1.2.1 М.Дулатұлы тілдік тұлғасын сипаттайтын көріктеу құралдары. Тілдік тұлғаның табиғатын ашып, суреткерлік шеберлігін тану үшін оның тілінде қолданылған көріктеу тәсілдеріне зер саламыз. «Жазушының дүниені ерекше көркем түсінуі, сезінуі, оның көркемдік әдісі міндетті түрде оның шығармасында көрініс табады»[5,112]. Міржақыптың тіліндегі теңеу, эпитет, метафоралар қолданысы қазақ тіліндегі дәстүрлі қолданыспен сабақтас. Көрнекті тілдік тұлғалардың тілінде қалыптасатын мұндай жүйе – заңды құбылыс. Міржақып тіліндегі бейнелі теңеулер эпитеттік сипатта қазақ дәстүрлі үлгісінен туындаған, сондай-ақ, бұрын қолданылмаған тың теңеулер тобы да молынан ұшырасады. В.А.Маслова теңеудің табиғатын лингвомәдениеттану ғылымының өзекті мәселесі деп есептейді: «Халықтық діл (менталитет) және рухани мәдени тіл бірліктері алдымен олардың бейнелік мазмұндары арқылы жүзеге асады» [1,145]. Міржақыпта дәстүрлі –дай, -дей, -тай, -тей жұрнақтары арқылы жасалған теңеулер көптеп кездеседі. Мысалы: қаныққандай көңіл жүдеу; кісідей арақ ішкен әуреленіп; келді мұжық көшкен бұлттай; простой біздің қазақ қара тастай; файдасыз жемісі жоқ қу ағаштай; біздің жұрттың зәрредей жоқ намысы; шортандай шабақ жұтқан жалмауыздар; тал жібектей; жақсы емес тікенектей; құрт жайлаған тамырын қу ағаштай; зиһінім (зерде) қайыршының дорбасындай; жер алу үшін хохолдар селдей ағып келеді т.т.
Міржақып тіліндегі көріктеу құралдың бірі – метафора (балау), олардың жекелік түрлері. Міржақып өлеңдері мен роман, пьеса, әңгімелерінде қазақ танымындағы дәстүрлі ұқсатулар (ассоциациялар) мол орын алған. Метафоралық қолданыс сөз қолданушының айырым танымының сол тілдегі мінезін жан-жақты бейнелейді. Міржақып поэзиясында метафоралық қолданыстар аз болғанымен, өзіндік өрнегімен сол кездегі алдыңғы түр, жаңашылдық деңгейде болғанын байқаймыз. Міржақып метафораларында өзін айқындықта көрсету орнына, бәсең солғын, басқаша айтқанда «қарапайым» көрсету кеңінен орын алады. Бұл да ақынның өзіндік табиғи қарапайымдылығының көрсеткіші болса керек. Мысалы,
Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш...
Мен дағы жылағанның бірі екенмін,
Қайғырып соларды ойлап жүр екенмін.
немесе
Мен міскін бұларды ойлап қиял басқан т.т.
Міржақып метафорасында жан-жануар, ағаш, тұрмыстық-салт лексика да кездесіп отырады: Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш; Алғырдан туған сұңқарым; Іле алмай сұңқар қу маңғаз, Тұғырға құзғын қонып тұр; Есекке арғымақты қосақтасаң, өтпей ме ғұмыр зайғы бекер деген; Қу ілген қыран бүркіт біз боламыз. Сондай-ақ Міржақып өлеңдеріндегі ғашықтықконцептісі шегінде байқалатын өлеңдерде қызды «құсқа», оның ішінде «аққуға» балайды. Метафора әлемді танудың үлгісі, сондықтан ауысулардың жаңа түрлері Абай үлгісімен жасалғандай көрінеді. Міржақыптың тілдік шеберлігіне әсер етуші фактордың бірі орыс поэзиясынан алған мол білімі екені байқалады. Сол себепті кейде орыс сөздері де метафоралық қолданыстардың мүшесі ретінде қолданылады:
Сырты - алтын, іші – фальші болып шығып,
Сан соғып, құрбыларым, өкінбелік!
немесе
Магниті сұлу қыздың күшті емес пе,
Жігітті көңілі сүйген қайтып тартпас...
Міржақып «жігіттің раушаны» деп жастықты, жақсы қызды «баға жетпес гауһар тасқа, қызыл түлкіге», жағымсыз кейіпкерді «жапалаққа, есекке», жақсы жігітті «қыран бүркітке, қырғи құсқа, аспаһани қылышқа», ғылымды «ағып жатқан бұлаққа», талапты жастарды «бағланға», сауатсыздықты «тұманға», оқығандарды «жау жүрек, қыран көзді арыстанға», патша империя саясатын «күнбатыстың қара бұлты» балайды. Міржақып поэзиясында өзін-өзі айқындау орын алған. Ол өзін «ағашқа, тұлпарға, міскінге» балайды.
Символ да метафора сияқты тілдік тұлғаның тіліндегі ұлттық мәдениеттің көрсеткіші ретінде көрінеді. Символдық таңба – лингвомәдениеттану мен когнитивті лингвистиканың зерттеу нысандарының бірі. Символ тілдік тұлғаның тіліндегі біріккен ой жүйелерін көрсетіп, бір-екі сөзбен береді, сол себепті символдық мәнді халқымыздың дәстүрлі ұғымдарын білдіретін сөздерден іздеуіміз керек. Символды зерттеуші Қ.Қайырбаева бұл туралы: «Сөз – символ жазушының айтпақ ойын дөп басып шығарманың бейнелігін арттыру үшін қажет. Сондықтан символдың жеке автор қолданысындағы мәнін ашу, мағынасын тану ерекше қабілет пен көкірек көзін қажет етеді», - дейді [6,11]. Сөз – символдарды ғалымдар әр түрлі қырынан зерттеген: рухани мәдениет пен материалдық мәдениетке қатысты [Е.Жанпейісов, Ж.А.Манкеева], түр-түс атауларының символдық мағынасы [Ә.Т.Қайдаров, З.Т.Ақтамбердиева], символдық мәні бар фразеологизмдер сипаты [Р.Сыздық, Г.Смағұлова, Н.Уәлиұлы], сұлулық символизмдер [А.Қ.Сейілхан], символдың когнитивтік сипаты [Қ.Ә.Жаманбаева], этномәдени атаулар символы [Қ.Т.Қайырбаева] т.т.
Достарыңызбен бөлісу: |