Газеттің қаражат көздерін арнайы зерттеген Қайрат Сақов “Қазақ” - өзін-өзі қаржыландырған газет” /51/ - деген мақаласында , бірінші пікірді айтқан белгілі жазушы Сәбит Мұқанов екендігін айтады . Ол мақалада жазушының 1932 жылы шыққан “ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті” деген кітабындағы: “Қазақ” газетін шығару үшін қазақ байлары 7 жыл дайындық жасап , 5000 сом ақша жинаған . Оны газет шығарту үшін Смайыл қажы Жаманшаловқа тапсырған . “Қазақ” сол ақшаға шыққан” - деген пікірдің негізсіз екендігін , ондай болжамның сол кездегі уақыт талабына сай пайда болған , тарихи шындықтан алыс , саяси болжам екендігін дәлелдейді.
Газет өмірге келіп , өз жұмысын бастаған соң да үнемі халықтың қолдауын көріп отырды . Ә. Бөкейханов екі жылдан кейін , газеттің екіге толып үшке аяқ басуына байланысты: “Тәңірден соңғы күшті халық қой. Халық қолдаған іс анау-мынаудың қастығымен өшпейтінің көзбен көріп , қолмен ұстағандай болдық... әуелі құдайға сеніп , екінші , құдайдан соңғы күшті халыққа сүйеніп , “Қазақ” алдағы жасына аяқ басты . Қайырлы болсын!” - деп жазды /52/. Мұнда , “Қазақ” газетінің негізгі сүйенері халық екендігі ашық айтылған . Олай болса , газеттің жалпыхалықтық-ұлттық сипатта болуы заңдылық .
Дегенмен , бір қолдың саусақтарымен санап шығуға болатын жылдар аралығында болып өткен қоғамдық құбылыстар тасқыны “Қазақ” газетінің сипатын өзгерте алмағанымен , оның бағыт бағдарына , алдына
қойған міндеттеріне түбегейлі өзгерістер енгізбей қоймады . Уақыт газет
46
шығарушылардан бұрын-соңды еш қазақ кездесіп көрмеген мәселелерді шешуді талап етті . Жер мәселесінің қазақ үшін өмірлік маңызы бар мәселе екендігін , 1916 жылы қазақтан солдат алу мәселесі газеттің өзекті мәселесіне айналды . Ал , 1917 жылдың наурызынан бастап газеттің бағыт-бағдары түбірімен өзгерді . Енді ол Алаш ұлына: “Азаттық таңы атты . Тілекке құдай жеткізді .Күні кеше құл едік , енді бүгін теңелдік !” - деп , ұрандап комитет құру , съез шақыру істеріне кірісіп кетті . Басқа да Ресей халықтары сияқты құрылтай жиналысына көп үміт артып , оған қатысатын қазақ депутаттарын сайлау жұмысымен айналысты . Баспахана сатып алып , келешекке үлкен үмітпен қарады .
Бірақ , “Қазақтың” мұндай шуақты күндері ұзаққа бармады . Сол жылдың күзінде Ресейдің орталығында орын алған қазан төңкерісі “Қазақ” газетінің бағыт-бағдарына кезекті өзгерістер енгізді . Енді ол өзінің бар күш жігерін большевизмге қарсы күреске арнады . Олардың демагогиялық желауыз сөздерін әшкерелеп , ұлтының көзін большевиктердің тарапынан төнген қауіпке жеткізуге тырысты . “Аттан Алаш азаматы !” - деп ұран тастап , қазағына: “Жауың - большевик... Ортақ жау – большевикке қарсы жорыққа аттану кеудесінде жаны , денесінде бабалары түріктің қаны болған алаш азаматына парыз” - деп , халықты қазақ жеріне күштеп орнатыла бастаған кеңес өкіметіне қарсы күреске ұйымдастыру ісімен айналысты .
Міне осылай , айналасы бірнеше жылдың ішінде ғана қоғамда болған күрделі саяси өзгерістер “Қазақ” газетіне өзінің бағыт-бағдарына , алдына қойған мақсаттарына , Ұлт мүддесінен шығып , бірнеше рет түбегейлі өзгерістер енгізуге мәжбүр етті .
Сонымен , “Қазақ” газетінің өзінің объективті негізі – қаражат жағынан да , атқарған іс-әрекеттері жағынан да жалпыұлттық газет
болғандығы , оның қалыптасқан әрбір объективті тарихи жағдайдағы ,
47
нақты бағыт-бағдары , алдына қойған мақсаттары ұлт мүддесінен туындағаны анық .
Қайталанбайтын деректердің деректік маңызы , олардан алынатын ақпараттың ғылыми құндылығы , сол деректерді жасаушы субъектерге тікелей байланысты . Мерзімді басылымдарда субъектерге редакторлар , авторлар , тілшілер жатады . “Қазақ” газетінің бетінде , бес жылдан астам уақытта , жүздеген авторлардың мақалалары жарияланғанымен , оның бастан аяқ негізгі шығарушылары және тұрақты авторлары Ахмет Байтұрсынұлы , Міржақып Дулатұлы және Әлихан Бөкейхановтар болды және жинаққа енген материалдардың 53 процентке жуығын жазғандар да осылар .
Бүгінгі күні - тәуелсіз Қазақстанның төл тарихының қалыптасу кезеңінде , өз бастауымызға көз салсақ , А. Байтұрсынұлының тарих туралы , әсіресе тарих ғылымының аса бір күрделі саласы , тарихи деректану ғылымы туралы айтқан ойлары , пікірлері өзінің дәлдігімен , ғылыми құндылығымен ерекшеленетіндігін байқауға болады .
Тарих ғылымының негізін тарихи деректер құрайтындығын , деректерде салынған ақпараттарды алып , ғылыми еңбектерде пайдалану үшін тарихи деректану ғылымның қажеттілігін , “Шежіре , заман хат , өмірбаян , мінездеме – бәрі де тарихтың жемі есебіндегі нәрселер . Тарих олардың айтқанының бәрін ала бермейді . Аударып , ақтарып түрлі жағынан қарап , түрлі мағлұматтармен салыстырып , сипатталған мағлұматтарды ғана алады” - деп , қарапайым ғана сөздермен , аса маңызды ғылыми проблеманың шешімін түсіндіре білді .
“Қазақ” газетінің авторларының жалпы саны 200-ден асады . Тек жинақта келтірілген “Ашылмаған бүркеншік есімдер” - деген тізімде 109 “Қазақ” авторларының әлі ғылымға белгісіз бүркеншік аттары көрсетілген.
Солардың бірі мазмұндылығымен , ұлттық мерзімді басылым беттерінде
48
көтерген мәселелерінің маңыздылығымен , өзіне еріксіз көңіл аудартқан мақала жазған , “Қазақ” газетінің 2-ші нөмірінен бастап бірнеше нөмірлерінде (№№ 3,5,7,9) Қазақтың тарихы” - деген көлемді де қызықты , танымдық маңызы жоғары мақала жариялаған “Түрік баласы”.
“Қазақ” газеті халықтың рухани және ақшалай қолдануымен шыққан, ұлттық сипаттағы бейресми басылым . Оның негізін қалаушылар және негізгі авторлар А. Байтұрсынов , Ә. Бөкейхан , М. Дулатов және басқалар болды .
2.2. “Қазақ” газеті мәліметтері – бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қазақ қоғамы өмірінің дерегі
“Қазақ” газеті жарыққа шыға бастаған 1913 жылдың әлем халықтарының тарихына І-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы соңғы бейбіт жыл ретінде енгендігі белгілі . Әрине бұл кездейсоқтық болғанымен , ғылым үшін маңызы зор сәйкестік . Басқа да мемлекеттер тарихы тәрізді , Ресей империясының тарихында да 1913 жыл , ел өмірінің белгілі бір кезеңінің аяқталғанын көрсетеді ерекше жыл ретінде тарихнамаға енді . Кеңес өкіметінің ұзақ жылдар бойы , өздерінің қол жеткізген табыстарын 1913 жылдың көрсеткіштерімен салыстыруы соның бір дәлелі . Соғыс өрті қазақ даласын тікелей 1916 жылдың жазында шарпығанымен , қазақтардың да соғысушы елдің құрамындағы халықтардың бірі болғандықтан , ол әлемдік оқиғадан тыс қала алмағандығы , 1914 жылдың күзіне қарай басталған соғыстың , белгілі бір дәрежеде , Қазақстанға да өз әсерін тигізетіндігі түсінікті . Демек , 1913 жыл қазақтар үшін де соңғы бейбітшілік жылы болды деп айта аламыз . Ал , соғыс аяғы неге ұласқанын , қандай қоғамдық сілкіністер мен әлеуметтік қақтығыстарға әкеліп соқтырғанын , қорытындысында
49
Ресейдің , онымен бірге Қазақстанның да , адамзаттың жалпы даму жолынан ауытқып , басқа бағытта кеткенін ескерсек , онда соңғы бейбіт жылғы ел өмірін тереңірек білудің қажеттілігі арта түседі . Ол бізге басқалармен бірге ортақ соқпақпен қай жерге дейін келгенімізді , адамзаттан қай тұста бөлініп қалғанымызды айқындауға көмектеседі. “Қазақ” газетін алғашқы әлемдік соғыс қарсаңындағы еліміз тарихының дерек көзі ретінде талдаудағы мақсатымыз да осында .
І-ші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы Қазақстан тарихынан мағлұмат беретін , әр түрлі формада (ауызша , жазуша , фото , кино , дыбыс т.б.), әр түрлі мақсатта (ұлттық , топтық , таптық т.т.) пайда болған деректер баршылық . Дегенмен , олaрдың бәрі бірдей соңғы уақытқа дейін ғылыми айналымға түскен жоқ . Тек солардың бір бөлігі ғана , үстем ұлттың мүддесіне сай , дәлірек айтсақ , орыс тілінде дүниеге келген деректер ғана , таптық тұрғыдан қаралып , кеңестік тарихнамада ғылыми айналымға молынан тартылды .
Ал , екінші бір бөлігі , яғни қазақ тілінде дүниеге келген ұлттық деректеріміз саналы түрде назардан тыс қалдырылды . Осындай , тарихты тануды кеңестік өлшеміне сай келмегендіктен , өткенді өлшеп-пішудің большевиктік қалпына симағандықтан тарих дерегі ретінде пайдалануға қатаң тиым салынған , төл жәдігерлеріміздің бірі және бірегейі “Қазақ” газеті болды .
Халық өміріне қатысты тарихи деректердің көбі соғыстарға байланысты пайда болғандықтан , әр алуан соғыстар тарихы тереңірек зерттеліп , ал сол халықтың негізгі тарихын құрайтын бейбіт тіршілігі , күнделікті қарапайым жасампаздық істері зерттеуші назарынан тыс қалып қояды . Мұндай тарихты зерттеудегі біржақтылық қазақтарға да тән . Ол туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” деген еңбегінде: “Халқымыздың тарихы – соғыстардың , 48
50
әскери жеңістер мен жеңілістердің ғана тарихы емес . Оның қашаннан да жасампаздық сипаты бар . Мемлекет құрып , оны нығайту , қалалар салу , керуен жолдарын тарту , ғылыми трактаттар жазу , төл мәдениетін қалыптастыру – бәрі-бәрі де жасампаздыққа жатады” - деп жазды /53/.
Біз зерттеу объектісі ретінде қарастырып отырған уақыттағы халқымыздың жасампаздық істерінің нақты көрінісінің бірі , әрі дерегі сол “Қазақ” газетінің өзі . “Қазақ” сияқты қай жағынан қарасаң да деңгейі биік мерзімді басылым шығарып тұру , бір жағынан , төл мәдениетіміздің дамуының айқын дәлелі болса , екінші жағынан , беттерінде ел өмірі әр түрлі қырынан бейнеленген ұлттық жазба дерегіміздің пайда болуы болып табылады .
“Қазақстанның ХХ ғасырдың бас кезіндегі мәдениеті мен әдебиеті” деген топқа 1913 жылы шыққан , осы мәселелерге арналған 18 мақала енген . Оларда: қазақ халқының соғыс қарсаңындағы мәдени өмірі , ұлттық ойын-сауықтары , салт-дәстүрі , әдебиеті , тілі , өнері-білімі туралы жазылған . Әсіресе , сол жылдары дүниежүзілік саясаттың орталығына айналған Еуропа туралы мақалалар көптеп жарияланғанын байқауға болады . Құрамына қазақтарды қосып алған Ресей мемлекетінің тарихына, оның басқа елдермен жасаған байланыстарына , Балқан соғысына қатысты 19 арнайы мақала енген . Газеттің жиырмадан астам нөмірінде “Сыртқы хабарлар” , 6 нөмірінде “Соғыс жайынан” материалдар басылған .
“Қазақ” газетінің бірінші күннен бастап ерекше көңіл бөліп , өз бетінде үздіксіз көтерген мәселесінің бірі оқу-ағарту , білім беру , жалпы халықтың рухани өмірі туралы мәселесі болды деп айтуға болады . Тек , 1913 жылы ғана апталықта оқу-ағарту ісі бойынша 30-дан астам
арнаулы мақалалар басылған .Оқу жайы “Тілшілер сөзінде” , “Ішкі хабарларда” айтылып тұрған . Олар да маңызды дерек көзі болып 51
табылады .
Зерттеуші Ө. Әбдіманов газет алдына қойған мақсаттарды шартты түрде: саяси-әлеуметтік мәселелер , шаруашылық-экономикалық мәселелер және мәдени-ағартушылық мәселелер деп үш желіге бөле отырып: “Газеттің осы мәселеге қатысты жарық көрген мақалаларын негізінен үш публицист жазып және дайындап отырғаны талассыз шындық . Олар Ахмет Байтұрсынов , Міржақып Дулатов , Әлихан Бөкейханов . Қай-қайсысы да кез келген тақырыпқа жаза алар хас шеберлер болғанымен де Әлихан көбінесе саяси-экономикалық , Ахмет – мәдени ағартушылық , Міржақып әдебиет пен өнер мәселелеріне көбірек барғаны “Қазақ” беттерін ақтарғанда көзге айқын түседі . “Қазақтағы” көптеген бас мақалаларды Ахмет Байтұрсынов жазған және бас жазушы ретінде қандай бір мәселе болмасын өзіндік пікірін , өзіндік көзқарасын білдіріп , газеттің бағдар-бағытын айқындап отырған . Оның кейінірек “батысшылдық” тобының идеологы атануы себепші болған көбіне-көп осы “Қазақтағы” мақалалары арқылы танылуы болса керек-ті” - дейді .
Иә , өмірдің қай саласынан болмасын қалам тарта білген бұл үш арыстың жазған мақалаларының өзіндік ерекшеліктері болғандығы рас . Газет материалдары үшеуінің ұлт алдында тұрған өзекті мәселелерге көбіне бірдей көңіл бөліп , газет бетінде көтере білгендіктерін де білдіреді . Мысалы , қазақтың мәңгі уайымы жер мәселесі “Қазақ” газетінің де ең өзекті мәселесіне айналған . Жерге қатысты мақалалардың көбін ғасыр басындағы осы мәселенің ел таныған маманы Әлихан Бөкейхан жазған . Дегенмен , мәселенің өте маңыздылығына , өткір қойылуына байланысты Ахмет Байтұрсынұлы сол жылғы газетке “Қазақ жерін алу турасындағы низам” , “Жер жалдау жайында” , “Көшпелі һәм отырықшы норма” сияқты мақалалар жазды . Жер мәселесі Міржақып Дулатұлының “Земство не нәрсе” атты мақалалар сериясында да
52
айтылған . Газет шыға бастаған бірінші жылы қазақ зиялыларының арасында қызу талас тудырған бас қосып , съез өткізу мәселесі туралы да үшеуі бірдей арнайы мақалалар жазған . Апталық бетінде жарияланған басқа да мақалалар сияқты , бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы қазақтардың саяси-әлеуметтік , экономикалық және мәдени өмірі туралы мақалалардың да көпшілігін сол үш публицист жазған . Бұл жағдай бір жағынан , зерттеу объектісіне қатысты газет материалдарының шынайылық дәрежесінің жоғары екендігін көрсетсе , екінші жағынан , неліктен мақалалардың көбін үш-ақ адам жазған? – деген сұрақ тудырмай қоймайды .
Оның ең басты объективті себебі , басқарма халықтан газетке мақала жазып тұруды қаншама өтінгенімен , жалпы жұрттың газетке мақала жазатындай білім дәрежесінің , сауаттылығының болмауы . Сонымен қатар, оның бірнеше субъективті себептері бар . Біріншіден, халық арасында еңбек етіп жүрген оқығандарымыздың бойындағы қазаққа тән енжарлық пен жалқаулық , оларға ел хабарын айтып газетке хат жазып отыруға кедергі болған сияқты .
Екіншіден , басқарма тарапынан газетке хабар жазушыларға бірінші күннен бастап қойылған қатаң талап , көптеген авторлардың мақалаларының газет бетінен орын алуына кедергі болған сияқты .
Үшіншіден , апталыққа мақала жазып тұруға мүмкіндігі бар хат білетін аталарымыздың бір бөлігі хатты басқармаға емес , басқарманың үстінен басқаларға жазып тұрған . Дәлірек айтсақ , олар газет шығарушылардың үстінен тиісті орындарға арыз жазумен айналысқан . Ол , әрине , газет ісіне өз зиянын тигізбей қойған жоқ . Басқарма газет шығарумен қатар өз аттарына айтылған өтірік , өсек , жаламен де күресуге мәжбүр болды . Дүниеде екі әділ сыншы бар: халық һәм тарих. Бұл екеуі де кімнің қайда жүргенің тексермейді , кімнің не істегенің тексереді , мұны
53
ұмытпасқа керек” - деп жазса , кейінірек Міржақып Дулатұлы өз жақындарынан көрген қорлығы туралы: “Жәбірді жаудан көргеніміз жоқ жақыннан көрдік . Бізге ең қиын жанымызға батқаны жаудың жақыннан шыққаны болды” - деп жазды . Осындай және басқа да себептер басқарма мүшелеріне газет шығару ісін негізінен өз қолына алуға мәжбүр етті .
Бұл газет шығаруға өз үлестерін қосқан басқа да ондаған Алаш азаматтарының еңбектерін жоққа шығарғандық емес , “Қазақ” солардың арқасында толық қанды ұлттық басылымға айналды . Дегенмен , ошақтың үш пұтындай “Қазақтың” негізгі үш тірегі Әлихан Бөкейхан , Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлының болғандығы тарихи шындық .
Сонымен қатар ерекше көңіл аударатын тағы бір нәрсе , ол Абай шығармашылығының газет авторларына , солар арқылы газет мазмұнына тигізген оңды ықпалы , үлкен әсері . Абай даналығының “Қазақ” газетіне, оның тіліне , сөзіне мазмұнына тигізген әсері арнайы тақырып ретінде зерттеуді қажет ететін күрделі проблемалардың бірі .
ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамын өз шығармаларында Абайдай дәл бейнелеп , қалың елі қазағының өмір-салтын , тұрмыс-тіршілігін , бар бітім болмысын Абайдай дәл суреттей білген адам кемде кем . “Қазақ” газетінің “әсерлі анық сөздері” туралы Мұхтар Әуезов: “Сол уақыттарда “Қазақ” газетінің бетінен анда-санда оқып отырған әсерлі анық сөздер қауіптің пішінің айқын қылып көрсетіп , мектeптегі жас балалардың сезімін түзу жолға беттеткендей болушы еді . Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын “жол мұндалап” , жетегіне алып бара жатқандай байқалушы еді” - дейді .
Демек , Абай туындылары мен “Қазақ” газетінің басты ортақ қасиеттері екеуінің де қазақ өмірі туралы ақиқатты анық айта
54
білгендері, олардың ел тарихының дерегі ретіндегі маңыздылығы , шынайылық дәрежелерінің жоғарылығы және өзара үндестігі . Кезінде Абайды ойландырған , ақын жанын күйзелткен мәселелердің көбі “Қазақ” газетінің де өзекті мәселелеріне айналды . Абай сынына ұшыраған қазақ қоғамынан орын алған келеңсіз көріністер апталық беттерінде де сыналды .
“Қазақ” газетінің материалдарының деректік маңызына , ондағы ақпараттардың шынайылық дәрежесіне әсер еткен факторлардың тағы бірі , апталықтың рухани қайнарының бастауын Абайдан алуы деп айта аламыз . Екіншіден , газетті шығарушылар Абайдан тек рухани нәр алып қана қойған жоқ , сонымен қатар , олар газетте Абай шығармашылығына арналған мақалалар жариялау арқылы абайтану ғылымының қалыптасуына да өз үлестерін қосты . Газет редакторының: “Абайды қолымыздан келгенше қадірлі жұртқа таныту үшін мұнан былай кейбір өнегелі , өрнекті сөздерін газетаға басып , көпке көрсетпекшіміз” /54/ - деген сөздерін орындап “Қазақты” екінші Абай мектебіне айналдырды . Осылай газет арқылы Алаш зиялылары Абай ісін әрі жалғастырды .
Дегенмен , ескертетін бір жағдай , ол Абай мен оның ісін жалғастырушылардың мақсат-мүдделері , арман тілектері бір болғанымен , олардың өмір сүріп , өз туындыларын дүниеге әкелген орталары мен қолданған күрес тәсілдерінің бөлек болғандығы . Ал , оның ізбасарларының Абаймен заманы бір болғанымен өскен орталарының басқа болғандығы тарихтан белгілі . Сондықтан олардың таңдаған күрес жолдары да басқаша болды . Олардың біразы империя орталығында білім алып , сонда саяси қозғалыстарға қатысса , біразы басқа қалаларда өсіп жетілді , 1905-1907 жылдардағы саяси толқуларға араласып , күрескерлер ретінде қалыптасты , абақтыларда шыңдалды . Мұның бәрі оларды сол кездегі күрестің өркениетті елдерге тән түріне – газет шығаруға алып
55
келді . Бұл тәсіл көп ұзамай-ақ өзінің тиімді тәсіл екендігін іс жүзінде көрсетті . Осылай , Алаш ардагерлері Абай ісін жаңа жағдайда жалғастырып , жаңа деңгейге көтере білді .
Баспасөздің ұлт мүддесі үшін күресте пайдалы да тиімді екендігін мына фактілерден де байқауға болады . Егер , Ахмет Байтұрсынұлы өзінің Абай өлеңдерімен тек 1903 жылы ғана танысқандығын айта келе: “Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем , тіпті жоқ деп айтсақта боларлық . Олай болуы сөзі басылмағандықтан , Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да , сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді” /55/ - десе , “Қазақ” газетінің бірге толып екіге аяқ басуына арнап жазған мақаласында: “Дүниеге шығып көрінуі мұң-ақ екен , жұрт жабылып көтермелеп кетті . Сондықтан бастауға себепкер біздер болсақ та , жүргізуге себепкер болған жұртқа кірген саңылау һәм сана , яғни ішіндегі саңлаулы , саналы адамдар . Жұрт азаматтарының бірсыпыралары пұл жағынан , бірсыпыралары қалам мен білім жағынан , бірсыпыралары екі жағынан да жәрдем етті , баршаларына жұрттың тілі болып , тұрған “Қазақ” атынан тәңір жарылқасын айтасыз !” - деп , Абайды да , “Қазақты” да , жұртқа танытқан баспасөз екендігін атап айтты . Бұл мысалдар баспасөз құдіретінің айқын дәлелі .
Газеттің 1913 жылдың басынан бастап шыға бастауы оны , өзінің еркінен тыс , бірінші әлемдік соғыс қарсаңындағы соңғы бейбіт жылғы қазақтардың саяси-әлеуметтік , экономикалық және мәдени өмірінің құнды дерегіне айналдырды . Сол жылғы апталық бетінде жарияланған материалдарға талдау жасау , оның мынадай деректік ерекшеліктері болғандығын көрсетеді:
Біріншіден , газетте басылған мақалалар ел өмірінің барлық жағын
дерлік қамтыған . Сондықтан , зерттеушілер олардан ұлтымыздың
56
аласапыран алдындағы бейбіт өміріне , күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты өздерін қызықтыратын мағлұматтар ала алады .
Екіншіден , газетте жарияланған мақалалардың басым бөлігін , ел жағдайының терең білгірлері , халқымыздың ойлары озық , қаламдары жүйрік азаматтары Әлихан Бөкейхан , Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы үшеуінің жазғандығы . Бұл фактордың газет материалдарының тарихи дерек ретіндегі шынайылық дәрежесінің жоғары болуына әсер ететін негізгі фактор болғандығы .
Үшіншіден , Абай шығармашылығының , Абай даналығының газеттің негізгі авторларына , солар арқылы газетке тигізген оңды ықпалы . Абай ісі , Абай ойы мен тілінің , газет ісі , газет ойы , газет тілімен сәйкестігі .
57
Қорытынды
Сонымен , ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қоғамда болған әлеуметтік өзгерістер мен саяси қақтығыстар қазақ даласына да өз әсерін тигізбей қойған жоқ . Уақыт тарих сахнасына ұлт бостандығы жолындағы күресте жаңа буын өкілдерін - әр тектілерден шыққан ұлт зиялыларын шығарды . Заман талабына сай , жан-жақты білім алған зиялыларымыздың бір тобы қалыптасқан тарихи жағдайда ұлт мүддесін қорғау үшін газет шығарудың қажеттігін жақсы түсінді . Нәтижесінде , 1907 жылдың наурызынан бастап қазан төңкерісіне дейін қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен бірнеше ұлттық-бейресми басылымдар дүниеге келді .
Қазақ зиялыларының газет шығару ісіндегі алғашқы қадамдары сәтсіз аяқталғанымен , ұлт мақтанышына айналып , атадан балаға асыл мұра болып қалатын , ұлт мүддесі үшін күресте әлі бірде-бір қазақ басылымы атқарып көрмеген істер атқарған басылымдар да сол жылдары пайда болды . Осылай , әзірге адамзатқа белгілі бұқаралық ақпарат құралдарының тұңғышы – мерзімді басылымдардың , бір-біріне қарама-қарсы мақсаттағы әлеуметтік топтардың саналы іс-әрекеттерінің нәтижесінде пайда болғанымен , бүгінгі күні бәрі де қазақ тарихының құнды дерек көзіне айналып отыр .
Сонымен , егер алғашқы қазақ тіліндегі ресми газеттердің дүниеге келуінің басты себебі , қазақ жерін одан әрі отарлаудың күшейтілуі болса , ұлттық-бейресми басылымдардың дүниеге келуінің басты себебі , керісінше , сол отарлаушылыққа қарсы күрестің нәтижесі болды . Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ басылымдарының деректік ерекшелігі де осыдан туындайды .
Қазан төңкерісіне дейін елімізде оннан аса ұлттық-бейресми басылымдар
58
жарық көрді . Олар негізінен екі түрлі тарихи жағдайда шығып тұрды . Егер , “Қазақ газеті” , “Серке” , “Қазақстан” , “Қазақ” , “Алаш” газеттерімен “Айқап” журналы патшалық самодержавие тұсында шықса , “Бірлік туы”, “Сарыарқа” , “Ұран” және “Тіршілік” газеттері Уақытша үкімет тұсында , демек , біршама демократиялық өзгерістер кезеңінде дүниеге келді . Бұл объективті жағдай басылымдар мазмұнына ғана емес , олардың тағдырына да әсер етті .
Ресми орындардың рұқсатымен шығып тұрғанымен ұлттық басылымдардың әрбір саны қатаң тексеріліп отырды . Басылым тек бекітілген бағдарлама бойынша ғана шығуға тиіс болды .
Ұлттық басылымдардың сипатына , бағыт бағдарына , демек оларда салынған ақпараттардың мазмұнына әсер еткен факторлардың бірі – қаражат көзі . Қазан төңкерісіне дейін шыққан бейресми басылымдардың бәрі де жеке адамның , немесе бір әлеуметтік топтың қаражатына емес , нақты басылымдарды жаздырып алушылардың , ауқатты азаматтардың берген көмегінің және жарнамалардан түскен ақшаның негізінде шығып тұрған . Сондықтан олар ұлттық сипат алды . “Қазақстан” журналы мен “Айқап” журналы сол қаражаттың жетіспеуінен жабылып қалды . Бұл факт ұзақ жылдар бойы кеңестік тарихнамада жазылып келген “Айқап” пен “Қазақтың” айтысына таптық-антагонистік сипат беру әрекетінің ойдан шығарылған негізсіз әрекет екендігін және “Айқап” журналы “Қазақ” газетінің қастандық әрекетінен жабылып қалды деген тұжырымның шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдейді .
“Қазақ” газетінің тарих дерегі ретіндегі тағы бір ерекшелігі , одан алынған мағлұматтардың жан-жақтылығы , ел өмірінің барлық салалары туралы толық мәлімет бере алуы және олардың шынайылық дәрежесінің жоғарылығы . Мысалы , газеттің әлем халықтары тарихында болып өткен
бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңындағы жылы дүниеге келуі , оны
59
қазақ халқының соңғы бейбіт жылғы өмірінің , тұрмыс-тіршілігінің , қоғамдық қарым-қатынастарының жазба дерегіне айналдырды .
Ұлттық басылымдар тарихының жаңа кезеңі ақпан революциясымен тікелей байланысты болды . Патша өкіметінің құлатылуы қазақ тілінде жаңа газеттер шығаруға мүмкіндік берді .
Сонымен , ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген мерзімді басылымдар , отан тарихының аса бір күрделі кезеңін жазба дерегін құрайды . Дегенмен , басқа деректер сияқты, олар да өздерін деректанулық “сыннан” өткізуді қажет етеді . Басылымдардың өздеріне ғана тән ерекшеліктерін ескеріп , әр түрлі тәсілдерді пайдалану арқылы жүргізілген деректанулық талдау , олардан шынайылық дәрежесі мен ғылыми құндылығы жоғары мәліметтер алуға мүмкіндік береді .
Жалпы , қазақ баспасөзін тарихи дерек көзі ретінде әр түрлі бағытта қарастыру ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының тарихын жан-жақты зерттеуге , оның әлі де ғылымға белгісіз жақтарын ашуға мүмкіндік береді деп ойлаймын . Оған қажетті материалдар ұлттық басылымдарда жеткілікті . Мысалы , ғасыр басындағы қазақ өмірінде көріне бастаған жаңа әлеуметтік-экономикалық қатынастардың , қазіргі тілмен айтсақ , нарықтық қатынастардың ел арасына енуі мен даму жолдары тек баспасөз деректерінің негізінде ғана толық ашылып көрсетілуі және объективті зерттелуі мүмкін .
Ә. Бөкейхан , А. Байтұрсынұлы , М. Дулатұлы бастаған ондаған авторлар өз ұлтының тарихы туралы жазып , жалпы тарих ғылымы туралы көзқарастарын білдірген . Олардың баспасөз бетінде қалдырған тарихқа қатысты мол мұраларына тарихнамалық талдау жасау тарих ғылымын байыта түсер еді деп ойлаймын .
60
Пайдаланылған деректер мен сілтемелер тізімі
-
Ключевский В.О. Сочинения в девяти томах. Т.VII. М.: Мысль, 1989. С.6.
-
Сонда.
-
Атабаев Қ. Мерзімді басылым ХІХ ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерегі ретінде. Алматы: “Қазақ университеті”, 1998. 195 б. (15-21).
-
Сонда. Б. 21-27.
-
Сонда. (27-35).
-
Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті. Алматы: Санат. 1997. 320 б.
-
Атабаев Қ. Қазақ баспасөзі Қазақстан тарихының дерек көзі(1870-1918). Алматы: “Қазақ университеті” 2000. 358 б.
-
Сыздықов С.М., Айдаров Ғ. Орхон жырлары – тарихи дерек. Алматы: 1991. 78 б.
-
Ирмуханов Б.Б. Прошлое Казахстана в письменных источниках. Алматы: Өлке, 1998. 370 с.
-
“Қазақтың” жабылуы... //Бірлік туы. 1918. 20(7) февраль. № 22.
-
Нұрпейісов К. Алаш һәм ... Б.22.
-
Мақалалар.
-
“Қазақ” газеті. Жинақ. Алматы: “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы. 1998. 560 б.
-
Сақов Қ.Ө. “Қазақ” газетіндегі ұлттық-саяси мәселелердің жазылуы. Ф.ғ.к.дисс. автореф. Алматы, 1998. 26 б.
-
Назарбаев Н. Тарих толқынында. Алматы: Атамұра, 1999. 296 б. (162-165)
-
Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. Алматы: Санат, 1995. 224-б.
-
Мырзахметов М. Қазақ қалай орыстандырылды. Алматы: Атамұра, 1993. 128-б.
-
Ахмедов Ғ. Алаш “Алаш” болғанда. Алматы: Жалын, 1996. 224-б.
-
Құл-Мұхаммед М. Алаш ардагері. Алматы: Жеті жарғы, 1996. 224-б.
-
Өзбекұлы С. Арыстары алаштық. Алматы: Жеті жарғы, 1998, 192-б.
-
Қалиұлы Ж. Мамания. Алматы: Атамұра, 1999. 272-б.
-
Субханбердина Ү. Қазақ баспасөзі тарихынан // “Айқап” . Жинақ. – Алматы , 1995. Б.6.
-
Беннигсен А., Лемерсье-Келькежей Ш. Қазақ баспасөзі // Қазақстан коммунисі , 1991. № 10. 72-77бб.
61
-
“Қазақ”. 1913. № 28.
-
Бекхожин Х. Қазақ баспасөзінің даму жолдары . Алматы. 1964. Б.68. Первая казахская газета “Дала уалаяты” (1888-1902). Автореф. канд. дисс. Алма-Ата. 1949. С.13.
-
Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-1995). Б.31.
-
Әбдіманов Ө. Қазақ газеті. Б.24.
-
Беннигсен А., Лемерсье-Келькежей Ш. Қазақ баспасөзі // Қазақстан коммунисі. 1991. № 10. 74 б.
-
Сонда.
-
Боранғалиұлы Т. Ел атауына ақ жол тілеген // Егемен Қазақстан, 1997. 19 қараша.
-
Тайшыбай З. Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ // Орталық Қазақстан. 1992, 9 мамыр.
-
“Қазақ”, 1917 жыл, № 239.
-
Дулатұлы М. Баспасөз үмесі // Еңбекші қазақ, 1923, 5 мамыр.
-
Исақанұлы Д. Барлық мүддеден жоғары // Ақиқат, 1999. № 2. 37б.
-
Аллаберген Қ., Нұсқабайұлы Ж., Оразай Ф., Көрсетілген еңбек. 32б
-
“Айқап”. Жинақ. Алматы, 1985. Б.20.
-
Дулатов М. Шығармалары. Алматы, 1991.37б
-
Боранғалиұлы Т // Егемен Қазақстан, 1997, 19 қараша
-
Субханбердина Ү. “Айқап” бетіндегі мақалалар мен хат-хабарлар. Мазмұндалған библиографиялық көрсеткіш. Алматы. ҚР, Орталық ғылыми кітапхана, 1999. 834 б. Б.5.
-
Нығметов Е. “Қазақстан” газеті. //Білім және еңбек. 1964. №5.
-
Өзбекұлы С. Арыстары алаштың: тарихи очерктер. Алматы: Жеті жарғы. 1998. 192 бет. (52).
-
Субханбердина Ү. Қазақ халқының атамұралары. Б. 62.
-
“Қазақ” газеті. Жинақ. 1998. Б.16.
-
Назарбаев Н. Жадымызда жатталсын, татулық дәйім сақталсын //Егемен Қазақстан. 1998,15 қаңтар.
-
Не екен ойландырған арыстарды? // Ақиқат, 1998, № 4, Б.78.
-
“Қазақ”, 1993, № 266.
-
М.Д. (Дулатов М.) “Айқап” журналы //Қазақ, 1914, № 51, 21 февраль.
-
“Қазақ”, 1913, № 1.
-
Дулатов М. Қазақ баспаханасы //Қазақ, 1917. № 239.
-
“Қазақ” газеті. Жинақ. Б.421.
-
Сақов Қ. “Қазақ” - өзін-өзі қаржыландырған газет //КазМУ хабаршысы. Журналистика сериясы. 1998. № 2. Б.37.
62
-
“Қазақ” 1915. № 101.
-
Назарбаев Н. Тарих толқынында. Б.163.
-
“Қазақ” газеті. Жинақ. Б.75.
-
А.Б. Қазақтың бас ақыны. “Қазақ” газеті. Жинақ. 71 бет.
63
Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министірлігі
Д.А. Қонаев атындағы Университет
Әлеуметтік және ізгілік пәндер кафедрасы
Диплом жұмысы
Ұлттық баспасөз ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының дерек көзі
Ғылыми жетекші: т.ғ.д. профессор Қ.М.Атабаев
Орындаған: тарих тобының 5 курс студенті Қалиева М.Б.
Алматы, 2006
Достарыңызбен бөлісу: |