1.2 М.Дулатұлы тілдік тұлғасының вербалды-семантикалық деңгейі
Тілдік тұлғаның өзінің болмысына сәйкес қалыптастырған, енгізген түрі, сөз саптауы, көзқарасы эталондық сипат дәрежесіне көшеді де, оның тілін зерттеудің арқауы бола бастайды. Бұл көбіне тілдік тұлғаның дәстүрлі вербалды – семантикалық деңгейінде байқалатыны даусыз. Осыған сүйенген ғалымдар тілдік тұлға көп қабатты және көп компонентті құрылымнан тұратын жүйе деп есептейді. Ю.Н.Караулов тілдік тұлғаны үш құрылымдық деңгейден тұрады деп санайтыны белгілі:
1.Вербалды-семантикалық деңгей;
2.Когнитивтік деңгей;
3.Прагматикалық (мотивациялық) деңгей; [3,36].
Вербалды-семантикалық деңгейде тілдік тұлғаның күнделікті дәстүрлі тілді меңгеру деңгейі анықталады. Бұл деңгейге автордың өзіндік сөз қолданысы, әртүрлі образдар көрінісінің қолданылу дәрежесі, тілдік тәсілдердің сонылығы, түр жаңалығы, семалар ерекшеліктері енеді. Бұл тілдік тұлғаның бастапқы таным көрінісін ашатын деңгей болғандықтан, ол кейде нөлдік деңгей деп те аталып, тілдік тұлғаның тілді қолдану ерекшелігі басым түрде әңгіме болады. Қ.Жаманбаева «Тіл қолданысының когнитивтік негіздері» еңбегінде А.Байтұрсынұлы көрсеткен тіл толғау шарттарын осы деңгейге енгізеді: 1.Сөз дұрыстығы; 2.Сөйлемдерді орайластырып, құрмаластыру; 3.Тіл анықтығы; 4. Тіл дәлдігі; 5.Тіл көрнектігі [4,19]. Бұл деңгейде, әсіресе, жекелік метафора мен мақалдар, қанатты сөздер, фразеологизмдер ерекшелігін қарастырған жөн.
Тілдік тұлға осындай құрылымдық ерекшеліктерден тұратын кешенді категория ретінде кеңінен қарастырылған. Алайда, оның тілді қолдануды арнайы жоспарлауда, мәтін түзудегі сипаты, сөздерді тілдік айналымға енгізудегі кейбір ерекшеліктері назардан тыс қалып жатқанын айта кеткен жөн. Бұған, мысалы, тілдік тұлғалардың әртүрлі қырын сипаттайтын хаттар (эпистолярлық) лексикасы, драматургиясы мен аудармалары тілін де жатқызуға болады. Мәселен, М.Дулатұлының жан-жақты шығармашылығын көрсететін драмалық шығармалары, аудармалары, хаттарының молдығы оның кейбір когнитация мәселелерін зерттеуге қиындық тигізетіні байқалды. Дегенмен, ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларына тән ой-сана, қазақы ұлттық мәдениет көрінісі М.Дулатұлы шығармашылығын негізгі мазмұнда тұтастырады.
ХХ ғасырдың басында жастар санасында бір бұлқыныс, ренессанс дәуірі басталғандай болды. Бұған әсер етуші ұлттық сана дамуындағы жаңаша үдеріс пен жалпы азаматтық өркениетке сәйкес орыс мәдениетінен, батыстан келіп, еніп жатқан ғылым, өнердің соңғы жетістіктері болатын. Осы жағдай сананың түрленуіне, ұлттық ойдың, болмыс-бітімнің өзгеруіне алып келді. Материалдық өмірдегі күнде болып жатқан өзгерістердің жастар санасына әсер етуі нәтижесінде, олардың алғаш байқағандары өз ұлтының кемдеу қалып бара жатқан жағдайы еді. Міне, Міржақып Дулатұлы сынды зиялы азаматтардың көзі ашық, санасының ояу болуына, ұлттың, ұлтжандылық рухтың оянуына әсер еткен де осы жаңалықтар екені сөзсіз. Қазақ даласындағы осы өзгерістер көптеген дара тұлғалардың қазақ ойының көгіне көтерілуіне мүмкіншілік жасады. Ол туралы Міржақып: Семейден шықты Ыбырай Құнанбаев, сөзінде хата бар ма сынап көрсең, ақын аз Байтұрсынов Ахметтей, сөзі алтын, мағынасы меруеттей, Оралдан Әбубәкір молла шықты, Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты. Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр, Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп о да шықты [Іт,98] десе, С.Торайғыров: «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам, Қараңғылықтың кегіне күн болмағанда, кім болам!» деп оқыған қазақтың халқы алдындағы міндетін нақты көрсетеді.
Қазақ сөз майталмандарының тіліне әсер ететін бірінші қайнар көз – фольклор. Міржақып шығармашылығына халық ауыз әдебиеті әсер еткен бірінші бастау екенін өз еңбектерінде фольклор жанрының үлгілері мен деректерін үзбей пайдаланылуы айғақтаса керек. Әсіресе, балаларға арналған педагогикалық еңбектерінде, оқу құралдарында фольклор үзіктері үзбей қолданылады. Мысалы, («Қобыланды мен Тайбурыл», «Қара батыр» ертегісі т.б.). Міржақып сонымен қатар, дәстүрлі шығыс әдебиетінің өзіндік ерекшелігінің бойына қабылдайды, өйткені ол кезде қазақ даласында шығыс шайырларының есімдері дәуірлеп тұрған болатын. Шығыс ойшылдарының еңбектері, ислам дінінің имандылық мәні Міржақыптың алғаш танысқан әдеби үлгілері, тұма бұлақтары болатын. Кейіннен ол алдыңғы қатарлы орыс әдебиетін оқыған, көзі ашық ағартушы дәрежесіндегі тілдік тұлғаға айналды. Соңынан Абай өлеңдері жарыққа шыққаннан бастап, Міржақып әдеби тұлғасына ерекше әсер еткен дана Абай көрсеткен жол еді.
Міржақыпты тілдік тұлға ретінде танытатын қырының бірі - оның публицистикасы екені және қазақ көсемсөзінің қалыптасу кезеңінің басында тұрғандардың да бірі Міржақып Дулатұлы болғаны зерттеушілерге аян. (М.Дулатұлының «Қазақ» газетінде, «Айқап» журналында жарияланған мақалалары). Міржақыптың ақындық жазушылығынан басқа шығармашылық тіліндегі бір көрінісі - оның аудармалары. Мысалы, оның араб тілінен аударған Әл-Фараби замандасы, арабтың ертедегі ақыны Абу Фарастың «Тағдырдан сұра, қаскүнем» өлеңі, А.С.Пушкиннен, М.Ю.Лермонтовтан, Н.Ановтан жасаған әдеби аудармаларымен қатар, әртүрлі заңдар, кітапшалар, оқу құралдарының аудармалары сақталған.
Міне, осы қасиеттерді бойына жинақтаған М.Дулатұлының таным әлемі және қоғамға, тілге деген еңбегінің қозғаушы күші тілін зерттегенде ғана айқындалады.
Достарыңызбен бөлісу: |