Қ. Жұбановтың әліпби, емле туралы тұжырымдамалары



бет1/6
Дата21.12.2023
өлшемі26.49 Kb.
#487513
  1   2   3   4   5   6
ҚТТ Айым 25 26 27


  1. Қ.Жұбановтың әліпби, емле туралы тұжырымдамалары.

Адамзат мәдениеті тарихында алфавитпен жазудың маңызы ерекше. Ғалым Ә.Қайдаров айтқандай, әлеуметтік мәні зор құбылыс ретінде жазу- өткен мен бүгінгіні, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Еліміздің бүгінгі жеткен биігіне шығуы жолында жазу мәдениетіміздіңде өз үлесін қосқанын жоққа шығармаймыз. Себебі жазу – мәдениеттің ажырамас бір бөлшегі. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың мәдени өміріне, әлеуметтік психологиясына әсер етеді. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Бір жазудан екіншісіне көшу халықтың осы рухани байлықтан сусындауына қосымша қиындық келтіруі мүмкін. Сондықтан алфавитпен жазу мәселесіне әлеуметтік лингвистика тұрғысынан жете назар аударған жөн деп білеміз.
Қ.Жұбанов қазақ тіл білімінің сан саласынан іргелі-іргелі зерттеулер жаза отырып, сол тұстағы көкейтесті мәселелердің бірі болған қазақ жазуы мен әліпбиі бойынша белгілі фонетист ғалым ретінде құнды-құнды пікір айтып, ғылыми маңызы зор еңбектер жазған. Қ.Жұбановтың әліпби және жазу мәселесіне қатысты көзқарастарын оның «Әліппеміз бұқарашыл болсын», «Қазақ тілінің емлесін өзгерту жайлы», «Қосар ма, дара ма?», «К проекту реформы казахского алфавита», «Проект казахского алфавита», «К пересмотру казахской орфографии», « К проекту реформы казахского алфавита», «Проект изменений орфографии и алфавита казахского языка», «Выступление К.К.Жубанова на научно-орфографической конференции в г. Қзыл-Орде» т.б. мақалалары мен түрлі жиындарда сөйлеген сөздерінен байқауға болады. Ғалымның жазу, орфография жөніндегі теориялық зерттеулері негізінен қазақ әліпбиін жасау, бөгде тілдің графикасын қазақ тілінің ішкі ерекшелігіне бейімдеудің тиімді жолдарын іздестіру, жүйелі жазу емлесін құрастыру, оны жетілдіру, орфоэпия мен орфографияның өзіндік белгілеріне сай қазақ тілі дыбыстарының ерекшеліктерін көрсету, қазақ тіліне енген терминдердің жазылу заңдылықтарын бір жүйеге келтіру, қазақ орфографиясының жетекші принципін анықтау, т.б. бағыттарда болды. Дыбыстық тіл жазу арқылы таңбаланады десек, графиканың басты қағидаларының бірі - белгілі бір әріп бір ғана фонеманың таңбасы болуы керек. Сондықтан да Қ.Жұбанов қазақ орфографиясын ғылыми негізде құру үшін алфавит құрамына енуге тиісті әріптердің санын қазақ тіліндегі белгілі бір фонеманың іс жүзіндегі қажеттілігіне қарай белгілеуді мақсат еткен. Дыбыс жазуы дыбысталған сөздің сол қалпындағы көшірмесі емес, оның басты қызметі ой мен сезімді жеткізу болғандықтан, дыбыс жазуында фонетикалық қоршауға тәуелді, фонологиялық жүктемесі жоқ, небір дыбыс құбылыстары ескерілмейді. Қ.Жұбанов та фонологиялық жазудың ерекшелігі бойынша фонемалардың негізгі реңкі таңбаланады да, фонетикалық қоршауға тәуелді реңктері ескерілмейтінін басты нысана етіп ала отырып, дыбыстық қоршауға тәуелді кез-келген дыбыстық құбылысты жазуда таңбалай беру ультра-фонетик бағытқа бой ұру болатынын айтады. Ғалымның айтуынша, қазақ жазуы фонетикалық принципті ұстануы тиіс, себебі бұл принцип қазақ тілінің дыбыс жүйесіне сәйкес келеді дейді. Қ.Жұбанов бұл жерде фонологиялық принцип туралы айтқан, себебі ол кезде “фонология” термині қолданыста болмағанын және ғалымның сөз дыбысталуына жақын жазылуы керек деген сөзін ескеруіміз керек.
Қ.Жұбанов тіліміздің фонологиялық ерекшеліктерін дөп басып тани білген ғалым қазақ тілі дыбыстарын буын құрамында қарастырып, дауыстылардың таңбасы “буынның жуан-жіңішкелігін білдіретін қарақшы” деген дәлелді пікір айтады. Кезінде ұу, үу, ый, ій - қосынды дыбыстар екендігін көрсете отырып, оларды жазуда жалаң у, и әріптерімен таңбалау туралы айтқан ұсынысы жазу сауаттылығын жақсарту бағытындағы сол алғашқы ізденіс кезеңі үшін маңызы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Себебі, латын графикасына негізделген алғашқы дауысты дыбыстар қазақ әліпбиінде 13 әріп (17 таңба) арқылы белгіленген болса, ғалым енді оны қазақ тілінің ішкі мүмкіншілігін ескере отырып, 7 әріппен таңбалауға болатындығын көрсетеді. Латын графикасын қабылдауда кеткен кемшіліктер мен олқылықтарды түзеу жөніндегі жұмыстарға Қ.Жұбанов белсене ат салысты. Қазіргі таңда латын графикасына көшудің маңыздылығы туралы мәселе көтеріліп жатырса, бұл жөнінде де ғалым есімі еріксіз ойға оралады.
Қ.Жұбанов емле жасау жөнінде өз ойларын былайша тұжырымдайды: “Қазақтың әдеби тілінде ұстап-тұтынылатын сөздердің бәрі де дұрыс жазылып, әрқайсының өзіне меншікті тұрақты таңбасы болуы керек те, сол тұрақты түрден айнып, басқаша жазылған жазудың бәрі де қате делінетін болуы керек. Бірақ ол үшін мына сөз “таза қазақша”, мынаның “тегі жат” деп, - сөз-сөздің тегін қосып жатудың қажеті жоқ: тегі қайдан шықса да бәрі бір, қазақ тіліне кірген сөздің бәрі де қазақтың өз сөзі делінуі керек”, - дейді. Ол ереже жасауда негізгі есте болар жай, “емле жеңіл болу үшін ереженің санын да, ережеге көнбейтін одағай қалыптардың санын да құр тек “аз ету” шарт емес, қайта тілде бар, емлеге керекті қалыптардың бәрінің түгел тексеріліп, ереже болып қорытылып шығуы шарт”, - дейді.
Басқа тілден енген сөздерді дұрыс жазу үшін олардың дыбысталу қалпын бұзбау қажет, яғни алфавитке сол тілдің дыбысын дәл жеткізе алатын таңба болуы керектігін айтып, халықаралық мәні бар сөздерді дұрыс таңбалау мақсатында қазақ әліпбиіне ф, х, һ әріптерін енгізу туралы да ұсыныс жасайды.
Қ.Жұбанов қазақ әліпбиіне и,у әріптерін ұсына отырып: «ұу, үу, ый, ій-лердің әрқайсысында екі-екіден дыбыс бар деушілердің екінші әрі бар күшті дәлелі-бұл қосар әріпті ерте кезде бір дауысты, бір дауыссыздан құралған екі дыбыс болған деседі. Мұнысы дұрыс: «су» сөзі бұрын бірде» «сұу», бірде «сұғ» түрінде болуы рас. Бірақ бұрын сондай болушылығының өзі осы күні сондай екендігінде, немесе, осы күні қосар таңбамен жазудың дұрыстығына дәлел бола ала ма?» деп, олардың бұрын қос дыбыс болғандығына келісе тұрып, қазіргі кезде қос әріппен таңбалауға қарсылық білдіреді.
Қ.Жұбанов қазақ әліпбиін жасаудағы А.Байтұрсыновтың мұрасына да құрметпен қараған. Қ.Жұбанов әліпби және жазу мәселесін шешу бағытында өз тілімізбен қатар басқа тілдердің де тарихын зерделеп, салыстырып, салғастырып пікір айтады: “Қырғыз тіліндегі секілді ұзындық-қысқалық қазақ дыбыстарында жоқ”
Ғалымның бұл пікірлерінің тек фонетикалық жағынан ғана емес, фонологиялық, салғастырмалы, салыстырмалы-тарихи тұрғыдан да құндылығын танимыз. Әлем лингвистикасына жүгінер болсақ, фонологиялық танымдар алфавит жасау проблемасымен астасып жатқанын байқауға болады. Бұған дәлел ретінде А.Байтұрсыновтың қазақ әліпбиі мен жазуы туралы ізденістерін айта аламыз. Демек, бұл бағыттағы А.Байтұрсыновтың ізденістерін Қ.Жұбанов жалғастырғаны, латын алфавитіне көшу, жаңа әліпби бойынша жазу заңдылықтарын жетілдіру мәселелері де тіліміздің фонологиялық табиғатына сай ізденісті қажет еткені аян.
Қ.Жұбанов жазу мәселесіндегі теориялық зерттеулерінде орфография мен орфоэпия мәселесінің ара жігін ашып, жазу емлесін жасау барысында, әсіресе, түбір мен қосымша арасындағы дыбыстардың айтылуы мен жазылуына сингармонизм заңдылығы тұрғысынан жете көңіл бөлген. Әр тілдің өзіндік табиғаты, дыбыстар тіркесімі болуы заңды жағдай болып табылады. Соған орай әр тілдің өзіндік орфографиялық ережелері болуы шарт. Бұл заңдылық сақталмаған жағдайда тілге қиянат болады.
Ғалым сауатты жазу үшін ана тіліндегі сөздермен қатар, басқа тілден енген сөздердің де тіліміздегі жазылу заңдылықтары туралы ереже шығару үшін әуелі әліппе мен емле мәселесін шешу керектегі туралы өз ойын төмендегіше білдіреді: “Халықаралық терминдердің емлесі де үзілді-кесілді шешілген жоқ. Орысша жазылуынша болсын деген жалпы бағытқа ешкімнің көріне дауы жоқ сияқты. Бірақ жалпы бағыт бар да, ереже бар. Бұл екеуі бір емес қой. Нағыз толық ереже беру мәселесі әліппе мен емлені түгел қарастырмай шешілмек емес”. Қазақ жазуы үшін қандай принципті басшылыққа алу керек деген мәселені шешу бағытында Қ.Жұбанов тарихи жазбаларға да назар аударады.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет