1 БӨлім. Бағалы қАҒаздар нарығының ТҮсінігі және олардың сапалық Қасиеттері



Дата17.06.2016
өлшемі198 Kb.
#142032


Бағалы қағаздар нарығын құру
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ........................................................................................................................3

1 БӨЛІМ. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР НАРЫҒЫНЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ САПАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ................................................................5

1.1. Бағалы қағаздардың түрлері және олардың жіктелуі.......................................6

1.2. Бағалы қағаздарды шығару және жекеменшіктендіру түсінігі......................12

1.3. Бағалы қағаздар нарығының қызметi және оның нарықтық экономикадағы атқаратын ролі...........................................................................................................16

1.4. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы..............................................................20

2 БӨЛІМ. ПАЙЫЗ НОРМАСЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ МӘНІ...................................22

2.1 Пайыз нормасының негiзгi экономикалық ұғымы...........................................22

2.2 Қарыз мiндеттемесi бойынша пайыз нормасы.................................................23

3 БӨЛІМ. БАҒАЛЫ ҚАҒАЗДАР ОПЕРАЦИЯЛАРЫНЫҢ ЕСЕБІ..............26

3.1. Бағалы қағаздарды айналысқа шығару.............................................................26

3.2. Қайта қаржыландыру операцияларының есебі................................................30

ҚОРЫТЫНДЫ........................................................................................................33

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ..........................................................35

Кiрiспе
Бағалы қағаздар нарығы субъектiлерiнiң қатынастары экономикалық-құқықтық механизмге негiзделедi. Бұл бағалы қағаздардың материалдық түрi ретiнде оның маңызын дәлелдейдi. Бiрақ бағалы қағаздардың маңызы онымен шектелiп қоймайды. Бағалы қағаздар кез келген мемлекеттiң төлем айналымында маңызды орын алады, себебi олар арқылы мемлекеттiң инвестициялық қызметi жүзеге асырылады. Дәлiрек айтқанда, бұл күрделi қаржы тiкелей халық шаруашылығының ең тиiмдi саласына жiберiледi, яғни оларды нарық жүйесiндегi ең өмiршең субъектiлер ғана ала алады.

Өзiнiң ұйымдық және құрылымдық ерекшелiктерiне орай бағалы қағаздар қаржы институттары, қаржы нарықтары және оларды реттейтiн құқықтық ережелермен қатар мемлекеттiң қаржы жүйесiнiң тұтас бiр бөлiгiн құрайды. Мұндай жүйе бiздiң мемлекетiмiзде нарық қатынастарын қалпына келтiру қажеттiлiгi туындаған кезде құрыла бастады.

Бағалы қағаздары бар әрбір иеленуші мынадай міндеттерді шешеді: ескі үлгідегі облигацияны біршама төменгі бағада сатып алу барысында немесе ескі үлгідегі біршама жоғары тұрақты табысы бар облигацияларды сатып алғаннан, ол зиян шегеді – бұл бағалы қағаздың проблемасы болып табылады. Сонымен қатар бағалы қағаздар нарығының даму болашағы үшін, нарыққа өту барысында туындайтын макроэкономикалық және басқару шешімдерін талдау және стратегиясын қамтитын бағалы қағаздар нарығын дамытудың ұзақ мерзімді саясаты қажет - бұл басты проблемасы болып табылады.

Бағалы қағаздар проблемасын шешу үшін:



  1. Макроэкономикалық тепе- теңдікті қамтамасыз ету керек;

  2. Бағалы қағаздар нарығы агенттерінің мүдделерін құқықтық және экономикалық қорғау керек;

  3. Нарықтық ортаның бәсекелестік қабілетін қамтамасыз ету керек.

Қазақстан Республикасының мемлекетi бағалы қағаздар нарығын құру және оны одан әрi өрiстету мақсатында қажеттi шараларды жасауда. Қазақстандағы меншiктi мемлекет иелiгiнен алу және жекешелендiрудiң ұлттық бағдарламасы бағалы қағаздар нарығының негiзгi элементтерiн құру процесiн жеделдеттi. Мемлекеттiк кәсiпорындарды акционерлiк қоғамдар түрiнде қайта құру олардың инвестиция тартудың ең тиiмдi механизмдерiнiң бiрi – акция шығаруды пайдалану мүмкiндiгiн ашты. Бағалы қағаздар нарығының механизмi экономиканың барлық субъектiлерiне инвестиция көздерiн алуға мүмкiндiк жасайды. Акция шығару осы ресурстарды шектеусiз алуға мүмкiндiк туғызса, ал облигация шығару ақша ресурстарын, оларды банктерден алудан гөрi, тиiмдi жағдайда алуға мүмкiндiк бередi. Мемлекет бюджет кемшiлiгiн толтыру мақсатында да ақша белгiлерiн эмиссияламай, мемлекеттiк бағалы қағаздар шығарумен шұғылданады.

Айтылған мәселелердiң барлығы мемлекетiмiздiң экономикалық дамуының бүгiнгi кездегi сатысындағы ерекше бағыт, яғни бағалы қағаздарды шығару және сол қағаздар нарығындағы операцияларды меңгеру мiндетi пайда болғанын айқындайды.

Осыған байланысты курстық жұмыстың басты мақсаты – қазiргi экономикадағы бағалы қағаздар нарығы және процент нормасын рөлiн айқындап шығу болып табылады.


І бөлім. Бағалы қағаздар нарығының түсінігі және олардың сапалық қасиеттері.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі бойынша бағалы қағаздар деп мүліктік құқықты бекітілген нысанда және міндетті деректемелерді сақтай отырып куәландырытын құжаттарды айтамыз. Бағалы қағаздардың экономикалық мәнін ашуда құжаттың бағалы қағаздар мәртебесіне ие болуы үшін қосымша сапаларын анықтау қажет:


  1. Бағалы қағаздар өз кезегінде меншік титулы нысанында мүліктік құқықты немесе құжат иесі мен оны шығарушы тұлға арасындағы қарыздық қатынасты куәландырытын ақша құжаты;

  2. Бағалы қағаздар қорларды инвестициялау туралы куәландыратын құжат ретінде қызмет етеді. Бұл әсіресе бағалы қағаздардың рөлі мен экономикалық мәнін түсіну үшін өте маңызды. Бұл жерде олар инвестицияның жоғары нысаны ретінде басты рольде ойнайды;

  3. Бағалы қағаздар – бұл нақты активтерге талап етуі көрсетілген құжатар;

  4. Бағалы қағаздардың экономикалық мәнін түсіну үшін маңызды сәті – олардың табыс әкелуі болып табылады;

Сонымен қатар бағалы қағаздардың өтімділік, айналымдылық, нарықтық сипат, стандарттылық, сериялық сияқты сапалық қасиеттермен азаматтық айналымда қатысуын атамай өтуге болмайды.

Өтімділіктің астарында бағалы қағаздардың сатылуы нәтижесінде ақша қаражаттарына айналу мүмкіндігі жатыр. Ол үшін бағалы қағаз нарықта айналыста болуы қажет. Бағалы қағаздардың айналымдық қасиеті сатып алу – сату негізінде немесе басқа тауарлар нарығымен айналымды байланыстырып, төлем құралы ретінде іске асырылады.

Бағалы қағаздар ерекше тауар ретінде, яғни өзіне тиесілі ұйымдарды және онда жұмыс істеу ережелері бар нарығы болуы керек. Алайда бағалы қағаздар нарығында сатылатын тауарлар ерекше тауарлар болып табылады. Себебі бағалы қағаздар – бұл тек меншік титулы, табыс алуға құқық беретін, бірақ нақты капитал алуға құқығы жоқ құжат. Бағалы қағаздар нарығының оқшаулануы олардың осы сапасымен анықталады.

Бағалы қағаздар нарығы басқа нарықтар сияқты күрделі ұйымдық және техникалық циклдардың толықтылығы мен аяқталғандылығын жоғары деңгейімен ұсынады. Онда бағалы қағаздар баға кешенін қолдану арқылы сатып алу – сату заты ретінде пайдаланылады, бұл жай тауарлардан ерекшеленеді.

Бағалы қағаздардың айналымға түсу уақыты мен әдісіне байланысты олардың нарығы алғашқы және екінші болып бөлінеді. Алғашқы нарықта жаңадан шығарылған бағалы қағаздарды оларды алғашқы иемденушілеріне сатады; екінші нарықта бағалы қағаздардың айналысы, яғни олардың иемденушілерінің ауысуы. Бағалы қағаздардың атаулы (атаулы құн – оларды шағыру кезінде анықталатын бағалы қағаздар құнының ақшалай көрінісі), эммисиялық және нарықтық бағасы болады.



Атаулы баға – дивиденттерді және пайыздарды есептеу базасы ретінде нақты есептік мәні бар және одан кейінгі есеп айрысуларды қолданады. Эммисиялық баға – бағалы қағаздарды алғашқа орналастыру кезіндегі сатылу бағасы болып табылады. Ол табыстылық және несиелік пайыз деңгейімен анықталады. Нарықтық баға – бағалы қағаздардың екінші нарықта айналу бағасы. Оның көлеміне сұраныс пен ұсыныстың арақатынасы әсер етеді.

Сонымен, бағалы қағаздар шаруашылық қызметте қолданатын әр түрлі құжаттардың жиыны. Сонымен бірге олар өздеріне тиісті жалпы бір белгілері онда көрсетілген мүліктік құқықты өткізу үшін ұсыну қажеттілігімен біріктіріледі. Бағалы қағаздарды иемденудің мақсаты табыстылық, өтімділік және қаржыландыру кезінде қажеттіліктерді қанағаттандыру болып табылады.




    1. Бағалы қағаздардың түрлерi және олардың жіктелуі.


Бағалы қағаздардың түрлері – түсінігінде бағалы қағаздарға тиісті жалпы және бірдей белгілердің жиынтығы. Бағалы қағаздардың жіктелуі мен бағалы қағаздар түрлерінің жіктелуін бөліп қарастыруға болады.

Бағалы қағаздардың жіктелуі – бұл бағалы қағаздардың өздеріне тиісті белгілері бойынша бөлінуі.

Бағалы қағаздардың түрлерінің жіктелуі – бұл бір түрдегі бағалы қағаздарды топтастыру және бағалы қағаздарды басқа да түрлерге бөлу. Өз кезегінде түрлерді одан әрі бөлуге болады, әрбір төменгі жіктеу жоғары тұрған жіктеудің құрамына кіреді. Мысалы, акция – бағалы қағаздардың бір түрі. Қарапайым акция бір дауысты немесе көп дауысты, номиналмен немесе номиналсыз болуы мүмкін. Бағалы қағаздар жоғарыда айтылғандай белгілі бір сипаттың жиынына ие.

Уақыт сипаттамасы:

  1. Қызмет ету мерзімі: айналысқа қай уақытта шығындарды, қай уақыт кезеңіне немесе мерзімсіз;

  2. Пайда болуы: басы өзінің бірінші негізінен келе ме немесе басқа бағалы қағаздардан;

Кеңістік сипаттамасы:

  1. Қызмет ету нысаны: қағазда немесе заңды түрде айтқанда құжатты нысан немесе қағазсыз, құжатсыз нысан;

  2. Ұлттық белгісі: отандық немесе басқа мемлекеттік, яғни шетелдік;

  3. Аймақтық белгісі: елдің қай аумағында шығарылған;

Нарықтық сипаттамасы:

  1. Бағалы қағаздар негізінде жатқан актив түрі немесе оның шығу негізі (тауар, ақша, фирманың жиынтық активі және тағы басқа);

  2. Иемдену тәртібі: ұсынушыға, атаулы, ордерлі. Атаулы бағалы қағаздар – онда көрсетілген тұлғаның құқығын куәландыратынын көрсетеді. Ұсынушыға бағалы қағаздар – құқық оны ұсынушы адамға жатады. Ордерлі бағалы қағаздар – құқық онда адамға тиесілі;

  3. Шығару нысаны: эмиссионды, яғни ішінде барлық бағалы қағаздар өздерінің сипаттары бойынша бірдей болып келетін бөлек сериялар бойынша шығарылады немесе эмиссиялық емес;

  4. Меншік нысаны және бағалы қағаздарды нарыққа шығарушы эмитент түрі: мемлекет, корпорациялар, жеке тұлғалар;

  5. Айналыс сипаты: нарықта еркін немесе шектеулі айналады;

  6. Бағалы қағаздар ұсынатын құқық түрі негізінде экономикалық мәні;

  7. Тәуекел деңгейі: жоғары, төмен және тағы басқа;

  8. Табыс көзі: бағалы қағаздар бойынша табыстың қандай да болса бөлігін төлей ме, жоқ әлде төлемей ме;

  9. Қаражат салымның нысаны: ақша қарызға немесе меншік құқығын иемденуге қаржылана ма;

Бағалы қағаздар сонымен қатар мерзімді және мерзімсіз болып бөлінеді.

Мерзімді бағалы қағаздар – оларды шығару кезінде мерзімі белгіленетін бағалы қағаздар, әдетте олар:

  1. Қысқа мерзімді – айналымда бір жылға дейін жүреді;

  2. Ұзақ мерзімді – айналымда бір жылдан жоғары мерзімде жүреді;

Мерзімсіз бағалы қағаздар – айналым мерзімі шектелмеген бағалы қағаздар, яғни олар шексіз қызмет етеді және бағалы қағаздар шығару кезінде өтеу мерзімі көрсетілмейді.

Бағалы қағаздардың пайда болуының классикалық нысаны – қағаз, яғни бағалы қағаз құжат түрінде қолданылады. Бағалы қағаздар нарығының дамуы бағалы қағаздардың көп түрінің, ең алдымен эмиссиялық нысанын құжатсыз нысанға ауысуын талап етеді.



Инвестициялық – капитал салымы үшін объекті болып табылатын бағалы қағаздар, яғни акциялар, облигациялар, фьючерлік келісімдер. Инвестициялық емес – тауар немесе басқа нарықта ақшалай есеп айырысуға қызмет көрсететін бағалы қағаздар, яғни вексельдер, чектер, коносаменттер.

Қордың бағалы қағаздары үш топқа бөлінеді:



  1. Мемлекеттік;

  2. Муниципалдық;

  3. Мемлекеттік емес;

Мемлекеттік бағалы қағаздар – мемлекеттің ішкі қарыздарының нысаны, эмитенті мемлекет болып табылатын қарыздық бағалы қағаздар. Мемлекеттік бағалы қағаздар ішінде қазынашылық вексельдер мен міндеттемелер, мемлекеттік және жинақ қағаздарының облигациялары кең тараған.

Муниципалдық бағалы қағаздарға жергілікті үкімет органдарының қарыздық міндеттемелері жатады.

Мемлекеттік емес бағалы қағаздар корпорациялық және жеке қаржы институттарымен ұсынылады. Корпорацияға кәсіпорындардың, ұйымдардың, банктердің қарыздық міндеттемелері мен акциялары жатады. Жеке бағалы қағаздарға жеке тұлғалар шығаратын вексельдер, чектер жатуы мүмкін.

Нарықтық экономикада қалыптасып жатқан қаржы нарығының ең маңызды элементi – бағалы қағаздар болып табылады. Оны акционерлiк қоғамдар мен банктер акция, облигация, вексель, сертификаттар және т.б. түрiнде шығарады.



Акция – француз тiлiнен акционерлiк қоғам капиталына белгiлi бiр мөлшерде қаржы енгiзiлгенiн және дивиденд тұрiнде табыс алып отыру құқын куәландыратын бағалы қағаз болып табылады. Ал дивиденд – латын тiлiнен аударғанда бөлiнiске түсетiн деген мағынаны бiлдiредi. Дивиденд акция иесiнiң, яғни акционерлiк қоғам құрылтайшыларының алатын табысы, басқаша айтқанда акционерлiк қоғам пайдасының белгiлi бiр бөлiгi болып табылады.

Шетелдiк тәжiрбиеде әртүрлi акциялар қолданылады: атаулы акция және мәлiмдеушi акция, қарапайым акция және артықшылығы бар акция, бiр дауысты акция, көп дауысты акция және дауыссыз акция. Акцияның нарықта сатылу бағасы – акция курсы болып табылады. Акция курсы процент нормасына тiкелей байланысты. Бiздiң елiмiзде қарапайым және артықшылығы бар акциялар қолданылады. Қарапайым акциялар кәсiпорынның алынатын пайда мөлшерiне тәуелдi болады, оның иесi акционерлердiң жалпы жиналысына қатыса алады. Ондай акцияның артықшылығы – оның иелерiне, акционерлiк кәсiпорынға немесе банкiге түсетiн пайда мөлшерiне қарай жыл сайын тұрақты белгiленген дивидендтi төлеуде тұрады. Осы сияқты иеленушiлер акционердiң жалпы жиналысына қатыстырылмайды. Басқа бiр артықшылығы – акционерлiк компания жабылатын жағдайда бұл акцияларды иеленушiлерге бiрiншi кезекте ол кәсiпорынның мүлiктерiн сатудан түскен ақшаның бiр бөлiгi берiледi.



Акционерлiк қоғам – өздерiнiң ресурстарын орталықтандыратын немесе тұрғындардың жинақтарын айналымға акция немесе басқа бағалы қағаздар шығару жолымен жұмылдыратын кәсiпорындардың, ұйымдардың және мемлекеттiк органдардың ерiктi бiрлестiгi. Мұндай қоғамдар өздерi қабылдаған жарғының негiзiнде жұмыс жасайды және кез келген шаруашылық саласында құрылуы мұмкiн. Iс жүзiнде акционерлiк қоғамдарды акциялардың бiршама көпшiлiгiн иеленетiн iрi кәсiпкерлер толық билейдi. Акционерлiк қоғамда үстемдiк етуге мүмкiндiк беретiн акциялардың санын акциялардың бақылау пакетi деп атайды.

Облигация - көрсетiлген кiрiстi оның иесiне төлеу жөнiндегi мiндеттеме. Мұндай бағалы қағазды мемлекет немесе кәсiпорындар шығарады. Облигация, оның иесiнiң ақша қаражатын салғанын куәландырады және оған белгiленген проценттi төлеу уақыты көрсетiлген нақты құнының орнын толтыру мiндетiн дәлелдейдi. Процент, әдетте бiрдей мөлшерде қарыздың барлық мерзiмi бойына төленедi. Кейбiр облигациялар бойынша процент ресми есептелмейдi, бiрақ өтеу кезiнде облигациялар сатып алынатын баға мен олардың иелерiне сатылған баға арасындағы айырмашылық түрiнде төленедi.

Облигацияның бiрнеше түрi болады: мемлекеттiк, жергiлiктi және кәсiпорындар облигациялары. Олар атаулы және мәлiмдеушiге арналған, проценттi және процентсiз, еркiн айналатын немесе айналым өрiсi шектелген облигациялар болып та шығарылады.



Вексель – заң бойынша белгiленген үлгiде толтырылатын құжат. Ол вексель иесiне вексель бойынша қарыз адамнан құжатта көрсетiлген соманы белгiлi бiр мерзiмде және белгiлi бiр орында талап етуге құқық бередi. Нарықты экономикада вексель несие құралы және төлем қаржысы ретiнде үлкен роль атқарады. Вексельдiк мiндеттеме бiршама қысқа мерзiмге, формальды түрде бiр жылдың шегiнде, көбiне не бәрi 1-3 айға берiледi. Вексельдер, әдетте коммерциялық несие қызметiн атқарады, ал вексельдiк айналым жолымен – ақшаның орнына жұмсалады. Вексельдi басқа бiреуге беру индоссамент (вексельге өткiзгiш таңба) нысанындағы берiлу жобасы жолымен жүзеге асады. Өздерiнiң нысанына қарай вексельдер жай және аударылатын болып бөлiнедi.

Жай немесе қарапайым вексель – бұл бiр немесе бiрнеше адамның белгiлi бiр ақша сомасын белгiлi бiр мерзiмде төлейтiнi туралы жазбаша мiндеттемесi; жай вексель ортақ жауапкершiлiктi бiрнеше адамдармен берiлуi мүмкiн.

Аударылатын вексель (тратта) – бiр адамның басқа бiреуге, үшiншi адамға белгiлi бiр ақша сомасын белгiлi бiр мерзiмде төленетiн жазбаша нысандағы бұйрық. Мерзiмi көрсетiлмеген аударылатын вексель мәлiмдеме бойынша төлеуге жатады. Жалпы аударылатын вексель мәлiмдеме бойынша төлеуге жатады.

Депозиттiк сертификат – бұл банкiмен шығарылатын ақша нарығының құралы. Мерзiмдi депозиттiк сертификатта төлем және процент нарқын төлеудiң белгiленген күнi болады. Сертификат жеңiл, өтiмдi, қысқа мерзiмдi инвестициялық құрал болғандықтан, инвесторлармен, кәсiпорын және ұйымдармен кеңiнен қолданылады. Депозиттiк сертификаттар, көбiнесе уақытша бос қаржыларды орналастыру құралы ретiнде қаржылық емес корпорацияларымен сатып алынады.

Жинақ сертификаты – ақша салушының депозитiн (белгiлi бiр шартты уақытта алу үшiн несие мекемелерiне, сақтау орындарына сақтауға берiлген бағалы қағаздар) белгiленген мерзiмi өткеннен кейiн оған берiлген проценттi алу құқын дәлелдейтiн несие мекемесiнiң ақша қаражаттарын депонентке салғаны туралы жазбаша куәлiк. Сертификаттар мемлекеттiк банкпен және басқа банктермен шартта белгiленген процент бойынша белгiленген мерзiмге немесе оны талап етуге дейiн шығарылады. Жинақ сертификаттары атаулы және мәлiмдеушi сертификаттары атаулы және мәлiмдеушi сертификаты болып та берiледi. Атаулы сертификаттар айналымға жатпайды, ал оларды сату заңсыз болады.

Чек – белгiлi бiр нысандағы банкiден ақша алатын немесе алу – беру шотына белгiленген ақшаны аударуға нұсқау жазылатын арнаулы құжат. Оларды ақша және есеп айыратын чектер деп атайды. Ақша чегi бойынша банктен қолма-қол ақша алады. Есеп айыру чегi – чек берушiнiң есебiнен чек ұстаушының есебiне ақшалай төлем жасау туралы, ерекше бланкiге толтырылған банкке берiлетiн жазбаша нұсқау болып табылады. Ол қолма-қол ақшасыз есеп айырысу үшiн қолданылады.

Қазiргi кезде кәсiпорындарда және еңбек ұжымдарында енгiзiлген акцияларды толық мағынада акция деуге әлi ерте, себебi олар кәсiпорынның капиталын құрамайды, акцияның сомасы оның иесiнiң талабы бойынша қайтарылуы мүмкiн (нағыз акциялар қайтарымға жатпайды). Оның үстiне олар басқаруда дауыс құқын бермейдi.

Мемлекеттiк бюджетке қосымша қаржы түсiретiн көз ретiнде мемлекеттiк облигацияларды шығару бұрыннан жолға қойылған. Ол тексеруден өткен және тиiмдi жол.

Жұмыскерлердiң өз кәсiпорынның акцияларын иемденуi салыстырмалы түрде қарапайым процесс. Ал бағалы қағаздардың еркiн нарығын ұйымдастыру күрделi мәселе. Ол бiр-бiрiмен байланысты екi бөлiктен – бiрiншi және екiншi кезектегi нарықтардан тұрады. Бiрiншi кезектегi нарықта бағалы қағаздарды айналысқа шығару (эмиссиялау), ал екiншiсiнде – оларды қайта сату жүзеге асырылады.




    1. Бағалы қағаздарды шығару және жекеменшіктендіру түсінігі.


Бағалы қағаздар – ең алдымен мүлiктi иемденуге құқық беретiн ақшалы құжат немесе қарыз берушiге қарыз алушының берген қарыз мiндеттемесiн айтамыз. Бағалы қағаздар толтырылуы немесе жазылуы жөнiнен екi түрлi болуы мүмкiн:

  1. Заң жүзiнде бекiтiлген жеке құжат түрi;

  2. Есепшотқа енгiзiлген жазу түрi;

Егер басқа адамға иемденуге берiлсе, бағалы қағаздардың екiншi түрi бойынша ерекше куәлiк толтырылып берiледi. Оны иемдену құқын беретiн құжатты сертификат деп атайды. Шығаруы жөнiнен бағалы қағаздар нарықтық және нарықтан тыс болып та екiге бөлiнедi. Нарықтан тыс бағалы қағаздар әлеуметтiк – нарықтық қатынастардың дамуы негiзiнде пайда болған қағаздардың ерекше түрi. Оларға жинақ облигациялары, зейнетақы қорларының облигациялары, депозиттiк облигациялары жатады. Жинақ облигациялары негiзiнен жеке тұлғалар арасында орналастырылады. Бұл бағалы қағаздар қазiргi кезде АҚШ-та кең тараған. Зейнетақы қорларының облигациялары және жеке зейнетақы облигациялары және зейнетақы облигациялары, оларға, мысалы, АҚШ-та бiреуге жалданбай – ақ өз алдына қызмет iстейтiн адамдардың ақшасына шығарылған облигациялар жатады. Ал депозиттiк облигациялар қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi, ұзақ мерзiмдi болып үшке бөлiнiп, тек жергiлiктi басқару органдарына ғана сатылады. Бұл ұйымдар шамалы болса да табыс әкелетiн, бiрақ салық төлеуден босатылған өздерiнiң облигацияларын шығаруы мүмкiн.

Нарықтан тыс бағалы қағаздар әр түрлi қорларға немесе банктерге, оның iшiнде шетел банктерiне және кәсiпорын, ұйымдарға салған капиталдан түскен табысты иемденуге құқық бередi. Бұл бағалы қағаздарды шығару шарты бойынша иемденушi – заңды немесе жеке тұлғалар – оларды басқа иемденушiге беруге құқығы жоқ. Сондықтан бұл қағаздар нарықта еркiн айналымға түсе алмайды.

Сонымен қатар, нарықтан тыс бағалы қағаздарға (мысалы, АҚШ-та және кейбiр басқа елдерде тараған) басқа мемлекеттердiң Орталық банктерiнде орналастыру үшiн шығарылуы кең өрiстеген облигациялар жатады. Соңғы кездерде барлық дамыған елдерде нарықтан тыс бағалы қағаздарды шығаруды кеңейту және олардың түрлерi мен санын көбейту тенденциялары байқалуда.

Ал айналымға түсетiн бағалы қағаздарды нарықтық бағалы қағаздар деп атайды. Бағалы қағаздар айналысы деп оларды сатып алу – сатуды және заң жүзiнде олардың иемденушiсiн өзгерту әрекеттерiн айтады. Бағалы қағаздарды шығарып, оны айналымға түсiрушiнi эмитент деп атайды.

Бағалы қағаздарды шығарып, оларды бiрiншi иемденушiлерге (инвесторларға) сату мына түрде жүзеге асырылады (инвесторлар жеке және заңды тұлға болуы мүмкiн):


  1. Қоғам құрып, олардың акцияларын құрылтайшылар арасында орналастырғанда;

  2. Қоғамның алғашқы жарғылық капиталының көлемiн жаңадан акция шығарып өсiргенде;

  3. Заңды тұлғалардың, яғни мемлекеттiң, мемлекеттiк органдардың немесе жергiлiктi әкiмшiлiктердiң облигация және басқа қаржы мiндеттемелерiн шығару арқылы қарыз капиталын пайдаланғанда.

Эмитент және сонымен қатар эмитенттiң келiсiмiмен бағалы қағаздарды алғашқы иемденушi инвестициялық институттар әрбiр бағалы қағаздарды сатып алушыға сату тәртiбiн түсiндiретiн эмиссия проспектiсiн алдын-ала шығаруы тиiс. Оны ақпарат құралдарында жариялау мiндеттi.

Бағалы қағаздар нарығы тек әдеттегi тауар – ақша қатынастары және меншiк қатынастары жағдайында дамуы мүмкiн. Мемлекеттiк меншiктi жаңа нарық қатынастарына сай өзгерту тек оны жекеменшiктендiру арқылы ғана iске асады.

Жекеменшiктендiру бағалы қағаздардың жаңа түрi – жекеменшiктендiру чектерiн (купондарын) өмiрге келтiрдi. Бұл мемлекеттiк бағалы қағаздар, өз иесiне мемлекеттiң иелiгiнен алып, жекеменшiктендiрiлген меншiктi бiр бөлiгiн қайтарымсыз пайдалануына құқық бередi.

Iрi және орта кәсiпорындарды жекеменшiктендiру оларды акционерлiк қоғам ретiнде қайта құрудан басталды. Акционерлiк қоғамның иесi акционерлер, олардың меншiк құқы ация берумен куәландырылады.

Жекеменшiктендiру чектерiне кез келген жекеменшiктендiрiлген кәсiпорынның акциясын сатып алуға болады. Ал жекеменшiктендiрiлген кәсiпорын ұжымы мүшелерi өз кәсiпорынның акциясын жеңiлдiкпен сатып алуға құқық бар. Ондай сатып алуды да жекеменшiктендiру чегiмен төлеуге болады. Жекеменшiктендiру чегiне басқа акционерлiк қоғамға айналған кәсiпорындардың акциясын сатып алу аукциондарда жүргiзiледi. Аукцион өтетiнi туралы алдын ала ақпарат құралдарында жарияланады. Сонымен бiрге жекеменшiктендiру чегiне арнаулы инвестициялық қорлардың да акциясын сатып алуға болады. Ондай қорлар чектердi өздерiнде көптеп шоғырландырып, оған басқа акционерлiк қоғамдардың акциясын сатып алады. Инвестициялық қорлардың акциясын сатып алушы сол қордың иемденушiсiнiң бiреуi болып есептеледi. Қор оған өз пайдасының бiр бөлiгiн төлейдi. Инвестициялық қорлар – жеке мекеме. Мемлекет инвестициялық қорларға салған чектерге кепiлдiк бермейдi.

Осы айтылғандардан басқа, жекеменшiктендiру чегiн мұра етiп қалдыруға, сыйлық ретiнде беруге және сенiмхатпен басқа адамға беруге де болады. Бiздiң елiмiзде жекеменшiктендiру чегiне акция сату және меншiктi жекеменшiктендiру 1994-1995 жылдары өттi. Ол кездерде көптеген инвестициялық қорлар ашылып, халық ол қорларға чектерiн тапсырғанымен олардың орнына акция алғандары аз.

Жекеменшiктендiру бiр жағынан бағалы қағаздардың жаңа түрi – жекеменшiктендiру чегiн нарыққа әкелсе, екiншi жағынан кәсiпорынның жаңа ұйымдастыру-құқықтық формасы – акционерлiк қоғамдардың көптеп құрылуына және олардың қалыптасуына жол ашты. Бұл жағдай жаңа акциялар мен облигацияларды эмиссиялаумен қатар, бағалы қағаздардың басқа түрлерiн шығаруға да себепшi болады. Сонымен, кәсiпорындарды жекеменшiктендiру – бағалы қағаздар нарығының қалыптасуындағы алағашқы кезең.

1.3. Бағалы қағаздар нарығының қызметi және оның нарықтық экономикадағы атқаратын ролі.
Бағалы қағаздар нарығы басқа нарықтардан өзiнiң айрықша тауарымен өзгешеленедi. Ол өзгеше тауар – бағалы қағаздар. Олар бiрiншiден, меншiк белгiсi, екiншiден, қарыз мiндеттемесi, яғни олар бойынша табыс алу құқы және табыс төлеу мiндеттемесi пайда болады. Бұдан бұрын айтқанымыздай, бұл тауарды өз құны аз болса да, өте жоғары нарық бағасымен сатуға болады. Бағалы қағаздардың көрсетiлген құны (номиналды) өте төмен болғанымен, мысалы, өндiрiс кәсiпорнына жұмсалған нақты капиталдың белгiлi бiр мөлшерiн көрсетедi. Егер бағалы қағаздарға нарықтық сұраныс оның ұсынысынан жоғары болса, онда оның бағасы көрсетiлген құннан (номиналынан) жоғары болады (керiсiнше де болуы мүмкiн).

Бұндай нарықтық бағаның номиналдан ауытқуы, бағалы қағаздардың “жалған капитал” екенiн көрсетедi.

Жалған капитал – накты капиталдың қағаз белгiсi, яғни өндiрiстiк капиталдың оқшауланып шыққан бiр бөлiгi (сауда, несие капиталдары).

Бағалы қағаздар ақша капиталының немесе басқа материалды құндылықтардың орнына жұретiн “символы” болғандықтан оны “қордың құндылықтары” деп те атайды. Сонымен қатар, бағалы қағаздар “қордың инструментi немесе құралы” болып та есептеледi. Себебi тек сол құралды пайдаланып, нақты құндылықтарға қол жеткiзуге немесе сол құндылықтар бiр субъектiден екiншiге ауысуына болады. Сонымен бағалы қағаздар нарығы капитал нарығының, яғни ақша және басқа материалдық құндылықтардың нақты қызметiн көрсетедi.

Бағалы қағаздар нарығы нарықтық экономикада күтпеген кездейсоқ болатын процестердiң реттеушiсi. Бұл алдымен капиталды инвестициялау деген оның капиталға мұқтаж өндiрiс салаларына құйылуы, ал артық болған уақытта сол саладан қайта алынады. Капиталдың бұндай айналыс механизмi мынадан түсiнiктi. Мысалы, кейбiр тауарларға немесе қызмет түрлерiне сұраныс өссе, онда соған сәйкес бағасы да өседi. Демек, оларды өндiруден пайда да өседi, сондықтан басқа салалардың өнiмiне сұраныс азайып, олардың экономикалық тиiмдiлiгi кемiп, ондағы капитал өнiмiне сұраныс өсiп тұрған салаларға құйылады. Бағалы қағаздар осы механизмнiң қызметiн қамтамасыз ететiн құрал. Олар уақытша бос капиталды сату – сатып алу арқылы тиiмдi өндiрiске бағыттап отырады. Нарықтық экономиканың тәжiрбиесiнде капитал ең алдымен қоғамға шын мәнiнде қажеттi өндiрiске орналасады. Нәтижесiнде қоғамдық өндiрiстiң ең үйлесiмдi құрылымы пайда болып, тапшылықсыз экономика қалыптасады: қоғамдық өндiрiс негiзiнен қоғамдық сұранысқа сай болады. Бұл өркендеген нарық экономикасының басты жетiстiгi. Бiздiң елiмiздегi Мемлекеттiк жоспарлау комитетi басқарған орталықтанған – жоспарлы экономика 70-жыл (1921-1991 жж.) бойы қоғамның зарарсыз өсуiн қамтамасыз ете алмады. Ал нарықтық қатынастарды дамыту – қоғамдық экономиканың шарықтап өркендеуiне жеткiзетiнi ақиқат шындық.

Кәсiпорынның қосымша капиталға мұқтаждығы – негiзгi қорды құру және ескi қорларды жаңарту, айналыс құралдарын толықтыру. Бұл мұқтаждықтар нарық конъюнктурасына тiкелей байланысты. Сонымен қатар конъюнктураның өзгеруi белгiлi бiр уақыт арасында болып тұрады. Сондықтан кәсiпорын қажеттi қаражатты белгiлi бiр уақытта, яғни нарық конъюнктурасының өздерiне қолайлы кезiнде алғаны жөн. Қазақстан Республикасында әзiр бұндай жағдай қалыптасқан жоқ. Себебi, банктiк несие әрi қымбат, әрi шектелген, ал бағалы қағаздар нарығы жаңадан қалыптасу кезiнде.

Экономикасы дамыған мемлекеттерде бағалы қағаздар көмегiмен қосымша капитал алу анағұрлым жеңiл. Акция және облигация сияқты бағалы қағаздарды шығаруға және оларды тiркеуге 2 жетi эмиссиялық проспектiсiн шығарып және нарыққа қатысушылардың оларды талқылауына 2-4 жетi, оларды сатып алу – сатуға және есеп айырысуға 2-3 жетi уақыт кетедi екен. Қорытындысында 1,5-2 ай iшiнде эмитент (шығарушы) өзiне қажеттi капиталды жинап, оны басқару құқына ие болады. Сонымен бағалы қағаздар нарығы – экономикалық өрлеудi көп жағдайда қаржыландыратын ең оңай және ең қолайлы қаржы көзi.

Нарықтық экономика – адамзат өркениеттiлiгiнiң ең жоғарғы жетiстiгi және өндiрiстi ұйымдастырудың ең тиiмдi тұрi екендiгiн дүниежүзi мемлекеттерiнiң көпшiлiгiнiң өркендеу тәжiрбиесi дәлелдеген ақиқат шындық. Ал Қазақстан Республикасы үшiн шаруашылықты жүргiзудiң жаңа әдiстерiне өту ғана емес, сонымен бiрге мемлекеттiк экономикалық саясаттағы субъективизмнен (әдiлетсiздiктен) бас тарту.

Шаруашылықты нарық әдiстерiмен жүргiзу қаржы нарығының мол мүмкiндiгiн пайдалануды талап етедi. Қаржы нарығы – мемлекеттiң бүкiл ақша қорларының жиынтығы. Бұл қорлар экономиканың әртұрлi субъектiлерiнiң сұранысы мен ұсынысы әсерiнен өзгерiп және үнемi қозғалыста болады. Қазiргi кезде дүниежүзiнде АҚШ-тың, Еуропа бiрлестiгi мен Жапонияның қаржы нарығы ең үлкен қорларды иемденуде. Ал Қазақстан Республикасының нарықтық экономикаға өту кезеңiнде оның қаржы нарығының қоры мол, өз өркендеуiне жетедi деуге әзiр ерте.

Жалпы қаржы нарығы бiрiне-бiрi байланысты және бiрiн-бiрi толықтырып тұратын, бiрақ әрқайсыс өз алдына қызмет жасайтын үш нарықтан тұрады:

Бiрiншiден, айналымдағы қолма-қол ақша қызметiн атқаратын қысқа мерзiмдi төлем құралдары (вексельдер, чектер және с.с.) жатады. Қазақстан Республикасының қаржы нарығы қазiргi кезде айналымдағы қағаз ақшаның құнсыздануынан инфляцияға ұшырауда. Егер жалпы Ұлттық өнiм жылына 5%-ға, ал айналымдағы ақша – 6-7%-ға өссе, онда жалпы Ұлттық өнiмдi сату да оңайға түседi. Онда экономикада жағымды өзгерiстердi аңғаруға болады. Егер де жалпы Ұлттық өнiм жылына сол 5%-ға, ал айналымдағы ақша 10-20%-ға және одан да көп өссе, онда қарқынды инфляция болып, экономика құлдырап төмен кетедi.

Екiншiден, несие капиталының нарығы, яғни қысқа және ұзақ мерзiмдi банктiк несие нарығы. Коммерциялық банктер (олардың саны 71-ден асады) қысқа мерзiмдi несиенi қайтарылуына көзi жеткенде ғана жоғары проценттiк өсiммен бередi. Бұл несиенi өзiнiң айналым қаржысы жоқ кәсiпорындар алуына мәжбүр етедi. Негiзгi қорларды құруға және оларды жаңартуға проценттiк өсiмi өзгерiп, қайта қаралып отыратын ұзақ мерзiмдi несие берiледi. Сондықтан, қаржы нарығының бұл бөлiгiне де дағдарыс тән:

Үшiншiден, бағалы қағаздар нарығы. Бұл нарықтың кейбiр белгiлерi КСРО-да қазан төңкерiсiне дейiн болғанымен, соңғы 70 жыл бойы оның ешқандай өсу белгiсi болған жоқ. Ал 90-шы жылдардың басында ТМД елдерiнде, оның iшiнде Қазақстанда басталған нарық қатынастары даму және одан әрi жетiлдiру үшiн белгiлi бiр уақыт қажет. Себебi, нарық меншiк қатынастарын және мемлекет пен жергiлiктi басқару органдарының қаржы саясатын өзгертуден басталады. Айта кету керек, нарық ең бiрiншi меншiктi жекеменшiктендiру және мемлекеттiк кәсiпорындарды акцияландырудан басталады. Қазiргi кезде егемен жас мемлекеттер бюджет тапшылығын жою мақсатында бұрынғы үйренген әдiс – ақша белгiлерiн шығарумен шұғылданбай, оның орнына мемлекеттiк бағалы қағаздардың бiрi – қысқа мерзiмдi мемлекеттiк вексельдердi шығарумен айналысуда. Жергiлiктi басқару органдары да дәл осы жолды пайдалануда.

Бағалы қағаздар нарығы экономиканың кез - келген саласының өз қажетiне ақша қорын алуына жол ашуда. Мысалы, акция шығарып осы қорды үнемi, яғни кәсiпорын жабылғанша пайдалануға болады, ал облигацияны шығару несиенi банктен алудан тиiмдiлеу жағдай жасайды. Бұл айтылғандар бағалы қағаздар нарығын өрiстетуге мүмкiндiк бередi. Қаржы нарығына мемлекеттiк үстемдiктi жойған кезде, ол әкiмшiлiк емес, тек экономикалық заңдардың әсерiмен қызмет жасайды. Егер қаржы нарығы жеке меншiкке негiзделсе, әрине оның әкiмшiлiк тәсiлмен қызмет етуi мүмкiн емес. Кәсiпорын мемлекеттiк меншiктен акционерлiк меншiкке өткенде бұкiл табыстың салық төлегеннен кейiн қалғаны өз меншiгiнде болады. Кәсiпорындар осы уақытша бос қаржысына коммерциялық банктердiң төлейтiн проценттiк мөлшерi нарық деңгейiне сай келгенде ғана есепшотта сақтайды. Сонымен, шаруашылықты экономикалық әдiстермен жүргiзу – өндiрiстiң өсуiн қамтамасыз етiп, қаржы қорларының көбейiп, қоғамда әлеуметтiк оң өзгерiстердiң болуының кепiлi.


1.4. Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 2004 жылы 126.2 млрд. теңгеге мемлекеттік бағалы қағаздарды орналастырды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20.1%-ға көп. Жалпы орналастыру көлеміндегі қысқа мерзімді қағаздар 40.4%, орта мерзімді қағаздар 59.6% құрады. Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын өтеу сыйақы төлеуді қоса алғанда 2004 жылы 71.7 млрд. теңге болды.

Нәтижесінде Қаржы министрлігінің айналыстағы бағалы қағаздарының көлемі 2004 жылғы желтоқсан айының соңында 2003 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 229.5 млрд. теңгеге дейін 41.1%-ға ұлғайды. Қысқа мерзімді 3 және 6 айлық МЕККАМ-дар айналыстан шығарылды, оларды Қаржы министрлігі 2004 жылғы желтоқсан айында толық өтеді. Нәтижесінде бағалы қағаздар айналысының құрылымы 2004 жылдың соңында былайша болды: қысқа мерзімді МЕККАМ-дар (тек 12 айлықтар ғана) жалпы көлемнің 9.2%-ын, орта мерзімді МЕОКАМ-дар (айналыс мерзімі 2 жылдан 10 жылға дейінгі)- 89.6%-ын және орта мерзімді МЕИКАМ-дар (айналыс мерзімі 3жылдан 7 жылға дейін)- 1.2%-ын құрады.

2004 жылы кірістілік төмендеді: 12айлық МЕККАМ-дар бойынша 5.10%-дан 4.79%-ға дейін, 5жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 6.18%-дан 5.58%-ға дейін, 6 жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 6.19%дан 5.68%-ға дейін, 7 жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 6.19%-дан 5.78%-ға дейін және 8 жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 6.30%-дан 6.19%-ға дейін (соңғы аукциондар бойынша). Бағалы қағаздардың қалған түрлері бойынша кірістілік бұрынғы деңгейде сақталды және 3 айлық МЕККАМ-дар бойынша 3.32%-ды, 2 жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 5.88%-ды және 10 жылдық МЕОКАМ-дар бойынша 6.50%-ды құрады.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 8 қыркүйектегі №941 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынашылық міндеттемелерін шығарудың, орналастырудың, айналысқа қосудың, қызмет көрсетудің және өтеудің ережесіне сәйкес, 2005 жылғы 1 қантардан бастап қазынашылық міндеттемелердің мынадай түрлері және айналыс мерзімдері белгіленген:



  • айналыс мерзімі үш, алты, тоғыз және он екі айлық қысқа мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МЕККАМ);

  • айналыс мерзімі бір жылдан астам және толық бес жылға дейінгі орташа мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МЕОКАМ);

  • айналыс мерзімі бес жылдан астам ұзақ мерзімді қазынашылық міндеттемелер (МЕУКАМ);

  • айналыс мерзімі бір жылдан астам және толық бес жылға дейінгі орташа мерзімді индекстелген қазынашылық міндеттемелер (МОИКАМ);

  • айналыс мерзімі бес жылдан астам ұзақ мерзімді индекстелген қазынашылық міндеттемелер (МУИКАМ);

  • айналыс мерзімі бес жылдан астам ұзақ мерзімді жинақтық қазынашылық міндеттемелер (МЕУЖКАМ).

Ұлттық Банк ноталары эмиссиясының көлемі 2004 жылы 561,9 млрд. теңге болды, бұл 2003 жылға қарағанда 8.3%-ға кем. 2004 жылы Ұлттық Банктың ноталарын, оған қоса сыйақы төлемін өтеу 374,8 млрд. теңге болды.

Нәтижесінде 2003 жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда 2004 жылдың аяғында Ұлттық Банктің айналыстағы ноталарының көлемі 99.5%-ға ұлғайып, 396.1млрд. теңге болды. Айналыстағы ноталардың ұлғаюы екінші деңгейдегі банктердің шамадан тыс өтімділігін стерилизациялау қажеттігімен түсіндіріледі. Қысқа мерзімді ноталар бойынша орташа алынған тиімді кірістілік бір жылда 5.45%-дан 4.40%-ға дейін азайды.

2004 жылы репо операцияларының көлемі 60.1%-ға 782.4млрд. теңгеге дейін ұлғайды. 26млрд. теңгеге бір кері репо операциясы жүргізілді, бұл 2003 жылғы кері репо операцияларының көлемінен 20.3%-ға артық.

2 бөлім. Пайыз нормасы және оның мәнi.

2.1 Пайыз нормасының негiзгi экономикалық ұғымы.
Кәсiпкер табысының екiншi бөлiгi аса маңызды, оның өндiрiске өз бiлiмiн, бiлiктiлiгiн, ұйымдастырушылық қабiлетiн жұмсағандықтан емес, меншiк иесiнiң осы iске капиталды жұмсағандығынан маңыздылыққа ие болып отыр. Атап өткендей, шығынға жiберiп алынған капиталды альтернативтi пайдаланудан түсетiн табысты қосу керек. Капитал иесi өз шығындарының орнын жауып, нақтысында осы альтернативтi табысты алып отыр, яғни капиталды кез келген салаға жұмсау есебiнен алынатын нормалды орташа табыс.

Бұл альтернативтi табыс жылдық процент ставкасы көрiнiсiн алады, ол өз кезегiнде сандық капиталдың таза өнiмдiлiгiн сипаттайды. Яғни экономикалық теорияда негiзделгендей, П. Самуэльсонның анықтамасы бойынша, бұл осы өндiрiсте пайдаланылған капиталды игiлiктердi айырбастаумен байланысты шығындардың үстiнде өндiрiлген артық өнiм болып саналады. Басқа сөзбен айтқанда, капиталдың таза өнiмдiлiгi орташа жылдық табысқа процентпен шаққандағысы, оны капиталды әр қилы салаға жұмсау арқылы алуға болады. Бұл мөлшер (жаңадан жұмсалған капиталға күтiлетiн табыс нормасы) “табиғи” (нормалды) процент нормасы деп аталады.

Бөлiнетiн қаржы массасының өсуiмен байланысты (бiрдей жағдайда) табыстың кеми беру деген заң әрекет етедi, нәтижесiнде табиғи норма“ процентi, яғни қосымша капиталдың шектеулi тиiмдiлiгi азаятын болады. Қандай шегi бар? Капитал иесi кұрделi қаржыны ұлғайтуды қандай дәрежеге дейiн жүргiзедi?

Күрделi қаржыны ұлғайтудың критерийi нарықтық (немесе ақшалай) проценттiк ставкасы, яғни банктердiң қарыз үшiн алатын ставкасы. Егер, қиярды өсiруден табыс нормасы (капиталдық таза өнiмдiлiгi) – 5%, ал нарықтық банктiң процент ставкасы – 7% болса, қияр өсiруге ешкiм де капиталын жұмсамас едi. Егер, табиғи процент нарықтық проценттен жоғары болса, онда бөлiнетiн кұрделi қаржы жобасы ұтымды болғаны.

Алайда нелiктен процент төленедi? Төлем не үшiн орын алады? Жаңа классикалық теорияға сәйкес өз негiзiнде, процент бұгiнгi және ертеңгi игiлiктер бағалығының айырмасы. Әдетте бұгiнгi ресурстар (немесе тұтыну игiлiктерi) болашақ ресурстар мен игiлiктерден жоғары бағаланады. Бұл мыналармен байланысты. Дәл қазiр ресурстарға иелiк ету жеке адамның тұтыну таңдауын ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар болашақта жоғары табыс мөлшерiн қамтамасыз ету үшiн шаралар жұйесiн жүзеге асыру мүмкiндiгiн де бередi. Ағымдағы ресурстарға иелiк етуден бас тартып, оны қарызға бере отырып, капитал иесi сондай мөлшерде орнын толтыруға есеп жасайды. өз кезегiнде қарыз алушы ресурстарды ағымдық пайдалану құқы ұшiн, яғни қажеттi жабдықтар табыс әкелгенге дейiн, осы ресурстарды сатып алғаны ұшiн төлем төлейдi.

Сонымен, жаңа классикалық пайымдауда процент нақтысында уақыт үшiн төлем, ол шешiм қабылдаумен тиiмдiлiк алу арасында белгiлi бiр уақыт мерзiмi өтедi. Осы тұрғыдан процент капитал бағасы, сол сияқты жай тауар бағасы ретiнде нарықта пайдалылық (капиталдың таза өнiмдiлiгi) пен шығындарды (“қалыс қалу” немесе “күту”) салыстыру арқылы анықталады. П. Самуэльсон “капитал өнiмдiлiгiнiң де”, “ағымдағы тұтынудан қалыс қалудың” да анықтаушы рөлiн былайша сипаттайды. “Кесу үшiн қайшының екi жүзi де қажет. Шындығында жұзiнiң бiреуi кесiп жатыр деп айта алмаймыз ғой, сол сияқты бiздiң екi факторымыз, төзiмсiздiк пен өнiмдiлiк өзара әрекет ете отырып, процент ставкасының құрылымы мен қозғалысын анықтайды”.


2.2 Қарыз мiндеттемесi бойынша пайыз нормасы.
Экономикадағы қаржылық қатынасқа байланысты тәуекелдiлiк факторының да үлкен роль атқаратындығын атап өту керек. Осы элементтi процент теориясына енгiзген американдық экономист И. Фишер болатын. Қарыз берушi, әсiресе оны қаржы қатынасында көзге iлiнгiсiз, аз бiлетiн, табандылығы жеткiлiксiз компанияларға бергенде әрдайым тәуекелдiлiкке бел байлайды. “Қарыз берушiсiнiң берген қарызы үшiн талап ететiн табысын алу мүмкiндiгi нақты берiлген, қарызы ұшiн тәуекелдiлiкпен байланысты”.

Нарықтық экономикада проценттiң атқаратын рөлi, жаңа классиктердiң пiкiрiнше, капиталды пайдаланудың әр қилы варианттарын таңдап алудың маңызды құралы ретiнде ғана емес, процент ставкаларын салыстыру, ресурстарды рационалды бөлiп және капиталды ең пайдалы жобаларды жүзеге асыруға жұмсау. Бұдан басқа, процент ставкасы ұзақ мерзiмдi жоспарда тұтынуға деген бейiмдiлiктi жеңiп, ұқыптылық, үнемдiлiкке ынталандырады, олай болса капиталдың қорлануына қолайлы жағдай туғызады.

Экономикалық шешiмдердi қабылдауда болашақ игiлiктердiң бүгiнгi бағалылығын анықтау аса маңызды және бiр жылдан кейiн әр қилы бағалылықта, өйткенi осы ақшаны банкке салуға болады, ол бiр жылдан кейiн салынған сома нарықтық ставканың процент мөлшерiне ұлғаяды.

Еркiн бәсекенiң бiрдей мөлшерi нарық жағдайында (нарық болашағы нағыз анық болғанда) бiр тұтас бәсекелiк процент ставкасы бойынша ақшаның кез келген сомасын қарызға беруге немесе алуға болады. Әрбiр капитал активi осы процент ставкасы бойынша бiрдей мөлшерлi табыс әкеледi. Олай болса, осы активтер бағасы процент ставкасы негiзiнде есептелген оның ағымдағы дисконтталған құнына тең болады (яғни активтердiң болашақта әкелетiн барлық таза табыстардың ағымдағы дисконтталған құнын ескеру арқылы).

Проценттiң мәнiмен атқаратын қызметiн анықтағанмен, осыдан бұрынырақ қойылған, толық түсiм мен толық шығындардың арасында айырмашылық бар ма, ол неден тұрады деген сұраққа жауап берiлген жоқ. өткен талдау еркiн бәсекеге негiзделедi, ол болса жоғары табыс әкелу үшiн iзденуге, адамдардың шаруашылықты оптималды жүргiзуiне, толық және ақиқатты хабарламаны рационалды пайдалануда капиталдың бiр саладан екiншi салаға ауысуын шектемедi. Мұндай жағдайда қосымша пайда (басқару еңбегi мен капиталдың таза өнiмдiлiгiнен түсетiн табыстан тыс) болмауы керек.

Дегенмен нақты өмiрде еркiн бәсеке мен нарықтың толық тепе-теңдiгi болуы мұмкiн емес. Әрқашанда бәсекенiң белгiлi бiр жетiспестiгi (нарық үстемдiгiнде), нарық тепе-теңдiгiнiң бұзылуы, адамдар тәртiбiнiң келеңсiз жайлары кездесiп отыратыны белгiлi. Экономикалық хабарламаның өзi сирек кездесетiн игiлiк, оның үстiне экономикалық қатынасқа иеленушiлердiң барлығы бiрдей дәрежеде оны пайдалану мүмкiндiгi бола бермейтiнi де жасыратын жай емес. Басқа сөзбен айтқанда, кез келген нарықтың жайы белгiлi дәрежеде анық-қанық емес, мiне осыдан жеке бiр кәсiпкерлер қосымша, үстеме табыс ретiнде алатын пайданы туғызады. Толық ұстеменiң толық шығындардан асып түсуi деген осы.



3 бөлім. Бағалы қағаздар операцияларының есебі.
Шоттар жомпарының баланстық шотында көрсетілген бағалы қағаздар операцияларының есебі «Бағалы қағаздар есебінің тәртібі туралы» Ережеге сәйкес франт-офис активті операциялар бөлімінде жүргізіледі.

Бэк-офистің негізгі міндеттеріне келесілер жатады:



  1. активті операциялар бөлімінде бекітілген барлық мәмілелерді оперативті рәсімдеу, олардың бухгалтерлік есепте көрсетілуі;

  2. әрбір операция бойынша қажетті жолдамалы құжаттарды бақылау;

  3. бағалы қағаздар қоржынының, сонымен қатар бағалы қағаздар және инвесторлармен жасалған мәмілелер есебін жүзеге асыру;

  4. қаржы нарығында жүргізілетін операциялармен байланысты дербес шоттар бойынша қаражаттар қозғаласын бақылау және есептеу;

  5. Қазақстан Республикасы Ұлттық банкіне, бағалы қағаздар бойынша Ұлттық коммисияға, статистиканы қалалық басқару және басқа да бақылау органдарына уақтылы есеп ұсыну және дайындау.

Франт-офистің негізгі міндеттері:

  1. Бағалы қағаздар нарығында, валюталық нарықта және қаржы нарығының басқа да сегменттерінде операцияларды жүзеге асыру;

  2. Қаржы нарығында қаражаттарды Тарту және орналастыру;

  3. Жоғары өтімді бағалы қағаздардың тиімді қоржынын қалыптастыру.

Банктің қазынашылық міндеттемелері мен басқа да жоғары өтімді мемлекеттік бағалы қағаздары өтімділікті демеу үшін Ұлттық банк ұсынатын ломбардты несиелерді қамтамасыз ете алады.

3.1. Бағалы қағаздарды айналысқа шығару.
Бағалы қағаздарды айналысқа шығару кезінде банк оларды атаулы құнына тең келмейтін баға бойынша сатуы мүмкін. Бұл ең алдымен бағалы қағаздар бойынша сыйақы (купон) алдын ала белгіленумен байланысты, ал нарықта күнделікті сыйақы мөлшерлемесі, сәйкесінше табыстылық та өзгеріске ұшырап отырады.

Шығарылған бағалы қағаздар бағасы мен оның атаулы құны арасындағы айырма әртүрлі себептердің нәтижесі болып табылады,соның ішінде бағалы қағаздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі мен сыйақының орташа нарықтық мөлшерлемесі арасындағы айырмашылықтар. Бұл айырмашылықтар банк балансында есептеледі:



  1. Теріс – шығарылған бағалы қағаздар бойынша жеңілдік ретінде;

  2. Оң – шығарылған бағалы қағаздар бойынша сыйақы ретінде.

Бағалы қағаздарды өтеу олардың атаулы құны бойынша жасалады, сонымен бірге белгіленген сыйақы сомасы төленеді.

Бағалы қағаздарды айналысқа жеңілдік ретінде шығару:



  • Сатылу сомасына

Дт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

Кт 2301 «Айналысқа шығарылған облигациялар»

2303 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»


  • Жеңілдік сомасына

Дт 1803 «Атаулы құны мен сатып алу бағасы арасындағы айырма түріндегі айналысқа шығарылған облигациялардың болашақ кезеңдегі шығыстары»

Кт 2301 «Айналысқа шығарылған облигациялар»

2303 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»


  • Бағалы қағаздарды айналысқа сатылу сомасына сыйақымен шығару кезінде:

Дт 1001 «Кассадағы қома-қол ақша»

Кт 2301 «Айналысқа шығарылған облигация»

2303 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»


  • сыйақы сомасына:

Дт 1001 «Касадағы қолма-қол ақша»

Кт 2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен олардың сату бағасы арасындағы айырма».

Одан әрі айналысқа шығарылған бағалы қағаздар бойынша сыйақы және жеңілдіктер сомасы сыйақы төлеу бойынша шығарылады, әрбір есептеу кезінде амортизацияланады. Сыйақыны есептеу оны ай сайын банк шығындарына жатқызу арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар бағалы қағаздар номиналы теңге болса:


  • Шығындар сомасына:

Дт 5301 «Айналысқа шығарылған облигациялар бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығыстар»

5303 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар бойынша сыйақыны төлеуге байланысты шығыстар»

Кт 2730 «Айналысқа шығарылған өзге де бағалы қағаздар бойынша есептелген шығыстар»


  • Сыйақы амортизация сомасына:

Дт 2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен олардың сату бағасы арасындағы айырма»

Кт 2730 «Айналысқа шығарылған өзге бағалы қағаздар бойынша есептелген шығыстар»

Егер бағалы қағаздың номиналы валютада болса, онда сыйақы валютада есептеледі:


  • Шығындар сомасына:

Дт 1858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық қысқа позициясы»

2858 «Банктің шетел валютасы бойынша ұзақ позициясы»

Кт 2730 «Айналысқа шығарылған өзге бағалы қағаздар бойынша есептелген шығыстар»


  • Сыйақы бойынша амортизация сомасына:

Дт 2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атулы құны мен олардың сату бағасы арасындағы айырма»

Кт 2730 «Айналысқа шығарылған өзге бағалы қағаздар бойынша есептелген шығыстар»

Және бір уақытта есептелген шығындар сомасына теңге бойынша жазылу жасалынады:

Дт 5301 «Айналысқа шығарылған облигациялар бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығыстар»

Кт 1859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық ұзақ позиция)»

2859 «Шетел валютасының теңгемен көрсетілген қарсы құны (валюталық қысқа позиция)».

Есептелген сыйақыны төлеу бағалы қағаздарда көрсетілген мерзімде жүзеге асырылады. Көп жағдайларда әрбір жарты жыл сайын жүргізіледі:

Дт 2730 «Айналысқа шығарылған өзге бағалы қағаздар бойынша есетелген шығыстар»

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

Егер келісім-шартқа сәйкес сыйақыны төлеу ай сайын жүргізілсе, онда:



  • Алғашқы сыйақыдан сату (егер бағалы қағаз теңгеде болса):

Дт 5301 «айналысқа шығарылған облигациялар бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығыстар»

2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен оларды сату бағасы арасындағы айырма» (сыйақының амортизация сомасына)

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»


  • Немесе жеңілдікпен алғашқы сату кезінде:

Дт 5301 «Айналысқа шығарылған облигациялар бойынша сыйақы төлеуге байланысты шығыстар»

1803 «Атаулы құны мен сатып алу бағасы арасындағы айырма түріндегі айналысқа шығарылған облигацияларлың болашақ кезеңдердегі шығыстары» (сыйақының амортизация сомасына).

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша».

Егер бағалы қағаздар валютада болса:



  • Сыйақыдан алғашқы сату:

Дт 1858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық қысқа позициясы»

2858 «Банктің шетел валютасы бойынша ұзақ позициясы»

2803 «айналысқа щығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен олардың сату бағасы арасындағы айырма» (сыйақының амортизация құнына).

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша».



  • Немесе жеңілдікпен алғашқы сату:

Дт 1858 «Банктің шетел валютасы бойынша валюталық қысқа позициясы»

2858 «Банктің шетел валютасы бойынша ұзақ валюталық позициясы»

1803 «Атаулы құны мен сатып алу бағасы арасындағы айырма түріндегі айналысқа шығарылған облигациялардың болашақ кезеңдердегі шығыстары» (сыйақының амортизация сомасына).

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

Бағалы қағаздарды өтеу олардың атаулы құны бойынша жасалады, сонымен қатар белгіленген сыйақы сомасы төленеді. Айналымға шығарылған бағалы қағаздарды өтеу, оларды банктің сатып алуымен жасалады:

Дт 2301 «Айналысқа шығарылған облигациялар»

Кт 1001 «Кассадағы қолма-қол ақша»

2303 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»

Банк және бағалы қағаздарды ұстаушы келісімі бойынша бағалы ұағаздар мерзімінен ерте сатып алған уақытта атаулы құн мен сатып алу бағасы арасындағы айырма банк табысына жатқызылады.
3.2. Қайта қаржыландыру операцияларының есебі»

Қайта қаржыландыру операцияларының есебі баланста алынған несие ретінде көрінеді. Қайта қаржыландыру – 1) мемлекеттік қарызды заемның жаңа түрін шығару арқылы өтеу, ең алдымен қысқа мерзімді міндеттемелерді ұзақ мерзімді бағалы қағаздарға ауыстыру арқылы; 2) компанияның бағалы қағаздарын айналыстан шығару үшін алынған ақшаларды пайдалану мақсатында жаңа бағалы қағаздарды сатуы. Пайыздарды төлеу және заемдарды өтеу мерзімін ұзарту бойынша шығындардың үнемделуін қамтамасыз етеді. Қайта қаржыландыру операциялары пайыздық шығындар ай сайын есептелінеді:



  • Жоғары өтімді бағалы қағаздарды пайдалану арқылы банктік қайта қаржыландыру кезінде:

Дт 1050 «Банктердің корреспондеттік есеп шоттары»

1751 «Алынған қарыздар және салымдар бойынша сыйақыны алдын ала төлеу»

Кт 2300 « Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»


  • ломбардтық несиені өтеу кезінде:

Дт 2300 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»

Кт 1050 «Банктердің корреспонденттік есеп шоттары»



  • әрбір айдың соныңда сыйақы шығындар шотына жатқызылады:

Дт 5300 «Бағалы қағаздар бойынша сыйақыны төлеуге байланысты шығыстар»

Кт 1751 «Алынған қарыздар және салымдар бойынша сыйақыны алдын ала төлеу»

Егер банк несиесі өтемесе және Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі жоғары өтімді мемлекеттік бағалы қағаздарды кірістейтін болса, онда банк Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінен хабарлама алғаннан кейін бағалы қағаздарды баланс есебінен шығарады:


  • табыс алу кезінде:

Дт 2300 «Айналысқа шығарылған басқа да бағалы қағаздар»

2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен оларды сату бағасы арасындағы айырма» (жеңілдік сомасына)

1751 «Алынған қарыздар және салымдар бойынша сыйақыны алдын ала төлеу» (ломбардтық несие бойынша дисконт сомасына)

Кт 1201 «Саудаға арналған бағалы қағаздар» (бағалы қағаздар құнының сомасына)

1751 «Алынған қарыздар және салымдар бойынша сыйақыны алдын ала төлеу» (есептелген сыйақы сомасына)

4510 «Бағалы қағаздарды сатып алу-сату бойынша кірістер» (алынған табыс сомасына);



  • шығынға ұшыраған жағдайда:

Дт 2300 «Айналысқа шығарылған бағала қағаздар»

2803 «Айналысқа шығарылған бағалы қағаздардың атаулы құны мен оларды сату бағасы арасындағы айырма» (жеңілдік сомасына)

5510 «Бағалы қағаздарды сатып алу-сату бойынша шығыстары» (бағалы қағаздар құнының сомасына)

Кт 1751 «Алынған қарыздар және салымдар бойынша сыйақыны алдын ала төлеу»




Қорытынды
Нарықтық экономика – адамзат өркениеттiлiгiнiң ең жоғарғы жетiстiгi және өндiрiстi ұйымдастырудың ең тиiмдi түрi екендiгiн дүниежүзi мемлекеттерiнiң көпшiлiгiнiң өркендеу тәжiрбиесi дәлелдеген ақиқат шындық. Ал ондағы шаруашылықты нарық әдiстерiмен жүргiзу қаржы нарығының мол мүмкiндiгiн пайдалануды талап етедi. Қаржы нарығы – мемлекеттiң бүкiл ақша қорларының жиынтығы. Бұл қорлар экономиканың әртүрлi субъектiлерiнiң сұранысы мен ұсынысы әсерiнен өзгерiп және үнемi қозғалыста болады.

Бағалы қағаздар нарығы экономиканың кез – келген саласының өз қажетiне ақша қорын алуына жол ашуда. Мысалы, акция шығарып осы қорды үнемi, яғни кәсiпорын жабылғанша пайдалануға болады, ал облигацияны шығару несиенi банктен алудан тиiмдiлеу жағдай жасайды. Бұл айтылғандар бағалы қағаздар нарығын өрiстетуге мүмкiндiк бередi. Қаржы нарығына мемлекеттiк үстемдiктi жойған кезде, ол әкiмшiлiк емес, тек экономикалық заңдардың әсерiмен қызмет жасайды. Егер қаржы нарығы жеке меншiкке негiзделсе, әрине оның әкiмшiлiк тәсiлмен қызмет етуi мүмкiн емес. Кәсiпорын мемлекеттiк меншiктен акционерлiк меншiкке өткенде бүкiл табыстың салық төлегеннен кейiн қалғаны өз меншiгiнде болады. Кәсiпорындар осы уақытша бос қаржысына коммерциялық банктердiң төлейтiн проценттiк мөлшерi нарық деңгейiне сай келгенде ғана есепшотта сақтайды. Сонымен, шаруашылықты экономикалық әдiстермен жүргiзу – өндiрiстiң өсуiн қамтамасыз етiп, қаржы қорларының көбейiп, қоғамда әлеуметтiк оң өзгерiстердiң болуының кепiлi.

Бағалы қағаздар нарығы нарықтық экономикада күтпеген кездейсоқ болатын процестердiң реттеушiсi. Бұл алдымен капиталды инвестициялау деген оның капиталға мұқтаж өндiрiс салаларына құйылуы, ал артық болған уақытта сол саладан қайта алынады. Капиталдың бұндай айналыс механизмi мынадан түсiнiктi. Мысалы, кейбiр тауарларға немесе қызмет түрлерiне сұраныс өссе, онда соған сәйкес бағасы да өседi. Демек, оларды өндiруден пайда да өседi, сондықтан басқа салалардың өнiмiне сұраныс азайып, олардың экономикалық тиiмдiлiгi кемiп, ондағы капитал өнiмiне сұраныс өсiп тұрған салаларға құйылады. Бағалы қағаздар осы механизмнiң қызметiн қамтамасыз ететiн құрал. Мәселен, акцияның нарықта сатылу бағасы – акция курсы болып табылады. Ал акция курсы процент нормасына тiкелей байланысты.

Капиталдың таза өнiмдiлiгi орташа жылдық табысқа процентпен шаққандағысы, оны капиталды әр қилы салаға жұмсау арқылы алуға болады. Бұл мөлшер (жаңадан жұмсалған капиталға кұтiлетiн табыс нормасы) “табиғи” (нормалды) процент нормасы деп аталады.

Бөлiнетiн қаржы массасының өсуiмен байланысты (бiрдей жағдайда) табыстың кеми беру деген заң әрекет етедi, нәтижесiнде табиғи норма“ процентi, яғни қосымша капиталдың шектеулi тиiмдiлiгi азаятын болады.

Процент мөлшерлемесi – несиеге алған ақша үшiн төлем мөлшерi; несие беру жөнiндегi келiсiмдерде процент мөлшерлемесi барлық мерзiмге тұрақты немесе өзгермелi (нарық конъюнктурасына сәйкес ұдайы өзгерiп тұруы мүмкiн) мөлшерлеме болуы мүмкiн.

Ал жинақталған процент – облигацияға соңғы процент төлеген уақыттан бастап есептелген процент. Облигация сатып алушы оның құнын және осы алушы проценттi төлейдi.

Нарықтық экономикада проценттiң атқаратын рөлi, жаңа классиктердiң пiкiрiнше, капиталды пайдаланудың әр қилы варианттарын таңдап алудың маңызды құралы ретiнде ғана емес, процент ставкаларын салыстыру, ресурстарды рационалды бөлiп және капиталды ең пайдалы жобаларды жүзеге асыруға жұмсау. Бұдан басқа, процент ставкасы ұзақ мерзiмдi жоспарда тұтынуға деген бейiмдiлiктi жеңiп, ұқыптылық, үнемдiлiкке ынталандырады, олай болса капиталдың қорлануына қолайлы жағдай туғызады.


Пайдаланған әдебиеттер тiзiмi:


  1. Қазақстан Республикасының Заңы. Бағалы қағаздарды айналымға шығару туралы. - Алматы, 1997.

  2. Жалпы экономикалық теория: Оқулық / Ө.Қ.Шеденов, Ә.С.Байжомаров, т.б.- Алматы – Ақтөбе, 2002.

  3. Жүнiсов Б. Нарықтық экономика негiздерi. - Алматы, 1994

  4. Жиенғазиева К.М. Вексель айналымы // Қаржы-қаражат.- 2001.- N 3.- 23-25 б.

  5. Көшенова Б.А. Бағалы қағаздар нарығы: Оқу құралы.- Алматы: Экономика, 1999.

  6. Көшенова Б.А. Ақша, несие, банктер. Валюталық қатынастары.- Алматы: Экономика, 2000.- 328 б.

  7. Нұрпейiсов Ж. Экономикалық теория негiздерi: Оқу құралы.- Ақмола, 1996.

  8. Тоқсейiтов Р.Қ. Экономкалық сөздiк - анықтамалық.- Қарағанды: Болашақ-баспа, 1999.- 240 б.

  9. Экономикалық теория негiздерi: Оқу құралы / Е. Әубәкiров.- Алматы, 1998.

  10. Экономикадағы сапалық өзгерiстер қаржы секторы қарқынды даму үстiнде // Егемен Қазақстан.- 2003.- 15 ақпан.- 1,2 б.

  11. Грибанова С. «Банк Центр Кредит» гарантирует успех. Новое Поколение, №21 (157), 2001.

  12. Миржакыпова С.Т. Банковский учет в Республике Казахстан.– Алматы: Экономика, 2002.

  13. Қазақстан Республикасының негізгі заң актілері «Қазақстан Республикасының банктер және банк мекемелері». Алматы, 2005.

  14. Нұрпейiсов Ж. «Экономикалық теория негiздерi»: Оқу құралы.- Ақмола, 2003.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет