Жұмыстың құрылысы. Жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, және библиографиялық көрсеткіштен тұрады.
Бірінші тарауда Россияның қазақстанды толық жаулап алғаннан кейін жүргізген реформаларынан кейінгі қазақ арасындағы оқу-ағарту ісінің дамуындағы өзгерістер мен олардың салдары қарастырылған.
Екінші тарауда қазақстандағы оқу-ағарту ісінің даму бағыттары, олардың мазмұны ашып көрсетілген.
үшінші тарауда ұлттық рухы оянған қазақ зиялы қауымының тәуелсіз білім беру жүйесін құру үшін күресі барысында этнопедагогика ғылымын қалыптастырғаны, А.Байтұрсыновтың, М.Дулатовтың, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, Х.Досмұхамедовтың этно-педагогика ғылымына қосқан жаңалықтарын ғылыми тұрғыдан сараладық.
қорытындыда жұмыстың негізгі қол жеткен қағидалары, олардың қазіргі кездегі маңызы атап өтіледі.
Бірінші тарау.
1867-1868 жылдардағы патша үкіметі жүргізген реформалардың қазақстандағы ұлттық білім беру жүйесіне әсері
Россияның 1854-1856 жж. қырым соғысынан жеңілуі крепостниктік правоның жойылуына және буржуазиялық қатынастардың кең қанат жаюына әсер етті. 1864-1880 жылдар аралығында жүргізілген буржуазиялық қайта құрулар білім беру жүйесін де қамтыды. Білім беру жүйесіндегі өзгерістер Россияның отарлық саясатындағы жаңа кезең- Орта Азияны жаулап алумен және қазақстанның толық орыс боданына айналуымен тұспа-тұс келді.
1867-1868 жж. әкімшілік реформа қазақстан толық Россия қармағындағы территория және барлық жер патша жері деп жарияланды. Жаңа әкімшілік жүйенің енгізілуі жергілікті кадр дайындау мәселесін де күн тәртібіне қойды.
Сондықтан да енді отар елдерде белгілі бір мақсатқа негізделген білім беру жүйесін құруды қолға ала бастады. Мектеп ашу арқылы бодандарына білім беру өркениетті әр елдің міндеті болса керек. Одан Ресей империясының да қалыспағаны байқалады. Мектеп, оқу арқылы олар бодан елдерге өз ықпалын күшейтіп, ұрпақ атаулыны уысында ұстау ниетін баса көздегені сөзсіз.
Алайда Орта Азия мен қазақстанды мекендеген халықтардың ерте заманнан келе жатқан дәстүрлі оқу жүйесін мектеп және медреселер құрағаны баршамызға мәлім. Бұл жүйе өзінің мазмұны жағынан мұсылман дініне негізделді. Араб және парсы тілдеріндегі діни пәндер үстем болған жағдайда мектеп – медресе жүйесі жергілікті халықтар арасындағы діни – рухани тұтастықты сақтап, оны ары қарай нығайтатын бірден-бір күшті құралға айналды.
Кеңес өкіметі тұсында жазылған әдебиеттерде дәстүрлі оқу орындарының дағдарысын әсірелей суреттеу басым болды, олар тек діни фанатизм, кертартпалық тарататын орындар болып есептелінді.
Шындығында, мұсылман мектептері мазмұны мен оқыту тәсілдерінің бірыңғай болуына байланысты жергілікті Түркістан халықтарын діни-рухани негізде біріктіретін күшті құрал болғанына баса назар аудару қажет. Осы бір күрделі тарихи жағдайда мұсылмандық факторға үлкен қауіппен қарап, оның отаршылық жүйеге қарсы күш екенін түсінген патша өкіметі мектеп-медреселерді құрту мақсатында үлкен шаралар қолданады. Мысалы, өлкені зерттеп барлау жұмыстарын жүргізген өлкетанушылар: "біз әсіресе жергілікті ру-тайпалар мен ұлттардың ислам негізінде бірігіп іс-әрекет жасауынан сақтануымыз керек",- деп шешеді. Сондықтан мектеп-медреселерге қарсы күрес түрлі айла - тәсіл арқылы жүргізіледі. Бұларды тек фанатизм, қараңғылық ордасы етіп көрсетіп, осы тұрғыда насихат жүргізу қолға алынады. Оларды үкімет тарапынан қаржыландырмау, қолдамау, қайта олардың бастан кешіп отырған обьективтік дағдарысын одан әрі тереңдетіп, ақыры мүлде жойылуын тездету көзделеді. Мектеп не медресе ашу үшін арнайы кеңселерден міндетті түрде рұқсат қағазын алу сияқты басы артық шаралар ойластырылады.Мәселен,1895 жылы 17 шілдеде қабылданған ережеде Түркістан өлкесінде медресе ашу үшін өз қаражаттарымен міндетті түрде орыс тілі оқытылса ғана рұқсат делінген".1 .Осындай кедергілер жасай берсе, діннің әлсіреп, үкіметтік оқу орындарының беделінің өсетінін түсінген. Патша өкіметінің бұл ойының жүзеге асқанына бәріміз куәгерміз.
қазақ даласында мұсылман дінінің нашар тарауы және территориялардың Россия қоластына әр түрлі кезеңде өтуі білім беру жүйесіне де әсер етті. Россияға ертерек қосылған территорияларда оқу ұяларын ашу мәселесі орыстардың ықпалымен жергілікті жердің өзінде көтерілген сияқты. Оған Жәңгір Бөкеевтің 1841 жылы Ордада мектеп ашуы, Өскенбай құнанбайұлының 1845 жылдың 3 қаңтарында Шекара басқармасынан мектеп ашуды сұрап, Уәлихан Шыңғысұлының сол жылы осы мәселемен өз болыстарын нұсқап жазған хаттары, Шорман Мұсасының 1853 жылы "қазақ балаларын Ресейдің кез - келген қаласындағы оқу орындарына түсуге рұқсат беру" жөніндегі өтініші дәлел.
қазақ жерінде өз қаражатына алғаш рет мектеп ашқан әйгілі Жәңгір хан екенін жоғарыда баяндадық. Мектеп өз шәкірттеріне есігін 1841 жылдың 6 желтоқсанында ашқан екен. Ол қазақ жастарын Орынбор кадет корпусы мен Ресейдің басқа да қалаларындағы оқу орындарына түсуге даярлап отырған. Мектеп ашуға күш салғанда Жәңгірдің өзі де осындай мақсатты көздеген. Оқу орыс тілінде жүргізілген. Бұған негізгі себеп – Жәңгір ханның орысшылдығы, жастайынан Астрахан губернаторы Андреевскийдің қол астында тәрбиеленгендігі әсер етсе керек.1 Жәңгір өлгенге дейін, тіпті одан кейін де үш жыл бойы мектептің бар шығыны ханның өз қаржысы есебінен өтеліп тұрыпты да, ол тек 1848 жылы ғана Халық ағарту министрлігінің қарамағына көшіріліпті.
Әрине, Ішкі Ордада мектеп ашуға патша әкімшілігі тек Жәңгір ханның көңілін қимағандықтан ғана рұқсат етті десек, қателескен болар едік. Мұның астарында қазақ жастары арасынан патшаға адал қызмет ететін сенімді шенеуніктер даярлап, солар арқылы елді ішке тарту, халықты біртіндеп, айла-шарғымен білтелеп отарлау сияқты зымиян саясат жатқаны айқын. Сонымен бірге патша өкіметі Бөкей ордасында мектеп ашу арқылы татарлардың қазақтарға тигізіп отырған ықпалын тежеп, бәсеңдету мақсатын да көздеген болуы ықтимал. Олай дейтініміз, Жәңгір ханның әйелін сағалаған татарлар ол тұста Ордаға көптеп келе бастаған. Осыдан келіп олар қазақтарды орысқа қарсы азғыруы мүмкін-ау деген күдік туып, мұның өзі патша әкімшілігін едәуір алаңдатқан сияқты. Содан болса керек, патша әкімшілігі Орда мектебін көзден таса қылмай қадағалап отырған. Мектептің оқу базасының нығаюына мұның пайдасы да тиген сияқты. Татар, башқұрт, қазақ мектептерінің инспекторы В.В.Катаринский мектепте оқулықтар мен оқу құралдары жеткілікті екенін, шәкірттер Ушинскийдің, Паульсеннің оқулықтарын, Ресейдің географиялық картасын пайдаланып жүргенін айта келіп, былай деп жазады: "Жоғарғы бөлімнің шәкірттері 4 жыл оқығаннан кейін Паульсеннің кітабындағы мақалаларды әжептәуір жақсы оқыды, оқығандарын өз сөздерімен айтып шығып, оны қазақшаға аударып бере алды және сол аударғандарын әріптермен таңбалап жазып шықты"…1
1850 жылы Орынбордағы Шекара комиссиясы жанынан қазақ жастары арасынан тілмаштар, іс жүргізушілер даярлайтын қазақ тіліндегі екінші мектеп ашылғанға дейінгі тоғыз жыл ішінде Жәңгір мектебі қазақ даласына білім сәулесін түнектегі жалғыз шамдай жеке-дара шашып келген. Әрине, оның жарығы білімге сусап отырған қалың көпке түгел түсті дей алмаймыз. Бірақ мектеп ұжымының осы жылдарда жастарды өнер-білімге баулуда, олардың көкірек көзін ашуда тындырған игілікті істері, жинақтаған тәжірибесі кейінірек ашылған оқу орындарының қай- қайсысына да мықты таяныш, үлкен тірек болғаны анық. Мектептің алғашқы оқытушылары Әминов пен К.Ольдекон болған. Мектепті үздік бітірген 8 бала 1845 жылы Орынбордағы Неплюев, кадет корпусына оқуға түсіп білім алды.
Патша 1844 жылдың 14 маусымында Орынбор шекара комитеті жанынан қазақ балаларына әртүрлі бағытта білім беретін мектеп ашу жөнінде ереже жариялайды. Осы ереженің негізінде алғашқы мектеп Орынборда 1850 жылы ашылыпты. Бұл мектептердің мақсаты "аға сұлтандар хат-шотын жүргізетін және тек қазақтардан ғана қойылатын болыстар тілмашын дайындау" болған. Тұңғыш мектепті 1857 жылы Ыбырай Алтынсарин бастаған 23 оқушы бітіріп шығады.
1860 жылы Орынборда қалалық қазақ мектебі ашылуы тиісті болады да, соның алғашқы меңгерушілік және мұғалімдік міндетін Ыбырайға жүктеу үшін оны шекара басқармасына уақытша тілмаштық қызметке тағайындайды.
Достарыңызбен бөлісу: |