Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар:
- орыс зиялылар мен қазақ зиялыларының көзқарасы Алаш автономиясы және Сібір автономиясы бойынша біркелкі болған жоқ.
- Г.Н. Потанин мен Сібірдегі саяси топтар өз жерінің патриоты болды;
- Ш. Уәлиханов Г.Н. Потаниннің көзқарасының қалыптасып, ғылыми зерттеулермен тыңғылықты айналысуына ықпал жасады;
-ХІХ ғ. қазақ зиялыларының өкілі Мұса Шорманов пен Г.Н. Потанин арасында шығармашылық, ағартушылық байланыстың елге пайдасы болды;
- Г.Н. Потаниннің Қазақстанды зерттеуіне қазақ зиялылары үлкен үлес қосты;
- Оның Орталық Азияны зерттеуі шығыстану ғылымына мол мәлімет берді;
- Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының қарым-қатынастары өзара жазысқан хаттары арқылы анықталды.
Жұмыстың сыннан өтуі. Зерттеудің негізгі тұжырымдары бойынша Астана, Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар қалаларында өткен халықаралық және республикалық конференцияларда баяндалды.Зерттеу тақырыбының мазмұнына сәйкес 32 мақала Білім және ғылым саласындағы қадағалау мен аттестаттау комитеті тізіміне енген Қазақстан, Ресей және Қырғызстан ғылыми басылымдарында жарияланды.
Диссертация қолжазбасы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Қазақстанның жаңа заман тарихи бөлімінің кеңейтілген мәжілісінде талқыланып, қорғауға ұсынылды (хаттама № 8 «10» маусым 2008 жыл).
Зерттеу жұмысының ғылыми және тәжрибелік құндылығы. Г.Н. Потанин мен қазақ зиялыларының саяси-қоғамдық және рухани байланыстарының тарихи тамырларын арнайы зерттеу арқылы тарихи тұлғалардың мұрасы жөнінде теориялық және методологиялық негіз жасауға мүмкіндік беретін ғылыми еңбек жасалмақ.
Зерттеу барысында көтерілген мәселелер Қазақстан тарихын жете тануға ерекше мән беретін оқырмандарға өткен тарихымызды, ондағы тұлғалардың, зиялылардың өмірі мен қызметін жаңаша саралауына септігін тигізеді. Зерттеу жұмысының тұжырымдамаларын Қазақстан тарихын танып білгісі келетіндерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу орындарының ізденуші, аспиранттары мен студенттеріне, тарих факультетінде дәріс алатын болашақ зерттеушілерге арнайы курстар мен семинар сабақтарында пайдалануға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |