың мазмұнына сай тарауларға қатысты мәселелер бойынша ғана әдебиеттерге тоқталып шолу жасаған дұрыс деп есептедік.
Г.Н. Потаниннің (1835-1920) өскен ортасы және көзқарасының қалыптасуына талдау жасасақ, оның өмірбаяны туралы мәліметтер алғаш рет П.П. Семенов-Тяншаньскийдің жазғандарында кездеседі [6]. Ол «Нива» журналында жарияланған болатын. Г.Н. Потаниннің география, этнография, фольклор, өлкетану, ботаника ғылымына, Сібірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріне қосқан үлесі туралы көптеген энциклопедиялық, анықтамалық және жинақтық басылымдарда жарық көрді. Атап айтқанда, Кеңес дәуіріндегі Үлкен энциклопедияда, Тарихи энциклопедияда, Қысқаша географиялық энциклопедияда Г.Н. Потаниннің өмірі мен ғылымға қосқан үлесі туралы мағлұмат берілген. Неміс тілінен орысшаға аударылған 300 ден астам саяхатшылар мен зерттеушілердің мұраларын сипаттаған өмірбаяндық, анықтамалық сөздікте де Г.Н. Потанин жөнінде мәліметтер бар.
Г.Н. Потаниннің өмірбаянын жазу қай кезде болсын тоқтаған жоқ. Мысалы, А.В. Адрианов оның 80 жылдығына арналған жинақта өмірбаянын толық баяндаған [7]. В.А. Обручевте оның өмірі мен қызметі туралы көлемді еңбек жазған [8]. Алайда бұл еңбектердің бір кемшілігі Г.Н. Потаниннің Алаш зиялыларымен қарым-қатынасы туралы жекелеген мәліметтердің аздығы. М.В. Шиловский Г.Н. Потаниннің туғанына 160 жыл толуына орай ол туралы мәліметті «тұлғалық кейіпкер» түрінде жинақтаған. М.В.Шиловскийдің келесі бір еңбегі Г.Н. Потаниннің 170 жылдығына арналып, оның Орталық Азияда жүргізген зерттеулерін кешенді түрде қарастырған, әсіресе география, фольклор, этнография, тарих, ботаника т.б. қосқан үлесін көрсеткен. Автор Г.Н. Потаниннің зерттеулеріндегі өзіндік тұжырымдау тәсілдеріне баса назар аударған. Сонымен қатар ХІХ ғ. екінші жартысы – ХХ ғ. басындағы Сібірдің қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі Г.Н. Потаниннің Сібір облысшыларының идеологы ретіндегі рөлін көрсетуге тырысып, алғаш рет Ресей тарихындағы аймақтануды негіздеудің тәсілдерін жасаған. Г.Н. Потаниннің Ресейдің ғылымы мен мәдениетіне үлес қосқан П. Семенов-Тяншаньский, А.С. Гациский, И.И. Попов, В.А. Обручев, В.Г. Короленко, Д.А. Клеменц, С.Ф. Ольденбург, В.Я. Шишков, Г.Д. Гребеньщиковпен қарым-қатынастарын талдаған. Сібір кадет корпусында Г.Н. Потаниннің Шоқанмен бірге оқығанын сипаттағанымен, зерттеуде автор Григорий Потаниннің қазақ зиялыларымен қарым-қатынасын көрсетпеген. Г.Н. Гехтман Г.Н. Потаниннің өмірбаянымен бірге, оның географияға қосқан үлесін мазмұндаған. Алайда бұл еңбекте Г.Н. Потаниннің қазақ өлкесін зерттеуде оған көмектескен қазақ зиялылары туралы айтылмаған.
Сібір кадет корпусы туралы да еңбектер баршылық. Бұл оқу орнында қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлихановтың оқығанын мақтан етпейтін қазақ жоқ. Бұл оқу орнының Г.Н. Потаниннің дүниетанымын қалыптастыруда орны ерекше болды. Өйткені, дәл осы жерде ол Шоқанмен бірге оқып, одан көп нәрсені үйренді, оның дарындылығына, біліміне тәнті болды. А.И. Солодухин Кадет корпустарындағы оқу үрдісін сипаттай отырып, Г.Н. Потаниннің өз достары арасында әділетті болғанын айтады. Ә. Марғұлан Шоқан өмірі туралы очерк жазса [9], Шоқан мен Г.Н. Потанин арасындағы достықты С. Өтениязов өз зерттеуінде жүйелі баяндалған [10]. Сонымен бірге автор бұл еңбегінде Мұса Шорманов туралы да ұтымды мәлімет келтіргенін айта кеткеніміз жөн. Ал, М. Малышева мен Познанскийдің мақаласында Г. Потанин Шоқаннан үлкен тағылым алғандығы айтылған. Бұл еңбектер Омбы облысының мемлекеттік мұрағат құжаттарын молынан пайдаланғандықтан құнды деп есептейміз. Ал И. Белов болса Кадет корпусында оқып жүрген кезінде Омбы қаласының Г.Н. Потанинге қалай әсер еткенін жазған. Омбы қаласы туралы М.И. Юрасованың да тамаша еңбегі бар. Г.Н. Потаниннің өзі Қазақстан қалаларының ішінен Семей туралы жазғанын, ал бұл туралы қалалар тарихын зерттеуші Ж. Қасымбаев еңбегінде айтылғанын атап кетуге болады. Г.Н. Потаниннің дүниетанымына, ғылыми жолына үлкен үлес қосқандардың бірі әйгілі саяхатшы П.П. Семенов болды. Ол Г.Н. Потанинге саяхатшы-ғалым болудың жолын көрсетті. П.П. Семенов Г.Н. Потанинді Орыс Географиялық қоғамының жұмысына қатыстырып, оны таза ғылым жолына баулыды. П.П. Семеновтың көзі тірісінде-ақ бұл қоғамның жарты ғасырлық тарихы бар болатын. А.М. Сагалаев пен В.М. Крюков еңбегінде Г.Н. Потаниннің ғылымға қосқан үлесі, көзқарасы туралы жан-жақты баяндалады. Сонымен бірге Сібірдегі қоғамдық және ғылыми өмірді де біршама сипаттаған [11].
Г.Н. Потаниннің ғылыми саяхаты туралы жазылған еңбектер аз. Оны тек біз Г.Н. Потаниннің өз еңбектерінен ғана білеміз. Тек, Г.Е. Катанаев Потаниннің әкесінің Орта Азиядағы барлауы туралы жазған [12]. Екінші бір еңбегінде Г. Катанаев ХІХ ғ. Н.И. Потаниннің қырғыз даласы мен Қоқан хандығына жасаған сапары туралы жазған.
С.Ф. Ольденбург, В.А. Гордлевский айтқандай Г.Н. Потанин Шығысты еуропалықтардың санасына енгізіп, оны дүние жүзілік мәдениеттің қатарына қосудағы ұлы істегі алғашқылардың бірі болды [13]. С.Ф. Ольденбург Г.Н. Потаниннің ғылыми қызметінің ерекшелігі қоғамдық, халықтық мәнде болды дей отыра, тыныш бір кабинетте, бір-бірімен араласпайтын қалада жасалған жоқ, ол ашық аспан астында, үңгірде, киіз үйде оның өмірі өтіп, еңбектері жазылды дейді. Аталмыш осы екі авторлардың Г.Н. Потаниннің ғылыми еңбектерін жоғары бағалауымен бірге, Г.Н. Потанин мерейтойына қатысты жазған газет пен журналдарды жарияланған мақалаларының да үздік шыққанын айта кеткеніміз жөн. Мысалы, С.Ф. Ольденбургтің «Не довольно» деген очеркі 1915 ж. 21 қыркүйекте Сібірді зерттеу қоғамының жиналысында тыңдалды. Осы кезде В.А. Гордлевскийдің «Г.Н. Потанин как народословник» деген мақаласы да жарық көріп, екеуі де Г.Н. Потаниннің саяхаттары ғылымға зор үлес қосқанын айтқан.
Г.Н. Потаниннің Ішкі Азия, Алтай мен Қазақстанға жасаған саяхаттары нәтижесінде жинаған материалдары ХІХ ғ. аяғындағы Азияны зерттеуші ғалымдардың ішінде бірінші орын алатынын В.А. Обручев өз еңбегінде атап өткен болатын [14]. Алайда бұл жөнінде қазіргі ғылымда тарихнамалық еңбектердің жоқ екенін айтқанымыз жөн деп санаймыз. В.А. Обручев Г.Н. Потаниннің саяхаты туралы жаза отырып, оның қоғамдық қызметі мен еңбектерінің тұтас бір тізімін жасау болашақтың ісі деп атап көрсеткен. ХІХ-ХХ ғғ. орыстың географиялық зерттеулерінің тарихы туралы еңбегінде В.А. Есаков Орталық Азиядағы зерттеулер М. Пржевальский, М.В. Певцов және Г.Н. Потаниндердің арқасында жүзеге асқанын көрсетеді.
Сібірдегі қоғамдық-саяси өмірдің Қазақстанға да әсер еткені белгілі. Ал ХІХ -ХХ ғғ. Сібірді айтқанда Г.Н. Потанинді еске алмау мүмкін емес. Томскідегі Потаниннің үйірмесі туралы Я.Р. Кошелев пен Г.И. Пелихтің мақаласында ұтымды сипатталған.
Сібір облысшылары туралы тарихи әдебиеттердегі ХІХ ғ. 50-60-шы жж. қоғамдық қозғалыстың өрлеуінің Г.Н. Потанин мен Ядринцевтің дүниетанымының қалыптасуына әсері айтарлықтай зерттелген емес. Сондықтан бұл зерттеуімізде біз осы ықпалдың деңгейін көрсетуге тырысамыз, ал облысшылардың пайда болуы туралы деректерге тақырыпқа қатысы жоқ болғандықтан тоқталмауды жөн көрдік. Н.А. Лапин еңбегінде ХІХ ғ. Сібірдегі революциялық-демократиялық қозғалысы сипатталса, С.Г. Сватиков осы кездегі Сібір облысшыларының қызметін талдаған. Ал М.В. Шиловский Сібірдің қоғамдық-саяси өміріндегі облысшылардың алатын орнын көрсеткен [15]. М.В. Шиловскийдің келесі бір көлемді зерттеуінде Сібірдегі 1917-1920 жылдардағы саяси үрдістер қарастырылып, аймақтағы негізгі саяси топтардың қызметі қарастырылған [16]. Большевиктерге қарсы мемлекеттік құрылымдар да зерттеу нысаны болған. Автор мәліметтік материалдар негізінде Ресейдің шығысындағы «ақтар» қозғалысы әсерінен әскери диктатура орнатуға жағдай туғанын көрсетеді. Сонымен бірге Сібір облысшыларының Г.Н. Потанин басшылығымен барлық саяси үрдістерге қатысқанын сипаттаған. Дегенмен де автор қазақ зиялыларына айтарлықтай сипаттама жасамаған, тек Әлихан Бөкейхановтың атын атап кетеді. Сібірдің қоғамдық-саяси өмірі, ол жерде өткен съездер туралы баспасөзде де жарияланып тұрды. Атап айтқанда А. Мейеровичтің мақаласы «Иркутск өмірінде» және А.Н. Шпицынның мақаласында елдің бірігуіне мән берілсе, ал 1917 жылдағы оқиғаларға тек шолу ғана жасалды. Сібір автономиясына қатысты еңбектің қатарына М.П. Малышеваның жан-жақты жазғандарын жатқызуға болады [17]. Автор Сібір облысшылары-потаниншілдердің бірінші съезі туралы жаза отырып, Алашордалықтарға Г.Н. Потаниннің риза болғанын атап өтеді [18].
Біз Алашордаға байланысты жазылған зерттеулерді де бөліп қарастырдық, себебі оларда ХХ ғ. бас кезіндегі саяси оқиғалардың барысы кең сипатталып жазылған. Әрине, ол еңбектерде кеңестік дәуірдің көзқарасы басым екенін ескергеніміз жөн. 20-ж. басында Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейханов “Алаш” ұлттық партиясының құрылуы мен қалыптасу кезеңдерін сипаттауға бірінші рет талпыныс жасайды. А.К. Бочаговтың тарихи очеркі қазақ интеллигенциясы үшін Ақпан революциясының ерекше рөл атқарғанын айтып өткенімен, 1927 жылы шыққан естелік кітабында Алашорданың “контрреволюциялық” мәнін көрсетуді мақсат еткен. Н. Мартыненко құрастырып, О.Исаев алғы сөз жазған құжаттар жинағында “Алаш” партиясының қызметіне кері баға берілуімен бірге, 1913-1920 жж. оқиғалар жөніндегі қызықты құжаттар қазақ қоғамының топтасуындағы Алашорданың ерекше рөліне баға беруге мүмкіндік береді. 1933 ж. 8-28 желтоқсан аралығында БК(б)П қазақ өлкесінің Комитеті жанындағы ҚМЛҒЗИ тарих секторында Алашорда қозғалысына арналған пікірталас ұйымдастырылды. Осы аталған институт қызметкерлері С. Брайнин мен Ш. Шафиро “Алашорданың тарихи рөлі” атты баяндама жасайды. Осы баяндама негізінде екеуі кейін кітап шығарады. Кітап “Алаш қозғалысының бастау көздері”, “1916 жылғы көтерілістегі алаш интеллигенциясының рөлі”, “Алаш қозғалысы Ақпан мен Қазан аралығында”, “Алашорда - ұлтшыл контрреволюцияның үкіметі”, “Алаш қозғалысының тарихын дәріптеушілікке қарсы” деген бөлімдерден тұрады. Тараулардың тақырыбынан көрініп тұрғандай, авторлар Алаш қозғалысының жетекшілері мен оған қатысқандардың барлығын дерлік орыс патшалығы мен уақытша үкіметтің итаршы, қолшоқпарлары, қазақ халқының қас жаулары деп бағалап, Алашорданы ұлтшыл контрреволюциялық үкімет деп анықтады.
ХХ ғ. басындағы саяси-әлеуметтік үрдістер көшбасшыларының азаматтық болмысын айқындауда, олардың саяси-әлеуметтік әрекеттеріндегі кейбір мәселелерді баяндағанда М.Шоқай, З.У. Тоған, Х. Оралтай, А. Керенский және Н. Бердяев сияқты шетелдік эмиграцияға тоталитарлық жүйенің қысымы салдарынан кетуге мәжбүр болған қоғам қайраткерлерінің зерттеу еңбектері мен ғұмырнамалық естеліктерінен мазмұнды мағлұматтар алуға болады.
70-80 жж. Алаш зиялы қауымы туралы зерттеулерде айтарлықтай өзгеріс болмады. Революциялық-демократиялық бағыттағы ұлттық саяси интеллигенцияның идеялық және әлеуметтік-экономикалық көзқарастарын сипаттаған бірқатар еңбектер жарық көрді. Оларда алаш қозғалысы туралы бұрынғыдай революциялық оқиғаларға байланысты біраз мәліметтер ғана кездеседі. Бұл кезеңнің зерттеушілері Алаш жетекшілерінің қызметіне Қазақстандағы Кеңес үкіметіне қарсы бағытталған контрреволюциялық қозғалыс көсемдері ретінде баға берді. 80-жж. соңында қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің шығармашылық мұрасын қайта қарау үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті жанынан құрылған комиссияның шешімімен сталиндік жазалау құрбаны болған біз жоғарыда атаған қазақ зиялыларының шығарма жинақтары жариялана бастады. Дегенмен, 80 жж. аяғы-90 жж. басында КОКП идеологиясы Алаш туралы саяси тарихты әлі де тежеп жатты. Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті де Алаш қызметіне “Қазақ қоғамындағы феодал-байлардың мүддесін” қорғайтын “буржуазияшыл ұлтшылдар” деген баға берді. Ғылыми танымның жаңа методологиясының болмағандығынан осындай кемшіліктердің болуы қайта құру кезінде жазыла бастаған еңбектер Алаш мәселесін шынайы зерттеудің шекарасын кеңейтті.
1991 жылы тәуелсіздігіміз жариялап, Алаш қайраткерлері туралы зерттеулерге жол ашылғаннан кейін ұлттық мүдде тұрғысынан олардың өмірі мен қоғамдық-саяси істерін қарастыра бастады. Олардың қызметін жаңаша көзқарас тұрғысынан К.Нұрпейісовтың, М.Қойгелдиевтің, Д. Аманжолованың, Ө. Озғанбайдың, О. Қоңыратбаевтың, М. Қозыбаевтың, Т. Омарбековтың, М. Құл-Мухамедтің, С. Өзбекұлының монографиялық зерттеулері, т.б. зерттеушілердің саяси көшбасшылар жөніндегі еңбектері баспасөз бетінде жарияланып тұрды.
Алашорданың күрделі мәселелерін зерттеуде үлкен қадам жасаған Кеңес Нұрпейісов болды. Оның тарихи зерттеуінің құндылығы бұрын қол жетпейтін құжаттарды ғылыми айналымға енгізгендігінде болып табылады. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат құжаттарына, газет (“Қазақ”, “Сарыарқа”) материалдарына сүйеніп, күрделі мәселелерді жаңаша көзқараспен шешуге мүмкіндік алған. Автор мұрағат материалдарын жүйелеу арқылы аз зерттелген, күрмеуі көп мәселелердің шешімін табуға тырысқан. К. Нұрпейісов тарихи әдебиетте бірінші рет Ә. Бөкейхановтың “Алаш” партиясын құру, Алашорданың төрағасы болған кездегі қызметін, жалпы ел басқарудағы рөлін көрсетсе [19], ал ғылыми мақалаларында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов сияқты Алаштың саяси жетекшілерінің ұлт-азаттық қозғалысқа тікелей қатынаспаса да, сатқындық жасамағанын дәлелдеп, Алаш пен Алашорда қозғалысының құрамдас бөлімдеріне, бірінші орыс революциясы жылдарындағы Ә.Бөкейханов төңірегіне топтасқан қазақ зиялыларының саясатқа араласқан алғашқы қадамдарына сипаттама жасайды.
Қазақтың саяси элитасының қоғамдық-саяси қызметін зерттеудегі жаңа кезеңнің бір көрінісі осы мәселе жөніндегі ”Болашақ үшін өткенді білу – парыз” және “Қос төңкеріс және Алаш қозғалысы” деген пікір алысулардың да маңызы зор болды деп есептейміз.
Ә. Бөкейхановтың шығармашылығына арналған еңбектерден С.Аққұлұлының, Д.Тоқпановтың, А. Мектептегінің, Б. Қойшыбаевтың ғылыми мақалаларын атауға болады. Е. Серкебаевтың “Бүкілресейлік құрылтай және “Алаш” зиялылары” мақаласында құрылтайға депутаттар сайлау барысы мен оның жұмысына шолу жасаса, жекелеген зерттеушілер Алаш қозғалысына баға беру үшін алдымен оның көш бастаушыларының кімдер болғандығын анықтау мәселесі осы тақырыпты ғылыми тұрғыдан игеруге шешуші түрде ықпал жасайды деп есептейді. Олар осы кезге дейін алаш қозғалысының көсемдеріне “буржуазиялық либералдар”, “қазақ ұлтшылдары”анықтамаларын беру Алаш интеллигенциясын және олар басқарған саяси қозғалыстың қоғамдық дамудағы алатын орнына сәйкес емес деп түсінеді. М.К. Қозыбаев Алашқа либералды ұлттық инттелигенцияның партиясы деген анықтама бере отырып, оның идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған ұлтшылдық болды деген қорытынды жасады.
М. Қойгелдиев еңбегінде Алаш зиялыларының іс-қимылдарына сипаттама жасалған [20]. Алаш зиялыларының идеялық-саяси көөзқарастары Ресей, Түркия сияқты елдердің жоғары оқу орындарында қалыптасқанын көрсеткен. Құжаттық деректер негізінде автор Ә. Бөкейхан, Ж. Ақпаев, А. Байтұрсыновтың қызметіне талдау жасайды. 1906-1916 жж. кезеңнің тәуелсіздік үшін күрестегі идеологияның қалыптасуына, Алаш қозғалысының саяси ұстанымының нығаюында маңызды рөл атқарғанын анықтайды. Ө. Озғанбай Ресей мемлекеттік Думасы туралы жан-жақты талдау жасаса [21], С. Мадуанов Орталық Азия елдерімен қазақтардың қатынасын көрсетуде қоғамдық-саяси оқиғаларға мән берсе [22], Хабижанова Г.Б., Валиханов Е.Ж., А. Кривков зерттеуінде ХІХ ғ. екінші жартысы-ХХ ғ. басындағы орыс интеллигенциясының Қазақстандағы қызметіне сипаттама жасалған [23]. Бұл еңбекте Г.Н. Потаниннің қазақ зиялыларымен арадағы байланысы атап өтілген. Сібірдегі саяси жағдайды Қазақстанмен салыстыруда М.К. Асылбеков еңбегін пайдаландық [24]. Ол Қазақстандағы темір жолшылардың саяси санасының өсуіне сипаттама жасаған. Ал В. Галиев еңбегінде Қазақстанды зерттеген шетелдік және Ресей саяхатшыларына қазақ зиялылары қалай көмектескенін және тілмаштық қызметтерін атап өткен [25].
Жеке тұлғалар жөнінде ғалымдардың назарын аударған бірқатар диссертациялық зерттеулер жазылды. Қазақстанның қос төңкеріс пен азамат соғысы кезеңіндегі Алаш қозғалысының жекелеген мәселелері бойынша, атап айтқанда, Алаш қозғалысының тарихнамасы, Ақпан революциясынан кейінгі демократиялық өзгерістер, қазақ комитеттерінің қызметі, қазақ съездері, мұсылмандық қозғалыс мәселесі туралы Р.Нұрмағамбетованың, А.Абылғазинаның, А.Махаеваның, С.Рүстемовтың, Ә.Пірмановтың, А.Бопованың, Ш.Тухмарованың, Т.Әуелғазинаның, К.Атымтаеваның және т.б. диссертациялық еңбектерінде ғылыми талап негізінде зерттеліп, объективті баға беруге талпыныс жасалған. Бұл зерттеулерді “ХХ ғ. басындағы Қазақстан” атты кешенді мәселені ашу ісіне қосылған зор үлес деп бағалауға болады.
Сонымен, 90-жж. ғылыми-саяси әдебиетке талдау жасау алаш мәселесін зерттеуде зерттеушілік ойдың алға жылжығанын байқатады. Әсіресе бұл зерттеулердің жан-жақтылығы мен құжаттық базасының кеңдігін атап өткен дұрыс деп есептейміз. Соның нәтижесінде Алаш пен Алашорда тарихының өзекті мәселелерін, яғни оппозициялық қозғалыстың пайда болуы, әлеуметтік құрамы, ішкі және сыртқы факторларын анықтау сияқты саяси-әлеуметтік үрдістер көшбасшыларының қоғамдық-саяси, идеологиялық көзқарастарының қалыптасуындағы маңызды роль атқарған жақтарын көрсетті.
ХХ ғ. аяғы ХХІ ғ. басында көптеген ғылыми әдебиеттер жарық көріп, оған объективті алғышарттар - Қазақстанның тәуелсіз алуы, демократиялық үдерістердің көрінуі саяси еңбектерге әсерін тигізбей қойған жоқ. Жаңа құжаттардың ғылыми айналымға енуі, оларды талдау қайта қарауға мүмкіндік туғызып, Алаш қозғалысына, оның жетекшілеріне деген тұжырымдардың мәні өзгертіп, бұрынғы кертартпа пікірлерінен бас тартуға әкелді. Шетелдік зерттеушілер Алашорда қозғалысының негізгі маңызы ХХ ғ. бірінші ширегіндегі қазақ ұлттық біртұтастығының қайта өрлеуіне қосықан үлесінде деп көрсетеді.
Американ тарихшысы Марта Олкотт өз еңбегінде Алаш-Орда мен большевиктік өкіметтің өзара қарым-қатынасын қарастырып, 1919 жылға тоқталады; бұл кезде, Алаштың жетекшілері Кеңес өкіметімен ынтымақтасуды жөн көрген болатын. Мұрағат құжаттарын пайдаланбағандықтан, автор мәселенің тұңғиық тереңіне жете алмаған. Ал Хасен Оралтайдың еңбектерінде дерек ретінде С.Сейфуллиннің еңбектерін қолданып, Алаш тарихын жалпытүріктік позиция тұрғысынан қарастырады. Хоккайдо университетінде қызмет ететін жапон тарихшысы Уяма Томохиконың еңбектері назар аударарлық деп санаймыз. Алаш зиялыларының жетекшілері екі мақсатқа – автономиялық мемлекет пен ұлтаралық татулықты сақтауға талпынды деп автор дұрыс көрсетеді. Сонымен бірге Томохико әдебиетте кездесетін қайшылықты да көрсетеді, яғни Алашорданың түпкі мақсаты тәуелсіздікке қол жеткізу болса, ал деректерде ол Ресей Федеративтік Республикасы құрамында автономия болу деп атап көрсетеді. Ұлттық тұлғалар жөніндегі маңызды еңбектерге Ричард Пайпстың зерттеулері жатады. Өз еңбегінде автор белгілі мәселелерді қарастыра отырып, Ресейдің мемлекеттік құрылымын талдап, Ақпан революциясының оқиғаларын сипаттайды. ХХ ғ. басындағы Ресей тарихында зиялы қауымның орны мен рөліне, тарихи миссиясына, партия мен либералдық қозғалысқа талдау жасауы көңіл қоярлық тұжырым. Мұндай еңбектер бізге Ресейдегі саяси оқиғалардың шет аймаққа әсеріне талдау жасауға аз да болса көмегін тигізді.
Алаш тарихнамасына талдау жасау біздің зерттеу нысанамызға жатпайды. Біз Г.Н. Потанинге қатысты дүниелерді оның өз еңбектерінен ғана алдық, сондықтан оны дерек ретінде қолданғандықтан тарихнамалық талдауға енбейтіні белгілі. Ал Г.Н. Потанин мен Алаш зиялыларының қарым-қатынасы туралы арнайы зерттеулер жоқ.
ХХ ғасырдың басы – қазақ қоғамының рухани тұрғыдан серпіліп, ұлттық сананың оянған кезеңі болды. Ұлт қамын ойлаған қазақтың зиялы азаматтары адамзат тарихының көшінен қағаберіс қалып, бейқам жатқан елдің тығырықтан шығар жолын іздеп, шарқ ұрды. Одан шығудың бірден-бір негізгі жолы – «өнер-білімге тартылып, алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылу» деп біліп, ағартушылық идеясын, ұлттық сананы көтеру идеясын ұстанды. Бұл жолда ұлттық мәдениеттің, әсіресе тілдің алар орны ерекше болатынын терең түсінді. Осыған байланысты Ә.Бөкейханов: «Қазақтың ұлт болып, өркениетті ел қатарлы өмір сүруі үшін, ең алдымен, халықтың сана-сезімін оятатын жағдай тудыру керек, қазақтың ұлттық тілін, әдебиетін өрістету керек», – деп жазды.
Тіл тазалығына мән бермейтін немқұрайдылықтан, тілін білмегеніне арланбайтын намыссыздықтан сақтанудың, олардың алдын алудың бірден-бір жолы – ұлттық рухты ояу, ұлттық кодты сақтау Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, «Қазақ тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ... Әр халықтың тарихында есімі мәңгі өшпестей ел жадында сақталатын тарихи тұлғалар болады». Сондай тұлғаларымызды үлгі етіп, ұлттық рухты ояту қажет. Қазақтың терең тарихын білген ұрпақ ешқашан тіліне селқос қарамайды, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек еткен қазақ тарихындағы тарихи тұлғаларды мақтан етіп, өз елінің патриоты болады. Тарихтан тағылым ала отырып, болашағының жарқын болуы үшін де өз үлесін қосуға тырысады. Елбасымыздың: «Тарихты жеңіл-желпі аңыз сөздердің жиынтығы деп қарайтын адамдар шынында да тарихтан тағылым ала алмайды. Өткенге қарап, ертеңіңді түзе!» – деген сөздерін әрдайым жадымызда ұстауымыз керек.
«Шора» журналының 1913 жылғы 4-санында жарияланған «Қазақша сөз жазушыларға» атты мақаласында А.Байтұрсынұлы қазақ тілінің фонетикалық, морфологиялық ерекшеліктерін басқа түрік тілдерімен салыстыра келіп: «Растыққа жүгінсек, түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта... ХХ ғасырға шейін түріктің тілін аздырмай, асыл қалпында алып келген тіл турасындағы абырой мен алғыс қазаққа тиісті. Атаның аздырмай берген мүлкін, қолымызға алып быт-шытын шығарсақ, ол ұнамды іс болмас», – деп тұжырым жасаған еді. 2013-2016 жылдары Қытай Халық Республикасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университетінде дәріс оқығанымызда университеттің студенттері мен магистрант-докторанттары тіл тарихы, көне түркі тілі, жазба ескерткіштер тілі бойынша филология ғылымдарының докторы, профессор Еркін Ауғалидің дәрістерінде ескерткіштердің тіліндегі көптеген сөздер басқа ұлттарға (оның ішінде түркі халықтарының өкілдеріне де) түсініксіз болып, қиындық тудырып жатқанда қазақтар оларды жатсынбай, бірден ұғатынын, ол сөздердің етене жақын таныс болып шығатынын айтып, бойларын мақтаныш сезімі кернейтінін әңгімелеп берген еді. Қазақ тілі мен көне түркі жазба ескерткіштерінің тіліндегі ұқсастық, сабақтастық – ұлтымыз үшін зор мақтан деп білеміз. Ол да – ұлттық кодтың негізі. ХХ ғасырдың басында Мағжан Жұмабаев: «Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ. «Түрік тілімен сөйлейміз» деген түрік балалары күндерде бір күн айналып қазақ тіліне келмекші, қазақ тілін қолданбақшы. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына біздің иманымыз берік», – деген еді. Осы ойды қазіргі кезде Өзбекстанның танымал ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ортатүрік халықаралық институтының директоры Б.Каримов еңбектерінен де кездестіруге болады.
Ұлт көшбасшысы «Ұлттық бірегейлікті сақтау», «Ұлттық жаңғыру» деген ұғымдар ұлттық сананың кемелденуін білдіретінін ескерте келіп, ол үшін ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту, ұлттық болмыстың өзегін сақтау қажеттігін атап өткен болатын. Бұл орайда ұлттық болмысымыздң тарихы тереңнен бастау алатынын байқаймыз.
А.Байтұрсынұлы: «...Қазақ тіліндегі сөздердің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдану болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді және сол сөздерді сөйлем ішіне орын-орнына дұрыстап қоя білуді айтамыз», – деген еді [Байтұрсынұлы А. Ақ жол. - Алматы, Жалын, 1991, 369-б.]. Расында да, қазақша сөйлеушілердің бәрін бірдей қазақша дұрыс сөйлеп тұр деп қабылдай беруге болмайды. А.Байтұрсынұлы шығарма сөзінің өңді, ұнамды болуы үшін сөз дұрыстығы, тіл тазалығы, тіл (лұғат) анықтығы, тіл дәлдігі, тіл көрнектілігі сияқты шарттардың ескерілуі қажеттігін айта келіп, сөз дұрыстығы үшін:
сөздердің тұлғасын, мағынасын өзгертетін түрлі жалғау, жұрнақ, жалғаулық сияқты нәрселерді жақсы біліп, әрқайсысын өз орнына тұтыну;
сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру;
3) сөйлемдерді бір-біріне дұрыс орайластырып, дұрыс құрмаластырып, дұрыс орналастыру керектігін көрсеткен еді [Байтұрсынұлы А. Ақ жол. - Алматы, Жалын, 1991, 350-б.].
Алайда бүгінгі таңда газет, журнал бетінде көптеген орынсыз қолданыстар, қате тіркестер орын алып жүр, бұл басылым беттерімен қатар радио, теледидар тілінде де жиі кездеседі. Мысалы, байланысты, орай, арқасында, кесірінен, салдарынан, қарай т.с.с. қолданысын жатқызуға болады: өкінішке орай, жауын-шашын салдарынан егін бітік шықты, жол апатының арқасында т.с.с. қолданыстар радио, бұқаралық ақпарат құралдарының тілінде кездесіп қалады. Орай, арқасында септеулігінің дұрыс, оңтайлы іс-әрекетке, қимылға, орайлы іске байланысты қолданылатыны, керісінше, салдарынан, кесірінен сөздерінің жағымсыз құбылыстарды бейнелеуде қолданылатыны, эмоционалды-экспрессивті бояуы төмен сөздермен тіркесетіні, тура келеді, мәжбүр болды тіркестерінің амалсыздан, лажсыздан болған қимылды білдіретіні т.с.с. көп жағдайда ескеріле бермейді.
Сол сияқты бүгінгі күні, биылғы жылы деген қолданыстар да тіліміздің заңдылықтарына қайшы. Себебі бүгін сөзі бұл күн, биыл сөзі бұл жыл сөздерінің кірігуі нәтижесінде пайда болған. Яғни, бүгінгі күн не биылғы жыл деген тіркестерде күн, жыл сөздері қайталанып, плеоназм орын алған.
Қазіргі кезде теледидарда да, жарнама тілінде де әр сенбі сайын, әр шығарған сайын, әр күн сайын т.с.с. сияқты қолданыстар жиі орын алып келеді. Әр сөзі тіркескен сөз сайын сөзімен тіркеспей-ақ тіркестің мағынасын бере алады. Мұндай плеоназмдық қолданыстар соңғы жылдары көбірек кездесіп жүр. Дұрысында: әр сенбіде, әр күні т.с.с. немесе сенбі сайын, күн сайын т.с.с. Қазақ тілінің нормаларына сәйкес әр, барлық, түгел сөзімен тіркескен сөз жекеше тұлғада келуі керек, алайда тілшілеріміздің әр күндеріңіз, әр минуттарыңыз, әр секундтарыңыз, барлықтарыңыз, түгелдеріңіз деген сөзқолданыстарын жиі естиміз.
Тіл заңдылықтарын белшеден басатын мұндай қолданыстарға бейжай қарауға болмайды. Себебі теледидар – дұрыс сөйлеу, сауатты сөйлеу әдебін танытатын, дұрыс сөйлеу нормаларын қалыптастыратын бірден-бір жол болуы тиіс. Бұл орайда академик Р.Сыздықова: «Радио, теледидар және баспасөз сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының тіліне арнайы көңіл аудару да тіл мәдениеті шаруаларының бірінен саналады. Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі деген, олардың сөз таңдап жұмсау әрекеттерінен бастап, орфографиялық, орфоэпиялық нормаларды дұрыс қолдануларына назар аударылады. Бұлар өзгелерден екі есе көп жүк арқалайды: бірі – күнделікті газет-журналдар, сахна өнерпаздары, радио мен теледидар қызметкерлері тіл мәдениеті проблемаларын көтеру, тілдік нормаларды берік сақтау сияқты мәселелерді тікелей насихаттауы, түсіндіруі, пікірталастар ұйымдастыруы болса, екіншісі – сахна мен радио, теледидар қызметкерлері орфоэпиялық нормаларды қалың көпшілікке үйретуші ұстаз болуға міндетті. Ал баспасөз қалың оқырман қауымның тілін ұстартып, жазу сауаттылығын көтеруге мейлінше зор қызмет етуге міндетті, – деп жазған еді [Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы. - Астана, Елорда, 2001. - 36-б.]. Тілдің нәзік иірімдерін сөз бағасын білетін, қазақ тілінің заңдылықтарын шебер меңгерген жандар анық білетіні белгілі. Кезінде А.Байтұрсынұлы: «Нәрсенің дәл санын білуге сұрағанда неше? деп сұраймыз. Мәселен: «Неше кісі келеді?» – «Үш кісі келеді». Нәрсенің дәл санын білуге емес, шамасын ғана білуге сұрағанда қанша? деп сұраймыз. Мәселен: «Қанша күн жүресің?» – «Үш-төрт күн жүремін» [Байтұрсынов А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. - Ташкент, 1918], – деп жазған еді. Ғалым ойлары кейін М.Балақаевтың еңбектерінде де сабақтастық тапқан. Алайда қазіргі кезде неше? қанша? Сұрау есімдіктері синоним ретінде, бірінің орнына бірі қолданылып келеді. Соның салдарынан тілімізде қаншаншы (Қаншаншы сыныпта оқисың? Қаншаншы орын алды?), қаншауы (Қаншауы келді? Қаншауын аламыз?) т.с.с. қазақ тілінің нормаларына қайшы қолданыстар етек алып барады. Сол сияқты Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінде жиырма сөзінен жасалған реттік сан есім бүгінгідей жиырмасыншы түрінде емес, жиырманшы түрінде берілген: Ретін көрсететін сөздер; мәселен: бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы, миллионыншы. Бұлар реттік деп аталады
[Байтұрсынов А. Тіл – құрал. Сөз жүйесі һәм түрлері. ІІ тіл танытқыш кітап. 4-басылуы. Орынбор, 1924].
10) Жұрнақ «ншы». Бұл жұрнақ жуан сөзге жалғасса, жуан айтылады, жіңішке сөзге жалғасса, жіңішке болып айтылады. Мәселен, бірінші, екінші, үшінші, төртінші, бесінші, алтыншы, жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, жиырманшы, отызыншы, қырқыншы, елуінші, алпысыншы, жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы, жүзінші, мыңыншы [Байтұрсынов А. Тіл – құрал (қазақ тілінің сарфы). Бірінші жылдық. - Ташкент, 1918].
Дұрысында, қазақ тіліндегі реттік сан есім тудыратын жұрнақ дауыссыз дыбыстардан соң -ыншы/-інші түрінде жалғанғанмен, дауысты дыбыстардан кейін жалғанғанда қатар келген екі дауыстының бірі түсіп қалады: екінші, алтыншы, жетінші т.с.с. (екісінші, алтысыншы, жетісінші емес). Осы үлгі бойынша жиырма сөзіне де жұрнақ жалғанғанда жиырманшы түрінде жалғануы тиіс. Бұл орайда тіліміздің заңдылықтарын жетік білетін Ахмет Байтұрсынұлы сынды ғалымдарымыздың тұжырымдарын әрдайым есте ұстау қажет деп білеміз. Профессор Хайролла Нұрмұқановтың сөзімен айтсақ: «...Сөз қуаттылығы ой зергерлігіне байланысты. Ондай ой сөзін қашан да сарыла талғап, жаңылмай таңдап шығарып отырады. Бұлай болмағанда, талғамсыз қолданылған сөзден жанымыз еркін еміреніс не терең тебіреніс табуы мүмкін емес» [Нұрмұқанов Х. Сөздің де сұрауы бар. Шығармаларының үш томдық жинағы. - 3-том (мақалалар, естеліктер). – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2010. 3-б.]. Теледидар арқылы беріліп жатқан, көшеде ілулі тұрған жарнамаларда қазақ ұғымына жат қолданыстар жиі орын алады. Мысалы, тіркесе алмайтын сөздерді қатар қою: Сүйікті кофенің қанық дәмінен рахат аламын... Таңғы астың 15 минутын Президент сүзбесіне арнаймын... Дәмі жұмсақ және қанық келеді... Әлемдегі ең көңілді ботқаны мен ғана білем... Дұрысында, қанық сөзі дәмге қатысты емес, түске қатысты қолданылады. Қазақ тілінде үнемі болымсыз тұлғада ғана қолданылатын және әрдайым болымды мәнде ғана қолданылатын арнаулы тұлғалар бар. Болымсыздық есімдіктері әрдайым болымсыз тұлғадағы сөздермен тіркеседі, керісінше, әрдайым, әрқашан, үнемі т.с.с. сөздер болымды тұлғада келеді. Сол себепті жарнама тіліндегі Олай әрқашан бола бермейді... сияқты қолданыстар тіл заңдылығын бұзып тұр.
Жарнама тіліндегі қазақ тілі заңдылықтарының бұзылған тұстарының бірі ретінде сан есіммен, көп, бірнеше, әлденеше т.с.с. сөздермен тіркескен сөзге көптік жалғауының жалғануын (100 мыңға жуық тұрғындар, отыздан астам жылдар бойы) атауға болады. Сол сияқты қазіргі кезде ән шырқайтын болады, берілетін болады сияқты қолданыстарды жиі естиміз. Орыс тіліндегі буду ходить, буду читать сияқты тіркестер қазақ тіліне келемін, оқимын түрінде аударылуы керек. Себебі -а/-е/-й көсемше тұлғалы етістік келер шақ (ауыспалы келер шақ) мағынасын бере алады. Сондықтан оған әрдайым бол көмекші етістігін тіркестіре берудің қажеті болмайды. Мұның бәрі қазақ тілінің нормаларын белден басып, орыс тілінен сөзбе-сөз аудару салдарынан пайда болған.
Үйлену тойларында тост берілген кезде: «Екі жас бақытты болсын!» дегім келеді», – деп тілек айтушыларды жиі кездестіреміз. Қолына микрофон беріліп, елдің бәрінің назары өзінде болған кезде тілегін айта бермей ме? Үйден шыққан кезде «осылай тілек айтсам» деп ойын жинақтап жатса, – бір жөн. Бұл да орыс тілінің үлгісімен хочу сказать, хочу пожелать сияқты қолданыстарды сөзбе-сөз аудару нәтижесінде пайда болған. Қазақша дұрысы: «Екі жас бақытты болсын!» емес пе? Қазақы танымға да, ділімізге де, дінімізге де сәйкес келмейтін, соңғы кездері жиі қолданылып жүрген тіркестер ретінде «Алланың назарында болсын!», «Алланың құлағына шалынсын!» деген тілектерді атауға болады. Діни түсінікте Алла бәрін көруші, естуші, бүкіл адамзат, ғаламзат атаулы ешқашан Алла тағаланың назарынан тыс қалуы мүмкін емес. Алланың көркем есімдерінде де осы белгілер айқын көрсетілген. Ендеше, мұндай қолданыстарға абай болу керек.
Орыс тіліндегі и шылауының орнына үнемі және жалғаулығының қолданылуы (Аспандағы жұлдыздар сутегі және гелийден тұрады, Карамель және орман жаңғақтары //Тоффи) да тіліміздің нормаларына сәйкес келе бермейді. Қазақ тілінде және жалғаулығымен қатар мен, да/де, әрі, үтір, көсемше тұлғалары қолданылады (ескеріледі және жазылады емес, ескеріліп, жазылады, көреді және келеді емес, көреді де келеді т.с.с.). Бірыңғай мүшелер қатар келген тұста және ең соңғы мүшеден бұрын келеді. Бірыңғай мүшелер етістіктен болған жағдайда және шылауының орнына да/де немесе көсемше тұлғалары қолданылады немесе үтір қойылады. Сол сияқты сын есім әрі, да жалғаулықтарымен (сұлу әрі мінезді, сұлу да сымбатты) келеді. Сол сияқты қысқарған сөздерде және шылауын (Білім және ғылым министрлігін – БжҒМ, Автоматтандыру және басқару жүйесі дегенді АжБЖ түрінде т.с.с.) қысқартудың еш қажеттігі жоқ. Себебі бұл сөздер – өзара салалас байланысқа құрылған, және шылауын үтірмен алмастыруға да болады. Сол себепті қысқартып жазған кезде және шылауын қысқартудың да, үтір қоюдың да қежеті жоқ. Орыс тілінің ықпалымен сұраулық шылауларды қолданбау да жарнама тілдерінде де, жастардың сөйлеу тілінде де белең алып келеді (Био-С па? дегеннің орнына Био-С?). Дұрыс сөйлеу нормасы бойынша, ІІІ жақтағы жіктік жалғаулы сөзден кейін сұраулық шылау келетін болса, жіктік жалғауы түсіп қалады. Мысалы: келеді ме? емес, келе ме? айтады ма? емес, айта ма? т.с.с. Тіліміздің бұл ерекшелігіне тележүргізушілер де, радио тілшілері де, аудармашылар да мән бермей жатады. Сол сияқты қазіргі кезде жарнама тілінде ырықсыз етіс тұлғалары жиі қолданылатын болы. Денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған түрінде беріліп жүрген жарнама дұрысында Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдаған болуы керек. Бұл да – орыс тілінің әсері. Теледидар арқылы берілген жарнамалардағы Ана сүтінің алмастырушысы болып табылмайды; Бояу түсім ұзағырақ сақталады; қалыптастыруға ықпал етеді; Шексіз ләззаттың кішкентай бөлігі; Әлсіз шаш маған тән емес; Күтпеген ауа райы; 10 күнге дейін айнадай жылтырау; Айнадай жылтырауды бекіту үшін... ұсынамыз; Таңғаларлық төмен баға т.с.с. қолданыстарды көргенде, Ахмет Байтұрсынұлының мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Халық өмірі бір жылдап, он жылдап, хәттә жүз жылдап та емес, мың жылдап саналады. Сондай ұзақ өмірінің ішінде һәр халықтың дағдылы тұтынып келе жатқан сөздері, ол сөздерінің біріне-бірі жалғасып тізілетін дағдылы жолы, жүйесі, қисыны болады. Һәр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде һәм сондай басқалық болады. Біздің жасынан орысша я ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды я жазса да, қиындықпен жазады. Себебі – жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық. Орысша оқығандар орыс сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Ноғайша оқығандар ноғай сөзінің жүйесіне дағдыланып үйренген. Қазақ сөздерін алып, орыс я ноғай сөзінің жүйесімен тізсе, ол нағыз қазақша болып шықпайды» [Байтұрсынұлы А. Ақ жол: өлеңдер мен тәржімелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. 142-б.].
Тележүргізушілер мен тілшілеріміз -у керек тұлғасымен келген тіркестерді айту керекпіз, білу керекпін т.с.с. түрде жиі қолданады. Дұрысы – айтуымыз керек, білуім керек. Сол сияқты отырмыз, жүрміз деген сөздердің орнына сөйлеу тіліне тән отырық, жүрік, жатырық т.с.с. қолдану белең алып барады. Бұл, әрине, тілдік норманы, сөйлеу әдебін білмеуден туған қателіктер. Сол сияқты орыс тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп, төрайым түрінде қолданады. Дұрысында, қазақ тілінде төраға сөзі ер адамға да, әйел адамға қатысты да қолданыла береді. Сонымен қатар аға ғылыми қызметкер деген тіркес бар да апа ғылыми қызметкер немесе әпке ғылыми қызметкер т.с.с. қолданыстар жоқ. Сондықтан мұндай сөздерде әйел не ер адамға қатысты жіктеудің қажеті шамалы.
Профессор Хайролла Нұрмұқанов 1968 жылы «Баспасөз және тіл мәдениеті» деген тақырыпта өткізілген республикалық конференцияда М.Ғабдуллиннің С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті, В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институты атауларына байланысты: «Киров атында да, Ленин атында да қазақ жоқ, болмайды да. Сондықтан бұл оқу орындары Қазақтың С.М.Киров атындағы, Қазақтың В.И.Ленин атындағы... болып дұрыс аталуы тиіс», – деп анықтайтын сөз бен анықталатын сөздің орындарын шатастырмау қажеттігін ескерткенін айта келіп: «Содан бері 35 жылға жуық уақыт өтсе де, қатенің бұл түрінен әлі күнге арыла алмай келеміз», – деген еді. Бұл мәселе бүгінгі таңда да әлі өзекті күйінде қалып отыр. Оған төмендегі жоғары оқу орындарының қазақша атауы дәйек бола алады: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті, Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университеті, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты т.с.с. Сол себепті М.Ғабдуллин, Х.Нұрмұқанов сынды біртуар ғалымдарымыздың ескертулеріне мән беріп, жоғары оқу орындарының атауларын қазақ тілінің заңдылықтарына сәйкестендіріп, біріздендіретін уақыт келді деп есептейміз. Әсіресе Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты атауындағы мемлекеттік қыздар тіркесі құлаққа түрпідей тиеді, еріксіз «мемлекеттік қыз, мемлекеттік емес қыз деген кімдер?» деген сұрақ ойға келеді. Бұл орайда ғалымның 8 наурызға қатысты «Әйелдердің халықаралық «сорты» жоқ. Сондықтан 8 наурызды «Әйелдердің халықаралық күні» деп дұрыс сипаттағанымыз жөн», – деген тұжырымдары да [Нұрмұқанов Х. Сөздің де сұрауы бар. Шығармаларының үш томдық жинағы. - 3-том (мақалалар, естеліктер). – Қарағанды: Болашақ-Баспа, 2010. 296 б.] назар аударарлық. Бұл күнді «Арулар күні» тіркесімен алмастыруға болатын сияқты. Себебі бұл мейрамды мектеп оқушылары да, үлкен-кіші бірдей атап өтеді. Сондықтан тіліміздің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, экспрессивті сөзқолданыстармен алмастыру қажет деп есептейміз.
Сол себепті теле-, радиожүргізушілерге, әншілерге, әртістерге қазақ сөздерін дұрыс айту, сөйлеу әдебі, тілдік норма бойынша арнайы дәрістер ұйымдастыру қажет деп есептейміз. Бұрын Кеңес заманында ондай сабақтар өткізіліп тұрған екен, сол үрдісті қайта жалғастыру қажет. М.Әуезовтің: «Кімде-кім ана тілін, әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды», – деген сөзін әрдайым ескеруіміз қажет. Бұл орайда «Бұқаралық ақпарат құралдарының бәрінде бірдей тілдік норма бұзылып жатыр» деген ойдан аулақпыз. Қазақ радиосынан берілетін Қошан Мұстафаұлының, Темірхан Момбеков, Оңғарбек Құралұлы, Бақыт Жағыпар, Нұржамал Жаңабаева сияқты журналистердің хабарларын тыңдап, тұщынып, сүйсініп отырамыз. «Қазақстан» телеарнасынан берілетін «Дара жол» бағдарламасындағы Дана Нұржігіттің әр сөзіне көңіліміз толып, риза боламыз. Тіліміздің бай, шұрайлы, көркем тіл екені – дау тудырмайтын ақиқат. «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» деп аталатын он бес томдық түсіндірме сөздік жарық көрді. Түркі елдерінің ешқайсысында да мұндай деңгейдегі сөздік жоқ. Сол сияқты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қазақтың бай ауыз әдебиетi үлгілері жинақталып, «Бабалар сөзi» сериясы бойынша 100 том болып басылып шықты. 2013 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінің» негізінде әрі толықтыра отырып, «Қазақ сөздігі» деген атпен 106 000 бірлік қамтылған бір томдық түсіндірме сөздік құрастырып шығарды. Бұл тіліміздің байлығын, тарихымыздың тереңге тартатынын көрсетеді. Алайда қазіргі кезде жастар, жеткіншектер кітап оқудан қалып барады. Сол себепті қисса-дастандарды, батырлар жырын тұшынып оқымайды. Тіпті сондай шығарманың бар екенін де бейхабар. Шетелдік туындыларды, солардың негізінде түсірілген фильмдерді жақсы білгенмен, ұлағаты мол, ұлттық болмыстан, салт-дәстүрімізден көп мағлұмат беретін төл туындыларымызды оқымайды. Оның үстіне сол шығармалар желісінің негізінде фильмдер түсіріп, көпшілікке тарату, жастарға танытуға құлықсыздық танытып отырған жайымыз бар. Әрине, түптеп келгенде, барлығы қаржыға тіреледі. Сондықтан ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, төл тарихымыздан, төл мәдениетімізден мол мағлұмат беретін дүниелерді жарыққа шығаруға көп қаржы бөлінуі, өз деңгейінде көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Мағжан Жұмабаевтың: «Тіл – адам жанының тілмәші. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрымақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті», – деген сөзін әрдайым жадымыздан шығармауымыз керек.
ХХ ғасырдың басы қазақ тарихына ұлы өзгерістер әкелді. Олардың ішінде ұлтты ұлықтағандары да, ұлттық қасіретіне айналғандары да бар. ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялыларының ой пікірінің өрлеуі 1905 жылғы бірінші орыс ревалюция идеяларының және сол кездегі ықпалмен, мұсылмандық қозғалыстар негізінде қалыптасты. Аталған 1905 - 1907 жылғы бірінші орыс ревалюциясы қазақ даласындағы ұлттық қозғалысының бел алуына өз ықпалын тигізді. Ә. Бөкейханов 1910 жылы жарық көрген «Қырғыздар - қазіргі мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың түрлері» атты әйгілі мақаласында 1905 жылдан бастап қарқын алған қазақ азаттық қозғалысында екі саяси бағыт қалыптасып жатқандығын, оның бірі батысшылдар, яғни қоғам дамуына батыс жетістіктерін үлгі тұтушылар, ал екіншісі қазақтарды бүкіл мұсылмандармен біріктіруге ұмтылған ұлттық - діни, түрікшіл бағыт екендігін көрсетеді.
ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейдің мұсылман халықтарын оятуды мақсат еткен кітап, газет - журнал түріндегі басылымдар көбейді. 1910 жылдардағы аумалы төкпелі кезеңде қазақтардың саяси өміріне бағыт бағдар берген «Қазақ» газеті 1913 жылдың басында шыға бастады. Кейіннен Алаш партиясының ресми баспасөз органына айналған бұл газетті Думаның бұрынғы мүшесі Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов басқарды. Сол дәуірдің алдыңғы қатарлы үш зиялысы газетке бағыт бағдар беріп отырды. М. Шоқайдың да үлестерімен газет 1916 жылғы көтеріліс, Ақпан және Қазан төңкерістері секілді маңызды саяси оқиғаларда қазақ халқының мүддесін қорғау ісінде маңызды рөл атқарды. М. Шоқайдың ой санасының өсіп жетілуіне Ә. Бөкейханов жіті көңіл бөлгені күмәнсіз. Ә. Бөкейхановтың ілтипатына іліккен З. Тоған мен М. Шоқай 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін алдынғы қатарда жұмыс істеді. Ресейде білім алған ұлт зиялылары қазақты еуропа жолымен алып жүреміз, татарға қоңсы қондырмаймыз деген ағымның басында Ә. Бөкейхановпен, А. Байтұрсынов болды, ал «Ислам түрік туының астына жиналамыз» деген ағым Орал, Торғай оқығандарында күшті болды. Бұл ағым «Айқап» журналында бет алды. (1911 жылдан бастап шыққан «Айқап» журналы қазақ қоғамдық өміріндегі тұңғыш ықпалды журнал еді, сонымен қоса қазақ тілінде ұлттық рухты көтерген алғашқы журнал болды.)
Осы екі ағым ақпан төңкерісіне дейін келді. Сондай - ақ К. Кемеңгерұлы ағымға бөленген ұлттық интелегенцияның қызметіне мынандай баға береді. Бұдан былай қазақ оқығандарының арасында екі ағым анық айырылды. 1) Ә. Бөкейханов тобы күнбатыс мәдениетін жастанып, панисламизм рухынан аулақ қазақ ұлтын жасамақшы болды. 2) Бақытжан Сейдалин, Жаһанша тобы ислам дүнесінен қол үзбей, қазақты ислам туының астына жинамақшы болғанын өз зерттеулерінде келтіреді. ХХ ғасырдың басында Ресей қалаларында білім алып, орыстың алдыңғы қатарлы мәдениеті мен саяси ықпалын сезінген қазақ зиялылары кейбір оппозициялық партиялардың ықпалымен Қазақстанда саяси ой пікірді дамытып, демократиялық идеяларды насихаттай бастады. Қазақ зиялыларының саяси көзқарастарының қалыптасуына әсіресе кадеттер партиясының әсері болды және кадеттер партиясының өзі қазақ зиялылары тарапынан қолдау тапты. Қазақ зиялылары кадет партиясы құрамына еніп, мүшелікке өтіп, бағдарламасын мойындады. Қазақ зиялыларының рухани жетекшісі Ә. Бөкейханов 1906 жылы кадеттер партиясының Орталық комитетіне мүше болып сайланды. Осыған байланысты С. Асфандияаров былай деп жазды: «Қазақтың буржуазиялық интелегенттері орыстың буржуазиялық интелегенттерімен одақ болды және Ә. Бөкейханов кадет партиясының кіндік комитетінің мүшесі болды. І, ІІ Мемлекет Думаларына қазақ атынан депутат болып сайланған Ә. Бөкейханов, М. Тынышбаев, А. Бірімжанов тағы басқа кадеттер басқарған прогриссивтік блокқа кірді. Партиясыз «мұсылман фракцясы» деген де болғанын көрсетеді. Кадет партиясының бағдарламасында парламенттік басқару жүйесінің негізгі идея ретінде көрініс табуы қазақ зиялыларын өзіне тартты. Қазақ оқығандары парламенттік басқаруға үміт артып, оның болашағын қазақ мемлекеттілігі идеясымен байланыстырды. Осы мақсатта 1905 жылы желтоқсанда Ә. Бөкейханов басшылығымен Орал қаласында кадет партиясының қазақ қоғамындағы филиялы құрылды. Кадеттер партиясының идеясын ұстанған қазақ зиялылары Ресейде парламенттік, конституциялық жолмен мемлекет арқылы болашақта республикалық мәртебесі бар ұлттық автономияға қол жеткізуді көздеді. Алайда бұл мәселе тек идея түрінде қалып қойды. Себебі 1905 жылдан бастап кадет партиясының басшылары Ресейдің мемлекет тұтастығын сақтау мақсатында біртұтас теңдік және мәдени автономия ғана беруді ұсынды. Мұндай ұсыныс кадет партиясының шет аймақтардағы қолдаушыларына ұнамады. Партияның Қазақстандағы филиялының мүшелері мәдени автономияға үзілді кесілді қарсы шықты. Ә. Бөкейханов кадет партиясының автономия, жер мәселесіне байланысты бағдарламалары мен пікірлеріне наразылық білдіріп, оның құрамынан шығып кетті. Өз ойын Ә. Бөкейханов осыған орай «мен кадет партиясынан неге шығып кеттім?» деген мақаласында мұны былай түсіндірді: «Кадет партиясы жер адамға меншікті болып берілсе жөн дейді. Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса, башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып, жалаңаш шыға келеді. Кадет партиясы Ұлт автономиясына қарсы. Біз Алаш ұранды жұрт жиылып Ұлт автономиясын тікпек болдық».
Төңкеріс арқылы саяси билікке жету, социализм орнату идеясын ұстанған большевиктер партиясысының саясатын қазақ зиялылары қолдамады. Сондықтанда олар өздерінің ұлттық демократиялық мемлекет құру идеясын іс жүзіне асыру мақсатында 1917 жылы «Алаш» партиясын құруға белсене кірісті. Ал автономия құру идеясы қазақ зиялыларының ұзақ жылғы саяси күрестерінің, үздіксіз идеялық іздерістерінің нәтижесі болғаны анық. Қазақ зиялыларының ұлт азаттығы жолындағы күресі жаңа құқықтық мағынаға ие болып отырды. Бұл жағдайды Ресейдің отарлау аппаратының шенеуніктері де түсіне білді. Мысалы мына құжаттағы дерек осының дәлелі бола алады: Ж. Ақбаев граф Паленге жазған хатында «Сіздің Қарқаралы республикасының Президенті болғаныңыз рас па?...» деген сұрақтың өзі Ж. Ақбаевтың демократиялық республика құру идеясын насихаттағандығы туралы айтуға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |