1. Жер реформалары Жерді үйлестіру



Дата30.04.2024
өлшемі18.94 Kb.
#500145
түріКодекс
ЖҚМР №3 Дәріс


«Жер қатынастарын мемлекеттік реттеу» пәні
3 Дәріс
Жер қатынастарының дамуы мен жерге меншік формалары
Жоспары:
1.Жер реформалары
2.Жерді үйлестіру
3. Жер қатынастарының мәселелері

Жер реформасы жүру барысында жер қатынастары өзгеріп, жетілуде жаңа заң, нормативтік хаттамаларды қабылдау кең орын алуда. Мысалы, «Меншік туралы», «Жер реформасы туралы», «Жер кодексі», «Шаруа қожалықтары», заңдары қабылданып, өзгеріп жатыр. 1995 ж. желтоқсан айында қабылданған заң күші бар Қазақстан Республикасы Президентінің «Жер туралы» жарлығында жер реформасының бірнеше жылдар тәжірибелері ескеріліп, жер қатынастарына түбегейлі өзгерістер енгізілген.


Мысалы: жерлердің кейбір санаттарына жеке меншік құқықтарын енгізу; жеке меншіктердегі жерлерді нарық айналымына қосу; азаматтарға және заңды мемлекеттік емес тұлғаларға тұрақты пайдалану құқығында берілген жер учаскелерін нарықтық айналым қосуға мүмкіндік беру. Сөйтіп жер нарығының қалыптасуына құқықтық негіз салынып, жерге жылжымайтын мүлік статусы берілді. Бұл заң қабылданған соң жерлермен келесі әрекеттер жүргізу мүмкін болды: сату; сатып алу; айырбастау; сыйлау; жер учаскелерін кепілдікке беру; ипотекалық операциялар және т.б.
Мұндай түбегейлі жер қатынастарының өзгерістері, әрине, Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрінің жаңа жүйесінің қабылдануын талап етті. Сондықтан, «Жер туралы» жарлығының 113, 114-баптарында жер кадастрінің негізгі талаптары және жаңа жағдайда оны жүргізу шарттары келтірілген. Мемлекеттік жер кадастрі бюджеттік қаржы есебінен Қазақстан Республикасының бір жүйесі бойынша жер қорларын басқару жөніндегі мемлекеттік органдармен жүргізіледі. Оны жүргізу тәртібін Үкімет белгілейді.
«Жер туралы» 113-бабына сәйкесті Мемлекеттік жер кадастры Қазақстан Республикасы жерінің табиғи және шаруашылық жағдайы туралы, жер учаскелерінің орналасқан жері, көлемі, шекарасы, олардың сапалық сипаты, жер пайдаланудың есебі мен жер учаскелерінің бағалануы туралы мәліметтердің, өзге де қажетті мәліметтердің жүйесі болып табылады.
«Жер туралы» жарлықта жерлерді тиімді пайдалануды, қорғауды қамтамасыз ету мақсатымен Қазақстан Республикасында жаңа мемлекеттік жер кадастры жүйесін енгізумен қатар, жаңа жер қатынастарын ескере отыра, жерді үйлестіру, жерлер мониторингісі, жерлерді пайдалануды, қорғауды мемлекеттік бақылау жөнінде жүргізілетін жұмыстарға негізгі талаптар қойылған.
Жерді үйлестіру келесі жұмыстарды жүргізуді қамтамасыз етеді:
— жерді үйлестірудің республикалық, облыстық схемаларын және жер ресурстарын пайдаланудың, жақсарту мен қорғаудың бағдарламаларын әзірлеу;
— жер пайдаланудың және жер иеленудің жаңа құрылымдарын құру мен кәзіргі қолданыстағысын ретке келтіру жобаларын жасау, жер учаскелерін орналасқан жерінде (карталарда) бөлу мен шекараларын белгілеуді, жер пайдалануға, иеленуге құқық беретін құжаттар жасау;
— елді мекендердің жер-шаруашылық құрылысының, жеке жер пайдаланушылардың, бүлінген жерлерді жаңғырту мен жаңа жерлер игеру жобаларын, сондай-ақ, жерді пайдалану мен қорғауға байланысты басқа да жобалар әзірлеу;
— жерлерді есепке алу, пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау, топографиялық-геодезиялық, карторгафиялық, топырақтық, геоботаникалық және басқа зерттеу мен іздестіру жұмыстарын жүргізу;
— кадастрлік және жер қорларын пайдалану, олардың жағдайлары жөніндегі басқа да карталарды әзірлеу;
— жер бағалау жұмыстарын жүргізу.
Мемлекеттік жер кадастрын жүргізу, жерді үйлестіру, жерлерді пайдалану мен қорғауды және жер ресурстарын мемлекеттік басқарудың өзге де функцияларын бақылауды ақпараттық жағынан қамтамасыз ету мақсатымен жердің жай-күйін жүйелі қадағалап отыруға, ондағы болып жатқан өзгерістерді анықтау мен оларды бағалау жер мониторингінің мазмұнын құрады.
Жер қатынастары адам қоғамымен байланысты болғандықтан, қоғамдық, соның ішінде өндірістік қатынастар жүйесінде ерекше орын алады. Бұл жер қатынастары объектісінің бірегейлігімен түсіндіріледі. Жердің басқа өндірістік қатынастардың объектілерінен айырмашылығы – ол адам қоғамының тіршілік әрекетін бүкіл оның тарихы бойында көп жақтан қамтамасыз ететін қоғамдық ұдайы өндірістің бірегей, жан-жақты факторы болады. Бұл бірегейлік төмендегідей негізгі фоормаларда көрінеді: жер өндірістік қызметтің және әрбір адамның өмір сүруінің кеңістіктік базисі, ол басқа да табиғи ресурстар мен пайдалы қазбалардың табиғи қоймасының, мемлекеттік аумақтық негізгі, ал экономикалық тұрғыда алдымен ауылшаруашылығында өндірістің базалық салаларында еңбектің заты және құралы болып табылады. Қоғамдық ұдайы өндірістің факторы ретінде жердің бірегейлік сипаттамасы табиғат-қоғам-адам жүйесінде оның ерекше ролін айқындайды. Жер адам өмір сүретін бірден – бір орын, адам өмірінің негізі болып табылады, оның қажеттіліктерін өтейді. Осының салдарынан көп елдерде жер жалпы ұлттық игілік ретінде қарастырылады.
Жер қатынастарының мәселелерін зерттеушілердің көбісі жер меншігінің мемлекеттік, жеке және басқада формаларына негізделген қазіргі кездегі әлемнің бүкіл елдеріндегі жер қатынастары мемлекетпен реттелетінін айтады. Бұдан мемлекеттің дамуында жер қатынастарын, соның ішінде жерге жеке меншікті реттеу мейілінше қатаң бола түсетінін байқауға болады. Яғни жер қатынастарын эволюциялау процесінде, ең алдымен жерді бірегей табиғи ресурсы және табиғи ортаны маңызды құраушы ретінде сақөтауда бүкіл қоғам игілігі үшін жеке меншік иелерінің құқығын шектей түседі.
Жер қатынастарын бұлай дамытудың басты нәтижесі ауылшаруашылығындағы жерге жеке меншіктің абсолюттік сипатын мойындаудан бас тарту болып табылады. Нарықтық қатынастар жағдайында жердің жеке меншіктік қатынастарын мемлекеттік реттеу меншік иесінің мінез-құлық бостандығына сай келу керек.
Қазақстан Республикасында жер меншігі құқығының түсінігі. Меншік құқығы көптеген құқық салаларының орталық институты болоып табылады . Нарық қатынастарының дамуы мен жерді азаматтық айналымға тарту мен жерге жеке меншік құқығын қалыптастырумен байланысты. Жер құқығындағы бұл институттың маңыздылығы өсе түсуде. Адамның өмір сүруіне қажетті бүкіл материалдық игіліктердің пайда болуының бірден-бір қайнар көзі – қоғамдық өндірістер. Бірақ жер және басқа табиғи ресурстар өзіне тән бірегей ерекшеліктерді иеленеді. Сонымен , жер адам еңбегінің өнімі емес, табиғаттың өзінің бөлігі. Жер бедері адам қажеттіліктеріне байланысты қолдан үлкейтіле алмайды. Табиғаттан материалдық игіліктерді алу үшін адамдар бір-бірімен қатынасқа түседі Бұл қатынастардың мәнділігі материалдық игіліктерді иеленуден тұрады.


Бақылау сұрақтары:
1.Жер реформалары туралы баяндаңыз
2.Жерді үйлестіру үшін қандай жұмыстар атқарылады?
3. Жер қатынастарының мәселелері қандай?

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет